Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Әліқожа: «Ақын өзін табуға ұмтылуы керек»

18.08.2015 308

Бауыржан Әліқожа: «Ақын өзін табуға ұмтылуы керек»



«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға  ақын  Жанар Айлашованың өлеңдеріне, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, ақын Бауыржан Әліқожаның жазған пікірін ұсынамыз. 


www.adebiportal.kz


969725_153969221453625_1974380567_n.jpg



Рахмет!

 

Шемен жүрегім –  қара тасымды,

Қандауыр сөзбен қанатқаның үшін.

Тәкаппар, шалқақ, дара басымды,

Бұрылып қайта қаратқаның үшін...

 

Бәрін де білем деп жүргенімде,

Туындап қалған сұрақтарым үшін.

Сезімге шөлдеп көп жүргенімде,

Сылдырай аққан бұлақтарым үшін...

 

Еріндерімді, сен, семіп қалған,

Сүюге қайта үйреткенің үшін.

Махаббатымды мерт болып қалған,

Тірілтіп.., қайта күйреткенің үшін...

 

Сұп -сұр тіршілік, әлемді мына,

Мың сан құбылтып боятқаның үшін.

Арнатып саған өлеңді мына,

Мендегі ақынды оятқаның үшін...

Рахмет!!!

 

 

 

 

Жамау


 

Қарс айрылып кете ме деп көкірек,

Үміт үркіп демалуға тереңнен.

Сен кеткенде сөгітіліп кетіп ед(і),

Жүрегімді жамап алдым өлеңмен.

 

«Белгісіздік» деп аталған дастаным,

Көңілімді қарап едім парақтап.

Әр жерінен ине шанши бастадым,

Қаламымды сағынышпен сабақтап.

 

Санамдағы менің сансыз сабылыс,

Кінәлі деп көрсетер сен бағытты.

Сандығымның түбіндегі сағыныш –

Шарық жіпке исің сіңіп қалыпты.

 

Жігерімді жұдырыққа жиып ап,

Өрт боп өзек, іштен тынып, өксідім.

Өкінішті ойдан оймақ киіп ап,

Төзім деген тебенменен тепшідім.

 

Жұбату көп, ащы шындық аз мұнда,

Жазылсын деп жара орнын күйдірген.

Соңғы өлеңді өзің жайлы жаздым да,

Үнсіз ғана үзіп жіпті, түйдім мен...

 

...Сипап қойып сол жақтағы тігісті,

Сырласамын сәулелі аймен түнде мен.

Көздеріме көрінбеуге тырысшы,

Жамап қойдым жүрегімді жырменен!

 


Көз


 

Жайқалған жаздағы гүлі жоқ,

Көк мұздан көпір бар арада.

Жаныңды жылытар нұры жоқ,

Сен менің көзіме қарама!

 

Сен менің көзіме қарама,

Бейнеңді құшқысы кеп тұрар.

Көңілім көп өксіп қала ма,

Көзімде көлкиді көк мұнар.

 

Бұл тағдыр көмескі түсімен,

Құйындап кеп соқты бізге де.

Жарқ еткен жанарлар ішінен,

Сен менің көзімді іздеме...

 

Баянды етпеген сезімді,

Бақытсыз жандармыз, талайсыз.

Тайдырып әкет сен көзіңді,

Түйісіп қалса егер абайсыз.

 

Тайдырып әкет сен көзіңді,

Мұң толы мендегі қарашық.

Ірке алмай іштегі сезімді,

Сен болып тұнады дара шық.

 

Кешегі күндердей керемет,

Жанарым сеппейді шуақ, нұр...

Қарасаң, алайда, "Неге?" деп,

Көзімде бір ғана сұрақ тұр.

 

Сол сұрақ мазалап әлі жүр,

Сол сұрақ тұз сеуіп жарама.

Сен жауап бермейсің бәрібір,

Сондықтан көзіме қарама!

 


Маңдай


 

Шаршап журіп шаттығы кем шалғайда,

Армандаушы ем, айналамды ой қамап.

Неге екенін, мендік тайқы маңдайға,

Тұрақтамай қойды бақыт тайғанап.

 

Шабыт келмей түнді серік ететін,

Жыр бағынын сөз сабағын таңда үздік.

Тағдырымның таңбасы да қате тым,

Маңдайыма жазылған ба жалғыздық?

 

Жыр да тумай кірбіңі көп көңілден,

Жауап таппай санам сансыз сұраққа.

Өлең іздеп өтірікші өмірден,

Мен мәңгіріп жүре бердім жырақта.

 

Уайыммен буазытқан уақытты,

Жазмыштың жықпылы мен жырасы.

Өгейсіткен бармақтай-ақ бақытты,

Бәрі-бәрі маңдайымның кінәсі... ...

 

Деп жүргенде, өміріме өкпелеп,

Мөлдір көзден моншақтарым тамып мың.

ӨЗІҢ ендің әлеміме, бөп-бөлек,

Бұлт ішінен шыққандай боп жарық күн!

 

Керек енді маған жыр боп ағылу,

Өлең болып өзің тұрсың санамда.

Оңай емес бақытыңа жолығу,

Ал бақытты болу қиын одан да!.. ...

 

Шаршаңқырап жүргенімде шалғайда,

"Қалқам-ау" деп құшақ жая қарсы алдың.

Өлең болып өзің қонған маңдайға,

Ең алғашқы әжімді де сен салдың...

 


Мен саған сыйладым


 

Көзінде ойнаған күн нұры,

Періште үнімен тіл қатып.

Шуақтан жаралған жып-жылы,

Мен саған сыйладым бір БАҚЫТ!

 

Моншақты кірпігім дірілдеп,

Білдіріп бәріне бейілін.

Қасаңдау жүрегің жібір деп,

Мен саған сыйладым МЕЙІРІМ!

 

Сезімнің ырқына көнбейтін,

Сұп-суық түндерден түңіліп,

Жүргенде жаныңды емдейтін,

Мен саған сыйладым бір ҮМІТ!

 

Көңіліңді ауламай көп дүрмек,

Өртенді-ау өзегің жанып іш.

Аңсаумен мәңгілік өтсін деп,

Мен саған сыйладым САҒЫНЫШ!

 

Сүреңсіз күндерде сұрқы кем,

Жолыңды жаңылмай таба біл.

Сүрсін деп күнәсіз күлкімен,

Мен саған сыйладым ЖАҢА ӨМІР!

 


***


Тілегім сол – қамсыз өмір сүр, күнім,

Мені қойшы... Түкке тұрмас тірлігім.

Шағынғандай қара жерге көк аспан,

Қар аралас жаңбыр жауып тұр бүгін.

 

«Қап-қара бұлт, қараңды өшір, қаңғырма,

Қаламды бұл құрсауыңда қалдырма!»,-

Деп тілдеп ем, ақша қары аспанның

Араласты мендегі жас-жаңбырға.

 

Күншуақта барар ма едік баққа деп,

Қарай бердім сенің үйің жаққа көп.

Дір-дір етіп, құшақтап ап ағашты,

Сені ойладым тоңып қалған жоқ па деп?!

 

Көңілімнің көздеріне көл тұнып,

Сансыз сұлба кетіп барад жөңкіліп.

Таныс бейне, жо-жоқ басқа біреу ғой,

Сені көрсем деген менде келте үміт.

 

Қара бұлт боп төбемізден төнсе мұң,

Лүпілдеген жүрегіме бер сенім.

Жеті түнде жаурап қалған жоқсың ба,

Қолшатырың болайыншы мен сенің?!









«Ақын өзін табуға ұмтылуы керек...»



1970408_465105580283877_1279211712_n.jpg



Пікір білдіру үшін төмендегі жұмбақ ақынның өлеңдерімен танысып шықтым.

«Шемен жүрегім –  қара тасымды,

Қандауыр сөзбен қанатқаның үшін.

Тәкаппар, шалқақ, дара басымды,

Бұрылып қайта қаратқаның үшін...»,  – деп басталатын өлеңін оқығанда ойыма таныс ақындар орала бастады. Бұл «тәкаппар едім, басымды июді үйреттің, сүюді үйреттің»  деп бұрыннан айтылып келе жатқан таптаурын ойлар. Бұл өлең солардың кезектегі бір нұсқасындай болып әсер етті. Өзіндік қолтаңбасын көре алмадым. Ақын қаламы төселе келе өзгеге ұқсаудан қашып, өз жолын табуға, өзін табуға ұмтылуы керек. Сонда ғана тау бұлағындай мөлдір өлеңдер туады. Сосын өлеңнің аяқталуы да өте әлсіз екен. Ойын ашық жеткізе алмаған.

«Жамау» өлеңі де осындай.

«Сен кеткенде сөгітіліп кетіп ед(і),

Жүрегімді жамап алдым өлеңмен» деген жолдағыдай ұйқас үшін бір әріпті жұтып қоюдан сақтану керек.

«Санамдағы менің сансыз сабылыс,

Кінәлі деп көрсетер сен бағытты»

немесе:

«Өкінішті ойдан оймақ киіп ап,

Төзім деген тебенменен тепшідім» деген жолдардың бір қайнауы ішінде жатқандай көрінеді. Ал, керісінше ақынның «Көз», «Мен саған сыйладым» атты өлеңдері ұнады. «Мен саған сыйладым» өлеңі ақынның сезімталдығын, сыршылдығын байқатып тұр.

 

«Жеті түнде жаурап қалған жоқсың ба,

Қолшатырың болайыншы мен сенің?!» дегендейін жүрек тебірентер теңеулері мен ойлары да баршылық. Көп оқып, жырдағы ізденісін дамыта берсе бұдан да көркем өлеңдер жазатынына кәміл сенемін.


Бауыржан Әліқожа



 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар