Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақжан әл-Машани: «Құран, Тұран, ғылым – үш тірегі...

17.10.2017 6125

Ақжан әл-Машани: «Құран, Тұран, ғылым – үш тірегіміз»

Ақжан әл-Машани:  «Құран, Тұран, ғылым – үш тірегіміз»  - adebiportal.kz

Бейбіт Құсанбектің «Өмір-өзен» хабарының алғашқы кейіпкерлерінің бірі – бүкіл адами ғұмыры мен шығармашылығын ұлтының мәртебесін көтеруге және оның жеке ұлт ретінде адамзат өркениетіне қосқан үлесін анықтауға арнаған ғалым Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани (Машанов) болып еді. Бұл хабар 1995 жылы күзде, тура 22 жыл бұрын түсірілген.

Ақжан әл-Машани Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында 1906 жылы дүниеге келген. Алғаш әліппе тануды өз әкесінен кейін ауыл молдаларынан, Кеңес мектебінен үйренді.

1924 жылы Қарқаралы қаласында ашылған педагогикалық техникумға түсіп, оны бітірісімен ауылдық мектепте мұғалім болып істейді. Халық ағарту саласына араласады.

1934 жылы Алматыда ашылған тау-кен металлургия институтына алғашқы студенттердің бірі болып қабылданады.

1939 жылы оқуды үздік бітіргеннен кейін маркшейдерлік іс кафедрасының жанындағы аспирантурада оқи жүріп, осы мамандықтың ерекшеліктеріне ден қойды. Ғылым жолына түсті. Тау-кен ғылымы саласынан шыққан ірі ғалым. Ақжан әл-Машани сонымен қатар көптеген ғылыми-техникалық оқулықтарды қазақша сөйлетті.

Тау-кен институтында кафедра басқарды, ұстаздық етті. Көптеген ғалымдар тәрбиеледі. Профессор. Әдебиеттегі ғылыми фантастиканың негізін салушы. Өзі шаңырағын көтеріскен Ұлттық академияның корреспондент-мүшесі. Үбірлі-шүбірлі. Еңбек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен наградталған. Ақжан әл-Машанидің үлкен азаматтық ерлігі – мың жыл бойы өз ұрпағына шапағатын шаша алмай тарих тұңғиығында жатып қалған дүние жүзіндегі екінші ұстаз атанған Мұхаммед Әбу-Насыр әл-Фараби рухын туған топырағына қайтарып алды.

Бейбіт Құсанбек: Ақжан ата, мен Сізді өмірде талай үлкен ерліктер жасаған адам деп білемін. Бүгінде жасыңыз 90-ға қараған шағыңызда, өзіңіздің аздап сырқаттанып жүргеніңізге қарамастан студиямызға, хабарымызға келгеніңіздің өзі бір үлкен ерлік деп, Сізге үлкен рахмет айтамын.

Кәрілік туралы, жалпы, халқымыздың би-шешендері талай-талай әңгімелер айтқан ғой. Өзіңіз осы кәрілік туралы не айтқан болар едіңіз?

Ақжан Машани: Кәрілік те, жастық та емес, өмір ғой. Мәселен, біз 90 жылдық жаңағы өзің айтып отырған өмірдің ішінде неше түрлі хикматтарға кездестік. Кәріліктің өзін өмірдің бір айнасы, ал ол өткен өмірді адамның өзіне бір медресе деп білу керек. Халқымыз солай түсінсе екен деп ойлаймын. Өйткені, біз басымыздан не кештік, сол адам айтқысыз өмір не себептен бізге тағдыр болды? Қалай құтылдық, оның ақыры қалай болмақ келешекте. Осы жөнінен бір-екі ауыз сөз айтайын.

Біздің ислам ғалымдары әл-Фараби айтып кеткендей, өмірдің төрт тірегі бар дейді екен. Біреуі – патшаның ғаділеттілігі немесе үкіметтің ғаділеттілігі. Екінші, байлар сақуатты болу керек, яғни бай адамдар, ауқатты адамдар қайырымды болу керек дейді екен. Молдалар, ғалымдар инабатты болу керек, боғауыз, өтірік сөз айтпай шындық, ақтық жолда болу керек. Кедейлер қанағатты болу керек, яғни мен кедеймін деп біреудің байлығына мойын созсаң, ол қанағатсыздық. Құдайдың бергеніне ырза болмағандығың.

Бейбіт Құсанбек: Ата, мынау адамдардың кейде бай болуы, бұл енді Алла тағаланың солай жазуынан ба, әлде адамның өзінің тірлік қарекетінен бе?

Ақжан Машани: Екеуі де бар ғой. Әрине, Алланың халал жолында болмаған адамдардың тірлік қарекеті Алла жол бермей қойса болмайды ғой. Алла жол береді ғой, тірлік қарекеттен дегенменен. Сонан кейін, енді кедей шаруалар болатын болса Алланың берген бір тілім нанына да қанағат қылып, а Құдай деп отыру керек. Осы күні кейбіреулер ренжіп: «Тұрмыс солай» деп жүреді. Сонда мен ойлаймын: «Сендер тойып секіріп жүрсіңдер», – ғой деп. Біздің заманымызда халық қырылып жатқан уақытта бір тілім нан таба алмай қырылды ғой. Сауып ішетін бір ешкісі жоқ. Сауатын бір қойы болса, қазақ өлмес еді, тамыр тартқан тарықпас деп. Осы күні малды қазаққа қанша өсірсем десе де ерік беріп отыр. Нан әр жерде мол, егін ексең де бәрі еріктен тұрады. Қазақ халқы жалқау болып кеткен. Үкіметке иек сүйеп кеткен, тіршілік қылмайды. Өзінің еңбегімен Алладан үміт етпей, біреуден үміт етеді, сұраншақтыққа айналды. Абай айтқандай, осы күні жұрттың бәрі аларман болды.

Бейбіт Құсанбек: Ақжан аға, бірінші өзіңіз жайлы сәл көбірек біліп алсам деп отырмын, өйткені біз қазір әл-Фарабиге таман, Абайға таман барғаннан кейін түпсіз терең тұңғиыққа кете береміз, кете береміз, шыға алмай қаламыз. Ата, аузыңыздағы тісіңіз өзіңіздікі ме?

Ақжан Машани: Өзімдікі.

Бейбіт Құсанбек: Табиғи өз тісіңіз ғой. Оны енді бұл жерде сұрайын деп отырғаным ата, осылай 90-ға келу әркімнің қолынан келе бермейді, шынын айту керек, солай ма?

Ақжан Машани: Ол – Алланың ісі.

Бейбіт Құсанбек: Кезінде өзіңіздің Обручев деген ұстазыңыздан мысал келтіріпсіз. Ол айтқан екен: «Сіз де 90-ға келесіз» деп айтыпты ол, әлгі кітабын аударам деп жүргенде.

Ақжан Машани: Айтты, айтты.

Бейбіт Құсанбек: Содан үзінді келтірейін: «Геологы имеют дела с природой, не канцелярской крысой, нервы друг-другу не трепят. Поэтому должны жить долго» деп айтыпты», – деп бір сұхбатыңызда айтқан екенсіз. Ұзақ жасауыңыздың сыры осында жатыр ма? Өзіңіздің ішкі жан-дүниеңіз, табиғаттың араласуы...

Ақжан Машани: Қазақтың кең табиғатында жүру, ешкімге қақтықпай-соқтықпай, өзін қинамай, дүниені тану үлкен сабақ қой. Мәселен, тасқа жабысқан бір таңба – осыдан миллион жыл бұрынғы ойылып қойған балықтардың сүйегін көресің, мәселен. Ана өмір қандай болған, қалай сақталған? Адамның өмірі сондай қысқа нәрсе, сондай мағыналы болу керек деген, тастың өзінен адам ғибрат алады.

Бейбіт Құсанбек: Тағдырдың жазуымен сіз екі рет үйленген деп естиміз, рас па?

Ақжан Машани: Иә.

Бейбіт Құсанбек: Cолай ғой. Өзіңіз бала-шағаңыз туралы...

Ақжан Машани: Жаңағы өзің көрген жеңгең кенжесі ғой. Бәйбіше, о дүниелік боп кетті ғой. Ол кісілерден де үш-төрт бала бар. Онан немере-шөбере де бар.

Бейбіт Құсанбек: Ата, кіші ұлыңыз нешеде, аты кім?

Ақжан Машани: Аты – Ғабдолла, жиырмада.

Бейбіт Құсанбек: 1975 жылы қыркүйекте әл-Фарабидің 1100 жылдығы аталып өтті ғой, өзінің топырағынан келді. Ал енді ұлы Абайдың 150 жылдығы аталып өтті. Осыдан төрт-бес жыл бұрын айтқан едіңіз, мынау сұхбаттарыңызда ЮНЕСКО-ның қарамағына кіргізу керек, тойды сол дәрежеде өткізу керек деп. Иншалла, сол тілектердің бәрі қабыл болды. Міне, бүкіл дүниежүзілік әлемдік деңгейде өтті. Осы тойға үлкен сый-сияпат жасадыңыз.

Ақжан Машани: Мінекей, осы екі адам әл-Фараби мен Абай. ЮНЕСКО-ның тізімінде осы екеуі ғана. Басқасы жоқ.

Шоқанды кіргіземіз деп әуре болдық қой. Кіргізбей қойды ғой ЮНЕСКО, білесіз бе оны? Өйткені қытайлар қарсы шықты. «Бізге шпион болған Роман тұқымының адамы, шпион боп жасырын келген, қалай ол ЮНЕСКО-ға үлгі болады?» деді. Шоқан ұсынылды, бірақ өткізілген жоқ. Мына екі тұлға бар. Осы екі мерекеге қатысып келіп, тоқсан жаста кітапша шығарып, мінеки, шырағым, саған осындай кітап беріп отырғаныма шүкірлік қылам.

Бейбіт Құсанбек: Ата, Сізге көп рахмет, расында да осындай мирас қалдырып отырған. Тоқсанға келсеңіз де, қолыңыздан қаламыңызды түсірген жоқсыз. Ата, шаршап қалған жоқсыз ба?

Ақжан Машани: Болды енді.

Бейбіт Құсанбек: Тағы екі-үш сұрақ қояйын. Өткенге қарайламай, мынау, заманым өтті демей, уақытым өтіп кетті демей, осы ішкі қуат қайдан келіп жатыр? Бұл, әрине, Алланың күш-қуаты деп айтасыз ғой, бірақ адам өзін қалай тәрбиелейді, сіз өзіңізді қалай тәрбиеледіңіз осыған?

Ақжан Машани: Менің сізге айтайын дегенім, менің қазіргі ойым, Алла-тағала маған осындай табиғат білімін беріп, әл-Фарабиді әкеліп білгізіп, мына Құранды білгізіп, мені көп жасатып қоюы, тегінде келешек ұрпаққа керекті нәрсеге, соған куә болып, бетін аз да болса ашып кетсін деп өзі беріп отыр деп ойлаймын. Ал енді былайша айтқанда, жаңа өзіңіз айттыңыз, «тоқсан жылдың ішінде қазақ халқы неше түрлі қырғынға, қуғынға ұшырады» деп. Сол қатты күрестің, әрине, залалы да көп. Көп адамдарды қырып та кетті, бірақ сонымен бірге пайдасы да көп. Сол күрес бізді қатайтты: Елдік намыс деген сөз бар, мәселен, Абай айтпай ма, «Жарлы емеспін, зарлымын» деп. Осылай ма?

Бейбіт Құсанбек: Яғни, сіздің ойыңыздан шығады: көңілі тоқ, бәріне тойынған адам, әрі қарай тоқырауға барады, солай ма?

Ақжан Машани: Ең қауіпті нәрсе сол. Өсіп мен болдым, жеттім деген адам – ол қауіпті адам, ол өмірді ұқпаған адам. Ақырғы деміңе дейін Аллаға сыйынып күресе білу керек. Оның бәрі халқың үшін керек, өзің үшін керек, иманың үшін керек, ұрпағың үшін керек. Алла тағала әрбір өмірді жанды аманат қып соған қойғанда, сол үшін қойып отыр. «Ақыл мен жан менікі еді, ақыл мен жан мен өзім, тән менікі, менімен менікінің мағынасы екі» дейді ғой Абай, солай ма. Демек жан мәңгі нәрсе, ақыл мәңгі нәрсе. Ал соның ісін істей білу керек. Мәселен, әл-Фараби қазақ халқына, қала берді бүкіл түркі халқына ортақ адам. Мен неге оны жоқтаушы болдым. Абайға жас күнімнен қанық болатыным – біздің бабамыз Машан мен Құнанбай екеуі дос болған. Бәлки мен Фарабиді іздемес едім, өйткені рухани дайындық керек Фарабидей адамды іздеу үшін. Фараби – дүние жүзіне рух, әулие.

Бейбіт Құсанбек: Ата, сіз біздің Ұлттық Ғылым Академиямыздың алғашқы негізін салушылардың бірісіз, енді сізді халқымыз ғұлама ғалым деп танитынына еш дау жоқ. Сөйте тұра осы өзіңіз іргесін қалаған Ұлттық Ғылым Академиясы сізді әлі күнге дейін толық мүше қылмауы, сол кезіндегі мүше-корреспондент күйінде қалдыруын қалай түсіндірер едіңіз?

Ақжан Машани: Қарағым енді, қартайғанда «маған анау сөйтті, мынау сөйтті» деп біреудің сыртынан өсек жинап неғылайын. Жазу, дәм солай болған шығар. Ал енді жалпы алған уақытта, академия болсын, басқа болсын, саясатымыз болсын, отаршыл атеистердің басым кезінде, біздің Қазақстанда мәдениет болған жоқ, тарихта орны жоқ халық, алфавиті, діні еш нәрсесі болмаған, тек қана күллі мәдениетке көзін ашқан тек орыстар ғана деп жүрді ғой. Сөйтіп жүрген уақытта мен қазақтың ауылынан шыққан мұғалім, былайша айтқанда, дүниежүзіне ұстаздық еткен бір мың бір жүз жыл бойы күллі ғаламның ғылымына үлгі салған әл-Фарабидей қазақстандық екен деп айту көктен жай түскендей болды атеистердің басына. Академияға ұлттық мағына көбірек берілуі керек.

Бейбіт Құсанбек: Ұлттық Академия деп аталады ғой енді...

Ақжан Машани: Ұлттық Академия деп аталады, бірақ сол ұлттың ішінде бірде-бір ғалым жоқ. Есігіміздің алдына қойып отырғанымыз Шоқан Уәлихановты орыстың эпфолетімен шекитіп қойдық, офицер түрінде. Ол түсінік дұрыс па, дұрыс емес. Шоқан сол эпфолетте, сол формада орысқа, Роман тұқымына қызмет істеудің өзінен, тіршілігінде тастап өзі безген адам. Енді біз соған жармасып алып Академияға үлгі қылып отырмыз. Дұрыс па осы? Дұрыс емес. Осы сияқты толып жатқан Академияның ғылым жағында да, тақырып жағында да, мазмұн жағында да, толып жатқан орыс үлгісімен жасау көп. Ойлаңызшы, Академияда күллі дүниежүзіне үлгі берген әл-Фарабидің орны жоқ. Міне, бүгін тоқсанға келгенде сіз мені іңірде тауып алып отырсыз. Соның бәрі надандық деген сол. Бірақ, Аллаға шүкір, кейінгі ұрпағыма сенемін, дін көтеріледі, ислам көтеріледі, шындық жеңбей қоймайды. Қазір Құран Кәрімде күллі ғылымның негізі бар екеніне Алла тағала маған түсінуге, жазуға уақыт та беріп жатыр, иншалла. Осы мирас болып халқымызға тарайтын болса, сен сияқтанған жігіттерге, бала-шағамызға, бәріне тарап, халықтың бойына сіңетін болса, талай қазына шығады. Иншалла, халқымыз ең алдыңғы қатарлы халықтардың дәрежесіне көтерілетініне сенемін.

Бейбіт Құсанбек: Халқымызға рухани тірек болатын нәрсені айттыңыз, ол Құран, Тұран және ғылым деген үш тіректі айтып отырсыз, лайым осыны біздің мынау зиялы қауымымыз, ақылды азаматтарымыз есте тұтсын.

Ал енді «Жасы үлкенді қадірлесе құт болар» - деп Махмұд Қашғари айтқан екен, сондықтан біздің Ақжан атамыздай қадірлі ақсақалымызды әрқашан ардақтасақ, қадірлесек, біздің елімізге, бәрімізге құт болар деп ойлаймыз. Өйткені атамыздың міне алдағы жылы тоқсан жылдығы келе жатыр, тоқсанға толады құдай қаласа, сондықтан тоқсан жылдық үлкен тойыңызда аман-есен кездесіп, тағы да сұхбаттасып жатайық. Біздің бүгінгі хабарымыз аяқталды, келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар.

Ақжан Машани: Жақсы қарағым, рахмет. Алла-тағала барлығыңызға саламаттық беріп, халқымызға абырой берсін. Аллаху акбар.

1995 жыл

* А. Машани 1997 жылы мамыр айында дүниеден озды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар