Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Біржан Ахмер: ...Күз келіпті. Мен оны байқамадым.

06.11.2017 3134

Біржан Ахмер: ...Күз келіпті. Мен оны байқамадым.

ІҢІР



Ойдан – ыза, көңілден – кекті ысырып,
Өмір заңын жүріп ем бек түсініп,
Түйдек-түйдек сөздердің талқысынан,
Құмырадай жүрегім кетті сынып...

Жатты сынып, құраймын оны немен,
Көк теңіздей толқиды долы денем.
Жұбатқандай көңілді, жақын келіп,
Ай сүйейді жып-жылы қолыменен.

Тымық аспан. Кешкі іңір. Құба дала,
Жанымды өртеп барады мына нала.
Жүрегіме алыппын бұлт көшіріп,
Ауық-ауық селдетпей тұра ала ма?..

Жабырқасам, шытынбас Ай қабағын,
Ғұмырымды өлеңмен қайталадым.
Ақын жаны – мәңгілік алқоңыр күз,
...Күз келіпті. Мен оны байқамадым.

***

Бірде жерде, ал бірде жар басында,
Түлкі құйрық тіршілік жалғасуда.
Бояулыға байланып қалар көзің,
Баянсызын білсе де әу басында.

Мұздағаның белгісіз, жылығаның,
Мейірленбес тірліктің мұңы қалың.
Жардай сауап қылсаң да, сезінесің,
Жалғыз жаспен жүрегің жуынарын.

Кімге сенер жүрегім, кімді кешер?!
Көкірекке күн – қысқа, күлкі – кесел.
Шамданып та қайтесің, қайран досым,
Шалыс басқан бөріні түлкі десе ел?..

Кім қалды екен жанымды ұғатындай,
Кеміді екен, достым-ау, қуатым қай?
Менің сәби жанымды, шошынғанда,
Уақыт өзі уатып тұратындай...

***

Арбағанмен арсыздау ұғым, айла,
Түзетердей пендені ғұмыр-айна.
Арлы адамдар – қанаты кірленбеген,
Құс екенін әлі де ұғынбай ма?..

Күндеріңе дұға оқып жеміс берер,
Амалыңды бір шолып тегі істелер,
Сені өбектеп шығарды шаранадан,
Қанатыңнан бір сүйіп періштелер.

Түсі – тұман, өмірдің өңі – жұмбақ,
Ауыр мұңды кімің бар жеңіл қылмақ?
Күлкіңді ұрлап кетсе де көңіліңнен,
Кетпейді ешкім іштегі шеріңді ұрлап.

...Түскің келмей әлемнің биігінен,
Ой түйесің жалғанның түйінінен.
Сен ұшасың, ұшасың көк төсінде,
Періште емес, пенделік күйігіңмен...

Алғашқы қар... не деген әдемі едің,
Қос қолымда еріші, кәне, менің.
Дәл өзіңдей ділі – нұр, аппақ – ары,
Бір сұлудан мен бейбақ дәмелі едім.

Алғашқы қар... жүзіңнен назды ұққандай,
Алақанды тұрмын мен жазып талмай.
Балқып кете беретін жылы сөзге,
Ару сынды жүрегің нәзік қандай!

Пенде деген – (не ғылып, не істемеді?..)
Қарауытқан астыңда көш келеді.
Күнәсізге қонасың, күнәліге,
Білмейсің ғой әзірге ештеңені...

ХАТ



Қарлығашым, біз жолыққан сәтті ойлап,
Қара түнде жаным тыншып жатпайды-ақ.
Қабыл алсаң, өзің жаққа ұшырдым,
Қайтқан құстың қанатына хат байлап.

Желпіп өтіп жақпар тастар төбесін,
Сол құстарым жетер әлі, көресің.
Қашықтықты уақытпен өлшейді,
Ғашықтықты немен өлшеп бересің?

Білесің бе, білесің бе, бұрымдым,
Тауқіметтер түлетеді, ұғынғын.
Кешеуілдеп шұғыласы тарайды,
Кірпігіне Күн ілінген ғұмырдың.

Сезім барда беретұғын арға мән,
Сен көктемді, мен өткенді қарғаман.
Терезеден түскен жалғыз тамшыға –
Сүйсең егер, сыйып кетер бар ғалам.



II



Қарлығашым, көзің – нұр, сөзің – арман,
Көңілімді жұбатшы өзіңе ауған.
Бір сұлудан сезінген жылылықты,
Мың сұлудың жүзінен сезіне алман.

Беймәлім боп қонарым, ұшарым да,
Беймаза күй жетелеп құса-мұңға,
Өзегімді өрт шалып жүрмін, күнім,
Өзіңді ойлап өзгенің құшағында.

Солай, қалқам, жырақтап бал қызықтан,
Өз өмірін өздері жанбыз құртқан.
Өлең күйіп барады шоқ үстінде,
Жүрек күйіп барады жалғыздықтан.

...Қапияда түйісіп жолым әрең,
Қосылам ба өзіңмен соңыра мен?
Ал әзірше үнсіз қап жатыр іште,
Бір ішегі үзілген домбыра-әлем...



IІІ

Қарлығашым, жалғыздық қандай ғұмыр?
Жүрегіңе жүрегім жолдайды жыр.
Құлай ғашық болған ба саған да аспан,
Қарақаттай көзіңе қонбайды кір.

Таусылғалы біздегі сабыр қашан,
Бұл күндері күз – жуық, сәуір – масаң.
Айлар өтті жылдарды өрге сүйреп,
Сағынбасаң, болмайды сағынбасам.

Сағын, жаным, сол кезде тоқтар бәрі,
Әл-дәрменім қайтейін жоқ қолдағы.
Сені көріп, әйтеуір, әлі есімде,
Көкірегімде бір уыс шоқ қалғаны...

...Еріді ме көктем кеп соңы қардың,
Өзіңді ойлап, еріксіз торығармын.
Сағынышпен қоштасып кетем үнсіз,
Екеуімізге келгенде жолығар күн.



ІV



Қарлығашым, келді ме түн тағы да,
Жетелеген біздерді мұң бағына..
Өлең оқып берейін қоңыр жел боп,
Құлақ салшы даланың ырғағына.

Көк дөнені көңілдің ала шапқан,
Еркін өскен жан едік бала шақтан.
Кие сезім барады көтеріліп,
Иендегі құйындай жаңа соққан.

Сағынғанын сөзімен ұғындырған,
Бейіш исі шығардай бұрымдыдан.
Екеуімізді өлеңнің құдіреті,
Жақындатып кеткендей бұрынғыдан.

Тобылғы тау, сүмбі тал, сұлы дала,
Ғашықтардың сөзіне құныға ма?
Бәрі өтеді, қалады жер бетінде,
Ашылмаған ақынның сыры ғана...

Біржан Ахмер,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері, республикалық жыр-мүшәйралардың жеңімпазы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар