Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қ мен Q-дің айтысы немесе латын қарпіндегі төл әрі...

27.10.2017 6228

Қ мен Q-дің айтысы немесе латын қарпіндегі төл әріптер

Қ мен Q-дің айтысы немесе латын қарпіндегі төл әріптер - adebiportal.kz

Қандай жазу болмасын, ол жазу ең алдымен сол тілдің ұлттық сипатын сақтауға қызмет етуі керек. Яғни, қазақ жазуы қазақ тілінің ұлттық сипатын көрсете білуі керек, сыртқы әсерді игеріп алу қабілетіне ие бола алу керек. Сонда ғана ол жазу, ол тіл қолайлы әрі өміршең бола алады.

Әріп – дыбысқа берілген шартты таңба болса, дыбыс – сол әріптің өмір сүру формасы. Бір ғана дыбысты бірнеше таңбамен өрнектеуге болады. А.Байтұрсынұлы өзінің «Тіл - құрал» атты еңбегінде: «Дыбыс таңбасын қарып деп атаймыз. Дыбыс пен қарып екеуі екі басқа нәрсе. Дыбыс естілетін, көзге көрінбейтін нәрсе. Қарып көрінетін, естілмейтін нәрсе. Осы екеуін шатастырмасқа тиіспіз» деп ескертіп кеткен. Бұл пікірден сөздің жазылуынан айтылуы маңыздырақ екенін айқын ұғынуға болады. Айталық, біз күнделікті өмірде жазудан гөрі көбірек сөйлейміз, көбірек тыңдаймыз. Тіпті іштей ойлау, оқу, жазудың өзі де тікелей дыбыстарды іштей айтумен байланысты.

Олай болса, латын қарпіне негізделіп жасалып жатқан қазақ жазуы қандай? Төл әріптеріміз қалай таңбаланып жүр? Берілген таңба сол әріптің мәні мен мазмұнына, яғни дыбыстық жағына нұқсан келтірмей ме? Осы сұрақтарға күні бүгінге дейін ұсынылған жобалардағы төл әріптерді салыстыра отырып, бірге жауап іздеп көрейік.

Ағылшын тілінде 26 әріп, 44 дыбыс; француз тілінде 26 әріп, 36 дыбыс; неміс тілінде 26 әріп, 42 дыбыс бар. Қарап отырсақ, латын қарпіне негізделген шет тілдерінде әріптердің саны бірдей болғанымен, дыбыстардың саны әртүрлі. Неліктен? Өйткені әр тілдің дыбыстау жүйесі әртүрлі болғандықтан да, дыбыс саны бірдей болмайды. Аталған тілдердің үшеуі де үнді европа тілдерінің қатарына жатады, яғни генеологиялық тұрғыдан туыс тілдер болып есептеледі. Демек, генеологиялық тұрғыдан туыс емес, үнді европа тілдерінің қатарына жатпайтын, алтай тілдерінің тобына енетін қазақ тілінде әріп санының да, дыбыс санының да әртүрлі болуы – заңдылық. Себебі, қазақ тілі түркі тілдерінің қатарына жатататындықтан оның табиғаты бөлек болып келеді. Сол себептен қазақ тілі дыбыстарын толық сипаттап беретін латын әліпбиіндегі таңбалардың шектеулілігіне байланысты кириллицада қолданылып жүрген қазақтың төл дыбыстарын (ә, қ, ғ, ң, ұ, ү, ө) сол күйінде қалдыруды жөн көреміз, дұрыс деп есептейміз.

Мектепте оқып жүрген кезімізде оқытушылар әліпбиді жиі жатқа айтқызатын. Әріптерді дұрыс дыбыстамау тілге де өз әсерін тигізбей қоймайтынын сол кезде шегелеп тұрып түсіндіріп еді. Қазір сол кезең есіме түсіп отыр. Мысалы, қазіргі жас буын қазақ тіліндегі «е» дыбысын орыс тіліндегі «э» дыбысымен айтуды сәнге айналдырып жүр. Бұл өзге шет тілдерінің әсері ме әлде өз тілін менсінбеушілік пе? Әйтеуір, қазіргі жастарда, әсіресе қыз балаларда мен-ді мэн, сен-ді сэн, келем дегенді кэлэм деп айту әдетке айналып бара жатыр. Бұдан шығатын мәселе тілімізде артикуляциялық, акустикалық құрамы өзінше е дыбысын өзге тілдегі э дыбысымен алмастырып айтып жүргенде, мұның кесірі қазір жасалып жатқан әліпбиіміздегі Қ (қы) дыбысын Q (к, ку, кв) дыбысына айырбастап жібермей ме?! Бізді толғандырып жүрген мәселе осы.

Қазақ жазуын латынға көшіру дегеніміз қазақ әріптерін латын әріптерімен айырбастай салу деген сөз емес. Себебі латын әліпбиіндегі әрбір әріптің қалыптасқан өзіндік дыбыстау жүйесі бар. Сол сияқты қазақ тілінде де өзіне тән төл дыбыстары бар. Осы төл дыбыстарды таңбалауда, сол таңбаның дыбыстық мазмұнына нұқсан келтірмейтін жағын қарастыруымыз керек. Соның бірі – Қ дыбысы. Қ дыбысы, ол – қазақтың тілі, қазақтың үні, қазақ елінің ұлттық сипатын ашатын төл әріптеріміздің ішіндегі бірегейі. Қ дыбысы ұсынылған жобаларда Q әріпімен таңбаланып жүр. Q әріпі ағылшын тілінде ку, кв; француз тілінде ку, к деп дыбысталады. Тіл үйрену барысында Қ дыбысын дыбыстауда мұның әсері бола ма? Түрік ағайындар не себепті Қ-ларын ұмытты? Қазақ тіліндегі Қ дыбысы Q дыбысына жұтылып кетпей ме? Біз де түріктердің күйін кешіп жүрмейміз бе?! Осы жағына бір сәт көз жіберсек, Мысалы, француз тіліндегі que, quand, question сөздері кү, кяңды, кестион деп жіңішке, жұмсақ айтылады. Ертеңгі күні quqyq деп жазылған құқық сөзін өзге ұлт өкілдерінің кукык, кукук деп оқымасына кім кепіл?! Қазір ағылшын тілінің қазақ тілімен қатар жүретіні де бастауыш сынып балаларына әліпбиді үйрену кезінде психологиялық жағынан қысым тудыруы, сондай-ақ өзге ұлт өкілдері Q әріпімен таңбаланған қатаң қы-мызды к деп оқып дыбыстауы бек мүмкін.

Латын әліпбиіне негізделген қазақ тілінде Қазақстан сөзі Qazaqstan деп жазылып жүр. Ал, бұл сөз ағылшын, француз, неміс тілдерінде Kazakhstan деп жазылады да, өздерінің дыбыстық жүйесіне сәйкес түрліше айтылады. Меніңше, Қ-ны Q-мен белгілеу үлкен қателікке ұрындырады. Өз тілін енді үйреніп келе жатқан шала қазақтарымыз тілін сындырып жүргенде Қ-ны мүлдем ұмытып, ал қазақ тілін үйренуге келген өзге ұлт өкілдері дыбыстық жүйесінде мүлдем жоқ Қ-ны айта алмай, айтса да санасында жатталып қалған Q дыбысымен шатастырып, ақырында Қ-мыз өзінің дыбыстық жүйесіне тән қатаңдығынан айырылып, түріктердің юмшак к-сы құсап жұмсарып кетуі әбден мүмкін.

Бір дыбысты бірнеше таңбамен өрнектей беруге болады. Мысалы, Ә әріпін төбесіне нүкте қойдық (Ä), жоғарғы жағына апостроф (А’) қойдық, қосар дыбыспен (Ae) белгіледік, алайда ол Ә әрпінің үнін шығара алмаса, ол қазақтың әліпбиі бола алмайды. Айталық, ае қосар дыбысымен берілген Ә дыбысын ешкім Ә деп, saebiz-ді сәбіз деп оқыған жоқ қой. Сол сияқты Ө-ні О-ның төбесіне екі нүкте қойып диакретикамен, жоғары жағына үтір қойып апострофпен, ое қосар дыбысымен жазып диграфпен белгілегенше, сол О-ның ортан белінен неге сыза салмаймыз?! Диакратика, диграф, апострофтардан латынның иісі шығып тұрғанын білеміз, алайда Ө-ні Ө ғып тұрған, яғни қазақ тілінің иісін шығарып тұрған сол ортасындағы сызық қой. Қ дыбысы – сөздің барлық позициясында кездесетін актив дыбыстардың бірі. Әзірбайжандарда ә дыбысы өте актив қолданылатынын жақсы білеміз. Олар да бастапқыда Ә-ні Ä-мен белгілеп, кейінірек ә дыбысының әзірбайжан тіліне тән әуезділігінен айырылып бара жатқанын сезген соң, Ә дыбысын латын қарпінің қатарына енгізген. Француз тілінде де біздің тілімізге ұқсас ү, ғ дыбыстары бар. Алайда, сөйлеу барысында ол дыбыстардың біздікінен басқаша айтылатынын айқын сезесің. Сондықтан да әліпби жасау барысында төл дыбыстарымыздың артикуляциялық ерекшелігін ескеруіміз шарт. Өзге ұлт өкілдеріне латын қарпіне негізделген қазақ алфавитін үйретуде әрбір төл әріптерімізден қазаққа ғана тән ерекшелік айқын сезіліп тұруы керек. Сонда ғана ол әліпби қазақтікі бола алады.

Біздің мақсат – қазақ тілін латын әріптерінен тұратын ағылшын әліпбиіне көшіру емес, қазақтың үні, қазақтың иісі шығып тұратын әліпби жасау. Ал қазақтың үнін шығаратын, ол – қазақтың төл дыбыстары. Сондықтан да қазақтың төл дыбыстарының үні шықпаған жерде қазақтың да, қазақ тілінің де үні шықпайды.

Нұрбекова Айнұр Жомартқызы «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар