Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Данияр Жігітбек: Жүректерді қызғыштайын қорыңдар...

10.01.2018 4311

Данияр Жігітбек: Жүректерді қызғыштайын қорыңдар...

Данияр Жігітбек – 1991 жылы Алматы қаласында туған. Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университетін 2013 жылы Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша тәмамдаған. Техникалық ғылымдар магистрі. Қазір IT саласында жұмыс істейді. Біздің редакцияға жолдаған топтама өлеңдерінің таңдаулыларын оқырман назарына ұсынамыз.

Кісімсінбеу, кішірею - кісілік,
Көңіліңде сыз қалдырған пендені
Кеше білу, түсініп.
Тікенектер арасында раушан гүл
Құлпырады, жұпар иісін ұсынып.

Судан таза, сүттен ақтай, елге сын
Айтқанменен,
Қатесі көп пендесің.
Сен біреудің көргенменен күнәсін,
Көрген жоқсың тәубесін.

Жүрек деген қасиетті орын бар,
Себебі онда махаббат бар, сенім бар.
Қағбадағы Қара тасты
Алатындай сындырып,
Жүректерді қызғыштайын қорыңдар.

Шын бақытқа жеткізетін жол біреу:
Адамзаттың бәрін сүйіп, елжіреу.
Дәрістер бар үйренбеген біз әлі:
Алғашқысы - ренжітпеу,
Ең соңғысы - ренжімеу!

***

Бүгін тағы жасқа малдың көзіңді,
Жұбатудан бастайын ба сөз басын?
Жүрегіңе сыймай жатқан сезімнің
Мөлдір шығы шығар сенің көз жасың?!

Дұрыс па еді "Жыламашы" дегенім?
Мен білмейтін, бәлкім, сырың бар шығар.
Сағыныштың, мұңның ізін көремін
Жанарыңнан аққан әрбір тамшыдан.

Көлдің-дағы суалатын кезі бар,
Тарылмайтын су арнасын көріп пе ең?
Теңіздің де тартылатын кезі бар,
Сенің көзің құрғамады неліктен?

***

Түсіне қарамай,
Түріне қарамай,
Ұлтына қарамай,
Дініне қарамай,
Еліне қарамай,
Тегіне қарамай,
Адамның бәрін сүюді үйретші, Аллам!

Күнәсін елемей,
Кінәсін елемей,
Аяқтан шалғанын елемей,
Азапқа салғанын елемей,
Тасадан тас атып тұрғанын,
Арттан сөз қылғанын елемей,
Адамның бәрін сүюді үйретші, Аллам!

Өзектен тепкенді ұмытып,
Өкінген сәттерді ұмытып,
Өткенді ұмытып,
Өкпемді ұмытып,
Өзімді ұмытып,
Адамның бәрін сүюді үйретші, Аллам!

100 сөзден тұратын Өмір


Жаялық. Бесік. Іңгәлау.
Еңбектеу. Жату. Сырғанау.
Отыру. Тұру. Жүгіру.
Былдырлау. Сөйлеу. Тыңдамау.

Мұғалім. Мектеп. Дәптерлер.
Қоңырау. Сынып. Шектеулер.
Жолдастар. Парта. Махаббат.
Қоштасу. Гүлдер. Кептерлер.

ҰБТ. Мақсат. Армандар.
Ашыққан. Қашқан. Тоңғандар.
Ғашықтық. Достық. Төбелес.
Сессия. Диплом. Қорғаулар.

Мамандық. Кәсіп. Игеру.
Талпыныс.Білім. Үйрену.
Тырысу. Үміт. Имену.
Бойдақтық. Көңіл. Үйлену.

Жаялық. Бесік. Іңгәлау.
Ұйықтамау. Шаршау. Құндамау.
Ойыншық. Бақша. Қыдыру.
Ескерту. Ұрсу. Тыңдамау.

Қоңырау. Мектеп. Гүл. Көрік.
Тоқсандық. Бестік. Күнделік.
Жұрт. Сөз. Сын. Ақша. Универ.
Мақтаныш. Диплом. Пұл. Көлік.

Өсіру. Келін. Танысу.
Берісу. Намыс. Алысу.
Құдалық. Киіт. Табысу.
Несие. Тойлау. Жарысу.

Жаялық. Бесік. Іңгәлау.
Немере. Ата. Жұлмалау.
Емхана. Ауру. Дәрігер.
Өкініш. Өмір. Жылдар-ау...

***

Мен әлемді көрмеймін сен сияқты,
Сен әлемді көрмейсің мен сияқты.
Бірімізді біріміз түсінбеудің
Себебі сол сияқты.

Бай емеспін сезімге сен сияқты,
Бай емессің төзімге мен сияқты.
Бірімізді біріміз түсінбеудің
Себебі сол сияқты.

Сенің көзің суалмас көл сияқты,
Менің сөзім қуарған шөл сияқты.
Бірімізді біріміз түсінбеудің
Себебі сол сияқты.

Ешкім мені сүйе алмас сен сияқты,
Ешкім сені сүйе алмас мен сияқты.
Біз екеуміз айтқызбай түсінетін
Жалғыз-ақ сол сияқты.

***

Таңменен таласып, жұмысқа асығып,

кетесің дүние-дүрмекке қосылып.
Біреумен тартысып, тістеніп, тасынып,

біреуді ренжітіп, біреуге ашынып,

қалжырап қайтасың, әрнеге шашылып.

Бұл өмір қайтадан келмейді, досым, ұқ.
Арманың аз неге?
Мақсат жоқ, пәс үміт.
Көзіңнің оты өшкен, жігерің басылып.
Ал өмір өтуде.
Сен жүрсің бас ұрып, біреудің арманын жүзеге асырып...

***

Махаббаттың мың жыры мен жүз әнін
жүрсек-тағы жатқа айтып,
шын сүюді үйренбедік біз әлі.
Сезім деген ұлы сыр ғой сақтайтын
жүректің бір түкпірінде, тереңде.
Жоқ-ау, сірә, керегі
"сүйемін! деп жар салудың әлемге,
шын махаббат болады үнсіз себебі.

Ақындардың сезім жайлы жырларын
жүрсек-дағы біз айтып,
білесің тек бірдеңенің тұрғанын
ақ жүзіңді қызартып.

Үнсіздігің жетелеп сан сұраққа,
ол сен оны сүймейсің деп ойлайтын.
оған деген сезіміңді бірақ та
ақ жүзіңнің қызарғаны қойды айтып...

***

Жас балаша қуандың ба себепсіз?
Көбелекке тамсандың ба себепсіз?
Сүйіктіңе гүл алдың ба себепсіз?
Таңда тұрып, ән салдың ба себепсіз?

Бір адамды шын күттің бе себепсіз?
Қалын сұрап хат жаздың ба себепсіз?
Бақытыңды жыр ғып күнде себепсіз,
Бар сырыңды ақтардың ба себепсіз?

Бейтанысқа сәлем беріп себепсіз,
Күлімдеуді үйрендің бе себепсіз?
Айналаңа көңіл бөліп себепсіз,
Көрші әжейге сый бердің бе себепсіз?

Себептерге толы өмірді
Себепсіз
сүре білу, сүйе білу керексіз!

***

Қысқы кеш.
Адамдар қайтуда жұмыстан.
Автобус.
Кептеліс.
Үнсіздік. Дауыс жоқ ұрысқан.
Арқалап ап-ауыр ой жүгін,
Әркім өз қамымен келеді.
Терезе жанында отырған кейуана
Күрсінді. Көңілде қайғы-мұң.
Ойлады өз қызын себебі.
Қатыгез күйеуі ішпей кеп,
Жатса екен жай бүгін.
Бір еркек ашулы,
Ішінде сақтаған кегі бар,
Қатулы қабақтан көрінер.
Жұмыста жинаған ызасы
Үйге кеп, жары мен ұлына төгілер.
Бір ана қам жеп тұр,
Келді ме баласы мектептен?
Кешкі асқа не істесе болады?
(...Анаңды ең қымбат жан деп біл).
Үйіне ертерек жетем деп,
Асығып барады
Жақында үйленген жас жігіт.
Ал ақын жыр құрап, толғанып тұр еді,
Түңілген жүздерге қадалып жанары,
Көзіне жас тұнып.
Ақынның сезімтал еді ғой жүрегі.
Үнсіздік.
Шығады радио үні әлсіз.
Диктордың дауысы көңілді.
Сөздері құнарсыз.
Автобус тоқтады.
Кейде көп тұрады.
Біреулер кіреді, біреулер шығады.
Имене кірді бір бойжеткен.
Ары бар, ұятты.
"Мен жайлы не ойлап тұр екен адамдар?"
Сан-саққа ой кеткен.
Барлығы сын көзбен қарайтын сияқты.
Бірақ та, оны ойлап жатқан жан жоқ еді.
Ап-ауыр ой жүгін арқалап,
Әркім өз қамымен келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар