Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Майтай Бауыржан: Сен - өлмеуден қорқасың, мен – өл...

05.11.2017 6796

Майтай Бауыржан: Сен - өлмеуден қорқасың, мен – өлуден қорқамын

Майтай Бауыржан: Сен - өлмеуден қорқасың, мен – өлуден қорқамын - adebiportal.kz

Қорқыт

Сағат тілі тоқиды тарихқа мұз кебін,

Жыртылмастай сурет қып сырылдаған күз демін.

Бабам Қорқыт өзіне дұшпан еткен көр мекен,

Мені неге іздедің?

Таптың мені, қойныңда кәрі жылан арқаның,

Сен - өлмеуден қорқасың, мен – өлуден қорқамын.

Тәңір соққан балбалдар, тауларыма айттың ба?

"Бабасы өлген бала" деп түбі жұтар жер тағым.

Мені әйтеуір жұтасың, мүрдем қалар мүк сүйіп,

Мүңкір-Нәңкүр жылайды, - күнә таппай шұқшиып.

Балбал тауым қалады жүрегіне шер ұйып,

Күрсініске қабағы табыт болып түксиіп.

Мені әйтеуір жұтарсың...

Сүйек қалар саудырап,

Тозақ тағы бұйырмас, ел аңсаған һәм жұмақ.

Аспан анам қалады белі иіліп, өң сынып,

Қасіретпен жүрегін жамап өтер, қан жылап.

Мені әйтеуір жұтасың, ізім – гүлдер шұбырған,

Жанарына жұпары мұң құшақтап тығылған.

Сол мұңлы жас жанарға, аққу болып жүзеді,

Аспан ана жүрегін арқау еткен ғұмырлы ән.

Қобыз төккен жыр күйдің "ғұмырлы ән" бір бөлшегі,

"Өлісімен тірісін ұйытқан" дер ел соны.

Сол қасиетті зар күйді көкірегіме қондырсам,

Мешкей ажал, тоймастан алдар едім мен сені...

Аты жаман өлең

Мен өліммін!

Сен маған "қара" деп қарама

Тұрағы түнек деп, жүр ме екен көп адам?

Жоқ! Мен ақпын, секілді шағала,

Сендердей шығармын, құр бөтен тобадан.

Мен сендерге жақынмын әуелі,

Әр адам жүрегінің ырғақты дүрсілі.

Әр сағат тілінің бір жақты тырсылы,

Менің билейтін биімнің әуені.

Іздеп тапқалы кіршіксіз шұрнағын,

Үн-түнсіз атылған көктен гүл –

Секілді, қардың саусағындамын,

Жер қойнына батырған мөп-мөлдір.

Әженің кірлеңкі жүзім жанарындамын,

Жылынбас тәнінде қадалған бетпе-бет менімен.

Арудың балқытар назында тұрғанмын,

Үмітті сан рет өкпелеткенімен.

Барлығын менімен сімірген,

Көмейі, таңдайы бұлбұлдың – сыбызғым.

Әр сөздің жүрегі, тамыры жүгірген –

Жыраудың тілінде, мұң қылдым шын үздім.

Найза мен жебенің ұшында жайылдым,

Жарқылдай семсердің жүзінде жүгірдім.

Өмірді күнінен, айынан айырдым,

Сен, өзін өлтірген жұлдыздың ізіне жүгіндің.

Сыз

Құранның жазылған жолы

Аспанның шеті мен шегі.

Қара жер назыңнан беді

Ұмытқан жетім емшегін.

Ең ұлы ырғақтың өті

Ақ қарға салынған ізде.

Барады бұл жақтың оты

Көп кетіп сарылған күзде.

Жер құшып жиылған сәні

Құлады кей көктем ізі.

Кінәсіз жылаған сәби

Кінәмшіл бойжеткен жүзді.

Жұлдыздың күндізгі нұры

Өртенген көздердің жасы.

Өмірде кім бұзды мұны

Кетпейтін безгеннің басы.

Аспанның шеті мен шегі

Құранның жазылған жолы.

Ұмытқан жетім емшегін

Қара жер назыңнан беді?

***

Сөнбеген қаланың шамы

Алқынған жел үні шырмап.

Бұл тіннің қара құрсағы,

Жер сызған желіні сыздап.

Әжімсіз көшелер шимай,

Кірлеген жапырақ жауып.

Арудай ғаламға симай,

Барады ақымақ лағып.

Ұстаған көлеңке қолы,

Бақтарда ағашта гүлдер.

Даланың серігі долы

Қымсынбай қара аспан күлген.

Жаумайды ақ жаңбыр неге,

Жаншылып кір жапырақта.

Көрінсе маржан нұр бере,

Асыр сап кіл жасыл оттар.

Сөнбеген қаланың шамы,

Жарығын қанбай сілтейді.

Жұлдыздың қараңғы сәні,

Қараңғы қандай сүркейлі.

Сары гүл

Қош бол енді мұз тамырлы сары гүл,

Топырақтың қаныменен жаны бір.

Саған енді жердің нәрі көз жасы,

Жаңбыр жауса жебе түйрер тағы бұл.

Көкке көшер жұпар қонып бір тегің,

Өзі бергенді өзі алады күн керім.

Үзіп алып сүйегіңмен қуарған,

Жанарымнан қашқан жасты сүртемін.

Сен тозасың уақыт құм кеміріп,

Мен кетемін уақытпен желігіп.

Мені іздейді гүлмен көзін сүрткен деп

Сені іздеген ара терге көміліп.

Оралмайтын жоғалу бұл,

Ақ сорды,

Кебін қылған қаңқасына қақ толды.

Қасіреттің жанарына түнеген,

Суық мұң ол ауыр әрі қастерлі.

Жүрегіңде жатқан шырын күй құнды,

Жасыма орап қара жерге қи мұңлық.

Асыққан жел жоғалтуға өз-өзін

Бас сүйеуге таппас сарғыш иығыңды.

***

Аспанның түнеріп жүзі,

Тамызым тағы жылайды.

Даланың оу елік қызы!

Бағымның жаны мұңайды.

Даланың тым суық желі,

Иісімен сабады мені.

Аймалап салқындық демі,

Есіме салады нені?

Суық жел жолымыз сыңар,

Біздерді сүйреген бөлек

Жалаңаш қолын ұсынар

Гүл анау кимеген желек.

Салқындық тағдырдың оты,

Жылтпайды сүйгізер бірақ.

Сазарып тарғал мұң беті,

Жалыны күйгізер жылап.

Аспанның түнеріп жүзі,

Тамызым! Тағы мұң дедің

Даланың бір елік қызы,

Жүректің жарығы ма едің?

Кешір, ана!

Сен шексіз әлемнің гүлісің,

Жұпарың оятар мейірім тынысын.

Таң нұрын жіп етіп жүрсің бе?

Ұршық қып түн ішін.

Үніңе періште бас ұрған,

Жыр моншақ арнайын асыл жан.

Аспанға сұлулық қадаған

Жұлдыздан жымиып шашылған.

Мен үшін дұғаң мен тілегің,

Әппақ нұр, себебі күн едің.

Қолыңды қабатын азабым қасыңда,

Өлеңім түкте емес білемін.

Көкірек өзенге қыдыртар қайғы ауын,

Қаусатар сарылған ай жағын .

Киелі аққу жүрегіңнің мойнына

Үзілмес уайым байладым.

Өмірдің кестесі қолыңда

Мен жайлы ой – оңың да, солың да

Көзіңде жолдарым келетін

Ал көзің келетін жолымда.

Жоғалған

Қайда əкетті қай далаға ысырды,

Отқа,

Өзенге,

Бəлкім құйға түсірді.

Мен ұшырдым жүйрік желге барлығын,

Тағы бəрін жүйрік желге ұшырдым.

Мыстан күнəм, қуанышым сырғалы,

Кезек мінген жүрегімде сыз қалың.

Сүйегіме ненің қалды ұясы,

Қаным үркті қиратардай мұз қабын.

Бəрін бəрін желге ұшырдым көр мұны,

Өртен,

Күйре,

Отқада айлан ендігі.

Қай есікке бұйырса да құдайым,

Мені азаптап көзге ұрарың белгілі.

Наз айтармын дəл сол шақта желге деп,

Жоғалды деп, Оралды деп, Менде көп.

Жеңілмейтін жауым сонда күлеме?

Жоғалмайтын жердің бəрі көрде деп.

Қайғыдайын мекендеген түнгі үйді,

Қандай ауыр бастан кешу бұл күйді.

Өз мекенін жерден іздеп тамшы жас,

Ғасыр шалдың сақалынан сырғиды.

Иіс

Мен жүретін бақша ішін күй менен,

Құйрық жалды сағым ойнап билеген.

Ол сағымнан жылқы исі шықпайды,

Күйде иесіз жез бұйдасын сүйреген.

Жылқы исінің шықпағаны не мұның?!

Шалқұйрығым емес пе едің серігім?!

Кенжекейді кім жұбатар ендігі ?!

Жер астынан алып шығар мені кім?!

Зар күйім-ай! Жез бұйдасын жел ескен,

Қобыздан кел шанағына шер өткен.

Əуен жанып, жүрек біткен жылынып,

Көкіректі гүлге ораған сор өскен.

Нар қобызым, Боз інген мұң ұрттайды,

Ішегінде мұңмен зарым бұлттайды.

Иесіз күй кетті Сыр боп бірге ағып,

Ажал андаң қандай күйге ұйқтайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар