Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин

13.02.2018 2118

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин

Мұхтар Мағауиннің Ілияс Есенберлин туралы көлемді эсссесін жариялаған едік. Бүгін сол эссенің жалғасы беріліп отыр.

2

- Иә, Ілияс, шаруа жайың қалай? Не жұмыспен келдің?

- Мен «Жазушы» баспасына директор болғым келеді...

Димекең рақаттана күліп алыпты. Төтенше өтінішке ғана емес, мәймөңкесіз, тікелей айтқанына.

- Жарар, болсаң бола ғой!

Қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірінің тағдыры шешілді.

Бұрын да қалаған уақытында барып тұрады екен. Көмекшілер жақсы біледі, көп ұзатпай, тіпті, қолма-қол Үлкен кісінің алдына жеткізеді.

- Қандай жайлы жұмыс керек? – деп сұрайды екен құдіретті Қонаев. Бұл тұста Ілекең – «Қазақфильм» киностудиясында әуелде аға редактор, одан соң сценарий коллегиясының мүшесі. Айлық еңбекақысы екі жүз сом болса керек. Ол кезде көп ақша. Бұған қосымша – ұсақ-түйек сценарий, орталық фильмдердің қазақша аудармасы. Тіршілікке жеткілікті. Ең бастысы – әрқилы қолайсыз жағдай, одан соңғы азат өмірдегі еркін сейіл-серуен нәтижесінде көп уақытын оздырып алған. Қырық тоғыз мүшелінде ой түседі. Іште бәрі бұлықсып тұрғандай еді, бей-берекет ұзақ тіршілікте елеулі ештеңе бітірмепті. Елуден ары – алпыс, енді қанша ғұмыр бар. Ілекең бар дүниені ұмытып, тас түйін жазуға отырады. Үйреншікті өлең емес, бұрнада азғана барлау жасап көрген көркем проза. Жарым жылға жеткізбей «Айқас» деген роман жазып бітіреді. Қазірде көп айтылатын «өндіріс тақырыбы». Бірақ бәрі басқаша. Адам тағдыры. Сол адамдардың үлкенді-кішілі мақсат жолындағы қым-қуыт тартысы. Ойдағыдай шыққан сияқты. Бірер жылғы бөгелістен соң жоспарға еніп, сәтімен жарыққа жетті. Қарымы қатты, енді үлкен әдебиетке нық қадам тірегендей. Қайткенде жоғары бағалануға тиіс. Ілекең бөгелместен екінші романға кіріседі. «Қатерлі өткел». Алғашқы қазақ зиялыларының қилы тағдырына арналған. Бұл жолы мезгілдік жоспарға іркілмей өтеді. Міне, баспа редакторының қолынан озып, типографияға тапсырылды. Бұл роман шыққаннан соң Ілияс Есенберлиннің атағы үлкен дабыраға айналмақ. Бәлкім, азды-көпті мін тағылар. Қиғаш, қиын тақырып қой. Әйткенмен, алғашқы романы сияқты, бұл кітабы да оңды бағалануға тиіс.

Міне, осы кезде, 1967 жыл, «Жұлдыз» журналының 2-санында сойқанды мақала басылады. Бұл «Айқас» деген – роман емес, халтура, шимай-шатпақ екен. Автор өндіріс тақырыбын меңгермеген, кен айыру жұмысынан мүлде хабарсыз, түйіндеп келгенде, осындай әлжуаз, түкке тұрмайтын кітап қалай жарыққа шыққан... Есенберлин бұдан бұрын да талай сұмдықты көрген. Бухгалтерия есебінен кеткен, мүлде елеусіз дерлік азғана кінәрат үшін айдауға кесілгені өз алдына, бейбіт замандағы шектеулі бейкүнә шығармаларының өзі жамандаудан көз ашпайды, тіпті, аюдай ақырған идеологиялық хатшы Нұрымбек Жанділдиннің аузына ілініп, ұлтшыл ретінде сөгіс естіп, қаралы тізімге енген. Әйтеуір Сталиннің әшкересінен соңғы, біршама тыныш уақыт, ноқталы басы темір торға байланбайды. Енді осы, әжептәуір кеңшілік кезеңде өзінің өмірлік, сара жолын тапқан сияқты. Жазу... жазу... – басқа мұрат жоқ. Сол жазудың алғашқы, ұтымды нәтижесі көрініс беріп еді. Қабылы – мынау. Ілекең жақсы пайымдап отыр, «Айқас» өзінің мүмкіндігінің шегінде жазылған шығарма. Кейін бұдан асып кетуі неғайбыл. Мейлі, ассын. Бәрібір тек қана күстана-түсінбеушілік қана емес, қисынсыз қысас күтіп тұр екен.

Ілекеңнің өз аузынан естіген әңгімем. «Жағдайың қалай, қандай қолайлы жұмыс керек?» – деп сұрар еді Димекең әрбір жүздескен сайын. Осыдан біраз бұрын Алматының қақ ортасынан кең пәтер алып берген. Енді оңтайлы жұмыс... «Жоқ, керек емес, – дейді Ілекең. – Осы киностудиядан артық қызмет жоқ. Уақыты мол, жазуға мүмкіндігі көп». Сол мүмкіндік нәтижесінде айналасы үш жылда екі роман бітірді. Сөйтсе... бәрі бекер. Қалай, қанша жазсаң да, марапатың не, қатарға қосыла алмайды екенсің. «Айқастың» жалалы, солақай мақаласынан соң Ілекең мүлде түңіліп, қатты ширығады. Араша сұрап «Қазақ әдебиеті», бұрнадан сыйлас Нығмет Ғабдуллинге келуі – осы жолдағы әуелгі серпін ғана екен. Дәл осы кезде, «Жазушы» баспасының, өзін әманда қолдап жүрген саналы директоры Дүйсенбек Еркішев зейнетке кететіні мағлұм болады. Идеологиялық хатшы Саттар Имашев оның орнына өзінің әлдебір жерлесін өткізбек екен. Әне-міне дегенше, ұсынып та қойыпты. Жазушы емес, әдебиетші емес, бірақ тәжірибелі баспагер. Және жершілдігі күшті дейтін. Мынау тіпті қиын жағдай. Енді Есенберлинге келесі кітаптардың жүзін көрудің өзі мұң болмақ.

Сол кезде... Бағзыда Ньютонның басына түскен қызыл алма Ілекеңнің әлде түсінде, әлде өңінде елес берсе керек. «Осы менің өзім неге директор болмаймын?!» Жазудың жолын табар, қалған мәселе артық қиындықсыз шешіліп жатпақ!..

«Мен «Жазушы» баспасына директор болғым келеді...»

Болды.

3

Осы арада кейінгі жұртты сарсаңға салған азғана кілтипан бар. Қонаев қолдапты. Не үшін? Бұл кезде елеулі ақын, жазушылар санатында жоқ, басқадай қайраткерлік қызметімен көрінбеген Есенберлин қалайша аяқ-астынан Үлкен кісіге жаға қалды? Кезінде әрқилы жорамал айтылған. Қазір мүлде күңгірт. Оның есесіне ойдан шығарылған долбар көп. Ең негізгісі – Қонаев Министрлер советі төрағасының орынбасары болған кезде Есенберлин Орталық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарған. Сол кезде танысып, біліссе керек... Тым жұпыны қисын. Димекең үлкен мансапта, Ілекең – қатардағы көптің бірі, оның үстіне, мекемелері екі бөлек. Кейінгі жағдайларға қарағанда, жұмыс бабындағы таныстық, одан соңғы түсініс емес, өзгеше, адами, пенделік жақындық байқалады. Бұл ретте де әрқилы лақап болған. Ілекең Димекеңнің болашақ қосағы Зухра Шәріпқызының әлдебір інісімен бірге оқыпты, мейірбан әпке бауыр тартып, жақсы көреді екен. Жоқ, інісі емес, туған ағасы. Ілияс та аға есепті болған. Болашақ Үлкен кісінің үйлену тойына қатынасыпты, осыдан кейін жаңағы бауырымен бірге жас жұбайлардың үйіне барып тұрады екен, бұл аралас кейін де үзілмепті...

Ендігі бір жорамал бойынша, Ілекеңнің әкесі мен Зухра-ханымның әкесі ескі таныс, аралас, мүдделес кісілер екен, яғни, бұрнадан жалғасқан отбасындық жақындық бар... Мен бұл сөздердің ешқайсын нақты ақиқат ретінде ұсына алмаймын, сонымен қатар, мүлде теріске де шығармас едім. Қайткенмен де, Қонаев пен Есенберлиннің ұзақ жылдарғы түсінісі мен байланысы, Димекеңнің қамқорлығы, Ілекеңнің еркіндігі – жай ғана етене таныстық, ежеттес құрмет шеңберіне сыймайтын, тамырын тереңнен тартқан, өзгеше жағдаят. Бері дегенде Димекеңнің жаңа бастаған жас маман, Ілекеңнің студент (бәлкім, Қонаев қызмет атқарған Балқаш мыс комбинатында тәжірибе жұмыстарына барған) кезінен басталса керек. Яғни, 1937–1939 жылдар. Болашақ Үлкен кісінің болашақ зайыбымен, оның отбасымен таныстық, білістік, бәлкім, бауырлас жақындық одан да арыға кетуі мүмкін. Атап айтайық, бұл да айғақсыз жорамал. Арыдан басталған, түсіністі, ежеттес көңілдің бір дәйегі – соғыстан соңғы кезең, 40–50-жылдар төңірегіндегі ара-қатынас. Отбасындық естеліктер бойынша, Ілекеңнің 1946 жылы туған тұңғыш перзентіне Раушан деп ат қойған Димекең екен. Бұдан соң, Ілияс Есенберлин 1953 жылы айдаудан босап, арып-ашып Алматыға жеткен кезінде көп жәрдем жасапты, партиялық билеттің мәселесін бұл жақ шеше алмайды, Москваға бар деп, қалтасына ақша салып береді. Ілекең ол тарапта біраз жүріп, үлкен босағадан өте алмай, пұшайман жағдайда кері қайтқанын көреміз. Ақыры, партияға мүшелігі мен бұрнағы стажы 1954 жылы, Қазақстан компартиясының Екінші хатшысы Брежневтің арқасында қалпына келген. Ілекеңнің өз аузынан естігенім, Брежнев Есенберлиннің өтініші бойынша, айыптау қағаздарымен танысқан кезде: «Түкке тұрмайтын, осындай кінәрат үшін адам тағдырын соншама ойыншық қылуға бола ма!?..» – деп, бар мәселені қолма-қол шешіп берген екен.

Есенберлин өмірінің алғашқы кезеңі туралы нақты деректер жоқ, азды-көпті дүмбілез мағлұматқа сенім аз. Анығы, әуелгі шынайы куәлік – 1935 жылы Алматыда жаңа ашылған Тау-кен һәм металлургия институтына келіп түсуі. 1940 жылы бітірген. Мұндай таңдама, қиын-күрделі, ең бастысы – барлық дәрісі орыс тілінде жүретін, ол замандағы бірегей оқу орнына түсу үшін, алдынала үлкен дайындық болуға тиіс еді. Яғни, сапалы орта мектеп аттестатына жеткізетін қажетті білім, сол білімді алуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай. Жария мағлұм буалдыр мәліметтерге қарағанда, мұның ешқайсы да болмаған.

Ресми жазбалар дерегінде Ілекең аса кедей отбасынан шыққан. Өзінің авто-өмірбаяны және туған інісі Раунақтың айтуы бойынша. Күмән осы арадан басталады. Ол заманда жер басқан азамат атаулының шыққан тегі – жарлы-жақыбай. Қызмет бабында Орталық Партия Комитетіне тапсырылып отырған ресми ғұмырбаяндарында Ілекең Атбасар қаласында, жұмысшы, жеке тіршілікті ағаш шеберінің отбасында («в семье рабочего-плотника кустаря») тудым деп жазады. Кедей шаруа, немесе жұмысшы – басқаша көрсету мүмкін емес. Ал осы Атбасарда Ілекең туған және бастапқы балалық кезеңін өткізген отбасылық меншікті үй бүгінгі күнге жеткен. Арада жүз жыл өтсе де жақсы сақталыпты. Әлбетте, кейінгі сәнді сарайлармен салыстыруға келмейді, бірақ өз заманы үшін елеулі, еңселі, шағын да болса көрікті там. Қазірде Ілияс Есенберлиннің жергілікті музейі орналасқан. Яғни, болашақ жазушының әкесі тақыр кедей емес, аса ірі бай демейік, әжептәуір дәулетті кісі. Ақмоланың атақты көпесі, Димекеңнің болашақ зайыбының туған әкесі, «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен сөгіп жазған Шәріп Ялымовпен таныс, біліс болса несі бар. Бұл Шәріп Хұсайынұлы Ялымов 1882 жылы Қызылжарда туған жергілікті татар, ал оның қызы Зухраның дүниеге келген жылы – 1918 деп көрсетіледі, яғни, Ілекеңнен үш жас кіші. Ілекең туып-өскен Атбасар – әйгілі Қарқаралы сияқты, ояз орталығы, қала (город) деп танылған, патша заманында Арқадағы Ақмола мен Қызылжарға тетелес, аса маңызды әкімшілік һәм мәдени орталық. Жыл сайын үш мәрте – жазғытұрым, жаз ортасы және күзге қарай Атбасар жәрмеңкесі (Атбасарская ярмарка) аталатын хан базар өткеріледі екен. Осы, бір тарабы – шектес Түстік Ресей, екінші тарабы – Сары-Арқаның жарым жұртын қамтыған, тіпті, Ташкент пен Бұхарадан бай көпестер келетін, ұлан-асыр, үш дүркін жәрмеңкенің жылдық айналымы 1913 жылы 6 миллион рубльге жеткен екен, бұл – Қоянды базарындағы түсімнен екі еседен астам артық. Әлбетте, Атбасардағы саудалы думанға, сөз жоқ, іргедегі Ақмоланың қала басшылығының төрағасы («глава городской управы»), қазақтағы алпауыт байлардың бірі Шәріп Ялымов та, мал-мүлкі, ақша-қаражатымен белсене араласқан, бәлкім, осы, Атбасардың өзінде тұрақты үй-жай, ләпкелері болуға тиіс. Колчактың Сібір билігі заманында қызылдарға қарсы бас көтерген атақты көпес Шәріп Ялымов советтің алғашқы жылдарында азды-көпті қуғынға ұшырағанымен, ақыры өз ажалынан өліп, осы Атбасарда жерленген. Яғни, болашақ жазушының әкесі Бітеубайұлы Есенберлімен таныс, жүздес, қана емес, іліктес, пайдалас жағдайда болуы әбден мүмкін. Ал Ілияс Есенберлин Тау-кен мамандығын игерген кезде Алматыда тұратын Зухра Шәріпқызының туған ағасы Ғариф те осы институтқа қатысты – әлде студент, әлде оқытушы. Дінмұхамед Қонаевтың Балқаштан кетіп, Риддерге бара жатқан жолы, 1939 жылы 18 октябрь күні Алматыдағы үйлену тойында Тау-кен институтының бірнеше оқытушысымен қатар, құрметті қонақ болыпты. Бұл кезде, сөз жоқ, жас инженер Қонаевпен жақсы таныс, соңғы курс студенті, қатарынан озған, институт шегінде танымал Ілияс Есенберлиннің аталмыш тойда болу-болмауы туралы нақты куәлік таппадық. Қайткенде де үлкен ағаның ғұмыр шеруіндегі аса маңызды оқиға кезінде тым құрса көрісіп, жүздесуі қисынсыз емес.

Ілекеңнің туған анасы ертерек өтіп кетіпті. Болашақ жазушының үш-төрт жасында. Рас болар. Ал жеті жасында әкесі де өледі. Яғни, 1922 жыл. Осыдан соң мүлде далада қалғандай екен. Менің күмәнім бар. Өйткені, қаңғып, тентіреп қалды деген бала Ілияс көп ұзамай-ақ Орынборда оқып жүр. Сондағы таңдама қазақ мектебінде. Алаш ардагері, бұл кезде ат үстінен түспеген Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнармен бір класта. Гүлнар Міржақыпқызының естелік кітабында атап айтылған. Мен кезінде Ілекеңнің өз аузынан естіп едім, Міржақып Дулатовтың қызымен бір мектепте оқыдым, ғажайып сұлу болатын, деп еді, әлдеқалай жазғаным бар. Бұл Гүлнар 1915 жылы туған. Яғни, Ілекеңмен түйдей құрдас. Гүлнар Міржақыпқызы аталмыш мектепте сегіз жасы – 1922 жылдың күзінде барады. Ал Ілияс Есенберлин сәл кейінірек, қисыны – 1924 жылдан бастап. Ұлдар мен қыздар аралас оқитын, «Тоғыз жылдық Үлгілі-тәжірибе мектебі» («Опытно-показательная школа девятилетка») ол кездегі Қазақстан астанасы Орынбордағы ең таңдама мектеп екен. Мұғалімдері білімді. Сабақ қазақ тілінде жүреді, сонымен қатар, орыс тіліне де айрықша мән берілген сияқты. Үлгілі мектептің оқушылары да ірікті. Дулатовтар отбасынан Міржақыпқызы Гүлнардан басқа тағы төрт бала бар. Сондай-ақ, мұқым қазақта даңқты Шақшақ Жәнібек батыр тұқымы, оған жалғас Арқадағы алпауыт Шеген әулеті – кешегі Алаш-Орда қайраткері Ахмет Бірімжановтың екі ұлы, баяғы Кенесары ханның атақты Жанайдар батырының ұрпағы... Шыңғыстаудан Ақберді байдың немересі... Басқа балалар да кедей-кепшіктен болмаса керек. Бұл мектеп түлектерінен кейінде республикаға белгілі қаншама оқымысты, мәдени, саяси қайраткерлер шыққан екен. Кейбірін санамаласақ – химик, ғылым докторы, академик Батырбек Бірімжанов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Хадиша Мырзалиева, гидрогеолог, доктор, академик, Социалистік Еңбек ері Уфа Ахмедсафин, Қарағанды көмір кешенінде атаққа жеткен, бірнеше мәрте шахта бастығы, Жоғарғы Кеңес депутаты Мәтен Рақымбеков, өз дәрежесінде елге танылған, беделді қызметтер атқарған тағы бірнеше қайраткер, ең ақыры – әйгілі жазушы Ілияс Есенберлин... Міне, осындай ерекше мектеп, өзгеше оқушылар. «Ілияс Есенберлин бізге кейінірек қосылды» – деп жазған Гүлнар апа. Ілекеңнің өзі барлық ғұмырбаян жазбаларында осы Орынборда оқығанын бүркемелеп қалған. «Әкем мен шешем өлгеннен соң, 1924-1929 жылдарда Атбасар қаласында балалар үйі – коммунада тәрбие алдым» депті. Яғни, мектепте оқуы – 1924 жылдан бастап. Бірақ Атбасар детдомында емес, Орынбордағы Үлгілі-тәжірибе мектебінде. Жасыруы қисынды. Айтқанымыздай, бұл таңдама тоғыз жылдық мектепте тек қолы жеткендер ғана оқыған. Тоғыз жасқа жаңа келген Ілиясты аймақтық кент, алыс Атбасардан мың шақырымнан астам қиырдағы Орынборға кім апарды, Үлгілі-тәжірибе мектебіне қалай кірді – тап басып дәйектеу қиын. Гүлнар апа өз естелігінде Ілияс Есенберлин Мәтен Рақымбековпен қатарлас келгенін айтады. Бұл Мәтен – кейінгі алпауыт Мейрам ұрпағы, бұрынғы батыр Жанайдар әулеті. Осы Жанайдар мен Ілиястың бабасы Жеке-батыр – Кенесары ханның туы астында бірге көтерілген. Аталары қанаттас, достас, кейінгі ұрпақтары да, бәлкім аралас, жалғас... Бағы басында тұрған Жанайдар әулеті Рақымбек – Жеке-батырдың панасыз қалған ұрпағы Ілиясқа қол ұшын берсе, өзінің бел баласымен бірге Орынборға алып келсе... несі бар!? Тым қисынсыз емес. Әлбетте, нақты дәйегіміз жоқ, бірақ әбден ықтимал жағдай. Ең ір сыйымды жорамал – атаулы мектепке өз әкесі Есенберлінің табыстауы. Осыдан соң көп ұзамай дүниеден өтті, немесе, көлденең, қысасты қазаға ұшырады. Деректі естелік емес, көркем хикаят болса, дәп осылай деп жазар едік. Қайткенде де бала Ілиястың Орынборға жетуі – ғажайып оқиға. Кейінде өз өмірінің осы бір шешуші кезеңін нақты атамауы – кездейсоқ емес. Ең бастысы – Атбасар детдом-коммунасында қалған жоқ, тәрбиесіз, аш-жалаңаш жүрмеді, әкесі жетелеп, немесе әлдебір қолы ұзын ағайын демеп, аруақ қолдап, Орынборға түсті, сол замандағы қазақтың мемлекеттік, Үлгілі-тәжірибе мектебінен тағылым алды. Астана шаһардан тысқары, алыс, жақын ауылдардан келген балалар арнайы жатақханада тұрып оқыпты. «Оларға қазынадан жазғы, қысқы киім-кешек, тегін тамақ берілетін», – деп жазады Гүлнар Міржақыпқызы. Бұл – тұрмыс-тіршілік, жөні. Бар-жоғына қарамастан, жалпыға ортақ қамқорлық. Яғни, қарын ашпаған, жатын – жайлы, киім – жылы. Сонымен қатар, дәп осы кезде Орынборда тұрудың өзіндік бір ұтымды жағдайы болды. Басқа емес, болашақ ұлтшыл жазушы үшін. Ілияс, сөз жоқ, өзімен бірге оқыған Гүлнардың әкесі Міржақып Дулатовты талай рет көрді. Сондай-ақ, осы кезде астанада орын тепкен, келіп-кетіп жүрген қазақ зиялылары, Алаш-Орда қайраткерлерін және. Ахмет Бірімжанов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, тағы басқалары... Алдарынан өту шарт емес, сырттан көріп, тіпті, атын естіп жатса да жеткілікті. Ең бастысы – бұл кезде кейінгі құлып ауыз, қурайдың сыбдырынан қорқатын әсіре сақтық жоқ, – белгілі тұлғалардың көлеңке, елесінен соң, Алаш мұратына қатысты әңгіме шықпай тұрмайды. Үлкендермен аралас болмаса да, балалардың өз арасында. Осы Орынбор, Үлгілі мектеп, өзгеше жағдайда бала, жеткін Ілияс ұзақ бес жыл – он төрт жасқа дейінгі, өсу, ержету кезеңін өткеріпті. Енді ел астанасы – Қызыл-Ордаға көшті. Әкімшілік мекемелермен қатар Үлгілі мектеп те. Ілекеңнің өзі де жасырмайды. 1929 жылдан бастап 1932 жылға дейін Қызыордада оқыдым деген. Баяғы Атбасардағы детдом-коммунаның жалғасы кейіпті. Шындығында, манағы Үлгілі-тәжірибе мектебінің жоғарғы кластары.

Орынбор – Үлгілі мектеп, бұдан соң осы негіздегі сапалы оқу одан әрі жалғасты. Осының бәрі – детдомда жүрген жетім баланың өмір жолы деп айту – қисынға келмейді. Әкесі болмаса, әлде Мейрам ұлы Рақымбек, әлде басқа бір ықпалды қамқоршылары болды. Ал Есенберлі... шынында да баласының жеті жасында өз ажалымен дүниеден өтті ме? Бәлкім, сол жылы, әйтпесе көп кейін, айдалып, немесе атылып кеткен шығар... Бәрі күңгірт. Анығы – бала Ілияс, қиындыққа ұшыраса, сол замандағы жалпыға ортақ пәлекет, арымай, аршымай, төтенше машақатсыз, дер кезінде орта білім алып шығады. Мектепке жалғас, бүткіл Қазақты жайлаған ашаршылық апат жылдарын осы Қызылордада өткерген сияқты. Дүние оңала бастаған 1934 жылы Арқаға шығып қайтады. Бұдан соң, 1935 жылы – Тау-кен һәм металлургия институтына түскен. Одан бергі өмірі біршама мағлұм. Біз Ілияс Есенберлиннің толық ғұмырбаянын қалыптағалы отырғамыз жоқ. Тек болашақ қайраткер жазушының Орынборда өсіп, тәрбиеленген жағдаятын ғана дәйектедік. Бұған дейін жабық жатқан және аса қажетті кілтипан болғандықтан. 1940 жыл, Тау-кен институтын тәмамдаған соң Жезқазған кенішінде инженер, көп ұзамай – соғыс, майдан, 1942 жылы оң жақ аяғынан ауыр жараланып, ұзақ емнен кейін, 1943 жылы елге оралған. Одан бергі барлық жағдайының жалпы сұлбасы мағлұм. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінде нұсқаушы қызметін атқарды, Филармония директоры болды, сотталды, жығылып тұрып, қайтадан қатарға қосылды, дүбара дағдарыс, ақыры, жер ортасынан асқанда қаламгерлік жолға біржола бет бұрды, алғашқы романдар, көп ұзамай, елу екі жасында «Жазушы» баспасының төріне келіп отырды. Қазақстан көсемі Дінмұхамед Қонаевтың арқасында.

Көтерілуі, отыруы анық. Қиыннан ғана емес, қисынсыздан. Бұдан соң үнемі, ақырына дейін қолдады ма? Бүгінде сырттай тон пішушілер кейінгі романдардың бәрінің де жарыққа шығуы Қонаевтың арқасында деседі. Онда бұл жол неге соншама ауыр болған? Ол рас. Баспаға әкелді. Бірақ көп ұзамай... салқын тартты демейін, бойын аулақ салуы анық. Әуелгі екі жыл бастапқы дүмпу және соған жалғас дақпыртпен өткенін көрдім. «Қаһар» азды-көпті қиындықпен, бірақ аман-есен жарыққа жеткеннен соңғы кезеңде Бірінші тарабынан тікелей, нақты қолдау болмады. Әйтпесе, идеологиялық хатшы Саттар Имашев пен мәдениет бөлімінің меңгерушісі Михаил Есенәлиев Ілекеңнің соңына шырақ алып түспес еді. Үлкен кісінің аз-маз емеуріні жетіп жатар еді. Бұл екеуі де, рушыл-жершілдігі бар, отаршыл Орталыққа жағатын жандайшаптығы бар, өздерінің тар өрісімен қатар, ұлттық мәдениет, рухани қазына атаулыға қастандық пиғылы бар, бірақ Қонаевтың көңіліне келер, оның ренішіне қалар, тіпті, аз-маз күмән туғызар іске аяқ аттап баспас еді. Күңгірт құпияның арғы, жадағай астарын аңдаған соң, еркін қимылдапты. Әуелі «Жазушы» баспасынан шеттетті. Содан соң, 1975 жылы Жазушылар одағындағы екінші хатшы қызметінен қуды. Қайталап айтайық, егер Дінмұхамед Қонаев ақырына дейін қолдаса, Ілекең баспада отыра берер еді. Бұдан соң қызметі ауысқан жағдайдың өзінде Жазушылар одағының бірінші хатшысы сайланар еді. Атағы шыққан, советтер шегінде белгілі қаламгерді қалай көтерсе де қисыны бар. Олай болмады. Димекең емеурін білдірмесе де, оның бейтарап көзқарасын аңдаған мезеттен бастап, Имашев пен Есенәлиев айбарлы Есенберлинге ғана емес, оның төңірегіндегі, тіпті, одан алыс, бірақ ұлттық мұрат жолындағы тұрғыластар мен інілерге қарсы, нақты әрекетке көшті. Ағайынды екі балшабек кейінгі қысас шаруаның бәрін «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев пен бас редактор Есет Әукебаевқа табыстаған еді. Тіпті, Есенберлин қаламгерлер қауымдастығының екінші басшысы болып тұрған кездің өзінде. Енді өздерінің ешқандай қатысы жоқтай, жоғарыдан бақылап, тамашалап қана отырған. Бұл қиындық, әрбір кітап сайын еселеп өсе берген қиянат пен зорлық ақыр түбінде Ілияс Есенберлиннің мезгілсіз қазасымен тәмамдалды. Сонымен қатар, республика көсемінің жазушы Есенберлинмен ара қатынасы мүлде суып, үзіліп те кеткен жоқ. Баспада жүрген, одан соң Одаққа келген кездерінде Ілекең қалаған уақытында Қонаевтың ғұзырына барар еді. Тіпті, қызмет атаулыдан шеттегеннен кейін де, қажетті жағдайда қабылдауына сұранып, бөгеліссіз алдына жететін. Бірақ жаңа шығармаларын, нақты нұсқасақ, әуелдегі «Жанталас», кейінгі «Алтын Орданы» бөгеліссіз бастыру туралы пәрмен болмады. Айттық, атаулы жарлық емес, елеусіз емеуріннің өзі жетіп жатқан. Әйткенмен, бұл ретте де Димекеңді кінәлау артықтау болар еді. Етегінде ғана емес, жақын төңірегінде анталап тұрған қаншама дұшпан бар, оның ішінде біздің жазушы ағайындар және жүр, бар тарапта Қонаевтың үстінен Мәскеуге әрқилы арыз, шағымдар жасалып жатыр, Есенберлин әңгімесі – жай ғана жазушыны қолдау, бұра тарту емес, қазақ жұртындағы ұлтшылдықты қоздыру, «орысқа қарсы», «советке қарсы», идеялық тұрғыда зиянды ағымға жол беру саналмақ. Солай деп жазылып та жатса керек. Бұл жағдай, әсіресе, «Көшпенділер» трилогиясы Лениндік сыйлыққа ұсынылған кезде айқын көрініс берді. Керек десеңіз, Есенберлинге қарсы, бір емес, әлденеше жылға созылған былғаныш, жалақор науқан – қазақ руханияты, қазақ еркіндігіне қарсы түбегейлі күрестің бір тармағы ғана болатын. Есебі, Қонаевтың алдын ораған, осы шарасыз жағдайға түсірген сырқат ахуал. Ақыры Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев қажи бастаған, енді жеке басы қай тұрғыда да қауіпсіз қарт қаламгерге бастапқы қызметке жете-қабыл ең соңғы, ең үлкен жақсылығын жасайды: төңірегінен тегіс түңіліп, алдына арнап барған Ілияс Есенберлиннің «Он томдық Шығармалар жинағын» кезектен тыс бастырып шығаруға нұсқау береді. Ол кезде көп томдық кітаптар тұрыпты, екі томдық «Таңдамалының» өзі алдағы социалистік бес жылдық жоспар ауқымында, Москва, Орталық Баспасөз комитетінен бекітілуі шарт болатын. Биік мәртебелі лепестен соң, Он томдық қолма-қол «Жазушы» баспасының бекіп кеткен жылдық жоспарына төтеден қосылып, келер жылы алғашқы екі кітабы жарыққа жетті. Рас, бұл кезде Ілекеңнің өзі бақиға көшкен, ал қаншама жыл бойы Есенберлинге жаулық жолындағы баспаның екі басшысы да өзгерген. Енді он томдықтың келесі кітаптарына кеңінен жол ашылды. Алайда, жоғарының жарлығы болмаса, мұндай игілік тезінен орын таппас еді. Яғни, кейінгі, толымды он томдық та Дінмұхамед Қонаевтың арқасы. Орта жолда қорғансыз қалдырғанымен, осы бір түйінді ісіне де өлшеусіз алғыс айтуға тиіспіз.

Мұның бәрі көп кейін. Әзірше, Қазақ руханиятының шешуші тұтқасына қол жеткен мерейлі күн. Алда – атаулы шығармалар тұрған. Және жанкешті күрес.

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар