Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Қаныш Сәтбаев - қаламгер

16.10.2017 6905

Қаныш Сәтбаев - қаламгер

Қазақта көп қырлы адам көп болған. Солардың бірі – Сәтбаев. Ол ғалым, геолог, инженер, заңгер ғана емес, қаламгер де болған. Ол – он жылдық қазақ мектептеріне Алгебра оқулығын алғаш жасаушы. Ол – Абай шығармаларының алғашқы бір басылымының редакторы. Ол – Ер Едіге туралы жырды алғысөз, түсініктеме жазып, жинақ етіп шығарушы. Ол – Мұрын жырау мен Қырымның қырық батырын жоқтаушы. Ол – өз дәуірі тыныс-тіршілігінің шежірешісі. Бүгінгі сөз оның осы қыры – публицистігі туралы ғана. Бұл кәсіпке ол кісі 1920 жылдан-ақ бой ұрған. 1926 жылы Томскідегі индустриялық институтты бітіріп келгеннен кейін өнеркәсіп тақырыбын құлай жазған.

Бұл кезде Кеңес Одағындағы индустрияландыру ісін шетелдерден тәуелсіз етіп, қарқынды жүргізу, елдің қорғанымпаздық қабілетін күшейтіп, электрлендіру міндеттерін жүзеге асыру күн тәртібіне қатты қойылып жатыр еді. Бұл үшін ең алдымен түсті металлургияны дамыту қажет болды. Өйткені қара металды пайдалану индустрияның жалпы жағдайын ғана аңғартса, түсті металды пайдалану деңгейі сол индустрияның сапасын дәрежесін аңғартатын еді.

Осыны түсінген жас инжинер-геолог Қанекең бірден Жезқазған, Қарсақпай, Тұрлан түсті металл кендеріне килікті. Бұл өндіріс саласының әрбір проблемасын терең зеттеп, әлгі кен орындарының қыр-сыры мен жай-күйіне жете қанықты. Сонан соң ғана заман талабына, күн тәртібіне қойылып, шешіліп жатқан проблемаларға өз публицистикасымен үн қосты. Тек 1928 жылы «Қызыл Қазақстан» журналында «Қарағанды, Спасск зауыттарының қазіргі күйі мен келешегі» (№ 1-2), «Тұрлан кендерінің шамасы және келешегі» (№ 4-5), «Қарсақпай зауытында мыс өндіру және оның келешегі» (№8-11) деген проблемалық мақалалар жариялады. Осылардан-ақ Қанекеңнің қалам қарымы, публицистік ерекшеліктері айқын аңғарылды. Олар не? Ең алдымен, оның білгір ғалым, ғалым-публицист екендігі, білімдік, тәлімдік мәні мол ғылыми публицистика жазатындығы көзге ұрып тұрды. Бұл әлгі кен орындарының табылу, зерттелу, іске қосылу тарихына шолу жасауынан көрінді. Автордың жазуынша, Нілді (Үспен) мыс кенін 1847 жылы орыс көпесі Ушаков тапқан да, 1858 жылы айналасындағы 22 шаршы шақырым жерді қазақ иелерінен 86 сом күміске сатып алған. 1862 жылы Спасск зауытын салдырған. Сол Ушаков 1851 жылы Қарағанды төңірегінен 110 шаршы шақырым жерді 369 сом күміске алған. Ал Тұрландағы қорғасын кені орыстарға 1600 жылдан белгілі болған. 1870 жылы жасалған Түркістан генштабының картасында ол «Көпес Петрушин зауыты» деп көрсетілген. Мұнда 1882 жылдан 1921 жылға дейін қорғасын қол күрекпен балқытылған. 1915 жылы инженер Лесман кен ошағынан 6 км. Жерде зауыт сала бастаған. Осы сияқты Қарсақпай өндірісі де орыс өкіметіне 1771 жылдан-ақ мәлім. ХІХ ғасырдың ортасында әлгі Ушаков 4 заявка жасап, 16 шаршы шақырым жерді 400 сомға алған. 1891 жылы мұның бәрі Рязанов қолына көшкен. Бірақ бұл да игере алмай 1907 жылы 260 мың сомға ағылшын байларына сатып жіберген. Міне осының бәрі публицистиканың ғылыми сипатын танытады.

Екіншіден, Қанекең публицистикасы жер қойнауы жаратылысын, ондағы түсті металдар табиғатын терең ашатын, кәсіби жағынан білгірлікпен жазылатын публицистика екенін мойындатты. Мысалы, ол қазба байлықтардың бітіміне, орналасуына мынадай сипаттамалар береді: Нілді мысы сынап сияқты майысқақ. Майысқақ жағы Оңтүстікке қарайды. Кен тастары басында сұйық күйінде тереңнен қайнап шығып, жердің үстіңгі қыртысындағы жарыққа келіп қатқан. Кеннің жотасы Шығыстан Батысқа қарап жатыр. Ұзындығы 160 метр (80 құлаштай), құрамы 70-60 градусқа жетеді. Кен тасының жер үстіндегі көрнекті ені 32 метр, құлама тереңдігі 200 метрге барады. Ал Қарағанды ошағында 1 метрден 4 метрге баратын тас көмірдің 8-ден аса жеке қыртысы бар. Мұның жотасы 25 шақырымға созылады. Қыртыстың бәрі қаз-қатар көлбей созылып сұлап жатыр, құрамы 10 градус, қызу колориті 7200-7500. байлығы жағынан Қазақстанда бірінші, Ресей бойынша төртінші орында.

Тұрлан кені де жер сілкінуден пайда болған жер жарығының бойында жатыр. Кеннің денесі төңкеріген астау сияқты. Тереңдеген сайын енін кеңейтіп отырады. Жер бетінен көрініп жатқан кен жотасы 50 метрдей, ені 0,5 метрден аспайды. 50 метр төмендегенде олары 290, 22 метрге барады. Кейде 50 метрге дейін кеңіп, 10 метрге дейін тартылады. 60 метр тереңдікте кенді су басады. Бұрынғылар одан төмен бармаған.

Ғалым публицистикасы кендердің құрамынан да мол мағлұмат берді. Нілді кенінің, – дейді ол, –ең қажеттісі – тұнба борнит. Одан 25-28 процентке дейін таза мыс өндіріледі. Америка мыс кендері 1,7 - 2,5 % қана таза мыс береді. Ағылшындар 200 метрге шейін тереңдеп, осы борнитті алып отырған. Нілді кенінің әрбір тоннасында 60 пұт мыстан басқа 5 миллиграмм алтын, 582 гр. күміс және пайдалы мышьяк бар. Қарағанды көмірінің құрамында 22 % түтін, 58 % күміс, 17 % күл, 6 % су бар. Сор аз. Бұл – көмір сапалылығы. Ал Тұрлан кенінің құрамы балшық аралас, қатты таза және үгілмелі таза бейресурстардан тұрады. Жоса араласқан жерлері де бар. Міне, осының бәрі – табиғат тынысын терең біліп, кәсіби жағынан тап басып, түсінікті етіп, соқырға таяқ ұстатқандай етіп талдау.

Үшіншіден, Қанекең публицистикасы – алдағыны болжаушы, шолушы публицистика. Әр кеннің не бергенін, бүгінін көрсетіп кетіп, түбінде не бергенін, келешегі қалай боларын сендіре ашатын публицистика. Оның деректерінше, Спасскіде 1919 жылға дейін 16 млн. 800 мың пұттай кен балқытылған, одан 3 млн. пұттан аса таза мыс алынған. Ресей кен кәсібінің ең өркендеген кезі – 1913 жылы оның қорытқан барлық мысының 15,8% яғни оннан бірін осы Спасск беріп отырған. Бұл аймақта Қайрақты, Алмалы, Ақшоқы, Бесшоқы, Үсте-Мана-тау сияқты кен орындары бар. Олардың 2-3-і игерілсе, 1 млн.500 мың пұт таза мыс алуға болады. Бұл үшін 2 млн. 570 мың пұт кен шығару керек. Тұрланның 60 метрден жоғарыдағы қоры 109856 тонна болады. Одан 106838 тонна қорғасын аламыз. Осы сияқты Қарсақпай өндірісінің келешегі де, басқа мыс кендерінің шамасы да зеттелген, әрбір десятин жерден алынатын мыс та сараланып болжанған.

Төртіншіден, геолог публицистикасы – әрбір кеннің орналасу орнын, географиялық панорамасын, қайда немен шектеліп, немен жалғасып жатқанын көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп елестететін публицистика. Тұрлан кені, – делінеді онда, – Түркістан қаласының шөлейтті шығыс жағында, 65 км. жерде, Қаратаудың оң бөліміндегі Көкқия мен Ашасай деген екі бұлақтың арасындағы биіктеу жотада. Ашасай бұлағы – «Қатын-қамал» өзенінің бір тармағы. Осы өзеннің бойында, Тұрланның 6,5 шақырым жерде, 350 метр төменде Лесман салдырған зауыт тұр. Одан 250 метр төменде кеншілер поселкасы бар. Қарсақпай – Ташкент темір жолы бойындағы Жосалы станциясынан 375 км. жерде. Көкшетаудан 750, Ақмоладан 500, Шортандыдан 400 км. қашықтықта. Ағылшындар Қарағанды – Спасск арасына 40 шақырымдық тар табанды темір жол салған. Түркістан мен Тұрлан арасында 45 шақырымдық арба жолы бар. Қарсақпай, Қармақшы, Жосалы арқылы кіре жолы арқылы байланысады.

Бесіншіден, инженер-ғалым публицистикасы кен орындарының тарихын, сипаттамасын беріп болған соң, оларды кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі тағдырына жай-күйіне талдау жасайды. Оның мәліметінше, 1919 жылы Спасск зауыты тоқтаған. 1928 жылға дейін «Қорық» күйінде сақталған. 1928 жылдан Қарағанды шахталары су астында қалған. Қарсақпайдан 1920 жылы ағылшындар қуылған соң Еңбек қорғау кеңесінің 1925 жылғы 10 маусымдағы жарлығымен ол Одақтық «Атбасар тресіне» берілген. 1928 жылға дейін жоғын тауып, барын түзеп іске қосу міндеттелген. Ал Түркістан Шаруашылық кеңесі 1919 жылы Тұрлан кенін жүргізе бастаған. Бірақ кені тез таусылып,1921 жылы «қорыққа» айналған. Ол 1925 жылы Қазақстанға өткен.

Алтыншыдан, Сәтбаев публицистикасы кен ошақтарын атап, оларды іске қосу қажеттігін айтып қана қоймайды, соны қалай жүзеге асыруға болатынын, бұл үшін не істеу, қандай шаралар қолдану керектігін саралайды. Олардың қазіргі жай- күйін талдап, қалай жүргізудің жолдарын көрсетеді. Оның айтуынша, Нілдіде екі зауыт бар. Олар жұмысқа қосуға жарамды. Машина, саймандары сақтаулы, сырты сүртіліп, іші майланып тұрады. Олар тұрған үйлер де жақсы күйде. Керегі – кенді бұрғылайтын, жоғары шығаратын машина, саймандар ғана. Нілдіні 3 айда жүргізуге болады. Қарағандыда екі шахта бар. Оларды су басып қалған. Машина, саймандары толық сақтаулы күйінде.

Жетіншіден, әдетте публицистика күн тәртібіне қойып, шешпек болып отырған проблемасын аз күш жұмсап, аз қаржы шығындап жүзеге асырудың жолдарын көрсетуге тиіс. Қанекең мұны да ескерген. Кендерді бұрғылайтын, жоғары шығаратын машина, саймандар алуға, шахталарды құрғатуға, жаңа шахта құруға, үйлерді жаңартуға, кіре тартуға, жұмыс күшін жалдауға, отын-суын қамтасыз етуге, қаржының тиімді көздерін ұсынған. Мысалы, Тұрланда 1 пұт қорғасын қорыту үшін, 1,8 пұт көкіс, 2 пұт тас көмір қажет. Бұл үшін көмірді алыстан тасымай- ақ, 40 шақырым жердегі Бабатай, Батпақ көмірін игеру керек. Нефть мүдде тиімді. Мұнда жаңадан қорғасын зауыты жылына 120-150 мың пұт қорғасын беретін болсын. Әйтпесе зиянды, өзін-өзі ақтамайды. Көкқия бұлағы тәулігіне, жылына қанша су береді, соған қарап зауыт орнын таңдауды, жұмыс күшін сол төңіректен тауып, забойшы, тақталаушыларды Қызылорда, Ташкент биржаларынан іздеуді ұсынды.

Ал Қарсақпайдан Жосалыға дейінгі кіре-жолмен жылына 7-7,5 мың пұт қана жүк тасуға болады. Бұл – оның келешегіне, тез өсуіне үлкен кедергі. Мұны жою үшін Жосалы – Қарсақпай, не Көкшетау – Қарсақпай, әйтпесе Ақмола –Қарсақпай, болмаса Ақмола – Жезқазған – Бірқазан станциясына баратын кең табанды темір жол салуды ескертті. Осылардың әрқайсысының тиімді, тиімсіз жақтарын атап көрсетті. Ал Спасск зауытын дамыту үшін Петропавл – Ақмола арасындағы темір жолды тездету, оның бойындағы Шортандыдан 400 км. жол тарту қажеттігін айтты. Тіпті Оңтүстік Оралда Атбасар – Ақмола – Қарағанды– Аягөз – Шәуешек темір жолдары салынса, бұл зауыттың келешегі мүлде күшеймек деді. Спасск зауытын «қорық» күйінде қалдырып, оны күзетуге, үй-мүлік, машина, саймандарын тоздырып, оларды жаңартуға қаржы шығындағанша, зауытты тезірек іске қосу тиімді екеніне назар аудартты.

Сөйтіп, Қ.Сәтбаев оқу бітіріп келісімен-ақ елімізде түсті металлургияның оянуына инженер-геолог ретінде де, публицист ретінде де аянбай ат салысты.

Орталық Халық Шаруашылығы Кеңесі 1927- 33 жылдардағы бесжылдық жоспарда түсті металл ошақтарының көбін ең жоғарғы сатыға көтеру, ол шығатын аудандарға зерттеу жұмыстарын кең жүргізу, металл өндірісін кен қорына жақын, шаруашылыққа тиімді, артта қалған ұлт аудандарында өркендету міндетін қойды. Сөйтсе де Өлкелік VІІІ партия конференциясы Қазақстан өнеркәсібінің 1933 жылғы жұмысын қанағаттанғысыз деп тапты. Әсіресе түсті металлургия саласындағы кемшіліктерді баса көрсетті.

Осы жағдай Қаныш қолына қайта қалам алдырды. «казакстанская правда» газетінде Үлкен Жезқазғанды құрамыз» (26.02.1934) деп үн көрсетті. Кеңес Одағындағы кенге бай, ең қуатты жер осы Жезқазған екенін, 1933 жылы-ақ оның 2 млн. 300 мың тонна қоры анықталғанын айтты. Оны әлі зерттеп беруге, жаңа көздерін ашуға шақырды. Мұның кен құрамында қорғасын, қалайы, күміс өте аз, оны байыту, таза мыс алу да өте тиімді, арзанға түседі. Өйткені өте тереңде емес, 150 метрге дейін игерілген, механикаландырылған. Ұзындығы 14/1 км, ені 2/1 км, қалыңдығы 15-20 метрлік кен жыныстары қабат- қабат болып жатыр. Оларды орталықтандырылған, механикаландырылған, жаңа әдіспен өндіруге болады.

1908 жылы 17-і қарашада ағылшын инженері мистер Пеллю Ровей Лондонда өткізілген акционерлердің жалпы жиналысына өзінің баяндамасын «Құрметті жентельмендер, мен сіздерге Жезқазғаннан алған әсерімді айтуға алдарыңызға шығып тұрмын» деп бастап, оның байлығына таңдай қағып, тамсанған. Оның осынша аузының суы құруы себебіне көз жеткізу үшін Қанекең «Казахстанская правда» газетінің сол 1934 жылғы 6 маусымдағы нөміріне «Қазақстандағы Родезия» деген шапкамен бет ұйымдастырды. Онда «Мыстың әлемдік қоры» және «Су бар» деген екі мақаласын жариялап, Жезқазғанды Африкадағы атақты мыс кені Родезиямен қатар қойды. 35 жыл зерттелген Родезия қорының 9 млн. 750 мың тонна екенін айтып, 7-ақ жыл зеттелген Жезқазған қорының соған жақындағанын мақтаныш етті. Бұған қоса Родезияның 700 метр тереңдікке дейін зерттелгенін, Жезқазғанның ең терең зерттелген жері 285-ақ метр екенін ескертті.

Ғалымның қызықты ой-пікірлеріне, жаңалыққа бай публицистикасына әр газет-ақ ықылас қойып, сұраныс білдірді. Бұған дәлел ол кісінің архивтен табылған мына бір қолжазба хаты дәлел: «Социалды Қазақстан» басқармасына! Сұрауларыңыз бойынша суретімді, оған қоса 3 мақала жіберіп отырмын. 1. Қазақстанның мысы. 2. Жезқазғанды қолға алатын уақыт жетті. 3. Ұлытаудың табиғат байлықтары, оларды пайдалану жолдары. Бұл мақалалар орыс тіліндегі газеттерде басылмақ. Сіздер қазақшаға аударып, газетеріңізді басып шығарсаңыздар, дұрыс болар еді. Құрметпен Сәтбайұлы Қ. (қолы) 21.09.1935».

Бұл хаттың академик аға өмір жолында, қаламгерлік қызметіне сәуле түсіретін, оның мінез-құлқынан, арман-аңсар, қабілетінен хабар беретін жәдігерлік құжат екені даусыз.

Ғалым-публицистің әлгі аталған мақалалары 1935 жылы «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланды. Республикамыздың 15 жылдығы алдында, яғни 20 қазанда жарық көрген «Жезқазған» атты мақаласында бұл кен орнынын бүгіні, болашағы, шешілуге тиісті проблемалары жан-жақты, терең ашылды. Ең алдымен 1935 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша Қоңыратқа 2 млн. 140 мың тонна, Дегтәркіде 1 млн. 510 мың, Жезқазғанда 3млн. 230 мың тонна мыс бар. Оның зерттелгені 1 млн. 330 мың тонна екені, әрқайсысы 2400 шаршы метрдей жер қамтитын 980 скважина іске қосылғаны, кендерден 85-90 шамасы руда шығатыны мәлімделді. Оның әр тоннасы 3,5 сомға, бір тонна рудадағы мыстың 1,82 сомға түсетіні, қазба байлықтың 40 % орталық шахтадан, 30 % ашық әдіспен өндірілетіні айтылды.

Мұнан соң Жезқазғанның тиімділігі неде деген сұраққа былай деп жауап берді: Кеннің өзі мықты, тұрақты. Шахталарға тіреу қоюдың, су ағарлар жасаудың керегі жоқ. Қажетті шикі металл, отын, құрылыс металл, отын, құрылыс, материалдары өз ауданынан шығады. Қарсақпайдан жылына 6 мыңдай тонна мыс беретін өз комбинаты бар. Жұмыс қолы осы өңірдің өзінен табылды. Өнерлі қазақ жұмысшылары өсіп келеді. Су проблемасы да шешілді. 25.км. жердегі Кеңгір өзенінің суы пайдаланылмақ.

Публицист істелетін жұмыстарды да саралады. Кен зерттеу саласында кен шығатын жерлердің маңыздылырын белгілеуді, кені бар басқа жерді ашуды, жалпы кен зерттеу ісін дамытуды ұсынды. Ғылыми зерттеу жұмыстары саласында кеннің негізгі категорияларын пайдаланудың, ірі рудаларды ашудың кен қазу, тазалау ісінің тиімді, пайдалы әдістерін, кен қопаратын дәрілердің түрін, мөлшерін белгілеуді, аралас рудаларды шығарып, байытудың жеңіл жолдарын табуды міндет етіп қойды. Жұмысшыларды тұрақтандырып, оларға тұрмыстық жағдай туғызу, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін сол өңірде совхоздар құру жағдайын, жер қыртысын, суын, өсімдігін, ауасын зерттеуге шақырды.

Су проблемасын шешу саласында Жезқазғанның кәсіпорындарына жылына 30 млн. текше метр су керек екенін, мұны шешу жолы Кеңгір өзеніне биіктігі 25 метрлік бөгет салу қажеттігін, сонда оған 67 млн. текше метр су қоры жиналатынын, бұл өндіріс қажетін де, ауыз су проблемасын да шешетінін айтты. Жезқазған комбинатын маман кадрлармен қамтамасыз ету үшін қысқа мерзімді курстар ашу керек. Бұрғышы, проходчик, слесарь, токарьларды жылына 200-ден қазақ жастарынан даярлауды, Қарсақпайда 1936 жылы кен-металлургия техникумын ашуды қажет деп білді.

Жезқазған алыбын салуды енді созуға болмайтынын ескертті. Тиісті орындардың бұл құрылысты 2-бесжылдық жоспарына кіргізбегеніне, мұның Қазақстан республикасындағы өнеркәсіп құрылысының ең негізгісі екеніне көңіл бөлмегеніне өкінді. Жезқазған алыбын 3 жыл ішінде салып бітіруді шарт етіп қойды. Оған даярлық жұмысын 1935 жылдың аяғында бастау керек. Сонда ғана оны 1941 жылы іске қосуға болады. Жезқазған комбинатын салу үшін онымен Успенск арасына темір жол тарту керек. 1936 жылы Қарағанды – Балқаш жолы бітеді. Сондағы құрылысшыларды осында әкелуге болады. Мұнда 1938 жылдан уақытша қатынасты бастаған жөн. Қарсақпайдан мысы көп руда жеткізіп тұру, ысырапқа, әртүрлі жүйені бұзушылыққа жол бермеу – шарт. «Жезқазғанстрой» деген жаңа құрылыс ұйымын ашу – міндет дегенді айтты, совхоздар құру үшін Сөрелі, Байқоңыр өзендеріне екі бөгет жасау қажет деп білді.

Бұл тұста Қанекең публицистикасының тағы бір ерекшелігі айқындала түсті. Ол әрбір шығармасын сөз ететін проблемаларына қарай бірнеше бөлімге, тақырыпшаға бөліп, жіктеп, ұғынықты игеруге жеңіл өтіп баяндайды. Әр материалдың соңында қорытынды беріп, оларда түйін жасап, өз ұсыныстарын санамалап, саралап тастап отырады. Мысалы, осы соңғы сөз етіліп отырған мақаласы ғылыми-зеттеу жұмыстары, су жетістіру жұмысы, кадр дайындау мәселесі, совхоз құрылысының мәселелері және қорытынды деген бес тақырыпшамен жазылған.

Қанекеңді замандастары табиғат тамыршысы деп түсінген. Осыдан 30 жыл бұрын Ә.Тәжібаев Қ.Сәтбаев туралы: «Ол ұлы ақын еді. Ол желдің, судың тілін түсінетін, далада жатып жердің алып жүрегінің қалай соққанын тыңдайтын. Тереңдегі мұнайлар шуын еститін. Оған қосылып ой шертетінін... айтатын («Егемен Қазақстан», 1.01.99), – депті. Рас екен. Бұған менің ол кісінің бұдан 54 жыл бұрын жазған «Ұлытау аймағы» («Социалды Қазақстан» газеті, 09.10.35) атты көсемсөзін оқығанда тағы да көзім жетті. Онда да ол туған елінің, шалқар жатқан жерінің географиясын, жаратылысын, табиғатын тап басып танығанын көрсетіпті.

Қанекең ең алдымен Ұлытаудың, Сарыарқаның қайда жатқанымен, жер бетінде қалай орналасқанымен таныстырады. Қарсақпай мыс зауытының Солтүстік жағында, –дейді ол, – 120 км. жерде Ұлытау дейтін тау бар. Оның алып жатқан жері 200 шаршы километрден кем емес. Таудың Оңтүстігі және Батыс жақтары тік, жар болып келеді. Кей шыңдардың биіктігі тегіс жердің бетінен 750 метрге жетеді. Теңіз бетінен 1150-2000 метр биік. Тау нәсілі граниттен. Онда құз-жарлар, жартастар көп. Сондықтан да оның биігіне шығу қиын.

Ұлытау өзінің биіктігі жағынан да, алып тұрған жер көлемі жағынан да Оңтүстік батыс жақтан Солтүстік батыс жаққа қарай мыңдаған км. жерде созылатын «Сарыарқа» дөңдерінің негізгі кіндігі болып есептеледі. «Сарыарқа» мидай жазық Сібір даласы мен Бетпақ шөл даласын айырады. Орал, Алтай тауларының бір-біріне жалғастырады. «Сарыарқа» бұрынғы ғылыми кітаптарда «Қырғыздың таулы аймағы», «Арал – Ертіс суларын айыратын дөң» деп аталған. «Сарыарқа» Батыс Сібір даласын Оңтүстіктің ыстық желінен қорғап, ауыл шаруашылығы үшін қолайлы жағдай жасап тұрады. Табиғат тамыршысы Ұлытаудың сулары туралы мынаны айтады. Тау нәсілі граниттен жаралғандықтан өзендерінің сулары, жер асты сулары тұщы. Кеңгір тауының жылжып ағып, Оңтүстіктегі Бетпақ шөлге қарай кетеді. Үлкен жезді, Бала жезді, Терісаққан өзендері Солтүстік батысқа қарай Обь өзенінің саласына қарай асады. Қараторғай, Сарыторғай, Жыланшық өзендері Ұлытаудан басталып, Батыс Қазақстандағы көлдерге құяды. Кейбір жерлерде өзендер Таудан түйісіп келген араларынан өтіп, тамаша, әдемі көріністер береді.

Мұнан соң Қанекең бұл жердің флорасына ойысады. Өзендердің, – дейді ол, – алқабында құнарлы қара топырақ көп болғандықтан екі – жағасы кілемнің түгіндей түрленіп тұрады. Тау араларын қызылды-жасылды гүлдер басып жатады. Тоғайларға да толы. Өзендер жағасында тал, қамыс қалың өседі, ақ қайың, жабайы алма ағаштар шоқ-шоқ болып жиі кездеседі, көк кілемдей көкмайса арасы – қалың қарақат, қара бүлдірген, жидек жемістер. Гүлдердің басында бал сорған тау аралары қаптап тұрады. Ал фаунасы жөнінде өзендері жайын, сазан, шортанға бай. Батыс, Солтүстік шығыс жақтарындағы көлдерге үйректер ұшып-қонып, қаздар қалқып жатады. Жоталар жонында түлкі, қасқыр жортып, қоян өріп жүреді дегенді айтады.

Қанекең бұдан кейін Ұлытаудың тарихи жер екенін, қазақ елінің саяси орталығы болғанын, оны Ақназар, Абылай, Кенесары сияқты хандар мекен еткенін ескертеді. Бұған өңірдің өте әдемілігі, Қазақстанның географиялық жағынан дәл ортасы, кіндігі екендігі себеп болғанын айтады. Қазір мұндағы үлкен бір төбенің басына түйедей гранит тас қойылған. Оған «бұл жерде қасиетті Ұлытау бауырында халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айқындайтын ескерткіш орнатылады» деген сөздер жазылған. Тарихи деректерге қарағанда Ұлытаудың саяси-экономикалық маңызын орыс отаршылдары да жақсы білген. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан әскерлерін әкеліп, тауды табандап мекен ете бастаған. Бірақ жергілікті қазақ елі де оларға жиі шабуыл жасап, тыныштық бермеген.

Кеңес өкіметі тұсында Ұлытаудың шаруашылығы қаулап өсіп, социалистік құрылысы өркендеп, өндіріс жағынан маңызды өңірдің біріне айналып отырғанына Қанекең кеңірек тоқтаған. Қазір, – дейді ол, – бұл төңіректен орасан көп мыс, темір, алтын, қорғасын, марганец, көмір байлығы табылып отыр. Солтүстік Батыс жағында 80 км. жерде қорғасын, алтын кені мол аймақ бар. 100 км. жерде күкірт пен көмір қоры миллиондаған пұттан асатын аудан бар. Оңтүстік батыс жағында, 100 км. жерде Мысты Жезқазған жатыр. Бұл кеннің зерттелген мысы 1,5 млн. тонна, барлық қоры 3 млн. тоннадан асады. Қарсақпайда қазірдің өзінде 6 мың тонна мыс қорытылып жатыр. Бұл кен ошағын пайдаланудың басы ғана.

Бұдан кейін Қанекең Ұлытау аймағының жер, су байлығын пайдаланудың жолдарын ұсынады. Мұнда кен өндірісінің қаулап өсуіне, жұмысшы қызметкерлердің көбеюіне байланысты ауылшаруашылығын дамытуды, демалыс орындарын өркендетуді күн тәртібіне қойған. Оның айтуынша, Ұлытаудың тамаша табиғаты бұған мол мүмкіндік береді.Ең алдымен, өзендерінің сай-салаларына дәнді дақыл, бау-бақша егуді, ет-сүт фермаларын ұйымдастыруды қолға алу керек. Бұл үшін колхоз, совхоздардың заттық және ұйымдастырушылық базасын күшейту шарт. Жерді кең көлемде суландыру ісін Сөрелі, Байқоңыр өзендеріне қос бөгет жасау арқылы жүзеге асыруға болады. Бұған дейін бау- бақша егу жергілікті халық тәжірибесіне енбеген. Тауда жақын жерлерге картоп, қызылша, капуста өсіруді алғаш колхоз-совхоздардың қолға алғаны жөн. Ұлытау төңірегіндегі жабайы өсетін алма, жеміс-жидектерді мәдениет жолымен өсіру, бал шаруашылығын да ғылыми негізде жүргізу керек. Қазір бұл өңірдегі елдің 63 проценті Ұлытау төңірегін мекендеп отыр. Осынша елді, жаңа өндіріс алыптары адамдарын азық-түлікпен толық қамтамасыз етудің жолдарын игере беру міндет.

Ал Ұлытаудың сұлу жаратылысын, таза ауасын ауыр еңбек иелері емделетін, демалатын орын есебінде пайдалануға да мүмкіндік мол. Бұл үшін демалыс үйлерін, үлгілі курорт, санаторийлер салу жұмысын қолға алу қажет. Бұл өңірде металлургия өркендеген сайын жұмысшылардың саны да, олардың демалыс орындарына мұқтаждығы да артады. Жезқазған жылына 150 мың тонна қызыл металл қорытып, ондағы жұмысшылар саны 25-30 мың болғанда демалыс орындары аса қажет болады. Қазір Қарсақпайда 3500 адам істейді. Жұмыс жағдайы өте ауыр. Жұмысшылардың жыл бойы кезек-кезек курорт, санаториийге жіберіп отыруға тура келеді. Бұл төңіректе ондайлар жоқ. Зауыт темір жолдан алыс. Басқа жаққа бару көп шығынды қажет етеді, уақыттың тиімді пайдалануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Ұлытаудың өз демалыс орындары болуға тиіс. Олардың қасынан үлгілі қымызханалар ашу лазым. Олар мен Қарсақпай арасында байланыс көлігі жүріп тұру қажет.

Аталған игілікті шаралар тек өндіріс орындары үшін ғана емес, Ұлытау өңіріндегі жалпы ел үшін аса қажет.

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінің мәлім етуінше, қазір «Ұлытау – облыстағы ең шетте жатқан аудан... Президент Республика бойынша қамқорлық көрсету керек деген ең шалғай отыз ауданның бірі. Бұл аудандардың қиыншылық дариясын кешіп келе жатқаны белгілі. Ал Ұлытау сол қыспаққа қасқая қарап, қажыса да, талса да ойбайламай, байбайламай, тырмыса тіршілік істеп жатыр.

Соның арқасында кітапханалар жабылған жоқ. Мәдениет үйі баяғыдай. Клубтар хал-кадерінше қыбырлап жатыр. (1.01.99). Мұны оқып біз ұлы ғалым аруағы қолдап, Қанекеңнің арман-аңсары қабыл болып Ұлытау ұландары қайыспай қажырлы еңбек етіп жатыр екен деп білдік.

Сонымен, біз ұлы ғалым-публицистің туғанына ғасыр толуына орай оны Қазақстан өнеркәсібін дамытуға, әсіресе түсті металлургия саласын өркендетуге қаншалықты тер төккенін, қаншалықты ақыл-ой парасатын жұмсағанын, қаншалықты ғұмыр, қабілетін сарп еткенін көрсету үшін өнеркәсіп тақырыбына және Ұлытау өңірін паш ету ниетімен жазған публицистикасына қысқаша ғана тоқталып өттік. Ардагер азамат аруағы бір аунап түссін деп осы саладағы ерекше еңбегін сөз еттік, Сансыз кезген Сарыарқасы да Қ.Сәтбаевын сағынған шығар, есіне алсыншы, ол тапқан, игерген кен орындары еміреніп иген аруанадай бар байлығын ағыл-тегіл ақтара берсінші деп оның геологиялық, қаламгерлік еңбегін ризалықпен баяндадық.

Темірбек ҚОЖЕКЕЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар