Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Момышұлы. ...Деген екен №10

14.08.2015 376

Бауыржан Момышұлы. ...Деген екен №10

 

 

preview-image.jpg

Атағы дардай қаламгерлердің бірі Бауыржан Момышұлына жолығып қалғанда:

– Бауеке, мені М-ға мақтапсыз ғой? – дейді.

– Басқаларға айтып жүрсін деп мақтадым.

– Сөзіңіздің төркінін түсінбей тұрмын, Бауке.

– Тактика, батенька, тактика.

– Қандай тактика? – дейді анау.

– «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейтін, – деген екен Баукең сонда.

 

 


***

 

Москва түбіндегі Крюкова деревнясын жаудан босатқанда батальон командирі Бауыржан Момышұлына Бозжанов қолынан жаралған еңгезердей неміс ефрейторын айдап келеді. Әлгі неміс бірдеме деп міңгірлейді. Сөйтсе Сендерде қолға түскендерге тимейді, жаралыларға жәрдем көрсетіледі дегені қайда?!» деп шағынып тұр екен. Бозжанаов жолда жылдам жүре қоймадың деп бір-екі нұқып жіберіпті.  Сонда Баукең оған: «Қас дұшпанды аяма алғы шепте, қолға түссе сен оған айбат шекпе» деген екен.

 

 

***

 

Бауыржан Момышұлына бір жазушы:

– Бауке, Москва маңындағы шайқастар туралы кітап жазып едім, үстінен қарап шықпас па екенсіз. Сонан соң екеуміз соавтор болсақ, – деп тілек білдіріпті.

– Дурак! – депті Баукең шарт шытынап. – Ішінде бір сөйлемім жоқ мен қалайша соавтор болмақпын. Онанда алғы сөз жазып бер демейсің бе?! – деген екен.

 

 

***

 

 

Әйгілі халық ақыны Жамбыл Жабаевке бірде:

– Жәке, осы аузымен құс тістеген Қалмамбетті  жеңдім дейсіз, қалай жеңдіңіз ?! – деп сұрапты біреу. Сонда Жамбыл:

– Оны мен жеңгенім жоқ, атамыз Қарасай мен Сүйінбайдың аруағы ғой жеңдірген! –деп жауап беріпті.

Осы әңгімені естіген Бауыржан Момышұлы тебірене таңданып:

– Қандай терең жауап! Егер маған біреулер: «Ұлы Отан соғысында жауды қалай жеңдіңіздер?» деп сұрақ қойса, Жәкеңе ұқсап: «Жауды біз жеңген жоқпыз, оны жеңдірген  ата-бабамыздың аруағы ғой!» деп жауап берер едім! – деген екен.

 

 

***

 

 

Бірде, Бауыржан Момышұлы пойызбен жол жүріп келе жатып, Еңбек Ері жұлдызын омырауына таққан бір кісімен сапарлас болыпты. Пойыз қозғалып, ұзақ жолға бет алған кезде Баукең:

– Ал, енді таныспаймыз ба, бір үйге тіреу болғандай бой-сойыңыз бар екен, кім боласыз? – депті. Баукеңнің сөзіне бейтаныс қазақ ыңырана жауап беріп:

– Кім екенімді көрмей отырсың ба, Герой боламын! – дейді. Бұл жауап Баукеңе ұнамайды да, қатқылдау үнмен:

– Бұл Батыр атағын не үшін алдыңыз? – деп сұрайды.

– Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін! – депті бейтаныс қазақ. Сонда Баукең:

– Айғыр шапты, байтал тапты, оған сенің қандай қатысың бар. Герой атағын  саған емес, жүз биеге жүз құлын таптырған айғырға беру керек еді. Текке мақтанып отырсың. Ал, мына мен Москва түбінде – Волокаламск тас жолында қалың жауды жайратсам да, омырауыма бір де медаль таққаным жоқ. Бірақ, халық қойған Батыр атағым бар! – деген екен.

Осы сөзді естігенде, бейтаныс қазақ қорбаңдап орнынан атып тұрып:

– Ах, Баукең екенсіз ғой, ағасы менен бір әбестік  кетті, кешіріңіз! – деп, Баукеңнің қолын алған екен дейді.


Ел аузынан жинап алған Ақселеу Сейдімбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар