Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Кәрібайдың топтама өлеңдері

09.01.2018 3375

Мұхтар Кәрібайдың топтама өлеңдері

Адасқан қарындасқа

немесе «Бразилия биі»

«Қырық миллион ұтыңыз» аталады,

Ақшамдарда бір ойын басталады.

Көп ішінен таңдалған үміткерге

Тарқатуға сан сұрақ тасталады.

Мінеки, жарқыратып қара шашын,

Шықты ортаға бидай өң қарындасым.

Алғашқыда көрінген биязы боп,

Тілектесіп отырмыз – бағы жансын!

«Миллионды» талайлар алсам дейді,

Біреу оқып, біреу үй салсам дейді.

Қиялы шарықтаған қиғаш қасым,

«Бразилия биіне барсам!» дейді.

Тым болмаса «Луврды» қаласаң нетті,

Қарындасым-ау, арманың неткен аласа еді?!

Дарақтап, далақтаудан аса алмайтын

Құдайым, сендердейден сақтасаң етті!

Бұл, бәлкім, үйректейін сасқаның ба,

Жоқ, әлде, болып, толып асқаның ба,

Даңғаза қуамын деп даурығасың

Дүниенің кілтін іздер жас шағыңда.

Бөтеннің жалаңаштанған «бұраң белі»,

Бразилия биі атаңнан қалған мұраң ба еді!?

Келешегім дер көген көз шатасса бұлай,

Тілімді тістеп, таусылып іштей тұрам ба енді!

О тоба, әлдекімдердің әдетін қаңсығы кеткен,

Сендей сормаңдайлардың таңсығы еткен,

Көшеңде де төбеңде ойраңдатқан

Зұлымдардың ұлтыма жасаған қастығы ма екен?!.

Жармасқанша жат елдің жыртығына,

Ата-мекен жеттің бе тылсымына,

Дәстүрі мен тарихы жырымдалған

Кімдерден үміт күтер жұртың мына!

Әкемнің тақиясы

Көк тақия – көмескілеу, кестелі

Әкемнен қалған елеусіз ғана естелік

Тіршілік күйлеп дүние кезген ұлыңның

Жүгімен жүрсің жаманаттардан ескеріп

Көк тақия – көзіндей дана қартымның

Ғұмыр көшіне өсиеттеріңмен артындым

Түйсініп бірде, ұға алмай, бәлкім, қалдық-ау

Сөзіңде тұрған жалғанның мына бар шынын!

Көк тақия – соңғы кез киген әкемнің

Есімде жоқ – кімдер қайдан әкелді

Белгілісі – марқұм шебер шешемнің

Үлгісіне ұқсамайды, әттең-ді...

Көк тақия – белгісіндей жалғыздық

Ұмытып, кейде жуылмай да қалғыздық

Кемпірің болса, жарқыратып қояр-ау

Қауымда жүрген шырайын имам шалының

Көк тақия – ізіндейсің өткеннің

Бейдауа күндер иеңмен бірге өткердің

Өзегі болып таусылмас өмір-өзеннің

Ұрпақтарға аманат – жоғалмай сенің жеткенің!

Ташкент қ., 2011 жыл, шілде.

АЛТЫН БЕСІК

Алтайым, асқар тауым – алтын бесік

Толқымай тұралмаспын атыңды естіп.

Шыңдарың қиялыма қанат байлап,

Ұшырған мен перзентің самғай есіп.

Ақ бұлттар пәк төсіңді аймалаған,

Тәкаппар саф тыныштық айналада.

Ақиық қырандарға мекен болған

Өзіңдей алтын ұя қайда маған!

Қарағай, шыршаларың қалың орман,

Жұртыма нәубеттерден қорған болған

Асқар тау – алынбайтын алып қамал,

Батырлық, ерлік, өрлік сенен қалған.

Алтай-Саурық самалы ескен елім,

Айнакөл суларыңды кешкен елім.

Елбасы келешекке көшің бастап,

Азат, еркін – мерейің өскен елім!

Еңбекпен құрыш, темір құйған елім,

Төрт түлік, дән-дақылын жиған елім.

Ата жұртта көп ұлттың басын қосып,

Береке ынтымаққа сиған елім.

Талдырмай кең даламның құт өзегін,

Ертіс, Үлбі – ерке аққан қос өзенім.

Шырайлы Шығысымның сом жүрегі,

Жайнай бер, жастық қалам - Өскеменім!

Ташкент, 2010 ж.

АРАЛҒА ОРАЛУ

Түлеп ұштық қасиетті Аралдан,

Алдымызда ақ тілек пен мол арман,

Біреу самғап алыстарға қол созды,

Біреу қимай, топырағын жаралған.

Перзенті едік біздер асау теңіздің,

Ақ көбікті толқыныңнан еміздің.

Қайтқан теңіз тастап кеткен сияқты-ау,

Түкпірінде жатқан мұңды көңілдің.

Енді міне, сарғайтып санамызды,

Отыз белес бөліпті арамызды.

Сағынышты сан жылғы бір басуға,

Құстай ұшып ауылға барамыз біз.

Біздер кетіп ауылда қарттар қалған,

Сол даналар ұрпаққа үміт артқан.

Аға буын атандық өзіміз де,

Қара нардай қазақтың жүгін тартқан.

Гүлдегі тамшылар

Гүл бетінде көз жасындай тамшылар,

Сенде талай жасырын сыр бар шығар

Жел тербеген жапырақта дірілдеп,

Жауап іздеп тұрғандайсың күлімдеп

Мөлдірейді тамшылар гүл бетінде

Ұқсағандай қарындас келбетіне

Мұңға батып, алаулаған жүзінде

Мен іздеген сырдың бар-ау ізі де

Гүл бетінде тамшылар мөлдіреген

Көрген сәтте көңілім елжіреген,

Дауыл соқса әкетер сені жұлып

Жаралы жүрегімді тағы тіліп!

Ташкент, 2012 жыл мамыр

Ертістің аруы

Арайлы, шапақ атқан таңым ба едің,

Таба алмай іздеп жүрген әнім бе едің.

Аяулым – айдынымда аққу құсым,

Ғұмырдың енді қалған мәні ме едің.

Сен ақ марал - Алтайдың аясында.

Жолықтың асау Ертіс жағасында.

Қас-қағым, қимас сәтті бастан кешіп,

Дариға-ай, арманым боп қаласың ба?!

Жауқазын гүліндейсің көктемдегі,

Мен болсам, “түсіп келем көктөбеден.

Араны алыстатар белестер көп,

Алдамшы сәттеріме өкпелемен.

Бола алсаң, жан дүнием - жұбанышы,

Жабыққан күз- көңілдің қуанышы.

Садаға - сенің назды қылығыңа,

Жалғанның көз арбайтын алданышы.

ЖЕБЕ

(Жапонияның волейболдан әйелдер

командасының капитаны Курихараға арналады)

Шаршы алаң, керілген тор, доп-домалақ

Жанкүйер тағат таппас бұған қарап

Жаныңды баурап алар хас сұлулық

Спортшы қыздар шықса сылаң қағып

Волейбол - Осакада басталды ойын

Спорттың кім ұнатпас мұндай тойын

Әлемнің үздіктері бақ сынасса

Алапат сезім билер адам бойын

Әлсіздік, осалдықты ескермейтін

Қарсылас оңайлықпен дес бермейтін

Ширыққан шын тартыстың азабы көп

Алаңнан сырттағы жан көп сезбейтін

Сұңғақ бой – тартылған сым, шымыр дене

Тұйғындай серпіледі сәтте, лезде

Садақтан самурайдың қолындағы

Жебедей атылады допты көрсе

Мен көрдім жапон қызын жанары – шоқ

Жасындай жарқылдайды - атылған оқ

Жарысқа командасын бастап шығып

Қарсылас келгендерден қаймыққан жоқ

Бұл ойын бірде-олай, бірде бұлай

Спорттың һәм өмірдің заңы солай

Жеңістер мен жеңіліс алма кезек

Жым-жылас бола бермес, бәрі оңай

Тілегім бір болсам да - тегім басқа

Еліңнен менің елім тым жырақта

Сонда да мен өзіңді жақын тарттым

Жапон қызы - ұқсайтын қарындасқа

Ұтылсаң да қаймықпа, жарайды енді

Артыңда таң шапақты – арайлы елің

Жүзіңнен бір жақындық көрген сайын

Жапон қызы, мен саған қарай бердім, қарай бердім.

Жұлдызды Алматы

(немесе Түнгі элегия)

Жұлдыздар шамдармен тілдесіп,

Алматы әлеммен үндесіп,

Биіктен қарасып біз тұрдық,

Айнала, тым-тырыс үнсіздік.

Төменде қаланың оттары,

Сезімді күйдірген – шоқтары,

Алыстан, жақыннан жымдасып

Шақырып тұрғандай ымдасып.

Алдыдан бір елес тосқандай,

Тілекке үмітті қосқандай.

Жалғанды бір сәтке ұмытып,

Біз кеттік тұманға жұтылып.

Жастықтың базары тарқамай,

Жалының күйдірген қалқам-ай.

Өзіңе сырымды ашармын,

Алқынған көңілді басармын.

Өмір

Өмір деген – көкжиектен атқан таң

Төңіректі боз мұнарға бөлейтін

Өмір деген – жусан исі аңқыған

Көкіректі кермек дәмі кернейтін

Өмір деген – анаң берген қоңыр шай

Таңдайыңнан тәтті дәмі кетпейтін

Өмір деген – қорадағы қоңыр тай

Әкең келіп өз қолымен ерттейтін

Өмір деген – қазағымның даласы

Қиырына қиял көзің жетпейтін

Өмір деген – ағайын өкпе-наласы

Алыста жүріп, жанынан сені іздейтін

Өмір деген – үзіліп түскен жапырақ

Көктемде туып, күзде қурап солатын

Өмір деген – бір-ақ уыс топырақ

Туған жерден бұйырғаны болатын

Ташкент 2012 жыл, желтоқсан

Соңғы самурай

немесе соғыстан кейін отыз жыл шайқасқан

жапон солдаты туралы баллада

Отыз жыл қырғын соғыс біткеніне,

Адамзат бейбіт күндер кешкеніне,

Соғысып жүре берді жалғыз солдат,

Майданның тоқтағанын білмеді де

Онода – оның аты, жапон ұлы,

Филиппин ну орманы - жүрген жері

«Қасық қаның қалғанша шайқасасың»,-

Командир қаталдықпен деп бұйырды

Майор кетті хабарсыз, бұйрық қалды,

Барар жер басар тауы тұйықталды.

Күресін жалғастырды сонда дағы,

Қас жауынгер тәртіпті бұза алмады

Төсек қылып орманның топырағын,

Жастанып, жамылғы етіп жапырағын.

Онода – соңғы сарбаз, антқа берік,

Баптайды күндіз-түні оқ жарағын

Басқыншылық соғыстың ақыры аян,

Күш-жігер, арпалысың бәрі зая.

Жапония майданда тізе бүкті,

Атомнан миллиондары көзін жұмған

Өрлік, намыс, қайсарлық жетелеген,

Қаймықпай мақсатыма жетем деген,

Онода, Бақтығұлдың сыңары ма ең,

Қараштың құз-шыңдарын мекендеген

Отыз жыл содан бері жылжып өткен,

Майор да табылыпты сонау кеткен

«Онода, біз жеңілдік, таста қару»,-

Деп сарбазға соңғы рет бұйрық еткен

«Қалайша», - деп жауынгер еңіреді,

Жеңіске жетеріне сенімді еді.

Үміті алдамапты қарт сарбазды

Әлемге аты мәлім елін көрді

Ей, Онода – інісі Бақтығұлдың,

Қайраған рухымды – қос тұғырым,

Бабалар мұратынан айнымаған,

Ақ жолын менің де Елім тапты бүгін!

Ташкент, 30.09.2013 ж.

ТАС ЕДЕН

Ауылдан қалаға бағын сынауға келген

қазақ жастарына арналады

Ей ағайын, ақырындап аяқ бас

Тас еденді тазалап жүр қарындас.

Тастай суға ақ саусақтар малынып,

Суық желмен тербеледі қолаң шаш.

Жел тарқатып, ұзын қара бұрымды

Қозғап өтті қай-қайдағы мұңымды.

Қара суық қалтыратқан қарындас,

Кешіргейсің менің осалдығымды.

Қолаң шаштар қасиеті қазақтың -

Отынан да алып шықтың тозақтың.

Желтоқсанның ызғарында желбіреп,

Ілігіп ең қарымына солдаттың.

Тас еденді жуа берме қарындас,

Көтер басты, еңсені ұста, көзіңді аш.

Қара орманы өздерің ғой, қазақтың

Сенің жолың - Алаш жолы тағдырлас.

Тастай суық өтіп еттен, сүйектен

Жеткізбесін сырқат халге күйреткен.

Жас қарындас - ертең ұрпақ анасы,

Шаршап қалма беймаза бұл күй-кептен.

Уа ағайын, абайлап бас аяқты

Тас еден де тазаруға таяпты.

Жас саусақтар діріл қағып суықтан

Аңғал көздер үмітпенен қарап тұр.

ТАСҚЫН БАУЫРЫМА

Дүние, тіршіліктің қалып бәрі,

Асқақ үн, азат әуен қалықтады

Аспан асты елінің қақ төрінде

Осылай қазақ әні шарықтады.

Таңғы шықтай даусыңнан құлақ тұнды,

Кеудеде сан-салалы сұрақ тұрды.

Тілімді білмегенмен, әуезді ұққан

Қытай қызы толықсып жылап тұрды

Еркіңнен тыс жанарың мөлт етті де,

Пернесі сезіміңнің селт етті ме,

Сенің де кеудеңдегі сағынышты

«Дудар-ай» мен сияқты тербетті ме?!

Өнердің құдыретін шын ұқтырды,

Шаттықтан өне бойым тұнып тұрды.

Мың тілде сөйлейтұғын адамзатты

Бір-ақ ән, бір-ақ сәтте біріктірді!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар