Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бозаңға біткен боз жусан

09.10.2017 7143

Бозаңға біткен боз жусан

Ақындардың алпыс, жетпіс жылдығына арналған мерейтойлық мақалаларға көз қырымды көп сала бермеймін. Жүректің алтын қойнауын жарып шыққан ыстық ықыласпен емес, ағалық немесе інілік ізетін білдіру үшін ғана, қаламының сиясын сығымдап қағазға түсірген, сыршыл суреткердің жұмбақ әлемі ашылмай қалған ондай дүниелерді оқығаннан ләззат таппайсың. Соған қарамастан ақын биік белесті бағындырып, алпыстың асқар шыңына аяқ басқанда «оның талантына қандай баға беріледі екен?» деген мағынадағы мазасыз сауалдар тыныштық бермей, көңіл құсымыздың шартарапты шарлайтыны бар.

Зады, мінезі алақұйын дауылдай, жүрекке жылы тиіп, жаныңды жылататын жырлары Табиғат-Ананың аузынан түсіп қалған сыңарындай, бүкіл болмыс-бітімі ақын болып жаратылғанымен, басы ноқтаға жиі маталып қала беретін асау тұлпарлардың алпысқа аман-есен жетуі - әдебиеттегі сирек кездесетін оқиға. Ендеше, ол туралы сөз, көпшілікке арналатын мадақнамалардан өзгеше болуға тиіс. Тиын сұраған тіленшідей, жұрттың жылы лебізін күткен оқырманның құлағы елеңдеп, олар жөнінде айтылған әр сөйлемге қатты мән беретіні, содан болса керек.

Күні кеше ғана дүние салғанымен, бағзы заманда өмір сүрген аруақтардай болып көзімізге елестейтін қазақ поэзиясының қырандары Әбділдә, Сырбай, Хамит, Ғафу, Төлеген, Қайнекей, Меңдекеш, Сағи, Тұманбай, Қадыр, Жұмекен, Мұқағали, Кеңшілік, Жұматай, Жарасқандар (қапелімде есіме түскендерін ғана айтып отырмын) жыр тұмасын тұнығынан шайқап жүрген дәуірде, ақынның межелі жасқа жетуі емес, жақсы туындысының жарық көруі, қазақ поэзиясының мерейлі мерекесіне айналатын. Қазір керісінше, шын құрметтеуге лайық таңғажайып туындылар азайып, есесіне, мән-мағынасыз мақтаулар мен той-томалақтар көбейді. Әр апта сайын әлдекімдердің поэзия кештері мен жыр жинақтарының тұсаукесері өтіп, басқосулар мен шәй ішулер ұйымдастырылып, Алматы мен Астана дүрілдеп тұр. Теледидарды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да, не тындырғанын ешкім білмейтін біреулер жайында тұтас хабарлар түсіріліп, өлеңдері оқылып жатқан өнер құнсызданған өмірдің өліарасында, Жарасқан марқұмның «Футболистер сияқты жанкүйерге, Жыртып-жыртып бермей-ақ жейдемізді, Айналамыз таниды кейде бізді», деп, ақындықты өлермендікпен шатастырып алған даңғойқұмарларды ащы тілімен түйреген уытты сарказмы еріксіз есіме түседі. Ия, несін айтасыз, ақындардан халтурщиктер қатты қаймығатын заман еді ғой, ол.

Әй, бірақ, әдебиет – ардың иман таразысы саналған ол алтын кезеңнің де, келмеске кеткеніне қай заман. Бүгін - бәрі басқаша. Қоғамдық сана да адам танымастай өзгерді. Жабайы нарық ең қасиетті киеміз сөз өнеріміздің де қадірін қашырып, кесапатын тигізіп үлгерді. Ар-ұяттың шекарасы жойылып, оның не екенін білмейтін, түсінбейтін, мүлде ұққысы келмейтін ұрпақ өсіп шықты. Күні кеше ғана «малым –жанымның, жаным –арымның садағасы» деп келген намысты ел болсақ, енді бүгін айламызды асырып, мал үшін жанымыз бен арымызды сатып, амалдап күнін көретін дәрменсіз тобырға айналдық. Ең қорқыныштысы, ұлттық рухымыздың айбыны болып келген әдебиетіміздің тұғыры шатқаяқтап, басынан бағы тайды. Мінезі бар таланттарға тасадан тас лақтырып, арын сатқан алаяқтарды аспанға көтере дәріптейтін, керек десеңіз, тіпті, алдаспанға теңеп табынатын мүшкіл хәлге жеттік. Өлермендік киелі өнеріміздің есігін теуіп кіріп, әдебиет - ардың ісі болудан қалып, сөз патшалығымызды азғындық жайлады. Битімізді салып жүріп өлермендікпен атақ аламыз, Абайдың да аруағынан ұялмай, алтынмен аптап, күміспен күптеп көптомдықтарымызды жарқыратып шығарамыз, бір-бірімізді асыра мақтаудан алдымызға жан салмаймыз. Бүгінгі таңда пысықтығымен көзге түсіп, елге танылған қаламгерлердің омырауларында орден тағатын орын да қалмады. Ақыр соңында бәріміз де «әдебиет - азшылықтың мүлкі» (Тұрсынжан) екенін мүлде ұмытып, әлеуметтік желіге жіпсіз байланып, халтурщиктермен жарысқа түсіп, қол жеткен табысымызбен (егер ол шынымен де бар болса әңгіме басқа, әрине), жетістігімізбен мақтанатын, ал шын мәнісінде барын жоғалтып, қалайша әдебиеттің бір-бір міскініне айналып шыға келгенімізді байқамай да қалғандаймыз. Өнер азып-тозып, нағыз құндылықтар жоғалып, шындықты арзандатып жіберген айғайшыл өлеңдерден жүйкең тозып, жаның шаршаған өмірдің өліарасында әлеуметтік желімен де әуестенбейтін, газет бетінен көрінуге де, теледидарға түсуге де, баспасөзге сұхбат беруге де ұмтылмайтын, жүрегіндегі жалғыздығымен ғана үнсіз сырласып жүрген шын ақындарды іздеп, олардың жарияланбай жатқан, мұңға толы жырларын сағынасың.

Қуан дейдi, тойла дейдi ол маған,

Жоқ сияқты түк қайғым.

Алматыңыз толған думан, толған ән,

Бұл не дырду – ұқпаймын.

Қуан дейдi, тойла дейдi жұртқа ұсап,

Күнә дейдi жырламау.

Менiң жаным қырық жамау, қырық пышақ,

Оны бiлер кiм бар-ау?!

Поэзия адам жүрегінің сәулесі ғана емес, имандылық пен ізгіліктің, азаматтық пен адамгершіліктің - күретамыры, ұлттық болмыс-бітімнің айнадан көрінген - дидары. Өзіміз де сол ұлттың бір тамшы қаны болғандықтан, нағыз ақындардың (ақын болып ауырып жүргендердің емес) өлеңдерін оқығанымызда, жанымыздың шыңырауында жатқан рухымызбен сырласып, адамдық табиғатымызды қайта танып, жүрек қоймасында жасырынған асылдарымызды тауып, мәңгіліктің ауасымен тыныстағандай әсердің тәтті сиқыры бүкіл ерік-жігерімізді билеп алады емес пе. Көп жағдайда ақындардың шығармашылық өмірінің ұзаққа созылуы алған атақ-даңқына, артына қалдырған жақсы атына, кейінгі ұрпаққа мирас етіп кеткен мұрасына ғана емес, ең алдымен мәңгілік болмыстың құпиясын қаншалықты тани алғандығына байланысты болады. Адамзатқа әйгілі Данте «Құдайлық комедиясының» кіріспесінде жырлағандай, ол үшін ақын «Әке, Бала және Қасиетті Рух» атты үш әлемді үйлестіре алуы тиіс. Әй, бірақ, адамның болмысы күннен-күнге күрделене түскен ғасырда сол үштікті үйлестіру мүмкін бе, өзі? Әлде, жеңілтек сезімнен гөрі, ақылға көбірек жүгінетін Гетенің басын шайқап «Бұл үштікті үйлестіру мүмкін емес» (Эккерманға жазған хатында) деп, Дантені мазақтағандай болып, күле қарауының қисыны бар ма екен.? Жо, жо, жоқ. Телегей-теңіздей біліміне мың жерден тәнті болып, дариядай даналығына жүз жерден басымды игеніммен, Гетемен үзілді-кесілді келіспеймін. Үйлеспейтінді – үйлестіріп, жараспайтынды - жарастыра алмаса, оның несі ақын? Ақын – Алланың жұмбақ жаратылысы, уақыт ағымына бағынбай, ақыр соңында оны да жеңіп шығып, өзгеше әлем туғызатын – жасампаз құдірет, екі дүниенің арасын жалғап тұрған – алтын көпір.

Көзі тірі қазақ ақындарының ішінде мәңгілікпен сырласа отырып, келер ұрпақтың жүрегіне де жол тапқан, Дантенің сөзімен айтқанда ««Әке, Бала және Қасиетті Рухты» үйлестіріп, поэзияны фәни мен бақидың алтын көпіріне айналдыра алған сондай бір ірі суреткер бар болса, сөз жоқ, ол таланттың – Есенғали Раушанов екеніне мен еш күмәнданбаймын.

Көктем кешiктi

Көңiл жабырқау. Көктайғақ

Көше талдары көкке қол жайған көп бейбақ

Көп керек емес Алматыға да, маған да

Сәл ғана мейiрiм, аз ғана шуақ жетпейдi-ақ.

Шаршаңқы көңiл, шашыраған ой тарыдай,

Өтер ме екенбiз жылылыққа бiр жарымай.

Қадекең кеттi, Тұмағаң кеттi өткен жыл,

Түсiм болса екен осының бәрi, а, құдай...

Ақын көңілі – жараланғыш. Шын талант қандай қоғамда өмір сүрсе де, қандай формациялық алмасулар заманының аласапыранына тап келсе де, тіпті, Құнанбайдың баласы Абайдай не ішіп, не киерін ойламаған байдың ұлы болып туса да, немесе көзі тірісінде бүкіл атақтың бәрін иеленіп, даңқтың ең биік тұғырына көтерілген неміс Гете мен испан Кальдерондай айдай әлемге танылса да, өз жанын кеміріп, басын тауға да, тасқа да соғып, өмірлеріне риза болмай өтеді. Жұрттың бәрі тобырға қызмет еткенде, нағыз шайырлар ағысқа қарсы жүзіп, бұршақтай жауған әділетсіздіктің оғына жаны жараланып, өнердегі арзандыққа қарсы күресіп, жанартаудай атылған өз жүрегінің отына өртеніп өледі.

Қырық күн болды қыс кіргелі,

Ауыр нәубет жетті елге.

Кетіп қалды құстың көбі

Басқа мемлекеттерге.

Ода оқиды қарға таңнан

Мәртебелі кысты ән ғып:

«Мен хан едім арғы атамнан,

Құл еді, - деп, - құс барлық».

Айтсын қарға, десін құзғын,

Сайран етіп кең ішін.

Ерте кеткен есіл күздің

Қырқы бүгін мен үшін.

Қу тіршілікте ақынның дұшпаны көп болғанымен, жалғыз досы - жүрегі ғана. Жалғыз сенері – халық, жалғыз сыйынары – Құдай, жалғыз перзенті – өлең. Қалғанының бәрі де жалған дүниенің - жалқы алданышы.

Ақын болуды да біреулер бақытқа теңеп жүр-ау, адасып. Керісінше, Алланың мына жарық дүниедегі ең бақытсыз бейбағы да ақын емес пе екен, осы? Сыздаған бүкіл жараның аузында жүріп, жалғыздықтан басқа досыңның болмай, жүрегіңді өлеңмен ғана жұбату да бақыт болып па екен, мына фәниде? Жұрттың кейде ашықтан-ашық кінәлағанына қарамастан, осы тұрғыдан алғанда мен Есенғали ағамның әйелдерге ақындықты қимаған көңілін түсінгендей боламын. Жо, жоқ, әйелдер өлеңдерін жаза берсін, бірақ нағыз ақындық әйелдер түсуге тиіс тозақ емес.

Тасырқағанда тас жауған,

Тау болды ұйықтар айлағым.

Қасқырдан анау,

Қас жаудан

Тартып ап апан жайладым.

Жетіп бір құлан қайырып,

Желкеден алдым жеміт деп.

Тағыдан олжа айырып,

Тарпаңды міндім көлік деп.

Батырша күліп түрегеп,

Отырдым жылап ақынша.

Жанымды тостым «міне» деп,

Жолбарыс-тағдыр атылса.

Өлеңді оқи отырып, бір жағынан ақынның өжеттігіне ырза боласың, екінші жағынан, садақша атылған жолбарыс-тағдырға жанын тосқан оны аяйсың. Есенғалидың бүкіл ақындық кредосы, өмірлік ұстанымы, ешкімге ұқсамайтын дара мінезі өте сәтті көрініс тапқан осы туындыны оқып шыққан соң ақындық пен жалғыздықтың бір ұғым екеніне тағы бір мәрте көзің жете түскендей болады.

Суықта суыр асым боп,

Сусыным бастым мұзбенен.

Жатыры мұның асыл деп,

Жандастым қабылан қызбенен.

Қасқайып өстім шыңымда

Қара да беріш қайың боп,

Ендігі қалған ғұмырда.

Езілетұғын жайым жоқ.

Ақыры барып жатам бір,

Сен айтпа маған тамұқты.

Тапқан екенсің,

а, тағдыр

Талқыңа көнер ғаріпті.

Кетеді шәһит сорласа,

Несі бар қорқар заты ұлдың,

Ып-ыстық жасы болмаса

Ана бір қабылан қатынның.

«Адамның жалғыздық шынжырымен кісенделіп, өлім жазасына кесілген» пенде екенін, ұмытпасам – Толстой айтты. Дегенмен, осы тұрғыдан бағалсақ, әлемдегі ең бақытты адам да ақын болып шықпай ма, қалай? Себебі, ұлы жаны бар ақын қарапайым адамның басын жиі-жиі мұнарлайтын пенделік жалғыздықты аса қатты сезіне қоймайды. Ол үшін фәни мен бақидың арасында ешқандай шекара жоқ. Артына мәңгі өлмейтін сөзін қалдырып кеткен ұлылардың бәрі де оның – сырластары, еш уақытта сатып кетпейтін, қателігін түсінетін, кемшілігін бетіне баспай, кешіре білетін – адал достары. Нұрлары пейіштен күлімсіреген, рухтары мәңгі жасайтын олардың бәрі де күні кеше ғана дәл осы Есенғалидай қателескен, адасқан, тіршіліктен тірек таба алмай Жаратушыға мұңын шағып, кешірім сұрап жалбарынып, ақыр соңында туған жерінің топырағын жамылып, тыныштық тапқан - абзал жандар.

Несiн қазбаладың,

Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,

Қателердi жасауға мен жасаған

Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.

Ақталам не деп бүгiн,

Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.

Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,

Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.

Сатпаған құстар ғана,

Әсiресе, бозторғай ұшқан дара.

Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды

Тiлемеймiн дос түгiл дұшпанға да.

Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,

Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,

Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,

Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,

Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.

Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,

Қонып ұшар қанаты талған құстар.

Ақын Алланың жердегі елесі іспетті болғандықтан өз заманынан озық туып, ол да жаратушысының кебін киіп жалғыздыққа ұшырап, жалқы жанын азаптың тозағына салады. Талантты ақындардың поэзиясы уақыт өткеннен кейін ғана бағаланып жататыны – өмір заңдылығы. Басқаша сөзбен айтсақ, ақын шығармашылығына – ұлы мәртебелі уақыт қана төреші бола алады. Кезінде «Аэрокондинционный кошмар» деген эсселер жинағы арқылы Америкадағы тобырлық құндылықты әшкерелеп, «тағдыры ұрланған ұрпақтың» (Г.Стаин) санасына қатты әсер еткен белгілі жазушы Генри Миллер француздың символист ақыны Артюр Рембо туралы этюдінде (Иностранная литература, №10, 1992 жыл) «өркениет адамының поэзиясын тек белгілі адамдар ғана түсіне алады» деп, қамығыпты. Елу, мүмкін жүз жылдан кейін халықтың мәдениеті көтеріліп, сондай бір заман туа қалса, шынайы поэзия да өнерді жан-тәнімен сүйіп, бойтұмардай қастерлеген белгілі адамдардың жүрегінде жатталып, көңілінде қатталып, өнердің шарықтау кезеңінде қайта жаңғырады. Қазақ топырағына ондай заман келгенге дейін, әлі қаншама талантты ақын тағдырының түсінбестіктің тас қамалына соғылары бір Аллаға ғана аян.

Өз дәуірінде Пушкин де Ресейдегі бірінші ақын болып саналмағаны әдебиет тарихынан белгілі мысал. Қайталанбас таланттың қасіретті қазасынан кейін де «Александр Сергейұлын асыра мақтап жіберген жоқпыз ба?» сынды газет беттерінде күңкілдер жарияланған. Көптеген сыншылар тіпті, Пушкиннің әлемдік әдебиеттегі алатын биік орнын мойындағысы келмей бұлтақтаған. Ұлы жазушы Феодор Михайлович Достоевскийдің Пушкин туралы әйгілі сөзінен кейін ғана, мұндай алып-қашпа әңгімелердің аяғы құрдымға кете бастады. Достоевский өз мақаласында Пушкиннің ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар, орыс поэзиясындағы пайғамбарлық құбылыс екенін де дәлелдеп берді. Әдебиет зерттеушілері Шекспирдің өз уақытында қадірі болмаған деген болжам айтады. Расында да ғажайып суреткердің көзі тірі кезінде бірде-бір портретінің салынбауы, осындай ойға еріксіз жетелейді. Киплинг қайтыс болғанда оны жерлеуге ағылшынның бірде-бір атақты жазушысы келмепті. Жиырмасыншы ғасырдың басында орыстың Д.Заславский атты сыншысымағы Осип Мандельштамның поэзиясына «әдебиеттегі ұрлық» деп жала жапты. Ал, 1958 жылы жазған бір мақаласында ол Борис Пастернак сияқты талантты ақынды да «әдебиеттің арам шөбі» деп сынап, жүрегін жаралады. Күні кеше ғана дүниеден құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан ақын, әрі әнші Владимир Высоцкийдің бір ауыз өлеңін басудан тайсақтаған орыс басылымдары, ол өлгеннен кейін өмірі жайлы естеліктерді бұрқыратып беріп жатты. Айта берсек көп. Мұндай мысалдарды қазақ әдебиетінен де көптеп келтіре аламыз.

Бірақ.., ия бірақ, талантты ақынды көзі тірісінде бағалай алғанға не жетсін, шіркін. Ондай мәдениетке қол жеткізу үшін қазақ қоғамына әлі талай уақыт керек-ау, шамасы. Әсіресе, дәл бүгінгідей құлдық сана бүкіл ерік-жігерімізді билеп алып, әркім өз ауылының ақындарын ғана асыра дәріптейтін қоғамда, оны бүгін, ертең жүзеге асыру мүмкін еместей болып көрінеді, маған. Сол себептен де, Есенғали Раушановтай қазақ поэзиясының классигі алпысқа келіп жатқанда, бір ауыз жылы лебіз білдіруге де жарамаған, ең құрығанда Астана төрінде ақын кешінің қалай өткені туралы ақпаратты да беруге қимаған басылымдарға, өкпелеудің реті де, жөні де жоқ. Бұл мына біздің, яғни, халық екенін ұмытып, тобырға айналып кеткен, жаман ағаларына телміріп көзін сатып жүріп мансапқа қолы жеткен, бүгінгі ұрпақтың - бейшара болмысы. Дәл осындай менсінбеушілік Есенғали творчествосына берілген баға болып табылмайды. Ақынның жеке басын, мінезін жек көруге, ұнатпауға, арқасына шапан жаппауға толық қақыңыз бар. Бірақ халыққа танылған, әдеби орта мойындаған классиктің талантын сыйламау - барып тұрған надандық, Есенғалиға емес, қазақ өлеңіне жасалған қиянат. Ақиқатында Есенғали әдебиетімізге алпысыншы жылдардан кейін келген соқталы буынның жаңалығын бойына сіңіре отырып, қазақ поэзиясын өзгеше түрлендірген, дүниетанымын кеңейтіп, өлеңінің рухымен халықтың бойындағы өліп бара жатқан ұлттық сезімдерін қайта тірілткен –қайталанбайтын құбылыс. Біз аспанға қарап, жаңалық ашып отырған жоқпыз. Мұндай пікірді бізге дейін де ұлттық әдебиетіміздің классигі Қадыр Мырза-Әлі де шегелеп тұрып айтып кеткен. Бұрын-соңды естімеген болсаңыз, есіңізге салайын: «ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап, күні бүгінге дейін қазақ өлеңіне толқын-толқын боп жамырай келіп жатқан жас лириктерге толайым қозғау салып, соңынан шәкірт ерткен, өз мектебін ашқан шайырлар бізде көп емес. Қазақ поэзиясының классигі Есенғали Раушанов сол аз шоғырдан – санаулылар санатынан.

Бұл орайда оны мәдениеті зор ұлттық ақын деуге болады. Мәселе қара өлеңге «шекпен жабуда» емес. Алдымен ұлттық бояуы, нәр-нақышы, суреткерлік сыр-сипаты дәстүрлі фольклорлық, жыраулық қайнарлардан қайнап шығып, әлем әдебиеті үдерістерімен әдемі қойындаса келіп, әрі қазақтың, әрі адамзаттық асыл сөз сомдау даралығында».

(Жалғасы)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар