Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асылы Осман: «Қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!»

13.08.2015 307

Асылы Осман: «Қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!»



asyly_osman.jpg



Рухы мықты елдің болашағы зор. Рух бойға тіл арқылы дариды. Әрбір ұлттың құндылығы мен ерекшелігі – тілінде. Ұлтқа қызмет істеудің бүгінгі үлгісі – қазақтың тіліне қызмет жасау болып табылады. Бұл Қазақстанның  топырағын басып, суын ішіп отырған әрбір адамның міндеті.


Отаншылдық адамға кішкентай кезінен сіңеді. Ол жүре келе кемелденіп, қалыптасады. Сосын барып қоғамдағы қызметінен көрініс табады. Сондықтан қазақ «тәрбие басы – тал бесік» дейді. Бұл – заңдылық.


Тәуелсіздікке жиырма жыл толды. Жиырма жасқа келген қазақ баласының барлығы ана тілін білуі керек еді. Өкінішке қарай олай емес. Көбі орысша сайраған қалпы балабақшадан мектепке, мектептен университетке жетті.


Тәуелсіздігі бола тұра өз тілін білмейтін балалардың бойына отаншылдық ұғымы не арқылы сіңіп жатқанын мен білмеймін… Менің білетінім – қазақ тілін білуді міндеттеген нақты талап жоқ. Талап жоқ жерде, қажеттілік те болмайды. Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам, тілін де үйренсін!


Қазақстанда орыс тілін сыйламайтын, құрметтемейтін адам сирек. Қай кеңсеге кірсең де орыс тілінің әуезі айқын сезіліп тұрады. Орыс тілі тұғырынан әлі түскен жоқ. Тіпті түсетін де түрі байқалмайды.


Соның өзінде кері тартпа орыс ұйымдары  «орыс тілі құрып барады» деп неше түрлі жасырын, жымысқы әрекеттер жасауда. Оларға тілімен бірге санасы орыстанып кеткен орыс тілді қазақтар қосылды. Сөйтіп, барлығы бірігіп алып  жалғыз қазақ тілін бұрышқа тығып мүйіздеп жатыр. Бұларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ».


Өткен жиырма жылымыз негіздеп айтқанда, осы ауқымнан асып кетпеді. Іс жоқ, құр сөз. Жалған сөзге шенеуніктердің еті үйренгені соншалық, беті бүлк етпей «қазақ тілі даму үстінде» деп өтірік айтады.


Қазақстанның ертеңі – мемлекет құраушы қазақ ұлтының ертеңі. Ендеше, қазақ тілінің қазақ жерінде қажеттілігін арттыру мәселесін неге осынша соза береміз?


Қазақстанды Отаным деп білетін басқа ұлт өкілдері өздеріне қазақ халқының қиын күндерде көрсеткен көмегін, мейірім-қайырымын қайтарғысы келсе қазақтың тілін үйренсін!


Тіл-тіл деп, өндіршегі үзіліп жүрген  кейбір ұлты қазақ зиялылардың балалары мен немерелері орыс тілді мектептерде оқиды. Бұл не сонда?! Қаттырақ айтқанда, екіжүзділік. Мұндай пиғылдағы адамдар тұрғанда қазақ ұлтының көсегесі көгермейді.


Қазақтың тіліне құрмет – туған еліне, оның негізін құрайтын халыққа құрмет. Қадым замандардан бері жан баласын жатсынбайтын қасиетімен дараланған ел иесі қазақ, қандай құрметке де лайық. Өкінішке қарай сол қазақтың тілі әлі күнге қолдауға зәру.


Билік қай тілді қолданса, сол тілдің басымдылығы артып, ықпалды бола түсетіні анық. Қай тілде сөйлеп, қай тілді қолдансаң, сол тілге қызмет етесің. Қазақ тілі саясатына деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек.


Өзін-өзі сыйлайтын әрбір мемлекет өзінің мемлекеттік тіліне айрықша мән беріп, ерекше көңіл бөледі. Тіл білуді халқынан талап етеді. Оны білуге міндеттейді. Қазақ тілі – қазақ ұлтының ғана тілі деген пікірден арылуымыз керек. Қазақстан халқының тілі деген дұрыс. Сонда ғана Қазақстанда «қазақ тілі» деген ортақ бір мемлекеттік тіл болады.


Басқалар осы тіл арқылы қазақ халқының болмысын ұғып, онымен жақындаса түседі. Бұл мемлекеттің бірлігін кемелдендіре түспесе, кері кетірмейді. Өйткені, тіл адамдардың аражігін ажыратуға емес, олардың өзара түсіністігін арттырып, достығын нығайтып, біріге түсуіне қызмет етеді. Халықтың көңілдегі мұңын, көкейіндегі арманын сезіп, болмысын ұғады. Мен үшін бұл дүниедегі ең зор майдан қазақ тілі үшін күрес! Бұдан тіріде тайынбақ емеспін! 


adebiportal.kz



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар