Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ескендір» синдромы

27.09.2017 3041

«Ескендір» синдромы

Мұса мен Мусғаб

(Пайғамбардың мұрагерлері молда емес...)

I

Бізге дін десе болғаны, көбіміздің көзімізге мешіт пен молда елестейді (негізінде ассоциация ар мен ұят төңірегінде болуы керек қой). Пайғамбарлардың дүниеге келгендегі бар мақсаты – күллі әлемдік әділетсіздік атаулыға қарсы тұрып, адам ақылына қозғау салу, езілген елдің еңсесін тіктеп, шындыққа көзін жеткізу. Олай болса пайғамбарлар дегеніміз – нағыз демократтар екен (Өкінішке қарай біздің молдекеңдер олардың асқақ идеяларын діннің тар шеңберінен шығарып тәпсірлей алмайды). Бұған Мысыр перғауынымен күресіп өткен Мұса пайғамбардың өмірі куә. Көне деректерге көз салсақ, о басында Мұса пайғамбар жолына иланған адамдар саны алғашында сексен алты болса, аяғында олардың саны алты жүз мыңнан асып кеткендігі жайында айтылады. Елінің жолында басын тауға да, тасқа да ұрып, ғазиз ғұмырын сарп еткен осы бір жанның Мысыр патшасынан көрмеген қорлығы жоқ. Уәлид ибн Мусғаб есімді бұл перғауын өзін «құдай» есебінде көріп, халықты қор тұтты, атқысы келгенін атты, сатқысы келгенін сатты... қысқасы, жан баласын өзіне теңгерген жоқ. Бүгінгі өлшемге салып бағамдар болсақ, перғауын шексіз автократ та, Мұса жер бауырлаған рухты тіктегісі келген қоғам қайраткері. Бір қызығы, перғауынның басы да соңы да бұл кісі емес екен. Кешегі Ленин мен Сталин, бүгінгі шексіз билікке шырматылған диктаторлардың денін осы перғауындық пәлсапаның «үмбеттеріне» жатқызуға болады (Ендеше біздің бойдағы бүгінгі ментальдік сырқаттың көріністері мен симптомдары сонау көне дәуірлер қойнауында жатыр екен ғой).

Әрине, әпербақандар мен жағымпаздарға келер қашанда залал жоқ. Жұматай Жақыпбаев: «Жұмақ деген бұл өмірде бар нәрсе, Оған өңшең жағымпаздар кіреді» демекші, расында перғауындар идеясына ләппай құлдық ұрып, лыпадан лашық жасап алатындардың ғұмыры шындығында «жұмақ-тұғын». Бұл – бір сәтке де өзгермейтін бұлжымас қағида десек те болатындай. Ал сонда «тозақтың» өкілдері кім? Мұның жауабы айтпасақ та белгілі. Билік пен тақ барда онымен бірге жүретін шексіз менмендік дерті шыншылдар (демократтар) өмірін әрқашан да «тозаққа» айналдырып отырды. Қараңыз, тақ бен билікке арқа сүйеп, біреудің байырғы мекен еткен жерін тартып алу, діні мен ділін таптап қарсы сөйлегендерді қынадай қырып салу, мұның бәрі енді нағыз перғауындық кеп қой. Ал осы қиянатқа қасық қаны қалғанша қарсы тұрып, халқына Мұса ғалиһсаламдай қамқор болған кешегі Кенесары мен Әлихан, Ахмет пен Мұстафалар нағыз пайғамбарлар жолының шын мұрагерлері емес пе!? Жылы жерге жайғасып алып «тәтті» сөздерді құйқылжытқан жадағай молдалықтың пайғамбар мұрагері болатындай нендей еңбегі бар. Бұл жердегі басты меже асыл дінді жоққа шығару емес, шын идеяны тәрк еткен соқыр дүмшелік хақында болып отыр.

Ер азаматтың өз ОТАНЫ мен оның әр тасын қызғыштай қорғауы – қасиетті парыз. Өкінішке қарай бүгінде парызды бесеу ғана деп түсінетін небір делқұлылар пайда болды. «Отанды сүю иманнан» дейді асыл пайғамбарымыз. Ендеше еліңе шын емірену ИМАННАН болса, ИМАННЫҢ нарқы құлшылықтан да жоғары ғой. Мұны хакім Абай «Иман білмес тағатты қабыл демен» деп бір-ақ ауыз сөзбен шегендеген. Орыны алмасып кеткен осы бір жағдай бүгінде үлкен оспадарлыққа ұрындырып отыр. Тыныштықбектің төмендегі ащы дауысы да осының шын куәгері.

Жерді сатайын деп жатыр біреулер.

Ол үзбейді намазын.

Елді сатайын деп жатыр біреулер.

Ол үзбейді намазын.

Ертең дұшпандар келеді де...

Ол жайнамазда жайрап қалады!...

Сабазың!...

Ұрып қойыппын ондай намазын.

II

Біз дөңгелек дүниеге эмоционалды емес рационалды тұрғыдан пайымдауды үйренсек нетті. Егер де Қазақстан 1991 жылы өз дербестігіне қол жеткізе алмаc еді, 1936 жылы КСРО құрамынан кез келген сәтте шығуға дербес өз құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтеріле алмағанда. Бұлай әcте болмас еді, 1920 жылы Автономиялық республика болып құрылмаса. Ал бұл турасында ешқандай да сөз болмас еді, егер де 1917 жылы Алашорда үкіметі (партиясы) дүниеге келмеген болса. Олай болса қазіргі Қазақстан бұдан бір ғасыр ілкіде топырақ астына түскен дәннің бүгінгі бүр атқан көрінісі екен. Енді осы бір «сүттен ақ, күннен раушан» шындықты кімнен қорқып, кімнен жасқанып айта алмай отырмыз.

Бұл азаттықтеңіздей төгілген тер мен дариядай аққан қанның қарымтасы. Тоталитарлық қоғамда шындыққа тура қараудың «тозақпен» пар екендігі мәлім. Рас, шындықтың дәмі қашанда кермек. «Шыннан өзге Құдай жоқ» дейді Шәкәрім абыз. Не деген сүйегі ауыр сөз еді шіркін?! Шәкәрімге салсақ, Шындық пен Құдай синоним (Құдай деген шындық болса, Шындық деген - Құдай). Бәрі де түсінікті болған тәрізді. Бұдан шығатын бәтуа байламы мынадай: Кім шындығын жоғалтса, я нанға айырбастаса, ол адамның бойында Жаратқанның жұқанасы да жоқ деген сөз. Міне, нағыз құдайсыздық пен имансыздық осы, - дейді қажы. Ендеше біздің бойда құр құлшылық болмаса, Құдай феномені атымен қалмаған екен (Себебін өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз). Мұның ащы да болса ақиқаты осы. Ақиқаттан жаңылған қоғамда шындық көбіне көз үшін, дәлірек айтсақ адамды алдарқату үшін ғана айтылатындай.

Аяулы Жұмекеннің:

Шындықты құдай қыз дейді

Көрмеген соң жұрт енді.

Жоқ болған соң іздейді

Тауып алса құртады.

Бір-ақ шумақ осы бір өлең біздің бүтін болмысымыздың барометрі іспетті. Бұдан асырып не деуге болады енді...

«Ескендір» синдромы

(немесе нәпсі ішіндегі хал)

Біздің түсінігімізде шәкірт атаулы ұстаз ұстанымын әрі қарай жалғастырушы мұрагер секілді. Кейде осы қағиданың бұзылып, басқалай бағдар тартып кететіні тағы да бар. Абай өзіне пір тұтқан Физули, Шәмси, Сәйхали, Науай, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз іспетті алыптар шоғырының көзқарасынан бөлек, жекелей жол таңдаған айрықша тұлға. Бұған мына бір деректі келтірсек те болады. Төбедегі аты аталған ұстаздарының дені Ескендір Зұлқарнайынды жеріне жеткізе мақтап, аспандатып әкетсе, Абай керісінше жазған. Абайдың алдыңғы ақындардан басты айырмашылығы, поэманы тарихи деректілікке емес, танымдық қабаттарға құрып, адам болмысының мәнін іздейді. Міне, біз қаузамақ мәселенің төркіні де осы.

Аңдаған адамға Абай жазған Ескендірдің «соғысы» жұмыр жер үстіндегі майдан емес, адам болмысының ішіндегі нәпсімен күрес. Қайыра айтайық, бұған сыртқы ортаның титтей де қатысы жоқ.

Мұны хакімнің өз пәлсапасымен пайымдар болсақ, «махаббат пен ғадауаттың» бітіспес майданы ғана.

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары оған мекен.

Филип патша баласы ер көңілді,

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.

Өлеңнің алғашқы жолдары билеушінің автобиографиясынан ақпар берсе, соңғы жолы оның «мақтансүйгіштігі» мен «қызғаншақтығына» қатысты. Міне, гәптің бәрі осында жатыр. Осы екі феномен (мақтан мен қызғаныш) оқиғаның ең негізгі қозғаушы күші десек те болады. Абайға салсақ, адам тақылетінің тумысында бар «бұл екеудің» кісіге тигізер кесепаты мен жемірлігі жеті басты айдаһардан да күшті. Ал, ол жекелей кісінің ғана емес, дүйім жанды билеген патшаның бойынан табылса ше? Әрине, ойлаудың өзі қорқынышты. Десек те мұның көпке келтіре қоярдай соншалықты зияны жоқ. Неге дейсіз ғой? Көп көнгіш, ол сондығымен де тобыр. Оның бір нәрсеге бейімделгіштігі сондай, кім билесін соның іс-әрекетіне қарай икемделе береді. Хакімнің:

«...Сол күнде хошаметші айтады екен:

Ханның ханы, патшаның патшасы деп», -

отырғаны да сол. Бұл тенденция жұмыр жер бетіндегі исі тобырдың табиғатына тән нәрсе десек қателесе қоймаспыз. Әйгілі жапон жазушысы Р.Акутагава өзінің бір әңгімесінде патшаның пар өгіз жеккен күймесінің бір шаруаны қағып кететіні жайында жазады. Сонда әлгі бейбақтың «осы бір аса бақытты сәтті» тағдырына жазған Тәңіріне жылап алғыс айтатыны бар. Міне, тобырлық таным дегеніміз осы. Бүгін де сіз бенен біз Абай мен Акутагаваның бұл мысалынан қаншалықты айырмашылық көріп отырмыз. Аумаған өз халіміз ғой...

Қазақ дүниетанымындағы «әбілхаят» немесе «мықан ағашы» іспетті ұғымдардың негізгі мәні мәңгілік өмірге қатысты. Құрандағы Қызыр мен Мұса ғалиһсәләмнің өлі балық тірілетін су жағасында жолығуы да осыны меңзейді. Осы бір жырдан жырға, аңыздан аңызға ауысып жүре беретін көшпелі мотив Ескендір поэмасында да ұшырасады.

«...Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,

Сол суға балықты алды бір жудырып.

Исі, дәмі өзгеше болып кетті,

Таң қалды мұның бәрін суға жорып...»

Дәстүлі түсінікке салып пайымдар болсақ, бұл жердегі «балық» ұғымы мәңгіліктің мәні туралы. Сонда адамның мәңгілікке өмір сүруге құзіреті бар ма өзі? Шәкәрімге салсақ: «Нәпсісін жеңген адам мәңгілік, оған ешбір өлім жоқ» дейді. Халқымыздың енді бір ұғымында мәңгілік пәлсапасы бақиға тиесілі. Қазақтың бақи ұғымының алдына мәңгі сөзін қосақтап «мәңгібақи» деп сөз саптауы да осыны меңзейді. Қысқасы, тұмса түсініктің шүңет ұғымдарының астарында «өмірдің мәнін» іздеу сұрағының жасырылып тұрғандығы аян.

«...Сол әскер суды өрлеп талай жүрді,

Судың басы бір құзар шатқа кірді.

Шаттың ауызын бекіткен алтын қорған,

Қақпасын бекітулі көзі көрді...»

Қазыналы алтын қорғанды Алланың хикметі десек, бұл жердегі «қақпа» кәдімгі физикалық қақпа емес, танымдық мәселе ғой. Пенденің көкірек көзін шелмен көмкерген кәдімгі қара қақпа. «Жүректің көзіне» қойылған осы бір қақпа ауызындағы құлыптың атауы «мақтан» мен «қызғаныш» екендігі даусыз.

«...Қақпаның ар жағынан біреу келді,

Күзетшісі сол екен дыбыс берді.

Қақпаны саған ашар рұхсат жоқ

Бұл – құдайға бастайтын қақпа, -деді...»

Данышпан жасырған жұмбақтың құпиясы ептеп сетінейін деді. Поэманың барлық шумағын талдап отыру біздің негізгі міндетіміз емес.

Бір нәрсені анық дейміз. Ол – Аллаға апарар жолдың адам кеудесіндегі қақпаның ашылуымен тікелей байланысты екендігі ғана.

(жалғасы бар...)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар