Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлзада Ниетқалиева: Досым сені сағынып жүрмін...

24.10.2017 7607

Гүлзада Ниетқалиева: Досым сені сағынып жүрмін

Гүлзада Ниетқалиева: Досым сені сағынып жүрмін - adebiportal.kz

Теңіз

Теңіз тулады,

Ақжал толқындарымен жағаны жуғаны!

Көкке шапшыды жаны тыншымай,

Ақ көбіктерін аспанға бұлғады!

Желмен кеңесті,

Дауылмен егесті!

Өксікке шыдамай, көкке ұшты, буланды!

Жаны уланды!

Теңіз толқыды,

Айғыржал толқыны

Жолындағыны басып-жаншып,

Өз қалыбын тарсынды!

Омыраулап, өрекпіді,

Өксіп жатты ерек бүгін!

Аспанға айтуы керек мұңын!

Теңіз тебіренді,

Көк Тәңірге еміренді.

Жеткісі келді ана-а-а-ууу бұлттарға,

Ал бұлттар теңіз сырын ұққан ба?!

Теңіздің алапат тұңғиығынан,

Жанына дерт боп мұңы ұйыған!

Мылқау жалғыздықпенен

Қол ұстасқанда

Жол түсті аспанға!

Тамшысы бу болып,

Заты су болып,

Татқаны у болып жылады теңіз,

Қайда барады шеңберден қашқанда?!

Теңіз тереңдігімен,

Тереңіне жасырылған ерен жүгімен

Тұтқын боп келіпті терең шыңырауға!

Өксімей бір сәтке тыным ал да,

Көтеріл көкке деді,

Бұлттар айдынына мұнартып.

Теңіз тереңіне жүк артып,

Ақжал толқынын шұбалтып,

Толқыды бір басыла алмай,

Тар қалыпқа налығанын жасыра алмай!

Жел тынды,

Тынды теңіз солқылы,

Ақжал толқыны

Жеңілгенін мойындап,

Құр сүлдесімен

Өбіп жатты жағаны...

Жалғыз еді, терең еді себебі...

Тереңдіктің қиын еді төлеуі...

Тас жағалау міз бақпай

Жүрегін сыздатты-ай!

Жанын түсінбей,

Көз қиығын түсірмей,

Толқындарды итерді кейін,

Тасты өпкен толқынға мен не дейін?!

Тұрдым аяп теңізді,

Жанымыз егіз-ді.

Теңіз бірақ танымады...

Танымады...

Тау шыңы

Тау шыңының сырын ұқтым,

Бұл дүниедегі ұлылықтың,

Қымбат екен құны тіпті!

Биік болып көрінгенмен ғаламат,

Жалғыздығы жан жүрегін жаралап,

Етектегі көп төменге өзіне тән асқақтықпен қарап ап,

Биіктіктің құнын тұрар бағалап!

Тау шыңының сырын ұқтым,

Құрсағында қар мен мұз аралас,

Жандүниесі мұздағанға,

Жан жүрегі сыздағанға қарамас!

Жатады екен мәңгі мұздың жөргегінде жалаңаш!

Төмендегі көп ағаш, емен, шырша аралас,

Қарағай мен қарағаш

Мұзарт шыңға ық болуға жарамас!

Тау шыңының сырын ұқтым,

Биіктігі қасіреті сірә да,

Төмендегі көптер оның жалғыздығын ұға ма?!

Биік қылып жаратқасын

Асқақ болып көрінеді,

Көпке ұна, әлде тіпті ұнама!

Мұңын жұртпен бөлісе алмай,

Басын изеп, келісе алмай,

Биік болу қасіретін көтеріп тұр қарашы,

Ұлылықтың қымбат нарқы, бағасы!

Өміріңмен төлей алсаң,

Бақытқа елді бөлей алсаң

Сонда ғана тау шыңы боп қаласың!

Тау шыңының сырын ұқтым,

Жалғыздықтың дерті оған жабысқан,

Биігінде қалу үшін пенделікпен алысқан!

Тым ерекше көрінеді алыстан,

Тым бақытты көрінеді алыстан!

Мұңды елемей көкіректі жанышқан,

Биік болып қалу үшін

Мәңгілікке жалғыздықпен табысқан!

Тау шыңының сырын ұқтым,

Іздеп жанға жылылықты,

Білдірместен жылап алып,

Баурайынан сондықтан да жатар мұздай бұлақ ағып!

Көз жасы ол ұлылықтың,

Көз жасы ол қасіреттің,

Көз жасы ол жалғыздықтың,

Көз жасы ол биіктіктің!

Асқақ болып тұрады анық,

Әлсіз жерім бар екенін білмесін деп мына халық!

Тау шыңының сырын ұқтым,

Сырласады ол аспанменен,

Көкірегін мәңгі қар мен мұздақ жаншып, басқанменен,

Ақ бұлттарға сырын айтып,

Сөйтіп оны бір мұңайтып

Жатар шың!

Нөсер жуар оның жасын,

Бұлттар сүйер қарлы басын,

Сыр мұңдары бір болғасын,

Жүрегіне жыр толғасын!

Соның бәрін ақ нөсермен селдетіп,

Көздің жасын көлдетіп,

Басылады.

Асқақ қарап шың тұрар,

Беймаза мұң көкіректі ұрғылар:

Бұлақ болып шың жылар,

Биіктіктер, олар Ұлы мұңдылар!

Сол мұңымен, жалғыздықпен құндылар!

Асқақтықтың өлшеміндей шың тұрар...

Аттану

Әмірхан Балқыбектің қазасына

Дәуірді мынау басып озамын:

Сұмдығын соңға қалдырып.

Жүректің тамған жасы – тозағым,

Тәрк етем!

Естен тандырып!

Қоғамды мынау талақ етемін,

Мекерлігімен алдаған...

Асқақтығыммен қарап өтемін:

Түсінер мені таңдағы ән...

Аяқ басқанда...дәуірге жаңа-

Қулығың онда өтпейді!

Жас алып қарар... қабірге Дала:

Арманшылсың деп сөкпейді...

Алыс-берістен кетемін шалғай,

Кетемін сіңіп... сағымға...

Жұлдыздар жырды жетегіне алғай -

Жәудіреп тұрған... жанымда...

Қанат байладым...

Еркіндігіме,

Бәрі де енді... сөз емес...

Жүректе қайғы ... серпілді міне:

Зар мен мұңды айтар кез емес...

Мендейлер сонау бағзыда өткен

Ұшам деп қанат тағынып...

Қуанышқа биыл тапшы ма көктем:

Алдады жанды тағы үміт...

Көкті аңсап Гомер ғарышқа сіңген,

Омар – арманға мас болып...

Қасымың Жерден алыстап күлген:

Қараймын көзге жас толып...

Абайдың сөзі саңқылдап көктен,

Лауазым, байлық тең бе оған?!

Сарала қазым, қаңқылдап жеткен

Құсжолында... мұң... мен болам...

Дәуірден мынау... асамын алға,

Сөз емес бөгет, кеңістік!

Елес боп келіп таза бір таңда,

Оятам, өлең,

Келістік!

Мен кеттім!

Қош бол, Жердегі тірлік,

Бодан боп жаным қала алмай...

Шыңғыртып жанын Сендегі сұмдық:

Ай да тұр көзін ала алмай...

Азатпын!

Сағыныш

Досым сені сағынып жүрмін!

Бұлттардың сағынғанындай аспанды,

Қыранның сағынғанындай асқарды,

Көбелектің сағынғанындай шырақты,

Шілденің сағынғанындай бұлақты...

Даланың сағынғанындай самалды,

Зағиптың сағынғанындай жанарды...

Толқынның сағынғанындай жағаны,

Көктемнің сағынғанындай даланы...

Аптаптың сағынғанындай жаңбырды,

Іңірдің сағынғанындай таң-нұрды!

Қаңтардың сағынғанындай күн көзін,

Жүректің сағынғанындай шын сезім!

Өзіңді сағынып жүрмін, жан досым!

Гүлзада Ниетқалиева

Атырау қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар