Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Шешімін таппаған «шешім» немесе «Ахмет Байтұрсынұл...

24.01.2018 8936

Шешімін таппаған «шешім» немесе «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» неге заңды түрде тіркелмеген?!

Шешімін таппаған «шешім» немесе «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» неге заңды түрде тіркелмеген?! - adebiportal.kz

«Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің» директоры, ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы Имаханбетпен болған сұхбатты жарияланып отырмыз. «Сұхбат ұйымдастырардағы "Әдебиет порталы" ұжымының о бастағы мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының (18-қаңтар, 28-қаңтар) туған күні қарсаңындағы атқарылар шаруалар жөнін білмек төңірегінде болған. Сұхбат берушінің айтуынша Ахметтің туған күні қыста емес, күзде. Нақты дәлелдер де келтіреді. Бұдан өзге де бірталай мәселе көтерілген әңгімені бастамас бұрын, сұхбат берушінің сұхбаталды сөзін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Құрметті, «Әдебиет порталы» ұжымы!

Маған ахметтанушы деп қарап, әрі Алматыдағы Ахаң музей-үйінің жетекшісі деп сенім артып, сұхбат ұйымдастырғандарыңызға алғыс айтамын! Толғақты сауалдарыңызға жүйелі жауап бермей, тереңнен түгендеп бүге-шігесіне дейін жіліктеп жатсам... «сыздаған жараның» жарылар кезі келгені деп біліңіздер. Себебі, ұлт мүддесіне еңбек еткен Ахметтей ақиық ұлдың музейінде қоғамдық негізде жұмыс істеп жүрген мен... алдағы күні «Ахаң үйінің ахуалы қандай болмақ?» деген сауалды өзекті деп білемін. Жанды жеген жегіқұрт сауалдың жауабын тағы Ахаң ғибратынан тапқандай боламын. «...Не пайда, өнерің мен біліміңнен, Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?» дейтұғын қазақ оқығандарына жолдаған насихаты өреліні оятары анық қой деп жұбанамын...

Райхан ИМАХАНБЕТ

- Ахаң үйінің ахуалы қалай болмақ?

Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталған 1988 жылдан кейін, тұлға тұрған үш үй анықталып, оның екеуі жаңа құрылыс түсуіне байланысты сүрілгені, ал сақталған үйге қатысты ҚР «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес, 1992 жылы 18 қыркүйекте қала әкімінің шешімі негізінде 1993 жылы 18 ақпанда Космонавтар көшесіне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Осы жылы 9 қыркүйекте жергілікті билік шешімімен А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді, яғни ғалым үйін қайта қалпына келтірді. Мұражайға айналған шаңырақ сол уақыттан бері шама-шарқынша көпшілікке қызмет етіп келеді. Арада біраз жыл өтті... Мұражайда қандай жаңалықтар бар? Нендей өзгерістер болып жатыр?

Ең бастысы, ұлтымыздың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының тағылым үйі қазақ қоғамына һәм Алаш мұрасына аса қызығушы қауымға «Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйі» ретінде танылды. Бүгінгі таңда мұның өзі үлкен олжа! Танымайтындар да жетерлік... ол енді желісі бөлек әңгіме.

Жаңалығымыз: Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен үш кітап: «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі (Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тағылым үйінің қалыптасу тарихы: құрылымы, дамуы, жүйеленуі, зерттелуі)» атты ғылыми жинақ; «Ахмет Байтұрсынұлы» атты тарихи тұлғаның ғұмыржолына арналған фотожинақ; «Бес арыс: Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев» атты анықтамалық көрсеткіш жарық көрді.

- Кітаптардың мазмұнына тоқталсаңыз...

- Фотожинақтың алғысөзіне, яғни аңдатуына халық жазушысы Әбіш Кекілбайдың «Ұлағатты ұстаз» мақаласы берілді. Жазушы мақаласының ғалымға арналған жинақтарда жиі берілуінің себебі, А.Байтұрсынұлының тұлғалық келбеті мен шығармашылық құдіреттілігін шебер талдап, шешендікпен түйіндеуінде.

Фотожинақта топтастырыла берілген мұрағаттық және табиғат көріністерінің, жеке және ұжымдық суреттер А.Байтұрсынұлы мұражай қорына тән. Тарихи суреттер мен мұрағаттық деректердің түпнұсқалары ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Орталық музейдің негізгі қоры болып табылады. Бұл шежірелі суреттердің алғаш рет ел назарына ұсынылуына негізгі себеп болған – Алаш Арыстарының 1988 жылы 4 қарашада ақталуы еді, содан бері дүркін-дүркін ел назарына ұсынылып келеді. Фотожинаққа жалпы саны – 512-дей деректі құжат пен түрлі сурет топтастырылды, оның ішінде: А.Байтұрсынұлының жеке – 6, жұптасқан – 4-5, топтасқан – 15-16 суреті, мұрағаттық сирек қорлар мен тарихи деректер – 112, абақтыдағы – 3 суреті бар. Мұнан бөлек, оның өмір сүрген заманына қатысты – 65-тей, ал заманауи технология арқылы қол жеткізген – 100-ге жуық дерек қамтылды. Сонымен қатар, өзі және рухани үзеңгілестерімен қоса есептегенде тәуелсіздік тұсында жазылған – 9 портрет, туған жерінің табиғаты мен тарихына қатысты – 30-дай, тағылым мектебіне айналған мұражай-үй экспонаттары мен арнайы конференция материалдары, арнаулы журналдар мен зерттеу еңбектерге байланысты – 120-дай танымдық материалдар, туған-туыстары туралы – 46-ға жуық сурет жиналды. Осынша деректер жиналғанына қарамастан, Ахметтің ата-бабасы, оның балалық шағы, мектептегі кезеңдеріне қатысты тарихи суреттер табылмады. Мұны толықтыру мақсатында Ресей этнографиялық музейінің сайтынан ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірін баяндайтын мұрағаттық суреттер берілді.

Қазақ қоғамының қалыптасу тарихында дара орындары айрықша бес арыстың артында қалған әдеби мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында жаңа форматта жазуды мақсат тұттық. Топтамалы жинаққа енген арыстардың өмірі, шығармашылығы туралы ой-таным мен түйінді пікірлер «Рухани жаңғыру» бағдары аясында жаңаша сипатта оқырманға ұсынылды. Осыдан отыз шақты жыл бұрын аяулы есімдері мен туындылары ортамызға оралған ақиық арыстар туралы танымдық жарияланымдар легі, ғылыми-зерттеу мақалалар, жекелеген және ұжымдық монографиялар біршама жазылды һәм келешекте де жазыла берері даусыз. Мәселен, 1992 жылы осы «Бес арыс» аталымымен жазушы Дидахмет Әшімхановтың құрастыруымен «Жалын» баспасынан 544 беттік кітап жарияланған болатын. Аталмыш жинақ көзкөргендердің естеліктері, мұрағат пен кітап ісі мамандары, сонымен бірге жазушы, ғалымдардың зерттеу мақалаларын топтастырумен құнды әрі бағалы еңбек болды. Тоқсаныншы жылдары жарық көрген барлық кітаптардың таралымы 20000-нан асып жығылатын. Қазіргі уақытта мұндай тиражбен жинақ не туынды шығару орындалмас арман. Бұл күні заманауи технология билеген тұста дәстүрлі кітаптарға сұраныс дәл бұрынғыдай емес. Десе де байырғы кітаптарды іздейтіндер де жеткілікті әрі қолмен ұстап, түйсініп, тұщынып оқығанға не жетсін?!

Алаш мұрасына ел сусаулы екені басы ашық тақырып, өйткені алғашқы жылдары кейбір қорлардағы мұрағат деректері қолжетімді болмағандықтан, тұлғалардың ғұмыржолы мен туындылары хақында толық мағлұмат беру мүмкіншілігі шектеулі еді. Ал тәуелсіздік тұсындағы ұлттық ғылымтануда Алаш арыстарының шығармашылық мұрасына қатысты көптеген зерттеулер жаңаша жазылды. Бұл кешенді кітапта сол еңбектер негізінде әрбір тұлғаның шығармашылық келбетін қамтыған шолу бағытындағы танымдық-ақпарат берілді.

Ақиқатында, бүгінгі аға, орта буын һәм өскелең ұрпақ тәрбиесіне Алаш зиялылары ұлағатының берер тағылымы зор екендігін жаһандану өркениетінде анық байқалып отыр. Себебі, «Сөзі жоғалған жұрттың біртіндеп өзі де жоғалады», «Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл бола алмайды», «Жерсіз халықтың өз алдына ұлт болып жасай алмайтындығы белгілі», «Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар», деп айтқан алаштықтардың ұстанымы атақазық – ұлттық болмыстан ажырамау еді! Мінеки, бабаларымыздың рухты жолы мен даналық айшықтарынан бүгінгі ұрпақтың үйренері көп, ал келешек ұрпаққа қоспасыз жеткізу мойындағы борыш екенін кеш те болса, енді ұққандаймыз.

- Алматы қаласындағы басқа мұражай-үйлермен салыстырғанда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы үйінің «жетім қыздың күйін кешуіне» оның саналы ғұмырында бес рет түрмеге түсіп, екі рет жер аударылғаны ғана себеп пе?

- «Жетім қыздың күйін кешуін» біржақты қарауға болмайды... Ең өкініштісі, қазақ халқының мүддесіне арымен қызмет етіп, ұлты үшін құрбан болған Ахметтей тұлғаның тұрған үйін «жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарих және сәулет ескерткіші болып табылатын» (1992 жылғы 18 қыркүйекте қала әкімі №413 шешімі) нысан екендігін ескеретін жан табылмай тұр. Ғимаратты басқа тарихи тұлғалардың музейлеріндей қаржыландыруға әбден болады. Бұған үкімет тарапынан тек НИЕТ мен ЫҚЫЛАС керек, Үкімет қаулысы негізінде 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйін ұйымдастыру туралы» Алматы қаласы әкімінің №360 шешімінің әлі күнге толыққанды орындалмауының себептеріне жергілікті басқарушы ұйымдар да, Мәдениет министрлігі де жіті назар аударып отырған жоқ.

- Ұлағатты ұлт ұстазының «көзі көріп, қолы тиді-ау» деген көне заттарын жинау қалай жүзеге асты?

- Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұтынған деген мүліктерден мұражайда сандық, жезтабақ, жезқұман және қолчемодан бар. Жәдігерлерді жинау, негізінен, 1998 жылдан басталды. Мәселен, сандықты ғалымның 125 жылдығын атап өту шарасы аясында Бибі Қабиқызы тапсырған-ды (сол тұста кейуана жетпістің үстінде болатын, ендігі ортамызда жоқ шығар). Сандықтың сақталу тарихы туралы БАҚ бетінде жазылған.

Қолчемоданды 2005 жылғы жөндеу жұмыстары тұсында Торғайға сапарлап барған Жангелді Отарбаев «торғайлық ақын Серікбай Оспанов берді» деп әкелді. Көне қара пианиноны «Ахмет атамыздікі болар» деп сұрайды. Бұған себеп жоқ та емес... А.Байтұрсынұлының әуесқой композитор болғандығы көзкөргендердің естелігінде жазылып келді. Өкініштісі, Ахаң шығарған әндер әлі күнге «халық әні» деп айтылуда. Тұлғазиторлық қырын көрсету мақсатында музыкалық аспап арнайы мақсатпен қойылды. 2006 жылы аспапты жиеншары Меруерт сыйға тартқан (туыстығы жағынан таратсақ, Ахметтің қарындасы Зиляш туған Бәкібайдың қызы). Пианинодан бөлек сырмақ пен қос қыш құмыра берді. Сырмақтағы өрнектер Торғай өңірінің жұртшылығына тән. Бұл сырмақты Зиляш апамыздан қалған тәбәрік десек те болады.

- Музейге келушілер не айтады? Көңілі тола ма?

- Бұл сауалдың жауабын сол жұртшылықтан жинау керек-ау. Жалпы мұражайға келушілердің көңілін күпті ететін «Музей неге жекеменшік?» деген «жауабы жоқ сауал». Алматыда Ахаңның музейі барына қуанғанымен, оның мемлекеттік емес екенін естігенде «Неге мемлекеттік емес?» деп, жүздеріне реніш табы шарпып шыға келеді... Бұған не дерсіз?!

- Ахаңның өміріне байланысты сирек кездесетін деректер немесе суреттер сақталған ба?

- Сирек қорларды індете зерттейтін зерделі жандар болса, әлі де Ахмет Байтұрсынұлының өміріне қатысты суреттер де, деректер де табылатынына сенімдімін. Жақында ғана әлі еш жерде жариялана қоймаған ұжымдық суретті көрдім, ортасында жарқырап Ахаң отыр. Бұл фотоға 1928 жылы ашылған Қазақ мемлекеттік университетінде профессор лауазымында дәріс оқыған кезінде түскені анық. Ал, орыстілді БАҚ-та жарияланған мақалалары әлі түгел жинақталған жоқ. «Қазақ тілі грамматикасының тарихы» мен «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінің нұсқалығын табу туралы жазылғанына жиырма бес жылдың жүзі болса да, іздеген жан және жоқ. Бізде «дайын асқа тік қасықтар» толып жатыр... Ия, «өзі неге іздемейді?» деп отырған боларсыз, менің «қолым қысқа»! Негізгі кәсібім оқытушылықтан кейін атқаратын бар шаруам – Ахаңның тағылым үйінің есігін ашып отыру, іші-сыртын тазалау, экспонаттарды толықтыру, келушілерге қызмет көрсету, мұнан бөлек ғимаратты ұстап тұру үшін төленетін бес түрлі коммуналдық қызмет төлемдерін (жарық, суық-ыстық су, телефон, кәріз құбыры, жылу т.б.) түгендеу... Қысқасы, барлық жұмыс жалғыз менің мойнымда!

Тұлғаның «Уголовный кодекс РСФСР», «Мәдениет тарихы», «Қазақ тілінің теориясы» атты кітаптарының баспаға дайындалып, өндіріске кеткендігі жөнінде деректер болғанымен, бұл еңбектердің де қолжазбаларын табуға әрекеттеніп жүргендерді естімедім.

А.Байтұрсынұлының ақталуы туралы сот шешімі. 1988 жыл.

А:Байтұрсынұлының өміріне қатысты сирек құжаттар мен суреттер. Мына сілтеме арқылы көруіңізге болады.

- Музейді жандандыруға қол ұшын берейін деуші «Атымтай Жомарттар» кездеспеді ме?

- «Атымтай Жомарт» бұл күні ертегіге айналғандай ма... «Бай – байға, сай – сайға» құятын заманға тап болып тұрмыз-ау шамасы. Есесіне, осы жерден пайда көзін тапқысы келетін не бір жылпос жастарды кезіктірдім. «Қатырамыз» деп ентігіп келіп, өз есептері шықпаған соң түрлі желеулерін айтып жоқ болады. Өз басым үкіметтен басқа ешкімге иек артпаймын. Жекешелеп алған туысының өзі жылдар бойы 99 рет уәде беріп, соңыра желкесін де көрсетпей кеткенде, қалғандарынан не жорық сұрайын?!

- Жалпы, ұлы тұлғаларға арналған мәдени-әдеби орындардың мақсаты не? Бағыты қандай?

- Музей-үй Алаш Арыстары: Ахмет Байтұрсынұлы мен оның рухтас замандастарының аяулы есімдері мен ерен ерліктерін мәңгі есте қалдыру мақсатында, «Тұлғалар тағылымына – тағзым» атты бағдарлама аясында көрермендерге қызмет көрсетеді. Мақсаты: ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы мұражай-үйі экспонаттарын бүгінгі ұрпаққа таныстыру, тағзым етер тұлғалардың өнегелі өмір жолдарынан келешек ұрпаққа тәлім беру.

Ұрпақ тәрбиесінде тағылым мектебі деп танылған Ахаң үйінің келелі мәселелерін өзекті тақырып етіп, БАҚ беттерінде көтергеніме 15-18 жылдың жүзі болыпты. Енді шешімін табады-ау деп үміт оты шоқтана бастағанда көлденеңдеушілердің шоқпары мықты ма, әйтеуір Ахаң үйінің түтіні түзу шықпай-ақ қойды. «Түтіні түзу емес» деген зарымның астарында зор қауіп, санамды жегіқұрттай мүжіген сансыз сауал жатыр. Біріншіден, ғасыр басында жетілген жұрттардың тілінің жетегінде адасқан алаштың әліпбиі мен әліппесін түрлеуші ғұлама кім?! Әлбетте, ол Ахмет Байтұрсынұлы! Дәлел 1912 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы: қазақша әліппе» оқулығы; Екіншіден, жұртымыз орыс патшалығына бодан болып тұрғанда «қырғыз» атанған еліне қ а з а қ деген төл атауын қайтарған қоғам қайраткері кім?! Әлбетте, ол Ахмет Байтұрсынұлы! Дәлел 1913–1918 жылдары Орынборда жарияланып тұрған «Қазақ газеті»; Үшіншіден, соңыра қазан төңкерісімен келген «Жер жүзінің еңбекшілері бірігіңдер!» дейтұғын көсем Лениннің қалың бұқараға беретін теңдігі кезінде ұлтына дербес ел болу үшін шекарасы анықталған автономия әперетін мемлекет қайраткері кім?! Әлбетте, ол Ахмет Байтұрсынұлы! Дәлел Орынбордың 1920–1924 жылдары қазақ елінің рухани ордабасы болуы. Тізе берсең, қазақ ұлты алдында тарихи істері таудай теңдессіз тұлға кім?! Әлбетте, ол Ахмет Байтұрсынұлы! Осындай туған еліне қалтқысыз қызмет еткен ерен ердің артында қалған, көзіндей болған жалғыз жәдігері – музей-үйін мемлекеттік емес деп айтудың өзі ұят!

- Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қаңтарда емес!

Бірер күннен соң, яғни 28 қаңтар – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл дерек қаншалықты рас? Және осы тектес туған жылы мен күні жөнінде де бірнеше нұсқалар бар: 1870, 1872, 1973, 18 немесе 28 қаңтар 5 немесе 18 қыркүйек... Ақиқатын айтайықшы.

- Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы қыркүйектің 5-і күні Қостанай округі Торғай уезі, Тосын болысының 5-ауылына қарасты Сарытүбек елдімекенінде дәулетті отбасында дүниеге келген. Тұлғаның туған мерзімін «5-қыркүйек 1872 жыл» деп, нақтылауымызға негіз болып отырған, ғұламаның 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған «Өмірдерегі» (Жизнеописание) және әр жылдары мемлекеттік мекемелердегі ресми сауалнамаларға берген нақты жауаптары. Атап айтсақ, Орынбор Мұғалімдер мектебін бітіргені туралы куәлікте, туған мерзімі «5 қыркүйек 1872» деп көрсетілген, бұл – бірінші дерек. Сондай-ақ, «Анама хат» атты өлеңі де Ахметтің «1872 жылы» дүниеге келгеніне дәлел бола алады. Енді осы айғақтарға тоқталып, талдап таратсақ. Мәселен, Семей түрмесінен анасына жолдаған өлеңіндегі: «...Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам» деген жолдар, әулет басына түскен «1885 жылғы оқиғаны» меңзеп отыр. Мұрағат деректеріне сүйенсек, бұл Ахметтің әкесі Байтұрсын, үлкен әкесі Ақтастың бiрнеше ағайын-туғандарымен қоса, «25 жылға итжеккенге жер аударылатын тұсы». Демек, осы «1885-тен» бала Ахметтің «13 жасын» шегерсек, туған жылы – 1872 жыл болып шығады. Бұл – екі.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 81-қоры, 1-тізбесі, 1652-ісі, 6-парағында (бұдан әрі – ҚР ОММ) Ресей коммунистік партиясының «Жауапты қызметкерлерге арналған» 20 сұрақтан тұратын сауалнамасының туған жылы деген тұсына: «1872, 49 жас» деп жазған, құжат 1921 жылы толтырылған. Бұл – үш. ҚР ОММ., 5-қор, 18-тізбе, 158-істің, 1-ші парағындағы «Сайлауға түсу сауалнамасы» 1921 жылдың 11-қазанында толтырылған. Сауалнама 29 сұрақтан тұрады, осында жасы деген тұсқа – 49 деп көрсетеді. «1921»-ден «49»-ды шегерсек, «1872 жыл» шығады. Бұл – төрт. 81-қордың 11, 12-парақтарында «Қызметкерлерге арналған» 42 сұрақты сауалнаманың 2-сұрағына: «1872 ж., 5/ІХ., Торғай тумасы» десе, отбасы туралы 9-сұраққа: «Әйелім: Бадрисафа – 46 жаста, Балаларым: Қазихан – 14 жаста, Аумат – 7 жаста, Шолпан – 5 жаста, ағаларым Қали, Кәкіш, інім Мәшен – Торғай уезінен, қарындасым Зиляш – Қостанай уезінде» деген дерек береді. Сауалнаманы 1923 жылы Орынборда Халық ағарту институтында қызмет істеген тұста толтырған. Бұл – бес.

А.Байтұрсынұлының отбасы туралы жазылған мәліметтерге үлкен ден қойғанымыз абзал. Өйткені, жазушы Дүкенбай Досжанов «Абақты» (1992) атты кітабында: «Туған жылы әр түрлі – 1870, 1872, 1873 айтылып жүр, дұрысы: 1873 жылы 28 қаңтарда туған, қалғанын қаперге алмау керек» дейді, сосын, Ахметтің заңды мұрагерлері жайлы да теріс түйін жасайды. Қазақтың нағашы мен жиен арасындағы туыстықтың ара-жігін ажыратып алмай, кіндігінен ұрпақ көрмеген Ахметке қолдан мұрагер жасаудағы мақсаты өзіне ғана аян, қазақтың «аға өлсе, іні – мұра, іні өлсе, аға – мұра» дейтін аталы сөзін қаперге алмауы түсініксіз... Ахметтің үлкен ағасы Қалидан, інісі Мәшеннен туған ер баладан Алматы, Қостанай қаласында тұратын ұрпақтары баршылық, ал ортаншы ағасы Кәкіштің ұлдары: Қазихан мен Ауматты Ахмет 1929 жылы «халық жауы» деп ұсталып, түрмеде отырғанда елдегі «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер өлтірткен.

Әулеттің қыз балаларынан туған жиендер де жетерлік. Олардың өзіндік орны бар, бірақ жазушының дерегіне еліккен кейбір жиендері қос текті (фамилия) алып, күлкілі жағдайға ұшыраған жағдайды да көрдік...

Құжатқа қайта оралсақ, осы қордың 1-парағында «Ағарту ісі жөніндегі халық комиссариатының қызметтік тізім» сауалнамасының «қашан, қайда туған» деген сұрағына: «5 қыркүйек, 1872 жылы, Ақтөбе губерниясы, Торғай уезі, Тосын болысы, 5-ауыл» деп көрсеткен. Құжаттың толтырылған уақыты көрсетілмеген, бірақ, «1924 жылдан қазіргі күні – Халық ағарту комитеті ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесімін» деп жазғанын негізге алсақ, құжат – 1925 жылы толтырылған. Бұл – алты. Аталған қордың 52-парағында «Халыққа білім беру институтының оқытушылары мен қызметкерлеріне» арналған сауалнамада да туған мезгілін: «5 қыркүйек, 1872 жылы» дейді, ресми құжат 1925 жылдың 17-қарашасында рәсімделген. Отбасы мүшелеріне: жұбайы Бадрисафа, балалары Аумат, Шолпанды жазған. Бұл – жеті.

1921–1922 жылдары Өлкелік Халық Комиссариаты жанындағы Академиялық Орталықтың төрағасы болып қызмет істеген кезінде 1-Қазақ съезі жұмыскерлері сауалнамасының 9 сұрағының «жасы» деген тұсына – 50 дейді. Бұл – сегіз. Академцентрдің тұңғыш төрағасы болған Қазақ елінің ғылымын академиялық жолмен басқаруды ұйымдастырудың негізін қалаған тұлға төл туған күніне келгенде жаңсақ жазуы мүмкін деу күпіршілік емес пе?! Ғұламаның 1929 жылы 57 жасында саналы түрде өз өмірін хронологиялық жолмен баяндаған «Өмірдерек» атты ресми іс-қағазындағы: «Менің туған жылым «мешін» (1872)» деп басталатын мәліметін ескермеу ахметтануға жасалған көпе-көрнеу қиянат қой. Бұл – тоғызыншы дерек. Демек, Ахмет Байтұрсынұлының туған мерзімін өзі толтырған мұрағаттық құжаттар бойынша жазатын уақыт жетті.

Халыққа білім берудегі 1-Қазақ жұмысшыларының съезінің сауалнамасы. 1922 жыл.

- Бәленшенің туған күнінде, яки мерейтойлық жылдарында ғана бірен-саран жұрт бас сұғатын мұражай-үйлердің рейтингі шамалы-ақ. «Рахметі жоқ» жұмыс деп ойламайсыз ба?

- Ахмет Байтұрсынұлын «бәленше» деп айтуға әуелі Құдайдан, сонан кейін ұлты үшін шейіт болғандардың қазақ даласын кезіп жүрген «рухынан» қорқу керек. Ал «рейтинг» деген қазақ арасына данданси кірген «бөтен сөз» Алаш Арыстарының сапасынан «садаға кетсін».

«Рахметке» келетін болсам, «Қарғыс алма, алғыс ал» деген аталардың ұрпағымыз ғой, Ахметтей тұлғаның мұрасын құлай сүйіп, тағылым үйінің «шырақшысына» айналғаным үшін қаншама алашшыл жұрттың рахметіне шомылып, үлкендердің батасына бөленіп, алғысын алып жүргенім өзіме ғана аян емес, БАҚ беттерінде бірнеше мақала жарық көргенін көзі қырағы оқырманға айтып жатудың өзі артық... Тіпті, «Ұлт болмысы» журналы бір нөмірін арнады. Мен үшін рахмет пен алғыстың үлкені – «Аманатқа адал ахметтанушы», «Аманат арқалаған...», «Ахаң мұражайының шырақшысы», «Алаштың аяулы қызы» деп сенім артқан бағыттас замандастарым. Бұған 2017 жылы Елбасының жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалін қосыңыз. Ендеше, Алаш Арыстарының Ақиығы Ахметтің ұлты үшін жасаған риясыз еңбегіне ешқандай да «рейтинг» ілесе алмайтыны бүгінгі заманауи жастардың жадында мәңгілік жатталуы һәм қатталуы тиіс деп ойлаймын.

- Жеке тұлғаларға арналған музей-үйлерді басқару кәсіпке айналып бара ма? Егер осы сауалды сәл-пәл өзгертсем: музей-үйлер жеке адамның мүддесіне айналуы мүмкін бе?

- Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік қайраткер һәм тарихи тұлға! Ол кісінің артында қалған мұрасы мен ел игілігі үшін жасаған жұмысын Мұхтар Әуезовше айтсақ, «біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер», Әбіш Кекілбайұлынша толғасақ, «ұлттық тарихымызды ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға». Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлы – мемлекетіміздің мақтанышы, ұлтымыздың ұстыны! Тағы қайталап айтамын ешкімнің жеке меншігі бола алмайды, ол қазақ халқының игілігі, мемлекетіміздің мақтанышы. Демек, Ахаң музейінің қамқоршысы да, қорғаушысы да МЕМЛЕКЕТ болуы керек!

Ия, Ахмет тақырыбына келуіме себепші жазушы Сайын Мұратбеков болса, тақырыпты ғылыми жобаға айналдыруға түрткі болған ғалым Құлбек Ергөбек. Ал, Ахметтің қызы Шолпан апамен таныстығым тағдырдың ащы-тұщысын тура қабылдауды үйретті. Байсалова Шолпанның қолынан дәм татып, талай қызықты әңгімелерін тыңдадым... Шолпан апаның тапсырмасымен Олжас Сүлейменов, Төлен Әбдіковтермен танысудың сәті түссе, мемлекеттік мекемелер мен жоғары лауазымды тұлғалардың алдына Ахаң мұражайына материал жинау үшін барған едім. Шолпан апаның пәтерінде немерелес інісі Сергей Кәкішев (бұл күні Серік Байтұрсынов) және апаның қызы Айманмен таныстым. Бұл – шамамен, 1994 жылдың күзі болатын. Сол жылы қарашаның 27-сі күні Шолпан апа қайтыс болды, сүйегін Кеңсай зиратында жатқан ұлы Болаттың жанына қойды. Жерлеу рәсімін Самырат ағай Кәкішев атқарды. Самырат ағайды бірінші рет сол қаралы жиында көрдім... Шолпан апа қайтыс болғанда оның сүйегіне түсу ауыр тиді, мойныма жауапкершілік жүктелгендей өз-өзімді жегідей жеумен болдым. «Менің қолымнан не келеді? Шамам келмейтін шоқпарды неге беліме байладым», деп, талай рет өз-өзімді мүжідім. Бірақ, бәріне уақыт емші, тарих таразы екен ғой, ойласып отырсам, содан бері қаншама жылдар өте шықты.

- Ахаң үйінің тасада қалмауы үшін мемлекет тарыпынан, көпшілік тарапынан қандай шаруалар атқарылуы тиіс?

- Ұлт ұстазы, реформатор-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының аяулы есімі ортамызға оралғанына келесі жылы 30 жыл толады! Әлбетте, арада өткен 29 жыл тұлғаның төл мұрасымен қайта табысып, ғұлама ғибраттарын өскелең ұрпаққа танытқан мерзім.

Музейдің өзекті әрі келелі мәселесі – ол Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйі – «Ахметтану» ғылыми-зерттеу орталығы болып заңды тіркелу, дербес жарғы мен өзінің жеке мөрі бар мемлекеттік мекеме болу және қалың жұртшылыққа қызмет жасайтын штат жасақтау.

Сонымен бірге, 1992 жылдан мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына енгізілгендіктен, музей-үйге Республикалық немесе ұлттық мәртебе берілуін, әрі бюджеттен қаржыландырылуын; өзге мәдени мекемелер сияқты толыққанды жұмыс істеуі үшін музейдің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етілуін құзыретті органдардан сұраймын.

Қорыта айтқанда, ұрпақ тәрбиесінде тағылымы мол мәдени ошақтардың қай қайсысы да – табыс әкелетін өндіріс, не өнеркәсіп емес, мұндай мекемелер қашанда мемлекеттің қамқорлығына зәру.

Дегенмен, өркениетті елдер қатарына қосылғысы келген ел, ең алдымен, ұлттық байлығы мәдени мұралардың мүддесін қорғайтынынан үміттіміз. Ал оның жолы біреу, ол – тарихи тұлғалардың артында қалған мұрасын халық қазынасы, ел игілігі деп танып, өмірлік мемлекеттік мәртебе беріп, ұлттық нысанға айналдыру. Өмірлік мемлекеттік мәртебе дегеніміз – үкімет қамқорлығында болып, ұрпақтан ұрпаққа өтеді деген сөз. Иә, Қазақстанның киелі һәм қасиетті (сакралды) орындарының 100 тізіміне Ахмет Байтұрсынұлы музейі кіргізілді. Бұл да дәтке қуат, себебі, тарихи орындар қашанда мемлекеттің қамқорлығы мен қадағалауында болатыны анық қой.

- Биылғы жылға қандай жоспарлар бар?

- Жоспар көп, бірақ оны дабырайтпай үнсіз орындаған абзал! Себебі, 2017 жылы Ахаң мұражайына келген И.Тасмағамбетовке айтқан бастамамыз, әсіресе «Алаш жолымен: Ахмет Байтұрсынұлы» туралы деректі көркем фильм түсіру туралы жоба, ғалым мұрасына арналған жинақтар шығару жөніндегі ұсыныстар... Әлбетте, Иманғали Нұрғалиұлына қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз!

Көңілге қаяу түсіргені жоба мен жоспарды қолды жасаушылардың «көз ілеспес жылдамдығы мен жылпостығы» істі қаншалықты атқарғандығы... шала әрі атүсті жасалған жұмыстың ұятын олардың арына жүктедім.

Ең бастысы, санамда орныққан Алаш абызы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттаудағы ұлық жобаны іске асырудағы үкілі үмітіме селкеу түспесе деп тілеймін, Тәңірден.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Маржан ӘБІШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар