Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Бағашар Тұрсынбайұлы: Сыншы жоқ болса, уақыт бар...

03.10.2017 7372

Бағашар Тұрсынбайұлы: Сыншы жоқ болса, уақыт бар

Бағашар Тұрсынбайұлы: Сыншы жоқ болса, уақыт бар - adebiportal.kz

Сіз көбіне өте талантты, бірақ кеуде қағып, әдеби ортада көп көрінбейтін таланттар туралы жазасыз. Неге?

– Әдебиеттегі бедел ақын-жазушылардың шығармашылығымен айқындалады. Бедел жазушының алған сыйлығымен, атағымен өлшенбеуге тиіс. Егер шығармашылығы да, атақ-даңқы да зор болса, онда тіпті жақсы. Ал атағы көп, шығармашылығы нашар болса, не жазарыңды да білмейсің. Біздің әдебиетімізде Құдайға шүкір, талантты қаламгер көп. Әрине, басқалары да аз емес. Әдеби ортада көп көрінбейтіндер туралы жазайын деп ойлаған емеспін. Әйтеуір таланттылар туралы жазғым келеді. Бұрын «қалам ұстағандардың бәрі туралы жазу керек» деп қате ойлаппын. Қазір таңдап жазу керектігін аздап түсіндім. Әрине, кейде бір қаламгер туралы жазуға мәжбүр боласың. Біреу мәжбүрлемейді. Өзіңді өзің қинайсың. Өйткені, ол жазушы туралы жазатын адам жоқ. Бірақ әдеби портреті жазуға әбден лайық. Сондықтан іздеп жүріп оқитын қаламгерім болмаса да, өзім дұрыс деп ойлаған көзқарасымды жазамын.

Әр мақаланы жазғанда бәрін басынан бастау керек болады. «Адам өмірге бір-ақ рет келмейді. Өмір адамды қайта-қайта дүние есігін ашуға мәжбүрлейді» депті ғой Маркес. Тура сол сияқты «әдеби портретін жазайыншы» деп бір қаламгердің әлеміне аяқ басар сәтімде оған дейін бірде-бір мақала жазбаған сияқты күйде боламын. Оқу барысында санаңда не деп бастап, қалай аяқтайтының сұлбалана бастайды. Бұйырған сөзді шама келгенше әділ деп жазуға тырысамын.

Сіздіңше, сыйлық ақын-жазушыға, әдебиетшіге не береді? Жалпы бізде сыйлықтар қалай беріліп жүр?

– Біздегі сыйлықтардың қалай беріліп жүргенін бәрі жақсы біледі. Ол бір жұмбақ нәрсе емес. Әділетті де, әділетсіз де беріліп жатады. Ал сыйлық әдебиетке керек нәрсе шығар. Ол – стимул, жағдай. Еуропадағы сияқты тәуелсіз, ақшасы мол, нағыз сөз шеберлеріне берілетін сыйлықтар бізде де көп болуы керек деп ойлаймын.

Бір сұхбат арқылы қазақ әдебиетінің бүгінгі тенденциясына сипаттама беру, әрине, қиын. Қазақ әдебиетіндегі өзіңіз байқаған жаңалықтар мен кемшіліктер туралы қысқаша айтып өтсеңіз..

– Жаңалықты байқау өте қиын. Оған тек білім ғана емес, рухани тәжірибе де аса қажет. Сондықтан «мынау жаңалық» деп ештеңе айта алмаймын. «Жаңалықтың бәрі ұмытылған ескі» емес пе?! Жақсы жазуға, қызық жазуға ұмтылып жүрген замандастарым бар. Ал кемшілік деген әрқашан болған. Және әртүрлі. Біреу сөз қуады, біреу ой қуады. Пәле қуатындар да бар. Атақ пен сыйлық та біреулерге жеткізбей жүр. Ең басты нәрсе: еңбек ету ғой. Жұмабай Шаштайұлы: «Құдай еңбекті жемейді» деп ылғи айтады. Сол сөзге сенемін. Еңбек етсек, кемшілік түзеледі. Түзелмейтін кемшілік болса, амал жоқ.

– Кейбір танымал әдебиеттанушылардың еңбегін оқып отырып, «біздің әдебиеттану саласында үлкен бәсекелестік болмағандықтан, жолдары болып, танылып кеткен» деген ойға қалдым. (Әдебиеттану саласында қорғаған ғылым докторлары мен кандидаттары көп болса да...) Сізде де осындай ой болмай ма?

– Болады. Өте жиі осы ойға келемін. Сондықтан да, Ермек Қаныкей, Жансая Жарылғапов, Жолдасбек Мәмбетов сияқты ғылым жолындағы ағалардың жазғандарын оқығанда бітпесе екен деп отырамын.

Айтыңызшы, біздің әдебиеттанушыларға, әдеби сыншыларға не жетіспейді?

– Мен өзіме не жетіспейтінін айтайыншы. Білім және оқығаныңды дұрыс қорыту жетіспейді. Мәселенің бәрі оқи беруде емес екенін түсіндірген ағаларым бар. Әрине, оқу керек. Және соны дұрыс қорыту керек. Оқу мен тоқу деген бір ұйқас үшін айтыла салған сөз сияқты әсер береді кейде. Бірақ өте маңызды тетіктер. Осы оқу да, тоқу да менде кем шығар.

Әдебиетті бір ғана көзқараспен қарауға болмайды. Әр жақсы жазатын қаламгердің айтқаны өзінше дұрыс. Маған постмодерн деп жарияланған шығармалар ұнамауы мүмкін. Бірақ ол да – философия. Біреуге ақ өлең ұнамайды. Бірақ ол да – өлең, әдебиет. Сондықтан жалпы жетіспейтін бір нәрсе бар бізде. Ол – кәсіби, мәдени көзқарас. Кәсіби емес сұхбаттар мен жауаптар көбейіп бара жатыр.

Айтқандай, осыдан біраз жыл бұрын Исраил Сапарбай «сын өлді» деп еді. Сын шынында да өлді ме, әлде тірі ме?

– Өте көп айтылған, көп сұралған сауал. Бұл гөй-гөйдің айтылып жүргені бүгін ғана емес. Жиырмасыншы ғасырдың басында да сыншы аз, сын жоқ. Тіпті атақты алпысыншы жылғылардың тұсында да сыншы аз деп жылаған. Одан бергі сексенінші жылғы әдебиеттерде де сыншылықтың кемдігі, сыншылардың аздығы негізгі тақырыптардың бірі. Бүгін де сол. Сондықтан «сын жоқ» деген сөз жартылай шындық. Әркім оны әртүрлі түсініп айтады. Өзі туралы мақала көптен бері шықпай кетсе, сын жоқ деп шығатындар бар. Арасында кітабы шықса, бір ауыз сөз айтылмаса, тағы сол сөзді айтады. Жаппай мақтау көбейді. Бірақ арасында жақсы сын мақалаларды ағаларымыз, замандастарымыз жазып жүр. Ол көрінбей де қалады. Қазақ әдебиеті аман болса, сын өлмейді. Уайымдамаңыздар. Тіпті сыншының бағасын алмадым деп те қам жемеңіздер, өйткені, уақыттың сынынан ешкім құтылмайды. Сын өлді деу – уақыт бітті деумен бірдей.

– Айтыңызшы, бізде неге интеллектуал ақын-жазушылар аз?

– Оны мен білмеймін.

– Аға буынның естеліктерін оқып отырсаң, бір-бірін рухани тұрғыда байытқанын байқайсың. Мысалы, Оралхан Бөкей «Мен үшін де кітапты Сағат(Әшімбаев) оқиды» деп қалжыңдайды екен. Бүгінгі ақын-жазушылардың бір-біріне берері бар ма?

– Әрине. Жақсы жолдас боп, қатар әңгіме, роман, өлең жазып, ортақ талқыға сап, қызу талдап кететін ортаны білемін. Арасында көңіл үшін айтылатын өтірік мақтау болатыны рас. Бірақ оны авторлар да, бір жақсысы, көңіл үшін айтылған өтірік мақтау екенін біледі. Есесіне сын пікірлер қарша жауады. Оны авторлар кейде қабылдап, кейде қабылдамайды. Сонысымен ақын-жазушылардың қарым-қатынасы қызық. Оқыған кітап, естіген әңгіме де әсерімен қоса айтылып жүреді. Әжептәуір ізденіп жүрген достарымның әңгімесін тыңдағанда өз басым қатты қуанып қаламын. Өйткені, білмеген нәрсемді біліп, танымаған жазушыны танып қайтамын.

Тоқтарәлі Таңжарық: «Біздің қолымыз тимейді. Бірақ бос уақытымыз көп» деген мағынада жақсы сөз айтып еді. Бұдан да біздің бас сау емес.

– «Журналистикада жұтылып кетем?» деп қорықпайсыз ба?

– Жоқ. Бұл – менің кәсібім. Жақсы көремін.

Әңгімеңізге рақмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар