Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Баймолдин биігі

01.12.2017 6305

Баймолдин биігі

Қай ғасыр, қай заманда болсын ақындар халқының қадірлісі, даңқты азаматы, туған елінің ақ бетінің ары саналған. Нағыз ақындар өзінен бұрын халқының қамын ойлаған, жұртының жоғын жоқтаған, қашан да әділдікке араша тұрып, ел мүддесін қорғаған. Ал ақындардың ақындығын ғана әйгілеп қоймай, олардың қандай адам, қандай азамат екенін танытатын таразысы – азаматтық лирика.

Азаматтық лириканың шама-шарқы ақын­дардың шындықты айтуынан көрінеді. Бірақ ақиқаттың алдаспанын жарқылдатып шындық­ты айту қай заманда да оңайға соқпаған. Әсіресе, күні кеше басымыздан өткен кеңес заманында шындық шырғалаңға ұшырап, азамат­тық лирика биіктен көріне алмады. Қазақ ақындары қудалаудан тайсақтап, жасқаншақ­тап замана шындықтарын батыл ашып жыр­лау­да дәрменсіздік танытты, азаматтық үндері саңқылдап естілмеді.

Сырттай қарағанда сол кездегі ақындарға айып-сынды асыра айтып отырған сияқты боп кө­рі­нуіміз мүмкін. Бірақ біз жоқшысы болып отыр­­ған жырларды өзі де жаза алмай, басқа замандас ақындардың да жазып жарытпай жүрге­нін ақын Сәбит Баймолдин кезінде жақсы айтыпты:

Ойсыздықты жек көрем-ау, жек көрем,
Күн кешемін ойсыздарға өкпемен.
Көп боп тұр да жалпы айтылған өлеңдер,
Болмай тұр ғой тура айтылған текті өлең!

Біз ұзақ дәлелдеп жеткізе алмай жатқан жайды ақынның өзі бір-ақ шумақ жырмен қалай тамаша дәлме-дәл айтып берген.

С.Баймолдин – 1966-1988 жылдар аралы­ғын­­да оннан астам үлкенді-кішілі жыр жинақтарын шығарған танымал ақындардың бірі. Ол 2000 жылы дүниеден озған. Сәбит өз өлең­дерінде өзге замандас ақындарға қарағанда шындықты айтуда батылдық танытқан, ақиқат­ты айту ақынның міндеті деп, сол жауапкер­шілігін сезіне білген ақын. Сондықтан, сол ерекшелігіне арнайы тоқталуды жөн санадық.

Мен кеше уақытпен келіспедім,
Оған да терістерін теріс, – дедім! –

деп жазады ақын келесі өлеңінде. Міне мұндай жырларды мәрт мінезді текті өлеңдер тобына қосуға әбден болады. Мейлі кім болса да, терісін теріс деуді ақын айтпағанда кім айтады?

Сөз етіп отырған «Бесік жыры» кітабына енген Сәбиттің бұл жинағындағы жырларында мінез бар екен. Бізді сол қуантты.

Біз көгеріп, не тынады,
Түтетіп от, қазан ап.
Ғұмыр-көйлек жыртылады,
Сен халқыңа бақыт әпер, Азамат!

Міне, өзім деп өзеуреп тұрған өзімшіл жыр емес, халқының қамын ойлап тұрған көпшіл жыр. Жырда азаматтық мінез бар, арқасында азаматтық жүк бар. «Туған елді сүйіңдер» атты жырындағы:

Атамекен. Ой ғып ойлап күнін әр,
Жыр ғып тербеп, тебіренеді тұрып Ар.
Бізде кім бар, туған елден басқа, осы
Туған елдің бізден басқа кімі бар?

Жылдар келер жыл артынан тиеліп,
Үй тігілер үй артынан үй еріп.
Үйретейік сүюді де балаға,
Өзіміз де келістіріп сүйелік! –

деген үзінді шумақтар ақынның туған елін ыстық жүрек­пен, шынайы сезіммен сүйетінінің айғағын­дай. «Туған елдің бізден басқа кімі бар?» – қандай қарапайым, әрі қандай жүрекке жылы сөз. Айғайлап айтпаса да, санаға сіңіріп тұр. Елін, халқын жүрекпен емес, тілімен, қаламы­ның ұшымен сүйетін адам аузынан мұндай шынайы сөз шықпайды.

Жоғарыдағы жыр жолдары кездейсоқ туа салмапты. Ақынның айқын азаматтық позиция­сынан бастау алыпты. Дара шумақтарының ішінде дара тұрған бір шумақ бар:

Бабам ісі – бай есікте жалшылық,
Менің ісім – әділетке жаршылық!
Семіруді жақтырмайтын сұлудай,
Менің ісім – тек баюға қарсылық.

Міне бұл – Сәбит ақынның ақындық кредосы, кері шегінбейтін азаматтық позициясы. Ақын осы өзі құрған шепті жанын салып, бар қаруын жұмсап қорғайды. Қорғап қана қой­май­ды, қарулас қаламдастарын күреске көте­ріп, шабуылға да бастап шығады.

Сонау кезде, қазақ қалың ұйқыда жатқан кезде, Міржақып Дулатов бар дауысымен ұлы даланы жаңғыртып «Оян, қазақ!» – деп ұран тастаған еді. Ал Сәбит Баймолдин «Оян, ақын!» – деп жар салады.

Оян, ақын, тартқылаймын жағаңнан,
Мен – ел рухы, тілекшің де, аларман.
Ақын болып жүре берер түрің бар,
Айда-жылда бір көрініп алаңнан.

Оян, ақын, сілкілеймін мен сені,
Қасыңда тұр, дәуірің тұр еңселі.
Мысық көзді сағаттайын қарайсың,
Тауып алып жанға тыныш кеңсені.

Оян, ақын керек емес бұлтағың,
Мен сендейге қия алмаймын жыр тағын.
Тоқшылыққа толарсағынан майысқан,
Мынау өзі қай ғасырдың ұрпағы?

Ақындардың тоқшылық заманда тоқырауға ұшырағанын біз бүгін айтып отырсақ, Сәбит ақын оны сол кездің өзінде, көп жыл бұрын айтыпты. Азамат ақынның қыран жанарлы қы­ра­ғы көзі замандас ақындардың уақыттан, за­ма­на ағымынан қалып қойып, жанға жайлы жы­лы кеңседе қалғып-шұлғып отырғанын, ел-жұртының тілек-талабын ұмытып жүргенін көріп шыдай алмай оларды жағаларынан тарт­қы­лап, сілкілеп оятпақ болады. «Мынау өзі қай ғасырдың ұрпағы?» деп ыза болып ашынады.

Егер ақын өмірбаяны өлеңдерінде десек, ақын С.Баймолдиннің өмірі тартысты болға­ны, әділдік үшін алысып, жамандықпен жауласып, жаға жыртысып, кеселмен күресіп жүр­гені байқалады. Азаматтық позициясынан айнымай адал жүріп, анық басқан адамгершілігі, кісілігі жоғары азамат екені аңғарылады. Оны кез келген жырынан көруге болады. Балаларына арнаған жырында:

Қорқақ болма, қарағым, қорқақ болма,
Қосылып кете көрме жортақтарға.
Мен сендермен көбейдім,– деп жүргенде,
Қорқақ болсаң, асыма ортақ болма, –

дей келіп, күнкөріс үшін, лауазым үшін жағымпаз болып арды аттама, қалтырамай қашан да қас­қиып әділін айт деп нағыз азамат болуды талап етеді; арам болмай адал болуды өсиеттейді. Ақын әкенің балаларына айтып отырған ақы­лы – жалаң насихат емес, өз өмірінің өнегесі мен көрсеткен азаматтық тура жолы; бала­ла­ры­ның болашақта ұстауға тиіс бағыт-бағдары.

Аталуына қарағанда, «Бесік жыры» бала­ларға арналған сияқты көрінеді. Ал шынында, нағыз азаматтық жырларды осы кітаптан тауып оқыдық, қазіргі қазақ поэзиясындағы азаматтық үн, әуен, сарындарды осы кітаптан естіп, құлақ құрышын қандырғандай болдық.

Азаматтық поэзияның арғы бұлақ бастауларын айтпағанда, бергі арналары Абай, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт, Мағжан жырларын оқып отырсақ, олардың халқы үшін қамығып, жұртым деп жас төгіп, елім деп ет-бауыры езіліп, егіліп, мейірімдері төгіліп тұра­тынын көресің. Азамат ақындардың поэтика­лық лексикасында халық, ел-жұрт, әділдік, адалдық, адамгершілік, ерлік, елдік, ар-ұят, адамдық, ізгілік, жақсылық, бірлік секілді сәу­ле­лі сөздер алфавиттің басында тұратын А, Ә, Б әріптері секілді бірінші орындарда тұруға тиісті. Сүйініштісі сол, С.Баймолдиннің поэти­калық лексикасынан жоғарыда саналған жү­рек­ке жылы сәулелі сөздер берік орын алған. Әсі­ресе, халық сөзі ақынның аузынан түспейді:

Халқымыздан тіл алдық, ұзын әрі,
Сол халықтың үміті, біз ұланы.
Әдеп десек халықтың денсаулығы –
Әдепсіздіктен денсаулығы бұзылады.

Келесі шумақтарда халық денсаулығының намыссыздықтан, ана тілін ұмытып, білмеуден де бұзылатынын айта келіп:

Қызықтырса арман да өңге мені,
Халық, халық дер едім ең керегі.
Мен де ойлаймын халқымның денсаулығын,
Жоғалмасын, жоғалса кім береді? –

деп ақын халқымыздың бұрыннан қанына сіңген әдеп­тілік, намысқойлық сияқты асыл қасиет­терінің соңғы кездері арзандап, құны кеміп, ал әдеп­­сіз­дік пен намыссыздықтың белең алып бара жат­қанына, ана тілін білмейтіндердің көбейгеніне қатты алаңдайды.

Сәбит келесі бір жырында:

Әр бетін ашқам тарихтың,
Дауылын көргем, ығын да.
Ұлылығы халықтың –
Халықтың халықтығында, –

деп жазады. Ал халықтың халықтығы оның бойындағы жоғарыдағы асыл қасиеттерінде. Сол қасиет­тер бұзылып жоғалған кезде, халық халық болудан қалады. Міне, ақынның шырқырап айтып отырған шындығы.

Ал осы шырқырап жатқан шындықты атақ­тан атақ қоймай, жүлдеден жүлде қоймай алып жүрген атақты лауреат ақындарымыздың қай­сы­сы Баймолдиннен бұрын айтыпты? Айтқан жоқ, айта алған жоқ. Неге айтпаған деген сұрақ туады.

Ақын С. Баймолдиннің азаматтығы сонда – тоқтықтан тоқырап қалғып кетпей, сергектігін сақтауында; замандас ақындардың айта алмай жүргенін айтып беруінде. Бұл жөнінде де Баймолдин былай деп жыр толғайды:

Қараңдар қыстағы ізге, жаздағы ізге,
Туыпты жыр да түзде, саз да түзде.
Айта алмаса уақыт ауырлайды,
Айта алмайтын қорқақтар аз ба бізде?!

Бақытсызбын – уақытты түсінбесем,
Көрмесем, текке жүрсем ішінде есен.
Күрескенім үшін де бақыттымын,
Бақыттымын айтқаным үшін де мен.

Бетің бар, жүзің бар демей, шындықты айту, өзгелер басын төмен салбыратып үн қата алмай отырғанда, орныңнан атып тұрып әді­лет­сіздік пен қиянаттың құрбаны болып бара жатқан адамды, мүмкін жолдас, мүмкін қыз­меттес қаламдасыңды қорғап, әділ сөз айтып, оған ара түсу, сөйтіп, лауазым иесіне қарсы тұру оңай емес. Адам мен жай пенденің айыр­машылығы сондай, әділдік үшін ақиқатты айтар сәттер де байқалады. Азаматтың азамат­тығы, кісілігі сондайда жарқ етіп көрінеді.

Баяғыдан өмірді майдан деген,
Ойлы сөз айтатындар ойдан кілең.
Адамбыз дегендерді көріп жүрміз,
Ағайын, адам екеніңді қайдан білдім? –

деп бұл тұста да Баймолдин адам екендігіңді нендей ісіңмен, қандай адамдық, азаматтық қи­мыл-қылығыңмен дәлелдеп жүрсің дегендей, өзіңе қарсы сұрақ қояды. Бұл – ара түсетін жерде, әділдікке араша түсіп жүрсің бе? Шын­дықты тайсалмай айтатын жерде, айта алып жүрсің бе деген сөз.

Егер біз тіл өтірік айтса да, жыр өтірік айтпайды деп, жырға сенсек, Баймолдиннің лирикалық кейіпкері – «Шындықты айтпай ешқашан мәз болмайтын» күрескер тұлға. Ол:

«Мұңымыз да, әйтеуір, елдің мұңы –
Бағымыз да, әйтеуір елдің бағы», –

деп сол елінің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғайды. Қорғай алмай қорқақ боп жүргендерді:

...Адам-ақын біразы бола алмай жүр,
Білгенін айтпаған соң біліп тұрып, –

деп айыптайды.

Мен өмірге ертерек қойғам тілек,
Өмір мені қалғытпа, ойландыр тек.
Ойланбасақ, адамзат жаңармайды,
Жүрейін мен жүдесем ойдан жүдеп, –

деп ақын-азамат жағын таянып ой орманын аралап, ой теңізін кешіп кетеді. Ойдың да ойы бар. Қара бастың қамымен күнделікті күнкөріс тірлікті ойлап та бас қатыруға болады. Жоқ, ақынның лирикалық қаһарманы өзін емес, өзгелерді ойлап ой тауысады.

Ойланайық, алыс болжап ел үшін,
Біз ел үшін іс тындырып кетелік, –

деп туған елінің алыс болашағын ойлайды, елі үшін елеулі іс тындырып кетуді мақсат тұтады, соны ой-арманының арқауы етеді.

Мен кеудемді жел өтінен ап шығып,
Әділетті құшақтайын қапсырып.
Әділетсіздікті өз атымен атамай,
Кім адамға жасай алар жақсылық, –

деп ақын үлкен философиялық түйін түйеді.

Біз Баймолдиннің жыр кітабын оқып тауыса келгенде, ақынның азаматтық позициясы­ның берік, мықты екеніне көз жеткіздік. Оған бірнеше емес, жүз мысал келтіруге болар. Өзге көптеген жыр кітаптарынан бір мысал келтіру­дің өзі мұң болып тұрғанда, бір жинақтан осынша азаматтық жырлар табылуы ақындар қалғыған заманда автордың зор азаматтық табысы дей алсақ керек. Мына бір жырды тағы да айтпай, атамай кете алмадық:

Жоғарыладың, осы болар той басы,
Айтып жүр ғой: өседі ол әлі, деп.
Ірілендім дей көрмеші, ойлашы,
Іріліктің аты жалғыз – Әділет.

Жоғарыладың, осы болар той басы,
Разымыз қол соғуға жарасақ.
Биіктедім дей көрмеші, ойлашы,
Биіктіктің аты жалғыз – парасат.

Кім болсаң да, басыласың алқына,
Кім болсаң да, сәл нәрсеге сыясың.
Есер болсаң – дерт боласың халқыңа,
Есті болсаң – қолына су құясың!

Осынау қысқа ғана үш шумақ жырда қан­ша­ма тамаша әрі азаматтық, әрі терең филосо­фия­лық ой-түйіндер жатқанына еріксіз сүйсінесіз.

Аяз бидің өз босағасына жаман боп жүрген кезіндегі шоқпыт киімін іліп қойып: «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», деп отыратыны секілді Баймолдиннің жоғарыдағы жырын әрбір мекеме басшылары кабинеттерінің маңдайшаларына жазып қояр ма еді дейсің. Шынында, бастық бола салып, ел басына әңгір таяқ ойнатып, ақырып-бақырып көзі ақиланып шыға келетін мансап иелері аз ба? Халқының нағыз қызметшісі болып, қолына су құйып жүретін басшы қашан да ел арманы болған.

Бірақ ондай басшылар қашан да, қай кезде де көп болмаған, аз болған. Бұл Баймолдин ақын­ның да арманы. Өйткені, елдің көгеріп көк­­тей­тіні де, жердің көгеріп көктейтіні де бас­шыларға байланысты. Баймолдиннің бұл жыры мазмұны, идеясы жағынан жазушы Ғабдол Сла­новтың: «Ел деген – әрі сәби, әрі дана. Да­на­лы­ғынан үйренсек, сәбилігіне әке­лік керек», – деген даналық сөзімен үндесіп, мазмұн­дасып жатыр. Сәби елге әке болып, халқының қолына су құйып өткен адамдар – нағыз бақытты адамдар, нағыз азаматтар. Ондай адамдар бұл дү­ние­де ел-жұртының, хал­қы­ның құрметіне бө­лен­се, о дүниеде Алланың рахымына ие болады. Сәбит Баймолдин бір жырында:

Шыншылдығымды жігіттігіме еттім көрік,
Бұл күнге жалынымды жеттім беріп, –

деп ағынан жарылады. Бұдан: «Жігіттіктің көркі – шыншылдығында» деген тамаша қанатты сөз туындап тұр.

Азамат ақын Сәбит Баймолдиннің жоғары­да біз тоқталып, талдап сөз еткен жырларын­дағы азаматтық пафостың жоғары, азаматтық үн сарынының мейлінше анық та, асқақ екені даусыз. Және олар қоғамдағы, айнала орта­да­ғы, адамдар бойындағы кемшіліктер мен кеселдерге қарсы тұрып күресуге шақырған аса мәнді мақсатты жырлар; халық, ел мүддесі үшін әділдік үшін әділетсіздіктермен ашық күреске шыққан ер мінезді күрескер жырлар.

Қорыта келгенде, Сәбит Баймолдин – атақты Некрасовтың: «Ақын болу міндет емес, азамат болу – парызың», деп барша ақындарға арнап айтып кеткен өсиеттей қанатты сөзін санасында берік сақтап, ақындықтан бұрын алдымен ұлтының ұлы болуды, боратып жай өлеңдерді жаза бермей, сол өлеңді азамат ақын болып, әділеттілік жолында күреске жегуді, халқына қалтқысыз қызмет етуді басты мұрат тұтып өткен азамат ақын.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, сыншы

«Егемен Қазақстан» газеті, 18.07.2012.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар