Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Шыңғыс Айтматов. Сыпайшы...

12.12.2022 17914

Шыңғыс Айтматов. Сыпайшы 14+

Шыңғыс Айтматов. Сыпайшы - adebiportal.kz

Әңгіме

Талас алқабын жайлаған қырғыздар арасында бір аңыз бар. Шілденің сарша тамыз ыстық кезі. Бір жігіт Талас өзенін кешіп өтпек болады. Өзеннің арғы бетінде сарғая күтіп қалыңдығы отыр. Жігіт соны түн жамылып алып қашпақ. Кешқұрым жігіт өзен жағасына кеп, айран-асыр қалады. Кемерінен аса шалқып өзен жатыр! Өткелдің із-түзі де жоқ. Сұлу қалыңдықтан айырылып қалам-ау деп қапаланған жігіт жағаны бойлап, жан ұшыра əрлі-берлі жүгіреді. Ақыры атым алып шығар деген тəуекелмен өзенге қойып кетеді. Сол сəт ат сүрініп кетіп, қалпақтай ұшады да, асау ағын іліп ала жөнеледі. Ат суға кетеді, ал жігіт тал қармап жүріп, əрең дегенде құтылады. Сүйретіліп судан шығады. Зəре-құты қалмаған. Тісі тісіне тимей сақ-сақ етеді. Сұлу қалыңдық жайына қалады. Бетін күнбатысқа беріп тізерлеп отыра кетеді де, алақанын жайып жіберіп жалбарына бастайды.

–Уа, жасаған! Рахым ойладың. Бір ақ сары бас құрбандық айтам тағы да! Шүкір, тірі қалдым, əйтеуір!

Біраз күн өткесін байғұс неме өзенге тағы келіп, аң-таң болады. Суы тартылып, өзен қайраңдап қалған. Сол маңнан жағаға шығып қалған атының өлімтігін тауып алады. Ер-тоқымын босатып, иығына салып ап, кейін қайтпақ болады. Сөйтсе, анада өзі суға кетіп қала жаздаған жерде есек мінген өлмелі бір шал келеді. Ойында түк жоқ.

– Əй, қу шұнақ! – деп ашуға булыға айғайлап жібереді жігіт. – Тап сенен, мынау есегіңнен жаман болғаным ба менің? – Соны айтады да ағыл-тегіл еңіреп, жер құшып құлай кетеді. Уəделі түнде бара алмағасын мұның қалыңдығын басқа бір жігіт алып қашқан екен.

Бекназар сыпайшы осы бір хикаяны аузынан тастамайды.

– Біздің бұл өзенмен ойнама, шырақ! – деп мұртын ширатып қойып, ақыл айта бастайды. – Бүгін суы тізеден кеп, жылап ағып жатса да ертең астан-кестен боп долданып, көпірге дейін тас-талқан ғып алып кетеді. Жанды су ғой, сырын білмей бола ма…

Алқап үсті жап-жарық. Ал шатқалдың бойы əлі қара көлеңке, біртүрлі ызғарлы. Үстін мүк басқан жықпыл-жықпыл тастар бусанып жатыр. Өзен үстінен көтерілген көкшіл тұман қуыс-қуысқа тығылып, құз-жартастарды бой лап, жоғары өрлейді. Одан əрі көз жетер емес. Аспанда маңып жүрген бұлтқа ұласып жатқандай.

Шатқал іші толассыз астан-кестен бір айқас. Қия тастардың арасынан қысылып шыққан Талас жазыла аққысы кеп бұлқынады, алай-түлей күшпен жартастардың жиегіне соғы лып, жоғары шапшиды. Ештеңе өндіре алмайды бірақ! Зіл боп қатқан жартастар міз бақпай, мелшиеді де тұрады. Ашу қысып, амалы құрыған өзен көпіршік атып, шалқалап кеп құлайды да, оқ жыландай кейін шапшиды. Оның ышқына гүрілдей шыққан сарыны біресе үрейіңді алып қорқытқандай, ал енді бір сəт жалынып, жалбарынғандай болады. Міне, күшін жиып ап өзен шатқалдың құж-құж тасына тағы да соғылады. Сөйткенше болмай, ыңырана күрсініп тағы да кейін шегінеді. Толастау дегенді білмейді. Шатқалдың құшағы нан шығып алғасын Талас момақан тартып жуасыған дай болады. Бірақ бұл оның ашуы басылғаны емес. Оң жақ жағалауда ағысты қырындай салынған, ұзыннан-ұзақ созылған сыпай. Со жақтағы үш бірдей колхоз осы тұстан су алады. Өзен тоғаннан асып төгіліп, алас ұрады. Судың біраз бөлігі бас арықты бойлап барып, ен далаға тарайды.

Күн сайын таң қылаң бере Бекназар осы жерге салып ұрып жетіп келеді. Шатқал жақтан өзеннің тұншыға шыққан гүрілі естіледі, дымқыл жел еседі. Су шайып, жел қаққан Бекназардың жүзі теңізшінің өңіндей боп тотығып, қалыңдап кеткен. Қызарған кішкене көздері түксиген қабақтың астынан қадала қарайды.

Атын тұсай сап, Бекназар өзінің үйреншікті жеріне қарай беттейді. Ол бір суға құлай төнген үлкен жайпақ тас. Бекназар аяғын сəл орай басып, асықпай-саспай аяңдайды. Үстінде жеңіл шапан. Насыбай шақшасын салып қоятын төс қалтасы бар. Көйлегінің қаусыра түймеленген жағасы жуан мойнын қыса түскен. Мəсісінің қонышынан қамшысының тобылғы сабы шығып тұр. Жүрелеп отырған күйінде Бекназар шатқалдың апандай аузынан гүрілдей шыққан сарынға құлақ тігіп, тулап аққан толқынға көзін сүзе, ұзақ уақыт бойы қадала қарайды. Оның жіті көзі ештеңені қалт жібермейді. Өзен сырын хаттай таниды ол. Су бетінде ағып бара жатқан нəрсенің ешқайсысы да оның көзінен таса болған емес. Тастың астында шөп-шөп етіп шолпылдаған су майда құм-қиыршықтарды шайып əкетеді де, əлгіндей болмай қайта ысырып шығарады.

Бекназар түп-тегінен сыпайшы. Ол сыпайшылықты қарша дай кезінде атасынан үйренген. Содан бергі бар өмірі осымен өтіп келеді. Əкесі Бөлек осы Таласта су тасыған кезде алысып жүріп опат болды. Өзі де талай рет ажалдан қалды. Талас суына сүңгіп жүріп тасқа соғылып, маңдайында үңірейген тыртық қалды. Əйелі де осыны қойсаңшы деп айта-айта əбден шаршады. Біздің тұқым тек сыпайшы болуы керек дегенге Бекназар ойы айнымастай болып дауалаған. Оның ойынша нағыз диқан, еркектің еркегі – сол сыпайшы. Бекназар ата-бабаларының аруағын сыйлаудай-ақ сыйлайды. Олардың өсиетін тəрк еткен жері жоқ. Ол – ол ма, тіпті, қазір ол алтыға келіп қалған ұлы Əлімбек туғаннан бергі есіл-дерті оны да сыпайшы ғып шығару. Əйелінің бақырып-шақырғанын құлағына да ілмейді. Ең абзал арманы – осы. Мұнсыз өмірім зая деп біледі ол. Өзің өлгенде артыңда мынау деген сыпайшы қалса – өмірің босқа өтпегені, жұрт сүйсінер бірдеңе істегенің ғой. Баласының болашақта сыпайшы боларын сезіп Бекназар іштей мəз болып жүруші еді. Тіпті мектептен қолы босап кетсе-ақ, қаршадай Əлімбекті ертіп ап Бекназар өзен қайдасың деп тартып отырады, «судың сырын» білуге үйретеді.

Бекназардың баласын жақсы көргені өзгеше. Қатал. Айтқанын екі етпеуді қалайды. Əйтпесе, құр сенделіп, бала бұзылып кетеді деп ойлайды.

Əлімбек еті тірі бала боп өсті. Əкесі сияқты тығыншықтай, мықты. Ал шаралы сұлу көздері шешесіне тартқан. Байыпты, тұңғиық жүзі оны ересек адам тəрізді етіп көрсетеді. Тек дүрдиген ернінің үстіндегі жаңадан тебіндеген мұртына қарап қана əлі жас екендігін аңғаруға боларлықтай. Əлімбектің бұрын-соңды əкесіне қарсы шыққан жері жоқ еді. Бірақ, жуырда бір күні мектептен қайтқан бетінде Əлімбектің кенеттен:

– Біздің сыпайларға шлюз орнатса, қандай жақсы болар еді, ата, ə. Білесіз бе, дəл бас арықтың алдындағы ойпаңнан, – деп салмасы бар ма.

– Шлюз деймісің? – Бекназар қайталап сұрады. – Шлюз дегеннің не екенін білемісің өзің?

– Білмегенде ше! Физика мұғалімі бізге түсіндіріп айтқан. Қазір болмаса да, соғыс біткен соң сыпай атаулыда шлюз болады дейді ол.

– Иə, əңгіме сонда ғой, балам. Қазір шлюзге қарайтын кез бе? Соғыс болса мынау. Шлюзсіз де бір жөні болар.

– Ағаштан жасауға болады ғой. Үш колхоз біріксе, жасамайтын несі бар? – деп Əлімбек те қоймады.

Бекназар баласының сыңайын ұнатпады.

– Ақылдымси берме, Əлімбек! Сенен басқа да ойлайтын адамдар бар. Мектепке баруды біл. Одан соң көзі тірісінде əкеңнің өнерін үйрен. Жетіжылдық мектепті бітірген соң өз қолыңа аласың. Су шаруашылығында мұрап боласың. Балам, біздің жұмыста тапқырлық, ұқыптылық керек, жітілік керек. Құдайға шүкір, ата-бабаларың осы Таласта шлюзсіз-ақ тіршілік кешкен.

Əлімбек лəм деместен, əкесіне таңырқай қарады.

Таңертең Бекназар сыпайға қарай бет алғанда көршілері əзілдеп:

– Біздің Бекназар Таластың «тамырын ұстауға» кетті, – деп қоюшы еді.

Расында да, Бекназар үйреншікті тасына шығып ап, таудан аққан өзеннің тынысын кəнігі болған емшідей тыңдайды. Талас бір арнамен ақпайды. Тасқын кезінде ол арнасын талай рет өзгертеді. Біресе бір қырындап ағып, тас пен құмды, лайды жағаға шығарып тастаса, енді бірде аунап түсіп, басқа арнамен тартады. Алғашқы арнаға келсең, күн қақ тап кеуіп қалғанын көресің. Бас арна қай жермен өтерін тауып көр содан соң. Кейде, байқамай, қапы қаласың. Су сыпай орнатқан жеріне жоламай, басқа жақпен кетеді. Судың орнын сипап қалған соң – тоған салған еңбегің де еш болғаны. Немесе кейде су аз кезінде сыпайды биік қып жасайсың. Сөйткенше болмай су көтеріліп, аңдап келіп қалады да, арықтарға құйылып, жым-жылас қып кетеді. Мұндайда тасқынға төтеп бере алмай, сыпайдың ағып кеткені өзі жақсы. Əйтпесе азап шегіп əрі ұзақ уақыт бойына жасаған тоғанды өз қолыңмен бұзуға тура келеді.

Сол жақ жағалауда тұратын көршілер Бекназарды əрдайым болысуға шақыратын еді. Оның да көңіл қайтарған жері жоқ. Тек бар жұмыс өзі айтқандай боп істелуін талап етеді.

Күн көтерілгелі қашан. Бірақ шатқалдың қуыс-қуысына күн сəулесі енді-енді ғана түсе бастап еді. Жоғары жақтан кекіліктің безілдеген үні естіледі. Сірə, балапандарынан көз жазып қалса керек. «Кек-лік, кек-лік!» дегені жаңылтпаш тəрізді болып шығады.

Бекназардың жүзінде үрей бар. Бүгін өзен лайланып ағып жатыр. Бекназар алақанымен су іліп алды. Кішкентай құм түйіршіктері шыр көбелек айналды да, алақанға лай шөгіп қалды. Түп-тамырымен қоса жұлынған бұталар толқында теңселіп барады. Бұл – су молая бастағанның белгісі. Көп кешікпей өзен тасуға тиіс. Бекназардың құлағы тоғанға салынған мосы тіреудің сықырлай бастағанын шалып қалды. Су тіпті молая түсті. Шалдың дегбірін қашырып бара жатқан да осы. Өзеннің ағыны бірте-бірте оң жағаға қарай бұрылып бара жатқанын байқап қалды ол. Өзен əбден тасығанда не болмақ? «Құдай сақтасын! – деп ойлады Бекназар. – Сыпайды ағызып алып кетсе, қайта жасай алармысың. Ер-азамат жоқ. Қатын-қалаштың қолынан не келер деп ең».

Темекі плантациясының үсті қою мұнар. Құж-құж қайнаған шіркей. Бұлыңғыр аспаннан күн көзі де жөнді көрінбейді. Қапырық ыстық. Суға түсіп қана бой сақтайсың. Бірақ судың көзі де – күннің қызуы ғой: Алатаудың шыңдарындағы мұздар ағыл-тегіл ериді де Таластың арнасын су басып кетеді. Арық толы су, тек суғарып үлгер жеріңді. Бірақ оған көңі лі жайланып жүрген Бекназар жоқ. Таласта су қанша мол болса да, даланың сусыз қурап қалуы əбден ықтимал.

Бекназар босқа қауіптенбеген екен. Түнде күн күркіреп, нажағай ойнады.

– Тұр. Əлімбек, тұр! – деген шешесінің үрейлі даусынан оянып кетті баласы. – Күн жарқылдап тұр. Əкең атын ерттеп жатыр. Сыпайға барасыңдар. Түн ғой. Абай бола көріңдер. Құдай сақтасын, суға түсем деп жүрмесін əкең!

Терезелердің қақпағы жабылып, шам жағылды. Шамның сарғыш сəулесі дір-дір етеді. Əкесі атқа қонып, баласын мінгестіріп алды. Құлап қалмайын деп Əлімбек əкесін қатты қысып жабыса түсті. Бекназар алды-артына қарамай төпеп келеді. Атына қамшыны да аямай басады. Кей қамшысы Əлімбектің аяғына да тиіп кетеді. Əлімбек үн шығармайкеледі. Оған қарап жатуға мұрша бар ма, тəйірі. Қиялай жауған жаңбыр бетке ұрады. Ағаштарды майыстырып, ұйпа-тұйпа ғып, ішін тартып ышқына жел соғады. Күркіреуден аспан қақ айырылып, жерге түскендей. Біртүрлі қоңырсыған иіс бар. Бүкіл колхозды аяғынан тік тұрғызса да, ештеңе өнбесін Бекназар біліп келеді. Бірақ осындай қысылшаң шақта үйден шықпай отыра бере алар ма! Күні ертең колхоз сусыз қалады-ау деген ой тыным бермей, жеті түнде сыпай қайдасың деп тартып келеді. Əлімбекті де өзімен бірге босқа ертіп келе жатқанын біледі. Бірақ ол жанынан артық көрген баласы осындай қиын-қыстау кезде өзімен бірге ұйқы бөліп, қайғы алсын, долданып жатқан өзенді өз көзімен көрсін, маңдай терін төккен еңбек, бақытсыздық деген не екенін білер болсын деп ойлады. Əлімбек жігерлі, жүректі жігіт боп шығуы керек. Сондай батыл, қайсар жандар ғана сыпайшы бола алмақ. Бекназардың өзі сөйтіп өскен. Əлімбектің де сондай боп шықпағы лəзім.

Олар жағаға кеп аттан түсті. Қараңғыда өзеннің неғып жатқанын біліп болар емес. Судың сарқыраған гүрілінен құлақ тұнады. Əлдеқандай долы күш дөңбекшіп алас ұрып, тастарды қаңбақтай ұшырып, бұлқынып кеп жағаға соғады. Нөсер леп құйған жауын күркіреген аспан мен өзеннің арасын астастырып жібергендей. Бекназар жүрелей отырып, қадала қарап ап:

– Əлгі ағызып кете қойған жоқ-ау деймін. Байқаймысың анау үйдей толқынды. Сыпай құламай тұр екен, – деді.

Шатқал үстінде тағы да нажағай оты жарқылдап, күн күркіреп қоя берді. Тау іші жаңғырығып кетті. Шатқалдың аузынан ақ топан боп қайнап шыға келген толқынды көріп Əлімбек селк ете түсті. Жаңа ғана Бекназар көрсеткен толқын тулап көтеріліп барып, басыла қалды.

– Ата-а! – деп даусы қарлыға айқайлап жіберді Əлімбек.

Өзі əкесінің қолынан тартып жабысып қалған.

– Құрыды деген осы, – Бекназардың қалжырай шыққан үні біртүрлі жат естілді.

Нажағай оттары аспанды тағы да осқылап өтті. Күн жарқ еткенде қараңғыда өзен жағасында үнсіз отырған екі адамның бейнесі де көрініп қалады.

– Бір жөні болар, балам, – Бекназар баласын құшақтады. Баласы əкесінің баурына тығыла түседі. Оның тулай соққан жүрегінің дүрсіліне дейін есітіп тұр. – Таласқа есемізді жібере қоймаспыз. Əйтпесе несіне жер басып, адам боп жүрміз.

Суық хабар бүкіл ауданға тарап кетті. Оң жақ жағалаудағы колхоздар сусыз қалды. Таңертең колхоздардың бастықтары мен Бекназар аудандық атқару комитетіне келіп те жеткен еді. Аялдауға болмайтыны əркімге-ақ аян.

Сыпайды неше күнде қалпына келтіруге болады деп сұрады олар Бекназардан.

– Адам күші мен керек-жарақ табылса, екі күн жетеді! – деді ол сенімді түрде.

Бекназар мұны ойланбай айта салған жоқ еді. Түнде су сол жақ жағалауға қарай ойысыпты да, бұрын сыпай тұрған жер қайраңдап қалыпты. Бұл жағдай халді біраз жеңілдеткендей. Адамдардың қауіп-қатер ойламай-ақ алаңсыз жұмыс істеуіне

болады.

Кешке таман жағада жұрт құж-құж қайнады. Бекназар əдетінше тастың үстіне шығып ап, ернін тістеген күйі Таластың лайланған көк-сұр толқынынан көз алмай отыр.

– Əлімбек, сен барып бригадирден білші, – деп бұйырды.– МТС-тен темір арқандар жіберулері керек еді…

Əлімбек кете бергенде əкесі тағы дауыстады:

– Тоқтай тұр! – баласының қасына кеп, өзінің зіп-зілдей қолын оның иығына салды. – Оңай жұмыс емес. Ертең басқаларға үлгі бол...Бұл сенің үйренген нəрсең, ал олар, бəлкім, бірінші рет келіп тұрған шығар... Менің баламсың ғой сен... сыпайшының баласысың ғой…

Жағада лаулап оттар жанды. Будақ-будақ түтін шалқиды, ұшқын жарқ-жұрқ етіп атылып барып, сөне қалады. Таластың толқынына ұласа, өзен үстінде Тоқтағұл əні қалықтайды:

Қияда қыран самғайды,

Қанаты бір талмайды…

Түн. Жұрт жым-жырт. Сонау биіктен өзен үстіне төнген жұлдыздар біртүрлі суық көрінеді. Шатқалдың тұсынан ай туып келеді. Таластың өкіріп жатқан гүріліне о да құлақ тосып қалғандай. Əлімбек жарқабақтың үстіндегі қараңдаған кісілерге қарай беттеп келеді. Аудандық атқару комитетінің председателі мен Бекназар екеуі əлдене жайында күбір-күбір сөйлесіп тұр. Бір жұлдыз аспанға атылып шыға келді де, иіліп барып шатқал жаққа сіңіп кетті. Əлдеқандай бір құс у-шусыз, көлеңке құсап ұшып өтті.

Таң ата Таластың бойын қарш-қарш тиген балта үні, дабыр-дұбыр дауыстар кернеп кетті. Жағада жақтаулары даяр болып қалған сыпайлар тұр. Бұл – мықты бөренелерден қосылып байланған кəдімгі мосылар.

– Жоғарғы жағын шандып таста! Темір арқанды қысыңқырап тарт! – деген Бекназардың дауысы əр тұстан бір естіліп қалады. – Не көріп тұрсың? Арқалықты төменірек байла! Əй, тасты бермен қарай домалат!

Шыға келген күн көзі мынау қызыққа таңырқай қарап, жымың-жымың етеді.

– Тарт! – деп бұйырды Бекназар.

– Тарт! – деп қосыла жамыраған жұрт алғашқы мосыны суға əкелді. Əлімбек бар күшін сап иығымен арқалықты көтеріп келеді. Жағадағы малта тастар табанды қытықтайды.

Алғашқы сыпай арықтың өзенмен жағаласқан жеріне қойылды. Кейінгілері жағадан алыстай берді. Араларының қашықтығы бірдей. Мосылардың арасында тоған байлаудың басы-қасында Бекназардың өзі болды. Буылған бау-бау сабан мен бұтақтарды атқа теңдеп əкеліп жатыр. Тас қолдан-қолға тимейді. Бөрене сүйретіп жүргендер де бар. Сөйте-сөйте тоған да байланып келеді. Бақырып-шақырып жүргенмен, іштей Бекназар да мəз. Қайнаған жұмысқа көзі тоймай құныға қарайды.

Түс ауа су арықтың деңгейіне дейін көтерілді. Кешке қарай арықтың бойын су қуалай бастады. Бірақ жұмыстың ең ауыры, ең қиыны əлі алда еді: сыпайды өзеннің орта тұсына дейін созу керек. Əйтпесе арыққа су толмайды. Келесі күні жұмыс онша өнбеді. Ағысы күшейген су шеткі қос сыпайды əкете берді.

– Ештеңе етпейді! Жасымаңдар. Тағы бір байқап көрелік,– деп Бекназар жұрттың еңсесін көтеріп қояды.

– Жігіттер айтып жүрген майданда бір шабуылдан түк өнбесе, шабуылға қайта-қайта шығады деп…

Өзеннің тереңдеу тұсында үлкен-үлкен тастар дөңбекшіп аунап жатыр. Бір жігіт соған аяғын соғып алды. Əлімбек пен Бекназар оны көтеріп жағаға шығарды. Жігіттің аяғы долырып көгеріп кеткен екен.

Арыққа су толды, жұрт жүрегін қуаныш кернеді. Далаға қайтадан су барды. Бірақ жұмысты тоқтатар Бекназар жоқ. Оның əмірімен енді ағыстың жоғарғы тұсынан орағыта иіп тоған байлап жатты.

– Қапы қалмау керек, – деп қояды Бекназар. – Су сол жағалауға қарай ауысты, ал бұл жақта су əлі аз. Тасқыннан соң өзен тартылады. Сонда су жетпей жүрер. Бастаған екенбіз, əбден аяқтап шығайық. Екінші рет тағы да бейнеттеніп жүреміз бе?

Ешкім қарсы болған жоқ. Сыпай салуға келгенде Бекназардың сөзін ешкім екі қылған емес. Əкесін сақтандырған тек Əлімбек қана болды:

– Ата, осы да жетпес пе екен енді? Су арықтың аузы-мұрны нан шығып тұр ғой. Тасқын күшейсе, қиын боп жүрмесін. Осы сөз Бекназардың есіне баласының анада шлюз жайында айтқанын сап ете түсірді. Бұрынғы Əлімбек емес. Баласының бойында бір өзгеріс бардай. Бірақ не екенін əкесі тап басып біле алған жоқ.

– Мұның не дегенің, балам? Өскенде осылай жасы үлкенді сыйламас болар ма! Біресе шлюз, біресе тағы бірдеңе…

Əкесінің өкпелеп қалғанын Əлімбек оның даусынан анық байқады. Шалды ренжітіп алдым-ау деген өкініш пен ұят өртеп жібергендей болды. Бірақ əкесі шлюзді айтқанда қайтадан есін жиып алды.

– Шлюзсіз түк шықпайды, ата-еке! Арықты да, сыпайды да аман сақтау үшін қайтсе де шлюз керек.

– Жоғал, – деді Бекназар дауысы қалтырап, – Мен жауап берем бұл жұмысқа.

Бекназар сазайын тартпай қалмады. Күн бата, жұмыстан жұрт улап-шулап қайтуға айналғанда Таластың суы көтеріле бастады. Құм мен лай араласқан асау толқын шатқал жақтан аласұрып шыға келді. Сол жақ жағалауға соғып, енді өзеннің орта тұсына қарай лап қойды. Жұрт жарқабаққа шығып ап, өзенге үрейлене қарап тұр. Көз алдында ағыстың арнасы оң жақ жағалауға қарай аунап барады.

Жұрттың бəрі үнсіз. Не істеу керек екенін біліп тұрған ешкім жоқ. Əлгіндей болмай тоғанды су басып кетті. Тек мосылардың төбесі ғана қылтияды. Арықтағы су кемерінен аса бастады. Ең болмаса арықты аман сақтап қалу керек. Ол үшін сыпайды бұзбай болмайды. Бекназардың оған тəуекелі бармады. Жұртты көріне көзге ажалға қайтіп айдап салмақ. Арықтың жарқабақты орап өтіп, Таластан оңға қарай бұрыл ған жерінің тас-талқаны шықты. Арықтың жиегі опырылып, су өзенге қарай лап қойды. Талас су татырмады, соңғы тамшысына дейін алып кетті. Жай кетпеді – арықтың жағалауын бұзып-жарып, төмен құлады. Осының бəрі көзді ашып-жұмғанша болып өтті. Тіпті жұрт есін жия алмай да қалды.

Көптің дəл ортасында Бекназар тұр. Меңіреу боп, тілі байланып қалғандай. Ғаламат бірдеңе күткендей жұрт үн-түнсіз Бекназарға қарайды – қанша айтқанмен, кəнігі сыпайшы емес пе. Бірақ Бекназарда үн жоқ. Жұрт та оған ештеңе демеді. Оны кінəлауға ешкімнің де батылы бармады. Осынау сұмдық оқиға оп-оңай бола салғандай еді. Ал Əлімбекке ешкім назар аударған жоқ. Оған қарауға мұрша бар ма! Оның ашу қысқан танауы делдиіп кеткен. Өңінде қан-сөл жоқ. Жұрттың бəрі əлі де үміт артып, жау таң дап қарап отырған əкесіне, оның да, өзінің де дəрменсіздігіне зығырданы қайнайды. Екі күн бойы азапқа түсіп ауыздықтаған су Таласты қайтадан тапты. Сонша су өзенге құйып, егістік пен бақ, темекі атаулы сусыз қурап жатса, ыза болмай қайтерсің. Əлімбектің ойы шарқ ұрып осынау бақытсыздықтың себебін іздейді. Егер шлюз болса, артық суды ағызып жібермес пе еді? Сонда арықты да аман сақтап қалуға болмас па еді? Осыны əкесі неге ойламайды, басқалар неге ойламайды?

Ұнжырғасы түсіп кеткен Бекназар айнала беріп, естілер-естілмес қып:

– Жасағанның жазуына не шара! – деп қалды.

Жұрт ауыр күрсінді.

– Жоқ! – деді əлдекім саңқ етіп.

Мұндайды күтпеген жұрт селк ете қалды. Қасқайған қалпында Əлімбек əкесінің қасына келді.

– Жоқ! – деді Əлімбек тағы да қатты дауыстап, – Сіз кінəлісіз, əке! Жұрт аузын ашып, аңырап қалды.

– Шлюз салмайынша, сыпайдан құтылмайынша көрген күніміз осы!

Əлімбектің сөзі Бекназардың жетесіне сонда барып қана жетті. Қаны басына шапшып, желкесіне, маңдайындағы тыртығына дейін күреңітіп кетті. Тынысы тарылып барады.

– Немене? – Бекназар тұра ұмтылып, кетпенін көтерген бойы төне түсті. Əлімбек міз бақпады. Кетпен көтерілген бойы қатып қалды. – Жоғал, иттің баласы! Əкесіне қарсы... Дүйім жұрттың көзінше!.. Жоқтауыңды асыра қояйын!..

Арашаға түскен жұрт Бекназардың қалжыраған қолындағы кетпенді жұлып алды.

...Таластың қарауытқан жағасы құлазып жатыр. Тастың астында шөп-шөп етіп шолпылдаған су мап-майда құм- қиыршықты ысырып əкеледі де, қайтадан шайып əкетеді. «Немене, Бекназар! Масқара болдың ба? – деп шулайды Талас. – Сақал-шашың аппақ қудай болғанда өз балаңнан көрдің-ау көресіні. Мазақ қып кетті-ау. Жаман атқа қалғаның ғой бұл... Маған əлің келмеді сенің, ал балаң болса өзінше ауыздықтамақ мені! Бірақ оған да бола қоймаспын!» Тентек Талас табалап жатыр.

Ойға батқан Бекназар еңкейген үстіне еңкейе түсті. Ал Таластың қояр түрі жоқ. «Əй, сыпайшы! Алқымыңнан талай рет алып ем-еу. Əлі тірі жүрсің – шүкірлік ет құдайға! Қоймаймын деймісің? Босқа əуре боп қайтесің. Бас ие қоймаспын мен. Көзі жетті де, кетіп қалды анау балаң. Ал сен болсаң оны осында қалдырып, өзіңе мұрагер, өзің сияқты сыпайшы етпек ең. Ол болса кетіп қалды, тіпті қиян алысқа кетті. Түрің мынау. Қолың дірілдеп қалт-құлт еткен шалсың...»

Тас астында су шөп-шөп етіп шалпылдап қояды.

Төрт жыл өтті. Талас та талайды бастан кешірді, Бекназар дың өмірінде де көп өзгеріс болды. Жүдеп, біртүрлі тұйық боп кетті. Үйде отырады да қояды. Колхозда бұрынғы жұмысыңды істей бер дегендер болып еді. Бірақ Бекназар ат-тонын ала қашты.

– Ана жолғы өзендегі оқиғадан соң кəрі сыпайшының күйі онша болмай жүр, – деп мүсіркейді жұрт.

Əлімбек каникул сайын келеді, əкесімен ұзақ-ұзақ əңгімелеседі, құшақтап бетінен сүйеді. Бірақ өкпесін кешер, жібір Бекназар жоқ.

Көктем. Су шаруашылығының гидротехнигі Əлімбек Бекназаров əкеме жетсем деп асығып келеді. Кім біледі, осынау бір айдай ашық күні əке қабағы да ашылып, мейірімі түспес пе екен. Бəлкім, шал бұрынғы жұмысына қайта оралар.

– Жұмысты қолға ала бастадық, ата! Бізбен бірге жүрсең нетті, маған ақылыңызды айтарсыз, – деді Əлімбек. – Бəлкім, бұрынғы жұмысыңызға барарсыз?

– Жоқ, балам, – деді Бекназар қабағын түйіп, – менсіз де бір амалын табарсыңдар. Бұрынғыдай емес, білімің бар қазір. Мен не бітірмекпін онда?

Əлімбек ренжіп кетті. Өрік ағашының көлеңкесінде түксиіп Бекназар отыр. Жүк тиелген машиналар шатқал жаққа ағылып жатыр. Со жаққа қарай əндетіп өтіп жатқан бір халық. Бекназардың екі көзі соларда. Көппен бірге оның да сол жаққа барғысы келмеді ғой деймісің? Бірақ жұртпен бірге болуды аңсағанын, жұмысты да сағынғанын Бекназардың тіпті іштей болса да мойындар түрі жоқ. Құнға тұратын, үлкен бір қимылды қолы да сағынып қалғандай. Огород ішінде осылай түртініп жүре бермек пе? Жоқ, жетер. Тегеурін тілейтін жұмысты аңсайды ол. Көзім тірі тұрғанда тентек Таласпен ең болмаса бір рет ұстасып көрсем дейді. Өзімшілдігі, менмендігі жіберер емес бірақ.

Бір күні ертеңгісін Бекназар қатты гүрсілден оянып кетті. Гүрсіл шатқал жақтан келіп тұр. Шал асығып-үсігіп шатырға шығып, қалт-құлт еткен қолымен маңдайын көлегейлеп, дүмпу болып жатқан жаққа қадала қарады. Ауық-ауық аспанға қара-қошқыл топырақ атылады. О жақта бұл түсінбейтін керемет бірдеңе болып жатыр.

– Бұ не болды екен? – деп өзінен-өзі дауыстайды Бекназар.

– Олар не істеп жатыр онда?

Жүрегі қысылып кетті. Төңіректе не боп жатқанын түсінбейтін дəрменсіз біреу боп қалғаны есіне түскенде өзін-өзі аяды. Таластың жағасында жұрт керемет бірдеңе жасап жатыр. Бірақ солардың ішінде Бекназар жоқ, бəрі де Бекназарсыз жасалып жатыр.

– Қой, не екенін білейін! Өз көзіммен көрейін! – деді де, шал тез-тез басып, сатымен төмен түсті.

Жұбайы жұмыста еді. Бекназар таяғын тауып ап, ұрлана басып сыртқа шықты. Огородтың арасымен шатқалға қарай тартты. Жарқабаққа жете бере тоқтап қалды. Көзге түсіп, төте жүріп баруға батылы жетпеді. «Мазақ қып күліп жүрер... Несіне келді дер. Жалынғанда аяғына да отырғызбап еді ғой демей ме?..»

Бекназар ұрлана басып жарқабаққа шықты да, тас-тастың арасынан жасырынып көз салды. Өзі бұрыннан білетін өңірді танымай қалды. Жағаның бойы у-шу. Тас, құм, балшық тиеп ап, əрлі-берлі ағылып жатқан машина. « Е, экскаватор дегені əнебіреу шығар! Босқа аңыз ғып жүр деймісің... Уа, сайтан, машина болмай кеткір. Қалай- қалай қопарады», – деген оймен Бекназар қатып қалыпты. Анадағы бұрылысқа дейін арықты бетондап тастапты. Арықтың ең басына жəне ойпаң жағына қызыл қыш түстес шлюздер қойылған.

– Мына кереметті қара! – деп таңырқайды Бекназар.

– Қалай ойлап тапқан! Талас бас имегенде қайтсін енді.

Бекназардың жақындап барып бəрін де өз көзімен көргісі, өз қолымен ұстағысы кеп кетті. Бірақ, неге екені белгісіз, ол күнге күйіп, маңдай терін сыпырып жүрген осынау жандардан біртүрлі ұялып, жасқана беретін сияқты. Көзге түспей кетіп қалуға ыңғайлана берген Бекназар Əлімбектің даусын құлағы шалып қалды. Баласы басқаларға жөн сілтеп, əлденені түсіндіріп қойып, тасқа сүйенген бойы қойын дəптерін алып жаза бастады.

Бекназар көре сала тұра ұмтылды. Жүгіре басып келеді. Аяқ астындағы малта тастар судырлап төмен қарай сырғиды. Ол Əлімбектің қасына жетіп-ақ келді.

– Сен бір игілікті іс бастаған екенсің, Əлімбек, – деп күбірледі Бекназар, тершіген жүзін сүртіп жатып. – Біздің тұқым шетінен сыпайшы еді, бірақ дəл мұндай жоқ болатын…

Сыпайшының сыпайшысы сен боп шықтың!..

 

Аударған Айқын НҰРҚАТОВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар