Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлықбек Есдәулет: Ғафу көлі

26.01.2018 3834

Ұлықбек Есдәулет: Ғафу көлі

Қазақтың белгілі қаламгері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет шығармашылығы - сан қырлы. "Әдебиет порталында" қаламгердің алдыңғы толқын ағалар туралы мөлдір эсселері бұған дейін де жарияланып келген еді. Сол үрдіс жалғасын тауып отыр.

- Қостанайға барып қайтайық. Бірге жүр, – деді Ғафаң 1983 жылдың жазында. Мәскеуге оқуға жиналып жүр едім, қуана келістім. Көп ұзамай-ақ ұшып жеттік.

Бәдеш апай үшеумізді облыс басшысы Василий Демиденко өз кабинетінде бір қолына қымыз, бір қолына шұбат ұстап қарсы алды.

- Ғафу Қайырбекович, – деді ол, – сіз туған жеріңізде қымыз ішсеңіз де, шұбат ішпеген шығарсыз. Дәм татыңыз. Қазір Атыраудан түйе әкеліп сауып отырған шаруашылықтарымыз бар, ал қымыз қазір барлық совхоздан кездеседі. Өздеріңіз көресіздер. – Даусынан мақтаныш лебі есті.

Қостанайдан бізге ақын Ақылбек Шаяхметов қосылды. Жолай Тобыл жылқы зауытына соғып, арғымақтарды қызықтап көріп, Жітіқара ауданына бет түзедік. Жол ұзақ, тақтайдай тегіс, кең, жазық дала. Ғафаң зеріктірмей, түрлі қызық әңгіме айтып отыр.

Жігіттің домаласа өрге тасы,

Озады самолеттен машинасы;

Иван Шухов дейтұғын мына кісі,

Белінде салпақтайды флягісі.

Иван ішіп тұрғанда Ғафу ішпей,

Кісінің келеді екен жылағысы, –

деген секілді суырыпсалма шумақтарының қалай туғанын айтқызып, қарық боп тыңдап келеміз. Келе жатып, жол бойында желмен жоны қылаңдаған ақселеулі даланың ақшулан толқынына қарап отыр едім, Ғафаң кенет көлікті тоқтатып, жерге түсті.

- Айналайын, ақселеулерім-ай, аман-сау барсыңдар ма? Сендерге бауырымды бір төсейінші, бір аунайыншы, – деп жол бойындағы көкке сұлап жата кетті. Қолдарын созып, ары-бері аунады. Селеудің әлі жебесі қатпаған балғын сабақтарын саусақтарымен аялай сипалап, мауқын басқандай иіскелеп біраз жатты. Сосын орнынан тұрып, үстін қаққыштап қойып, бізге бұрылып:

- Бұл селеудің мықты қасиеті бар. Мына қара жерді «тың игереміз» деп қанша жыртып, қанша егін ексе де бой бермеген осы селеу. Туған жерімді бермеймін деп, сырттан келген бидаймен қатты күрескен, аянбай соғысқан қаһарман өсімдік осы. Бұдан асқан патриот жоқ. Сондықтан бұл селеуді қанша жырласақ та артық емес, – деді.

Ел аралап, кездесулер өткізе бастадық. Біз бір ауылға келгенде кеңшар басшылары:

- Ғафа,сізге қанша ат мінгізсек те аздық етеді. Біздің жерімізде бірнеше кішігірім көлдер бар. Соның біреуін өзіңізге сыйлап, сіздің атыңызбен атасақ деп едік. Қалағаныңызға бірден есіміңізді қоямыз. Өзіңіз барып көріп, таңдаңыз, – десті. Ғафаң сәл ойланып, бұрылып маған қарадыда:

- Сен мендейемес,сулыжердің баласысың ғой. Ауылыңда талай болып, Ертісің мен Бұқтырмаңды, Зайсаның мен Марқакөліңді, басқа да қаптаған суларыңды көргем. Сондықтан көлдің жақсысын сен білуің керек. Мына ағаңмен бірге барып, таңдап қайт. Сенің дегеніңе тоқтаймыз, –деді.

Расында да, біріне-бірі жақын орналасқан бірнеше шағын көл бар екен. Көлікпен аралап, ойқастап, қарап жүрмін. Алғашқы біреуінің қамыс-қоғасы көп, екіншісінің жағасы батпақтау екен. Үшінші көлге келгенде көзім жарқ еткендей болды. Айдыны ашық, қаз-үйрегі сымпылдап ұшқан, әр тұсында тұңғиық лала гүлі бар, тұнық, мөлдір сулы осы көлге көңіл-аңсарым ауды.

Біраз уақыттан соң Ғафу ағамен бірге қайта оралған кезде әлгі көл жағасына ақбоз үй тігіліп қалғанын көрдік. Жағалауға келіп, көлді қызықтап қарап тұрмыз. Айдындағы аппақ гүлдерінің түйетабан жапырақтары желмен төңкерілгенде астары қып-қызыл болып, көздің жауын алады. Көлді бәрі жамырай мақтасып жатыр. Ауылкеңес төрағасы қол қойылып, мөр басылған қаулысын алып шығып, дауыстап оқыды. Қатар тұрған соң көз жүгіртіп қарадым. Орыс машинкасына басылған, «і» әрпінің орнына леп (!) белгілері қойылған қазақ тіліндегі қаулы екен.

- Мінеки, бұл көл бұдан былай «Ғафу көлі» аталады, – деді ол қағазын бүктеп салып жатып. Бәріміз де қол шапалақтап, Ғафаңды құшақтап, сүйіп, құттықтастық. Ғафаң өз көліне өзі үн-түнсіз қарап тұрды. Мен «сулы жердің баласы» екенім есіме түсіп, тез шешініп, көлге қойып кеттім де құлаштай жүзіп, айдында ағараңдаған гүлдерге жеттім. Бойлап байқасам, көл терең екен. Алақандай аппақ гүлдің біреуін демім жеткенше тереңірек сүңгіп барып, сабағын ұзындау етіп түбіне жақын үзіп, жағаға алып шықтым. Бәдеш апайға әкеліп:

- Ғафу көлінің алғашқы гүлі өзіңізге, апай, – деп ұсынғанымда толқығаннан жеңгеміздің көзінен жас ыршып кетті. Қолында аялай ұстап тұрған ақ тостаған гүлдің сабағы телефонның шнурындай шұбатыла сүйретіліп, судан шығып болмады. Бәдеш апай гүлдің атын сұрады.

- Бізде мұны тұңғиықгүл деп атайды, – дедім.

- Әсиягүл деген де аты бар, – деді Ғафу аға.

- Әсиягүл деген жақсы екен! – дестік бәріміз де бірауыздан.

Жиналғандар:

«Ғафу көлдің әсиягүлі» деген өлең жазыңдар, – десіп жатты.

- Жазамыз, жазамыз, – дестік, үш ақын «Кім алдымен жазар екен?» дегендей бір-бірімізге қарап қойып (ақырында Ақылбек жазды).

Көл жағасындағы киіз үйге шақырылған кісі аз болып шықты. Ғафаңның көлін «жуып» отырмыз. Неге екенін білмеймін, Ғафу аға көл иеленген кісіге ұқсамайды, көңілі сынық. Құлықсыз. Ықылассыз. Жарқылдаған әзіл жоқ. Мұнысын түсінбей отырмын. «Көлдің несі ұнамады екен?» деп қуыстана бастадым. Кеңшардың директоры екі иығына екі кісі мінгендей алып денелі кавказдық жігіт еді, оның орыс келіншегі де өзіне лайық өте кесек денелі екен, одан төменірек отырған зоотехник келіншекке де қазақта көп кездесе бермес аса ірі, зор тұлға бітіпті. Біздің Ақылбек ақын да қапсағай денелі жігіт. Осылардың ортасында бәкенелеу Ғафаң және жеңгей үшеуміз шөмиіп-шөмиіп, кішірейіп отырмыз. Ғафаңның қабағы ашылатын түрі жоқ. Барған сайын еңсеміз, иініміз түсіп барады.Тілектер, тостар айтылғанмен, ішкілік те жүрмей қойды. Ғафу аға қарама-қарсы отырған еңгезердей екі дәу келіншекке қабағының астымен үн-түнсіз кезек-кезек қарап қойып отырып, бір кезде:

Жігіттің жүрегіне оқ атқандай,

Қыздары Қостанайдың қолақпандай! –

деп салды. Біз ду күлдік. Орыс келіншек ештеңе түсінген жоқ. Ал қымыз сапырып отырған қазақ келіншегі ерекше мырс етіп, бетін басып, үйден ытқып шығып кетті де қайтып оралмады. Біз күлісіп, дуылдасып, жанданып қалдық. Сөйтсек, сері Ғафаңның көңілі ашылмағаны айналасында көз тоқтатар қыз-келіншектің болмағанынан екен.

Бізді кеңшардан кеңшар шекарадан шығарып салып, қарсы алып, біріне-бірі өткізіп отырды. Екі «Волганы» біріне-бірін құйрық түйістіріп қойып, жүк салғышын дастарқанға айналдырып, сусындарын сапырып, құя бастайды. Бұл жолы қарсы алған дембелше келген, қозы қарынды партком хатшысы бірден Ғафаңа «құрдаспыз ғой» деп қойып, өрескелдеу қалжыңын жаудыра бастады. Болмай бара жатқан соң Ғафаң:

- Менімен құрдас болатындай сен өзің қай жылғысың? – деп сұрады. Ана кісі жасын айтып еді, біздің ағамыз:

- Әй, жігітім! Сенің менен үш-төрт жас кішілігің бар екен. Біз де сендей толық болғанбыз, содан кейін солып қалғанбыз. Қабақтай қарным бар екен деп бастырмалата берме, – деп бетін қайырып тастады.

Дегенмен, Ғафу ағаның киіз үйдегі суырып айтқан «қолақпандай» қос жол ұйқасы алдағы ауылға бізден бұрын барып қалыпты. Оған көзіміз бірден жетті. Келіп ат басын тіреген үйге кірсек, аумағы ат шаптырымдай қонақ бөлмені қыз-қырқынға толтырып қойыпты. Ғафаң бірден өзгеріп сала берді. Көзі жайнап, көңілденіп, шеттерінен құшып, сүйіп жатыр. «Ұлықбек, Ақылбек, неғып тұрсыңдар, сендер де сүйіңдер!» – деп қояды. Дастарқанға отырар алдында қол жууға шыққанда Ғафаң: «Бұл Қалижан, Хамит ағаларымыздың әдісі ғой. Олар «Егер бір қызға көзің түскенін басқалар сезіп қоймасын десең, қатар тұрған қыздарды түгел сүйіп шығу керек. Сонда ешкім күдіктенбейді» дейтін еді», – деді бізге өз қылығына ақталғандай.

Ғафаңның осы көңілденгені көңілденген болды. Аса қатты шабыттанып, неше түрлі тапқыр әзілдер айтып, қайта- қайта тост көтеріп, өзі де ішіп, өзгелерге де алғызып отырды. Өз өлеңдерін жатқа соқты. Бізге де өлең оқытты. Қыза келе Қасымның «Дариға, сол қызын» шырқады. Жүзі бал-бұл жанып, отырыстың гүліне айналды. Бір таңырқағаным, мұндай шабыты ұстаған тұста Ғафаң кәдімгідей ажарланып, тіпті бетінің шешектен қалған шұбар дақтары жоғалып кетеді екен. Ақындық арқа деп, міне, осыны айт!

Бір уақта маған тоқпан жілікті ұстатып: «Мынаны жақсылап мүжіп, пышақпен егеп қой!» – деп елеусіз тапсырды. Мен емеуріннен түсініп, айтқанын асыра орындадым, жілікті жұртқа білдірмей пышақпен айналдыра әбден егеп, сіріңкемен де күйдіріп қойдым. Бір мезгілде Ғафаң: «Дайын ба?» – деді бұрылып. Жілікті қолына ұстата қойдым. Ғафаң орнынан тұрып, елдің назарын тегіс өзіне аударып алды да, дастарқанды айналып барып, кеңдеу жерге отырып, әлгі жілікті алдына қойып, оң қолының жұдырығын орамалмен жақсылап орап болған соң ерсілі-қарсылы бірнеше сермеп барып, бір-ақ ұрып, сындырып тастады. Жұрт шу ете қалды. Сондай жіліктің біреуін Ақылбек те ұрып сындырды. Дастарқаннан тұрған соң, аттанар тұста бүкіл қыз-келіншек Ғафаңмен таласа сүйісіп қоштасты. Бұған қызыға қарап тұрған қалжыңбас партком хатшысы Ғафаңа бата алмай, Бәдеш апайға:

- Күйеуіңіз қыз-қырқынды қырып сүйіп барады ғой, қызғанбайсыз ба? Қалай шыдап жүрсіз? – деп іліп қалды. Оған Бәдеш апай байыппен:

- Ғафаңның жасы қазір елудің алтауынан асты. Ақын емес пе, алпысқа дейін сүйіп қалсын, Құдай бұйыртса, енді бір төрт жылдан кейін өзіме қалады ғой, – деп жауапберді.

Сол естен кетпес сапардан бері қаншама жыл өтсе де көзімнің алдында, көңілімнің төрінде Ғафу көлі мөлдіреп жатқандай көрінеді. Жағасында – Ғафаңның өзі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар