Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Садық Шерімбектің аудармалары

03.10.2017 5467

Садық Шерімбектің аудармалары

Мәулана Жалаладдин Руми

Тұтқыныңмын мен өзіңнің, сұлулықтың шынары,
Мен шынымын, сусынымсың, сенсіз болмас тұрағы.
Қанатым жоқ, сен тарапқа ұша алмастан мен зарлы,
Дерттіңмін мен, дауам сенсің, қос жанардың шырағы.

Егер өлсем, жансыз тәнді көмбей алып келіңдер,
Сол сұлуға суып кеткен бар денемді беріңдер.
Ерінімнен құшырлана махаббатпен сүйсін ол,
Таң қалмаңдар, сонда қайта тірілгенім көріңдер!

Саған деген сезімімнен пәк нәрсе жоқ ғаламда,
Көңілде бір дертім жанар. Адал мұң жоқ одан да.
Басқалардың ғашықтығы рахат болса жүрекке
Менің саған ғашықтығым азабыма жаралған.

Күлімдесең тау менен тас жұмақтайын болады,
Сені көрсе мылқаулардың тілінен бал тамады.
Жүрегіңді құлыптап алсаң, тіпті Лұқман Хәкім де,
Аша алмастан диуана боп сан арманда қалады.

Бейнең намаз, оразам ғой көзің менің қимасым
Тірі жаным бал бұлақтай ерініңнің пидасы.
Дерсің бәлки: - Неге сонша мұң сезімің көп сенің?
-Қалқаам, білгін сезімімнің мың жаһанға симасын!

Ғашық дерті өрт қылуда, асықтым тек жетуге,
Түстерімде сұлу бейнең мені Мәжнүн етуде.
Пәк жүзіңнің түссе егер бір тамшысы көзіме,
Көңіл диірмен шыр айналар бейне судың бетінде.

Айтшы, дидар! Ғашық көңіл неге тілсіз ертегі?
Сүйген жардың құлпын шешпей халім азап, дерт еді.
Бар жаһанға естіледі сезім әсем ән болыпү
Ал, шынында жасырушлы мұңлы бір күй шертеді.

Сол бір түнде құштым оны, көрдім асыл жарды мен,
Түнге айттым: - Ұзар тағы! Діл басылсын алдымен!
Жауап берді: - Күннің Нұры құшағыңда тұрғанда,
Айтшы маған қалай ғана атырамын таңды мен?

Айтшы алуан! Жүзің жайнап, қарауға сен келдің бе?
Сиқыры бар күлкіңменен тонауға сен келдің бе?
Сол бір мезет кетіп едің ұрлап мендік жүректі,
Бүгін енді құс жанымды сұрауға сен келдің бе?

Саған назар түскен кезде бақытта жоқ есеп те,
Жүрек қансыз жыламаған күндерім жоқ кезекте.
Сені көрмей шарап ішсем зәһәрға ол айналсын,
Сенсіз бір сәт өмір сүрсем, өлейін сол мезетте!

Физули

Ойдың нақшы, сөз маржаным көпті нұрға бөлейін,
Сапарымда ғұмыр-дария жырларымды төгейін.
Ей, Физули, ғайып болып кетсем-дағы алыста,
Ақыл, сабыр, дін менен діл серігім боп өлейін.


Ғашықтықтың азабында қалдым тағы байлауда,
Жетер ме екен, ерік күшім бұл зынданды бойлауға.
Тілім сөзден, тәнім болса әрекеттен кесілді,
Ақыл ғана қалды міне, жамалыңды ойлауға.

Әлім де жоқ, бар мұңымды кімге айтамын? Білмедім.
Сырқатымның емі жоқтай, өте ауыр күйдемін.
- Сүйемін, - деп сен жауһарды жанталасар жан ділім,
Гүлдей әсем дидарыңды көрсет маған, сүйгенім.

Хафиз Ширази

Шираздық қыз көңілімді қуантса егер молынан,
Самарқан мен Бұхараны құрбан етем жолына.

Арманым жоқ бұл жалғанда, қиын болмас қалғаны,
Сендік ерін шарабының дәмін татсам болғаны.

Сөйле Хафиз, айналаға шашып жібер сөз дүрін,
Қаламыңнан жарым жандар бүтіндесін өз ділін.

Еһ, өмір-ай, жар иісінен рухым жатыр тасынып,
Қайғы – дертім, жан рахатын жатыр тағы басынып.

Сен - таңсың да, ал мен болса майы біткен шамдаймын,
Бір жымисаң, өлімге де жанымды аяп қалмаймын.

Жәннат іздеп жүрген досым, шарапүйге баралық,
Құм ыдыстың[1] түбінен біз Кәусар суын табалық.

Көктем болар сенің нұрлы дидарыңмен кең дала,
Сенсіз Хафиз мұңға батты. Уа, сұлуым кел маған!

Делилік Құсрау

Уа, сүйгенім, ерніңменіңбаржаныматыныштық,
Сүйгімкелерсолерніңненмендіксезімтымыстық.
Не кедергі болса-дағы сүйе түсем әрдайым,
У болса да, сор болса да мен үшін ол балдайын.

Саған деген сезімімнен қанша азап шексем де,
Разы болар құс көңілім, барлық ойым тек сенде.
Іздей берем, ажалыма сезім мұңы жетсе де,
Көргім келер тек өзіңді көздің нұры кетсе де.

Сен жымисаң күлім көзің жаһанға нұр салады,
Алуан гүлдер ұялғаннан жүзін жауып алады.
Наз ерніңнен жазылса егер, шырын сөздің парағы,
Әлем жайнар, көрген жандар естерінен танады.

Сендік мүсін, сендік ақыл, мен бейбақты таң қылды,
Тулап қаным, ішімдегі сезімімді жандырды.
Азаптарым мен өзіңді жырға қосып жатсам да,
Азаймады. Мұң жүректі одан сайын қан қылды.

Уа, сүйгенім, сұлу жүзің бар шайырдың тілінде,

Дерттеріме шын дауа бар сенің тәтті үніңде.
Қайран болар бар адамзат ауыздары ашылып,
Еріндерің тұрса егер бір сәт қана күлімдеп.

Мерген көзің оқ атқанда жұлдыздардың біріне,
Шыдай алмай ағып кетер ғаршының ең түбіне.
Көк аспанға дидарыңмен бір рет қана қарасаң,
Ол да күйер дертті болып жылап тұрар күнімен.

Барлығыңыз ортаға сап, мендей ғаріп кемтарды,
Күліңіздер маған, достар! Бүгін тағы мен зарлы.
Бір түн ғана сұлу жардың дидарымен қауыштым,
Көңіл бақтан құсым қашты, айтыңдаршы, нем қалды?

- Мұңлы! - деңдер, егер біреу: - Құсырау деген кім? - десе,
Қаламымды алдым қолға, шырайыңмен тілдесе,
Сендік жанар қалдырған дерт шығып жатты тағы да,
Ақ параққа бітіп жатқан сияменен бірлесе...

Сұлу дидар, айтшы қалай бұл сезімге жан шыдар?
Сезім жолы жан баласын тек азаппен қарсылар.
Осы жолмен жүргенімді көрсін барлық адамдар!
Осы жолмен жүрген менің басқан әрбір қадамда,
Қызыл қан боп жүрегімнен ағып жатқан тамшылар...

Әбу Әли Ибн Сина

Ей, мейірім, сенен асқан кең бар ма екен ғаламда?!
Бақ іздеген жолаушымын. Жол көрсет бұл наданға.
Кімді көрдің менен байғұс - сезім жолын іздеген?!
Көзімде мұң, көңілде зар... Үміт қана санамда.

Сия сауыт айнымайды жұлдыз Зұхал[1] кейіптен,
Қиындықтың жеңдім бәрін, өмір бойы кейіткен.
Сан мыңдаған кісен шештім – азған қиял кісенін,
Жиғаным көп, қалар бірақ топырағым бейітте.

Қысқа ғұмыр жолдарында қызу еңбек етпей шын,
Құдайыңның құзырына армансыз боп жетпейсің.
Қандай істі ойласаң да бүгін жаса бауырым,
Ертең десең, өмір-бақи солай қалып кеткейсің!

Жалған өмір бақтарында жүрді армансыз бұл көңіл,
Қалағанын қылды, байғұс, көрді қызық мың небір.
Тек рахатпен күндей жарық қылып жүрді ішімді
Ең соңында ешнәрсеге жетпегенін түсінді...

[1] - Сатурн планетасын парсылар осылай атаған.

Омар Хайям


Ей, көңілім, сыйлық күтпе бұл заманнан қараңғы,
Уақыт озар барлығынан шаң қаптырып адамды.
Дертің әр сәт күшейеді, ауырады тынымсыз,
Күткенменен мына уақыт емдемейді жараңды.

Разылығың қайда, құдай, өзіңе шын сенгенмін?!
Көңіл неге қап-қараңды, нұрыңды іздеп келгенмін?
Жұмағыңа жеткіз мені, жалғыз сенде көңілім,
Жаратылған топырақтан ақысын бер пендеңнің!

Алла бәрін білді емес пе? Көңілде бұл сұрағым…
Білді бәрін: қайда жүріп, қайда барған тұрағын.
Ақыретте айтшы мені жазалайды не үшін?
Қалауынан асатындай жасамадым күнәні.

Өтіп жатыр өмір қиын, дертімнің жоқ емі де,
Рахат – қысқа, қиындықтың болмай жатыр шегі де.
Бірақ-тағы шүкір етем, Жаратқанға молынан
Тастамаған апатпенен зұлымдықтың кеніне.

Бас тартпағын, ей көңілім, көтер мына шараптан!
Бұл да менің несібем ғой сыйлап берген Жаратқан.
Жүзіңдейін жалт-жұлт еткен шарапты құй кесеге,
Тәубе еткен көңіліммен толсын тағы парақтар!

Кеше тағы шарап іздеп шықтым барып алмаққа,
Бір гүл солып жатты жерде мен жүретін жол жақта.
Дедім оған: — Не жаздың сен? Қалай түстің бұл күйге?
Жауап қатты: — Бір сәт қана жайнап едім гүл бақта…

Аударған Садық Шерімбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар