Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ғалым Мұтанов: Өмірге құштарлық...

20.10.2017 13968

Ғалым Мұтанов: Өмірге құштарлық

Ғалым Мұтанов: Өмірге құштарлық - adebiportal.kz

АЙНАЛАҢДЫ НҰРЛАНДЫР

Келген соң жарық дүниеге,

Өмірдің бір болар мәні.

Дүниені бұдан да жарық етіп,

Нұрландырсаң айналаңды!

"Адамзатты жаратқан махаббатпен",

Біліп оны, шығармай әр кез естен,

Жолыңды ғұмырлық жүріп өтсең,

Жақсы іс, таза көңіл, ақ ниетпен!

«АЛЛАНЫҢ СЫЙЫ»

Ең үлкен сыйы Алланың,

Бұл дүниеге келгенің.

Басқа да, ондай сыйға ие,

Жөн, оны сенің білгенің.

Бірінің-бірі біліп қадірін,

Достықта өткізіп, әр күнін.

Не жетсін адамдардың өмірде,

Сыйласып жүргеніне!

БАҚЫТ ЖОЛЫНДА

Жаратқан Алла адамзатты,

Болу үшін олар – бақытты.

Орындай білсе барлығы,

Жол көрсетер – шариғатты.

Туындауы қиындықтың,

Дамуында адамзаттың.

Ол – арамза адамдардан,

Ауытқыған, дұрыс жолдан.

ӨМІРДІ ҚАБЫЛДАУ

Өмірді толық,

Қабылдау үшін.

Білуге оның,

Бүге­­­‑шігесін.

Қаншалықты сен,

Сезінесін,

Қоршаған әлем,

Тынысын?

Байланысты соған,

Шығының мен кірісін.

Күнделікті жүрісің,

Тірлігін мен,

Бар ісін!

ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰШТАРЛЫҚ

Сәби жатыр бесікте,

Айналасына таңдана.

Қолын созып ұмтылады

Келешегіне, талпына!

Азамат жүр алып, сатып,

Өмірдің қызған базарында.

Өз үлесін қалмақ қамтып,

Бұл дүниенің саудасында.

Жасы жеткен қария,

Жатыр төсек тартып.

Қамығады, біледі ол,

Келмейтінін енді қайтып.

Ғұмырдың әр кезеңінде.

Өзгермейтін бар анық,

Ол ешқашан өшпейтін.

Өмірге деген құштарлық!

КҮН МЕН ТҮН

Күн мен түн.

Екеуінің, кезегін,

Болсын деп жаратқан,

Екі жарты-бір бүтін.

Күн мен түн.

Көрсетер екі бөлігін.

Күнделікті тірлікте,

Біртұтас әлемнің.

Күн мен түн.

Алмастырып бірі-бірін.

Қысқартуда жарысып,

Уақытын өмірдің.

Күн мен түн.

Алмасуы екеуінің.

Білдіреді әркімге,

Дүние кезек екенін.

ҮМІТ

Күнделікті мыңдаған қол,

Жайылады созылып көкке.

Ниетпенен жасалар жол,

Жету үшін тілекке.

Жайылған мың алақан,

Қуат алып ғарыштан.

Шығады байланысқа,

Иеменен жаратқан.

Күнделікті құлшылықта,

Болып осындай қатынаста.

Мың жүрек-мың тілек,

Бір Алладан үміттенеді.

ЗАМАНА

Тозар уақытпен барлық зат,

Жаңарар бірақ,

Басқа затпен алмасып.

Тозар уақытпен адамзат,

Жасар бірақ,

Ұрпағымен жалғасып.

Заманның әр кезеңі‑

Әр буынның кезегі.

Алдыңғылардың орнына,

Жаңа ұрпақ келеді.

Жүріп жатыр бұл үрдіс,

Мынау дүние‑фәниде.

Дүниеде – болған қоныс,

Тұрғындары өзгеруде.

Өзгеруде барлығы,

Кезекпенен алмасып.

Кетерсін сен де бір күні,

Бұл дүниемен қоштасып.

ЖАСТЫҚ ШАҚ

Бәрі де таза, бәрі де ақ.

Оралмайтын ол бір бақ.

Үмітімен сәні көп,

Тойыменен әні көп.

Артта қалды қол бұлғап,

Қызуы мол жастық шақ!

Иірімі жоқ бұл ағыс,

Әкетті мені тым алыс.

Өзіңде өткен жаз бен қыс,

Болды қазір сағыныш.

Өмірдің өтіп көктемі,

Жақындатты күзді енді.

Табиғатта әр маусым,

Қайталайды алмасуын.

Өмірінде адамның олар,

Бар жоғы, бір рет болар.

Мезгілге өткен, адамдар,

Оймен ғана оралар!

ЖАҢА ЖЫЛ

Жаңбырдай өткінші, кеткен нөсерлетіп.

Тағы бір жыл, өмірдең биыл, өтті кетіп.

Жаңбыр суы, әкетіп өткенді өз жетегінде,

Қалдырған із, енді, жадының еншісінде.

Дәстүрмен, қуана қарсы аламыз Жаңа жылды.

Білсекте, кетіп ол, азайтарын өтпелі өмірді.

Келіп, кетіп, жеткізгенде олар шегіне ғұмырды,

Тоқталады сол жылы, қарсы алу Жаңа жылды!

Әркім дүниеде не қалдырып, нені алар?

Елеуінен жадынын, өткендері жинақталар.

Жиғанға, ғұмырының соңында салсаң назар,

Мазмұны өмірінің, осылайша анықталар.

Ағынында өмірдің, жоқ мүмкіндік қайтып соқпақ.

Тағдыр­­‑теңіз толқыны, нені іліп, не қалдырмақ?

Кезегімен лақтырса да, біздерді жағалауға,

Сарқылмайды, өзегінен өмірдің аққан бұлақ!

ӨМІРДЕ БӘРІ ТЕҢБЕ-ТЕҢ

Өмірде бәрі теңбе - тең,

Жақсылық та, жамандық.

Қайсысын таңдап аласың?

Мақсатыңа қару ғып.

Соған қарап білінер,

Әрбір басқан қадамың.

Соған қарап берілер,

Бағасы да қоғамның.

Еркіңе ие бола алсаң,

Жақсылықты жолдас ет.

Адам болып туған соң,

Адам болып өту міндет!

ЗАМАНА­­‑ҚАЙЫҚ

Замана‑қайық, келеді алып,

Дүние‑дария толқыныңда.

Барлығымызға бағыт анық,

Белгілі, баратын орнымызда.

Замана‑қайық, ортақ уақыт,

Әр жанға оны өлшеп берген.

Барлығымызды тандап уақыт,

Табыстырған тағдырыменен.

Замана –қайық, ортақ кеңістік,

Іші толған оның, жақсы‑жаман.

Барлығымызға керек келісім,

Қалу үшін, қайықта аман.

Уақыт ортақ, кеңістік ортақ.

Бағыт біреу, бізге белгіленген.

Барлығымызға ортақ мақсат‑

Кешіп өту дарияны, абыроймен!

ОРТАҚ БАҒЫТ

Барлық жанға бұл дүниеде,

Ортақ екен бір бағыт.

Ол бағытты айқындайтын,

Күндіз-түні тоқтамайтын уақыт.

Уақыт өте, өсіп, ер жетерсің,

Мүмкін, кемел жасқа келерсің.

Бірақ та, бір сәтте бөгелмей,

Мәреге жетіп, дүниеден өтерсің.

Толассыз жалғасады уақытпен,

Адамдардың өмірдегі көш жолы.

Бағыт ортақ бізге болғанымен,

Болады әр адамның өз жолы!

ӨМІР КІТАБЫ

Атқан таң, батқан күнмен,

Ашылып, жабылады,

Өмірдің әр парағы.

Әр пенде, әр күнде,

Өзі жазып, қалдырады,

Күнделікті тірлігін.

Сол парақтар, құрастырар,

Тұтас болып кітәп,

Әр адамның ғұмырын.

Мақсат емес, қалыңдығы,

Ерекше оның маңызы –

Мәні менен мазмұны!

Бұл кітәптің аса құдыреті –

Негіз болар ашылғанда,

Әркімнің «Амал дәптері»!

ТОЛЫҚ АДАМ

Орта жастан асқанда,

Келесі жартыға аяқ басқанда.

Өтті деп қалай, кеткен жарты?

Есеп беру бізге керек сияқты.

Келтіре алмассың өткенді.

Қайтара алмассың кеткенді.

Нені сен орындай алмадың?

Негізгі осы болу керек сұрағың.

Алдағы қалған өмірде.

Жүрсең де қандай көңілде.

Ғұмырың мазмұнды болары анық,

Өмір сүрсең өнегелі із қалдырып.

Қор қылмас үшін өзіңді.

Сүру үшін толық өмірді.

Кеткендей айтып, Абай атам,

Болуың керек «Толық адам»!

ЖАҚСЫ АДАМ

Дәстүрмен жұртымызда қалыптасқан,

Сұраққа қайтқан адам қандай болған?

Жамағат айтады бір ауыздан,

Марқұм болып еді, жақсы адам.

Қандай болсын, өмірден озған адам,

Жөн мұны, түсінікпен қабылдаған.

Бұл тірілердің өлген жанға,

Ең соңғы жақсылығы жасаған.

Жақсылық жасалады шын пейілмен,

Кейбіреу оны жасар ішкі есебімен.

Жеткілікті, болуға жақсы адам,

Біреуге жамандық жасамасаң!

АРЛЫЛЫҚ

«Армысың?» деп, амандасатын,

Ежелден біздің бабаларымыз.

Зерделесек мағынасын сұрақтың,

Жауабын тереңнен табамыз.

Кездескенде адамдар бір-бірімен,

Сөз басына ерекше мән берген.

Сұрағаны алдымен армысың деп,

Сұрағаны ар-ұятта бармысың деп?

Сол болар шарты алғашқы,

Қабылдау үшін басқаны.

Болса егер дұрыс жауабы,

Жалғаса жатар қалғаны.

Күнделікті қарым-қатынаста,

Болмаса адамдарда арлылық.

Айтылған сөз, жасалған іс,

Оның бәрі – жалған, қу тірлік!

СҰЛУЛЫҚ

Он сегіз мың ғалам,

Барлық затты қоссан оған,

Солардың арасынан,

Ерекше болып жасалған.

Қараса көз тоймайтын,

Қайрылып қайта қарайтын,

Жан ләззат алатын,

Ойда ұзақ қалатын.

Өмірде бар құндылық,

Оның аты ‑сұлулық!

Сұлулық бар әр салада,

Болуға үлгі, басқаларға.

Сұлулыққа құштарлық,

Мойындайтын ол‑анық.

Себеп болар қоғамға,

Жетілу мен дамуға.

Сұлулығын бар нәрсенің,

Болады бағалауға көзбен көріп.

Тек қана, мүмкін білуге,

Сұлулығын адамның‑ішпен сезіп!

ПӘКТІК

Нәзіктігін,

Жайнаған қыр гүлінің.

Әппақтығың,

Қарының тау шыңының,

Мөлдірлігін,

Бұлақтан аққан судың.

Кербездігің,

Айдында жүзген аққудың,

Даралығын,

Нұрланып, атқан күннің.

Тазалығын,

Таң да соққан самалдың.

Тартымдылығын,

Жаңа туған айдың.

Жинақтасақ,

Солардың барлығын,

Құрастырар,

Жас сұлудың пәктігін!

ҚЫЗ ЖОЛЫ

Жасыра алмайтын сезім барын,

Білдіреді, әлсін­‑әлсін қарағаның.

Сезімінен сенің, айналдым мен,

Сезімге сондай, лайықсың сен.

Түсінемін, білем бәрін.

Көзіңнен­‑ не айтпағын.

Оңай емес, аттап өту,

Айтқандай елің,

Жіңішке де, ауыр,

Қыздың жолын.

ЖАНЫНДАМЫН МЕН СЕНІҢ

Сезініп жалғыз, жалғанда.

Жабырқап жеке қалғанда.

Мұңайма сен, мұңайма,

Сағынышпен мені ойла.

Табыламын қасынан,

Жанындамын деп сана.

Жүрсем алыс шалғайда.

Жанындамын деп сана.

Арман қосып, арманға,

Болайын cенің қасында.

Біргемін мен өзіңмен,

Өтіп жатқан заманда.

Жүздесерміз сағына,

Қуаныштар көп алда.

Жанға шуақ төгетін.

Жігер саған беретін.

Жетелесін бір сенім –

Жанындамын мен сенің.

ДОС

Дос қандай болу керек?

Деген сұрақ,

Жүрер әркімді мазалап.

Тандау да досты білген жөн,

Өзіңді таныр- досына қарап.

Өзіңе не тілесе,соны саған тілейтін,

Көреалмаушылықты білмейтін.

Жанында жайсаң жүретін,

Қуанышта бірге күлетін.

Қыйындықта табылатын жанынан.

Керек кезде жарылатын ағынан.

Осындай жанды іздейміз,

Болса досым, деп тілейміз.

Қабылдасан әр жанды жүрекпен.

Дос қылуға ізгі ниетпен.

Адамзаттың бәрі дос,

Аттамаса адами қасиеттен!

ЕКІЖҮЗДІЛІК

Жан да, тән де бір дейміз,

Біртұтас болады деп, үнемі.

Олардың ажырайтынын білеміз,

Дүниеден адамның өткен күні.

Бөлінетіні жанның да екіге,

Кездеседі құбылмалы өмірде.

Қаққа айрылар оның өзегі,

Ар-ұяттан адам кеткен кезінде.

Сол кезден бастау алады,

Адамның адамға жат тірлігі.

Оның нақты сыртқы көрнісі –

Кейбіреулердің екіжүзділігі!

КЕЙБІРЕУЛЕРДІҢ ТІРЛІГІ

Кейбіреулердің тірлігі,

Аттап өтіп ардан,

Өзі қысқа өмірді,

Қысқартуға арналған.

Ойламаса арамдық,

Жасамаса жамандық.

Ешқашанда көншімейді,

Күнделікті көңілі.

КҮНГЕ КӨЛЕҢКЕ

Бар табиғат, жан-жануар,

Дамиды бөленіп күн шуағына.

Ал адамдар сонымен қатар,

Жақсылардың шапағатына.

Өздерінің өсіп-өнуіне,

Күннен нәр алады бар тіршілік.

Ал адамдарға сонымен бірге,

Өте қажет рухани біліктілік.

Күннің көзін көлеңкелейтін,

Аспанда жөңкіледі қара бұлттар.

Өмірде қара түнек төндіретін,

Бар, қара ниетті кейбір жандар.

Дүниенің бар шуағын көре алмай,

Кейбіреудің кесірінен қара бұлттай.

Өтеді өмірден озып жан талай,

Өзінің бар жемісін бере алмай!

КӨҢІЛГЕ ҚАЯУ ТҮССЕ...

Көңілге қаяу түссе, намыстан,

Кеуде де күйзеліп, күйер жан.

Жүректен қатты алқынған,

Шабар басқа ыстық қан!

КӨРСЕТІЛГЕН СЫРТТАН ҚЫСЫМ

Көрсетілген сырттан қысым,

Ішке кірер мұң болып.

Ыза боп шығар буырқанып,

Уақыт өте қорытылып.

Ызалық жетелейді жігерлікке,

Айтуға ойды, қимыл көрсетуге.

Сүйрер алға бізді осы тірлікте,

Жігер, іс-қимыл қосылып бірге!

ЕҢБЕК

Еңбекпенен байланысты,

Өмірдегі алғашқы қадам.

Еңбектемей бала болып,

Тұра алмайды аяққа адам.

Еңбекпенен байланысты,

Күнделікті күніңді көру.

Еңбек етпей мүмкін емес,

Бұл дүниеде өмір сүру.

Ойдан, бойдан кетсе қуат,

Көпшіліктің болып бірі,

Боларсың барлығына тәуелді

Еңбек ете алмайтын күні!

АНА‑БАЛА

Неліктен, ана жүрегі сезінеді әрқашан,

Қайда жүрсін, не өтсе де, баласының басынан?

Себебі оның‑жүректердің жиілігі бірдей соққан,

Әу баста, ананың құрсағында қалыптасқан!

Өтсе де уақыт, жетсе де бала, талай жасқа,

Жалғасады байланыс сезімге бұл негізделген.

Өмірде олар, болар ерекше қарым‑қатынаста,

Тіршіліктегі тұрақты жүйемен, ана‑бала деген.

Қайтқанда өмірден ана, жалғызсырайды бала,

Көпшіліктің арасында қалып, жеке‑ дара,

Қалғандай болып, оған бос, бар айнала...

Бұл жалғанда балаға, ешкім жетпес анаға!

«ТЕКТІЛІК»

Тектілік бола бермес әр адамда,

Тектілік бар кейбір хайуанда.

Ерекше асыл осы бір қасиет.

Бірге туар оларды жаратқанда.

Далада жортқан сұр қасқыр,

Киелі көкбөрі, оның шыққан тегі.

Ешқашан, ешкімге де бас имей,

Тәкәппарлықпен еркіндікте жүреді.

Сатылмайды алдап берген тамаққа,

Шыдамайды зорлап тыққан қамаққа.

Өрлікпен, еркіндікті мұрат қылып,

Жанын қияр, аспандағы айға атылып!

Өмірдің небір қиын жағдайында,

Қауіпте қандай болса да басы.

Текті адамның болар қағидасы:

«Жаным әркез арымның садағасы»!

Абыройың, еркіндігін сақтауда,

Ұлтым көкбөріні тұтқан пір.

Әрқашанда тектілікті ардақта,

Көкжалменен сенің рухың бір!

ҰҚСАС МІНЕЗ

Әр ұлттың өз ерекшелігі –

Ғасырлармен біткен қасиеті.

Ат жалында өскен қазақты,

Айтады, жылқы мінезді.

Тұлпарлардың тұяғының дүбірі,

Ұлтымыздың тарихи төл үні.

Оны естіген әр қазақтың,

Бірге соғар жүрегінің дүрсілі.

Жылқыменен ұқсас ұлт мінезі:

Ерекше екеуінің де төзімділігі,

Үйір болып, ру болып бөлінетіні,

Жүрер саяқ олардың сәйгүлігі.

Бірігуі де олардың ерекше –

«Жылқы кісінесіп, кісі сөйлескенше».

Қосылады бастары қиқу шықса,

Шабар бірге көмбеге жеткенше.

Мына, жаһандық аламанда,

Керек бап та, керек бақ та.

Қасиеті дарыса қазанаттың,

Бойына елім деген, азаматтың!

ҚАРАША ҚАЗ

Қалың қаздың алдында,

Қараша ұшар оқ бойы.

Бірақ нәрсе оның жадында,

Үйірінің амандығы – бар ойы.

Қаз да қаз, қараша да қаз.

Олардың айырмашылығы да аз.

Қарашаның бар артықшылығы –

Туа біткен сезімталдығы.

Қауіп көрсе, қаңқылдар,

Қалың қазға беріп, хабар.

Аман-есен болуы үйірінің,

Бар мақсаты – сол болар.

Жүрсе де әр кез, алда ұшып,

Үйірінің амандығы жолында.

Кей кезде кетер, жер құшып,

Алдынан тосқан, оққа ұшып.

Қаңқылдап ұшқан қарашаға,

Теңеймін нағыз ақындарды.

Көпшіліктің болып, олар алды,

Сақтандырар, қандастарды.

ҰЛТҚА ТІЛЕК

Тағдырдың ғасырларда бір беретін сыйлығы,

Тұрғанда, қолымызда, тәуелсіздік тізгіні.

Қор қылатын қасиеттерден айырылып,

Түбегейлі өзгеретін, халқымызға күн туды.

Қызғаншақ, ішітар, қазақтарға қайран қалам.

Неге үйренбейді, мынау дарқан даламнан?

Сайын жерді, сай болсын деп берді, саған.

Кеңдікпен жомарттық, ыстық ықылас жайлаған!

Тірлікте бірін­ – бірі әрқашан жүрсе қолдап,

Болып, болар елдің балдары – әрбір қазақ.

Көп жоғалттың, көп ұтылдың, өткеніңде,

Несібең одан да көп, алда алмақ, алға қазақ!

Көрсем деймін, елімді толық жаңарған.

Сүйсем деймін, рухы үшін, биік дамыған.

Тірілікте, мақтана алсам, әрбір қазақпен,

Армансыз, бұл дүниеден, өтермін мен!

ҰЛТ ДАМУЫНЫҢ ФОРМУЛАСЫ

Әр ұлттың дамуы мен өрісі –

Қасиеті мен еңбегінің жемісі.

Не азайтар, не көбейтер табысты,

Өзіндік үлесімен әр кісі.

Қасиетімен анықталар әркімнің,

Қай бағытта болатыны еңбегінің.

Көрсеткіші болар жан‑дүниесінің,

Ардақтауы ұлт мүддесін.

Күнделікті өмірдің жағдайында,

Адамның басына түскенде сын.

Сол сәтте болар білуге,

Әрбір жанның қасиетін.

Біреуден талантымен біреу асса,

Кенеліп жатса табысқа.

Болу керек – қуаныш!

Болуы мүмкін, қызғаныш?

Көңілмен жарқын келісті,

Болып оған қуанышты,

Аялай білсе талантты,

Қолдай білсе жетістікті.

Адамның осы қасиеті,

Ұлт дамуына –

Ұлғайтады үлесті.

Көре алмаса біреуді,

Мақсат етіп төмендетуді,

Жаман болып тілеуі,

Құлатса егер «Құлагерді»,

Адамның осы қасиеті,

Ұлт дамуына –

Тиер кері әсері.

Күндестік пен қызғаныш,

Түсіп жатса басына,

Құтқаратын бар, бір ғана іс –

Еңбек етсең асыра!

Білгені жөн, мұны әр кісі.

Еңбек – табыстың,

Тоқсан тоғыз пайызы.

Бұған болмас ешкімнің баламасы,

Жасампаз еңбек –

Ұлт дамуының формуласы!

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТОПЫРАҒЫ

Туған жер, әркімнің өз жұмағы.

Болса да, әртүрлі құрамы,

Барлық жанға бірдей ыстық,

Туған жердің топырағы.

Сенде туып,адам болып жаралды.

Сенде өсіп, қасиетінен нәр алды.

Борыштар саған,әрбір жан,

Туған жердің топырағы.

Уақыт өте, құндылығы артады.

Жас ұлғайа, өзіне ол тартады.

Өтерде өмірден, бұйырса дейміз,

Туған жердің топырағы!

МАҚАҢА

(Мақтай Сағдиевтің рухына)

Мақтанушы еді, үлкен, кіші,

Сізбен таныс болғанына.

Қызығушы еді, үлкен, кіші,

Азаматтық ұстанымына.

Мақа, деуші еді аға-інісі,

Шын жүректен жақсы көріп,

Қырық күн толды қайтқаныңызға,

Орныңыз қалды үңірейіп.

Жетпейді енді дарқан көңіліңіз,

Ұмытылмайды бірге жүргеніңіз.

Есімізде мәңгі сақталады,

Тау тұлғалы жарқын бейнеңіз!

КЕЛЕШЕКТЕГІ КЕЛБЕТ

Бара жатыр таяқ ұстап,

Еңкіш тартқан, егде адам.

Жақындайды мәресіне,

Басқан сайын әр қадам.

Жүрген сайын ентігеді,

Сыр береді, кәрі жүрек.

Уақыт өте, болар қайғы,

Өзін‑өзі алып жүрмек.

Бұрылды міне,артқа қарап.

Қалтыраған бас әппақ,

Толығымен әжімді бет,

Мұңды көз, суалған жақ...

Осы сәт, осы бейне,

Елестетер әркімге,

Кәріліктегі суретін,

Келешектегі келбетін!

ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ

Біреуге болсаң берешек,

Ол сенің қарызың.

Ел алдындағы борышың,

Ол сенің парызың.

Дүниеден өткенде сұрар молда,

Марқұмның қарызы бар ма?

Болса адамның қарызы егер,

Оны жақын, туысы өтер.

Парызды ешкім сұрамас,

Болмаса өзіңнің ойыңда.

Өмірде оны өтеп кету,

Тек қана сенің мойныңда!

ТАҒДЫР

Аспан асты, жер үсті,

Арасында біздің мекен.

Жібермейді жердің күші,

Шығуға бұл кеңістіктен.

Ештеңе жоқ әлемде,

Өлшенбейтін уақытпенен.

Өмір өтіп, мезгіл жетсе,

Кетерсің осы дүниеден.

Көкке ұшар сенің жаның,

Жер қойнына кірер денең.

Тізбектелген өмір жолың,

Ұғымға сияр тағдыр деген!

ТАҒДЫРДЫҢ ЖАЗҒАНЫ

Тағдыр салар әркімге өз салмағын,

Өмірдегі жүріп өтер жолында.

Маңдайына жазылады әр адамның,

Не болары – бағына әлде сорына?

Келешекте не боларын кім білер?

Тірі жүрсе, әрбір жан өзі көрер.

Әркімнің басынан өткен жайды,

«Тағдырдың жазғаны» - деп айтады.

Тағдырдың қабылдаймын не жазғанын,

Тартамын керек болса бар азабын.

Көтеремін қиындықтың ауыр салмағын,

Төзермін, жүрек ауырып, сыздағаның

Білемін, уақыт оза өтеді барлығы да,

Тілеймін, сыйынып аталардың аруағына.

Болса деп, өмірдегі өз жолымда,

Ниетке сай, тағдырдың жазғаныда!

АДАМ СОЛАЙ ЖАРАЛҒАН

Адам солай жаралған­‑

«Әр кәлләда бір арман».

Әр кезеңде ұмтылған­­­‑

Мақсатына қалаған.

Мақсат етіп арманды,

Жету үшін талмайды,

Қызығы мол өмірде,

Армансыз адам болмайды.

Әрбір мақсат‑әр асу,

Бір белестен‑бір белес.

Қуғанымен, көп арман,

Сағым болып, жеткізбес.

Қусаң да, қанша арман,

Уақытша екенің біл.

Әйтеуір, бітеді бір,

Сағым қуған, бұл өмір!

Адам солай жаралған­‑

«Әр кәлләда бір арман».

Армандағанымен әр адам,

Орындалуы – Алладан!

ҚОНАҚ АСЫ

Айтушы еді апам, өмірде,

«Адамдар қонақ бір-біріне»

Сондықтан болар әйгілі,

Қазақтың қонақжайлығы.

Өзінің ұзақ тарихында,

Дәстүр қылып халқым,

Сақтаған арнап қонағына,

Ең сыйлы, дәмді асын.

Білседе аз, көп, өмірде,

Білмеседе мүлде.

Бір-біріне адамдар қонақ,

Салыстырмалы түрде.

Өйткені бүгін барсың,

Ертең қайда боларсың?

Қайтпас сапарға кеткенде,

Береді саған қонақ асын.

АЛА БҰЛТТАЙ ЖЕЛ ҚУҒАН

Ала бұлттай , жел қуған,

Өмір жүйткіп өтеді.

Небір тұлға, жақын, туған.

Үздік-үздік арамыздан кетеді.

Кеше ғана қимас жан,

Ортамызда жүр еді.

Бүгін кенет жоқ қылды,

Тоқтап оның жүрегі.

Қалдырып артқа өмірді,

Өлі дене көмілді.

Ортадан адам кеткен соң,

Мойындаймыз өлімді.

ОСЫ КӨШ

Біреу ерте, біреу кеш,

Тоқтауы жоқ, осы көш.

Санаспайды уақытпен,

Кетер алып, кезекпен.

Күнделікті осы көш,

Берер бізге – сабағын.

Бастауы болған өмірдің,

Соңы да бар, боларың.

Әрбір адам – жолаушы,

Тұрағы жоқ, осы көште.

Кетері оның – ақиқат!,

Ерте ме, әлде кеш пе?

Біреу ерте, біреу кеш,

Тоқтауы жоқ, осы көш.

Өткізіп барып, мерзімді,

Қалдырмайды ешкімді!

БАҒАЛАУ

Рахаттана күлерсің,

Кенелсең қуанышқа.

Бағасын оның білерсің,

Өкініш орының басса.

Орындалар істерін,

Денсаулықтың барында.

Қажетін оның білерсің,

Кенеттен ауырғанда.

Бар жақсылық тілерсің,

Жанындағы достарға.

Қадырың достың білерсің,

Сенгенің сені сатқанда.

Жас болып жүрерсің,

Көңіліңнің арқасында.

Кәрілікті сезерсің,

Бойдан қуат қайтқанда.

Өмірді әр күн сезерсің,

Арайлап атқан әр таңда.

Өлімнің барына сенерсің,

Замандас қайтып жатқанда.

Бағасын бар дүниенің білуге,

Қажет, керісің оның көруге!

АЯСЫНДА ТІРЛІКТІҢ

Аясында тірліктің,

Жүріп жатыр алмасып,

Жинағаның мен бергенің.

Жоғалтқаның мен тергенің.

Көргеніңмен мен көрмегенің.

Құлдырауын мен өрлегенің.

Қуанғаның мен күрсінгенің.

Сүйсінгенің мен күйзелгенің.

Тойғанының мен аш болғаның.

Асқаның мен сасқаның.

Үлгергенің мен қалғаның.

Алғаның мен қалдырғаның.

Ұттың ба, әлде ұтылдың?

Оны кейін білерсің.

Жинақтап барып барлығын,

Жеткенде, мәресіне өмірдің.

ЖЕТЕГІНДЕ КӨҢІЛДІҢ

Жетегінде жүріп көңілдің.

Бағалай алмай кейде біз­­­­‑

Дүниенің бар құндылығын,

Тағдырға налып кетерміз.

ЗАҢДЫЛЫҚ

Дүниеге жарық,

Әркім келеді.

Келген соң,

Заңдылыққа бір көнеді.

Кезегімен ол,

Әр кезеңнен өтеді.

Өседі.

Өнеді.

Өшеді.

Өледі.

Әр кезеңнің,

Бар өз өлшемі.

Біреуге көп,

Біреуге аз береді.

Әрбір жанға,

Өмірде ең керегі,

Іске асуы,

Арман еткен тілегі.

Үмітпен адам,

Өмір сүреді.

Орындалуын,

Арманының күтеді.

Біткенше несібесі,

Дүниеде жүреді.

Өседі.

Өнеді.

Өшеді.

Өледі.

НЕ КЕРЕК?

Дүниеге келгенде,

Кеткенде,

Адамға бар­‑жоғы,

Не керек?

Біледі оны әрбір жан‑

Екі‑үш құлаш шүберек!

Туар сұрақ,

­‑Тағы да немене?

‑ Басқа, ештеңе!

Келу мен кетудің,

Арасында өмір сүрудің.

Білуге құндылығын,

Түсінуге шын мәнің.

Жеткілікті, ойласаң,

Басы мен аяғын,

Өтіп жатқан өмірдің!

ИТ ҮРЕДІ

Керуен көшеді.

Ит үреді.

Көш жылжиды әрі.

Тым ұзақ барар жері.

Үрді деп ит,

Кетпейді кері.

Иттің бар тілегі.

Естісін деп иесі.

Болып оған дәмесі,

Өршелене түседі.

Керуен әрі жүреді.

Өз бағытын біледі.

Ит қанша үргенмен,

Барады өз жолымен.

Көш өткенше,

Көзден кеткенше,

Біткенше демі,

Ит үреді...

- - - - - - - - - - - - - - -

Жұрт итке күледі.

БАҚЫТ ҮШІН ЖАРАЛҒАН

Өмірге келген әр адам,

Бақыт үшін жаралған.

Лайықты болу оған,

Әр жанға басты‑ арман.

Жету үшін бақытқа,

Жолын оның іздемек.

Ұмтылған ол жарыққа,

Ұшып жүрген көбелек.

Іздер, талмай жетер жолды,

Болу үшін бақытты.

Ал, сол жолды анықтайды,

Әр адамның тағдыры!

ӨЗІҢМЕН

Кездеспесем өзіңмен,

Ғашықтықты білер мем?

Махаббатты сезе алмай,

Өмірде мен жүрер ем.

Кездескенде өзіңмен,

Шаттыққа мен бөленем.

Нұрлы сенің көзіңнен,

Жан шуағын сезінем.

Кездескесің өзіңмен,

Жалғыздықты сеземін.

Мазалайды тек бір ой‑

Eнді қашан көремін?

Өзіңді аңсап жүремін.

Білемін, сені сүйемін.

Болуға бірге өзіңмен,

Барлығына көнемін.

АЛЛАНЫҢ ІСІ

Жоспарлап, жобалап келісті,

Атқарар адам, талабымен әр істі.

Бар істер, келмейтін қолынан,

Шешуге, мүмкіндігі жоқ оған.

Ол‑араласалмайтын еш кісі,

Тек қана, бір Алланың өз ісі!

Сол себепті, таппай шара,

Үміт етер тек Аллаға.

Болcа, сондай іс-тосыннан,

Көнер адам оған, амалсыздан.

Біледі, төзеді оны әрбір жан,

Шешім ол‑қабылданған Алладан!

Болған іске көнеміз біз,

Бұл – Алланың ісі дейміз!

МАЛ МЕН ЖАН

Молынан жеп азығын,

Толтырып өз қарынын.

Күйсейді тойынған,

Төрт аяқты хайуан.

Даму менен жетілу

Қажет емес тіпті оған.

Бар ойы қарын толтыру,

Ертеңінде қайтадан.

Борыштармыз Аллаға.

Он сегіз мың ғаламда,

Сана берген адамға,

Жетілу мен дамуға.

Өміріңде әр бір жан.

Қорек алып санадан.

Жан азығын таппаса

Адам болып қала ма?

Тән үшін өмір сүрмек –

Хайуанша күйсемек!

КӨҢІЛ ҚҰСЫ

Алып ұшқан көңілге

Қанат бітер әркезде.

Қуаныш оты алаулап,

Жанса егер кеудеде.

Көңіл құсы самғайды.

Ұшудан еш талмайды

Қалықтап ол биікте,

Іздегенін таңдайды.

Көңіл құсы шарықта.

Шаршама сен самғауда.

Қанатында көңілдің,

Болайын менде аспанда.

ТІРЛІК­­­ – ТЕҢІЗ

Маза болмас адамда

Тірлік атты – теңізде.

Айдындағы дауылдың,

Екпіні ұрар әркезде.

Теңіз суы толқытады,

Айдындағы адамдарды.

Бірге соғар толқынмен,

Мазаланған адам жаны.

Қуалай келген әр толқын,

Аямастан соққысын.

Сынайды кеп әр жанның,

Адами оның болмысын.

Арасында ағынның,

Ізденуде жаны оның.

Таппаққа өз амалын,

Су бетінде қалудың.

Толқындардың ағыны

Бірге әкетіп барады.

Кезегімен кемітіп,

Санауы бар жылдарды.

Арпалысқан әр пенде.

Сапырылысқан теңізде.

Жаны барып жай табар,

Жағаға кеп жеткенде.

----------------------------

Соңғы демі біткенде.

ХАКІМ АБАЙҒА

«Қазағым қайран елім, қалың жұртым» -

Деп, соншалықты неге сен күңірендің?

Көңілің қалып достан да, дұшпаннан да,

Жеттің бе шегіне барлығынан түңілетін?

Мыңмен жалғыз алыстың жоқ кінә саған.

Түзеймін деп, халқыңды болған надан.

Түсінбейтін өзіңді ортада жетіп жатыр,

Болса да осы күні, дамыған жаңа заман.

Адам көп, дүниеге бой алдырған.

Бой алдырып «дүниені» мақсат қылған.

Бейнелері қәзір де сол қалпында –

Бір ұрты май олардың, бір ұрты қан.

Әлі де аз еліңде «толық» жандар.

Жүрегіңнің түбіне терең бойлар.

Саны топтың әзірше кемімей тұр -

Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлар.

Қарғалар жүр бүгінде қарқылдаған.

Алдыртпай биікті өздері ала алмаған.

Әдеттері баяғыдай, бәз қалпында,

Қыранды жабыла кеп табалаған.

Риза, маржан-сөзге халқың саған.

Қаласын ұстаз болып сен әрқашан.

Болашаққа жалғас жаңа ұрпаққа,

Ғибрат үнің жетер ғасырлардан.

Жүректен ыстық, жұртқа арнаған.

Қалмады сенде сөз айтылмаған.

Сөз түзедің жалықпай өз кезіңде,

Түзелер дейміз, уақыт өте осы заман.

- - - - - - - - - - - - - - - - - - - - - -

Кетпесе елдің ырқы өз қолынан.

КӨКЖИЕКТЕР

Шексіз мынау жаһанда.

Өмір атты сапарда.

Көк пен жердің арасын,

Көкжиектен табасың.

Көрінбейтін күшке ұқсап,

Тұр ғой олар көкті ұстап.

Көзден кетсе көкжиек,

Қалады ғой аспан құлап.

Көкжиектер – армандар,

Адамдарды алға бастар.

Көкжиегі соңғы олардың -

Жеткені шегіне тағдырдың.

УАҚЫТ – ӨМІР

Арқаны кеңге саласың

Өмір сүру, деп бақыт.

Өкініп кейін қаласың,

Кеткесін өтіп уақыт.

Өмір деген уақытпен,

Сәттер болып тізілер.

Әрқайсысы кезекпен,

Өтпейтіндей көрінер.

Өткен шаққа наларсың,

Мәнсіз кеткен күндерге.

Уақытты қайдан табарсың?

Үлгермеген істерге.

Жоқ пен бардың арасын

Қай кезде сен сезерсің?

Барлығының бағасын,

Жоғалтқанда білерсің.

Дөңгеленген дүние,

Тоқтамас әрі бір сәтке.

Уақыт өмір емес пе?,

Жаратсаң оны кезінде!

КЕЙУАНА

Жалғыз, көптің арасында.

Отырсын қамығып кейуана.

Еңсен түсті неліктен,

Қалды ма көңіл барлығына?

Аппақ болған самайын,

Мандайдағы əр əжім.

Қалдырды ма, өз ізін –

Тауқыметі тағдырдың?

Түсті ме еске құрбыларың,

Кеткен өтіп арадан.

Түңілдің бе əлде, балаңнан,

Ақ сүтіңді ақтамаған?

Орындалмай көп арман,

Шаршатты ма бұл жалған?

Сүйенерге болмай жан,

Тілеу тілеп Алладан.

Көңілді көтер, кейуана,

Алда, беріп, аларында.

Қиындықта, есте ұста,

Жұмақ сенің табаныңда!

ҮЗІЛГЕН ЖАПЫРАҚ

Барады ауада қалықтап,
Қоштасқандай, қол бұлғап.
Өскен жерін қимай бірақ,
Үзілген көк жапырақ.

Желмен кетті жапырақ,
Алыстағы қырды асып.
Бүршік ашқан ортасы,
Теректе қалды шуласып.

Неге дейміз, бұл қалай,
Ерте үзілді, сарғаймай?
Тудырады көп сұрақ,
Үзілген көк жапырақ.

Кейде, дұрыс сұраққа талай,
Қаламыз, жауап таба алмай...

ЖАН ЖЫЛУЫ

Бізге керек,

Ыстық жүрек.

Жалынымен,

Жылытуға жандарды.

Жан жылуы,

Оның нұры.

Жүректен тек,

Жүректерге тарайды.

Құйылған нұр,

Тауып құбыр.

Мың тамырмен,

Тұла бойды орайды.

Нұрға оранған,

Бақытты жан.

Мейіріммен,

Нұрландырар талайды.

Нұрланған,

Көп болса жан.

Шуағымен,

Нұрлы əлем жасайды.

Алла соны қалайды.

САЛЫСТЫРУ

Аспанда ай, жерде сен.

Екеуінді теңесем.

Өкпелемес толған ай,

Маған артық сен десем.

Ай алыс, ол ортақ,

Жарық төккен қараңғыда.

Сәулесі айдың керек емес,

Болғанда сәулем, сен жанымда.

АТА ТҮРІККЕ

Сұрапыл соғыс, қанды майдан.
Айналаң тұтас, от пен оқ.
Төбеде биік, жеке тұрған,
Дəл қазір саған, қатысы жоқ.

Сəл бүгіліп, күйзеліп қатты.
Тұрсын ойға терең бөленіп.
Арқалап бар ауыртпалықты.
Қалдың ба, сол үшін бөгеліп?

Сəл бүгілдің, сəл бөгелдің.
Табуға қиындықтың шешімін.
Көрсетіп қабылет, жігер-қайрат,
Алға бастап, жауды жеңдің.

Суреттегі ерекше осы бейне.
Жігер берер жаңа жеңістерге.
Түбірі бір, тарихы ортақ,
Біртұтас түркі дүниесіне.

ҚҰМДАҒЫ ІЗ

Құмдағы із,
Қазір барда, болмас кейін.
Ұйытқыған жел,
Жасайды өз дегенін.
Қозғалар желмен,
Қоршаған бар айнала.
Көреміз əп-сəтте,
Құм даланы өзгерткенін.

Көп ұсақ тас,
Қосыла алмай бастары,
Соққан желмен,
Кейпі өзгеріп тұрады.
Жиынтығы,
Қиыршық тастардың .
Бола алмас,
Қалған іздің тұрағы.

Құмдағы із,
Уақытша, біліңіз.
Қалар басса,
Жерде басқа, іздері өзгенін.
Қалмайды ізі,
Құмды ұзақ кезгеннің.
Айнала құм, алда сағым-
Бағыты құмда жүргеннің.

ӨМІР ЖОЛЫ

Біз басқан,
Əр қадам.
Жүргізер жолмен,
Өзіміз қалаған.

Бір емес,
Екі емес.
Түсірер сынаққа,
Алдағы мың белес.

Кейде ұтыс,
Кейде ұтылыс.
Қайталар кезекпен,
Жалғасып, бұл үрдіс.

Жүреміз,
Боларын білеміз.
Тағдыр соқпағымен,
Бір ізге түсерміз.

Бұл жалған,
Кімдерден қалмаған.
Келгенді кетірер,
Күнделікті ортадан.

Жол көрсетіп тұрады,
Өмірдің бұл өз заңы.

НЕМЕРЕГЕ


Бұрын сонды болмаған,
Дүниеде сен жаңа адам.
Енді келдің өмірге,
Үмітіміз көп саған.

Ұзақ уақыт сағынған.
Қуанышқа туылған.
Немереміз өзіңсін,
Əулетті жалғаған.

Риясыз сенің күлгенін,
Қуанышқа бөлегенің.
Артыруда маңызын,
Өтіп жатқан күндердің.

Қуанта бер əрдайым.
Қолдасын əркез құдайым.
Аманатын бабалардың,
Саған енді табыстайын.

Кір келтірме əулетке.
Еңбекпен жет дəулетке.
Мақтаныш болу еліне,
Басты мақсат емес пе?!

Тілейміз саған зор бақыт.
Тілейміз саған денсаулық.
Биік сенің табысына,
Жүрейік біз қуанып.

Жалғаушысы болатын,
Дамуында адамның.
Ең маңызды өмірде-
Үзілмеуі ұрпақтын!

МЕН КЕЛЕМІН


Мен келемін, ізімен бабалардың.
Азық қылып, олардың қалдырғанын.
Өмірде, бар ісіммен дəлелдеуге ,
Ізің жалғар, лайықты ұрпақ барын.

Мен келемін, алып бағыт, жетілуге.
Өмір мəнің, толығымен түсінуге.
Дұрыс бағыт, ізгі ниет негізінде,
Əлемді бұдан жақсы өзгертуге.

Мен келемін, өз ізімді қалдыруға.
Алған ойға, істерімді болдыруға.
Жылуымен жүректін, ізгілікпен,
Айналама , нұрлы орта тудыруға.

Мен сеземін, қаталдығын өмірдің.
Бөлісемін, мұң- қайғысын əркімнің.
Болмас арман, тірлікте əр жан,
Өткізсе егер, қуанышта əр күнің.

Мен сенемін, барлық адамдарға.
Əрқайсында, абырой, ар барына.
Ауытқымаса адамдықтан əрбір жан,
Қайырлы заман, күні ертең туарына.

Мен білемін, өмір уақытша екенін.
Қас қағымда, оның жылдам өтерін.
Сондықтан да, аянбай еңбек етемін,
Артылсын деп, алғанымнан берерім.

Мақсатым жоқ, мансапқа жетуге.
Жинап дүние, байлыққа кенелуге.
Арман етем, алдағы өз жолымды,
Абыроймен, өкінішсіз өтіуге.

Мен кетемін, бір күні, келмеске.
Уақыт жетсе, тірі жан өлмес пе?
Орындалар, өмірдегі бар мақсат,
Кейін мені, жақсы сөзбен, алса еске.

ЫМЫРТ


Келеді түсіп қараңғы,
Келеді ымырт.
Түнекке бөлеп ортаны,
Орнатуда тыныштық.
Қоршаған бар айнала,
Көңілі болмаса да,
Жан -жақты,
Өзгеріске қамдануда.
Қабылдай алмай,
Кеңістіктің өзгергенін.
Айыға алмай, жарығынан,
Өткен күннің.
Бар орта,
Жағдайға жаңа,
Таппай шара,
Амалсыздан,
Мойынсұнған.
Күшіне еніп,
Қара сұр ымырт.
Айнала болды,
Тыныссыз, жым-жырт.
Шығармай үнің,
Тосуда түсуін,
Түнерген түннің.
Қараңғылықтын келуін.

КӨҢІЛ


Өмірде ауысым- өлара,
Өзгеріп жатқан айнала.
Жай таба алмай ортада,
Ізденген көңіл беймаза.

Өмірде, болар- болғанға,
Əдетте, көңіл толған ба?
Тəуелді боп өтер көңіл,
Тұрлауы жоқ жалғанға.

Кеткесін ойнап найзағай.
Өткесін күн күркіреп.
Сейілген сұр аспаннан,
Жауып тұр жауын, сіркіреп.

Түнерген бұлттар кетсе де,
Нөсерге өткен, болып себеп.
Тыныштық тосқан жанымды,
Тамшылар тұр əлі, себелеп.

Берші маза, жаныма менің,
Тиіп жатқан, əр тамшы.
Жайымен соққан жүректін,
Жиілігін сен, бұзбашы.

ТАҢ

Бозарған таң, елен-алаң.
Алыстан қыйылып Ай қараған.
Көкжиектің көтеруде шымылдығын,
Жаңа Күн, арайланып келе жатқан.

Келеді көтеріліп, туған Күн.
Айналасына шашып нұрлы шуағын.
Күтуде оны қуана , бар тіршілік,
Əкелет деп, бұл əлемнің жарығын.

Жаңа күн, бізге тағы не сыйлар?
Кім болса да, ертеңіне алаңдар.
Іште сақтап, əркім өз үмітін,
Тосады, тек жағымды жаңалықтар.

БАҚЫТ ТУРАЛЫ


Өтіп жатқан өмірде,
Бақыт деген немене?
Арман еткен əр адам,
Мəнің оның біле ме?

Өз бақытын іздеген.
Мақсат етіп көздеген.
Оңай емес бар жұртқа,
Жауап айту бір сөзбен.

Жөн мұны əркім білгенге,
Қанша адам бар əлемде.
Бақыт жайлы түсінік,
Ол да , сондай көлемде.

Қабылдауға, бар адамға.
Жауап іздеп, ойланғанға.
Нағыз бақыт сол емес пе -
Бақытсыздық болмағанда!

МҮМКІНДІК


Өмірдің əр кезеңі:
Жастық, орта жас, кәрілік.
Кезегімен үшеуі,
Құрайды оны, бірігіп.
Жастық-енді келдің өмірге,
Қызығын оның көруге.
Орта жас-түсінуге өмірдің мəнің .
Сезінуге бар салмағын .
Жеткенде саған Кəрілік,
Туар жаңа мүмкіндік!
Барар жолдың алдында,
Алламенен сырласуға.

ЖАН МЕН ТӘН


Жарлығымен Жаратқанның, дүниеге адам келерде.
Тəндегі жан құйылар, сырттан жансыз денеге.
Сол сəтте қосылар, адамда жан менен тəн.
Жүру үшін бірге, жазылған тағдырдың жетегінде.

Жан менен тəн, бір-бірімен жақын қабысқан.
Алға сүйрер адамды, уақытпен жарысқан.
Уақыт жалғастырар, мəңгілікке өз жолын.
Ал адам жүріп өтер, өлшеп берген ғұмырын.

Дене-құты, уақыт өте кетер сыры, кетер сыны.
Жетсе мезгілі, сынар бір күні, құты шыны.
Іштегі жан бөлініп, сол кезде шығар сыртқа,
Жаратқанмен қайтадан, мәңгілік қауышпаққа.

СҰРАҚҚА ЖАУАП


Не айтар ең, жолықсан сен Алламен?
Журналист сұрайды, кейіпкерден...
Маңызы зор, оңай емес, осы сұрақ,
Əр адамды, əр қалай ойландырмақ.

Біледі жұрт, бір Жаратушы бар екенің.
Тағдырын бар адамның шешетұғын.
Тəубесіне келтірген, асып-тасқанды.
Жарылқаған, өзі сүйген жандарды.

Туып жатса , осындай ұлы мүмкіндік.
Жүздескен жан, үнсіз қалмас, ол анық.
Жауабы болар, əр адамның, əр түрлі,
Жағдайына, мансабына байланысты.

Бар əлемді бір жүйеге бағындырған.
Жаратқанға, мен өзім, не айта алам?
Мүмкін болса, айтар ем, мен Аллаға,
Рахмет деп, өз басым, Сен барына!

ЖАПЫРАҚТАР


Сырласады ағаштағы жапырақтар.
Желмен жеткен жаңалықты бөлісіп.
Білгенің жайып, біріне-бірі ақтарылар,
Самал желмен бірге еркін көсіліп.

Соқпаса жел тұнжырайды жапырақтар
Сырын ашпай, сыбырласпай өздері.
Себеп керек, оларға ой қозғалтар,
Болмаса жел, болмайды айтар сөздері.

АДАМ- ҒАЛАМ


Əр адам, бір ғалам.
Бойында оның тоғысқан.
Қайшылықтар үнемі,
Бір-бірімен алысқан.

Бар олардың дұрысы.
Бар олардың бұрысы.
Анықтайды оларды,
Əр адамның болмысы.

Біле алмай дұрысын.
Қабылдауға шешімін.
Тұңғиықта беймәлім.
Қиналады жаны оның.

Көрнісі мынау ғаламның-
Жан дүниесі адамның.
Сырын оның ашуға,
Жетпейді əлі сананың.

Бар екенің жұрт біледі.
Бұл ғаламның екі тірегі.
Жол көрсетер адамға,
Ақылы мен жүрегі.

Мақсатын адам көздейді.
Жету жолын іздейді .
Арман қуып əлінше,
Үмітін еш үзбейді.

Талпынады ол алға.
Сенім артып арманға.
Жай таппай жаны өтеді,
Тұрақсыз мына жалғанда.

Əр адам, бір ғалам.
Жаралған Алладан.
Əр жанның ішкі əлемі,
Қайталанбас ешқашан.

ТАБИҒАТТАН ТАҒЫЛЫМ


Таулардан құлап су ақса,
Өзен болып жайылар.
Көңілі кімнің кем болса,
Кең дүние тарылар.

Ылғалға түскен əрбір дəн.
Жайқалып кейін өседі.
Жігерсіз өскен кейбір жан.
Жанбай жатып өшеді.

Алма ағашы гүлдейді.
Жұртқа беріп жемісін.
Адамдарға меңзейді,
Табиғаттың үлгісін.

Арайлап атқан əрбір таң,
Жалғастырар өмірді.
Қара басты ойлаған,
Жарылқамас ешкімді.

Шуағын төккен күнменен.
Дамиды бар тіршілік.
Басқаларды күндеген,
Адамдар əлі баршылық.

Өзіне тəн заңдармен,
Үйретеді бізді табиғат.
Қабылдаса оны жүрекпен,
Дамиды дұрыс адамзат.

Үйлестіруге барлығын,
Басқанда əр қадамын.
Қажет өміріңде адамның,
Табиғаттан тағылым!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар