Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Пит ХЭМИЛЛ. Сары торғын...

12.02.2018 5752

Пит ХЭМИЛЛ. Сары торғын

Пит ХЭМИЛЛ. Сары торғын - adebiportal.kz

«Сары торғын» – 197O жылдар төңірегіндегі Америка тұрғындарының өмірінідегі шексіз сүйіспеншіліктің символы. Әрі әскерде болғандар мен түрмеде отырғандардың туған ауылына аман-­есен қайтқан әсерлі шақтарының айқын көрінісі іспетті. Түрмеден босап қайтқан жігіттің жары ауыл сыртындағы каучүк ағашына сары торғын байлауы Америкада 1959 жылдардан бұрын ел арасына кең таралған әңгіме. 1971 жылы қазан айында, газет шолушысы Пит Хэмилл Нью-Йорк пошта газетіне осы шағын әңгімесін жариялайды. Ол халық аузында айтылып жүрген әңгімені әсерлі етіп жазып жұртқа ұсынғанын баян етеді. 1972 жылы маусым айында, тура тоғыз айдан соң, «Оқырман» басылымы бұл әңгімені жариялайды. Сол жылғы маусым айында, ABC-TV арнасы ауылына оралған қылмыскердің өмірі туралы театрландырылған фильм нұсқасын эфирге шығарады. Осыдан бір жарым ай өткен соң, Эрвин Левин мен Рассл Браун «Каучук ағашы басындағы сары торғын» атты әнді өмірге әкеледі.

Пит Хэмилл (Pete Hamill. 1935 жылы 24 маусымда туған) Америкалық журналист, романист, эссеист, редактор және ағартушы. Ол ел ішіне кең таралған және кең ауқымды тақырыптарда шолу мақалалар жазған. Ол “Нью-Йорк Почта газеті” мен “The New York Daily News”-тың редакторы қызметін атқарған.

( Әңгіме )

Олар – үш жігіт, үш қыз 34-ші автобусқа керекті ас-ауқатымен қоса арақ және қағаз сөмкелерін салып, Флорида штатының Форт Лаудерлейл қаласына баруға жолға шықты. Барар бағыттары теңіз қайраңы еді. Нью-Йоркте жанға жайлы көктем өтіп, жаз шыға бастаған шақ. Бұлармен бірге шыққан жалғыз жолаушы Винго автобустың алдыңғы жағына отырды. Тездете жүрген автобус ілезде Нью-Жерси қаласын артқа тастап үлгірді. Көңілді жастар үнсіз отырған сапарластары Вингомен әңгімелескісі келгенімен Винго ыңғай білдіре қоймады. Шаң-тозаң басқан бетінен оның жасын анықтау қиын еді, ал үстіне ілген қоңыр шинелі мүлде қонымсыз, арбиған саусақтары темекіден сарғайып кеткен. Ернін жымырған күйі құдды не болып жатқанынан хабарсыз жандай үнсіз, әңкі­тәңкі күйде отыр. Ымырт үйіріле жолаушылар автобусы Хорд Жонсон дәмханасының алдына келіп тоқтады. Вингодан басқа жолаушылар автобустан түсе бастады. Көңілді жастар жол бойы үнсіз отырған сапарластарының жайын білуге асықты. «Бәлкім, ол теңіз капитаны шығар? Мүмкін, әйелінен айырылған жалғыз басты еркек болмасына кім кепіл? Әлде үйіне оралмақ қарт солдат па?» деген алуан түрлі ойлар оларға маза бермеді. Автобусқа қайта отырғанда араларындағы бір жас қыз Вингоның алдындағы орындыққа жайғасып алып сөз бастады:

– Біз Флоридаға бара жатырмыз, сіз де солай барасыз ба ?

– Білмеймін...

– Мен Флоридаға барып көрмеппін, естуімше, ол жақ көркем де келісті жер дейді.

– Солай шығар... – деді Винго бәсең ғана.

– Сіз сонда тұрасыз ба ?

– Иә, мен сол жердегі Жексонил базасында теңіз әскері болғанмын.

– Арақ ішесіз бе? – деді қыз қытқуырлап.

Ол күлімсіреген бейнемен қыз берген арақты қолына алып қауып бір ұрттады да, рахметін айтып үнсіз күйіне қайта ауысты. Қыз орнына қайтқан соң Винго қалғып кетті. Манаурап таң атысымен олар бір-бірін оятып, таңғы ас ішуге қамдана бастады. Бұл сәтте Винго дәмханаға барып алған. Әлгі жас қыз Вингоны бірге отырып таңғы ас ішуге шақырды, бірақ, ол даяшыға бір ыстақан қара кофе бұйыртып, темекі шегіп, өз ойымен өзі әбігер болып отыр. Ал жастар жағы қайраң жағасында көңілді демалған сәттерін әңгіме етісіп жатты. Автобус қозғалғанда әлгі қыз тағы да Вингоның қасына келіп отырды. Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде ауыр күрсінген Винго бастан кешкендерін баяндай бастады. Ең алдымен ол өткен төрт жылда Ныю-Йоркте түрмеде отырып, қазір босап үйіне қайтып келе жатқанын әңгімеледі.

– Үйлендіңіз бе?

– Білмеймін...

– Білмегені несі?

– Түрмеде әйеліме хат жазып, егер менімен жалғасты үй ұстауға шарасыз қалып, басқа біреумен отасу ойы болса, әрі тұрмыстың соққысына шыдай алмаса, балаларымыз әкеміз қайда деп сұрап мазаласа мені ұмытып, қалаған адамымен отбасын құруына қарсы еместігімді, әрі маған бұдан былай хат жазбауын өтіндім. Бірақ, керісінше ол төрт жылдан бері менің келер жолыма қараумен өмір өткізіп келді. Маған хат жазудан ешқашан жалыққан емес.

– Онда сіз бүгін үйіңізге қайтып барады екенсіз ғой? Неге білмеймін дейсіз?

– Иә, – деді ыңғайсызданып. – Өткен аптада түрмеден шығатыным туралы естіген соң, хат жазып, егер ол басқа біреумен отбасын құрған болса оны түсінетіндігімді, керісінше мені әлі де күтіп отырған болса мен көп өтпей үйге қайтатындығымды айттым. Біз бұрын Брансуик ауылында тұрғанбыз, ауылға кіре беріс жерде бір үлкен каучук ағашы бар болатын. Оған мені әлі де күтіп отырса, әлгі каучук ағашының басына сары торғын байлап қоюын, сары торғын көрінсе мен автобустан түсіп үйге қайтатындығымды, егер сары торғын көрінбесе, өз жолыммен жүре беретінімді айтқам.

– Оу! – әсерленгені сонша, қатты айғайлап жіберген қыз әрі қарай Вингоның әңгімесін серіктеріне айтып берді. Қатты толқып кеткен Винго оларға үш баласымен, әйелімен бірге түскен суреттерді көрсетті. Осы сәтте Вингомен бірге қатты толқыған автобустағылардың барлығы Брансуик ауылына тезірек жетуге асыға бастады. Олар қазір Брансуик ауылынан 20 шақырым қашықтықта еді. Тіпті автобустағылардың бірнешеуі оң жақ терезе жаққа жайғасып алып, каучук ағашы қашан көрінер деп тағатсызданып келе жатты. Көңіл күйі астаң-кестең Винго терезе жаққа қарауға батылы бармай, құдды алда кездесетін сәтсіздікке белін бекем буған кісідей жабырқау күйде отыр. Автобус Брансуик ауылына жақындап келеді. Жиырма шақырым... Он шақырым... Бес шақырым... Сәлден соң.... автобустағылар орындарынан атып-атып тұрды да, шыңғырып, айғайлап, тіпті кейбірі жылап та жіберді. Тек жүдеу көңіл Винго ғана үнсіз, кенет ол да каучук ағашына қаз-қатар байланған сансыз сары торғындарды көрді, көрді де өз көзіне өзі сенбей отырып қалды. Жапан далада жалғыз өскен каучук ағашы сары торғынмен көмкеріліп алыпты. Отыз, жоқ елу, бәлкім жүз неше торғын болар... Сары торғынға оранған каучук жапырақтары құдды «Сізді күтіп тұрмыз», деп тұрғандай самал желмен баяу тербеледі. Жүздері бал-бұл жанған жастар әлі де айғайлап келеді. Олар автобустан түсерде Вингоның қолын кезек-кезек қысып жатты.

Ағылшын тілінен аударған

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар