Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрболат Жаңабекұлы: ...жел сыпырды аулаңды еріншектеу

08.11.2017 2827

Нұрболат Жаңабекұлы: ...жел сыпырды аулаңды еріншектеу

***

Уа, Әулием, құтпа оқы...
Мұң – жанарым сам сіңірген.
Нұх – хақың.
Бір бесікке үңіледі төрт қара,
Төңкерілген қазанға ұқсап жұттағы.

Дүние-ай, шіркін...
Қарға достың қауырсынындай салмағы,
Алагеуім. Түнге ықтияр хәлфә нұр.
Мыжық тауға мыжық бұлттар жантайды,
(Дамылдайды олда ақыр)

Мына ұлыста қауыс айы мың қыстау,
Салалайды бұқпа желі құмды ыспа.
Атаукере.
жолда қалған жалғызға.
...Көбесі иман басыр Молла күндіз түн,
жыр құраса қылмыс па?

Осыны айтып келесіне кетті ана,
Дәуір көшті. (Ұл жетілді жоқ қарап)
Төңкерілген қазанды ұстап жұттағы,
Бір бесікке үңіледі төрт қара.

***

Сізді ойладым мұңайғанда...
(Мені – Мұңсыз екен деп топшыларсыз)
Сізді ойладым көрші әжей үй алғанда,
Ұялғанда шешейге тік қарауға,
Сізді ойладым!
Сіз жоқ шығарсыз...
Мүмкін, қиял ғана...
...мүмкін жолы болмады
мүмкін,
сізді...
Жек көреді АДАМзат,
Бұл – үнсіздік,
Жалықтырды! Қажытты! Сізсіз өмір –
Өмір-ақ... сізсіз өмір – Тәңірсіздік...
Қайда асығып барамыз?
Не күтеді?
Мен дайынмын! Ал сіз ше?
сен күте тұр...
...Мүмкін өлім жоқ шығар, (ойда ме екен?)
Сенімде өзге, әйтеуір Айда бөтен.
Айтпақшы,
...Сәл шыдаңыз оу, маңда жер бітеді.

Уыт



Шал қайтқан...
(Ай қашты)
ақпан, ақпан.
Ескі жұртта кемпір күн жоқ қарап дал.
Жоқтар болса жер, міне...
Тұқта, Жаппар!
Ием, төбе!
Жер - бөзің
Келін - сыңар!?
Әрбір сәтің куәсі қайың көрдің,
Өмір шығар?...
Өмір шығар,
Көлеңкең тірі көрсең,
Шал қайтар күні көрші
Тай сойды.
Өтеуі өлім шығар?...
Оны қойшы. Сол түні
Қайғысы боп құлады жапырағы
Ақырғы демі шығар...
Ал, сен өлеңді айтасың...

Элегия


Қандай ғажап ойыңда, жүрегіңде,
Өмір сүру!
Менің шыңым белгісіз, сенің шының.
Қоштасалық дәл осы мас күйімді
О, сосын, ақындығың бес тиын деп,
Сен жүріп кет! Оралма!.. соңғы демім
алғанша мен күтейін...
Серт! Серт! Сертім осы!
Тәңір – қуат. Күлкілі мас адамның,
Жоғын айтып жылауы жасанғанның.
Қиналғанда қараймын көкке бір сәт,
Мұң тырмалап жатқан соң босағамды.
Жанұя...біз...анамның көркем әні
Бәрі-бәрі, бәрінен жол табады.
Бүгін көрдім, көрші әжей ішеді екен,
Қой, қарағым... құпиям,
Махаббат жоқ, мән де жоқ бұл өмірге,
Жалықпады деймісің жыр оқудан.
Қандай ғажап,
Өмір сүру ойыңда, жүрегіңде
Жаныңды кім түсінсін, ойыңды кім?
Сенің...
аспаныңда жауын бүгін,
көз жасыңның сеземін ауырлығын.
Өксігіңді баса алмай, сыбырлайсың,
Жаным, қайырлы түн...

***

Бітті бәрі...

Күні жетпей босанған келіншектей,

...жел сыпырды аулаңды еріншектеу,

Жаңбыр жауды содан соң...

Бөлмең ауыр күрсінді

Түтініне тұншығып менің шеккен

Шылымымның.

Байқаймысыз?

бір сәуле жарқ етті ғой... жалған бәрі

Беу, бейкүнә сөздер-ай ойдан да ауыр.

Ең сұрқия ойыңды-ай...

қорқынышты,

Сіз өтесіз өмірден (өкінішті-ақ)

әрі кетсе...

Үй тұрғызып болмаса ұрпаққа артып.

Көзден ұшып кетерде ізгі шағы,

Қою түнді құшаққа ап қыз құшағы.

...күнәңіздің көптігін сезінген күн,

Діннен қате іздерсіз...сіз мысалы.

Дертім-ау менің... білемісіз?

Тәңір бар...Әруақ бар...ауаны бар...

сатқындықты қосыңыз және бұған.

Бәрі бітті...

...күні жетпей босанған бойдақ қыздың,

Өмір ағып түскендей жанарынан...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар