Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Айгүл Кемелбаева. Есенқұлдың сағынышы

14.11.2017 2246

Айгүл Кемелбаева. Есенқұлдың сағынышы

1. Сұлулыққа тағзым.

Ақынның нәрестедей ақ жүрегі елуінде өзгермейді. Есенқұл ақын «Иіскесең жөндеп әлі бар, /Исі менде жөргектің», «Ақын деген ақ сәби ғой өтетін, /Өмірбақи құшағыңнан шығармай» деп жырлайды. Асау балалығын сетінетпей сақтау Есенқұл бойында жасөспірім қылықпен ашылатын сияқты:

Күпейкемнің жағасын көтеріп ап,

Шыққым келіп көшеге тұрғаным-ай...

Ол Мұқағалиға қарата айтатын қыран-көкек дилеммасынан соң әдебиетті өзімен шектейтін, зорлықшыл үстемдік пиғылға ойыншығы сынған балаша өкпелейді: «Адам жанын таптап өтіп кететін,/Ағалардың бәрі кейде трамвай» деп бір басылады. Біресе наза кернейді жанды: «Бір сарынды күндерге, /Құрбан болған басым-ай». Ақын бір дәруіш: «Кетер ем, кең далаға қаңғырып шын», «Өзін бір өзі қаңғыртқан,/ Дәруіштен бейне аумайсың». Бірақ өзге білмесе де өз бағасын ақын біледі: «Сені бәрі клоун санаса да,/ Оңашада қалғанда ұлы Абайсың».

Ақындық жалғыздықпен қоспаққа, торығуға көп көнбесе көптің бірі болар еді. «Жағалап жарды жүрмісің,/ Жалғыздық – жалғыз жолдасым?». «Ағайын, өйткені мен жаралғамын,/ Өзіммен-өзім ғана сөйлесуге,/ Өзімді өзім ғана тербетуге./ Қосағым құдай қосқан ғашық өлең,/Қос аққу жүзгендейін көл бетінде».«Жан-тәнім сезді жанымның жалғыз екенін/ Кемелге келіп, толысқан кезде ақылым». Ақындар жаратылысы дей салма. Бұл құдайдың құдіретін тану. «Қарасаң биік заңғарға, / Көрініп тұрар тауларда / Орасан шексіз жалғыздық». Бағзы бір әулие таңғажайып құпияны халыққа сондықтан айтқан: «Адам күбірін тау, тау күбірін Құдай естиді».

Қызғалдақ қыздарға адал көзбен қарай алатын сезімтал ақындар ғой. Әдемілікті ұққанда балалықтан арылып, ересек тірлік балы мен уын татқан Есенқұл. Періштедей көрінген «Әлімбайдың сары тәмпіш қызы екен», бұл санаға сәуле енуі. «Сонша неге ұнаттық екен, құдай,/Көзі ғана әдемі қара қызды?!». Қыз-келіншектер психологиясын ақыннан артық білетін кім бар. «Сүйгеніме шынымен сене тұрып,/Көнбей маған кетуші ең, көне тұрып», «Қарамашы» деп тұрып, «қара» деп тұр,/ Сүйгізбейтін сүйкімді бұзау қыздар». Грек мифтерінде танакөз ару Гера, оны Гомер, эпик жырау «өгізкөз» деп атайды, рас, нағыз сұлудың көзі танадай жарқырап тұрады. Есенқұл бәйкүнә сұлулықты көп жырлайды, әйел образдарында сайқалы жоқтың қасы. Қазақ қыздары. Оның өлеңдерінде «Ішімдегіні тап» деп сезімін жасырып өмір кешуге бейіл қарындасты қорламай жыр жазған бауырмал жүрек лүпілі бар. Психологизм көкесін ақын қазақ әйелінің бейнесінен іздейді.

Әйел затының жалғыздығы қазақтың ұлттық қасіретіне айналды. «Жатаққана. Жалғыздық» атты өлең: «Арулардың балқытады жан-тәнін,/Аналыққа – деген абзал құмарлық» – дер кезінде теңін таппаған қыздардың күйігін таңбалайды.

Ерсіздік. Бұл қайғы қазақ қоғамының дертін, дисгармониясын ашады. Жары Одиссейді 20 жыл күткен Пенелопа синдромы. Христиан ілімі «Дева Мария» деу арқылы ана болудың өңін өзгертіп, шынайы мағынасын жоғалтып алды. Қазақ халқын тығырықтан қос әйел алу шығара ма? Бұл айтуға оңай болғанмен, ішкі қалтарысы көп мәселе. «Жаным барда жақсы көрмей тұра алман». Ақын «Құндыз кірпік, құмыра мүсін» сұлуларға нәпсі емес, жүрек көзімен қарайды. «Моншадан шыққан қыз» атты өлеңнен түйдім, неткен мейірім! Өлеңде қыздың уыз көркі мен тазалыққа сүйсіну ғана емес, оның келешек тағдырына ағалық алаң қоса өрілген. Есенқұлдай тұнық ақын үшін ару – «Қыз-аққу». Ол судан тазарып шыққан қыз образын ерен сүйеді. Асылы дүниені басқа өлшемдермен таниды. Есенқұл ақын әйел баласына қызыға көз тастаса, оны қор тұту үшін емес, әдемілігін бағалап, патшайымдай қастерлеп, хор қызындай көретін ерлерден екеніне ақжарма жыры айғақ.

Қосағын, сүйген сұлуларын күң қылар жауыздықтың инедей жасуы оның бойында жоқ. Дегдарлық сұлулықты сүйіп ардақтайды. Романтикалық көпірме әсіре образдары үшін Г.Белинский өлеңдерін менсінбей сынап, «бенедиктовщина» терминін әдеби айналымға енгізген, дегенмен жас Афанасий Фет пен Николай Некрасовқа ықпалы тиген В.Г.Бенедиктов

есімді ақын болған. Ол «Жемчужина в венце творений! / Ты вся любовь» – деп әйелге, «Ты жемчужина Востока, /Поля жаркого цветок!» – деп сұлу қызға жыр арнаған. Әйел затын пір тұтуда А.Пушкин мен А.Блок жыры көктегі құс жолындай нысаналы.

Көркемім сені көрсем де жақсы өзгеден.

Қиналдым соны айта алмай саған сөзбенен.

Есенқұл Жақыпбектің «Өзіңді аңсап» атты жан сыры айнадай көрінетін өлеңі естіген ел елжірейтін әуезді әнге айналған.

2. Елегзу.

«Ақ көйлек, көк көйлек» – ақын бойжеткен қыздың небір түрін қалай дәл суреттейді. Сөйте тұра неге ол «Сүймеген, сүйілмеген сияқтымын» деп налиды? Шынтуайтында Мәжнүн ет пен сүйектен жаралған адам емес, адамның Аллатағалаға ғашық жүрегі мен құлшылығының тұлғалануы екенін аңдағанмын. Есенқұлдағы тылсым сезім сол дәруіштік емес пе? Бекзаттық па?Адамзат үшін мінсіз болу жазылмаған.Кіршіксіз саф тазалық бір Жаратушы Иеге ғана лайық. Адам нәсілден туған асылда тек көркемдікке мәңгілік ынтызарлық бар. Себебі дүниегі барша құбылыс әлемдік тартылыс күшіне бағынады. «Аспан асты/Жер үсті дүниеде,/Біреулерді сағынам./ Кімдер екен? / Кімге кетем?». Бұл адам жанына лайық мәңгілік аласұрған алауыздық, қарапайым өмір мен көркем қиялдың қабыспауынан туады. Арман-мұрат, үміті мазалайды.

«Сылдыр қағып тұратұғын ішімде,/ Сарқылғанын қарашы бір бұлақтың!». Мынау керемет үндестік тұнған жарық дүние ақынға неғып жақпай қала береді? Шығасыға иесі басшы, ол өзін-өзі жегідей жеп, санасын сарғайта беруден сау ма? Беймаза наразылық жомарт құдайға шет емес пе? Тоңмойын болса жұтты елемес еді. Тоғышарлық жайлап алған мізбақпас қоғамда «Сезбейді, түсінбейді бірақ олар, / Болуға мал табарын еңбекпен де», жемқорлық пиғыл асыраушы, аярлық озық сияқтанады.

«Бір қаракөз арман боп өтті маған,/Бала күнгі,/Батырлар жырындағы», «Өзімді-өзім бір түсірсем есіме,/Қыз Жібектің ерер едім көшіне» қ ан арқылы берілетін қазаққа тән қасиет – біз эпостық бағзы өмірімізді аңсай береміз. Басқа ұлттар одан басы бүтін арылып болған жоқ па? Жыраулық дәуір көкіректен өшпейді. Ал мына жарық дүние көшпелі тұрмысты өркениетке ілестірмесі анық. Қанипа ақын қазасына жазған: «Бұл дүние өркендеп өскен сайын,/Нағыз ақын азайып бара жатыр». Біз енді не істей аламыз, алда келешек тұрғанда өткенді аңсай беру дұрыс өмір сүре алмау әрі әлсіздік емей не?! «Мен аңсаған баяғы қайда ғалам?», «Қиялилар азайған дүниенің,/ Қимайтұғын жоқ екен ештеңесі». Сервантестің дон Кихот туралы шедевр романы шыққалы 500 жыл өтті. Дон Кихот ұлы образ, жер бетінен өшпейтін рух. «Ешкім бізді шын түсінген жоқ бірақ». Дон Кихотқа бәрі күлуге бар, бірақ қиялиларсыз жарық дүние қараң.

«Шыққан күнге,/Өскен Гүлге қуанған./ Естілмейтін дыбыстар бір шығарған,/Жүрегімнің жан дүрсілін/Өлеңге сап тыңдайын», «Албастыны алдаймын өлеңменен...». Есенқұлдың жүректі кеміретін құсалы сағынышы иррациональдық сипат алады. Бұл сөзбен айтып жеткізуге бағынбайтын тылсым күй, өнер үшін туған, шеңберге сыймайтын арманшылдың құпия таңбасы. «Елес сүйреп» – Есенқұл өлеңінің атауы: «Жоқ қызды сүйетіндей / Қайран адал, қияли сол бала кез, / Қырға шықсам жүретін бір қаракөз, / Сүйретіліп жусанға бұрымдары. / Беу, қаракөз!».

Керемет құбылысты жұрт сезбеген,

Сезгендей болатынмын өзім ғана.

Есенқұлдың жаны қыздан нәзік болды: «Еске түсіп жылаймын жігіт күнім», «Бар пендені оп-оңай алдарсың-ау,/ Ақын жанын алдарсың неменемен?» – өлеңі Асан қайғы.

Абайша көз жасын жасырмайтын бұл Есенқұл жылауық. «Қара құлдай қайыспас қайран көңіл,/Оңашада қалғанда шын жылайды». «Тіршіліктен теремін құр несібе» – Абаймен үндесу: «Мен келмеске кетермін түк өндірмей». Өнер адамы жазмышы – жалғыздық, жалпақ жұрттың бейқам бақытына қызығудан ештеңе шықпас. Үмітсіз шайтан.Торығудан дәнеме өнбейді.«Өмір сүріп келеді ел тәубеменен,/Неткен ұлы ұғымсың «тәубе» деген» деп айтқаны қайда?

Есенқұл жырларында қара өлеңнің нақышы бар. Абайша айтса, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Фольклордан асыл мұра қалған.

Сағынсаң мені тоғай бар

Артыңа қарай қарай бар.

Ақын жаратылыс біресе от, біресе мұз. «Ап-анық бір аспан едім тамаша,/ Көздің нұры тоятұғын қараса» – автопортрет. Қазтуған жыраудан бергі үзілмеген дәстүрдің мәні рух шақыруда. Ақын болып тумаса Есенқұл кім болар еді? Ол өзі білді: «Өмірге өлең үшін бола келген».

«Кей жұрт мені пешші орыс екен деп қалады», – деп ол алғаш көргенімде өзін таныстырғаны көкейімде жазылып қалды. Бұл ойнақы сөз қуыстану, өзін қорашсынып, кем көру деп ойлау түбірімен қате, расында өзін-өзі ғашық нарциссизмге лайық. Жұлдызды жан не десе жарасар. Ақын жаны шарап ішіп шалқып, кілең ақындармен қатар отырған эйфория сәтте қоршылық ой қайдан тусын. «Сынық қанат тырнадай жаяу қалған» деп мұңаятын өлеңіне бұл ауызекі юморы үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Шығармашылық адамы бір сарынды мимырт тіршіліктен жалықса, албырт, тентек балаша қалыптан шығып кетуге ұмтылады. Кісімсу, позаға ену, данышпан болғансуды шөлге қуып жіберген хайуандай көреді. Бағзыда бір жұрт бүкіл күнәларын арқасына артып, бір сорлы есекті шөлге қуып жіберген деседі, сол сияқты. «Қулығына ақыл ғой деп құлаған» – басқаның бақай қулығын ақындық дегдар болмыс місе тұтпасын, албастыдай көрерін өлеңінде Жұматай Жақыпбаев жазды.

«Бір сынаған жаманды екі қайтара сынама!» дейтін Бұқар жырау бабадай кейінгінің Есенқұлы кесіп айтуы заңды.

Жау қашырып керегі жоқ, жаудан жаман –

Жаны ашымас жақыннан қорға өзіңді!

3. Шер.

Есенқұл Жақыпбек Абай елі, Семей атом полигонының қасіретін жазды. «Қарауыл қайғысы» поэмасы психологиялық драма мен ащы трагедияға негізделген. Поэма Абайдың «Жігіт сөзі» («Айттым сәлем, қалам қас»), «Қыз сөзі» («Қиыстырып мақтайсыз») атты лирикалық өлеңдерінің үлгісімен жазылған, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» лиро-эпостық жырының мақамы бар. Абай эротикалық өлеңнің қас үлгісін жасады, негізгі сарын адамның жастық шағы, махаббат қызығы. Есенқұл зұлмат полигонның сұмдық құрбанына айналған ер мен әйел, ерлі-зайыпты қос зарлықтың монологын жан айқайымен берген: «Жарың өлік», « Тірі жесір», « Албырт шағым алданып өтті, қайтем, /Кебіні жоқ, көрі жоқ тірі аруаққа» – жас отбасында тіршілік семген. Әлем әдебиетінде өте сирек кездесетін осы бір аса ауыр тақырыпқа Эрнест Хемингуэйдің «Күн шығады» («Фиеста») атты культтік романы мен Дэвид Герберт Лоуренстің «Леди Чаттерлейдің ашынасы» (1932) атты пуритан Англияны естен тандырған, шіркеу айыптап, сотпен қуғындаған атышулы романы арналған. Екі роман жоғалған ұрпақтың қасіретін терең, тыйым салынған сұрапыл құпияны жария қылу арқылы ашты. Хемингуэйде соғыс жанын жаралап, тәнін мүгедек қылған, үміті кесіліп, ер адамға тән бақыты жоғалған қауқарсыз журналист жігіт испан дәстүріндегі фиеста, бұқамен адам сайысатын коррида мезгілі туған кезде ғана тіршілікке елігеді. Жанына алданыш тауып, жұбанады.

Есенқұл аз халықтың сорын, тоталитаризм зардабын былай түйіндейді: «Халықтың ұлымын деп мойындаймын,/ Өз басына өзі ие бола алмаған». «Өмір бақи өтіп ем «Елім-айлап»,/Болашаққа тағы да жылап барам». Қазіргі қазақ қоғамы сын көтере ме? «Мені де арбап барады,/Дүниенің боқтығы». «Киіз үй – қазақ үшін бәрі, бәрі! /Өспеген киіз үйде балаларға,/ Қазақтық қанша айтсақ та дарымады. / Киіз үйі жоқ жерде қазекеңнің / Пейілі де біртүрлі тарылады». Мөңке би, Мұрат, Дулат, Шортанбай зарлаған сарын этностық ұлы жоғалтулар. «Кебеже кең құрсақ батпандар,/Әйелін басқаға сатқандар» – қазақтың ұлттық мінезі қаншалық өзгерді? – деуге ақын құқылы.

ХХ ғ. басында Шәкерім қажы «Қазақтың аты бар да, заты жоқ» деген. «Қаз-үйрек едім көлдегі,/Қанатты жылан боп кеттім» қазақтықтың асыл тегі айнып бара жатыр. Оның түбі бүгінгі сиыққа, екіжүзді өтірік жалғанға ұрындырды. «Заңдармен қорғанған зәндәмдар./Сырты –қой,/Ал іші – доңыздар./Адамды білдірмей бауыздар,/ Жалтырақ жайсаң бір жауыздар» – бірақ бүгінгі мырза, бай-бағлан жаңа қазақтың бәрі осындай емес шығар? Гламур, сырты жылтыр, іші құнарсыз пасықтықтың тажал кейпін ақын дәл аңдайды.

Арсызды арсыздар ардақтап,

Қамсызды қамсыздар құрметтеп.

..Бір-бірін арбайды күрмектеп.

Батыстың гендерлік саясаты қазақты шайқап жібермей ме? «Әне жүр жас қыздар, жас қарлар,/ Ханмен де, құлмен де жатқандар». Осы хал адамзаттың ежелгі тірлігі емес пе, өзгерген түк те жоқ?!

Есенқұл Жақыпбектің біздің дүниеқоңыз заманның сұрқын дөп суреттейтін азаматтық лириканың биік үлгісі «Ала жіп» атты өлеңі бар.

Есіктің алды – ала жіп,

Қарайды қасқыр қадалып.

Ала жіп егер аттаса,

Ар-ұятын тастаса,

Қасқырлық кетер жоғалып.

Бұзылмас серті бөрінің,

Ар-ұят үшін бас құрбан.

Ала жіп көрсе қорадан,

Ойланып қалар абадан.

Өз елін өзі тонаған,

Болса ғой сендей көп Ағам.

Қасқырдың сертін ұғып көр,

Қасқырдай арлы жігіттер!

Ұлысты тонап бітті ғой,

Бұралқы өңкей ұры иттер.

Есенқұл «Жаны адалдар ешкімге болмаған құл» деп айқын жырлады. Адалдықты делқұлы, қор санап, менсінбейтін ардан безген бейсана қоғам туғанын білсе де кезене айтты.

4. Мойынсұну.

Есенқұл үшін даланың өзі жылқы, өлең. Туған жер ол үшін тірінің де, өлінің де алтын бесігі: «Қорымдар, зират, көне ордам», «Зираттар – көнекөз елім,/Киелі қара орманым». Бұлай деп айту тек қазаққа бұйырған. Нақ осы өлеңінде Есенқұл жанының күллі құсасы тұнып тұрғандай сезіледі.

Ақын «өлім» деген сөзді көп айтпайды. Оның синонимі бар: «мола». Мола – ақын үшін көкейін тескен идефикс, Қорқыт күйін кешеді. Есенқұлдың «Қорғандар», «Сары дала. Мола» атты қос өлеңі ажал культын жазмышқа көнбіс мистикалық үреймен бере алған. «Өлім оңай сол молаға барғанда».

Қара жер сенен қорықпаймын,

Саған да жазда шөп шығар.

Үш күннен соң адам көрге де үйренеді деп өзін жұбатқаны, ажалдан именбеймін дегені бекер. Федор Тютчев: «Мысль изреченная есть ложь». Ақын әулие болады, ғұмыры жер бетінде ұзақ болмасын сезсе жарыққа құштар жүрегі шер жұтып атойлайды.

Обыр дүние көмейіндей тойымсыз,

Обырайған мола жатыр үндемей.

Опырайған мола жатыр қылжиып,

Бүйірінде бір үңгір бар тұңғиық.

Атжалмандай ар жағынан жылмиып,

Ажал күтіп алатындай ыржиып.

«Зев могильной пропасти» (Пушкин), «Яма могильная» (Н.Некрасов), «Пещера гроба мрачная» (В.Капнист), «Дыра безымянная» (М.Цветаева) – қабірге анықтауыш берген орыс ақындарымен Есенқұл Жақыпбектің мынау үндестігі ғаламат, жүрек сөйлесе жалған айтпайды.

Сол тесіктен сұмдық бір сөз естілер,

Еңірейді елсіз қырда ескі көр.

Тесірейіп үңіледі үңгірге,

Екі көзі оттай жанған ешкілер

Естіп, жылап өлген мола өлеңін,

Елсіз қырда ешкі баққан мен едім.

Көпшілікпен бірге мен де барып ем,

Апамызға ақ топырақ салғалы.

Көрдің аузы көпті көріп ыржиды.

Тіршіліктен алым-салық алғалы.

P.S. 2007 жылы 7 маусымда Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезі өтті. Кешінде Гүлнәр Салықбаева бір топ ақындарды кафеге шақырып, қонақасы берді. Есенқұл, Тыныштықбек, Светқали, Жанат, Нәзира. Осы кеште Есенқұл Жақыпбекті алғаш рет көрдім. Қас жақсы екенін тану үшін бар болғаны бір кеш, аз мезет жететін адамдар болады өмірде. Есенқұл жаратылысы тұнық, таза бұлақтай мөлдір жан екен, адам баласына деген мейір тұнған болмысы пендешілік, бықсық мінезге атымен жоқтай сезілді.

Есенқұл әндерін әнші Ақан Әбдуәлі сүйіп салды. Ол Сүйінбай мен Қатағанның айтысын шырқап салғанда залда көрші үстелде толып отырған қытайлық кәсіпкерлер сөзден сап тиылып, тыңдай қалысты. Жат елдіктер үшін жұмбақ қазақ жаны келмеске кеткен эпикалық дәуірін әлі аңсайтынын сол сәт өрттен ұшқан ұшқындай тыз етіп сезгендей көрінді маған. Олар біз сияқты ұзақ отырған жоқ, бас-аяғы бір сағатта ас ішіп, уақытқа бағынып, тарқап кетісті.

Осы жазбаны әуелде Есенқұл Жақыпбекпен әдеби сұхбат жасауға дайындаған едім. Мерзімі: «25-27.03.2010. Черновик.14.02.-15.02.2011». «Атамекен-Жамбыл», газеттің электронды адресіне бірнеше рет жібердім. Есенқұл аға текстті жоғалтып алдым, қайта жіберші деп қоңырау шалады. Бірде Дәутайұлы Несіпбек ағаға Есенқұл Жақыпбек сұхбат бермей қойды деп айтсам, күліп жіберді, ақындарға қара сөзден өлең оңай, прозаға шорқақ, ал өлең оларға көктен құйылып тұрады деді. Айтысқа келгенде суда жүзген балықтай тосылмайтын қайран ақындық. Расында солай-ау, өлең жаз десе қай жазушы өзін шабан сезінбес. Ризашылық, шынайы құлшылық Есенқұл үшін тіршіліктің ұлы мағынасы: «Айналайын ағайын! Сендермен жерді бір басқан, / Сүйгізген, сүйген, мұңдасқан / Өмірі өлең жыр-дастан, Менде арман жоқ шығар».

Түйін осы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар