Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылбек Байтанұлы: Алмастың алмас жырлары

22.01.2018 1257

Асылбек Байтанұлы: Алмастың алмас жырлары

Ақындық, яғни қиыннан қиыстырып өлең тудыру – әрбір адамның басына қона бермейтін бақ дегенімізбен, ақындық өнер мен оны қастерлеп, қадірлеп, адалдықпен алып жүру одан да ауыр болса керек. Қазақ екі ауыз өлеңнің басын құрайтын адамды «өлеңші» десе, тереңнен шымырлатып, нағыз сөз сарасын ғана толғайтын киелі өнер иесін ақын деп ежелден құрметтеген. Өлең жазудың машақаты мен қызығы туралы ақындар аз жазбаған. Тырнақалды өлеңдерін жаза бастаған тұста Алмас ақын да іштей бекіне отырып былай деген екен:

Жазамын өлең, жазамын, жазамын өлең,

Ақыл-сезімнің алысып, азабыменен.

Сырласам дағы Хайямның рубайыменен,

Мұңдасам дағы Хафиздің ғазалыменен.

Көз жасы болып төгілем еркенің кейде,

Шекесінен де шер-мұңның шертемін кейде,

Қырық бір тасын сөйлетіп, құмалақ күннің,

Еппен айтам елімнің ертеңін кейде.

Таласа жүріп тағдырдың тажалыменен,

Тірліктің түрлі тіл жетпес ғажабын көрем.

Іші тар жандар сырымды іштей ұғынып,

Мақтауды қажет етпейтін жазамын өлең!..

Жазамын...

Иә, шынайылығы шыпылдап тұрса, ақын мақтануды қажет етпейді. «Айтсын деп адамзатқа тілді берген»,-демекші, ақынға да қоғамдағы құбылыстарды өзгелерден бұрын сезіну, соны ақ қағазға қара сия арқылы түсірсін деп талант дарын сыйлайтын болса керек. Жазу үстіндегі ақынның қиял әлемі де қашықтық пен кеңістікте және уақыт дейтін үштік өлшеммен жарыса өрілетін болар. Талантты ақынның қалам тартқан тақырыбы сан алуан болғанымен қай тақырыпқа қалам тартса да ұстанар мақсат біреу-ақ:

Отыз омыртқам үзіліп,

Қырық қабырғам , қақыра!

Ібілістің іліміне қызығып,

Кір тигізсем,

Тіл тигізсем.

Ақын деген атыма!!!

Ұлы Тәңірі сыйлаған киелі өнер – ақындықтың жүгін, ақындық жолдың қаншалықты ауыр екендігін ақын жақсы сезінгендей. Алмас ақын қоғамымызда болып жатқан үлкенді-кішілі оқиғалардың барлығын жүрек сезімінің сүзгісінен өткізеді, әрі оған өзіндік үн қатады. Бірақ та, ақын жырларынан кейбір, кейбір емес-ау, көптеген қаламдастарында ұшыраса кететін жалаң науқаншылдық пен мерейтойлық мадақтаулар немесе оқырманның санасына салмақ түсіретін «жаңашыл жырлар» кездеспейтіндігін жоғарыда айтылған ақындық деген киелі өнерге деген антына беріктік десек жарасар.

Арқа аралы, жер жәннаты Көкше топырағында туып-өскен Алмас ақын өзінің сұлу Көкшесінің шынайы жыршысы. Жай жыршысы емес, «көл қорыған қызғыштай, сен десе салам байбалам» деп кешегі Дулат ақын айтпақшы, ақын туған жердің ертеңіне алаң көңілмен қарауы бекер емес:

Маңдайыма бақ бітірген жер едің,

Таңдайыма ақ бітірген жер едің

Барсакелмес дегенге де барар ем,

Сеніп кімге тастап кетем сені елім?

Тексіз неме тіреп саған ат басын,

Төріңе кеп төре құсап жатпасын.

Топырағыңды таптағанша тексіздер,

Тулақ қылып жүрегімді таптасын!

Деген оймен көңіл шаңын мұң қағып,

Шаршағанда шалға айналам бір ғарып,

Сондай сәтте таудай тұлғам дірілдеп,

Кірпіктерім кетеді ылғи дымданып,

Ағайындар айдың күннің аманда,

Көшпе елден, кетпе еріп жаманға.

Туған жердің бұлты төнбес басыңа,

Туған жердің тасы батпас табанға.

Ақындық талантының толысқан шағындағы Алмас ақын поэтикалық шеберліктің өзгелер жетпеген ең биік шыңына шықпаса да, жаман өлең жазбайтынына, жаза да алмайтынына бек сенеді, сендіреді. «Мен» атты өлеңінде ақын соны анық ұқтырғандай:

Ұлы ақынмын!...Керемет жанмын мына мен,

Тірімде оны түсінсін қайдан бұл әлем?!

Бір ғасыр бұрын туылсам анау Пушкиннен,

Екі есе үлкен ескерткіш болып тұрар ем!

Өзімнен асқан ақын жоқ тірі расында,

Мың данышпанның миы бар мына басымда.

Есенин деген еркелеу біреу болыпты,

Тәйірі-ай, сол да ақын ба менің қасымда?!

Бар әлем бүгін батысқа бетін бұрғанда,

Бұрған жоқ ешкім оларға бетін бұл маңда.

Алты Алаш қайтсін, классиктерін батыстың,

Мен сынды, ұлы ақыны тірі... тұрғанда!..

Кеудесін ұрған кеудемсоқтарды бүгінде,

Шаңыма көміп кетерім сөзсіз түбінде...

Ұрпақтарымның ұраны болып өлеңім,

Дүние түгел сөйлейді ана тілімде!!!

Ұл таппас мендей барлық ұлт-ұлыс жиылып,

Ұлы боп туғам қазаққа ғана бұйырып,

...Осындай оймен отырам өлең жазам деп,

Жұрт «Тәңірі» дейтін ҰЛЫ АҚЫНҒА сыйынып...

Алмас ақынөлеңдері жүрек қылын тербететін, сергек сезімтал ғана емес, сан қырынан қарасаңыз түрлі суретті көз алдыңызға әкелетін «Жұмбақтастай» құпияға толы. Оның құпиясы – өлеңді оқыған кездегі оқырмандық көңіл-күй мен өлеңдегі ойлардың кеңес құруы болса керек. Алмас Темірбай – қазақ сөзінің алуан түрлі қолданыстарын бір өлеңнің аясында толығынан дерлік пайдаланып, идеяыға бғындыра білудің шебері. Оған «Ит жылына ізгі тілек», «Бас туралы өлең» т.б. өлеңдері айғақ. Мысалы, «Бас туралы» атты өлеңін алайықшы:

Басқарма, бастық, бас хатшы, басбух… «бас»- бәрі!

Басқосуларда қосыла қалса бастары,

Бастайды сөзін бір-бірін мақтап лепіріп

Басқаны қайдам, ойлайтындары бас қамы.

Бас инженер, бас дирижер бәрі -“бас!”,

Басын қасиды бұларға қарап кәрі-жас!

Бассыздық билеп алған ба дейсің, әйтсе де,

Басқасын қойып, Құдайдың өзін танымас.

Басалқы айтқан адаммен болар жаны қас,

Бейбастақ елдің баласы-кәрі, шалы-жас!

Басына қонған бағына қожа болмаса,

Басынан төмен төксең де алтын-жарымас.

Басым қатады, сыздаған жүрек жылымай,

“Бассыз салт атты”сияқты елдің түрін-ай!

Басқа бір елдің тілімен тіресіп,

Басына билік тимеген қайран тілім-ай!

Бассыздық жайлап, бастады тағы бүлікті,

Басбұзар жастар ұйыған елді ірітті.

Баскетбол ойнап, бассейн кезген қыз-жігіт

Бастаңғы деген қазақтың салтын ұмытты.

Бас ақын-Абай шалды да кеше сібер ел,

Бас-көзден ұрған!…(Ар жағын өзің біле бер)

Басы ауырса, бүгінгі құлқын құмарлар,

Бас жазар үшін баласын сатып жіберер.

Бас пайда ойлап, кейбіреу қырық құбылып,

Баспана үшін бірімен-бірі қырылып.

Басынан бір сөз асырмас бастықсымақтар,

Басынан алып, енесін елдің жүр ұрып.

Бас сауға сұрап, аз ба еді көрген азабы,

Басынан шіріп балықтай ел азады.

Баспасөз неге Алланы кіші әріппен

Бас әріппен адамның атын жазады?!.

Бас кесер ұлдар тумады тартып тегіне,

Бас асау қатын береді бұйрық еріне

Басынан бастау керек пе қайта өмірді,

“Басыңа түссе баспақшыл”дейтін Еліме?!

Ақын өлеңдеріндегі сәтті эпитеттер мен метафоралар, айшықтаулардың сәтті қолданыстарына қоса, қазақ тілінің қасиетті қайнарынан сусындап, тіл байлығын қапысыз меңгергендігінде риза боласыз. Бүгіндері кейбір ұғымдардың қарапайым жұрт түгіл, қаламгердің де қаламына оралудан аулақтап бара жатқан заман емес пе?

Енді «тасты» мысалға алайық:

Тастан жасалған тұғыры, кірпік-қасы да,

Тас төбемнен қарайды үнсіз тас тұлға.

Тас мүсін құсап тұнжырап тағы отырмын,

Тас тығып қойған тәрізді біреу басыма.

Тас көше, тас үй төрт құбылам да.Тас қала.

Тас лақтырып тұр көгершіндерге жас бала!

Тұрғындарының жүрегін тас қып жіберген

Түрлі тастардан салынған түрлі баспана.

Тас маңдайыма десем де бағым кем бітті,

Тәңірім маған таусылмас төзім беріпті.

Темірбай атам атымды қойған “Алмас”деп,

Тастұяқ болсын деп ең асыл әрі ең мықты.

Тосса да, бәлкім, бір жерде мені тас қабір,

(Тілім-тасқа, бас жармаса дағы тас жарғыр!)

Төлеген, Қасым, Мұқағали ағам тәрізді

Тассыз дүниеге кетеді жаным басқа бір.

Тау-тасты түгел мекендеп, жеке асқарды,

Тас түлектейтін кезсем ғой,шіркін, аспанды…

Тас керең қоғам түсінсін қайдан сырымды,

Тас бауыр тірлік.Тас жүрек тағдыр.Тас бәрі.

«Тас» өлеңінде айтылған жайлар тасбауыр заманда, тас асфальттің бетінде өсіп келе жатқан таскөкірек жандардың санасына жеткей деп тіледік.

Қазақ қоғамында айта-айта, жаза-жаза жауыр болған, «тізесі шығып» көнетозға айналған бір мәселе, жазар жанға тамызық болған тақырып болса, ол-тіл туралы болса керек. Ақынның осы тақырыпты қозғауы да ұтымды шыққан. Мұнда ұран да, жылау да, ашыну да жоқ. Тек мен ащы мысқылға суарылған ащы шындық қана бар. «Бәлду-бәлду...» атты өлеңнің тақырыбының, ондағы пайдаланылған көп нүкте атты пунктуациялық белгінің өзі де өлең арқылы айтар ойға алдын ала жол тартып тұрғандай. Енді мәтінді оқиық:

Ана тілдің ертеңі,

Аналардың қолында.

Аналардың ертеңі,

Мыналардың қолында.

Мыналардың ертеңі,

Мырқымбайдың қолында.

Мырқымбайдың ертеңі,

Жыртыңбайдың қолында.

Жыртыңбайдың ертеңі,

Хатшы қыздың қолында.

Хатшы қыздың ертеңі,

Басшымыздың қолында.

Басшымыздың ертеңі,

Әкімдердің қолында.

Әкімдердің ертеңі,

Кәпірлердің қолында...

Бәрін айт та бірін айт,

Әлгі ана тілін айт.

Ана тілдің ертеңі,

Бәлду, бәлду ертегі...

Осы өлеңді оқығанда бастауыш сыныпта оқыған «Мақта қыз бен мысық» ертегісі ойға оралады. Бірте-бірте, бірден бірге ұлғайту немесе градация тәсілін ұтымды қолдана отырып, ақын бүгіндері жаттандылыққа айналып жауыр болған ана тілінің мұңын жалаң сөздермен зар төге жоқтамайды. Мақта қыз бен мысық әдеттегі барлық қазақ ертегілері сияқты жақсылықпен аяқталса, Алмас ақынның өлеңі басқаша өріс алады.

Ана тілінің дамып, қанат жая алмай отырғандығына басты кінәлілердің динамикасын ащы мысқыл арқылы қарапайым ғана тіркестермен ұғынықты береді. Тіл жайлы, қасиетті қазақ тілі жайлы айтылса, сөйлер сөзі көп, тындырар ісі аз жоғарыдағы көптеген басшыларымыздың тірлігін тайға таңба басқандай көрсеткен ақынның бұл өлеңінен соң ана тілінің мәселесі шынында бәлду-бәлду ме екен деп қалғандаймыз.

Мыңмен жалғыз алысып өткен ұлы Абай да, «Арыстандай айбатына жан шыдамаған» сыршыл ақын Мағжан да, «өлеңі өртке тиген дауылдай» жалынды ақын Қасым да, кеңестік кезеңнің ноқтасына басы сыймаған хас талант Мұқағалилардың қай-қайсысын алып қарасақ та ақындық тағдырдың тәтті балынан гөрі ащы кермегін көбірек татқаны белгілі. Осынау айтылған ойларымыздың сол ұлылардың сарқыты Алмас Темірбайға да қатысы барын, оның көңілдің кейбір толқынды сәттерінде жазылған асау да, арынды өлеңдерінен байқалғандай:

«Елге кетем!

Ен далада қой бағам,

Елсіз жерде емін-еркін ойланам.

Жыным келді жындыхана-заманға,

Аурулары аруақпен ойнаған.

Ішкен асы ішімдіксіз тарамас,

Тәбеті-сау, қарны тоқ, араны-аш.

Атқа мінер арсыздардың жанында,

Атқосшы боп жүргендігім жарамас!

Далам менің – данагөйім, арысым,

Аманат қып берген маған намысын,

Қара өлеңді қор қылмаймын, қорламан,

Қара су мен қара нанның қамы үшін.

«Мал үшін көрінгенге тұрман зарлап»,-деп қасиетті өлеңнің қадірін кетірмеуді шегелеп айтып кеткен ұлы Абай дәстүріне адалдық таныта білген Алмас ақын құдіретті поэзияның қадірін кетіріп, бәсін кемітіп «шөп те өлең, шөңге де өлең» қылып, билік пен байлықтың қолбаласына айналған «сарайшыл ақындардан» өзін биік ұстай біледі. Яғни «ақындық - кәсіп емес, ол – Алланың сыйы» деген ұстанымға бекиді.

Әлдекімдерден көрсең де әлі бір жәбір,

Тілегің сенің болады, бәрібір қабыл,

Қайратың қашып, қайғырма, қаймана қазақ.

Тағдырың ауыр болғанмен, Тәңірің-әділ!..

Ақпараттар ағыны мен электронды техникалар ғасыры атанған жаңа дәуір біздің өмір сүруімізді, алаңсыз білім алуымызды жеңілдетер көптеген жақсылықтар мен жеңілдіктер сыйлаумен бірге рухани құндылықтарымызға деген қаупін де ала келді. Алуан түрлі жағымсыз қылықтар мен әдеттер теледидар мен кинофильмдер, кітаптар мен самсаған журналдар арқылы тоқтаусыз жетіп, көптеген ұл-қыздарымыздың санасын улап, жас ұрпақ біздің қатарымызды ата-бабаларымыздың дәстүр салтынан безіндіруге дейін жеткіуде. Алмас ақын не дейді:

Кинодағы, кітаптағы сайтандар,

Бүгін біздің арамызда! Байқаңдар!

Сарымасын санамызға байқаңдар!..

Сайтанға еріп қош айтысқан жұмақпен,

Адам-Ата ұрпағына айтам зар.

Көйлек киген шалбар киген сайтандар,

Көз алдыңда көлбең-көлбең қайқаңдар.

Көріп соны көңіл қайтіп жай табар?!

Қазіргі қазақ поэзиясы алыптарының бірі Есенғали Раушан Алмас Темірбай шығармашылығы туралы былай дейді: «Басқа жетістік-кемшілігін былай қоя тұралық, өлеңге басты өзгешелігі Алла тағаланы бір деп, Құран-Кәрімді шын деп танитын ақындар келе бастапты. Мұндай шайырлардың соңы 1937-жылдар атылып кеткен еді. Содан құдайсыз қоғамда үш-төрт буын тәрбиеленді. Бүгіндері жасы сексенге тақаса да мұсылманшылықтан әліпті таяқ деп білмейтін, алпыстан асса да кәлимаға тілі келмеген ақсақал-қарасақалдарымыз сол қоғамның жемісі.

Олардың қазақша білмейтін балалары нарық экономикасынан өзге ештеңені ойламайды.

Жер жаннаты Көкшетауда туып-өскен Алмас Темірбай ақын – иманды ұрпақтың өкілі екен. Өз басым, ең алдымен соған қуандым. Бұдан былайғы жерде иншалла, мұсылманшылық шарттарын сақтай білетін ақындар көбейе береді және бұған таң қалудың керегі жоқ, бұл заңды құбылыс, баяғы да-ақ солай болға тиіс нәрсе...».

Расында да, Алмас Темірбай өлеңдері биік талғаммен жазылатындығына қоса, әрбір өлеңінен имани тазалық есіп тұрады десек артық айтпаған болар едік. Алланы ауызға ала отырып, адамзат баласын имандылыққа бастаған өлеңдер Алмас ақынның шығармашылығында мол ұшырасады:

Сонау сәби кезімнен біліп өскен,

Біліп өскен, санама сіңіп өскен.

«Алла» деген аяулы атыңды бір,

Шығарамын қалайша бүгін естен?!

Ардақ тұтып атыңды Алла деген,

Өнерімді өзіңе арнап өлем.

Сен туралы жырларым-нағыз өлең,

Ал қалғаны-бір күндік, жалған өлең...

Алмас Темірбайдың да қазақтың Абайдан кейінгі өзге де үлкенді-кішілі ақындары сияқты табиғаттың алуан бояулы көріністерін өлең тілінде шебер көркемдікпен бейнелеуге, оқырманның түйсінуіне оралымды кейіптеулер жасай білуге ұмтылатындығын оның табиғат жайлы жазылған өлеңдерінен байқаймыз. Мысалы, «Қараша» атты өлеңінде:

Әлдекімнің жеті атасын тілдеді,

Әлдеқайдан әңгүдік, мас Жел келіп.

Қайда қашып құтыларын білмеді,

Қыз Қайың мен кәрі Терек сенделіп.

Ақын өз өлеңінде осындай контрастылықты үнемі тудырып отырады. Символдық бейнелер мен ұғымдар арқылы оқырманды терең ойға жетелейді. Өлеңді ары қарай оқиық:

Аспан жұқа жейдесімен қымтады,

Дүниенің дір еткенде денесін.

Тереземнен телміріп тұр Түн тағы,

Көрмек болып жарық күннің елесін.

Мұндағы кейіптеулер мен меңзеулердің сәттілігі ақынның шеберлігі демеске лажыңыз жоқ.. Көз алдыңызға терезенің сыртында гуілдеген жел мен тас қараңғы түн, қаламын қолына алып, қағазға әлдеқандай сезім күйін түсіріп , өзімен өзі болған ақынды көргендей боласыз. Ақын шамды сөндіргенде бөлмеде салтанат құратын тас қараңғылықты да қапысыз бере алған:

Түннің тұнжыр көзіндегі мөлдір мұң,

Түйсігімді терең ойға батырып.

Шақырайған шамды түгел сөндірдім,

Түнді солай алдым үйге шақырып.

Бейбақ түн- ай! Кіріп алды үйіме,

Терезеге жалтақтайды ол неге?

Қалтыраған қайың, терек...

Дір-дір еткен дүние,

Бәрін қайтіп сыйғызам бір бөлмеге ?!

Ақынның поэтикалық тілге шеберлігі де осы сияқты өлеңдерінен айқын танылады. Ақын өлеңдеріне тән әсем теңеулер мен айқын эпитеттер, қазақы қалыптағы метонимия мен метафоралар, асқақ аллитерация мен ассонанстар кестесі төгіліп, оқушысын көркем өткір тілімен өзіне баурап алады.

Алмас – көп ізденіп, көп оқитын ақын. Көптеген қаламгерлерге тән бір кемшілік – өзгелерді, өзіне дейінгі буынды оқуға құлықсыздау болуы десек, Алмасты бұл қатарға қоса алмайтынымыз. Себебі, Алмастың кітаппен достығын, осы достық арқылы жинаған рухани капиталын оны жақынырақ білетін жандардың бәрі жақсы біледі. Өзің еңселі болу үшін, өзгенің де еңсесіне көз салуың қажет емес пе? Бүгіндері шығармашылық тұрғыда кемелденіп, тұрақты оқырмандарын қалыптастырып, қамал алар жасқа жуықтап келе жатқан ақынның алар асулары әлі де алда екені анық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар