Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Алмас жырау әңгімелері: Төркін сыбаға (жалғасы)...

28.11.2017 6822

Алмас жырау әңгімелері: Төркін сыбаға (жалғасы)

Алмас жырау әңгімелері: Төркін сыбаға (жалғасы) - adebiportal.kz

Сәлден соң әкем бойын жинап: - Біздің жағдайымыз осы. Төркін жұртыңнан да ешкім қалмады. Тірісі айдалып кетті, өлісі қардың астында қалды - деп, әкем орамалымен бетін сүртті. Келіншек:

- Аға, ел қарасына жеттік, қалған жерде құдайдың басқа салғанын бірге көрейік. Сізден, қапталыңызда қос салып отыруға рұқсат сұрай келдім.

«Жұтаған шүкірге тоймайды», - деген, біздің ішімізде ер азамат жоқ. Еркекше киініп жүрген төрт әйелміз. Қалғаны ата-анасыз қалған бала-шаға. Ағайын-туманың тұқым жұрағаттары. «Ақбас табандағы егін еккен еліме жеткізсем жетімдерді өлтірмеспін» деп, күні-түні сабылып келе жатқан жағдайым сол. Ең болмаса, есіл азаматтардан артында қыз да болса тұқым қалсын деп ертіп келе жатқаным, алды 15-16 жасар, соңы 10-12 жасар балалар. Мына заманда қайыр тілеп тарап кетсе, жинай алмай қаламын. Сіздерден өтінішім, кеңестеріңіз жарасса маған «төркін сыбағама» Қара арықтың суынан бір құлақ су беріңіздер? Егін егіп жетімдерімді асырайын, ағалар? - деп, тоқтады. Келіншектің айтқан сөзіне егіліп жылап отырмын...

Әкем ойланып отырып қалды. Бұл жеке адам шешетін мәселе емес... Дүниенің кең уақытында «бір құлақ» суға таласып бір-бірін кетпенмен шауып өлтірген, ағайын мен ағайын араздасқан жағдайлар болған... Мына заманда кім-кімді аясын!? Бағанадан сөзін тыңдап аш көздері үңірейіп тұрған көршілер сөздің абағын түсініп, келіспейтін кейіп танытып, қолдарын сілтеп, селдіреп тарай бастады. Әкемнің оң қапталына келіп құлағын тығып отырған, ауыл-үйге сүйкімсіздеу белсенді біреу бар еді. Сол шу шығарды:

- Ойбай, әкеңнің ..., мыналар біздің жерімізді тартып алуға келген, байдың тұқымдары екен! Үкіметке хабарлайық! Ұстату керек!.. Сол заманның адам шошырлық бар сөзін ұрандап елеуреп кетті...

Әкем, «қой» десе, өжеттеніп өршелене түсті. Одан әрі шыдамаған әкем іргесіндегі таяғымен қақ маңдайдан оңдырмай тартып жіберді. Айқайға-ойбай жалғасып, жолда отырған келіншекті тізесімен қағып өтіп далаға қашты... Жиналған жұрт «бәлесінен аулақ» деп, бет-бетіне кетті. Әкем:

- Қарақұрым халықтың қарғысын арқалаған, атаңа нәлеттер! - деп, таяғын іргеге тастай салды. Содан соң келген келіншекке қарап:

- Айналайын, менің арығымнан бір құлақ су аласың. «Арқақос» болып егінді бірге егеміз. Ағамның мойнындағы аманаты: - «төркін сыбағаң» үшін! Қияметке барғанда Алла Бегім ағама жолықтырса, жауап беремін ғой, шырағым!? - дегенде, келіншек қызын бауырына тартып, солқылдап жылай берді. Өксігін баса алмай біраз жылады. Шешем байғұс құшақтап жұбатып-ақ жатыр. Бәріміз жыладық. Азапты жолдан өтіп келгенде, әкесінің көзін көрген бір адамның маңдайынан сипаған бір ауыз сөзі іштегі шерін қозғап жіберді білем... Анам байғұс су әкеліп беті-қолдарын жуғызып, майлық төсеп жеті түйір жүгерінің шоққа пісірген дәнін қойды. Әкемнің жидеден ойған шәй ішерлік ыдысына қаңылтыр шелектен ожаумен алып балықкөздің шәйін құйды. Біздегі бар дүние осы. Анам:

- Айналайын, дәм тата отыр. Алла, өнемейін бұлай қыса бермес, - деп, ас мезіретін жасады. Келіншек шекпенінің ішінен белін орап тастаған шәйі жібек белбеуін төрт орап ағытып, арасынан май шүберекке ораған нәрсені дастарқанға қойып:

- Аға, шөмекейдің елі аңшы болады ғой. Оншақты қақпанымыз бар. Абысынымыз екеуміз сол қақпанмен осыншама жанды талғажау асырап келеміз. Мынау сіздерге сыбаға болсын деп ала келген асым еді, - деп, орамалды ашты. Бәріміздің көзіміз сонда. Ой, Алла-ай! Сүрленіп, шоққа пісірілген семіз киіктің үш қабырғасынан төменгі сүбесі екен. Әкем, пышағын суға шәйіп жіберіп, жоғарғы екі қабырғалығын кесіп алып, қалғанын шешеме қарай ысырып қойды. Анам байғұс, майлыққа орап тыққыштап жатыр...

«Аштықта жеген құйқаның дәмі аузыңнан кетпейді» деген, соны көзіміз көрді. Күні бүгінге дейін ойласам, дәмі аузыма келеді. «Елге – ел қосылса құт» деген, егіншілікпен айналысқан, кәсіпті елдің қызы ғой. Өздерімен алып келе жатқан тұқымдық дәндері де бар болып шықты. Әкем келіншекке:

- Шырағым жұрт аш. Біз отырықшы елміз. Ертең көктемге жетем дегенше, халық бұдан да бетер қиналады. Тұқымдық дәніңді берік жерге сақтайық. Ұры-қары, жүргінші көп. Түнделетіп мына балаға беріп жібер, - деп, ақылын айтты. Соған келісіп, бір қап дәнді арқалап келсем, әкем далада күтіп тұр екен. Алдыма түсіп жүре берді. Сол бойы Сарыөзен қожаның қосына келдік. Қожекең де сыртта күтіп отыр екен. Ішке кірсек, қостың ортасындағы ұраны ашып қойыпты. Арқалап келген қапты соған салдым. Біздің үйден «ұрланған» алаша қап та сонда тұр. Бірдеңені түсінгендей болдым... Қайтып келе жатып әкем:

- Балам, бұл тұқым – иманына берік. Аманатқа қиянат жасамайтын әулет! Жалғыз баласы мен кемпірі үшеуі аштықтан ісіп отырса да, астында ұрадағы дәннен бір түйір дәме қылмайды. Есіңде болсын! - деп, ескертті...

Көктем шыға, жаппай егінге кірістік. Құдай беремін десе, демде ғой! Егін жайқалып, бітіп қалды. «Меке жүгері» деген, дақылды солардан көрдік. Ол жылдам, тарымен жарысып пісетін дән екен. «Ердің назын жер көтереді» деген, аштықтан қалған жұрттың жұрнағы тойымшылыққа ілінді-ау!...

Асылы қатынның аты шықпайды ғой!? Болмаса сол Бегімнің қызы үш жыл ішінде өзімен келген жұртты тойындырып, киіндіріп, көшерлік көлікті, мінерлік атты қылып, керуен салып, ағайынмен той жасап қоштасып, Тау еліне қайтты. Бір адамын шашау шығармай еліне қосты. Бұл, «мен» деген азаматтың қолынан келмейтін, туымдылық қой. «Аспан аяқтай, жер таяқтай» болып, қара су теріс аққан заманда тәубасынан жаңылмаған, жолынан жығылмаған, иманын аттамаған сол жандарды көрдік. Елді біріктірер еркек-әйелдің туымы бөлек болады екен. Соған көзім жетті, - деп, Машекең әңгіменің бір түйінін қайырды. Одан әрі:

- Қожа сен, «төркін сыбағаның» мәнісін түсіне алдың ба? – деп сұрады.

- Есітуім бар еді. Әлі де, толықтырып айта отырыңыз - дедім.

- Онда, «төркін сыбағаның» мәнісі былай, біліп ал. Ұзатылған қыз барған жерінде өсіп-өнгеннен соң ата-анасына сый-сияпатымен арнайы сәлем бере келіп, мал- мүліктен таңдап алатын сыбағасы. Содан соң, ел ақсақалдарының басын қосып:

- Ана, қиямет күнге дейін ақ сүтіңе ризамын! Әке, аталық ақыңызға ризамын! – деп баталасады. «Өлім барда, қаза бар», кімнің басы қайда қалады? Қыз бала жат-жұрттық, шалғайда біреудің елінде жүреді. Ата-ананың қадірін тірлігінде біліп құрметтеу, ризашылығын алу дегеніміз сол. Бегім бидің қызы әкем болмаса, әкемнің көзін көрген жұртына келдім, менің «төркін сыбағама» бір құлақ су беріңіз?"- деп, салмағын салып сөйлегені, сол – ата жолымыз!

Ал, «арқақостың» мәнісі: Бір құлақтан су ішкенмен әркім өз еккенін өзі жинап, пайдаланады.

Қос болып ексең өнім қанша болса да, қосқа біріккен адамға тең бөлінеді. Білдің бе қожа? - деп, Машекең маған қарады...

Машекеңнің айтқан әңгімелерін көз алдымда көркем кинодай көріп отырдым. Сол бойында күні бүгінге дейін есімде сақталды.

Өлімнің ортасынан «өзегі өлмей шыққан» осы әңгімені жазуға біраз ойландым. Сәті енді түскен секілді...

А.Н.Алматов. Астана.13.07.2017.

Қалжан ахунның Базар жырауға қойған сұрағы

ХІХ ғасырдағы Сыр бойының ғұлама білгірі, Қалжан ахун Бөлекбайұлы Бұхарадағы Мир Араб медресесін бітірген, елге мешіт, медресе ашқызып дәріс беріп, уағыз айтқан белгілі тұлға. Бүгінгі Қызылорда облысы, Сырдария ауданында мешіт-медресесі қалпына келтіріліп ел игілігіне айналуда. Сол кісіге бір мәслихатта жұрт сұрақ қояды:

- Тақсыр, ел ішінде ақын-жырауларымыз бар. Олардың да айтып жүргені елдің береке-бірлігі. Ас, жиын-тойымыздың сәні сол кісілер. Сіз айтқан уағызбен ол кісілердің сөздерінің ара қатысының обал-саубы бар ма? - дейді. Қалжан ахун:

- Ол кісілер, жел сөздің жетегінде жүрген жандар. Әр істі Алла біледі! - деп, жауап береді.

Бұл сөз Базар жыраудың құлағына тиеді. Қуаңның бойында, Қарақ деген жерде Балқы Мырзақара ишанның әкесі қайтыс болып, жыл асына ел шақырылады. Сол асқа Қалжан ахун да келеді. Үлкендердің шақыртуымен елдің игі жақсылары қожа, молда, ишан, ахундарға сәлем бере, Базар жырау кіреді. Сәлем беріп орныққан соң Мырзақара ишан Базар жырау ағасын қонақтарға таныстырып, келелі кеңес жасап жырлауын өтінеді. Базар жырауды бірінші көрген Қалжан ахун:

- Ойпырмай, сипатыңыз мешітте тұрып уағыз айтарлықтай жан екенсіз. Жел сөздің жетегінде жүргеніңіз қалай депті? - депті. Сонда Базар жырау қолына домбырасын алып, сөздің тиегін ағытты дейді:

Сөйле тілім жалпыдан,

Дәриядай тасып шалқыған.

Тіл жексұрын көрінер

Тимеске тиіп шарпыған.

Затсыздан күтпе жақсылық,

Шамасы шалғай шарқынан.

Екі елі аузын жаппайды

Айтқаны өсек палшыдан.

Тентектің жайы белгілі

Асау нардай тарпыған.

Елі-жұртың бұзылар

Қиянат етсең зарпынан.

Өгіз ойлайды қамысты

Құтылмай жүріп қамшыдан.

Ит біледі сүйекті

Малды бір сұра малшыдан.

Бақ орнаған жігіттің

Асығы жатар алшыдан.

Қонбайын десе бақ, дәулет,

Бесеу де аспас алтыдан.

Онымен пенде тұрама

Талаптанып әрнеге

Созады қолын талпынған.

Не жақсылар өткен жоқ

Заманында шалқыған.

Не батырлар өткен жоқ,

Жер жаңғырған даңқынан.

Не жүйріктер өткен жоқ

Сурылып озған шаршыдан.

Не сұлулар өткен жоқ

Жібектей шашы оралып,

Шыбықтай белі бұралып,

Жұпардай исі аңқыған.

Не жамандар өткен жоқ

Өкепдей суда қалқыған.

Ғаламға мәлім аттары

Ертеде өткен ерлер көп

Тақ шыққан талай талқыдан.

Ғали Сина, Фирдауси,

Орасан озық білгірлер,

Шыққан дейді тәжік, парсыдан.

Әбунасыр, Науаи,

Шығықты айрықша ғалымдар

Өзбек пен қазақ халқынан.

Хафиз, Жәми, Мақтұмқұл,

Деп айтат шыққан сөзге дүр

Хиуаның түрікпен, сартынан.

Солардан қалған соңғыға

Үлгілі өрнек нұсқа бар

Әр жұрттың сана-салтынан.

Ұстаған жолын олардың

Дәріпті ділуар аз емес

Жалғаса шыққан артынан.

Беттетпей жанды кезінде

Қастасқан жанын күйзелтіп,

Жандырған өрттей шарпыған.

Жанға жайлы жақсы сөз,

Татаусыз таза тыңдауға

Жауқазындай аршыған.

Ажарсыз сөздің әсері

Кеуліне көптің қонымсыз

Киіздей шала қарпыған.

Қолайлы кеңес айтылса

Түсінген тыңдап нәр алар

Сөйлеген сөздің парқынан.

Білгірсіп жұртқа жөн сілтер,

Дін бұзған кейбір дүмшелер

Келгенбей кеулі ғаршыдан.

Аңқау елге арамза,

Молда боп жүрген сұмдар көп

Бейхабар шам-шарқынан.

Барлығын білем дейтұғын

Аз емес әуре-сарсаң да,

Құр босқа кеулі талпынған.

Ғалымдар айтқан нұсқа бар,

Асылына тартар әр нәрсе,

Өзгермейді деген қалпынан.

Тырп етпей тарпаң жуасыр,

Бас білдіріп тайында

Жасынан мініп жаншыған.

Қадірлеп қанша бақсаң да,

Ералмас қырсау қатарға

Ерқашты болған қамшыдан.

Әулетпін деп алжасып

Азғындап жүрген аз емес

Әуре боп ата даңқынан.

Басынан тайған бақыты,

Қор боп жүр кейбір кербездер

Басалмай аяқ паңқыған.

Бәсекемен бұл кезде

Мал жиған пасық байлар көп

Пейілі төмен жалшыдан.

Жаздырмай қолын жоқшылық,

Кетпеген кімдер кіжініп,

Кемтаршылық зарпынан.

Ер көгерсе алғыспен

Жер көгерер деген бар

Жаңбыр мен тамған тамшыдан.

Із тастаған алтайы

Қашқанмен қысқы сонарда

Құтылмас қуған аңшыдан.

Қанағат қылса кісінің

Тойғызар қарнын деген бар

Қайғысыз жеген жарты нан.

Алар нұсқа аңлаған,

Серлеттім сөздің түрлерін

Әр саладан қамтыған.

Жетпіске жасым жетсе де

Сөзіме құмар халқымның

Қайтқан жоқ кеулі қартынан.

Шынымен алсам кеудеге

Қара тас судай балқыған.

Таусылмас қайнар кен едім,

Кешегі жүйрік мен едім,

Жүлде алған байрақ, халқынан.

Кіші жүздің кенжесі –

«Дөйт» ұранды Шөмекей -

Шыққан бір Базар Балқыдан! –

дей келе, Қалжан ахунға бұрылып:

- Ауру-сырқау айналып,

Елдің құты қашсын, - дер.

- Әлпештеген біреудің

Жаңа түскен келінін

Қара албасты бассын, - дер.

- Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,

Абыржып әбден сассын, - дер.

- Ат терлетіп алдырып,

Басына зікір салдырып,

Дәулетін сүйтіп шашсын, - дер.

Бұл бақсылар тілегі,

Сондай тілек бола ма

Жақсылардың тілегі?!

- Жаны ардақты жақсының

Күнде бірі өлсін, - дер;

- Жаназасын оқы, - деп

Шақыртушы келсін, -дер.

- Қатым құран шығарып,

Мал мен мүлкін бөлсін, - дер.

- Сол бөлінген олжадан,

Өзгелерден көбірек

Сыбағамды берсін, - дер.

Бұл молдалар тілегі,

Жақсы тілек бола ма

Сонда олардың тілегі?!

- Ақ жарылқап күн туып,

Күнде қызық болсын, - дер.

- Келін түсіп, ұл туып,

Үйге бала толсын, - дер.

- Азаматы елдің аман боп,

Басына бақыт қонсын, - дер.

- Ойын ойнап, той тойлап,

Мерекеге жан-жақтан,

Жұрт жиналып келсін, - дер.

Бұл жыраулар тілегі,

Сол тілекті тілейтін

Мен де соның, - біреуі!

Молдалар сауап іздесең,

Құранды оқы молаға.

Басына түне демеймін

Келіңдер қайтып қонаға.

Өлім барды шашады.

Жоқтың артын ашады.

Қосыла сендер тонама.

Жылап-сықтап жатқанда,

Олжада ойың барларың

Қараң құрсын жолама.

Тірінің көңілін ауласаң

Дүние үшін жолдан таймасаң,

Мен сендерден садаға.

Құран оқып күңіреніп

Сары уайым саласың,

Берсе қағып аласың,

Соларың дұрыс бола ма?

Қатесі болса сөзімнің

Аямаңдар айта бер,

Көңіліме менің қарама!? –

деп барып тоқтайды. Дүниені көшіріп-қондырғандай жыраудың сарқылмас сөзіне сүңгіп кеткен көпшілік үнсіз қалады.

Сонда Қалжан ахун:

- Базеке, Алланың нұры жаусын! Жырау – Алланың көкірегіне сөз құйған, халықтың қарауылы екен ғой! - деп, үстіндегі жібек шапанын сыпырып Базар жырауға жабады.

- Шөмекейге жиендігім бар еді. Біз айтқан сөзді базына деп түсініңіз, -деп, кешірім сұрайды. Дін менен өнердің тертесін тең ұстаған ғұламалар халықтың бірлігі мен болашағына осылай қызмет жасап, өмірін арнаған. «Зердің құнын – зергер біледі».

***

Жедел желіден(фб) «Базар жырауды жын айналдырған», «орыстың малын бағып, құлы болған», т.б. уағыз айтып тұрған мешіт молдасы мен оны тыңдап отырған жамағатқа түсінікті болуы үшін айтылған бір кеңес. Асылында «аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп, халықтың бірлігіне сызат түсірер сөздерден аулақ болған жөн. «Сөз – ақылыңның жеткен жеріне дейін ғана сөз.

А.Н.Алматов. 20.09. 2015. Астана.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар