Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Тұрақсыз әлемнің суреткері (3-бөлім)...

17.11.2017 9856

Тұрақсыз әлемнің суреткері (3-бөлім)

Тұрақсыз әлемнің суреткері (3-бөлім) - adebiportal.kz

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Ар ісінің азабы

Сәби күнінде кіндік қаны тамған топырағынан тамыры үзіліп, Ұлыбританияға қоныс аударып, бөгде елде ес жиып, етек жапқанына қарамастан Кадузо Исигуроны жапондардың өткен күндердің жүрегін жаралап кеткен зобалаңынан арылғысы келген жан айқайы көбірек алаңдатады. «Гардиан» газетіне берген сұхбатында атақты қаламгер, барлық адам баласына түсінікті халықаралық романдар жазу шығармашылық мұраты болып табылатынын тілге тиек еткенімен, бәрібір сыршыл суреткердің өз ұлтын ойлап қамығып, қабырғасы қайысатыны, әсіресе, алғашқы дүниелерінен тайға таңба басқандай көрініп тұр. Дей тұрсақ та ол бір сұхбатында өз прозасын жапон әдебиетінің контексінде қарайтын сыншылар пікірімен үзілді-кесілді келіспейтінін ашық айтыпты. Соған қарамастан, ұлттық тегі мен жапон мәдениетінің қаламгердің жазу стилі мен оқиғаны баяндау мәнеріне тигізген ықпалы байқалмай қалмайды.

Жүз жерден ағылшын болып көрінуге тырысқанымен, Исигуроның әдеби мұрасын көңіліне тоқи отырып оқып, көтерген тақырыбын, толғандырған мәселелерін, суреткерлік шеберлігін ой сүзгісінен өткізіп, ақыл таразысына салып зерттеген сыншыға, оның өзге елде өмір сүріп жатқан эмигрант екенін анықтау аса қатты қиындық туғызбайды. Жазушы-эмигрант болғандықтан, бөтен елдің жерін басып, ауасымен тыныстап жүрген қаламгерлердің бәріне тән, сананың архетиптік көрінісі ретіндегі - үй мифолегемасы Исигуро шығармашылығында маңызды орын алады.

Қаламгер романдарында сюжеттік, семантикалық, образдық деңгейлердің бәрінде де қара шаңырақтың атқаратын елеулі қызметі бар, көп жағдайда үй мифолегемасы көз алдыңа Жапонияны елестетеді. Үйдің образы от басы, ошақ қасының қорғаушысы ретіндегі Ананың архетиптік бейнесі арқылы жеткізілетін шығармалардан айырмашылығы, Исигуроның ұлттық рухтағы жапондық шедеврлерінде дәстүрлі өмірдің жақтаушылары болып ер азаматтар суреттеледі. Қан кешкізген соғыс, жақын адамдарыңның қазасы, сананың дағдарысқа ұшырап, қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі сияқты жағдайлар тұрмыстағы қалыпты тәртіпті бұзып, еркектер әйелдер істеуге тиіс көп міндеттерді өз мойындарына жүктеп алды. Міне, осылайша қоғамдық өмірде қайрат танытып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмаған азаматтар, күйкі тірліктің жәрмеңкесінде үй мен тұрмыс мәселесіне жіпсіз байланды.

Кадзуо Исигуро прозасында үйдің атқаратын сакральдық қызметі де зор мәнге ие; жазушы кейіпкерлері өмір сүретін тұрақтарда, күнделікті тұрмысқа арналмаған жабық бөлмелер жиі кездеседі. Мысал ретінде, Мацуо Оно әкенің сан-алуан ғибадаттық сипаты бар «қабылдауға арналған бөлмесін» айтуға әбден болады; біріншіден, оған, белгілі бір жасқа келгенге дейін ешкімге кіруге рұқсат жоқ, екіншіден, онда, ақша санау мен есеп кітаптарын жүргізу жұмыстары жасалады; үшіншіден, оның орталығында, отбасындағы дәстүрлі істі жалғастыруға арналған, салттық құрбандық шалу – Ононың кенептері отқа жағылады.

Жазушы оқырманды шығармасының көркемдік әлеміне үй арқылы енгізгендей көңіл-күйдің сезіміне бөлейді. Оқиға саудагерлердің ерекше «бедел аукционын» өткізіп, сол жерде суретшінің кәсіби жетістіктерінің жоғары бағаланып, соның арқасында сән-салтанаты мол жекежай сатып алуынан өрбиді. Қуаныштың соңы қайғының боранына ұласып, соғыс басталып кетіп, суретші байғұс әйелі мен ұлынан айырылды. Тағдыр тауқыметін тарта жүріп, өмірдің шытырман шырғалаңында бас кейіпкер тұрақтаған үйлер, суретшінің өзін-өзі іздеген жылдарындағы ақыл-ойы кемелденген кезеңдерінің - симолдық белгісі; қара шаңырақты тастап кетуі баланың ер жетіп, есейіп, рухани толысуының, атап айтсақ, саудагер әкесімен ат құйрығын кесісіп, кәсіби қызметіне бет бұрған шағындағы таңдаған - жолының сипаты. Кейіпкер өмірінің келесі кезеңі – еуропа саудагерлеріне арналған «экзотикалық» жапон картиналарын дайындайтын шеберханадағы жұмысы, бояулар шашыраған, шағын бөлме арқылы таныстырылады. Ононың жалпы жұрттың сұранысын қанағаттандыруға арналған арзанқой картиналарды салудан бас тартып, шын өнерге бет бұрған кезеңі де жаңа баспанаға көшкен өмірімен байланысты болып келеді.

Қала сыртындағы жекежайға көшкеннен кейін жас суретшілер онда, түнгі әлемнің қас-қағым сәттік рахатына батады; оларға қойылған жалғыз шарт – ұстаздарына деген адалдық пен шығармашылық нұсқауларын қалтқысыз орындау. Бірақ дүниеге деген өз көзқарасы бар, тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан өнер адамына осындай қарапайым шартты мүлтіксіз орындау да оңай іс болмай шықты. Ақыр соңында, ұстазының жұмыс істеу тәсілінен бас тартуы Ононың тағы да үйден қуылып, тек өзінің ақылы мен өнеріне ғана кәміл сенуге болатын тәуелсіз шығармашылық жолда таңдауына мәжбүр етті. Бұл жол табысты болып, суретшінің таланты мойындалып, соның материалдық көрінісі оқырман зердесіне суретші сатып алған сән-салтанаты мол жекежай арқылы жеткізіледі. Міне, осылайша Исигуро романының мифопоэтикасын зерттей отырып, біз үй мифологемасының түрлі мағынасы бар екенін ұғып, оның тек материалдық қана емес, сонымен бірге, адамның рухани толысып жетілуінің де символдық белгісі болып табылатынына көзіміз жете бастайды.

Зады кез-келген талантты қаламгер өз ұлтының басынан кешкен зобалаңын суреттей келіп, сол арқылы, адамзат баласының бәріне тән ортақ трагедиялардың сырына үңіліп, залалы мен зауалын көркем прозаның тәсілдері арқылы зерттеп-зерделеуге тырысады. Немістің ғажайып жазушысы Томас Манның «ұлтының тағдырына жаны күйген жазушы ғана, әлемді толғандыратын ұлы дүниелер туғыза алады», дегені осындайда ойыңа оралады.

Бүгінде жұрттың бәрі қайталай бергеннен мәтел болып кеткен «Әдебиет –ардың ісі» дегенді, тек сөз өнерімен ғана байланыстырып айту, менің ойымша дұрыс емес. Алланың жазуымен жарық әлемнің есігінен аттаған кез-келген ұлы өнердің дүниеге келіп, кіндігі кесілген шақтағы, алғашқы емгені Ардың ақ сүті екенін ұмытуға болмайды. Тағдыр тәлкегімен адасып, сұрқия саясаттың құрбаны болған шығармашылық адамдарының бәрі де Өнер-Ананың ақ сүтін ақтай алмай, жаны қиналып, түптің-түбінде Ар азабының қасіретін тартады.

Жалған саясатқа шырмалған шығармашылық тұлғаның қандай моральдық азып-тозу мен рухани күйзеліске ұшырап, санасының қалай дағдарып, сең соққандай сергелдеңді басынан кешетінін Исигуро «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында өнердің тілімен түсіндіруге тырысады. Аталған шығармада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапониядағы ахуал сипатталып, елдегі болып жатқан жағдайлар баяндалады. Дүниені дүрліктірген оқиғалармен бірге қоғамдық сана да өзгеріп, кешегі құндылықтарға мүлде басқаша көзбен қарайтын жаңа ұрпақ келді, өмірге.

Ия, жапон халқы соғыста жеңіліп қалды, енді елге америкалықтар үстемдігін жүргізіп, жастар жаңа жолды іздеп, сенімді түрде демократияны орнатуда. Халық имандай сеніп, пір тұтқан бұрынғы идеалдардың күлі көкке ұшып, кешегі ел мақтаған батырлардың бәрі шын мәнісінде жұртты ақиқаттың ақ жолынан адастырған сатқындар болып шықты. Қара халықты айтпағанда, олардан тіпті, туған-туысқандарына шейін теріс айналды. Кітаптың бас кейіпкері, кезінде даңқы дүрілдеген ұлы суретші Мацуо Оно да жаңа режимнің құрбаны болған - пенде баласы. Тұрақсыз заманның түрлі қиындықтарын көріп, тар жол, тайғақ кешулерінен аман өткен суретшінің бүгінгі жағдайы жаман емес. Екінші қызын тұрмысқа берудің қамын қарастырып жүріп, ол өзінің тағдыры мен елінің өткен өмірі туралы, көңілсіз сезімнің сағымына шомылады. Кеңселердің жанында орнатылған сәкіде отырған суретші неге соншама қамығып, қайғыра береді? Құрметке лайықты және қамсыз кәріктен артық, оған не керек?

Кейіпкердің ішкі монологымен танысқанда ғана, күмән пышағы жүрегін жаралап, күні- түні тыныштық бермей қойған бейбақтың жанын жегідей жеген қасіретінің шын себебінің құпиясы ашыла түседі. Әлі он екіде бір гүлі де ашылмаған, еш жазығы жоқ ұрпақтың құрбан болып кеткені үшін, ол өзін қылмыскер санайды. Саяси идеологияның шылауына шырмалып қалған ол кезінде түрлі плакаттар салып, отаншылдыққа үндеп, өрімдей жастарды соғысқа баруға шақырып, өлім отына айдап салды. Суретшіге сеніп, қан майданға аттанған жүрегі жалындаған жастардың талайы қаза тапты.

Жапон мәдениетінің тірегі шатқаяқтап, ұлттық дәстүрінің іргесі сөгіле бастағаны үшін де Мацуо өзін кінәлайды. Айналадағы өмір өзгеріп жатыр, ол енді қисық өскен ағаштай болып кетіп бара жатқан қоғамды түзей алмайды. Адал жүрегі иланып, ұлы армандарға жетелеген кешегі әдемі идеалдар быт-шыты шығып қирады. Ашық айтпағанымен, халық күні кеше ғана құрмет көрсетіп, төрге шығарған Мацуо Она сияқты идеологияның жалынды жаршыларын енді иттің етінен жек көреді. Себебі, Жапония жеңіліп қалды. Ал, өз ұлтының ұлы жеңіске жететіне сендірген суретшінің ұлы саналып келген өнер туындылары күресінге лақтырылды. Тіпті, суретшінің енді ғана есін танып келе жатқан кішкентай немересіне шейін атасынан «Ата, сіздің кезінде ұлы суретші болғаныңыз рас па?», деп сұрайды.

Аласапыран уақыттың дауылымен келген демократиялық өзгерістердің кесірінен, жапон халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетінің алтын діңгегіне қалай балта шабылып, жаңа буынның халықтық тамырынан қалай ажырап бара жатқанын да Кадзуо Исигуро асқан шеберлікпен жеткізген. Батыс өркениетіне елірген жастар америкалықтардың музыкасын тыңдап, киноларын тамашалайды. Заманының даңқты суретшісі болған Мацуо Ононың жалғандағы жалғыз немересі Итиро да Жапонияның ұлттық батырлары туралы естігісі де, білгісі де келмей, ковбойлар жөнінде түсірілген америкалық фильмдерді қызыға көріп, бар жан-тәнімен соларға еліктейді. Жүрегі езіліп, жаны күйзелгенімен ол енді құрдымға кетіп бара жатқан дүниені өзгертуге дәрменсіз. Сайқал саясаттың құрбаны болып, абырой-беделінің бәрінен айырылған адамның сөзін кім тыңдап, кім керек қылады дейсің? Кім?

Басқаларын айтпағанда, суретші белінен туған перзенттерін де жаңа заманның жаман ықпалынан қорғап қала алмады. Егде тартқан әкесімен дөрекі сөйлескен екі қызының мінез-құлқына қарап, бөгде мәдениеттің жапон ұлтының сана-сезіміне қандай зиянды залалын тигізіп жатқанын пайымдайсың. Үлкен қызы тіпті баласының атасымен араласуын шектеп тастағысы келеді. Атағы дүрілдеп тұрған шағында қыздары әкесін жақсы көріп, мақтан етіп, құрмет көрсетіп, қадір тұтатын. Енді елдегі саяси ахуал өзгергеннен кейін, абырой- беделін жоғалтқан ол дос-жарандары түгіл, туған қыздарынан да жүрегін елжірететін жылы сөз ести алмай қапаланады. Суретшінің кезінде жұрт тамсанып, аяғын жерге тигізбей, көкке көтере мақтаған картиналары енді үйде тығулы тұр. Қоғамға керегі болмай қалған Мацуо Оно өткен өмірін еске алып, қайта-қайта мұңлы ойдың мұнарына бата береді. Шығарма авторының бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір халықтың басынан кешкен трагедиясын ой-санаңды үйіріп әкететін терең психологизммен соншалықты шынайы, соншалықты нанымды етіп суреттеп берген шеберлігі, шынында да таң қалдырады. Көлемі шағын ғана роман арқылы Кадзуо Исигуро көп жағдайда жазушы творчествосында бір арнаға тоғыспай жататын инттелектуалдық сараптама, әлеуметтік және психологиялық талдауларды, шығарманың көркемдігіне селкеу түсірмей, жігін білдірмей жымдастырып жібереді. Сөз өнерінің табиғатын аша түсетін «ішкі монолог», «сана ағымы», «композиция еркіндігі» т.б. әдеби тәсілдердің бәрін шебер меңгерген Исигуроның романы жапон ұлтының рухани ұлылығының айқын айғағы екені дау туғызбайды. Жазушы құм арасынан алтын іздегендей аса зор қырағылықпен адамзатқа ортақ ақиқаттарды халықтың тарихынан, ұлттық болмыстан іздейді.

Моральдық дағдарысқа ұшырап, әлеуметтік тірліктің тығырығына тірелген Мацуо Оно өмір бойы картиналарын жазып, бар жан-тәнімен елге пайдасын келтіруді ғана ойлап, уақыт ағымынан қалып қоймауға тырысты. Нәтижесінде сонау бір ертегіде мысқалдап айтылатын шалдың күйін кешіп, сынған астауын құшақтап, ешкімге керегі болмай қалды. Күні кеше ғана халық мақтаған туындыларыңды енді жұртқа көрсетуге ұялудан артық қандай қасірет болуы мүмкін, өнер адамы үшін? Айтыңызшы, қандай?

Тұтас бір дәуірдің картинасын көз алдыңа елестететін Исигигуроның таңғажайып туындысын оқи отырып, жазушының жанын жегідей жеп, мазасын алған ұстара сауалдардың, Қазақстандағы болып жатқан жағдайларға да қатысы бар екеніне көзім жете түскендей әсердің сиқырына арбалғанымды жасыра алмаймын. Діні мен салты бөлек болғанына қарамастан, отаршылдық езгісінде жаншылған екі ұлтты да толғандыратын мәселелердің, егіз қозыдай ұқсастығына көзім жете түсті.

Жапонияда да өткен күндердегі халықтың көрген зорлық-зомбылығы үшін ресми түрде ешкім де айыпталған жоқ. Философиялық, психологиялық, тіпті, қарапайым адамгершілік тұрғысынан кешегі дәуірдің жаралы жанын түсінуге тырысқан терең талдаулар жасалмағандықтан, біздің халық та Кадзуо Исигуроның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романының кейіпкерлеріндей, өткен тарихындағы қанды оқиғаларды қалай бағаларын білмей, абдырап қалды. Расында да Алаш арыстарын ұстап бергендердің бәрін опасыздарға, ал, советтік идеологияны жырлаған ақын-жазушылардың бәрін сатқындарға жатқызуға бола ма? Әлде, ол мәжбүрсіздіктен болған жағдай ма? Жеке басыңды ғана емес, ұлы идеал үшін, сенімен бірге құрып кетуі мүмкін, бала-шағаңның, туған-туысқандарыңның, дос-жарандарыңның да тағдырын тәлкекке ұшырататын қатерге тігуге қақың бар ма? Біз бір сәтке болса да, солардың орнына өзімізді қойып көрейікші. Мүмкін, олардың бәрі де адамның өмірі қылкөпірдің үстінде тұрған аласапыран дәуірдегі дүрбелеңнің құрбандары ғана шығар. Ал, советтік идеалдардың халықты ұшпаққа жеткізе алатынына бар жан-тәнімен сенгендерді, қалай айыптаймыз? Сенімі үшін адамды жазғыру, қаншалықты орынды? Өнер адамының шығармашылығын саяси көзқарасына қарап бағалауға бола ма? Медреседе білім алып, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді Шығыс шайырларының дастандарымен, кейін әлем әдебиетінің қайнар бұлағынан да қанып ішкен, Жұмабай қажының немересі Мағжан мен жеті жасында жетім қалып, жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждық қолын байлап оқи алмаған, сауаты шамалы Сәбиттерді салыстырудың қисыны бар ма?

Кадзуо Исигуроның 2007 жылы «Эксмо» баспасынан жарық көрген «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романын оқып болып, соңғы бетін жапқаныма міне екі сағаттай уақыт өтті. Сағат тілі түнгі екіден асып кетсе де, сең соққандай сергелдеңге салып, жанымның тыныштығын бұзған шығармадан алған әсерімнен арыла алмай, ұйқым қашты. Неге екенін білмеймін, күні кеше ғана дүниеден өткен ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы есіме түсіп, көңілсіз ойлардың уытты тырнағы жүрегімді тырнады. Халқына адал қызмет етіп, адам баласына қылдай да қиянат жасамаған жазушы өмірінің соңында надан тобырдың талауына абайсызда қалай түсіп қалғанын өзі де байқамай қалды. Анау бір үлкен кісінің алдында дәрменсіздік танытып, жасап қойған пендешілігін, біз оған өлгенше кешіре алмадық. Айтпаған сөзіміз, атпаған оғымыз қалмады. Енді міне суреткер дүние салғаннан кейін бәріміз жапатармағай мақтап, оны әулиеге теңеп жатырмыз. Дегенмен, жұрттың бәрі оған тасадан тас атқанда, жазушының шарапатын көріп, жылы сөзін естіп, батасын алғандар неге үндей алмай, тілін тістеп қалды? Неге? Біз неге ылғи да өнер адамдарының жандарын темірден жаратылғандай көреміз, неге біз үнемі олардың пенде баласының бәріне де тән осалдығын кешіре алмаймыз? Неге?

Билік барлық уақытта да талантты тұлғалардың бойына симай тасыған қабілетін өз мүддесіне қызмет еткізу үшін пайдалануға тырысады. Тәуелсіздік алғаннан кейін де дарынды суреткерлердің билікке тәуелділіктен құтыла алғаны шамалы.

Нағыз суретшілер өнерден гөрі, саясатқа қызмет еткен уақытта халықтың жаны ластанып, жүрегін кір басады. Ізгілікке шақыратын ұлы идеалдар күйреп, рухани кеңістік қаңырап қалады. Шындық пен өтіріктің шекарасы жойылады. Рухани тазарудың мөлдір айдынына алып шығуға тиіс шындық, керісінше халықты батпаққа белшесінен батырады.

Әй, бірақ, мына біздің қоғамда әділет пен шындық бар ма өзі? Шындық үшін жанымыз шырылдап жатқандай болғанымен, мүмкін, біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі де, тым қатты асқынып кеткен ішкі меніміз бен ауру санамыздың көрінісі ғана шығар.

«Хайуан сияқты өмір сүріп жатырмын» деп ар азабын тартқан кемеңгер Толстой мен «Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес» деп өз мініне жиіркене қарай алатын, әулие Абайлардай шын суреткерлер қалды ма мына тұрақсыз әлемде. Біздің бостандық деп таныған идеалдарымыздың астарында шын мәнісінде ұлттық нигилизм мен құлдық психология жатқан жоқ па, осы? Тәуелсіздік алғанымызға жиырма бес жылдан асса да оппозициямыз бәрін жоққа шығаратын нигилизмнен, ал, билік басындағылар ләппай тақсырлап, бәрін құр өтірік мақтай беретін құлдық мінезден қашан арылады? Құлдық санадан арыла алмаған мына біз, өткен тарихтан тағылым алудың орнына, неліктен сол қателіктерімізді қайталай беруге құмбылмыз? Неліктен шын мағынасындағы талантты ақындарымыз биліктің құлақ кесті құлына айналып барады? Құдай үшін, айтыңызшы, неліктен?

Құлдық болмысымызға қарамастан, өткен ғасырдың басындағы өліарада халық үшін адасып, неше түрлі қорлықты көрген Сәкендерді «Советстанды» жазғаны үшін кешіре алмай, ар үкімін шығарып, күресінге лақтырып тастауға жанталасып жатырмыз. Ал, сол Сәкендердің рухының қалай қорланғанын, намысының қалай тапталғанын, ар-ұятының қалай аяққа басылғанын ойланып көруге, неге ақылымыз жетпейді? Неге? Әрі-беріден соң оларды жазғыра алатындай біз кімбіз? Шынымен де біздің бәріміз сүттен ақ, судан таза періштелерміз бе? Күні кешегі «Шаңырақ» оқиғасында халықтың емес, әкімнің сөзін сөйлеп, ұлтын сатып кеткен ақындардың Сәкендерді кінәлауға қандай моральдық қақысы бар? Тұрақсыз әлемнің суреткеріне өмір сүру қай заманда, қандай қоғамда оңай болып еді.

Әсіресе, дәл бүгінгідей білімді және талантты адамдардың ешкімге керегі болмай қалып, мына қоғамда алаяқтар мен екіжүзділер, өтірікшілер мен жағымпаздар үшін даңғыл жол ашылғанда нағыз суреткерге өмір сүру қиындаған үстіне қиындап барады. Күні кеше ғана аянышты жағдайда өлген, білімі телегей теңіздей, талантты ақын Әмірхан Балқыбектің қайғылы қазасын ойласам, мына жалғаннан түңіліп кете жаздаймын. Тышқанның мұрнын да қаната алмайтын адал жігітті, өнерге берілген тазалығы, тобырдың ортасынан шыққан «көсемдердің» алдында басын игісі келмеген мінезі үшін бәріміз жақтырмадық. Ақыры, ақынның аяныщты өлімімен аяқталды....

«Мәңгілік бүгін» (Борхес) тақырыбының топырағын терең қазып, оқиғаны баяндап берумен ғана шектеліп қоймай, сенің сырласыңа да айнала алатын Исигуроның таланты бағаланып, Нобель сыйлығын алғанына мен шын жүректен қуаныштымын. Жазушының әр туындысын оқыған сайын өзім үшін бір үлкен жаңалық ашқандай боламын. Ол суреттеген адамдардың жанын кемірген сауалдар сені де толғандырмай қоймайды. Психологизмнің құйыны үйіріп әкететін Кадзуоның жазу мәнерінде байсалдылық бар. Жұрттың бәрі де оны еуропалық жазушы ретінде танып жатқанына қарамастан, қаламгер шығармаларынан жапондарға тән сабырлылық пен тереңдік бәрібір қатты байқалып тұрады. Әсіресе, жапон классигі Дзюнатира Танидзакидің «Ұсақ қар» романынының Исигуро шығармашылығына ықпалы болғаны қатты байқалады.

Қаламгердің шығармашылық құдіреті туғызған туындыларының ішіндегі менің ең жақсы көретін шығармам «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында жазушының келешектегі жүретін жолының бағытын айқындап берген тамаша жолдар бар. «Такэда шеберханасынан алған тәжірибем мені соқыр сенімге беріліп, тобырдың соңынан еріп кетпей, еліктіріп жатқан бағыттардың қаншалықты дұрыс екенін ақыл таразысының сүзгісінен өткізуге үйретті», - дейді шығарманың бас кейіпкері, суретші Мацуо Оне.

“Тұрақсыз әлемнің суретшісі” романы ХХ ғасырдағы жапон прозасының ең озық канондарын сақтай отырып жазылған шедевр: сәл еркіндеу стиль, мүлде байқалмайтын сюжеттер, суреттеудегі нақтылық, терең психологизм мен оқырманға өз ойын таңғысы келмейтін автордың бейнесін шығарманы оқу барысында түрлі қырынан тани түсесің. Соған қарамастан кітапты оқи отырып нақты уақыттың, яғни, соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі Жапонияның рухын айқын сезесің.

Орта ғасырлық жапон әдебиетінде – дзуйхицу деген жанр бар. Жапон тілінен аударғанда ол «қылқаламның ұшында» деген мағынаны білдіреді. Атап айтқанда, мұндай жанрмен өткен күндердің естеліктері, күн барысында болған оқиғалар, автордың эстетикалық пайымдаулары баяндалады. Шығарма авторының бұл туындысын тыныш прозаға әбден жатқыза аламыз. Тыныш прозаны оқығаныңда жаның демалғандай әсер аласың. Онда қалыпты тұрмыстың тыныштығында адам жанының тереңдігі танылып, құпиялары зерттеліп жатады. Бүгінгі таңдағы Батыстың ғажайып суреткерлері Джонатан Коу, Фэнни Флег, Кадзуа Исигуролар мен қазақ әдебиетінің классигі Тынымбай Нұрмағамбетовтер тыныш проза жазудың - теңдессіз шеберлері. Суреткерлік тәсілмен қас-қағым сәттің көрінісін мәңгілікке айналдыра алудан асқан қандай шеберлік болуы мүмкін.

Кадзуо Исигуроның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында бас кейіпкердің замандастарына, аға буынның қателігі үшін сұм соғыстың зардабын тартып жатқан жас ұрпақ қарсы қойылады. Айтпақшы, Нобель сыйлығын иеленген, жапон прозасының көзі тірі классигі Кэндзабуро Оэнің «Кеш туған ұрпақ» романында да тағдыры ұрланған ұрпақтың тақырыбы сөз болмаушы ма еді. Ол туындыда да соғыстың тауқыметін тартып, жандары жараланған жастар, әкелерінің жіберген қателігі үшін зардап шегіп, бұйдасын үзіп кете алмаған інгендей, америкалықтардың жетегінде кетуші еді ғой.

«Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романы ХХ ғасырдың барлық күйзелісін басынан кешіп, саяси тұрақсыздықта қателесіп, бірақ жасаған күнәсін мойындай білуге батылы жеткен талантты суретшінің - шындығы. Шығарманың бас кейіпкері, жесір қалған суретші Мацуон Ононың бір қызы тіпті өзінің тұрмысқа шыға алмай қалуын, әкесінің өткен өмірде жасаған күнәсі үшін жіберген Құдайдың жазасындай көреді. Кеш болса да Мацуо Оно өзі және қыздары үшін өткен өмірінде жасаған күнәларын мойындауға дайын.

Жазушы Исигуроның жас ұрпақ жазғырып жатқан егде тартқан өнер адамының жан әлеміне еніп, жібектей нәзік сезімі мен қайғысын суреттеп берген шеберлігіне еріксіз сүйсінесің. Бас кейіпкер бүгінгі және өткен өмірін әңгімелей келіп, бұрын-соңды айтылмай келген ақиқаттың пердесін ашады. Сөйлеген сөздерінен суретшінің ақымақ адам емес екені тайға таңба басқандай көрініп тұр, алайда саяси үгіт-насихаттың қуатты машинасы іске қосылғанда өнер адамдарының көбісі парасатын сақтап қала алмай, «жарқын болашаққа» сеніп, саясаттың құрбаны болып жатады. Әсіресе, жүрегіңде жастық оты жалындап, алдыңда даңғыл жол ашылғандай болып көрінгенде, бүгінгі заманның батыры болуға ұмтылып, алып-ұшқан көбелек көңілдің соңынан ілесіп кетпей, сабыр сақтап, өзіңді ұстап қалу қиын. Өте қиын. Суретші Мацуо Оно да игілікті істер үшін әрекет етіп жатқанына имандай сеніп, тұрақсыз әлемнің дауылы соққанда ұстамдылық таныта алмай қалды. Халыққа адал қызмет етуді армандаған суретші, керісінше жұрттың қарғысына ұшырады. Күні кеше ғана талантына табынып, өнеріне еліктеп, оны пір тұтқан шәкірттеріне дейін, енді одан ат-тонын ала қашады. Ұстазға осыдан артық қандай жаза болуы мүмкін. Айтыңызшы, қандай? Дегенмен, адам рухының мықтылығы өткен тарихыңан бас тартуда емес, қайта соны мойындай алатын батылдығында жатқанын халықтың түсіне алмайтыны - өзекті өртейтін өкініш.

Ақиқатында сайқал саясаттың құрбаны болған өнер адамдарының көбісі, жалған идеологияға сеніп, қандай ұлы қылмыс жасап жатқандарын өздері де білген жоқ. Өліарада адасқан суреткердің нәзік жанын түсініп, кешіре білгеннен гөрі, одан бас тартып, айыптаған әлдеқайда жеңіл. Суреткердің өнерінен бас тартып, айыптау үшін қатігездіктен басқа ештеңенің керегі жоқ. Ал, өнер адамының жанын түсініп, кешіре білу үшін сезімнің тереңдігі, ақылдың парасаты қажет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар