Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асқар АЛТАЙ: «Сираттың» жазылу тарихы

12.02.2018 2607

Асқар АЛТАЙ: «Сираттың» жазылу тарихы

Бір қарағанда, «Сират» (Алтай сагасы) романын жазуға ұзақ уақыт кеткендей көрінетіні рас. Табандатқан 24 жыл. Ал ақиқатында бұл шығарма менің бала күннен құлағыма сіңісті аңызға бергісіз ақиқат әңгімелердің сұлбасымен тірілген, ой-санамда орнығып қалған оқиғалы образдар әлемі еді. Содан да болар, төрт-бес рет отырғанда жазылғаны. Ал материалдарды жинау мен сараптау, оларды КГБ архивтері сияқты жерлерден сол мекемеде істеген экс-лауазымды адамдар арқылы «қолға түсіру» секілді шетін жайларға, кейбір деректерді шетелдік дереккөздер мен өмірде бастан кешкен адамдармен әңгімелесу арқылы тірнектеп теріп алуға ұзақ жылдар жегілді... Темірдей төзім мен қуатты қажыр кетті.

Әкем Құмар Алпысбайұлының маған бейтаныс әлдебір әскери, кейде пікірлес адамдармен кездескенде айтатын алғаусыз әңгімелері мен қасынан қалмауға тырысатын маған «ести жүрсін» дейтін игі ықпалынан санамда мәңгіге сыналанып қалған ақиқат сөз сонары негізінде туды. Сондықтан «О, қара жер – Жер-Ана, Бойымды сен жабарсың. О, қара сөз – Сөз-Ана, Ойымды сен жазарсың» деген әке тәмсілін шығармаға эпиграф етіп алдым.

Ал, әкемнің өзі – Совет Одағы 1936-1942 жылдары Москва маңындағы Диверсиялық Барлау мектебінің Шығыс тарап бойынша соғысқа дайындаған кәнігі барлаушысы (Әйгілі Қасым Қайсеновті Батыс тарап бойынша дайындаған) еді; тибеттіктер мен монғол, қытай мен ұйғыр, орыс пен торғауыт-қалмақ тілдерін еркін меңгерген, жоғары білім алған кәсіби юрист болатын. Ол Шығыс Түркістанды ақ қытайдан (гоминдан) азат етуге генерал майор Дәлелқан Сүгірбаевпен 1942 жылы Зайсандағы Майқапшағай шекара бекеті арқылы бірге енгізіледі. Азаттық майданына Алтай қаласында астыртын жұмыс жасау арқылы араласып, Оспан батыр жасақтарымен ат салысып, тұңғыш рет қазаққа да тиесілі тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасын құрысады.

Ол Алтай аймағының Сақшы бастығы қызметіне дейін көтеріліп, алмағайып кезеңде аянбай еңбек етеді. Бірақ Сталин басқарған Совет өкіметі ШТР басшыларын самолет апатынан Байкал бойындағы Саян таулары үстінде «қолдан» опат қылып (Олардың солай өлгеніне күмән көп), республика тәуелсіздігін Маолық коммунист қытайға 1948 жылы сатып жібереді. Советтен барған қазақ барлаушы азаматтарын да Қытай өкіметіне «азатшыл рухты, сенімсіз адамдар» етіп көрсетіп, қоса сатып кетеді... Бұл коммунистердің өз мүддесі үшін аз ұлттар мен ұлтшыл азаматтарын «құрбандыққа шала салу» басты қағидаларының бірі екеніне тағы бір дәлел.

Міне, осындай талмауытты кезде тұманды тағдыр кешіп, қытай мен советке де «жау» болып шыға келген азатшыл рухты барлаушы, азаттық үшін басын ажалға өкінішсіз тіккен әкем Құмар Алпысбайұлы өмірінің өзі бір романға жүк боларлық болатын. Ал мені жазушы ретінде оның жеке тағдыры қатты қызықтырғанымен, ел ауған халық пен қиямет кешкен ер-азамат тағдырын танытуға бір тұлға талайы толық қамти алмайтынын түсіндім. Сондықтан мұндай жеңіл және өзін ақтамайтын көркем фабуладан бас тарттым!..

Шығыс Түркістанның аласапыран оқиғаларын бірер ғана Бас кейіпкер тағдыр-талайы төңірегіне құрып өрбіткенмен, бір-бірін біле бермейтін адамдар мен әр жерде азаттық үшін арпалысқан оқиғаларды жазушылық қиялмен қолдан «иіп» қосып, қиянат жасауға арым жібермейтінін де толық түсіндім. Алладан да, шейіт кеткен аруақтар мен жалпы жаны жапа шеккен халық рухынан да қорықтым. Ал азаттық майданы алаңында әрқайсысы аяқ астынан туындаған оқыс оқиғаларға қарай қолма-қол Басты тұлғаға айналған арыстандай азаматтар баршылық еді... Оларды елеусіз қалдыру – азаматтық арыма сын... Ауыр да болса, азапты жолды таңдауға тап болдым.

Халықтың қылкөпірден өткен өмірін ер-азамат пен әйел-ана тағдырлары арқылы тұтастыра, эпикалық қамтуды ойладым. Сол жолға белді байлаған соң, композиция да оп-оңай шешілгендей болды. Эпикалық ауқымды сақтай алатыныма да нық сенімді болдым, алғаусыз жазу мен алаңсыз самғауға жол ашылғандай күйге ендім... Жазушы үшін осындай бір күшті сезім пайда болмай, ойдағы дүниең – асыл арманың жүзеге аса алмасы ақиқат дер едім.

Романда «Омар Алпысханұлы» деген атпен алынған кейіпкер тағдыр-талайы – әкемнің өз басынан өткен ақиқат өмірі мен айнымас прототипі. Сол 9-сыныпта оқып жүргенде-ақ «түбі мен бұл жайларды жазамын» деп балалық арманмен қиялдап қоятынмын, бірақ ол туралы ешкімге тіс жарып айта алмайтынмын. Жазушы бола алам ба, болсам – ойдағыдай жаза алам ба деп жүрексінетінмін. Көңілде көп күдік, жүректе жылт етпе үміт оты бар еді бірақ... Осы бір сағымдай сәулелі арман қолыма қалам алған күннен арбап алғаны ақиқат.

Студент кезімде әдеби білімнің нәрін тереңдеп алу үшін өз бетіммен кітапханаларда айлап отырған кезде бұл тақырыпқа ат үсті бара алмайтыныма көзім жете түсті. Кемінде үш кітап, болмаса төрт кітаптық роман-эпопея болар деген балалық ойдан біртіндеп арыла бастадым. Жастық албырт көңіл асау арғымақтай бастыға келе оқиға желілерін жинақтап беру керек деген ой билеп алғаны анық.

Романның фабуласын 90-жылдары тапқаннан кейін бір отырғанда бірден төрт тарауы жазылды. «Жұлдыз» журналында «Қайың сауған, ел ауған» деп жариялана сала, Хамит Ерғалиевтай айпара ақын алдымен мен туралы Бас редакторымыз Мұхтар Мағауиннен сұрап, ізінше маған телефон шалып танысқаны бар.

Ол кісі мені өзі сияқты қарт адам деп ойлап қалыпты... Редакцияда қатар отыратын ақын Рафаэль Ниязбеков «Ассалаумалейкүм!.. Хамаң, Хамаң, сөйлесем дейді» деп, телефон құлағын қалбалақтап ұсына бергені есімнен шықпайды. Отызға да толмағанымды естігенде таң қалып, «Қарағым, сен маған жолығып кет! Мен анау Әбіш бастаған батыстың жігіттеріне айтып едім, тура осындай жағдай біздің адайларда да болған, бірақ олар арғы тарихты қаузап кетті... Бергі жаққа ат ізін салмай қойды» деп, ақындық эмоциямен аңқылдай әңгіме ұшын ұштағаны әлі ойымнан кетпейді. Бірақ максимализмі мол жастық па, әлде айдынды ақыннан имену ме, білмеймін, Хамаңа мен де ат ізін салмай кеттім... Хамаңмен әңгіме аяқсыз қалды. Әлбетте, өкінішті! Ондай күндей күркіреген қазақ ақындары арамыздан көшпестей жүре беріппіз ғой.

Сондай қазаққа белгілі тұлғаның бірі Хасен Оралтай Алматыға сол 1993 жылы жазда бір келгенінде Бас редактор Мұхтар ағамызға хабарласып, мені іздегені әлі есімде. Ол кісі романдағы әкесі Қалибек әкім туралы оқиғаларды оқыпты. Маған бірігіп шығарма жазайық, «Мен сені Мюнхенге шақырам, сенің құпия материалдарың бар екен» деп қолқа да салды. Тіпті, қомақты айлық төлеп тұрайын деп те айтты. Мен сыпайы ғана «отказ» беріп, бұл шығармалар жайындағы жинап жүрген материалдарым жетіспейтінін, КГБ секілді мекемелерден, Москвадан алдыруға адам салып жүргенімді айтып, романды көркем етіп жазбақшы екенімді және оны ешкімге де қия алмайтынымды білдірдім. Ол ағамыз кәдімгідей ренжіп қалған соң, бұл маған әкем көзі тірісінде жиі айтқан Шығыс Түркістан Республикасы үшін қан қасап болған халық «аманаты» секілді дүние екенін ашық жеткіздім... Хасен аға ойланып, жауапсыз қалды. Мен де қоштасып шығып кеттім.

Бұл жайларды неге тілге тиек етіп отырмын?

Өйткені көптеген адамдар осы күнге дейін ел ауып, жат жер құшқан жандар шекара бойындағы қазақтарға ғана тиесілі оқиға деп ойлайды. Шындығында, қазақ халқы сонау 1916 жылдардан бастап күллі қазақ жерінен үдере ауғаны ақиқат. Олардың арасында барлық рулар болғаны да белгілі. Сондай-ақ, Алтайдан басталған Шығыс Түркістандағы Азаттық күресіне абақ-керей мен найман ғана емес, албан-суан мен қаңлы, арғын мен байұлы азаматтары да қатысқан еді. Жайық бойындағы Оралдан Алтайға жасырын жеткен КГБ агенті Ғали Естаев туралы материалдар немесе АҚШ-тың Бас консулы Дуглас Маккернан туралы құжаттар құпия орындарда істейтін сол кездегі жанашыр азаматтар арқылы шым-шымдап қана қолға түскен-ді... Ал мұндай беймәлім деректер романда баршылық. Романда мен оларды да барынша көрсетуге тырыстым.

Кешегі патша өкіметі мен Совет Одағы басқарған бұғалықты заманда қай жерде қазақ көтерілісі болса да, қазақ руларының бірлесе қан төккені айдай ақиқат. Бұған тарихи деректер куә және оны бөле-жара қарау мүмкін емес, жұмыртқадай тұтас қанды қазақ тарихы екені көзге ұрып тұрады. Осы тұрғыдан романда үш жүздің де адамдары, жер релефінен батыстағы Маңғыстау Үстірті мен түстіктегі Ерен Қабырғаға шейін, қиыр шет Тибет пен Бомбейден (Мұмбай) Алтай-Тарбағатайға дейін бірлікте алынып суреттеледі. Мұндай ұлан ғайыр жер алабы мен шығандап жатқан елдің ер-азаматтарын «көркем кеңістік» қана жақындастырып, оқиға желісін тұтастыра алатынын түсіндім... Өйткені шекара бойлай отырған қазақ елінің барлық рулары да «ел ауу» атты аса ауыр, қасіретті тағдырды бастан кешкені ақиқат жай.

Біле білгенге еңсеріле ел ауған, жансауғада жат жер құшқан қазақтың қасіретті тарихына әлі күнге шынайы баға билік тарапынан да, тарихшылар тарапынан да толық беріле қойған жоқ. Оған тіпті тәуелсіздік заман туса да, әлі күнге шейін құлық жоқ сияқты болып көрінеді. Ресейге, Шығыс Түркістанға, Иран мен Ауғанға, қиыр шет елге шығандап кеткен жұрттың тағдыр-талайы туралы терең зерттеулер жоқтың қасы. Тіпті, қасақана қолдан қойылған кедергілер бар сияқты көрінеді.

Міне, автор сонау 80-жылдардан бері ұзақ толғатып, жазылу формасын ойластырып жүргенде, шешілмеген түйінді орасан мол оқиғалар желісінің «көркемдік кеңістік» көкжиегі 90-жылдары өз-өзінен жүйелеп, санамда жаңаша жаңғырып шыға келгені өзімді де әлі күнге таң қалдырады!

Менімше, кез келген тегеуірінді туындының композициясын автор емес, сол кесек шығарманың мазмұны өзі-ақ жүлгелеп шығарады. Тек оған уақыт атты падишах пен тағдыр атты әлеуетті ғұмыр керек. Әйтеуір, менің шығармаларым форманы өзі қалап алатыны, тіпті кей тұста маған бой бермей бой түзейтіні рас. «Алтай балладасы» (Алтайдың алқызыл модағайы) мен «Туажат (Тамұққа түскен сәуле)» романдары да солай туындап еді.

Студент кезімде бірнеше кітап болады деп сана сүзгісінен өткізіп жүрген соқталы дүниені уақыт өте келе бір-ақ кітапқа сыйдырып жіберу керек деген ой роман композициясын өз-өзінен шешіп шыға келгені шындық. Сондықтан классикалық жазу формасынан саналы түрде бас тарттым. Көркем уақыт пен көркем кеңістік аясында орасан оқиғалар желісі жеке-дара жұп құрап, жалпы мазмұн аясында бірін-бірі толықтырып, біріне-бірі кірігіп отыратын ел-жұрттық сипат ой-санамда толғатып, кесек-кесек тұлғалы кейіпкерлер арқауы суыртпақтала танылды.

Әр кейіпкерді бала кезінен саралап, классикалық тұрғыдан өсіріп, өмір жолын тәптіштеп, «езіп» отырудың бұл шығармаға түкке де қажеті жоқ екеніне көзім жетті. «Тың соқпақ іздеп, соны сорап салу керек» деген ой болғанын несін жасырайын. Мәселен, бір « арқауда» аты ғана аталып жүрген немесе қосалқы ғана кейіпкер басқа арқауда Бас кейіпкерге айналып кететіні... Жалпы, өмір шындығы солай ғой, адам – Тұлға, демек өз тағдыр-талайында ол – Бас кейіпкер. Романдағы әрбір арқауда жеке тұлға-кейіпкер дара тағдыр кешеді, ешкімге тәуелсіз индивидтік өмір сүреді немесе қаза табады. Шығармаға терең үңілген жанға осындай авторлық астарлар айқын ашылады... Танымдық сырлар танылады. Бұл тәсіл оқырманға өз бетінше ой түйіп, шығарма табиғатына ізденіспен қызыға оқуға, еркін пайым жасауына да мүмкіншілік береді. Бұл өзі қазіргі әлемдік әдебиетте бар, тыңнан серпін алған тәсіл, тіпті оқырман танымына еркіндік дәнін құйған бостан сана ағымы десек қателесе қоймаспыз.

Романда кейіпкерлер болмысы жалқы күйде дараланады. Оқиғалар ақиқаты да сақталады. Қолдан доғаша иіп, бір-екі ғана кейіпкерді Бас персанаж етіп, жалған реализм арқылы жұп-жұмыр жонылған жалған қаһарман жасау маған жат, ал оқырман танымына обал болар еді. Бұған шығармадағы кейіпкерлер тағдыры да, оқиғалар өрімі де көнбейтін. Шығармада нақты адамдардың тағдыр тауқыметі мен уақыт, қоғам шындығы қамтылғандықтан ақиқаттан айнымай, бұрмалаусыз бейнелеуге ұмтылдым. Аса қатал өмір шындығын сақтай отырып, көркемдік қуатпен қатал реализм аясында суреттеуге тырыстым. Тарихи ақиқат қанша ащы болса да, бұра тартуға хақым болған жоқ. Мәселен, құмылдық Жолбарыс секілділер сатқындығын да қанын сорғалата айтуға тура келді.

Жалпы, көлемді шығарманы жазар алдындағы жазушылық интуициямен сезіну барысында іштей бір сенім мен ұшқыр ой билеп, жүрексіну сезімінен арыласың. Индивид кейіпкер болмысы өз ырқына алады да, еркіңді билеп кетеді және оған еріксіз көнгеніңді өзің де аңғармай қаласың. Сондықтан да роман өзгеше форманы қалайды. Мені сөзсіз классикалық сюжет ауқымынан шығарып, дараланған тағдырлы «желілер мен арқаулар» әлде қайда толқынды иірімге тартып әкетті... Алғашқыда жатсынсам да, басты арқаулардың туысымен шығармашылық сенім мен кәсіби машығым жететініне көзім анық жетті.

Осындай стильді таңдағандықтан да роман басындағы Шөмшекбай, Сіләм балуан сияқты кейбір дара кейіпкерлер тағдырының қалай аяқталғанына тоқталып жатудың артық екені айтпаса да түсінікті. Олардың тағдыры азаттық жолында арпалысқан мыңдаған жандардың ғұмырымен ұқсас еді... Ал маған сан соқтырмас ең соқталы оқиғалар мен кейіпкер тағдырының талмауытты тұстарын ғана іріктеп, ішкі психологиялық ауанда ашып, жан-жақты көркем суреттеп шығу мәселесі кесе көлденеңдеп тұрды. Басы артық сюжеттерді батыстық әдебиет стиліне тән негізбен бездей сылып, жаңқадай жонып тастауға тиіс едім және солай етуге тура келді. Бірақ романға тән эпиктік құлашты сарынды, оқырман санасын жаулап алатын үзілмес азаттық рухты сезімді, шындықпен суғарылған оқиғалар сілемін, образдардың оқшау ой-сезімінің ырғақты дамуын сақтап отырдым деп сенемін.

Сондай-ақ, Қазақстандай ата жұрттан большевизм ылаңымен ауған елдің басым бөлігі Шығыс Түркістанға, Түркіменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстанға, Монғолия, Иран, Ауғанстан мен Пәкістанға, Тибет, Үндістан мен Түркияға ауғаны белгілі. Олардың еркіндік жолында қандай сұмдықты бастан өткеріп, қандай сұрқия саясаттың құрбаны болғанын шынайы бейнелеп беруді шығарма фабуласы автордан еріксіз талап еткенін айтуға тиіспін.

Серіппедей сығымдау тәсілі ғана ұшы-қиыры жоқ оқиғаларды сыйдырып беруге жол ашты. Оқырманның да ойланып, толғанып, саралап оқуына «арқауларды» жеке-жеке түйіндеу арқылы мүмкіншілік қалдырылды. Баяғы бір еті мен сіңіріне дейін салалап, сілікпесін шығарып, оқырманның аузына бәрін жас сәбидей «шайнап» беруден бойымды аулақ салдым... Сондықтан ежігейдей езіп беретін классикалық романың формасын «Сираттан» іздеудің қажеті жоқ. Оны бүгінгі уақыт та көтермейді. Егер ондай көлем қуалайтын мылжалаған, мыжың стильге салсам, шұбалаңқылыққа ұрынып, шаң жұтып, шашылып қалар ем.

Романдағы «желілер» де оқырманға үлкен мағына үстейді. Қазақтың азаттық үшін қашанда ат үстінде өткен, жылқымен бірге кешкен қиямет-қайымға толы тағдыры суреттеліп отырғандықтан да, бие байлағанда шалғынды шаңдақ пен көкмайсалы саздауытқа тартылатын биебаудың немесе желібаудың алты түрлі атауы басты тараулар етіп алынды. Әр желі өзінің астарлы мағынасына қарай ЕЛ өмірін, ЕР тағдырын ашатын мағыналы тақырыптарға жіктелді. Романға лайық тұтастықты да халқымыздың тұрмыс-салтынан туындаған үзілмес Желі мен суырылмас Арқау жымы сақтап тұр. Бұл бір жағынан ұмыт бола бастаған этнографиялық ерекшелігіміз арқылы ұлттық мәні зор, арыдан үзілмей жеткен алаштық Сөз өнерінің де қазақта айрықша екендігін көрсетсем деген игі ниеттен туған еді!.. Бұл білікті оқырманға романның жеке-дара ерекшелігіне де көз жеткізе түседі. Басты екі бөлім – «Арда» (Қайың сауған, Ел ауған) мен «Аза» (Тұман кешкен, Ер көшкен) мағыналары да сондай терең мәнге ие.

Ал романға қойылған атауға келсек, ХХ ғасырдың ортасынан асқанша көшпенді өмірден қол үзбеген қазақ халқы Ілияс Жансүгіров айтқандай, «қайың сауып, ши шайнап» ғұмыр кешті. Мен Ілекеңнің ши шайнағанын алып тастап, өз тарапымнан «ел ауған» деген сыңар тіркес жалғадым. Елі қайың сауып ауған, Ері тұман кешіп шахид кешкен қазақ жұрты тәуелсіздікке дейін не көрмеді? Бүйректей бөлінді, жүректей жарылды... Бостандық деп бұландай бұғауда бұлқынып бақты, азаттық деп қырандай қияда қанат қақты. Бірақ асыл ерлер арманда қаза тапты, айдынды алаш еркіндікке жете алмай құса болды. Ормандай оталды. Арқардай маталды. Тарпаңдай тұсалды.

Ақыры арып-ашып, азып-тозып бұл күнге де жетті... Бір Алланың алқауымен қазақ деген ұлт атауын, ел деген жұрт есімін, мемлекет деген мәртебесін сақтап қалды. Қанкешті қасапханада мелдектеп, Сират көпірден жанын жалдап өтіпті. Күллі қазақ ұлты тәуелсіздікке нар тәуекелмен мол құрбандық шалып жетіпті.

«СИРАТ (Алтай сагасы)» романының тағы бір астары – Ресей мен Қытай империялары арасына тартылған қылкөпір шекараның екі бетінде бөлініп қалған қандастардың ендігі тағдыры қалай-қалай құбылады?! Тағы да көкдолы заман сауырында көкпарда қалып жүрмесін! Шекара-Сират шегендеулі, бірақ қазақ әлі де қарбыздай қаққа бөлінулі деген ақиқат астар қылаң ұратыны, оны оқырман анық аңдайтыны сөзсіз.

Асқақ та ару Алтайдан бас алған азаттық рухы санамда тербеліп, Сага болып жаңғырып, тарихи ақиқат сілемімен сүлеленген Роман осылайша туып еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Асқар, Алтай, Сират, Алтай, сага
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар