Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨРКЕН САЛУБАЙҰЛЫ: АЯНЫМ- АҢЫЗ, ТӘҢІРІМ- ЕРТЕК

09.11.2017 2777

ӨРКЕН САЛУБАЙҰЛЫ: АЯНЫМ- АҢЫЗ, ТӘҢІРІМ- ЕРТЕК

Біссіміллә! Қазақ әдеби кеңістігі қанша бөліктерге бөлінсе де, дұрысы, қанша бөліктерден құралса да, тіпті Жекелер жасаған тарих тепкісіне де шыдап біртұтастығын бұзбай осы күнгі тәуелсіз әдебиетке жетіп отыр. Зеңгі баба тұқымының бүйрегіндей қазақтың біршама бөлігі Қытай территориясында қоныстанған. Ондағы қазақ ақын жазушылары қаншама жылдар бойына әдебиетімізге соқталы олжалар салып келеді. Кешегі Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Омарғазы Айтанұлы, Мағаз Раздан, Күнгей Мұқажан, Асқар Татанайұлы, Бердібек Құржықаев сынды есімдер қазақ топырағына етене таныс болып үлгерді. Хош. Қанша жарияға жар салып, «Бұл- ақпараттық технология дамыған заман» деп лепіріп сөйлесек те, жоғарыдағы аты аталған әруақты ағаларының ізгілікті ізін жалғастырған інілері, яки қазіргі Қытайдағы қазақ ақындарының Қазақстан ақпараттық кеңістігінде шығармаларының жариялануының кемшінідігі қынжылыс туғызады. Біздікі сол баяғы баян. «Жақсыны көрсетпекке». Түркінің мифологиялық танымы мен қазақтың бай тілін өлеңдерінде қатар өріп отыратын, кешегі өткен замандағы қазақ болмысының рухын, бүгінгі кеңістікте жоғалған сана жұрнағын іздеп ой түбіне сүңгіген Өркен Салубайұлы өлеңдерін (яки, кешегі түркі дүниесінен ер-тұрманы күмістелген күйі ай сәулесіне шағылысып, бүгінге ғайыптан түсіп, оқыранып тұрған сәйгүлік сынды поэзияны) құрметті уа ғиззәтлі оқырман қауым алдына көлденең тарттық!

Еділбек Дүйсен

Өркен Салубайұлы – 1984 жылы ҚХР-дағы Алтай аймағы Қаба ауданында дүниеге келген. «Тас бояу» жыр жинағының авторы. Қазіргі таңда «Алтай аясы» журналында редакторлық қызметте.

АМАЛНАМАДАН



Әлемнің тұңғыш қараңғылығына тығылып отыр ем,
Мінәжат етейін деп, ұйысқан саусақтарымды жазып,
Күңгірт тағдырыма айналып кетті, қас-қағым мәңгіліктерім нәзік.
Өлген ақындардың қауырсын қаламынан құстар жамырап тірілді,
Қамаудағы сәулелердің жұқа пернесі аңырап жырылды.
Сол кезде жаңа оянған топыраққа алақанымды жамау қып,
Қос жанарымды әлмисақ құрлығына жақтым алау қып.
Мен ұялшақ болдым, жасыл ормандар қаулап өсті,
Болмыстарыма құйылып жатты, уақыттарда саулап ескі.
Мен ұялшақ болдым, ақжал толқындар шапшуырлады,
Бәдіздер бетіндегі бояулар тамды, барса-келмесімді бақсы ырымдады.
Сол топырақта адамзаттың тұңғыш ұяты оянды,
Тегіміз үнсіздік еді, тағдырымыз тыныштыққа боянды.
Құмырсқаның жіптей аяғының нүктедей ызбынын,
Оянған ұятымен, обал сауаптың тірі сызығы етіп сызды кім.
Ып-ыстық бір тамшы қанға, жылыну үшін сиынар ғаламда,
Ағаш тамырлары уыстаған топырақ бұйырар маған да.
Мен өмірге келгенде, жазмыштан да жылдам, болмыстан да бұрынмын,
Төтемім тәңірлік, қасиетті үш қараңғылықта тірілдім.

ТҮЙТКІЛ



Жеті қарақшы жарығында
Бойға сіңіп жеті реңім
Жусан жұпарлы жұмақ ішінде
Ермен иісі мекіренді


Көкжиекті шолпылдатып
Шопан ойнап жылы көңде
Іңірге кеп бас сүйедім
Бұл ғаламның мұңы менде


Балам түрткен жұлдыздар да
Қозғалады дір-дір етіп
Тау ішінен тіл қатады
Сәби бұлақ былдыр етіп


Мазар ауған құбылаға
Тірілерді тұрса тілеп
Сөзге құлақ тұрмей кетті
Құмырсқалар мұршасы жоқ


Жүз ғаламға жұмбақ айттым
Тас үңгірде ой шулайды
Күнді жайып, айды баққан
Кім ойлайды қойшым жайлы


Қи исінен қисса тыңдап
Өлең қылған от күбірін
Өзі жазып берген түнге
Қасқыр айтқан тоқты жырын


Құрығында үркер ауып
Нені ойлады ол құс жолында
Шолпан туды ат жалынан
Таңның өзі қысқа мұнда


Жеті қарақшы жарығында
Бойға сіңіп жеті реңім
Жусан жұпарлы жұмақ ішінде
Ермен исі мекіренді

ӨЗГЕ ӨҢ МЕҢДЕМЕСІ

Анамның шытына түйілген таза құрлығым,
Мен де өз аңызымды топыраққа жазамын бір күн.
Уақыт үнсіз, сағаттар ғана шулайды,
Тамшылап таусылған теңіздер, менің де көз жасымды ұрлайды.
Бидай дәніндегі бір тал сызыққа жазған өлеңім,
Мен де аққан жұлдыздай иесіз аспанда сөнемін.
Аққан жұлдыздың жолағына жазылған өлеңім,
Мен де бір тал бидай дәніндей қара жерге енемін.
Крест көшелерге бейуаз іздерімді шегелеп,
Сабылысқан тәркі тәндерім тірлік кешуде «керемет».
Шытынаған айнаның ішінде өңдерім шыпырлап,
Ұйқыдағы адамдардың есінен, жүремін ылғи түс ұрлап.
Сосын адам терісімен қапталған жолдарда мәңгіріп,
Жалғыздықтан да жалғыз, өзімнің ішімде жүремін қаңғырып.
Әжемнің тасбиығында айналған пендесіз ғаламшар,
Бір шуақ мені шөлдетіп тұрады жан аңсар.
Күнәлар шұбырады, міңгірге шөккен ындынсыз іргеде,
Тәнсіз адамдар таласып жатады, мүлтіксіз жатқан мүрдеге.
Жалаңаш сұлулық гүл иісінің ойнағында қылымсып,
Жалғыз кеседе мөлтілдеп тұрады түн, у, сұқ.
Өзге бір өңге қайтам да, өзімді іздеп өзімнен.
Әлмисағыма оралам сосын өмірге келмей сезінген.

АМАЛНАМАДАН



Көне бесіктің басында оянған ескі ілім,
Мен сәбидің іңгәсін, ананың әлдиін естідім.
О, хау ата, хау ана, сен жаратылғансың, мен туылғанмын,
Сен ұжымақтан мен жер бетінен қуылғанмын.
Ұят пен опаның қасиетінен дарыған кезде үкі ырым,
Естілді анамның құрсағындағы алғашқы тыпырым,
Топырақпен жамап тәнімнің тесілген реңін,
Уақыттан жасырынып әлмисақ түкпірінде тұр едім.
Шексіз қиял сызығына қойылды елестік нүктем,
Сосын жазықтықтарыма сіңіп жоғалды кеңістік біткен.
Қисық бұтақтар нажағайдың көлеңкесіне айналғанда,
Болмысымды түпсіз аспанның нілімен боядым,
Мен ықылым заманнан бері түсімнің өңінде ғана ояумын.
Дүниеге келгенде мынау жарық жылдамдығындай жыбырлап,
Шайтан мен періштелерім тұрды екі иығымда сыбырлап.
Жарықтан қашады адамдар өз көлеңкелерін өлтіріп,
Сосын мүрделерін алақанына жерлейді уысына топырақ толтырып.
Сол кезде маған тәңіри болмысқа шексіз жақындап,
Үнсіздікке айнал деді, меңіреу жатқан тас ымдап.


ҰМЫТЫЛМАС МАҚАМ



Жалаңаш суда лыпасыз айдың сағымы,
Ескі бір елес....есіркеп тұрды ол қылмыңдап,
Ойнайды сәулелер көбіктерінде, жасырып тылсым мың жұмбақ.
Мен келдім жағаға ғасырлық қасіретімді сүйретіп
Арбайды ессіз тереңдер тағдырсыз толқындарын билетіп.
Жолдарымды от түсті жапырақтар өртеген,
Меңімді мекендеп кеткен мезгілдер айтқан ертегі ем.
Өшкен балауыз шамға көбелек қонды, дүние өзгерді көктемге,
Арбалдым оған, ешқандай маусым жоқ менде.
Оның қанатының суылы үзген өрмекші торын жамылып,
Жаураған жүрегімді жылыттым, тапқандай болды тәнім ық.
Алақан сызығым қураған ағаштың сұлбасы, ұясын салды құстарым,
Өң тіпті менде болған да емес,өмірдің өзі түс сарын.
Сол құстарымның дауысы ұмытылмас мақам, бұл ырғақ,
Сәби кезімнің іңгәсі еді, тауысады тағы кім ұрлап.

АИХАЙ, АРМАН...


Уысымда жапырақ үйірі өліп,
Көкірегімде күмбірлі күй іреліп.
Бұтағында ағаштың құс бүрлеген,
Таң тамшылап таусылды түскі іргеден.
Үркек самал аумақты сәл, сәл ырғап,
Ақ жусанын аңқытар арқа, қыр жақ.
Тәкаппарлау табиғат, түн тымырсық,
Бүрген байыз таппайды бұлт ыңырсып.
Ай сәулесі апырай... Мүйізгектеп,
Мен өзімді таппаймын жиі іздеп кеп.
Қос қанатын жаяды құс ырымдап,
Өңімді де тауысқан түсім ұрлап.
Жалбыз жұпар аңқытып бүріменен,
Қиялымды құдірет, нұр іреген.
Баспалайды соңыман бір ой жайлап,
Қорқынышты қара жол, үрейлі аймақ.
Ізетімді пір тұтып изен изек,
Айхай, жалған дүние!!! Күйзеліп, еһ.....
Жанарымды гүлдердің мөлтілі арбап,
Толғай, толғай тағдырым, толқып ар жақ.
Балбал тастан саулаған аңыз, ертек,
Жүрегімді бояйды бәдіз өртеп.
Аихай, жалған!!!

ЫНТЫҚ ТАМЫР



Түссіз уақыттар мөлдір кеңістіктермен аққанда,
Құс ұясындағы қауырсын қаламым, оянбай әлі жатқанда.
...басталған өлең

Тау ішіндегі жаңғырыққа сіңген бөрінің ырылын,
Ықылымға табынған ырымдай, сүйкеп өтеді бір ұғым.
Үзілген құс қауырсынынан шытынаған кеңістік,
Менің қып-қызыл қаныма боялады ең ыстық.
Сол құс қауырсыны көлегейлегенде көзімді,
Тыныштықтың арғы бетінен көрдім, айғайлап тұрған өзімді.
О, хұсни сәулелер, қараңғы жанарымды үңгіген,
Мен де амалсыз аққуға айналған адамзаттың мұңлығы ем.
Қарғаның қарқылына қанатын малған періштелерім дерт еміп,
Жатады сосын қаңғырған қара бояуларға өртеніп.
Адасқан құстарыма алақанымнан жасап зеңгір көк,
Ажалдың өзіне тұрамын сүретін өмір бергім кеп.
Аққу үнді аңыздарым мен ермен иісты ертегілерім,
Тәнімнің өңінен байқаңдар сендер, жер-тегім менің.
Қаз дауысты қара өлеңдерім қасиетімен қаңқылдап,
Мендегі үш ғайыпқа айналған...жан, тіл, бақ.
Есту үшін сәби кезімнің жалғыз-ақ рет іңгәсін.
Жетпейді менің де өмірсіз жасаған мың жасым,
Барамын сосын уақыт езгісінен жауыр боп.
Бақсының тілімен тамызған жүрегімдегі ауырды от.
Бұйығы ғарыштан жылқы жалындай қара саулелер ербеңдеп,
Маңдайым мен табаныма жақындай түседі жер мен көк.
Адамзат санасынан көктеген ой күнәсінен тоңармын.
Аспаннан тамған құс көз жасының көлеңкесіне орандым.

ТАҒДЫР ӘПСАНАЛАРЫ



Кеңістіктегі қиялға шыланған құс қауырсындары,
Сендерді ойлап, туылмай кеткен ақынның ауырсын жаны.
Ол менің өңсіз болмыстарымның нәзік обыраздары,
Шексіздіктер ішінде, қып-қысқа ғұмырым созылар мәңгі.
Аспанның түпсіз шыңырауында суыған құс көлеңкелері,
Сендерді жылыту үшін де ықылым замандарда түс көрем тегі.
Бір шөкім бұлтпен күнәмді жауып, аспанның қалар төсі ашық,
Ертең мен оған жауап беремін еркіндігімді босатып.
Нажағайлар таңырқап өткенде сол аспанымнан қас-қағым,
Бір уыс топырақ ұялып қызарды, ықылым сапарын бастадым.
Маңдайымнан өбеді дұғалар, жанарларыма нұр сүңгіп,
Тәңірсіз топырақтан тағы, айғайлап оянады бір сұмдық.
Жеті ғаламшарым тұр құстардың тамған көз жасына сүйеніп,
Құлаған қауырсындай құлазып жатамын көкірегіме бір күй еніп.
Табиғат тіксініп қарайды адамзаттың иісінен сескеніп,
Бесігінен түскен сәби ем бес күнгі жалғанға бес сеніп.
Бір жетімнің көз жасы тамса, бүкіл теңіздер шулайды,
Оның дауысын қасіретке батып періштелер тыңдайды.
Құдай туралы тұңғыш ойланған «адамзат» мен едім,
Үстінде тұрып Нұқ пайғамбар жасаған кеменің.
Сол бір уыс топырақ үшін жерге тигенде саусақтарым созылып,
Оянамын қайта, Қорқыттың ең соңғы ұйқысына көз іліп.

ӘЛМИСАҚ АДАМЫ



Сағаттың тілдері түрткілеп, оятты ежелгі үңгірден,
Періштеге айналып болғанша, мен қайта адам боп үлгіргем.
Ескі бір құрлықта шашылған, үйемін иесіз ізімді,
Топыраққа қайтадан қарап ем, көрдім тек сәбилік жүзімді.
Ал тәнім сұп-суық сол қалпы, көлеңкем қалған сәл салқындап,
Уақыт тунелдерінде шашылған, түсімді жинадым там-тұмдап.
Жылындым алақанымды жамылып, ізімді ыдыс қып су іштім,
Әжімдер торлады жүзімді, әлде мен ағашпен туыспын.
Өрмекші тор құрған аспаннан, естілді киелі ежелгі үн,
Күнәсіз туылып мен кеше, ал бүгін ажалсыз неге өлдім.
Балшықтан жасалған пендемін, періште қанаты кептірген,
Табиғат қалғиды қалжырап, «дүниеде жалғыз-ақ тек тірі мен ».
Шығысқа сапарлап жол шектім, батысқа таядым,
Ежелгі ойларын мүк басқан, Алладан жеткен бір аянмын.
Алғашқы һәм соңғы адамзатпын, өңінен түсі ұзын,
Алақан сызығымнан көремін, жыпырлап мөрленген құс ізін.
Тамыры бақида, бұтағы пәниде ана – ағаш,
Адамзат екенімді түйсінгем қалғанда лыпасыз жалаңаш.
Сол кезде аспаннан құлады, зілдей бір қауырсын,
Сол кезде топырақтан көктеді, жалғыз түп самырсын.

КҮНӘ ҺӘМ КӨЗ СҮЙЕК



Саусақтың ұшымен шоқынған шекелердің шұңқыры тереңдеп,
Күбірлі дұғалармен аласталған кепиет атқан керең тек.
Адамзат күнәсі жеңілдейтін бір мезет бар дейді пәниде,
Құлшылық қылған пенделер, айналып кететін сәбиге.
Менің де күнәм бұл күнә, топырақтан ауыр тозаңнан жеңіл
Аққан жұлдыздар құлап қараңғы түндей қажалған меңім.
Пәниде айтқан ғайбатымның жаңғырығынан тау жылжып,
Ұжымақтан қуылдым, тәніміз тәркі, жан мүлгіп.
Ай тұтылғанда түс көрдім, өлекселі өңдерім өңмеңдеп,
Оңаза ындын, олқая тірлік оң меңдеп.
Аспанның мынау ақырғы үні, «Аяным-аңыз, Тәңірім-ертек»,
Өткен шағымды болжаймын енді жауырын өртеп.
Теңіз боп тебіреніп едім, тамшы жас шықты көзімнен,
Түс көріп жатып қоштастым, өңімде жолыққан өзіммен.
Он сегіз мың ғалам сыйған тарыны, «қарғалар» шоқып тоздырған,
Сары даламдағы атамның аяңын, жарық жылдамдығынан оздырғам.
Алты үркерлі, жеті қарақшылы қойшының қосын тонадым,
Күнәмнан жерде көлеңкем ауырлады, кеше гөр мені о, Раббым.
Уақыттан да ескі тыныштықтарымды жаңғырықтарым тұмшалап,
Көз сүйегіме құйылып жатыр, уысымдағы құм сағат.



ТЕК ТЕРГЕУІ



Жалаңаш адамдар топырлап, жалаңаш оттарға үймелейді,
Жалаңаш ай, көкжиектің бір түймесін түймелейді.
Жалаңаш сулардың бетінде жалаңаш сәулелер ойнақтайды,
Ғарыштың терең түкпіріне сәбилік санадағы ой батпайды.
Зілдей бір самалдар жапырақтарды жаншып өтеді,
Құмырсқалар да баһадүрлер топырағын мансұқ етеді.
Нажағайдың жарығында адамдар тек өз мүрделерін таниды,
Ескермейді мынау бес күндік жалған пенделік фәниді.
Тік тұрған мүрделер жер өсінің тартылыс күшінен жығылады,
Жаңғырық біткен үрейленіп жартастар қуысына тығылады.
Сол жаңғырықтардан құралып шыққанда бір аян,
Ашылар алдыңнан ұжымақ қақпасы-раян.
Құстардың көз жасын ішіп ержеткен ақындар еркін ойлы,
Әлмисақтағы құрлықтан бір уыс топырақ іздеп тентірейді.
Жалаңаш теңіздер үнінен жалаңаш жағалар жауыр боп,
Ескірген іздеріме айтады, көбіктер аспаннан ауыр деп.
Жалаңаш гүлдердің қып-қызыл ерінін жалаңаш ауалар қажаған,
Жалаңаш көбіктер жамырап, жалаңаш демімді қамаған.
Қызыл дүниенің қылығынан момын қоянның да көздері қызарды,
Құбыладағы күннің мимырт аяңынан көлеңкелерім ұзарды.
Тозаңдар топырлаған әуеде, ең ессіз саналар қалқиды,
Зымыран шеңберлер ішінде сағаттың тілдері балқиды.
Сол сағаттар үніне арбалып, жүрегім қайтадан қағады,
Әлжуаз өзендер тағдырлы алақанымның сызықтарынан ағады.
Біз бисмилласыз құрылықта жүргенде, ес, ең кір еді,
Пенделердің көз жасынан, жауған нөсерде есеңгіреді.
Қас-қағым қараңғылықтар ішінде қаңғырдым, қаңғырығым түтеді
Алжыған уақыттар адамзаттың тегіне қайтқан күнін күтеді.
Жаңғалақ жазмыштарымда жан дүнием жатады мың кірлеп.
Шақырады сосын, қоп- қоңыр оттар міңгірлеп,
Киелі топырақтарым сүртеді, аспанға аққан оттардың көз жасын
Жоғалтқан «өзімді» ықылым замандардан жоқтармын өз басым.

АМАЛНАМАДАН



Әлемнің тұңғыш қараңғылығына тығылып отыр ем,
Мінәжат етейін деп, ұйысқан саусақтарымды жазып,
Күңгірт тағдырыма айналып кетті, қас-қағым мәңгіліктерім нәзік.
Өлген ақындардың қауырсын қаламынан құстар жамырап тірілді,
Қамаудағы сәулелердің жұқа пернесі аңырап жырылды.
Сол кезде жаңа оянған топыраққа алақанымды жамау қып,
Қос жанарымды әлмисақ құрлығына жақтым алау қып.
Мен ұялшақ болдым, жасыл ормандар қаулап өсті,
Болмыстарыма құйылып жатты, уақыттарда саулап ескі.
Мен ұялшақ болдым, ақжал толқындар шапшуырлады,
Бәдіздер бетіндегі бояулар тамды, барса-келмесімді бақсы ырымдады.
Сол топырақта адамзаттың тұңғыш ұяты оянды,
Тегіміз үнсіздік еді, тағдырымыз тыныштыққа боянды.
Құмырсқаның жіптей аяғының нүктедей ызбынын,
Оянған ұятымен, обал сауаптың тірі сызығы етіп сызды кім.
Ып-ыстық бір тамшы қанға, жылыну үшін сиынар ғаламда,
Ағаш тамырлары уыстаған топырақ бұйырар маған да.
Мен өмірге келгенде, жазмыштан да жылдам, болмыстан да бұрынмын,
Төтемім тәңірлік, қасиетті үш қараңғылықта тірілдім.


АМАЛНАМАДАН



Мен әлмисаққа ұйыдым, ежелгі топырағымда қанша уақыт,
Қарашығым ішінен мөп-мөлдір ғаламшар тамшылатып.
Бас сүйегімнің ішінен жарып шыққанда бір түп жусаным,
Бәдіздер күбірлейді, Алтайдың даласында үркіп мың сағым.
Өрмекшілер торын жаяды, бетонды бұрыштарымды доғалап,
Киіз үйімді еске алдым, бұрышсыз дүниелерім еді ғаламат.
Бұл өлкеде жебелі қорамсақ- құйрықты жұлдызын асынып,
Баһадүрлер аруағын шақырған, найзағайларға қасынып.
Қызылды-жасылды асықтарыма кемпірқосақтарымды шөктіргем,
Қызылды жасылды дүние ішінде шашылып қалған көп мүрдем.
«Баяғы жартас бір жартас » мейіріміңді төгіп мекірен таулар,
Адамзатпен табиғат махаббатынан ес, рең қаулар.
«Күн түбіне жортқан ұл едім» аспаннан бұрын жер беті күркіреп,
Бағзының оғландарындай жанары жалын, кірпігі от.
Ізімнен көктейді, ықылым ымырасына көндірген іңгәлі қынам,
Менің де тамырым аспанға жайылған, мықан ағашының мұңдарын ұғам.
Тәңірлік түйсігімді оятқан, тағылар жортқан түз далам,
Құс жолының құсалы ақыны едім, балбалдарыңның құпиясына мызғыған.


БОЛМЫС



Ай сағымы көлге түссе дірілдеп,
Топыраққа сәжде етер нұр үмбет.
Мені қайта тірілдірген нұр осы,
Періште айтқан тыныштықтың сүресі.
Түс көремін түн реңін аужал ғып,
Құлап түсті құшағыма тау қалғып.

Табанымды қара жерге кірді деп,
Тегістедім топыраққа сүргілеп.
Жатыр екен құрлығымды дем жылтып,
Кеткем оның жақсылығын мен де ұмытып.
Отырады гүл тағдырын құм болжап,
Сұлулық та енді кімге бұлданбақ.
Айтар оның көңіліне қай басу,
Тасып-тасып тасқа егелген майда су.
Кірпігіме мың жыл болды мұң іліп,
Отырм әлі үнсіздікке үңіліп.
Тасаттық қып тас құдайға телмірдім,
Мүжіп-мүжіп тозаң қылды жел бір күн.
Шоқындым мен құлап түсті екі иық,
Тәнімнің де қалды шеті кетиіп.
Сормаңдайға айналдырған сол қырсық,
Дейді маған көріпкелім көлгірсіп.
Өмір- өлім арасында бір адым,
Кешір мені, о, Жаратқан Раббым.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар