Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ғалия Бөкейқызы: Әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды ж...

28.09.2017 18696

Ғалия Бөкейқызы: Әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды жан менің ағам еді

Ғалия Бөкейқызы: Әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды жан менің ағам еді - adebiportal.kz

Оралхан Бөкейді Алланың өзі талантты етіп жаратқан

«Ағам менің сырласым да, мұңдасым да, тірегім де, панам да еді. Өйткені екеуміз талай қайғы-қасіретті де, қуанышты кезеңдерді де бірге өткіздік. Мен ағамды қатты жақсы көруші едім», – деген жылы сөздерге толы естелігіңізді оқыдым. Оралхан Бөкей сізге қандай аға болды? Араларыңыз қанша жас еді?

– Мен ес білген кезімнен бастап, өмірінің соңына дейін ағамның қасында болдым. Оның біреуге қатты ренжігенін немесе біреу туралы сыртынан ғайбат сөйлегенін бірде бір рет естімеппін. Жас айырмашылығымыз – 18 жас. Ағамның Үнді еліне жасаған сапарынан оралмай, мәңгі ұйқыға кеткеніне биыл – 20 жыл. Ағамды қатты сағынам. Өйткені ол менің ең жақын адамым еді. Үйдің кішісі болғаннан шығар, ағам мені көп ойнатты. Баламен балаша ойнаудың әрі балаша ойлаудың шебері еді. Әлі көз алдымда, Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде қызмет істеп жүрген кезі еді. Сол 1965 жылы қар қалың жауған. Мені жылы киіндіріп, «маған көмектесесің» деп қар күреуге алып шықты. Өзі қарды тау қылып үйіп тастады да, маған «Сен енді қармен амандас», – деді. Мен құшағымды кең жайып қарды құшақтаймын деген кезде жаңа жауған қарға кіріп кеттім. Бұл қылығыма мәз болып күліп алып, аппақ қардан менің басымды ғана қылтитып шығарып қойып, «Сен енді аққала болдың», – дейтін. Бір сәттік болса да ойынның естен кетпес түрлерін тауып ойнататын. Ағаммен тығылмақ ойнаған кезде үйдің терезесін сындырып, нан салатын пештің төбесін де ортасына түсірген кездеріміз болған. Апам: «Әй, Ораш-ай, баламен бала болып кететінің ғой», – дейтін. Сонда ағам: «Баламен бала болып ойнамасаң, қалай ойнайсың», – деп күлетін. Балалық шағымда ойын арқылы өмірге көзқарасымды қалыптастырған ағам болды.

Осының бәрі ағамды еске алған кезде көз алдымда сағым сияқты елестейді. Барлық киімдерімді, көп ойыншықтарымды ағам әкеліп беретін.

Менің ағам, әлемдегі ең бауырмал, ең ақылды, ең көрікті де сымбатты, ең көңілді, ең дана да данышпан, ең тәкаппар, ең шыншыл да адал адам ретінде жадымда қалып қойды. Мен бақыттымын, Оралхандай аға екінің бірінің маңдайына бұйыра бермеген. Тіпті, студент кезімдегі достарым үйде ағамды көрген кезде таң қалатын. Жатақханада тұратын құрбы қыздарым бір көріп әңгімелесіп кеткен кезін ұзақ ұмыта алмай жүретін. Ол сондай ғажап адам еді. Бір қараған адамға қаталдау болып көрінгенімен, сөйлесе келе жүзінен адамгершілік нұры төгіліп тұратын. Ол өзінің әке-шешесін, апайларын, қарындастарын және ағайындарын ерекше сезіммен жақсы көретін.

Әкеңіз Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлесе «алтын жалатқан қорғасындай әрі сұлу, әрі салмақты» сөйлейтін жан болған екен. Оралхан әкеге тартып туған ұл ма? Анаңыз қандай жан еді?

– Оралхан Бөкейді Алланың өзі талантты етіп жаратқан. Ағамның 40 жасқа толған туған күн кешінде Алматының Жамбыл көшесінде тұрған үйіндегі шағын дастарқан басында отырып, қазақ көркем сөзінің хас шебері Әбіш Кекілбайұлы: «Оралхан өмірге шыр етіп түскенде, таланттың топырағы бұрқ етті» депті. Әр Адам өзінің туған топырағына тартып туады. Ол рас та шығар. Ағамның талантының ұшқындай бастауына туған Алтай топырағының әсері, ықпалы өте зор болғаны анық. «Мұзтаудың мұзбалағы», «Алтайдың Кербұғысы» деген теңеуді Тәңірі өзі берген сияқты.

Ал Оралханның әкесі мен шешесінің екеуі де – ерекше жандар. Әкем – Бөкей көп сөйлемейтін, сөйлей қалса сөзі өткір, қанжардай қиып түсетін, сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам еді. Ол кісі біреуге жақсылық жасаса қуанатын. Дауыс көтеріп ашуланғанын көргенім жоқ. Өте сабырлы еді. Көп нәрсені көзқарасымен-ақ ұқтыратын. Өзінің отбасына ғана емес, осы өңірдегі адалдық мектебінің ұстазы саналатын. Тарихты, дастан-жырларды, аңыз әңгімелерді көп білетін. «Қалқаман-Мамыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» дастандарын жатқа айтатын зерек еді. Әкеміз туралы Оралханның өзі: «Әкемнің мінезі тым қызық. Күні бүгінге дейін «ей сені ме» деп бетіме қарап, көрмеген адам. Ал енді албаты еркелеткенді де білмейді. Әйтеуір бір тылсым айбар-айбат, айтпай-ақ түсіндіріп, жұмсамай-ақ сездіретін қасиет бар бойында. Ұялы көзін төңкерсе, денем шымырлап, маңдайым жіпсіп қоя береді», – деп жазғаны бар. Әкеміздің әдемі дауысы болмаса да, айтысқа келетін мақамымен әндетіп отыратын. Той-томалақта, отырыстарда айтысып, талайды жеңіп кететіні бар-тын. Оның үстіне әкем бізді жанына ертіп, табиғатқа алып шығатын. Сөйтіп аты аңызға айналған Ару Алтайдың арғы шежіресі жайлы тарихи деректерді, жер-су атауларының шығу төркіні туралы әңгімелерді майын тамыза әңгімелеп беретін. Әкеден көргенін жалғастырып, ағам да үш жасқа толмаған ұлы Айханды Шыңғыстайға алғаш әкелген жолы Тарбағатай жайлауына апарды. Жеңгем Ардақ пен Айханға жайлаудың таза ауасын жұтқызып, саумал қымызын ішкізді. Бұның әке мен баланың бірінші әрі соңғы серуені болып қаларын кім білген?!

Ал анамыз – Күлия көреген, ділмар, аузын ашса көмейі көрінетін ашық кісі болатын. Үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығара салатын. Керемет даусы бар әнші де болған. Кең тынысты әндерді шырқай жөнелгенде дала тұнып, тау жаңғырып кететіндей еді. Ол кісі келісті, кесек тұлғалы, ауылға сыйлы, өзі тұстастар арасында ықпалды, ешкімге сөзден есесін жібермейтін жан болыпты. Оралхан анасы туралы: «Менің Анамның аты –Күлия, әр жаңа шығармаға отырған сайын, сол кісінің ақ сүтін ақтауға, борышын өтеуге кіріскендей боламын. Менің шешем тағдыр тауқыметін өте көп тартқан әйел. 1950 жылдарда әкеміз қатты сырқаттанады. Дәрігерлер көп ұзамай өледі дегенді ашық айтқан. Сонда төрт қыз, бір ұл (мен) анамыздың айтуымен күн шығып келе жатқанда жалбарынып, Тәңірден, тағдырдан әкеміздің тірі қалуын алақан жайып, зар еңіреп тілейтін едік. Шүкір, не себеп болды, күні бүгін білмейміз, әйтеуір, әкеміз қазірге дейін аман-есен, жетпіске жақындаса да ат үстінен түспей жүр. Анам айтатын сонда: «Құдай-ау, екі көзімді ал, екі аяғымды, қолымды ал, жүрегімді ал, бірақ ер-азаматымды ала көрме!» – деп. Бізді ол кісі осы рухта – әкелер рухын сыйлауға тәрбиелеп өсірді. Өйткені ол кісі Ер адамның қадірі қара жер үшін, бейбіт өмір үшін қаншалықты керемет екенін білетін», – деп еске алады.

Оралханның әдебиет пен өнерге бейімдігі ата-анасынан ауысқан қасиет деп ойлауға толық негіз бар. Оралханның арғы атасы Қаратай батыр, өз заманының ру басы, биі болған кісі екен. Одан кейінгі соңғы атасы Дос би деген шешен кісі болыпты. Осы Дос би мен Оралханның атасы Исаханмен – бір әкеден. Кеңес үкіметі орнаған кезге дейін болған би осы – Дос би. Ата-бабаларымыздан келе жатқан сөз өнері Оралханға да қонған деп ойлаймын. Бұл қасиет оған қанмен, текпен келді. Сүйегіне сөз қонған Дос бидің бәйбішесі Сарқыт апа да от ауызды, орақ тілді Керейдің қызы болған. Әке-шешесі көбіне жұмыспен сыртта жүргендіктен Оралханға бағыт-бағдар беріп, жол сілтеген, тәрбие берген осы – Сарқыт апа. Сарқыт апаның «оң қолы оймақ» дейтін. Ер азаматтың да, әйел адамның да атқаратын қызметін бір өзі жасай беретін. Мұсылмандықтың парыздарын берік ұстанды. Діндар, тәкаппар, өсең-аяңға жаны қас адам еді. Ағамның «Апамның астауындағы» апам деп отырғаны осы – Дос бидің бәйбішесі Сарқыт. Ал Оралханның нағашысы Шығыс Қазақстаннан шыққан сыбызғышы Мұқамеди ата еді. Оралхан: «Байқаймын, нағашым шын риза болды, жалғыз көзі жайнап, қымызды созақтата сапырып, өз қолынан құйып берді. Осы шақта маңырап мал да келіп еді. Құйрығы тегенедей қазақы қойына бата жасап, қазан жаққа жөнелттік. Шешіле сөйлеп, шірене отырған соң мен өз бұйымтайымды айттым: «Нағашы, есіңізде болар, сіз біздің үйге барған кезіңізде мені қурайға ылғи жүгіртіп жіберетін едіңіз. Мен әкелген қуыс қурайдан үш тесік жасап, ерніңізге тигізгенде неше сықылды күй сарнап қоя беруші еді. Мен жылда сіз келетін уақытты тағатсыз күтіп, қуыс қурайды үйіп қоятынмын. Сол бір бала кездегі бал әуен, сол бір базарлы күй құлағымнан әлі күнге кетпейді, нағашы. Мынау Алтайды ат арытып, асып келгендегі азабымның бір басы, сол сиқырлы сыбызғының үнін тағы бір тыңдау». Таздан тарақ қалғалы қашан, – деді жер шұқи қарап. Дегенмен, алыстан ат арытып, тон тоздырып келгенде меселің қайтпасын, жиен, – деді. – Қырық серкешіңе қырық күй сыйласам да жетер еді, әбден өз қиымды өзім мыжып, алжыған, үнім тарғылданған, шағымда келіп отырсың. Көзімнің тірісінде көріп қалғаныңа шүкір. Бесіктен белі жаңа шыққан сені қойып, әкең бұл Марқаның топырағын басып көрген бе екен. Нағашым ымдап жаңа бәйбішесіне әбден ескірген, қаңсыған қурайды алдырды. Нағашым ұзын ырғасы қырық күй біледі екен. Тек қартайып, үні қайтқан соң қысқа тартылатын «Жорға аю» секілді жеңіл-жеңілін ғана ұстап қалған. Ал, «Жер мен Елді» жетіскеннен емес, Құдайдың зорына көңіл жықпастықпен тартып шыққанын білдім...», – деп жазды нағашысы туралы. Өз ата тегі де, нағашы жұрты да сөз өнеріне, күй өнеріне жақын болған Оралханның басқаша болуы мүмкін де емес еді.

Әкесі Оралдан аман-есен оралсын деген ырыммен «Оралхан» атапты

Апаңыз «Құдай, жалғыз ұлыма жар бола гөр, жалғызымның табанын жерге, арқасын елге тапсырдым», – деп дұға етіп отырады екен. Жалғызы дүниеге келгенде отбасыларыңызда үлкен той да болған көрінеді. Жазушының атының қойылу тарихында да сыр бар сияқты. Сол сәт туралы оқырмандарымызға әңгімелеп беріңізші...

– Отбасымызда бір ұл, бес қызбыз (Шолпан, Әймен, Ләззат, Оралхан, Мәншүк және мен). Әймен мен Мәншүк – ұстаз, Ләззат – пошта қызметкері, мен кітапханашымын. Бізді өте тату әрі бауырмал етіп тәрбиеледі. «Біреудің ала жібін аттамаңдар, біреуге жасаған жақсылықтарың өздеріңе қайтып келеді», – деп үнемі құлағымызға құйып отырды. Ағам үлкен апайымыз Шолпанға: «Сен біздің алдыңғы дөңгелегімізсің, сен қалай дөңгеленсең, біз де солай дөңгеленеміз», – дейтін еді. Сол сәттегі Мәншүк апайымның мына бір өлең жолдары есіме түсіп отыр.

Айқай дүние-ай,

Шешем – Күлия-ай.

Әкем – Бөкей,

Шетімізден дөкей…

Шешеміздің көріпкелдігі бар еді, көрген түсі тура келетін. Адамдарға бір көргеннен дәл баға беретін. Ол: «Құдай, жалғыз ұлыма жар бола гөр, жалғызымның табанын жерге, арқасын елге тапсырдым», – деп Алладан жалғыз ұлының амандығын тілейтін. Ағама «Оралхан» деп ат қойып, айдар тағылуынының өзі – тарих. 1943 жылы әкеміз Орал қаласында еңбек армиясында жүрген кезінде ағам сол жылдыйң 28 қыркүйегінде дүниеге келіпті. Әкесі Оралдан аман-есен оралсын деген ырыммен «Оралхан» атапты. Ниет қабыл болып, әкесі аман-есен оралады.

– «Қазақтың қасиетті қара сөзіне келгенде Оралханды он рет орап алғандай» Мәншүк атты қарындасы болған екен. Ол кісінің жазған дүниелері қалды ма? Қарындасының мезгілсіз қазасы ағаңызға қалай әсер етті?

– 1983-84 жылдар біздің жанұямыз үшін ауыр кезең болды. Әймен апайымыз дүниеден озды, оның қырқын беріп жатқанда әкемізден айрылдық. Мәншүк те сырқаттанып, Алматыда ауруханада жатты. Қайғыдан қан қысымы көтерілген анамыз да ауруханаға түсті. Мен еркелікті қойып, жылдам ес жидым. Қаладағы қызметімді тастап, туған ауылым Шыңғыстайға кете бардым. 1984 жылы Қатонқарағайдағы аудандық ауруханада жатқан Мәншүк те бәрімізбен қоштасып, қабырғамызды қайыстырып, жер қойнынан мәңгілік мекенін тапты. Мәншүктің сүйегін «жедел жәрдеммен» алып, Шыңғыстайдағы үйге жеткенше ағам ағыл-тегіл жылап, жоқтау айтып келді. Ел уата алмады.

Мәншүк Алматыдағы қыздар педагогикалық институтын К. Маркс атындағы стипендиямен үздік бітіріп, аспирантурада оқып жүрген. Ғылыми жетекшісі – ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Р.Сыздық еді. Абай мен Мұхтар Әуезовтің тіліне байланысты зерттеу жұмысы аяқталмай қалды. Өзі ер мінезді, алғыр, терең ойлы, жанып тұрған жас еді. Ф.Оңғарсынова, Д.Исабеков, Т.Жұртбай тәрізді ағамның жора-жолдастары мені көрген сайын Мәншүкті естеріне алады.

– Болашақ заңғар жазушы қандай бала, қандай оқушы болды?

– Оралхан ағам жастайынан жазушы болуды армандайтын. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ әдеби шығармаларды көп оқыды. Кейде кітаптан басын көтермей отырғанын көрген ата-анам: «Көзіңді құртасың, оқыма», – деп тыйым салатын. Әдебиетке деген махаббаты ерте оянды. Ағамның әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятқан осы пәннен сабақ берген өте сауатты мұғалімі –Жомарт Нұрғазин болатын. Кейін көркем шығармадан гөрі танымдық дүниелерді көп оқыды. Ағамның күнделігінде мынадай бір қанатты сөзі бар: «Адам армандай білуі керек, армандаса – соған қол жеткізеді. Мен жазушы болуды армандадым, жазушы болдым. Менің парталас досым Жеңіс ұшқыш болуды армандады, ол да ұшқыш болды. Адам армандай отырып, соның жолында күресе білуі керек. Бүкіл адамзат, саған қарап тұрғандай, өз-өзіңді шексіз жауапкершілікте сезінгенде ғана ойлаған мақсатыңа жете аласың». Мәншүктің айтуынша, ағам өте тынымсыз, шағып сөйлегенді жақсы көретін, ұшқыр, тез ойланып, тез жауап беруді ұнататын бала болған екен. Оқуда озат болып, мектепті үздік бітірген. Алгебра, тригонометрия, геометрия сабақтарынан да үлгерімі жоғары болған. Шахмат, волейбол ойнағанды ұнатушы еді.

Ағамның ел көзіне түсе бастаған бозбала кезі ме деймін. Бұйра қара шашты, өткір көзді, сәнді киінетін ағам болмаса, ауыл клубында би өтпейді екен. Ол гармонда ойнап, жастар сол ырғақпен билейтін. Әкемнің ерте қайтыс болған Күләми деген қарындасы ағамның киімдерін сол кездің сәнімен қонымды етіп тігіп беретін.

Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түскен

Үлкен өмірге алғашқы қадамы қалай басталды?

– Ағам екі жыл ауылда жұмыс істеді. Әуелі, Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түскен. Өзіңіз білесіз, ол уақыттағы түсінік тым бөлек. Жалғыз ұл болғандықтан, шешем: «Әртіс деген жынның оқуы, одан да ауылға кеп трактор айда», – деп қоймайтын. Көршінің қызы Бағилаға хат жазғызып, «ауылға қайт» деп болмады. Содан ағам, ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне ауысты. Консерваторияда бүгінде Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетовамен бірге оқыған. Ал журналистикаға ауысуына көмектескен жерлесіміз, ғалым Баламер Сахариев ағамыз екен. Темірбек Қожакеев ағамыз: «Сен өзі шашың дудырап нағыз әртіссің ғой, әдебиетте нең бар», – деп таңдана қарапты. Обалы не керек, ағамның өмірі өнердің екі саласымен де тығыз байланысты болды. Ағамның кейін «Құлыным менің», «Қар қызы», «Текетірес», «Мен сізден қорқамын» атты драмалық шығармалары Алматыдағы екі театрда кезегімен қойылды. Актер, режиссерлармен де ақын дос болып кетті.

Алғашқы жұбайы Айманмен таныстығы қалай басталған еді? Жеңгелі болған күніңізді есіңізге түсіріп көріңізші...

– Ағам 1965-1968 жылдарыы Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын (Большенарым) ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туында» (қазіргі «Дидар» газетінде) әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Үлкен Нарын ауданындағы «Еңбек туы» газетінде редактор орынбасары болып қызмет атқарған кезінде Айман жеңгеммен танысты. Ағам Сейітзада Ластаев ағайымыздың үйінде тұрды. Ал Айман жеңгем келесі көшеде тұрған. Бұрын қызды алдымен әкеп таныстыру деген болмаушы еді ғой. Ал ағам 1966 жылдың 1 қаңтарында өзінің туған күнін атап өтуге дайындалды. «Зенит» деп аталатын кішкентай фотоаппаратымен түсіріп, шақыру билетін шығардыү сол шақыру қағазындағы бір шумақ өлеңді өзі жазды да, оны маған жаттатқызды:

Бүгін, міне, жиырма үшке толыппын,

Талай жырға, талай сырға жолықтым.

Шыным осы, ақ тілеулі достарым,

Мен анамның жалғыз ұлы болыппын.

Дастарханым тарлау болса, құрбылар,

Пейілімнің кең екенін ұғыңдар.

Ақ жүректің ақ батасы секілді,

Махаббатым сендерменен туындар.

Сондықтан да, уа достарым, түсінші,

Осы кештің мәңгіліктік құны бар.

Мен болсам, ағамның соңынан қалмай: «Сенің туған күнің 1 қаңтар емес, 28 қыркүйек қой, неге ерте жасайсың?» – деп әбден мазасын алдым. Сөйтсем, ағам туған күнді сылтау етіп, Айман жеңгемді достарымен таныстыруды көздеген екен. Сол жылы 24 қыркүйекте, өзінің нақты туған күнінен төрт күн бұрын Айманды келін етіп, үйге түсірді. Үйлену тойындағы шақыру билетін де өзі жасады. Бөкейдің жалғыз ұлы Үлкен Нарыннан келін әкелгелі жатыр деп бүкіл ауыл тойға дайындалды. Атам Бөкей мен апам Күлияны ауылдастары қатты сыйлайтын. Тойға алғашқы ақсарбасты Мағжан аға бастап әкелді. Бұрын ауылдың клубында ешкім той жасамаған, бірінші рет сонда той болатын болды. Кешкісін ағам жолдастарымен машиналарын дайындап, жеңгеміз Айманды әкелуге жиналған кезде мен: «Аға, қайда барасың? Сенімен мен де барамын», – деп жылауды бастадым. Ағам мені көтеріп алып бетімнен сүйді де: «Сен жыламай үйде қал, мен саған жаңа нәне әкеліп беремін, үшеуміз бірге ойнаймыз, суға Бұқтырмаға бірге барамыз», – деп мені әзер дегенде көндіріп, тастап кетті. Үйде ойнайтын басқа бала жоқ, қолы босағанда мені ағам ойнататын. Мен қатты қуандым. Бұрын екеу болып ойнайтынбыз, енді үшеу болдық. Сол күннен бастап Айман жеңгемді «жаңа нәне» атайтын едім. «Келін келді» деп шашу шашылып, сыртқы қақпадан жаңа нәнем мен ағам кіре бергенде, көктемде жоғалып кеткен үш қазымыз балапандарымен қаңқылдап келіп үйді бір айналып өтіп, екеуінің алдына қонды. Апам қаздарға шашу қылып жем шашты. «Әй, Күлия, көктемде жоғалып кеткен қаздарың ап-аман, балапандарын қара, қанат қылып көбейіп оралды ғой. Бақытын, ырысын етегіне түйе келді келінің», – деді көрші Рахия апа. «Бір керемет келін болады екен», – деп ел-жұрт ырымдап жатты. Мәскеуде оқып, орысша білім алған, бір ауыз қазақша білмейтін, бірақ жүзіктің көзінен өткендей сұлу жеңгеміз біздің үйге тез сіңісіп кетті. Сол жылы Үлкен Нарыннан ағама төрт бөлмелі үй берді. Мен де ағам мен жеңгемнің жанына кеттім. Бірде Айман жеңгем екеуміз дүкеннен келе жатып, мен бес сом ақша тауып алдым. Үйге кірер-кірместен ауылға қайтамға бастым. Ағам таң қалды. «Бұрын ауылға қайтам демеуші еді, бір нәрсе жақпай қалды ма, әлде, Айман, сен ренжіттің бе?» – деп аң-таң болды. «Апаң мен атаңды сағындың ба, неге қайтасың, шыныңды айтшы, құлыным» – деп әбден жалынды. Мен болсам: «Бес сом ақша тауып алғам, соны апама тез апарып беруім керек, әйтпесе сендер алып қоясыңдар», – деймін. Сонда ағам біраз ойланып отырып: «Мен 1-сынып оқығанша Сарқыт апамның қойнына жататынмын. Бірде Сарқыт апам екеуміз Бекетте тұратын Қашыбай құданың үйіне қонаққа бардық. Бөкей құданың жалғыз ұлына кигізетін көйлек болмай қалды, кәмпит алып жерсің деп 1 сом ақша берген. Сол күннен бастап апам ақшамды алып қоятындай бөлек жаттым. Сен де солай ойлап тұрсың ғой, 5 сомыңа тимейміз», – деп уәде береміз. Жексенбі күні қайтасың, өзің мықты жерге тығып қой», – деп күлді.

1968 жылдың күзінде ағам қызметін ауыстырып Алматыға кетті. Телефон соғып: «Аға, тәте, менің үйдегі ең қымбат затым – кітаптарым, соны алып кетіңдер, кейін өзім алармын», – деді. Апам екеуміз барып ағамның шағын кітапханасындағы кітаптарын үйге алып келдік. Сол күннен бастап апамның күнделікті дұғасындай айтар сөзі біреу: «Құдай, жалғыз ұлыма жар бола гөр, жалғызымның табанын жерге, арқасын елге тапсырдым». Келер жылы Бұқтырма өзені қатты тасып, біздің үйді су алып кетті. Біз үйді көшіріп тау жаққа салдық. Есіктен шыға келсең, көк майса шөп өседі. Апам мені жазғы күндері күн қызарып шыға бастағанда ұйқыдан оятып алып, таңғы шыққа табанымды бастырып, күннің шығуын қарсы алып тұрып: «Ағаңның тілеуін тіле, сен күнәдан пәк сәбисің ғой, сен не сұрасаң барлығы орындалады» – дейтін. Осылай жаздың әр таңын жақсы тілекпен бастайтынбыз.

Ал Ардақ жеңгемнің ағаммен бірге өткізген жиырма жылдан астам отбасылық өмірінде баста «орысша ойлайтынын» да ұмытып кеттік. Ағам мен жеңгем өмірдің сан тараулы жолдарын бірге кешті, үйлерінен қонақ арылмай, ойдағы-қырдағы қазақтың бәрі солардың үйіне келіп түсетін. Тіпті, кей уақытта екеуіне жататын орын болмай қалатын.

Балалы болу бақыты оларға бұйырмады

Араларында үлкен махаббат болғанымен бала болмады. Оралханның өзі де – бір тұяқтан жалғыз. Перзентінің жоқтығы туралы қынжылыс білдіріп, әңгіме қозғаушы ма еді? Екеуінде ажырасу жайлы ой болмады ма? Немесе сондай қадамға бармады ма?

– Тағдырдың жазуы болар, екеуінің асыл сезіммен жарасым тапқан бақытты шағы қысқалау болды. Балалы болу бақыты оларға бұйырмады. Ол үшін жеңгемді де жазғырмады. Әрине, бала туралы әңгіме оларға ауырлау соққаны жасырын емес. Айман жеңгемнің өзінен үлкен Шолпан апайының күйеуінің аты да Оралхан еді. Өмірде осындай сәйкестік те кездеседі екен. Ол бір атаның жалғызы еді. Олар да балалары болмай өмірден өтті. «Мен жалғыз ұлмын ғой, ұрпағым үзіліп қала ма, қайтеді», – деп қатты қиналғанын ағам сездірмейтін. Ағам баласы барларға қызықпайтын. Бала туралы әңгімеден қашқақтайтын. Жеңгем де іштей күйзелетін, бірақ жылап-сықтағанын сырт көзге көрсетпейтін. Бірақ барлығын екеуінің бір-біріне деген махаббаты жеңіп отырды. Өмірде төрт құбыласы тең жанұяның кездесетіні – сирек құбылыс, бірі болса екінші бір нәрсе жетпей тұрады. Ал ажырасу туралы әңгімені өз басым естіген емеспін. Студенттік өмірім, қызметке араласа бастаған кездерім сол үйде өтті. Жан мен тән сұлулығы жарасқан қос аққудай жұптың арасындағы үлкен махаббат күнделікті өмірдегі үлкен сыйластыққа ұласқанын көрдім. Әр кітабы шыққанда: «Айналайын, әкем! Ақ сүт берген шешем! Құлындарыңның баласы – осы!», – дейтін және осындай қолтаңба жазып беретін. Әкесі мен шешесін «шығып жатқан әр кітабым – балам ғой» деп осылай жұбататын. Алладан үміт үзбеген ата-анамыз ұлы мен келінінің көңіліне қарап ұрпақ жалғастығы жайлы ауызға алмады. Жақын достары да бұл тақырыпты қозғамайтын. Тек апам қайтыс боларынан бір ай бұрын мені қасына шақырып алды да: «Бүгін түсімде жалғызым – Орашымды көрдім. Бір қолына ай, бір қолына күн ұстап тұр екен. Екеуі де лапылдап жанып тұр. «Құлыным, Орашым, қолыңды күйдірді-ау» деп бәйек болдым. Ағаңның бір ұлы, бір қызы болады», – деп түсін жорыды. Айтқанындай Ардақ жеңгейден Айхан атты ұл, Айжан есімді қыз өмірге келді.

Ағаңыз «Менің өмірім – өз замандастарымның ішіндегі ең қызықтысы», – деген екен бір сөзінде. Жазушы өмірі несімен қызықты болды?

– Ағамның өмірінің қызықты болу себебі ол жиырма жасында (1963) аудандық газетке қызметке тұрды. Содан соңғы демі таусылғанша (1993) отыз жыл журналист болып ат үстінде іссапарда көз жұмды. Өзге қаламгерлерден ерекшелігі – 25 жасында «Кербұғысын», ал 26 жасында «Құлыным менің» драмасын дүниеге әкелуі. Сондықтан да оның өмірі қызық еді. «Ақылшысы – туған жер, Ұстазы – тәкаппар да қатал Алтай, Тақырыбы – Адам» еді.

Ағамның күнделігіндегі мына естелік жазба осы сұраққа жауап беріп тұрғандай: «Менің замандастарым, соғыс жылы дүниеге келгендер аз, аз болғанымен сапалы. Мен олардың қай-қайсысы да таланттан құралақан емес екенін білемін, жағымпаз жалтақсыз өз қайрат-күшімен тіршілік құрып, өзгермелі өмірдің бетіне тура қарап өмір сүреді. Көбісінің әкесі жоқ, тіпті туған әкесінің түр-түсін де, Еуропаның қай жерінде қалғанын да білмейді. Олар ағалар тарапынан аялы алақанның табын да сезе қойған жоқ. Мен Дулат, Төлен, Ақселеу, Бексұлтан, Қуанышбай, Мұхтар (Ш.), Софы, Серіктермен үзеңгілес, пікірлес-құрдас болғанымды мақтан тұтамын және тағы да бір ғұмыр берсе тек осылармен ғана өмір сүргім келеді…»

Оралхан ағаның ән салатын да қасиеті болған екен. Әсіресе, мұңды әндерді орындаған деседі. Ағаңыздың орындауындағы қандай әндер есіңізде? Аспаптарда ойнаушы ма еді?

– Ағамның естіген құлаққа жағымды, әдемі қоңыр дауысы бар болатын. Көңілденген кезде, әсіресе, үйде туыстар мен құда-құдағилар бас қосқан кезде ән айтатын. Әкесі мен шешесі қолқалап «Бесқарагер» әнін айтқызатын. «Қарағай басын кессе молақ екен, бұл дүние ойлап тұрсам шолақ екен» деп басталатын әнді жанұя болып айтатынбыз. Жақсы көріп айтатын әндері: «Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Қайықта», «Құстар қайтқанда», «Жастық вальсі». Әймен апайым екеуі гармонда жақсы ойнайтын. Ән салу шешесінен дарыған. Бірде біздің ауылға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, әнші Рабиға Есімжанова гастрольдік сапармен келеді. Қонақ үй болмағандықтан біздің үйге ол кісіні күтіп алуға бөледі. Әке-шешем халық әндерінің шебер орындаушысын қолда барын дастарқанға салып, құшақ жая қарсы алады. Таң атқанша ән айтылады. Сонда Рабиға апамыз: «Сенің жаныңда ән айтуым қиындап барады, сен оқымай, ауылдан шықпай қалған екенсің, әйтпесе менен де мықты әнші екенсің», – депті. Ағам ауылға келгенде: «Сары өзенге салып бір ән шырқашы», – дейтін анасына. Бағдат Сәмединова алғаш ән айта бастағанда қайта-қайта тыңдайтын. «Менің шешемнің ән салуына келеді екен», – дейтін.

Ағамнан бірде: «Аға, сіз жазушы болмасаңыз, қандай мамандық иесі болғанды қалар едіңіз?» – деп сұрадым. «Әйтеуір өнер адамы болар едім. Жас кезімде балет бишілеріне қатты қызығатынмын. Онша түсіне бермесем де, опера-балет театрына жиі баратынмын. Бидің өзінің шешен де шебер тілі бар. Балет маған ұнағандықтан «Би тілі», «Шара» атты мақалаларымды жаздым», – деген болатын.

Ал мұңды әндерді орындағанын естіген емеспін. «Оралхан томаға-тұйық, бұйығып жүретін, мұңлы еді», – дегендермен де келіспеймін. Біздің шаңыраққа қайғының ауыртпалығы түскені рас. Ол барынша ашық-жарқын, жан-жағын қызыққа, қыран-топан күлкіге бөлеп, жүрген жерін думандатып кететін. Ол отырған жер кішігірім отырысқа айналып шыға келетін. Ағамнан: «Аға, нені ұнатасыз?» – деп сұрағанымда: «Мен тауды ұнатамын. Тау – жұмбақ. Шабанбай жайлауы жаққа қарашы. Ана тау ұйықтап жатқан қас батырдан айнымайды. Дұрыстап ұзақ қарап отырсаң, оянып кетсе қайтеміз деп қорқасың», – дейтін.

Жазуы өте ұсақ, қолжазбасын менен басқа ешкім танымайтын

Біз білетін жазушының халық білмейтін қандай қырлары бар еді?

– Дарынды адам барлық жағынан да дарынды келеді ғой. Бертінге дейін ұшқыш досы Жеңіс Тоғызов келгенде белдесіп күресе кететін. Сен күнде жаттығып жүрсің ғой, көрейік ұшқыштарды қалай жаттықтыратынын, білетін тәсілімен көз ілеспейтін шапшаңдықпен алып ұратын. Айман жеңгем «бір жеріңді ауыртасың» деп бәйек болып жүгіретін еді.

Қарапайым оқырман біле бермейтін тағы бір қыры – Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлер дайындайтын бөлімінде «Шешендік өнерден» сабақ беруі. Ол кезде досы Әшірбек Сығай осы ұжымды басқаратын. Ағам шешен сөйлейтін. Ол өз ойын тыңдаушысына әдемі, жағымды дауыспен шебер жеткізе білетін. Дикциясы анық, саңқылдап сөйлейтін. «Мен дүйім халықтың алдына конспектісіз шығып сөйлегенді ұнатамын, адамдар неғұрлым көп болса, қанаттанып кетемін», – дейтін өзі. Ал баяндама жазып оқығанды ұнатпайтын.

Көркем шығармаларды нақышына келтіріп тамаша оқитын. Қазір «Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері» деген байқау өтіп жүр ғой. Бұл байқаудың осылай аталуында да мән бар. Ағам көркемсөзді керемет шебер оқитын. Анау-мынау әртістеріңді шаң қаптырып кетуші еді. Кейін өзі дүниеден өткесін Оралханды есте қалдыру және оның шығармаларын үздіксіз оқыту мақсатында осы байқау ұйымдастырылды. Қазір оны жыл сайын аудан, облыс, республика көлемінде өткізіп келеді. Осы байқауды ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Ағам: «Жо-жоқ, бұл дүниеде ештеңе жоғалмайды, өлмейді әйтеуір бір күні ...бәлкім жүз жылдан соң, ...бәлкім мың жылдан соң қайтып оралады», – деп жазып еді. Бұл байқау осы сөздің дәлелі іспетті.

– Алғашқы туындылары қалай дүниеге келген еді? Жазуға отырарда уақыт, жер таңдаушы ма еді?

– Алғашқы туындыларын мектеп қабырғасында жүрген кезде жазған. Мектептегі қабырға газетінің редакторы болған. Шығармашылығын өлең жазудан бастаған, бірақ өлеңдерін аудандық газетке қарындасы Мәншүктің атынан беріп отырған. Мәншүк те өлеңді тәп-тәуір жазатын. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде жазған алғашқы әңгімесі «Бригадир» еді. Алғаш жазған очерк, эсселері қазақ журналистикасына тосын құбылыс болды деп толық айта аламын.

Демалысқа шықса болды Шыңғыстайға келетін. Үйге келген бетте терезеге қарсы қойылған үстеліне портфелінен ақ қағаздарын, ұшталған бірнеше қаламын, тағы бірдеңелерді алып, ұқыптап қойып қоятын да, содан кейін басқамыздан амандық-саулық сұрасып, әңгімелесетін. Оның әлемге танылған шығармаларының көпшілігі осы кіп-кішкентай ғана Шыңғыстайда дүниеге келіп жатты. Бірақ біз ағамыздың ол шығармаларды қашан жазғанын, қай уақытта қалам ұстап үлгергенін білмей де қалушы едік. «Ағаң жазу жазып жатыр, тынышталыңдар» деп бізге ешкім ұрыспайтын да. Негізінде, күніне екі-үш сағат үстелге отыратынын байқайтынбыз. Ағам тез жазатын. Жазуы өте ұсақ, қолжазбасын менен басқа ешкім танымайтын. Неге ұсақ жазатынын сұрағанымда: «Неғұрлым ұсақ жазсам, соғұрлым шабыттана түсемін», – дейтін еді. Қолжазбасын үстінен қарап, қайта жазған, түзеткен кездері сирек кездесетін. «Басымда барлығын пісіріп, әзірлеп алып, сонан кейін қағаз бетіне түсірем. Дайын нәрседе қате болмайды», – дейтін. Жазуға отырғанда уақыт та, жер де талғамайтын. Бірде өзінің жазу машығы туралы: «Тауға қарап отырғанда ой өзінен-өзі құйыла береді. Оның бәрін миыма түсіріп аламын. Әр шығармамды жазуға отырған сайын ең алғашқы әрі ең ақырғы шығармаға кіріскендей көңілім толқып жүрексінемін», – дегені есімде.

Елге келген соң, бір-екі күн демалғаннан кейін атам екеуі Тарбағатай, Шабанбай жайлауларын атпен аралап қайтатын. Атам жердің, елдің тарихын өте жақсы білетін. «Алтайдың аң-құсы туралы, жер аттарының шығу тарихын, соған байланысты әңгімелерді салт аттың үстінде қисайып отырып алып, насыбай шақшасын анда-санда алып қойып, әкем әңгімеге тойғызып қайтты», – деп оралатын жайлаудан.

1987 жылы денсаулығының нашарлауына байланысты Қырымдағы санаторийде демалды. Сонда маған: «Жері таулы, неше түрлі ағаш бар. Біздің санаторий – үлкен. Тура Қара теңіздің жағасында. Күтімі, тамағы жақсы. Тек зерігесің. Әбден жалығып, ел-жұртты сағынып біттім», – деп хат жазған.

Ағам ауылға келгенде көршілердің балалары, екі апайым – Шолпан мен Ләзаттың ұл-қыздары қатты қуанатын. Балаларды жинап алып өлең, ән айтудан, өтірік әңгіме айтудан жарыс ұйымдастыратын. Жүлдені өзі тағайындайтын. Барлығын неше түрлі суретке түсіретін, кейде керемет фотоэтюдтер шығаратын.

«Атау-кере» көз алдымда жазылды

– Қай туындылары сіздің көз алдыңызда жазылды?

– «Атау кере» романын біраз жыл зерттеп жүріп, Алматыдағы жазушылардың демалыс үйінде бастаған екен, «ойым сан-саққа жүгіріп жаза алмадым» деп Шыңғыстайға, ауылға келді. Осы шығарманы менің көз алдымда аз уақыттың ішінде бітіріп шықты. Ол кезде анамыздың өмірден өткеніне әлі жыл толмаған. Осы шығармадағы Нұрке кемпірдің аузына өз анасының күнделікті өмірдегі әңгімелерін сала отырып жазды. Ал араға байланысты барлық ғылыми-танымдық мақалалар мен зерттеулерді ағама бірнеше жыл кітапханадан қарап жинастырып әкеліп беріп отырдым. Ол оқыған сайын таң қалып «біз, адамдар көп нәрсені арадан үйренуіміз керек», – дейтін. Жиырма күн бірге болдық. Ағама тамақ дайындаймын, күніне үш литр қымыз ішуін және жазу үстеліне отырып осы шығарманы бітіруін қадағалаймын. Ол маған берілген тапсырма еді. Кешкілік ағамның ауылдас жора-жолдастарының, туған-туысқандардың үйіне қонаққа барамыз. Осы шығарма аяқталғанда екеуміз де қатты қуандық. Ағам жазғанын қолжазба күйінде оқытуды жақтыра қоймайтын, бұл жолы, «міне, бітті оқып шық» деп берді.

Өзі жоқта күнделікті ұрланып оқып жүрген «Атау керені» толық оқып шықтым. Соңына келгенде ұзақ ойланды. Шығармадағы Ерікті тірі қалдырсам ба, қалай деді де маған қойған сұрағына: «Ол – қауіпті будан…» деп өзі тез жауап берді.Ағам, өмірінің соңына дейін әрбір жазушының өзін толғантқан, өзi меңгерген тақырыбы болуы керек деген пiкiрiнен ауытқыған жоқ.

Сізге мақал-мәтелдер жаздырып алып отырған екен...

– Біздің үйге ауылдың ақсақалдары, көршілер көп келетін. Оларды күнде көріп жүрсе де әке-шешем асты-үстіне түсіп күтетін. Ағамның тапсырмасы бойынша мен үлкен адамдардың әңгімесін көп тыңдадым. Олар қызу әңгіме үстінде неше түрлі мақал-мәтелдерді қолданатын. Соны өздері де байқамайтын. Мен соны жазып алып, жинақтап қоятынмын. Ағам өзіне ұнағандарын белгілеп алып, кейбіреулеріне таңдана қарап, «сөзді ұмытып барамыз» дейтін. Бұрын кездестірмегендері болса, «мына мақалды кім айтты? Есіңе түсірші», – деп отыратын. Одан қалса, ауылдың, үйдің барлық жаңалықтарын жіпке тізгендей етіп ағама хат жазып тұратынмын.

– Оралхан ағаның киім киісінің өзі ерекше екенін байқаймыз. Бұл қасиет бала күнінен бар ма еді?

– Киім киісінің өзі басқалардан ерекшеленіп тұратын. Киімді талғаммен, өзіне жарасымды етіп таңдап алатын. Бұл – бала күнінен қалыптасқан дағдысы. Мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүрген кезде өзіне алып берген киімдерді басқаларға ұқсамайтындай етіп қайта өзгертіп алады екен. Әсіресе, ақ, қызыл түстерді ұнататын.

Өмірден өтерін алдын-ала сезгендей болмады ма?

– 1993 жылдың сәуір айы болатын. Ағам тұратын үйге бардым. Ардақ жеңгем балаларды алып апайы Жұлдыздың үйіне кетіпті. Ағам жалғыз. Біртүрлі көңілсіздеу отыр екен. Жазу үстелінің қасына мені ертіп келді де: «Мына очерктер мен эсселерімді жинақтап, іріктеп баспаға әзірлеп қойдым. «Өнерге өлердей-ақ ғашық едім» деп, екі бөлімге бөліп, біріншісін – «Неткен ғажап дүние», екіншісін – «Өнерім – өмірім» деген айдар тағып, әр бөлімге кіретін материалдарды бөліп қойдым. Барлығы дайын, тек «Менің пірім – Қаракөз», «Тау басында үшеу тұр» эсселері жетіспейді. Соны кітапханадан іздеп тауып алып, көшірмесін жасап қой, саған тапсырма осы», – деді. Бұл ағамның маған берген соңғы тапсырмасы екенін қайдан білейін...

Ағам, Үнді еліне емес, Түркияға үлкен делегациясының басшысы болып баруы тиіс еді. Аяқ астынан Үнді еліне баратынын телефон арқылы айтты. «Бірінші рет іссапарға біртүрлі барғым келмеді. Бірақ, жұмыс қой, сен балаларға мен келгенше сүт апарып беріп тұр», – деді. Өзінің ішкі түйсігі мықты еді, сезген шығар... Иә, мен 16-мамыр күні түнгі сағат 12:00 шамасында жүрегім бір түрлі қобалжып қысыла бастадым, түнімен ұйықтай алмадым, ертеңгісін жұмысқа бармай өмірден түңілгендей күйде отырғанымда «Қазақ әдебиеті» газетінің қызметкері Досымхан Қапасов келіп: «Жеңгең сені тез келсін деп, шақырып жатыр», – деді. Жүрек бәрін сездіреді...

Ағам түсіме жиі кіреді. 17-мамырда қайтыс болған күні, қабірінің басына барып келдім. Сол күні ағам түсіме тағы кірді. Есіктен кіріп келіп, сондай әдемі, дудыраған шашын серпіп жіберіп: «Мен өлген жоқпын, ел-жұртқа өлді деп хабарлап қойғаннан кейін үйге қайтуға болмайтын болды, сол Үнді жерінде жүрмін, жағдайым жақсы», – деп күліп әңгімесін жалғастыра берді. Мен жалынып: «Үйге қайт, тіпті ешкімге көрінбей-ақ қой», – деп жалбарынып жылап жатып өз даусымнан өзім шошып ояндым.

– Қолыңызда ағаңыздың күнделігі қалған екен. Сол арқылы ағаңыздың ең қатты қуанған, тебіренген, мұңайған кездерінен естелік айтып беріңізші...

– Күнделікте жазылған жазбалардағы сіз айтып отырған сезім – Айхан мен Айжан өмірге келген кездері. Осыған шүкір, тәубе деймін. Бәрі бір Алланың қолында. Бәрі де Алланың бұйрығымен болады екен.

– Қандай арманы болушы еді?

– Өзінің көңілінен шығатындай мықты кино шығару және Б.Аюхановпен бірге «Кербұғы» балетін қайта өмірге әкелу арманы еді. Осы балет алтын қордан белгілі бір себептермен өшіріліп қалған екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар