Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақ Жеңіс. Ақыл Жеңіс. Ақын Жеңіс

02.11.2017 4963

Ақ Жеңіс. Ақыл Жеңіс. Ақын Жеңіс

Көрнекті қазақ ақыны, қарымды қаламгер, КСРО Журналистер Одағының, Жазушылар Одағының мүшесі Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдық мерейтойы жыл басынан бері Астана, Қарағанды қалаларын да аталып өтілген болатын. Ендігі кезек кіндік қаны тамған Ақтоғай ауданына келіп жетті.

«МЕН ТУҒАН ЖЕР САРЫАРҚА ТӨСІНДЕ ЕКЕН...»

Алаш арысы Әлімхан Ермековтың туған жиені Жеңіс Қашқынов алаш арыстары дүниеге келген киелі топырақ Ақтоғай өңірінде дүниеге келген. Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Университет қабырғасында жүргеннен түрлі газеттерде өлеңдері, мақалалары жарық көріп, көзге іліккен жас ақын оқу орнын бітіргеннен кейін журналистік жолға біржола бет бұрады. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Кешкі күн» деп аталды. Кейін «Найзатас», «Алыптар мен арыстар», «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Атыңнан айналайын, атамекен», «Қоңыраулы сағат» кітаптары оқырманға жол тартты.

Ақын бірқатар бауырлас елдер ақындарының жырларын ана тілімізге аударса, оның өлеңдері орыс, украин, өзбек, молдаван, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылды. Белгілі ақын қазақ балалар әдебиетінің өркен жаюына да үлесін қосты. Бұл туралы академик Серік Қирабаев ағамыз былай деп баға берген болатын: «Жеңіс Қашқыновтың балалар әдебиетін қалыптастырып дамыту жолында сіңіріп жүрген тағы бір қырын айтпасқа болмайды. Жеңіс кейбір ақындар сияқты жалаң творчествалық жұмыспен – өлең жазумен ғана айналыспайды. Ол – балалар әдебиетінің бағыты, даму барысы, бет алысы жайлы да талғамды ой айтып, пікір таластырып жүрген қаламгер».

Қазақтың ақын-жазушылары баспасөз беттерінде Жеңіс ақынның шығармашылығына үлкен баға берді. Көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков: «Оның бал жинаған арадай ізденіп, үнемі өлеңдік материалдарға көзі жіті, құлағы түрік жүретіндігі, ақындық сергектік пен елгезектігі қуантады. Біздің тарихта қанша талантты ақын болғанымен, не жазғанын ұмытып кетіп, қайталай беретіндер де болды. Жеңістің бір жақсысы ондай дерттен аулақ екен» деп жазды. Ұлт қайраткері, ғалым, ақын Бүркіт Ысқақов Жеңіс Қашқыновқа арнап:

«Жыр оқыса қырандай саңқылдаған,

Айтар сөзін бетке айтар тартынбаған.

Үлкен іні, кішілер аға санар,

Ақ Жеңісті ақ көңіл аңқылдаған», – деп тебірене «Ақ Жеңіс» жырын арнады. Шоқтығы биік ақынның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбектері, шығармашылығы жайлы жазылған естеліктер көп. Ақынның мұрасы болашақта да айтылып, зерттеледі. Ұрпақ жадында жаңғырады.

«ҰЛАНДАР КҮРЕС ҮШІН ЖАРАЛЫПТЫ…»

Ақтоғай тауының бөктері мен Тоқырауын өзенінің етегіндегі Ақтоғай елді мекенінде Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдық мерейтойы байрақты бәсемен басталды. Бұл күні еркін күрестен КСРО спорт шебері, ақын Жеңіс Қашқынов атындағы қазақ күресінен жасөспірімдер арасында бесінші мәрте аймақтық турнир жалауын желбіретті.

Байрақты доданы Жеңіс Қашқыновтың ұрпақтары, Қарағанды мен Астанадан келген құрметті меймандар және осы Ақтоғай аймағының еңбектеген баласы мен еңкейген қартына дейін келіп көріп тамшалады.

Өткен жылы бұл жарыс аудандық деңгейде өткізілген болса, биыл аталмыш бәсекенің аймағы кеңейіп, Қарағанды аймақтарынан да жас балуандар келіп бақтарын сынады. Ақтоғай ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен додаға жүзге жуық балғын балуандар қатысты. 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы аймақ біріншілігінде 24 келі салмақ дәрежесінде – Қуатбек Құмар, 27 келіде – Жанбол Ербол, 29 келіде – Сабыржан Сәкенұлы, 32 келіде – Әбілмансұр Жанабек, 35 келіде – Нұрслан Сапарғали, 38 келіде – Сайран Секен, 42 келіде – Асанәлі Серкебай, +42 келіде – Жаннұр Боканов қарсылас шақ келтірмей, жеңістің тұғырына көтерілді. Барлық жүлдегерлер спорт шебері, ақын Жеңіс Қашқынов атындағы медальмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Балуандар бәсекесінен соң, ақын рухына құран бағышталып, ас берілді. Түс ауа Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Жыр-ғұмыр» атты әдеби-сазды кеш өтті. Лық толы залдан тырп еткен ешкім болған жоқ. Бұл күні ақынның замандастары, ақын інілері жырдан шашу шашып, жылы лебіздерін арнады. Әдеби-сазды кешті белгілі ақын Саят Тұяқбаев жүргізді. Ақын ағамыз Жеңіс Қашқыновтың өмірдариясынан салихалы әңгіме айтып, зал сахнасында көрсетілген бейнефильм арқылы ақынның шығармашылығы мен жеткен жетістіктерін өрбітіп жеткізіп отырды. Бейнефильмнен соң сахнаға аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов шығып, аудан әкімінің құттықтауын оқып берді. Сахна төріне шығып, сөз алған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен Жеңіс ақынды туған жері еске алып, шалқар шабытпен думанды кеш өткізіп отырғанына жылы лебізін білдірді. Ақынын ұлықтап, арысына қошемет көрсету Ақтоғай жұртының дәстүріне айналған игі іс екенін де тілге тиек етті.

«Арқаның асқақ ақыны, көркем сөздің көрнекті бір шебері, жерлесіміз Жеңіс Қашқыновтың 75 жасқа толған мерейтойы өзінің атамекен Ақтоғайында керемет бір шалқар шабытпен аталып өтті. Өте бір әсерлі кеш болып, жиналған жұртты бір ләззатқа бөледі. Мұндай кеш тек жалғыз Жеңіс ағамызға ғана арналмайды, мұндай бір үлкен тұлғаларын ұлықтау Ақтоғай ауданының дәстүріне айналған. Ал бұл жолғы кештің орны ерекше болды. Бұл кеште ақын ағамыздың өнерінің, шығармашылығының, пенде ретіндегі өзінің қадір-қасиетінің бүкіл қыр-сыры жиналған адамдардың аузынан, сөйлеген адамдардың көкейінен асыл ой болып төгілді. Сондықтан да біз мұндай кештің туған жерінің ақынға деген ықыласының осындай бір биік, көркем, әдемі сапада өткеніне қатты ризамыз. Алдағы уақытта да ақын ағамыздың атын ардақтап, оның шығармаларын жас ұрпаққа оқытып, түйген ойларынан келешек буын тағылым алатындай игі жұмыстар атқарыла берілуі керек. Ақын ағамыздың шығармашылығы жасай берсін. Оның соңынан ерген шығармашыл, жас буын ақынға тән, соған еліктеп, оларда ірі жеңістерге, жемістерге жетсін», – деді А. Бөкен.

«ҚАДІРЛЕҢДЕР АҚЫНДАРДЫ»

«Жыр-ғұмыр» аталатын әдеби-сазды кеште ақынның ұрпақтары тебірене сөз сөйледі, әкелерінің өлеңдерін оқыды. Ақынның қарындасы Сара Қашқынова қалыпқа сыймас ақын жайлы естеліктерімен бөлісті. Ақын шығармаларының оқырманға кең насихатталып, балалар поэзиясына арналған туындылары зерттеуші ғалымдар тарапынан зерттеле түсетінін айтты.

«Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Олжас Қасымның ақынға арнаған өлеңі жиналғандарды ерекше тәнті етті. Ақынның шәкірті, белгілі журналист, ҚР мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбай ағамыз Жеңіс Қашқынов туралы естелігін айтып, Алматыға ат басын бұрғанда ағамыздың көрсеткен қамқорлығын көрермен алдында паш етті.

«Біз Жеңіс Қашқынов ағамызды құрметтеп өстік. Сол кісіге қарап өстік. Сол кісінің соңында келе жатырмыз. Алматыға ат басын тіреп барған кезде Жекең ағамыз ертіп жүріп Жазушылар одағына апарып, сонда ақындармен, жазушылармен таныстырып, мынау бәлен деген ағаң, мынау түген деген классик ағаң деп тұрып таныстыратын да, біздерді таныстыратын мынау болашағынан үміт күттіретін жастар осылар, осылар мынадай ақындар деп. Міне сол ағамыздан айырылып қалғалы бері бірталай жылдың жүзі болды. 60 жастан асқан кезде дүние салды ол кісі. Егер тірі жүрген кезде 70-тің бесеуіне келеді екен. Сол ағамызға арналып ас беріліп жатыр үлкен. Сол кісіге арналып спорт кешенінде жас балаларды күрестіріп жатыр, сондай турнир өткізіп жатыр. Міне осындай ақын-жазукшылардың жыр-толғауы, жырларын оқыды, соған арналған кеш өткізілді. Міне соның барлығы кейінгі жастарға үлкен ұлағат. Ол кісінің жақсы бір досы болатын. Балалар әдебиетінің өкілі Ескен Елубаев деген. Сол кісі айтатын: «Жеңіс –ақындардың ішіндегі спорт шебері, спорт шеберлерінің ішіндегі ақыны» деп. Ол кісі Қазақстанның спорт шебері болды еркін күрестен. Сол жаттығып жүріп байқаусызда бұғанасын сындырып алған екен. Содан кейіән спортқа қатыса алмай, қойып кетті. Әйтпесе ол кісіден одан да атақты, мықты спортшы шығатын еді», – деді шәкірті С.Жанысбай.

«Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі сахнаға көтерілгенде залда отырған көрерменнің арасында қол соқпаған жан болмады. Кезінде бүкілодақтық байқауларда топ жарған ұжым белгілі сазгер Темірәлі Бақтыгереевтің әні, сөзін Жеңіс Қашқынов жазған «Үш арыс» атты әнін айтып, жұртты бір серпілтті. Ақындар Мүсіркеп Сейдахмет, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак және Ілияс Мұқай жырдан шашу шашты. Арқа өңіріне белгілі әншілер Жоламан Жақыпов пен Ернұр Қабдыраштың, «Қазақ балуандары» әнін әуелете шырқаған Талғат Жұмашевтың өнерлеріне жұрт ризашылықпен қол соқты. Әсіресе, жас әнші Айзер Медеттің «Қуыршақ» әніне сүйсінгендер көп болды.

Мүсіркеп Сейдахмет, ақын-журналист, ҚР Журналистер одағының мүшесі:

«Жеңіс Қашқынов – Ақтоғайдың тумасы. Қазақ балалар поэзиясының іргетасын қалаған ақындардың бірі. Ол кісіні көп ел балалар поэзиясының өкілі деп ойлайды, ол кісі кейінгі жылдары кең тынысты эпикалық жыр-дастандар жазған, кітаптары шыққан. Онымен қатар ол кісі ұзақ жыл Қазақ радиосында қызмет жасаған. Ол кісінің очерктері, радиоочектері кешегі шопандардың, қырмандағы диқандардың сүйіп тыңдайтын бағдарламалары, хабарлары болған. Сондай ақ ол кісінің публицистикалық шығармалары, дүниелерінің өзі әжептәуір мұра болып жетіп отыр ұрпаққа. Бүгін міне Ақтоғай жұрты ол кісінің 75 жылдық мерейтойын аспандатып көтеріп тойлап жатыр. Сондай-ақ Жекеңнің спортпен, оның ішінде қазақ күресімен айналысқанын елдің біразы білсе, біразы білмейді. Ол кісі қазақ күресінен спорт шебері болған. Жан-жақты. Тоғыз өнер де аз болады дейді ғой адамға. Сол сияқты ол кісінің бойында алуан өнер болған. Ол кісінің дәріптеу, артында қалған мұрасын ұрпаққа насихаттау, жеткізу – бүгінгі біздің, бізден кейінгі ұрпақтың міндеті деп білеміз».

Әдеби-сазды кештің соңына қарай ақынның ұлы, журналист, аудармашы Ернат Қашқынов игі шараға қолдау көрсеткен аудан жұртшылығына, алыс-жақыннан келген меймандарға ризашылығын жеткізді. «Туған жері талантты ұлын ұлықтап, арқа төсін думанды кешке бөледі. Әкеміздің шығармашылығынан оқылған жалынды жырлар, айтылған естеліктер ақын рухына жасалған тағзым деп білемін. Сондықтан да барлықтарыңызға ақынның ұрпағы атынан алғысымды білдіремін»,-деді ақынның ұлы. «Бір тойым болатыны сөзсіз менің…» деп жырлаған Төлеген ақын айтқандай, тоқырауын даласында Жеңіс ақынның тойы өз деңгейінде, өз биігініде өтті. Ғибратты іске, рухани кешке куә болған жұртшылық, арқа-жарқа болып тарқасты.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар