Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Жүрсін Ерман. ...Деген екен №12

19.08.2015 768

Жүрсін Ерман. ...Деген екен №12

 

 


d282484844aaa136ea74f7362eebc3f5.jpg


Бірде Жүрсін Ерман мен жары Бақытжамал екеуі Астанаға келгенде досы, ақын Несіпбек Айтұлы үйіне қонаққа шақырады. Алыстан ат терлетіп қонақтарға арнайы қонақасы беріледі. Бір-бірін көптен көрмеген екі құрдас дастархан басында әдемі әзілдесіп отырады. Бір кезде Несіпбек жақында немересі үйленетінін айтып, Жүкеңе «Мен енді Алла бұйырса, шөбере сүйіп, ата емес – баба болам, сен далада қалдың» деп қалжыңдайды. Жүкең болса: «Сен баба болсаң боларсың, ал сонда кемпірің кім болады?» деп сұрайды. Несағаң «Кемпірім кейуана болады» депті. Жүрсін қулана күліп алып, «Е, онда кейуананың күйеуі баба емес, диуана болады ғой» деген екен. Досының тапқырлығына риза болған Несағаң бастаған дастархан басындағылар ду күліпті.

 

***


Бірде Қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау қаласында дүбірлеген айтыс өтеді. Айтысты ұйымдастырушылардың ішінде намаз оқитын діндар азаматтар да бар екен. Сол ұйымдастырушылардың бірі адамдармен қоштасқан кезде «Иншалла, жұмақта жолығайық» деген сөзді әдет қылса керек. Айтыстың соңында әлгі намазхан жігіт келген қонақтармен қоштасып тұрып, әдеттегі сөзін қайталай береді. Содан мезі болған Жүрсін: «Сен елдің бәрін жұмаққа шақырып алып, біз барғанда өзің болмай қалып жүрме!» депті.

 

***


Ақын Рафаэль Ниязбеков бір отырыста Жүрсінді мақтауын жеткізейін деп: «Жүрсін деген арыстан кеуделі, жолбарыс жүректі азаматымыз ғой» деп бастай жөнеліпті. Оңтайлы сәтті қалт жібермейтін, қазақы қалжыңға жүйрік Жүкең: «Оу, Рафеке, мақтаймын деп менің кеудемді зоопаркке айналдырып жібердіңіз ғой» деген екен.

 

***


Тағы бірде Жүрсін Ерман жолаушылап келе жатып жанындағы адамдармен бір ауылдағы үйге құдайы қонақ болыпты. Көгілдір экраннан көріп жүрген адамды көзбен көргенде есі шығып кеткен үй иесі сасқалақтап «Жүке, қош келдіңіздер, сіздерге ет асайық па, әлде қуырдақ қуырып жіберсін бе?» деп жүгіріп жүр дейді. Сонда саспайтын Жүкең: «Үйлеріңізде қазандарыңыз біреу-ақ па еді?» деген екен.

 

***


Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Бала би ауылына ат басын бұрған Жүрсін Ерманның қасында құрдасы Жұмабай Шаштайұлы да бар екен. Үй иелері анау-мынау шаруасымен сыртқа шығып кеткен кезде Жұмабай:

– Бұл қыпшақтар – ежелден жауынгер халық. Осы үй де қыпшақтардікі емес пе. Қорықпай орталарыңда отырғанымның өзі ерлік емес пе? – деп қалжыңдапты. Сонда Жүрсін:

– Ей, шапырашты Шаштай! Осы үйде менен басқа қыпшақты қайдан көріп отырсың? Қорыққанға қос көрінеді деген осы екен ғой! – депті.

 

***


Алматы қаласындағы бір думанды тойдың үстінде жетісулық әнші Нұржан Жанпейісов қазақтың халық әні «Жиырма жеті қызды» шырқайды. Тойға келген қонақтардың ортасында отырған Жүрсін Ерман үзіліс кезінде кездесіп қалған әншіге «Нұржан, жаңағы орындаған халық әні бұрында «Он алты қыз» сияқты еді ғой. Қалған он бірі қайдан келген? Оралмандар ма?» деп жұртты ду күлдіріпті.

 

***


Жүрсін Ерман «Қазақ радиосында» Бас директор болып жүрген кезінде қарамағында істейтін пародияшы Олжас Сыдықбеков бір асығыс жағдайлармен жұмыстан сұрануға барады. Түскі үзіліске шығып бара жатқан бастығымен қарама-қарсы кезігіп қалған Олжас: «Жүрсін аға, сізде бір шаруам бар еді» дейді қипақтап. Жүкең: «Түстен кейін кел» дейді. Жаңағы жағдайдан кешігіп қалам ба деп қауіптенген Олжас: «Түстен кейін ешқайда кетіп қалмайсыз ба?» деп тақымдайды. Жүкең болса: «Ей, енді саған ант-су ішейін бе?» деп бұрылып кете береді. Біршама уақыттан соң төменгі қабатқа түскен Олжас бір шаруаларымен бөгеліп тұрған бастығына тағы қарама-қарсы кезігеді. Сонда Жүкең: «Олжас, сен бағана маған түстен кейін орныңызда отыратын болыңыз дедің бе, не деп едің?» деп қулана күліпті.

 

***


Алматыға айтысқа келгенде ақшасы таусылған ақындардың біразы Жүрсін Ерманнан қарызға ақша алып жүреді екен. Алған ақшаларын кейде қайтарады, кейде ұмыттырып қайтармайды дегендей. Сондай бір айтыстың кезінде Жүрсінге еркелеп жүрген екі інілері қарызға ақша алса керек. Айтыстың соңында Жүкең әлгі екі ақынды сахнаға мақтап отырып шақырып, қолдарына «арнайы сыйлық» деп бір-бір конверттен ұстатады. Айтыстан жүлде алдық деп марқайған ақындар сахна сыртына шығып конвертті ашса, ішінде ақша емес, бүктеулі ақ қағаз жүр дейді. Сөйтсе Жүрсін бір суретшіге екі саусақтың арасына бас бармақты шығарған суретті салдырып, конвертке салып қойған екен. Қарызды қайтарып алудың әдісін ойлап тапқан Жүкең екі інісіне дайындаған «арнайы сыйлығын» ел алдында тапсырып, конверттің ішінен өзінің қарызға берген ақшасын алып қалған екен.

 

***


Жүрсін Ерман Қазақ радиосын басқарып жүрген кезде жақында ғана тұрмысқа шығатын хатшы қыз «ауырдым» – деп сылтау айтып жұмысқа бірде келіп, бірде келмей жүріпті. Хатшы қыздың сылтауынан мезі болған Жүкең: «Егер күйеуге тиген денсаулығыңа жақпаса ажырасып кет» деген екен.

 

***


Бір күні Қазақ радиосындағы Бас директор Жүрсін Ерманның кабинетінің алдында отыратын хатшы қыз қазіргі жастардың сән үлгісі бойынша екі құлағына үлкендігі өзінің басының жартысындай дөңгелек сырға тағып келіпті. Соны байқаған Жүкең: «Сен өзі құлағыңа люстра тағып алғансың ба?» деген екен.

 

***


Парламент Мәжілісі тарағаннан кейін бір үйде қонақта отырған бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын деп, Абай дәл айтқан. Сол замандағы Абай атамыздың сөзі қазіргі біздің жұмыссыз жүрген жастарымызға айтылған сияқты» деп өз пікірін ортаға салып отырады. Сонда қонақтардың арасында тыңдап отырған Жүрсін: «Бекболат, сен осы қазір жұмыссыз жүр емессің бе?» депті түк білмегендей.



Ел аузынан жинаған: Серікзат Дүйсенғазин


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар