Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ұлы тұлғалардың ақырғы сөзі...

01.11.2017 9216

Ұлы тұлғалардың ақырғы сөзі

Ұлы тұлғалардың ақырғы сөзі - adebiportal.kz

Сүйікті жазушым Иван Буниннің «Ежелгі адам» әңгімесінде жүз сегізге келген қарттың биттеп өлуден қорыққан тұрпаты сарказммен әдемі берілген еді. Езу тартқамыз. Жер бетіндегі барлық саналы тұлғаны алаңдатқан ортақ сұрақ осы: Қалай өлеміз? «Өмір дегеніміз - өлімге кезекке тұру», - деген Гитлердің аянышты тағдыры, өлер алдында әйеліне «қайырлы түн» тілеп, бөлмесінде атылып өлген Хэмингуей ғұмыры алаңдатарлық. Немесе Александр Блоктың жан тапсырар алдында «мен өте шаршадым..» дегені кейде қызық көрінеді, өзіме. Баяғы шалдарға жүгінсек: "Илла-Алладан пайда бар, білмеген құлға не айла бар, барар жерің қараңғы, шамшырағыңды сайлап ал», - дейді. Шын мәнінде, ізгілік пен зұлымдықты, жақсы мен жаманды, сенім мен сергелдеңді айырып жүрген адам ұғлының бір сәтте «хорошое телоға» айналып шыға келетіні қалай? Бақас ғұмырда, көңілден көкала үйректей «қош» айтып жан шығарда тұлғалардың ақырғы сөзі не болмақ? Өмірінің соңғы сағаты соққанда не есіне түспек?

Оқырман қауымға белгілі тұлғалардың өлім сәтіндегі арпалысы, ақтық сөзі хақында аз-маз сөз шығаруды жөн көрдік.

Рюнеско АКУТАГАВА

Акутагава жапон прозасын жаңа әлемдік биікке шығарды. Алайда небәрі отыз жасында жазушы өзді-өзін өлтіру жайлы ойлардың шырмауына тұтқындалды.

1927 жылы шілдеде «Нақұрыстың өмірі» атты автобиографиялық эссесін бітірді. Мұнда:

«Адам өмірі Бодлердің бір тармағына тұрмайды..., - дейді. Әрмен қарай: - Мен өлім жайлы армандамаймын, бірақ өмір сүру жалықтырады..», - деп жалғайды.

Жиырмасыншы шілдеде Акутагава «Нақұрыстың өмірін» студент кезінен таныс досы, жазушы Кумэ Масаоға жібереді. Араға төрт күн салып жиырма төртінші шілдеде ұйықтататын дәрінің өлімге апарар дозасын ішеді. Отыз бес жасында көз жұмады. Масаоның адресіне «Ескі досыма хат» атты өсиетнама қалдырды. Оның басты бөлімі былай аяқталады:

«Мен өзгелерге қарағанда көбірек сүйе алдым, түсіне алдым. Мен кешкен барлық қайғы мұңға қарамастан, мұның өзі көңіліме демеу.. Ұғыңдар, өмір бұл - соғыс. Өлімге бастайтын..»

Джозеф АДДИСОН

Аддисон бүгінде журналистиканың пионері болып саналады. Досы Ричард Стилмен күн сайынғы «Бақылаушы» журналын бес жүз елу бес етіп шығарды. Өз журналына Аддисон еркін әм алғыр жазды, мәселен:

«Табиғатта әйел қалпағынан артық өзгергіш нәрсе жоқ..»

«Егер бұл сандырақ болмаса, мұны музыкаға салып қажеті жоқ...»

«Біз әр кез ұрпақ үшін бірдеме жасаймыз, алайда мен кейде ұрпақ бізге не жасайтынын көргім келеді.»

1716 жылы Аддисон Уорвикке үйленді, Уорвиктің бірінші некеден он сегіз жасар Эдмунд есімді ұлы болатын. Әйелін жұрт тәкәппар билікшіл санады, ал Эддисон бұзақы, қаңғыбас болды.

Жазушы некеде ұзақ болмады, 1719 жылы 17 шілдеде, 47 жасында қайтыс болды. Өлер алдында мүлде бейберекет, қамсыз ұлын шақыруды өтінді, ұлының қолын бар жігерімен қысып:

«Қара, ұлым, христианның қандай бейғамдықпен өле алуға қабілеттілігін», - дейді. Бұл оның ақырғы сөзі болатын.

Артюр РЕМБО

Артюр Рембоның алғашқы өлеңі 1870 жылы жарық көрді. Соңғы өлеңі он тоғызға толмай тұрып 1973 жылы жазылды. Оның қалған ғұмыры саяхатшылықпен, саудагерлікпен өтті. 1880 жылы экзотикалық мекендерді кезіп, құлдық тауарлары бар қалаларды аралады. Харар қаласы мен шығысындағы Эфиопия оған сауда орталығын ашуға үлкен тәжірбие болды. Алайда оң тізесіндегі қатерлі ісік оның отанына қайта оралуына себеп болды. 1891 жылы 28 мамырда Марсельде Рембоның аяғын кесіп тастады. 24 шілдеде ол әпкесі Изабельге жазған хатында: «Жарайды, мен өзімнің тағдырыма көндігемін. Тағдырға қалай ыңғайлы болса, солай өлемін....», - дейді. Ол аурухананы тастап, тамызда әпкесінің қамқорлығына келді. Изабель дінсіз інісінің Тәңір дінін қабылдауын Жаратқаннан күні-түні тіледі. Артюр қарсы болды, ал сабырын жоғалтқан шақта Құдайға тіл тигізіп ұрса жөнелер еді. Оның соңғы күндері Изабельдің анасына жазған хаттары арқылы белгілі. Артюр әпкесін арабша атпен Джами деп атады. Ол Харардан Аденге жол тартады, түйе іздеді, керуен жинады, жалғыз аяғымен жеңіл қимылдайтын. Бірде әпкесіне жазған хатында: «Сіз жұмыс жасауға тиіссіз, учет жіберуге, хат жазуға. Тіріліңіз, бізді чемодандарды жауып жолға шығу күтеді. Менің сөзіме енді ешкім сенбейді, мен сенімді жоғалттым!», - дейді. Бірде қоғамнан қалып қойғанына, қораш бойкүйездігіне өкініп жылайды.

Жексенбіде, сегізінші қазанда, әпкесінің сөзі бойынша, Рембо Құдайға сенген, бірақ қайта ойынан айныған. «Енді мұндай шынайы дінді ешқашан көрмеймін!», - дейді Рембо. Ақынның ғұмырын зерттеушілер бұл хатты Құдайға үлкен сеніммен жазған дейді.

Артюр әлдебір хатты теңіздегі «директор мырзаға» деп атап Суэцке жолдайды. Ол хат тауардың тізімінен басталады:

Бір лот............ бәрі 1 тіс.

Бір лот............. 2 тіс

Бір лот.............3 тіс

Бір лот............. 4 тіс

Бір лот............... 2 тіс

Соңында Артюр «директор мырзадан» сұрайды:

«Менің денем толық істен шықты, мен ертерек бортта болуды қаладым, мені бортқа қай уақытқа жеткізу керектігін хабарлаңдар...»

Бұл ақынның ақтық сөзі болатын.

Артюр Рембо небәрі 37 жасында көз жұмды.

Лев ТОЛСТОЙ

1883 жылы 1 қаңтарда күнделігіне «Жаңа жыл! Өзіме және барлығына жақсы өлім тілеймін», - деп жазды.

1910 жылы 28 қазанның түнінде жазушы Ясная Полянадан құпия түрде кетіп қалады. Онда нақты мақсат болмады, тек бағыты айқын, бағыты - оңтүстік еді. Вагонда өкпенің суықтан асқынған түрімен ауырады. Толстой 31 қазаннан бастау алған соңғы жеті күнін Астапова начальнигінің үйінде келіп жатқан дәрігерлер мен туыстарының ортасында өткізді. Бірінші қарашада ол қызына тіл қатты: «Ақиқат тек Құдай ғана. Оның жаратылысы - адам, уақыт және кеңістік. Үшінші қарашада қызына соңғы рет тіл қатты: «Міне, менің жоспарым. Істеуге тиістіні істе, ары қарай бәрі өзі болады, ол басқалардың игілігі үшін, ең бастысы, менің игілігім үшін..»

Бір жолы қызы жастығын биіктетіп жатқан кезде ол әлсіз әм аянышты даусымен:

- Ал, еркектер ше, еркектер қалай өмірден өтіп кетіп жатыр, - деп көзіне жас алады.

Соңғы күндері мүлде сандырақтай бастайды. Қызы Александра сөзін былай келтіреді: «Іздеу, барлық уақыт іздеу..» Чертковқа сенсек, жазушы нақтылай, есеп бере сөйлейді: «Міне, сабазым, бәрі бітті... Ана, өкпелемеңіз... Бәрі қарапайым, әрі жақсы... Жақсы, иә, иә...»

Алтыншы қарашаны Чертков былайша еске алады. Ол ойын сабақтап, дауыстады, - дейді:

- Болдым мен... осы болғаныма разымын... Міне бітті...

осы күні қызы Татьянаның қолынан ұстап:

- Міне бәрі бітті... басқа ештеңе...

Бірнеше минуттан соң кереуетінен тұрып, әр сөзін қатты және түсінікті дауыстады:

- Тек бір нәрсені есте ұстаңдар: Лев Толстойдан өзге терең адамдар ғұмырда бар..., ал сіздер тек бір ғана Левке қарайсыздар..

Ұлы Сергейдің еске алуы бойынша, кешке Толстой кереуетіне отырды да: «Өлетініме қатты қорқамын...», - дейді. Аздан соң: «Кету керек, кету...», - деп орнынан көтеріледі. Сосын Сергейді өзіне шақырып:

- Шындығында... Мен де олар сияқты көп нәрсені сүйемін.., - дейді.

Екпеден соң сандырақтап, көзі ілініп бара жатып:

- Мен бір жаққа кетемін... Ешкімге кедергі келтірмеу үшін... Мені жайыма қалдыру үшін...

Толстой жетінші қарашада таңертең ертемен қаза тауып, Ясная Полянаға жерленді. Россияда бірінші рет Ұлы тұлғаның жерлеу рәсімі ешқандай дін дәстүрінсіз өтті.

СТЕНДАЛЬ

1800 жылы 17 жасар Анри Бейль Миландағы Бонапарттың соғысына қабылданды және осы қаланы мәңгі сүйіп өтті. Сосын Миланда жеті жыл өмір сүріп, осында Стендаль деген атпен «Махаббат жайлы» атты алғашқы кібын шығарды.

Ақпанда 1841 жылы Стендаль бірінші рет инсульт алды. 1841 жылы 10 сәуірде ол досы Доменико Фьореге жазған хатында:

«Егер мұны әдейі жасамасаңыз, көшеде өлуден еш күлкі көріп тұрған жоқпын..», - дейді.

22 наурызда 1842 жылы ол есінен танып, Париждің Нев де Капуцин көшесінде құлап, түнгі 23.00-де қаза тапты.

Жазушы Монмартр моласына жерленді. Мола тақтайшасында былай деп жазылған:

Анри Бейль

Миландық

Жазған

Сүйген

Өмір сүрген

Рабиндранат Тагор

Тагор 1913 жылы Нобель сыйлығына ие болды. Еуропалықтардан өзге нәсілділер арасында алғаш алған иегер. Мемлекеттік тілі хинди тілі болса да, ол хинди тілінде емес, бенгал тілінде жазды. Оның сөзі Үндістанның гимніне айналды.

1940 жылдың аяғында Тагор қатты ауырып қалды. Өзінің ең соңғы туған күнінде, 1941 жылы 3 мамырда ол өлең жазды. Өлең былай басталады: «Бұл күн менің туылған күнім, әрі айрылысу күнім болады..». Жырдың соңында:

Күнге дейін жоғалды сый бағаным,

Үлестірдім бәрін де жинағанның.

Егер де қайтарымы болса олардың,

Жетеді маған, күнім,

Аздап қоштасу, аздап махаббатым, адамдығым.

Бәрін қайта жолдаймын ел ішінде,

Соңғы мейрамға, соңғы мерзімге,

Жүземін тыныш түнде...

Отызыншы шілдеде Тагорға ота жасалды. Ота алдында ол ақиқатқа арналған соңғы өлеңін айтып кетті.

...Кім жалғандықты жеңе алса,

Соның қолынан болады,

Бұзылмаған тыныштықтың жүлдесі..

Ақын 7 тамызда, 81 жасында көз жұмды.

Омар Хайям

Хаямның өлімі жайлы дерек замандасы әл-Байхаки, бажасы, имам Мұхаммед әл-Бағдадидің сөзі бойынша жетккен.

Бір күні Омар тісін алтын тіс шұқығышпен тазалап, әрі ибн Синаның кітабын қадағалап оқып отырады. Ол кітаптың маңызды бөлігіне келгенде тіс шұқығышты қос парақтың ортасына қойып, былай дейді:

- «Таза жандарды шақыр, өсиет қалдыруым үшін..»

Аздан соң тұрып құлшылық етіп, сонан соң ештеме ішпейді де, жемейді. Кешкі құлшылықты аяқтаған соң, жерге иіліп, етпетінен сәждеге жатып:

- О, Раббым, сен білесің, мен сені ғұмыр бойы мүмкіндігімше таныдым. Кешір мені, саған деген білімім - бұл менің саған бастаған жолым.., - дейді.

Бұл аңыз адамның соңғы сөзі болатын.

Батырхан СӘРСЕНХАН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар