Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
ҰЗАП КЕТКЕН СОЛ КҮНДЕР...

11.10.2017 4773

ҰЗАП КЕТКЕН СОЛ КҮНДЕР

ҰЗАП КЕТКЕН СОЛ КҮНДЕР - adebiportal.kz

(Естелік)

1973 жылы Алматы қаласында «Жас қаламгерлердің республикалық II конференциясы» өткен еді. Содан бері аттай қырық төрт жыл болыпты. Бес жүзден астам еліміздің әр өңірінен тоғысқан талапкерлер Жазушылар Одағы қара шаңырағында бас қосты.

Үлкен жиынды сол кездегі Одақтың бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов ашып, жиынды жүргізуші Олжас Сүлейменов болды. Бұл кез қазақ әдебиетінің өркендеп тұрған бір тұсы еді. Қазір классик атанған жайсаңдар ол кезде жайнаған жастар болатын-ды.

Сонымен бізді оншақтыдан топ-топқа бөліп, секцияларға таратты. Әр секцияның жетекшісі мен мүшелері жазушылар арасынан белгіленді. Семинарлық сабақтарға кірістік. Біздің жетекшіміз Әзілхан Нұршайықов екен. Қалмұқан Исабаев пен Төлен Әбдіков үшеуі жастарды әдебиет әлеміне жетектеуге кірісті. Төлен ағамыздың қылшылдаған жас кезі. Шашы артына қайырылған, маңызды, бір қалыпты отырған көркем бейнесі әлі көз алдымда...

Танысып-біліскен соң, әкелген әңгімелерің болса оқыңдар, талдайық деген ұсыныс түсті. Мен ұшқалақтап, бірінші ұсындым. Бір атамыздың соғыстан соңғы жылдары басынан өткен уақиғасы еді. Мақтаған, даттағаны есімде қалмапты. Екі бетім қып-қызыл боп, терлеп-тепшіп бір демде оқып шыққам. Жастық максимализмнің өршіп тұрған сәті. Бір ауыз сөз жазсаң да жазбасаң да кереметсің! Тұла-бойың тыпыршыған дарынға толы. Ешкімді менсіне де бермейсің!..

Менен кейін Роллан Сейсенбаев оқыды. «Орақ шал» деген әңгімесі еді. Кейін кітаптарында жарық көрді. Сосын есімде қалғаны оңтүстік жақтың бір қыз баласы әңгімесін ортаға салды. Тыңдап болған соң, Әзілхан аға: «Мына жерің көркемдікке үйлеспейді, қарағым. «Жүгіріп келе жатып, етбетінен түсті де тізесін қанатып алды» депсің, бұл ауыз екі сөзге жақын» деп ескерту жасады. Қалмұқан мен Төлен ағаларымызға сол жолы сөз есесі тимеді-ау деймін. Көбіне Әзекең көсілді. «Мен Ақтөбеге барғанда...» деп жолсапарларын айтып, өзіндік сөйлеу мақамымен әндете жөнелетін-ді. Сосын ара-тұра сөз арасында: «Сендер астарыңа мәшина, бастарыңа қаладан пәтер алу үшін жазушы болам деп келдіңдер ме?! Жазушы деген анау-мынау...» деген сияқты ақыл-нақылдар да айтылды.

Ақыры оқу-тоқуымыз да тәмам болды. Роллан екеуміз қол ұстасып бірге жүретін жолдасқа айналдық, сол арада. Ол қызуқанды жігіт еді. Менің де жетіскенім шамалы. Сонымен Роллан:

- Қорытынды жиналыста сөз сөйлейік. Біз материалдық баю үшін жазушы болайын деп жүрген жоқпыз! Біз әдебиет үшін тер төккіміз келді. Ал мына кісі әдебиет теориясын үйреткеннің орнына ел қыдырғанын айтып кетті. Семинарлық сабақтарға көңіліміз толмады дейік! – деді. Астыңғы қабаттағы «Қаламгер» кафесінде Олжас Сүлейменовке жолығып, сөз сөйлеуге мұрсат алдық.

- Сен сөйле! – деп Рекең маған жүктеді. Көпшілік алдына шықсам есімнен айырылып қалатындай жаман шошыдым. Және қатты қысылсам, тұтығып сөйлей алмай қалатыным тағы бар-тын. Ролланның өзін көндірдім. Тұра қашуға ыңғайлырақ есікке таяу жерге жайғастық. Әзілхан Нұшайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабы «Годы юности и любви» деп орысша аударылған мезгіл сол еді. Қалың кітаптарды шашу деп отырғандарға лақтырғанда қатты мұқабасы біреудің көзін шығара жаздадаған-ды. Осының барлығы Роллан екеумізге келеңсіз боп көрінді. Және алдындағы өкпе-ренішіміз де бар. Жарыссөз кезегі бізге де жетті. Роллан мінберге атып шықты да төтелеп ұрды. Аспан айналып, жерге түскендей болды! Мынадай ерлік жасау екінің бірінің қолынан келмейтін кез еді, ол уақыт! Сөзін аяқтады да орнына таяп келіп маған: «Кеттік!» деді. Соңымыздан шыққан дауысқа да қайырылған жоқпыз, зыттық. Артынан естідік. «Әлгі екі жүгірмекті жердің астына түсіп кетсе табыңдар!» деп Әнуар Әлімжанов қатты ашуланыпты.

Артынша теледидар мен радиодан аттарымызды естіп жаттық. Әзілхан Нұршайықов «Портреттер мен естеліктер» деген кітабында Рекең екеуміз туралы жылы да сәуегейлік пікір таныпты. Мені қазақтың келешек Чеховы деп қойыпты. Ондай дәрежеге жетпек түгілі отыз жылдан соң түбегейлі бас-аяғы бар бір әңгімені әрең жазып үйретінімді кім білген...

Осы естелік Роллан Сейсенбаветың туған күні қарсаңына арналған соң сөз ауанын солай бұрайын. Сол қысқа да қаперге қатты сіңген кездесуден соң отыз үш жыл өткен соң ғана жүздесу мүмкіндігі туған. Алғашқы жылдары хат жазып тұрдым. Рекеңнің тырнақалды жазбалары «Жалын» журналына шыға бастады. Сол тұста, Ақтөбе аэропортында отырып, «Лениншіл жас» газетіндегі бір мақалаға көзім түсті. Мақаланың тақырыбы қамшыдай осып өтті. «Өзімді іздеп жүрмін». Сайын Мұратбеков ағамыздың «Дос іздеп жүрмін » кітабымен үндес секілденді. Осы тақырыпты Рекеңе хатпен салып жібердім. Кейін осы аттас кітабы да шықты.

Роллан Сейсенбаевтың жазушылығы жайлы пікір айтатындай адам емеспін. Өзі дәлелденген, әлемге танылған қаламгер! Бір қызығы, «Ешқайда бастамайтын баспалдақ» сынды соноу ерте туындыларын сол кездегі жастар құмартып оқыды.

«AMANAT» журналы редакциясында отыз үш жылдан соң жолықтық. Уақыттың ізі болмаса, Рекең сол жас кезіндегі секілді шабытты, жаңашыл, әлі де балакөңіл, сенгіш, рахымшыл, таза табиғатынан ажырамапты. Осы бес күн жалғанда Ролландай азаматпен замандас болып, аз-кем уақыт серіктестігім - өз өмірім үшін аса маңызды сәт деп есептеймін.

Заман Төлеуов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар