Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ербол ТІЛЕШОВ. Азаттықтың көркем моделі...

22.02.2018 4738

Ербол ТІЛЕШОВ. Азаттықтың көркем моделі

Ербол ТІЛЕШОВ. Азаттықтың көркем моделі - adebiportal.kz

Жазба әдебиетіміздің қалыптасуы – сөз өнерінің алуан ізденістерге баруына үлкен мүмкіндіктер ашты. Оның ілгерілеу үрдістерін зерттеушілер, негізінен, проза және драма жанрларының дүниеге келгендігімен байланыстырады. Әлбетте, бұл дұрыс. Дегенмен, жазба әдебиетінің жаңалықты өрістерді бағындыруы – поэзия, оның ішінде, лирика жанрының іштей түрленуімен де түсіндірілмегі қажетті. Қазақ өлеңі Абай өнернамасында соны соқпақтарды еркін барласа, кемеңгер суреткерден кейінгі әдеби дәуірде ізденіс арналары сан тарапты, көп қырлы бола түсті. Оның нәтижелі тәжірибелерін XX ғасырдың басындағы әдеби үдерістен айқын аңғарамыз.

Қазақ өлеңінің жаңа идеялық және көркемдік ізденістері аталған кезеңде байқалды дегенде, ең алдымен, Мағжан Жұмабаев поэзиясы ойға оралады. Мағжанның «Есімде... тек таң атсын» өлеңі ХХ ғасыр басындағы әдеби дамудың бірқатар ерекшеліктерін танытуға мысал боларлық туынды. Оның лирикасы – тақырыптық, идеялық тұрғыдан ғана емес, уақыт пен кеңістіктің көркем игерілуі, стильдік, бейнелілік қырлары жағынан да қазақ өлеңінің соны биіктерге көтерілгендігін айғақтады. «Шолпан» жинағында, негізінен алғанда, дәстүр ауқымында көрінген жас ақын – көп ұзамай-ақ дара суреткерлік деңгейге бет ала бастайды. Мағжанның ақындығы «Шолпан» жинағындағы, «Жазғы таң», «Бұлбұл», «Толған ай» өлеңдерінен байқалса, нағыз суреткерлігін таныта аларлық алғашқы шығармаларының бірі – «Есімде… тек таң атсын» өлеңі. Бұл көркем туындыға осындай көзбен қарауға төрт түрлі себебі бар. Біріншіден, автор мұнда ақындық «меннің» жаңа типін жасады; екіншіден, осы шығарма арқылы қазақ өлеңіндегі уақыт пен кеңістіктің көкжиегі кеңейді; үшіншіден, шығарма тың көркемдік-стильдік құрылым жасады; төртіншіден, туынды жалпы ақын шығармашылығындағы белесті дүние болды.

«Есімде… тек таң атсын» «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 25 маусымдағы санында жарияланған. Көлемі он төрт шумақтан немесе елу алты тармақтан тұрады. Өлеңді мазмұнына қарай бірнеше бөлікке бөлуге боларлық. Экспозициясында автор ойындағы абстракциялы өткен шақты идиллиялық сарында, романтикалық идеалдандыру тәсілі арқылы суреттеген:

Ол күнді ұмытқам жоқ, әлі есімде,

Таянып келгенінде күн бесінге,

Кең дала ұсап тұрды қол тимеген

Керілген кербез сұлу ақ төсіне.

Құйылып тұрды көктен жұмақ нұры

Құбылып хор даусындай құстар жыры,

Таласып аспан-көкке алтын тауы,

Арқанның суы күміс, жібек қыры.

Ақынның осы шығармаға жалғас жазылған отаршылдыққа қарсылықты бір циклға енетін «Жер жүзіне», «Тез барам өлеңдеріне, «Орал», «От» «Түркістан» циклдарына, сондай-ақ барлық дерлік поэмаларына тән өткенді осылайша айрықша ықыласпен жырлау сарыны, жалпы алғанда, Мағжан Жұмабаевтың тұтас шығармашылығына тән құбылыс. Оның күшті авторлық жады азаттық идеясымен терең тамырласып, ілгеріде аталған өлеңдері мен «Қорқыт», «Ертегі», «Батыр Баян» т.б. поэмаларының тууына және олардың идеялық жағынан берік, көркемдігі кемел болуындағы ең басты алғышарттардың бірегейі болды. Көптеген өз тұтастарына қарағанда Мағжанның ақындық жадының беріктігі – кеңестік заманда қалың топқа, нөпір шуға еріп кетпеуіне адами, ұлттық ізгілікті құндылықтарға негізделген ішкі суреткерлік ұстанымының тұрлаулы болуына ықпал етті («Құрбының көбі тез түлеп, // Топырлап топқа шапқанда, // Жапанда жалғыз күңіреніп,// Мен ойыма ергенмін»//). Авторлық жадтың көріністері Мағжанға дейінгі поэзияда жырауларға барсақ, Қазтуғанның әйгілі «Алаң да алаң жұрт» толғауында, одан бері де XIX ғасыр әдебиетінде, әсіресе, зар заманның аса ірі өкілдері Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нарманбетте көрінген еді. Авторлық жадтың үлкен көрінісі Дулат Бабатайұлының «Ақжайлау мен Сандықтас», «Аягөз» толғауларында жатыр. Егер Мағжан Жұмабаев шығармашылығының негізгі идеялық қырларын оның алдындағы поэзиямен сабақтастырмақ ниетте болсақ, онда оны отаршылдыққа қарсылықтағы сарындардан іздегеніміз жөн. Мұнда әдеби дәстүр де, халықтың тарихи объективті жағдайы да бар. Екеуін бөле-жара қарастырудың реті жоқ. Жоғарыда келтірілген екі шумақтан да, өлеңнің одан соңғы бөліктерінен де зар заманның немесе өзге ақындардың көркемдік әсерін таба алмайсыз. Көркемдік кесте, стильдік реңк, тілдік таңба – «Есімде... тек таң атсында» мүлдем жаңа. Егер Мағжаннан ілгеріде аталған дәстүрдің табы мен дәнін тапқыңыз келсе, Орал қаласынан шығып тұрған «Қазақстан» газетінде 1913 жылы алғашқы нұсқасы жарияланған «Өткен күн» өлеңіне назар салған абзал. Өлеңнің алғашқы нұсқасы деп отырған себебіміз – бұл туынды ақынның 1922 жылы Қазан қаласында жарық көрген жинағына өңделіп енгізілген. «Есімде... тек таң атсын» өлеңі зар заман ақындарымен салыстырғанда консервативті мазмұндағы толғау дәстүрі шеңберінен тыс жатыр. Шығарманың экспозициясындағы консервативті сарындар бұл өлеңнің тұтас мазмұнына айнала алмайды. Оның идеялық сонылығы да осында. Лирикалық қаһарман өршіл рухта, оптимистік кейіпте, әрекет үстінде, мінезі жігерлі, сенімі күшті. Оны өлеңнің екінші мазмұндық бөлігін құрайтын үшінші-алтыншы шумақтардан табамыз.

Сайланып сол мезгілде шықтық жонға

Қыранша көз жүгіртіп оң мен солға.

Ақ найза алты құлаш белге байлап,

Айнымас алдаспанды алып қолға.

Қанатты, қажымайтын тұлпар міндік,

Жібектен жетпіс қабат белді будық.

Құрсанып қылыш өтпес мұздай темір,

Қиядан қыран құсша жауға ұмтылдық.

Аспаннан сорғаласа суға сұңқар,

Сүңгімей үйрек сорлы неғып тұрар!

Ақырған арыстанның айбатына

Шыдар ма қоян жүрек қорқақ құлдар?!

Жау қашты құр қарадан быт-шыт болып,

Қайратқа дене, отқа жүрек толып,

Ауыздан «а» дегенде жалын шығып,

Арқада жаттық сайран, сауық құрып.

Бұл шумақтарда ақындық қиялға ерік беріліп, ол ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетеді. Мұнда уақыт пен кеңістік тым шартты. Метафора мен аллегория сол шарттылықты берік ете түседі. Барлығы да автордың қалауынша өрістейді. Біз шығарманың алғашқы бөлігі деп айдарлаған қос шумақта уақыт мерзімін белгілеп алған автор келесі бөлікте сол уақыт шегіндегі әрекетті бейнелейді. Бұл өлеңде кейіпкерді дара немесе көп деп кесіп айту қиын. Өйткені, шын мәнінде туындыдағы ең белсенді кейіпкер автордың өзі, дұрысы – оның суреткерлік жадынан өрістеген қиял әлеміндегі бейнесі. Дегенмен, оқиғадағы (мейлі ол шағын, дерексіз, абстракциялы-ақ болсын) әрекетті бейнелеуде автор көпше түрге ден қояды (шықтық, міндік, белді будық, ұмтылдық, жаттық). Мәселе, автордың жеке басында емес, оның романтикалық шарттылық аумағында үлкен ұлттық идеяға, тұспалдап халық тарихына баруында. Мағжан кешегі шежірелі күндерге бара отырып, тарихтың толық келбетін бейнелеп, тарихи дүние жасауды мақсат етпейді. Анығында, мұнда тарихтың өзі емес, оған деген поэтикалық көзқарас ғана бар. Өз дәуірінің ақиқатынан бұлқынып шыққан ақын қаһарман кейпіне еніп, ерлік тұғырына өрлеп, рухани медет табады. Бұл көркемөнердегі қаһармандық катарсис. Осы арада ақындық қиялдың, авторлық жадтың, ерлік пен қаһармандықтың шартты бейнесін түзуші поэтикалық құбылысқа аялдауымыз қажет. Ол - өлеңдегі ақындық «меннің» еркіндігі мен тегеурінділігі. Қазақ поэзиясында ақындық «меннің» бедерлене байқалуы, біздің болжауымызша, Махамбет, Дулат өлеңдерінен бастау алса, оның тереңдеуі, сөз жоқ, Абай лирикасымен байланысты. Махамбеттегі ақындық «меннің» өрісі мен бағыты белгілі тарихи оқиға төңірегінде болса, Дулатта ол әлеуметтік консерваторлық сарында байқалса, Абайда ол жалпыхалықтық деңгейге көтерілді. Кемеңгер суреткер өнернамасында ақындық «меннің» мазмұны – автордың көзқарасынан құралып жатты. Оның мұндай сипаты ақынның терең ойшылдығымен, өткір сыншылдығымен сабақтаса отырып, айналып келгенде, кемеңгер тұлғаның дүниеауи көзқарасының жиынтығынан құралады да, біздің көкейімізге ақынның ғана емес, көсемнің, ақылгөй дананың бейнесін орнықтырады. Абайдың ақындық «менінің» ерекшелігі жөнінде көрнекті абайтанушы Зәки Ахметов: «Абай шығармаларында алдымен мейлінше мол, әр қырынан көрінетін, әрине, ақынның өз бейнесі, өз тұлғасы. Лирик ақын қоғам өмірінің шындығын өз көңіл-күйін білдіру арқылы, өз сезім толқыныстары, ой-толғамдары арқылы танытады. Ақынның өз тұлға-бейнесі оны тебіренткен ой-сезімдерден, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әртүрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрінісін табады» - деп жазған еді. /1,11/. Абайдың көркем мұрасына тән осы ерекшеліктің негізінде көркемдік әдістің ықпалы бар. Сол себепті оны біз Абай реализмінің жемісі деп қараймыз. Ал, ақындық «меннің» сипаты Мағжан Жұмабаев лирикасында өзгеше идеялық-көркемдік танымға ие. Мұнда ол ой қорытушылық, баға берушілік сапада емес, яғни тек көзқарас шегінде емес, шартты поэтикалық әрекет үстінде кеңінен көрініс табады. Бұл – Абай мен Мағжанның лирикалық туындылары арасындағы түбірлі айырма. Абайдың ақындық «менінде» суреткерлік көзқарас үстем келсе, Мағжанның ақындық «менінде» автордың өзі көзге түседі. Сондықтан да Абайдың «мені» ойшыл тұлға, сыншыл, баға беруші санаткер болып, онда негізінен, халықтың сол заманғы моральдық болмысы, мінез қайшылықтары кең көрініс тапса, Мағжан «менінде» сезімшіл тұлға, сынаушыдан гөрі жаны ашушы, бүгінге қанағаттанбай осылай болса екен деген әлемін үнемі алдыға оздырып ұстаушы, осы шартты мақсатын суреткерлік максимализмге ұластырған, романтикалық әлемін қалыптастырушы қаламгер тұлғасын танимыз. Осы романтикалық әлемнің басты мазмұнын азаттық идеясы қалыптастырған.

Осы ойлардан өрістетіп екі ақын лирикасындағы уақыт пен кеңістіктің де сипатын ажыратуға боларлық. Абай өзі өмір сүрген орта, әлеуметтік қарым-қатынастардың жемісі ретіндегі адамды көрсетті. Талап, әділет, шапқат т.с.с. мінез қасиеттерін айта отырып, еңбек, білім, кәсіп игеруді поэзия тілінде сөйлетті. «Өз қолынан ырқы кеткен» елдің басында болмай қоймайтын моральдық жағынан ыдырау дәуірі тудырған ақын, сол елішлік, тұтас халықты шарпыған қайшылықтарды күрсіне көрсетіп, күңірене бейнелеп өтті. Сөйтіп өз заманының тамыршысы мен данагөйіне айналды. Ал, әрекетшіл, арманшыл, сыршыл ақындық «меннің» иесі Мағжанда уақыт пен кеңістікті бейнелеу мейлінше еркін. Өйткені, оның дәуірі - өзгерістер мен төңкерістер дәуірі. Мұндай кезеңдерде тарих тамыры бүлкілдеп тұрады. Тарихи сезім – тарихи жадқа ұласты. Қазақ қоғамын алашшыл идея кернеп тұрған дәуірдің ақынының музасы тегеурінді, батыл мінез танытады. Ондай тегеурінділік пен батылдық, мейлі ол шартты-ақ болсын, сол дәуірдің шындығынан өріс ала отырып, қазақ поэзиясында жаңа поэтиканың орныға бастағандығын айғақтады. Ұлттық сөз өнеріміздің осындай жаңа бетінің ашылуында біз сөз етіп отырған «Есімде... тек таң атсынның» орны алабөтен. Шығарманың алабөтендігі, ілгеріде айтып өткеніміздей белесті дүние болатындығының бір парасы – ақындық «меннің» туындының идеялық мазмұнын бейнелеудегі айрықша белсенділігінде. Ол ақынның шығарма контексінде әрі автор, әрі басты қаһарман, дұрысында автор мен қаһарманның тұтасып кетуіне, біртұтас поэтикалық бейнеге, ортақ лирикалық кейіпкерге айналуында. Бұл романтизм эстетикасының басты белгілерінің бірі, тіпті бірегейі. Кезінде Гегель аңғарған осы ерекшелікті XX ғасыр әдебиеттануында бірқатар ғалымдар тарапынан зерделенді. Жаңа жүзжылдық бастауында теоретиктер романтизмнің осы бедерлі белгісін атап өтуде. Айтарлық, 2004 жылы жарық көрген «Әдебиет теориясы» еңбегінің авторлары романтикалық бейнелеу тәсілінің аталған қыры жөнінде: «Романтика алғаш рет образ характерді емес, образ-тұлғаны жасады, (шынтуайтында, ол шығарманың бас кейіпкері болды). Бұл жаңалық – жаңа поэтика үшін принципті мәселе, өйткені оның әрі қарай өрістеу тарихы осы сапада жүріп отырды» /2, 237/. Шынында да, романтизм әдебиетінде, оның ішінде, романтикалық лирикада автор бейнесі көркем туындының ең басты тұлғасы деңгейіне көтерілді. Ол лирика сияқты жанрдың төл табиғатымен тез әрі табиғи табысып, көркемдігі кемел жанрлардың тууына кеңінен жол ашты. Қазақ әдебиетінде оны көрнекті үлгісінің нақты мысалын М.Жұмабаевтың «Есімде... тек таң атсын» осыған жалғас жазылған «Тез барам», «Жер жүзіне», «Алыстағы бауырыма», «От», «Күншығыс», «Пайғамбар» өлеңдерінен анық аңғарамыз. Аталған өлеңдердің қай-қайсысында болмасын ақындық меннің« қуаттылығынан өріс алған ауқымды идеяның (ұлт азаттығы идеясы) шартты түрде жүзеге асырылған әрекет ретінде бейнеленеді. Мұнда автор тұтас ұлт атынан сөз алып, ұлт үшін ең қасиетті миссия – оның тәуелсіздігін орнына келтіруші тұлға бейнесінде немесе сол жолдағы күрескер рөлінде көрінеді. Мәселен:

Тірілтейін алып атам аруағын,

Тазартайын Сарыарқамның топырағын.

«Тез барам»

Талмай, қайтпай қамал бұзған кемеңгер,

Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.

«Жер жүзіне»

Ақынның осыншалық батыл пікірлерінің астарында отаршылдыққа қарсылықты сарын жатыр. Өз заманында тәуелсіздікті күреспен, жауынгерлік жорықпен, соғыспен жеңіп алу мүмкін емес екенін Мағжан жақсы білсе де, тарихи шындықтың реалды болмысынан осылай болса екен деген тілекті оздырып жіберетін «елестеген ерікті жан атып жырлаған» , «тәңір бар – бір ғана қиял атты» деп толғаған ақын үшін табиғи поэтикалық тебіреніс еді.

Ерік пен қиялды тұғыр еткен ақындық «мен» уақыт пен кеңістіктің де сипатын мәністейді дегенбіз. Өз ойындағы өзекті идеяны таныту үшін романтик қаламгер өмірлік материалды еркін пайдаланып, көркемдік шындықтың шартты нұсқасын жасайды. Сол себепті де мұнда уақыт пен кеңістіктің де жалпы шартты нобайы ғана бар. Уақыт – өткен күн, кеңістік – Арқа. Арқаны бүгін біз білетін географиялық аймақ деп қана қабылдасақ, онда үстіртін қарағанымыз. Мағжанның поэтикалық трактовкасында Арқа – жалпы Алаш елі мен жерінің төл бейнесі. Сол себепті Мағжан поэзиясында кеңістікті нұсқалайтын «Арқа» сөзі оның ұлттық мұраттарын суреттеуде мейлінше жиі қолданыс табады. «Көркем мәтінде кеңістік координаттарын ойламалдау белгілі бір эстетикалық идеалдар позициясынан көрінеді» - дейді мәтінтанушы Л.Г.Бабенко /3,170/. Уақытты белгілі жылдар, ғасырлар немесе тарихи оқиғалар мен өзгерістер аясына сыйғызудың да қажеті шамалы. Мұндағы уақыт тарихи немесе күнтізбелік уақыт емес, ақын өзінің суреткерлік мұратын бейнелеу үшін таңдаған көркемдік уақыт. Осындай көркемдік уақыт аясында өрістеген оқиғалық желінің белгілерін байқаймыз. Уақыттың шарттылығы көркем мәтіннің үшінші, төртінші мазмұндық бөліктерінен де айқын аңғарылады. Әсіресе, көркемдік уақыттың осындай ерекшелігі мына шумақтардан анығырақ көрінген:

Бақ шіркін бір қонып, бауырыңа еніп,

Кетпек қой ертеңіне-ақ алдап, күліп.

Алтын Күн аспандағы қайдан білсін,

Қаптарын қапылыста қара бұлт!

Жолбарыс жүргенінде маң-маң басып,

Жүрегі, қайратына көңілі тасып,

Ойлай ма қу қаңбақты таса қылып,

Жатқанын жасырынып мерген пасық!

Еріктің еркетайы, ардақтысы,

Алтайдың ақиығы – алғыр құсы,

Алаштың Арқада еркін ойнақтаған,

Жол тосқан жауыз жауда болды ма ісі.

Мас болып күш пен қайрат, қалың буға,

Алданып, ойын-күлкі, сауық-шуға,

Сергімей жата беріп сезбей қаппыз,

Жақындап барып қапты күн батуға.

Күн алтын жан-жағына сәуле шашты,

Жарық пен қараңғылық араласты.

Сәулесі қызыл алтын – сәлемі еді,

«Көргенше қош, алаш!» деп амандасты.

Ай туып, Күн орнына көкте қалқып,

Гүлдерден мас қыларлық иіс аңқып.

Төңірек тыныш ұйқыға батқан шақта,

Кетіппіз біраз ғана біз де қалғып.

Сужүрек мана қашқан жасырынып,

Жақындап келген бопты аңдып тұрып –

Қорқақ құл ұрлықты да ерлік санап,

Қуанып алласына басын ұрып.

Осы үшінші бөлікте көркемдік уақыт екі қырынан ерекшеленеді. Біріншісі, оны бөліктің жалпы объективті уақыты деп белгілейік, яғни авторлық идеяны уақытпен сабақтастыра баяндасақ, ол «Алаштың Арқада еркін ойнақтаған» шағы. Екіншісі, субъективті уақыт, мұнда – алаштың «еркін» шағын автор бір күннің аясына енгізеді («Күн алтын, жан-жағына сәуле шашты...»). Мұнда уақыт барынша сығымдалған, автор азаттық пен бодандықтың образын күн мен түнге шендестіре көрсетеді. Уақыт романтизмге тән антитеза тәсілімен берілген. Уақыттың көркем шығармада осылайша берілетіні туралы М.М.Бахтинның: «Уақыт мұнда сығымдалады, тарылады,көркемдік жағынан көзге көрінетіндей болады, ал кеңістік интенсивті күйге көшіп уақыттың қозғалысына, сюжетіне, тарихына тартылады. Уақыттың ерекшеліктері кеңістікте ашылады, кеңістік уақыт арқылы зерделеніп, уақытпен өлшенеді» /4, 235/ – дегені Мағжанның осы өлеңіндегі көркемдік уақыттың ерекшелігін түсініп-тануға мүмкіндік береді. Орыс оқымыстысының уақытты «көркемдік жағынан көзге көрінетіндей» деуі «Есімде.. тек таң атысындағы» жалпы уақыттың нақтыланып суреткердің күн мен түннің аттарын атап, түстерін түстеуімен сәйкесіп жатыр.

Көркем мәтіндегі уақыт пен кеңістіктің ажырағысыз бірлігін көрсету үшін әдебиеттануға М.М.Бахтин «хронотоп» терминін енгізді. Мағжан өлеңін М.М.Бахтин термині аясында қарайтын болсақ, онда бұл шығарманың хронотоптық көрсеткішінде тұтас халықтық отаршылдық езгіге түсер алдындағы кезеңі мен бодандықтағы жағдайын түйсінер едік. Көркем мәтіннің финалында автордың өз дәуірінің идеялық мұраты көрініс тапқан:

Мезгілше, мейлі келсін, тісі батсын,

Сұр жылан, өзі оятар, қатты шақсын.

Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,

Көрелік төңіректі, тек таң атсын!

Мұндай оптимистік рухтың, негізінде Мағжан заманының ең алдыңғы қатарлы идеялары жатыр. Авторлық идеяның түп-төркінінде не жекелік, не жалпы дәуірдің, қоғамның мұраттары жататыны белгілі. Осы құбылысты мәтінмен байланыстырған Ю.М.Лотман: «... Мәтін өз бетінше томаға – тұйық өмір сүрмейді, ол міндетті түрде қандай да болмасын контекстен (тарихи реалды немесе шартты) шығады», - дейді /5, 204/.

Үш уақыттық деңгейде (отаршылдыққа дейінгі кезең – кеше, отаршылдық кезеңі – бүгін және еркіндікке кәміл сенім кезеңі - ертең) бейнеленген шығарма Мағжанға дейінгі төл әдебиетте ұшыраса қоймайды. Зар заман әдебиетіндегі кеше мен бүгіннің моделіне бұл әдеби ағымның идеялық мәніне сәйкес уайым мен мұң үстем келсе, Абай поэзиясында өз дәуірі дидарын өте терең зерделеген кемеңгерлікпен бірге сол үлкен ойшылдықтың ащы сынынан туған кейіс басым. Ал, Мағжан өзге дәуірдің, азаттық жолындағы ояну дәуірінің ұланы. Ол Дулат та емес, Мұрат та емес, Абай да емес, басқа да емес. Мағжан – қазақтың ойы мен жігеріне үміттің үкісі тағылған шақтың ұлт атынан сөйлеуге дарыны мен махаббаты, ойы мен арманы, жігері мен сенімі жететін ұлт ақыны, дәуірдің талабын бұлжытпай таныған санаткер суреткер, Алаш қозғалысының толқыны щирықтырған ұлтшыл ақын.

Автордың кеше-бүгін-ертең араларына шартты болса да жанды байланыс орнатуы – лирикалық шығармада белгілі бір ауқымда сюжеттің бедерлі болуын қамтамасыз еткен. Бұл арада ақынды біз автор позициясында ғана емес, шығарма қаһарманы рөлінде де көреміз. Мұндағы ақындық «меннің» сипаты жайында бастапқы беттерде баян еткенбіз. Сюжетпен сабақтастырып, оған қосарымыз автор өзі бейнелеген оқиғалардың ішінде жүріп басты кейіпкерге айналатындығы, яғни автор оқиғаны әрі баяндаушы, әрі оған қатысушы. Бұл лириканың жанрлық ерекшелігіне қабыса беретін көркемдік құбылыс дей тұрып, оның әрі лирикалық, әрі оқиғалық мазмұны, соған сәйкес лиро-эпикалық сюжет жасауға мүмкіндік туғызатынын айрықша атап өтпекпіз. Лирика жанрында лиро-эпикалық сюжеттің алғашқы нышандарын жазба әдебиетімізде Абайдың «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» және «Асқа, тойға баратұғын...» деп басталатын туындыларынан кездестіргенбіз. Лиро-эпикалық сипат данышпан ақынның «Ескендірі» мен «Масғұтында» да баршылық. Алайда, бұл поэмаларда дидактикалық сарын үстем болғандықтан да ішкі субъективті ішкі әлемді көбірек суреттеуге биім тұратын лиро-эпикалық мазмұн жөнінде толыққанды әңгіме қозғаудың мүмкіндігі мен қажеттілігі шамалы. Лиро-эпикалық туынды реализм әдебиетіне қарағанда романтик ақындардың шығармаларына тән.

Оған романтизм кезеңінде қай халықтың әдебиетінде болсын, балладаның, лирикалық, лиро-эпикалық поэмалардың, лирикалық прозаның ерекше дамығандығы айғақ. Қазақ сөз өнеріндегі романтикалық бейнелеу тәсілінің ең көрнекті тұлғасы Мағжан Жұмабаев шығармашылығы да дәл сондай көркемдік заңдылықтан тыс тұра алмайды. Біздің ойымызша, ақын шығармашылығында лиро-эпикалық мазмұнның алғашқы тәжірибесі осы «Есімде.... тек таң атсын» өлеңі. Әлбетте, бұл шығарма әлі таза лиро-эпикалық туынды емес, соның бастауы ғана. Мағжандағы лиро-эпиканың таза үлгілерін осы шығармадан кейін төрт-бес жыл ауқымында жазылған поэмалары «Ертегі» «Оқжетпестің қиясында» «Қойлыбайдың қобызынан» аңғарамыз. Біз төменде сол алғашқы тәжірибе іспетті лиро-эпикалық сюжеттің жалпы барысын ұсынамыз.

Сюжеттің экспозициясы

Ол күнді ұмытқам жоқ әлі есемде

Таянып келгенінде күн бесінге.

Сюжеттік байланыс

Сайланып сол мезгілде шықтық жонға

Қыранша көз жүгіртіп оң мен солға.

Сюжеттің дамуы

Жау қашты құр қарадан быт-шыт болып

Сюжеттің кульминациясы

Төңірек тыныш ұйқыға батқан шақта,

Кетіппіз біраз ғана біз де қалғып.

Шешімі

Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,

Көрелік төңіректі тек таң атсын!

Әрине, эпос пен драмаға қарағанда мұнда сюжет қарапайым және шағын. Лирикада оқиғалық желінің жалпы нобайы ғана бар. Лирикалық туындыда оқиғалардың себептері, оның өрістеуі мен өзгеруіндегі дәлелдеме детальдар бола бермейді. Сондықтан да бұл жанрды зерттеушілер оның фрагментарлы сипатта болатындығын айтады. Автор лирикалық туындыда идеяның қадау-қадау ең басты тұстарын ғана қамтиды. Осыдан шығып, лиро-эпикалық сюжеттің эпостағыдай табиғи толық түрдегі дамуын емес ақын-авторды не толғандырады, қаһарман қандай тебіреніске түсті, – соны ғана көреміз. Сондықтан лирикаға фрагментарлық сығымдалған композициялық компоненттері толық бола бермейтін сюжет тән.

Сюжет компоненттерінің мәтіндегі пропорциясы да бірдей емес. Олай болуы мүмкін емес те. Мұнда авторлық идея шешушілік орында. Мағжан өз дәуірінің шындығынан шыға отырып кеше-бүгін-ертең күйіндегі уақыт тізбегінің ортаңғысына көбірек аялдайды. Өйткені, бүгін – оның өз заманы. Ал реалды жағдай тәуелді елдің ұлтшыл ақынын мүлдем қанағаттандыра алмасы түсінікті. Автор ұғымында тәуелсіздік – бақ, алаш – кең даланың жолбарысы. Әрине, мұның баршасы – автор трактовкасы бойынша, олар объективті тарихи шындықпен үйлесе бермейді. Ол үшін ақынды жазғырмасақ керек. Автор романтикалық идеал мұнарасынан сөйлеп тұр, мұнда барлығы да аңсарлы арманнан өріс алады. Осы шығарманы жазар тұста ақын өз шығармашылығының екінші жемісті кезеңінің қарсаңында тұрған еді. Біздің ойымызша, дәл осы өлең Мағжан Жұмабаев шығармашылығының жаңа кезеңін бастады. Сондықтан да ол белесті дүние. «Есімде.. тек таң атсыннан» соң ол жаңа шығармашылық тәсілге көшеді. Ағартушылық, сыншыл реализм, сентиментализмнен шығып өзі үшін тың әрі табиғи тәсілмен табысты. Қазақ әдебиетінде Махамбет, Дулат, Мұрат, Нарманбет поэзиясында, Абайдың кейбір өлеңдері мен поэмаларында көрінген романтизм қырлары Мағжан поэзиясында қорытындыланды. Сөйтіп, қазақ романтизмі ақынның лирикалық туындылары мен «Батыр Баян», «Қорқыт», «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы» поэмаларында жан-жақты дамытыла көрініс тапты.

«Есімде... тек таң атсын» - М.Жұмабаев романтизмінің басы бола отырып, ақын шығармашылығындағы, қала берді, бүкіл қазақ сөз өнеріндегі жаңа идеялық – көркемдік құбылыстың төлбасы болды. Ол Мағжанның қазақ әдебиетінде тұңғыш рет циклды шығармалар жазуы еді. Отаршылдыққа қарсылықты бұл циклға «Есімде... тек таң атсынға» жалғас «Жер жүзіне», «Тез барам» өлеңдері енеді. Осылай деуге бұл лирикалық туындылардағы идеялық мазмұн, авторлық «меннің» ортақ пафосы, ұқсас стиль, жазылған уақыты – толық мүмкіндік береді. Бұл шығармаларды бір цикл аясында қарастыруға болатын көркемдік ерекшеліктердің бастысы – оларға тән ортақ стильдік ерекшеліктер. Бұл арада біз «Есімде... тек таң атсынның» стилі жөнінде ой қорытып, қажетті тұстарда ғана өзге екі шығарманың стилі туралы да айтатын боламыз. Автордың қиялы мен жады, уақыт пен кеңістік азаттық идеясынан өріс ала отырып, нағыз көркем дүниеге айналуы үшін бейнелі тілдің негізінде мәтін түзетіндігі аян. Бұл аксиомалық қағида кез келген шығарманы бағалауға тән, олай болмайынша, тіпті сол көркем дүниенің өзі бола алмайды десек, шығарманың дербестігі танылатын тілдік бірліктердің жиынтығы мен жүйелілігі, автордың дара қолтаңбасы стиль жөніндегі әңгіме - әдебиеттануда, тіл білімінде және өнертану ғылымдарындағы пікір қайшылықтары көп тақырыптардың бірі. Әсіресе, стиль түзуші компоненттерді саралау барысында әдебиеттанушылар мен тілтанушылар арасында орныққан пікір болмай отыр. Біздің ойымызша, стильді танытатын тілдік факторлардың қатарына фонетикалық, лексикалық, грамматикалық категориялардың қолданылу ерекшеліктері енсе, әдеби шығарманың стилін тануда көркемдік туғызатын тілдік тәсілдер мен құбылыстардың көркем мәтіндегі белсенділік позициясы мен қолданылу жиілігі, автордың сөз таңдауы шығарма, композицияның ерекше тұстары ескерілуі тиісті. Бұлардың негізінде тілдік амалдар жататыны түсінікті. Міне осы жіктен барып, поэтика мен лингвистикадағы стильдердің табиғи ортақтастықтан барып, жаңсақтық туады. Бұл жаңсақтықты орнымен шешуде бірқатар ғалымдар әдебиет пен тілдің төл табиғатын ескере бермейді. Мұнда ең алдымен, сөз өнерінің ең басты ерекшелігі - образдылық, көркемдік жасайтын категориялар қаперге алынуы тиіс. Әдеби туындыда бейнелілік тудыра алуға дәрменді көркем компоненттер ғана стиль тудыруға бейім тұрады. Сол себепті де лингвистикалық стилистикаға қарағанда, поэтикалық стилистикадағы стиль мәселесі қашанда көркемдікпен өзектесіп барып қана бейнелі құралдар мен амалдар деңгейінде қарастырылуы тиіс. Сонда стильді тану дегеніміз - стиль түзуші компоненттердің көркемдік жүйесін тану болмақ. Тіл біліміндегі стилистиканың басты нысаны функциональды стильдер болады да, ол тілдік әрекеттер мен қолданыстардың барлық салаларын қамтиды. Егер белгілі бір көркемдік жүйенің бірлестігі бола алмаса, жеке автордың немесе шығарманың стилі туралы әңгіме қозғаудың да жөні бола қоймас. «Есімде... тек таң атсын» өлеңінің стилі жөнінде айтқанда, осы тұжырымды негізге алмақпыз. Әдебиеттану мен лингвистикадағы стильдің өзіндік ерекшеліктерін айтқанда кейбір зерттеушілер әдеби стиль ауқымына шығарма мазмұнын да енгізеді. Айталық, В.М.Жирмунский: «Шығарманың көркем стилі ұғымына тілдік құралдар ғана емес, (тура мағынасындағы стилистиканы құрайтын) сонымен бірге сөз құралдары арқылы берілген, бірақ сөзбен түгесілмейтін шығарманың тақырыптары, образдары, композициясы оның көркем мазмұны да енеді»,- деп жазады. /6. 29/. Біздің ойымызша, шығарма мазмұны, оны құрайтын тақырып идея сияқты категориялар – оның стилін емес, автордың дүниетанымын, көзқарасын көрсетсе керек. Сондықтан да шығарма мазмұны – шығарманың стиліне енетін композицияны, жанрды, образ сомдаудың алуан түрлерін, тілдік-көркемдік қолданыстарды ұйымдастыруы мүмкін, алайда оларды стиль ауқымына енгізудің өзі ең алдымен стиль ұғымын тым кеңейтіп ұғымның нақтылығы мен шынайылығына нұқсан келтіреді. Шығарманың мазмұны онда қолданылатын тілдік бірліктерді, көркемдік құбылыстарды айқындайды. Сондықтан мазмұн стиль емес, сол стильді қалыптастыратын бастапқылық рөлдегі автордың өмір шындығын таңдауының, оған деген суреткерлік бағасының ерекшелігі. Яғни, қашанда мазмұн стиль түзуші орында болады.

Біз қарастырып отырған Мағжан өлеңінің стиліне жоғарыда жазғанымыздай, авторлық «мен» едәуір ықпал жасаған. «Меннің» үстемдігі өлеңдегі эмоционалды көңіл-күйді де, әрекетті де айқын таңбалап бірқатар стильдік реңк тудырады. Олар:

а) шығарманың метафоралы-аллегориялық сипаты;

ә) уақыт пен кеңістіктің шартты бейнеленуі;

б) өлеңнің үдемелі динамикалық күйі;

в) эмоционалды-экспрессивті сарынның басымдылығы;

г) романтикалық тәсілдің кең қолданылуы;

д) фольклоризм элементтерінің ұшырасуы.

Стиль түзуші көркемдік тәсіл ретінде өлең мәтінінде троптардың метафора мен аллегория түрлері кең көрініс табады. Бұл арадағы әңгіме – тек троптардың бейнелі қолданысы ғана емес, белсенді және жиі жұмсалып, тұтас көркемдік жүйе жасауы жөнінде болғандықтан да, оларға арнайы түрде тоқталмақпыз. Ал, оқиғалық желі, әрекет осы шығарманың басты ерекшелігін айқындаушы көркемдік тәсілдердің бірі - аллегория арқылы берілген. Мысалы:

Аспаннан сорғаласа суға сұңқар,

Сүңгімей үйрек сорлы неғып тұрар.

Ақырған арыстанның айбатына,

Шыдар ма қоян жүрек қорқақ құлдар?

деген аллегориялық шумақ, бұған қоса шығарманың 8, 9, 14 шумақтарындағы аллегориялық қолданыстарда стильдік реңк байқалады.Шығармадағы уақыт пен кеңістіктің шарттылығы - суреттеудің де шарттылығын қалыптастырған. Мұндай аллегориялық суреттеу үрдісі XV-XIX ғасырлардағы ауызша авторлық әдебиетте баршылық. Алайда, дәл Мағжанның осы өлеңіндегідей шартты әрекетті уақыт пен кеңістіктің осыншама кең көлемінде бейнелеу аталған кезеңде болған емес. Өлеңдегі метафора мен аллегорияның стильдік бояуы – олардың жаңалықты қырларымен де байланысты. Троптар арқылы көркем мәтінде тың ұғым жасалып, олар мәтіннің түйінді сөздері немесе доминантты бірліктеріне айналады. Мәтінде ұғымдық ассоциация беретін осындай лейтмотив сөздер шығарманың көркемдігіне үлкен ықпал жасайды. Әдетте, түйінді сөздер стиль түзушілік функция атқарады да туындының композициясын құрастыруға да қатысады.

Өлеңдегі әрекет қарқыны - уақыттың тым шартты, жедел жүруімен байланысты. Динамизм – үдемелі сипат жасап, соған орай стильдік реңк туғызуда экспрессия үлкен маңызға ие болады.

Қанатты қажымайтын тұлпар міндік,

Жібектен жетпіс қабат белді будық,

Құрсанып қылыш өтпес мұздай темір,

Қиядан қыран құсша жауға ұмтылдық.

деген шумақтағы сөздердің баршасы дерлік туындының көркемдік әлеуетін жасап тұрған стилемалар. Олар заттық әлемді білдіретін ұғымдарды белгілі бір эмоционалды күй тудыратын бейнелі сөздермен берсе (асты сызылған сөздер), ал қимыл тудыратын сөздер (курсивпен терілген) етістіктің бір формасында тұрып, динамикалық әрекет жасайды. Мұндай динамизмде автор образының рөлі өте күшті. Жалпы көркем өнер сияқты, сөз өнері де өмірді танып қана қоймайды, оған өзінің жанды көзқарасын да білдіреді. Жанды көзқарастың негізінде тебіреністі қарым-қатынас жатады десек, лирика сияқты субъективті жанрда тебіреніс қалыптастыратын көңіл-күй жатады. Біздің ойымызша, әрбір көркем лирикалық туынды өзінше бір көңіл-күй әлемі. Ортақ бір көңіл-күйден, поэтикалық тебіреністен туған ақындық пікір көркем мәтіннен соған орай тілдік шешім таба отырып, көркемдік жүйе де қалыптастырады. Ол мынадан бастау алмақ. Әрбір шығарма қандай да болсын идеялық мақсатты жүзеге асыруда мағына берудің қисынды өзіндік жүйесін қалыптастырады. Оны өлеңмен байланыстыра айтсақ, тармақтан тармаққа, одан тұтас шумаққа, келесі шумақтарға жайылып бүкіл шығарманың мазмұнын құрайды. Логикаға негізделген осы мазмұн жүйесінің негізінде шығарманың пішіндік жүйесі жатады. Осы көркемдік тізбекті, пішіндік жүйені жасаудағы тілдік бірліктердің жиынтығын шығарманың стилі дегеніміз жөн. Осы поэтикалық жүйенің ішкі көркемдік заңдылықтарын таба алсақ, онда әдеби туындының стильдік қабатына сипаттама беруге толық мүмкіндік аламыз. Стильдік талдауға осылайша келу, қазіргі кезде белең алып қажетті-қажетсіз дағдыға айналған шығармадағы айшықтаулар мен құбылтулардың тізбесін жасау, мәтіннен жекеленген сөздерді теріп алып, оларға жөнді-жөнсіз тамсану әдеттерінен арылар едік.

«Есімде... тек таң атсын» өлеңінің стилін қалыптастыруда көркемдік әдістің орны ерекше екендігін тағы да баса айта отырып, мынадай жайттарға көңіл бөлгенді жөн деп таптық. Уақыт пен кеңістік шарттылығы, троптардың жиі қолданылуы, өте шартты сюжет, фольклорға тән суреттеулер – романтикалық, көркемдік тәсілден өрістеп отыр. «Әрбір көркемдік әдіс жазушының стилін айқындайды» дегенді басшылыққа алсақ /7,240/, романтикалық бейнелеу әдісі де өзіне сай стилді қалыптастырады. Авторлық идеяның тым шартты берілуі, тілдік бояуының қанықтығы, көркем ойдың ауыспалы мағынада көрінуі, сөз жоқ, бұл лирикалық туындының романтикалық стильде жазылғандығын айғақтап тұр.

Әрбір көркем шығарма автордың өмірді тануын аңғартады деген қағиданы ұстансақ, онда М.Жұмабаевтың «Есімде.. тек таң атсын» өлеңінде ақын ұлт тағдырының кешегісі мен бүгінгісін шығармашылық қиял, уақыт пен кеңістік шарттылығы негізінде бейнелеген. Мұндай шарттылық туындының романтикалық стилін қалыптастырған. Бұл таза мәтінге байланысты байлам. Ал, жалпы Мағжан шығармашылығындағы осы туындының маңызына келсек, онда бұл шығарманың орны айрықша. Олай болатынының себебі: біріншіден, «Есімде... тек таң атсыннан» бастап, Мағжанның музасында ұлт тағдырына деген сенім күшейеді. Осы шығармадан соң ақын жырында отаршылдыққа қарсылық төңкерісшілдік, оптимистік сипат ала бастайды; екіншіден, суреткер стилінде бейнелілік сипат тереңдеп, романтикалық шарттылық басты орынға шығады. Осындай идеялық және көркемдік факторлар Мағжанның үлкен ақындық жолға бетбұрыс жасағаны аңғартады. Шамамен осы тұстан бастап қаламгер шығармашылығының екінші аса жемісті кезеңі басталады.

«Есімде... тек таң атсын» өлеңі М.Жұмабаев шығармашылығының жаңа екінші кезеңінің басы болды дегенде, ең алдымен, әлбетте, қаламгердің тың көркемдік өңірлерге бастағанын айтамыз. Қандай да болсын қаламгер шығармашылығындағы жаңа көркемдік жүйеге ауысу дегенде, сол көркемдік жүйенің ерекше стиль түзетінін баса айтуымыз қажет. Сондықтан көркемдік пен стиль өзара берік бірлікте алынуы тиіс. «Есімде... тек таң атсын» туындысының жаңалықтың басы болуында – оның стиліндегі әлгіндей ерекшеліктер жатыр. Айталық, біріншіден, өлеңде стиль тудырушы стилемалық бірліктердің сабақтастығы; екіншіден, белгілі бір ойды суреттеудегі бейнелі сөздердің өзара жуықтастығы, бір ыңғайда жұмсалуы; үшіншіден, осы шығармадағы стиль түзуші компоненттер автордың өзге шығармаларындағы осындай бірліктерге ұқсас болып, автордың жалпы шығармашылығына тән ортақ стиль төңірегінде әңгіме қозғауға мүмкіндік береді.

Әрбір бейнелі сөз мәтіндегі жалпы мағынаның ұғымдық –образдық бір бөлшегі. Егер күнделікті ауызекі тілде немесе өзге функционалды стильдердегі мәтіндерде заттың, құбылыстың атауы белгілі бір сөз арқылы ұғым жасаса, сөз өнерінде онда тізбекті былайша көрсетуге еді: сөз- ұғым-образ - құбылыс. Міне, осыдан барып тіл білімі зерттеуге тиісті лингвистикалық стилистика мен әдебиеттану қарастырған поэтикалық стилистиканың аражігі, зерттеу нысандары көрінбек. Поэтикалық стилистикада сөздердің грамматикалық мәні емес, болмаса грамматикалық тұлғалардың қолданылу барысы емес бейнелі сөздердің образ жасаудағы ішкі заңдылықтары мен мүмкіндіктері негізге алынуы тиіс. Сол себепті ондай бейнелі сөздер - әдеби туынды жасаудың басты шарты болуымен бірге, жалпы әдебиеттің түрленуінің, дамуының, жалпы алғанда, біз білетін сөз өнері байлығының қуаты мен сарқылмас қайнары. Егер шығармада қолданылған сөздер эстетикалық мән тудыра алмаса, яғни, ең алдымен көркем шығарма деген критерилерге толық жауап бере алмаса, бұл шығарманың танымдық мәні жөнінде әңгіме қозғаудың өзі артық болар еді. Сол себепті де біз әрбір көркем шығарманы ерекше көркемдік әлемге балай отырып, оның образдық өрісі, эстетикалық мазмұны жөнінде әр кезеңде жаңа сөз, тың пікір айтуға мүмкіндік аламыз. Біздің ойымызша, осындай әр шығармаға тән эстетикалық мазмұн жасауда автор сол идеялық мазмұнды ашуға тиісті белгілі бір сөздік қорды көркемдік-образдық деңгейде қолданады. Осыдан барып әр қаламгерге тән стильдік ерекшелік мәселесі туындайды.

Стильге байланысты сөз барысында, оның шығармадағы сөздер тізбегі немесе троптар мен фигуралардың қолданылу ерекшеліктері емес, автордың сөз таңдау бейімі екендігін ескерткіміз келеді. Ондай сөз таңдау бейімін автордың образды ойлау жүйесі дүниеге әкеледі. Бұл әрі филологиялық, әрі философиялық, әрі психологиялық, қажет болса тарихи және географиялық мәні мен сыры бар мәселе. Әрине, мәтіндегі сөздердің баршасы да стилема бола бермейтіні түсінікті. Біз төменде стиль тудырушы тілдік көркем бірліктердің басты дегендерін ғана бердік

Керілген кербез сұлу қыранша

таласып аспан-көкке ақ найза алты құлаш

айнымас алдаспанды тұлпар міндік

белді будық құрсанып

жауға ұмтылдық аспаннан сорғаласа

үйрек сорлы быт-шыт болып

бақ шіркін алдап, күліп

қаптарынқапылыста маң-маң басып қу қаңбақ мерген пасық ойнақтаган қалың буға

мас қыларлық сужүрек басын ұрып қатты шақсын тек таң атсын

құйылып тұрды көктен

Өлеңдегі бейнелі сөздердің стильге қатысы дегенде, автор қолданған метафора, аллегория, кейіптеу сияқты троптардың белсенділігін айтамыз. Автор бұл арада романтикалық стильге тән мифтік үғымдарға жуық сөздерді, метафораланған тіркестерді, жансыз заттар мен құбылыстарды жандандыра суреттеу тәсілін ыңғайлы көреді. Мәселен, жұмақ нұры, алтын тауы, ақ найза алты құлаш, қызыл алтын, ауыздан "а " дегенде жалын шығып, жібекпен жетпіс қабат белді будық деп келетін фольклорлық-мифтік поэтизмдер, суы - күміс, жібек -- қыры, отқа жүрек толып дегендегі метафоралық сыңарлар, сүңқар, үйрек, арыстан, жолбарыс, алғыр құсы, сұр жылан деген аллегориялық мәндегі сөздер, хор даусындай, қыранша, қыран құсша, жолбарыстай деп берілген теңеулер, сөз жоқ, Мағжан стилін жасаушы поэтизмдер. Бір оқығанда бұлардың бірқатары ХІҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінен, қала берді, халық ауыз әдебиетінен таныс, оқырман санасына әбден жақын сөздер болып көрінуі ықтимал. Ақиқаты да солай. Күштілікті арыстанға, жолбарысқа балау, қорқақтықты - қоян, аярлықты - сұр жылан кейпінде суреттеу аса жаңалық та емес шығар. Дегенмен, автордың аталған белгілі көркемдік құралдарды жаңа мазмұн, тың образ күйінде қолдана алғандығын ескертеміз. Ал, мәтіндегі фольклорлық дәстүрді еске түсіретін сөздер мен сөз тіркестеріне келсек, онда екі түрлі табиғи көркем ерекшелікті арнайы айтып кетудің ыңғайы бар сияқты. Біріншіден, бұл шығарма өткен ғасырдың басында жазылғанын ойға түсірсек, онда қазақ сөз өнерінің ауызшадан жазбашаға өту дәуірінің ерекшелігін ұғынар едік. Осы тұста әлі де авторлық ауызша әдебиет пен енді қалыптасып келе жатқан жазба әдебиет арасындағы байланыс әлі де күшті болатын. Жазба әдебиетінің жаңа кестелі эстетикасы халықтық шығармалардан нәр алатындығы, ал Мағжан дәуірінде оның қуатты қайнар болғандығы күмән тудырмайды. Екіншіден, "Есімде...тек таң атсын" романтикалық туынды болған себепті, мәтінде фольклоризмдердің белгілі бір көркемдік қабатты құрауы да заңды. Өйткені романтикалық бейнелеу тәсілінің тілдік арсеналында қай кезде де қай халықтың сөз өнерінде де фольклорлық тәсілдер мейлінше еркін әрі өнімді қолданылған.

Бұл өлеңді М. Жұмабаев шығармашылығындағы белесті дүние дегенбіз. Оны шығармашылығының екінші, романтикалық кезеңінің басы болған соң солай дегенбіз. Ол "Есімде... тек таң атсынның" ақынның жалпы әдеби мұрасындағы орнын айқындайды. Бұл бір. Екіншіден, ортақтастық қырынан алғанда, бұл туындының стилі ақынның тұтас шығармашылығындағы кейбір стильдік ізденістерді көрсете алуға әбден жарайтын туынды. Суреткер стилінен айрықша орын алатын белсенді сөздердің белгілі бір контингенті бір мәтін емес, бірнеше, тіпті, ондаған мәтіндер стилін таныта алатын осындай бірліктердің бірқатары алғаш рет осы өлеңде қолданылған. Мұндай сөздер мен сөз тіркестері автордың түпқазық ойларын білдіреді. Олар әрқашан автор санасында тұрып белгілі тақырыптық, идеялық ыңғайдағы шығармаларда қолданылып отырады да, көркем сөз иесінің сөздік қорындағы жиі қолданылатын белсенді лексиканы құрайды. Асылы, ақын-жазушылардың стилін, көркемдік жаңалықтарын қарастыру барысында түйінді сөздердің тізбесі, сондай-ақ олардың әр түрлі әдеби-көркем нұсқалары жасалса көркем мәтінді тану, зерттеу ісіндегі деректілік пен нақтылыққа қосылған үлес болар еді. "Есімде... тек таң атсын" өлеңіндегі түйінді сөздер мен ақынның өзге шығармаларындағы осындай сөздердің тізбесін көрсетейік. Қарайтылып терілгендер осы өлеңде қолданылған сөздер болса, курсивпен терілгендер ақынның өзге шығармаларында да кездесетін сөздер.

1. Кең дала - Кең дала, ("Жазды күні қалада"), кең дала ("Өткен күн"), кең дала ("Айга"), кең далаңда ("Туган жер"), кең дала ("Сен сұлу"), кең далага ("Өмір" 2), кең даламды, Кең далам ("Бала мен құс").

2. жұмақ нұры - жұмақ нұры ("Бостандық"), жұмақ нұры, жұмақ нұрын ("Гүлсімге").

3. ақ төсіне ақ төсін ("Өзеннің суын жел тербеп"), ақ төсінен ("Алатау ").

4. таласып аспан-көкке - - таласқан аспанменен ("Орал тауы"), көкпен талас ("Алатау"), аспан-көкте ("Зар"), көк аспан ("Мен жастарға сенемін"), аспан-көкпен, көк аспан ("Батыр Баян"), аспан-көкке ("Жатыр"), аспан-көк ("Күздікүні"), көк аспанын ("Қайғылы сұлуга"), көк аспан ("Жүсіп хан ")

5. суы - күміс күмістей таза суы ("Жаралы жан "), күміс кәусар суымен ("Толқын "), күмістей ақ көбігін ("Туган жерім — Сасьқкөл "), күміс кәусар суынан ("Әйел").

6. қажымайтын тұлпар міндік тұлпар мініп ("Тез барам"), тұлпарга мініп ("Жаралы жан"), мініп тұлпар ("Бесік жыры"), қажымас, талмас тұлпарым ("Өткен күн"), мініп ап... тұлпарды ("Батыр Баян");

7. Ақырған арыстанның айбатына шыдар ма - Арыстанмын, айбатыма кім шыдар ("Мен кім?"), Арыстандай айбатты ("Мен жастарга сенемін"), арыстанды айбыны зор ("Дін үйреткенге"), Айбынды арыстандай ("Батыр Баян"), ақырып ұмтылган, Арыстанның ("Күн шыгады да, батады" М.Горъкийден).

8. қорқақ құлдар - қорқақ құл, қорқақ құлдың ("Дін үйреткенге"), қорқақ құлдар ("Тез барам "), қорқақ құл ("Алыстагы бауырыма ").

9. алтын күн - алтын Күн ("Жауға түскен жанға "), Алтын күн ("Зар"), Алтын Күн ("Н...га), Алтын күнді ("Сагындым"), алтын күні ("Алыстағы бауырыма "), алтын күннен ("Қазақ тілі"), Алтын күн ("Батқан күн, атқан таңның жыры"), алтын Күн ("Сен сұлу"), алтын Күн ("Тірілдім"), Алтын күн ("Батыр Баян "), алтын күн ("Жогалган алтын ") алтын күнін ("Бесік жыры "), алтын күнім ("Тілегім ").

10. қара бұлт - қара бүлт ("Ғазизаға"), қара бұлт ("Өмір"2), қара бұлт ("Орамал"), қара бұлтты ("Ж....га"), қара бұлтты ("Жазгытұры"), қара бұлт ("Күншығыс"), қара бұлттар ("Қараңғы, дауылды түн"), қара бұлттай ("Батыр Баян"), қара бұлттар, қап-қара бұлттармен ("Оқжетпестің қиясында"), қап-қара бұлтқа ("Қойлыбайдың қобызы"), қара бұлт ("Зар"), қара бұлттар ("Ертегі"), қара бұлт ("Ана"), қара көк бұлт ("Көкшетау"), қара бұлт ("Ф..га"), қара бұлттың ("Сәлем хат"), қара бұлттан ("Күннің батуы " Г. Гейнеден).

11. Еріктің еркетайы, ардақтысы - Еркін дала ардақтысы, еркесі ("Тез барам"), еркетай ("Жаз келеді"), еркетайы ("Ф...га"), еркетайым ("Ғазизаға"), еркетайым ("М...альбомына"), еркетайым ("Жұлдызды жүзік, айды - алқа ғып берейін"), еркетайым ("Ұлан"), еркетай ("Батқан күннің, атқан таңның жыры "), еркетай ("Сел ").

12. Алтайдың - Алтай ("Тез барам"), Алтай ("Қазақ тілі"), Алтай, Алтайдың, Алтайға, Алтайды, Алтайдай ("Алыстағы бауырыма") Алтайға ("Жер жүзіне"), Алтай ("Орал тауы"), Алтайдан ("От"), Алтай, Алтайға, Алтайдың, Алтайынан, Алтайына, Алтайды ("Қорқыт"), Алтайдың ("Балапан қанат қақты ").

13. күн алтын - Күн алтын ("Жазғытұры"), күніңмен алтын ("Г...ге").

14. Ай қалқып - ай қалқыды ("Тұранның бір бауында ").

15. жолбарыстай ұмтылармыз - жолбарыстай ("Алыстағы бауырыма"), жас жолбарыс ұмтылса ("Тез барам"), жолбарыстай ("Батыр Баян").

16. таң атсын -Таң атсын, Таң атқанда, таң атты ("Жазгы таң"), Таң атқанша ("Адастым"), таң атқанша ("N...80."), Таң да атты, Таң атқанша ("Ескендірдің мүйізі"), атса да таң ("З..га), таң атқанда, таң атқан, таң ата, атқан таңдай ("Батыр Баян"), таң атты ("Ертегі"), таң атқанда ("Қорқыт"), Таң атты ("Өтірік ертек"), таң атты ("Жан сөзі"), таң атпайтын ("Тұтқын"), таңы атпаған ("Пайғамбар"), таң атпай ("Зарлы сүлу"), таң атпай ("Айда атыңды, Сәрсенбай"), атқан таңды ("Сағындым"), атты таң ("Жылқышының үйінде"), таң атса ("Құр қалыппын"), таң атты ("Жүсіп хан"), таң атып ("Қаныш бай қиссасы"), атпадың ғой таңың ("Жел"), атып алтын таң ("Мені де, өлім, әлдиле"), атпаса екен таңы да ("Сүй, жан сәулем"), атар таң ("Бір күні), таңы атпаған ("Тоқсанның тобы").

17. жауыз жау - Жауыз жау ("Алыстағы бауырыма"), жауыз жаудың ("...га").

18. жібек - жібек ("К..ға"), жібектей ("Жазғытұры"), жібектей ("Айға"), жібек ("Сен сұлу "), жібектей ("Алыстағы бауырыма "), жібек ("Гүлсімге "), жібек, жібектей ("Батыр Баян"), жібек ("Батқан күннің, атқан таңның жыры"), жібек ("Г..ге"), жібек ("Бостандық"), жібек ("Сүй, жан сәулем"), жібек, жібегім ("Күміс нұрлы Ай"), жібек ("Біраз Фетше"), жібек ("Қарындасқа"), жібек, жібегім, жібекті (Р..га), жібек ("Анама"), жібек ("М... алъбомына"), жібек ("Берниязга"), жібек ("Ертегі"), жібектей ("З..га"), жібек, жібектей ("Сағындым"), жібектер ("М.Д. абақтыдан шыққанда"), жібектей ("Еділде"), жібекке ("Жазгытұрым"), жібектей ("Жазғы жолда"), жібектей ("Жұлдызды — жүзік, айды алқа қып берейін"), жібек ("Жүсіп хан"), жібек ("Өткен күн"), жібек ("Ж..ға"), жібек ("Әйел"), жібек ("Ф..ға"), жібегім ("Орамал"), жібегің, жібекпен, жібек пе, жібек ("Батқан күн, атқан таңның жыры"), жібек ("Мені де, өлім, әлдиле"), жібектей ("Ертеңгі сәулелер" орысшадан).

19. сұңқарым - сұңқарым ("Өткен күн"), сұңқар ("Бесік жыры"), сұңқар ("Төбет"), сұңқардай, сұңқардайын ("Батыр Баян"), сұңқарға ("Мен жастарға сенемін"), сүңқарды ("Еслам қазасына көңіл айту"), сұңқардай ("Шалдың үміті" Колъцовтан).

20. сұр жылан - сұр жылан ("Жатыр"), сұр жыландай ("Батыр Баян ").

21. Арқада, Арқаның - Арқа ("Мен жастарға сенемін"), Арқада ("Еділде"), Арқамды ("Сәлем хат"), Арқамды ("Сүйемін"), Арқадағы ("Сағындым"), Арқа, Арқаның ("Қырғыз-қазаққа"), Арқаның, Арқа, Арқага, Арқамдай ("Батыр Баян"), Арқада, Арқа ("Оқжетпестің қиясында"), Арқада ("Ертегі"), Арқаның ("Өтірік ертек"), Арқаның ("Түркістан").

22. ойын-күлкі - ойын-күлкі ("Қорқыт"), ойнап-күліп ("Құр қалыппын"), ойнап-күлдім (З...га), ойнап-күліп ("Туган жерім -- Сасықкөл"), күлкі-ойын ("Қазағым"), күліп-ойнар ("¥лан"), ойнап күлмейсің ("Жәмилә").

23. сәулесі қызыл алтын алтын сәуле ("Жарыма"), алтын сәуле ("Зар"), алтын сәуле ("Түн еді"), сәулесі алтын ("Дін үйреткенге"), сәулелі аспанда алтын ("Қараңғы, даулы түн"), Алтын сәулем ("....га"), алтын сәулем ("Жан жарымды бір сүйейін түсімде"), алтын сәуле ("Жаз келеді"), Сәулеге алтын ("Сәуле"), сәулесінен от алтын ("Пайгамбар"), сәулелі аспанды алтын ("Қараңғы, дауылды түн"), алтын сәуле ("Ертеңгі сәулелер" орысшадан), сәулесіне алтын ("Күннің батуы" Г.Гейнеден), қызыл алтын ("Ф...га").

24. Күн батуға - Күн батып ("Батқан күн, атқан таңның жыры"), күн батып ("N...альбомына"), күн батып ("Пайгамбар"), Күн батып ("Айга"), Күн батцанда ("Қорқыт "), күн батқанда ("Туган жерім — Сасықкөл "), Күн батқан, күн батқанда ("Ф..ға"), күн батты ("Өтірік ертек"), күні батқан, күн де батып ("Батыр Баян"), Күн батқан ("Жаз келеді"), күн батқанмен ("Тұтқын "), Күн де батты ("Жүсіп хан "), батқан күніменен ("Күншыгыс "), батса күнім ("Нүржәмиләға"), батпас Күнінен ("Әйел"), батқан күннің ("Гүлсімге "), күн бата ("Еділдің сағасында "), күн батар, Батқан Күн, Күнді батырад ("Күннің батуы " Г.Гейнеден).

25. еркін ойнақтаған еркін шауып ойнақтап ("Өткен күн"), салады ойнақ ("Түркістан"), ойнақ салган ("Жылқышы"), ойнақ салып ("Туған жерім -Сасықкөл") салып ойнақ ("Алыстағы бауырыма"), салар ойнақ ("Алатау"), ойнақ салып, ойнақ салады ("Қорқыт"), ойнақ салып ("Қойлыбайдың қобызы"), ойнақтаған ("Еділде");

26.сайран, сауық құрып - сауық-сайран құра ("Жаралы жан "), сауық пен сайран құрады ("Ләззат қайда? ").

27. оң мен солға - оң мен солға ("Ата"), оңға, солға ("Жаралы жан"), оң-солға, оңды-солды ("Батыр Баян"), оң менен сол ("Анама"), оң мен солда ("Жарыма"), оңды-солды ("Нағашыларға"), оңға-солға ("Мен сорлы").

28. Бақ шіркін бір күн қонып - қонып еді ол уақыт бақ, ұшқан басымыздан бақыт құсы ("Айға"), бақыт құсы бастарында ("Орал тауы"), бақ құсы ұшып ("...га"), бақыт құсы қонып ("Жатыр").

29. Есімде... —Есімде... ("М...га"), Есімде ("Жан сөзі").

30. құрсанып қылыш өтпес мұздай темір - мұз көк темір киініп ("Жазғы жолда ")

31. ұсап түрды ұсадым (Р..га).

32. сұлу - сұлу ("Сен сұлу"), сұлу ("Берниязга"), сұлу ("Ертегі"), сұлу, сұлудай ("Жазғытұры"), сұлу ("Күз"), сұлу ("Құр қалыппын"), сұлу ("Сұр құлын"), сұлу ("Сүйгенім анық"), сұлу ("Өміріме өкпем"), сұлу ("Қорқыт"), сұлу ("Хор сипатты қарындас"), сұлу, сұлулыққа ("Зухра"), сұлу, сұлудың ("Тұранның бір бауында"), сұлу ("Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін"), сұлу ("Жас сұлуга"), сұлуга, сұлудың, сұлу, сұлуды ("К..га"), сұлулардың ("Толған Ай"), сұлу, сұлудыц ("Гүлсімге"), сұлу ("Сәуле"), сұлуга ("Қайғылы сұлуға"), сұлу ("Қазақ қызына әзіл"), сұлу ("Ертегі"), сұлу-ай, сұлудың, сұлу, сұлуға, сұлуды, сұлуы, сұлулық, сұлуым ("Батыр Баян "), сұлулықтың ("Жан сөзі"), сұлу ("Жазғытұрым "), сұлу ("Бүгінгі күн өмір, өлім менікі"), сұлу (З..га"), сұлу ("Күз"), сұлу ("Бесік жыры "), сұлулар ("¥лан"), сұлу ("Батқан күн, атқан таңның жыры"), сұлу ("Домбыра"), сұлу ("Жел"), сұлу ("Нұржәмиләға"), сұлу, сұлуларды, сұлумен ("Мені де өлім әлдиле"), сұлу ("Еңбек - өлім жан қанатын қиятын"), сұлуларын, сұлулар ("Орман патшасы" Гетеден), сұлу ("Екі бетің, сұлу қыз.." Г.Гейнеден), сұлудай ("Күзді күні"), сұлу ("Сал-сал білек, сал білек"), сұлуды ("Тұтқын " М.Лермонтовтан).

33. ол күнді - ол күндер ("Қорқыт ").

34. хор - хорлар ("Өнер-білім қайтсе табылар?"), хор ("Г...ге"), хор ("Ф..га"), хор ("Хор сипатты қарындас"), хор ("Домбыра"), хор ("Өткен күн"), хор ("Көңілді ашар"), хорлар ("Әйел"), хор ("Қайғылы сұлуға"), хордан ("Арабтан").

З5. жонға - жонда ("Жаралы жан "), жонды ("Қойлыбайдың қобызы").

36. сорлы - сорлы, сорлының ("Жаралы жан"), сорлы ("Жарлы қазақ"), сорлы ("Бұлбұл"), сорлыларды ("Тілегім"), сорлы, сорлыға ("Жауға түскен жанға"), сорлы ("Батқан күннің, атқан таңның жыры"), сорлы ("Жұлдыздарға"), сорлы ("Сүйгеніме"), сорлы, сорлының ("Түн еді"), сорлының ("Шойын жол"), сорлы ("Өмір "), сорлы ("Жылқышыныц үйінде "), сорлы, сорлыны ("Тәңірі"), сорлы ("Жатыр"), сорлы ("Қазақ азаматы"), сорлы ("Ескендірдің.."), сорлы ("Ғазизаға"), сорлы ("Сағындым"), сорлы ("Туған жер"), сорлы ("Айырылғанда"), сорлы ("Өткен күн"), сорлы ("Алдамшы өмір"), сорлы ("Тұтқын"), сорлы ("Сорлы қазақ"), сорлыларға ("Бір күні"), сорлы ("Жазғы түнде"), сорлы ("Сағат"), сорлы ("Жан сөзі"), сорлыңнан ("Орамал"), сорлы ("Пайғамбар"), сорлы, сорлыны ("Көбелек"), сорлы ("Жәмилә"), сорлы ("З..ға"), сорлы ("Батыр Баян"), сорлы ("Қазағым"), сорлы ("Шын сорлы"), сорлы ("Мағарри сөздер"), сорлы ("Арабтан"), сорлы ("Тоқсанның тобы"), сорлы ("Күзді күні"), сорлы ("Оқжетпестің циясында"), сорлы, сорлының ("Жүсіп хан"), сорлы ("Тұтқын" М.Лермонтовтан), сорлы ("Күн шыгады да, батады" М. Горъкийден), сорлы ("Күннің батуы " Г.Гейнеден).

37. көрелік төңіректі - қарашы төңірекке ("Орал тауы ").

З8. қыранша, қыран - қыран ("Қазақ тілі"), қыранмын ("Жер жүзіне"), қырандай, қырандар ("Мен жастарға сенемін "), қыранымын ("Тез барам "), қыран, қыранда, қыранға, қырандар, қыранды ("Батыр Баян"), қырандай ("Қаламыма ").

39. Алаштың, алаш Алаш, Алаштың ("Мен жастарға сенемін"), алаш, алашқа, Алашта ("Өткен күн"), алаш ("...ға"), алаш, Алаштың, Алашқа ("Түркістан"), алаш ("Дін үйреткенге"), алаш ("Еділде"), алаш, Алаштың, Алашқа ("Тәңірі"), Алаш ("Сүйемін"), алаш, алашым ("Сағындым"), алаш, алашқа ("Сырдағы алашқа"), Алаштың, Алашқа ("Алатау"), Алашпын ("Жолдасқа"), Алашта, Алашқа, алашқа, Алаш, Алаштың, Алашымдай, Алашым ("Батыр Баян"), Алаш, Алашта ("Қорқыт"), Алашта, Алашты, Алаштың, алашыңды, Алаштан («Оқжетпестің қиясында»), алаштың, алаш, алаштан, Алаш, алашым, алашқа («Ертегі»), алашқа («Толғау»).

40. Жарық пен қараңғылық араластысәуле мен қараңғылық араласты («Батыр Баян»), қараңғылық («Айға»), қараңғылық («Толған Ай»), қараңғылық («От»), қараңғылық («Пайғамбар»), қараңғылық («Қараңғылық қоюланып келеді»), қараңғылық («Батқан күн, атқан таңның жыры»).

41. маң-маң басып – маң-маң басып (Оқжетпестің қиясында»), маң-маң басып(«Ертегі»).

42. қоян жүрек қорқаққорқақ қоян («Батыр Баян»).

43. жүрегі, қайратына – жүрек, қайрат («Жер жүзіне»).

44. тыныш ұйқығатыныш ұйықтаАтақты ақын сөзі алтын хакім Абайға»).

45. күш пен қайратқайрат, күшті («Дін үйреткенге»), қалын қайрат, есіл күш («Түс»).

46. амандасты – амандас («Сүйгеніме»), амандасып («Толған Ай»).

47. құйылып тұрды –құйылып тұр («Сырық мойын, біз мұрын»).

48. сәуле шашты – сәуле шашты («Батыр Баян»).

49. алдаспандыалдаспан, алдаспанды («Батыр Баян»).

50. алласына Алла, Алласыз («Тәңірі»), аллаға («Мағарри сөздер»), алла («Түн еді»), алладан («Еңбек - өлім жан қанатын қиятын» ), аллаға («Жазғытұры»), Аллашыл («Еділдің сағасында»), Алла («Эпиграммалар», алланың («Өміріме өкпем»).

51. белді будық – белді буып («Жарыма»).

52. мезгілде, мезгілше – мезгілде («Жаздыкүні қалада»), мезгілде («Берниязға»).

53. қөргенше қош – көріскенше қош («Айырылғанда»).

54. Мас болып – мас боласың («Ой»).

55. батқан шақта – батқан шақ («Оразада»).

56. Жаңадан – Жаңадан («Жарыма»).

57. айнымас –айнымасқа («Жарыма»)..

Жоғарыдағы тізбеден «Есімде ... тек таң атсында» қолданылған сөздер мен сөз тіркестері ақынның бұдан өзге жүзден астам өлеңінде және «Ертегі», «Қойлыбайдың қобызы», «Оқжетпестің қиясында», «Қорқыт», «Батыр Баян» поэмаларында, лирикалық әңгімелерінде кездесетінін байқадық. Мұның өзі, «Есімде ...тек таң атсын» өлеңінің ақын поэзиясының тілдік - көркемдік жүйесіндегі айрықша орнын аңғартып, Мағжан Жұмабаевтың жалпы шығармашылығының да стилін көрсете алатын туынды деуге толық ерік береді. Сондай-ақ, мәселен, жұмақ нұры, ақ төсі, күміс су, ай, күн, қызыл алтын, сұр жылан, қара бұлт, сұлу т.с.с. сөздер мен сөз тіркестерінің мәтіндегі қолданыстары романтикалық стильдің бейнелеу арсеналын танытады. Осылардың ішінде ай, күн, алтын, сұлу сөздері ақын поэзиясында өте жиі қолданылады. Бұл сөздердің қолданыстарын талдап - тексерудің тиімді нәтиже беретіндігін ескерте отырып, ақын шығармашылығында осы атаулармен берілген тұтас шығармалар да бар екендігін де еске сала кетпекпіз. Мысалы: «Толған ай», «Айға», «Күміс нұрлы ай», «Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін», «Жоғалған алтын », «Батқан күн, атқан таңның жыры», «Қайғылы сұлуға», «Сен сұлу», «Зарлы сұлу», «Жас сұлуға » «Алданған сұлу». Ақын поэзиясында жиі қолданылатын мекендік атаулар Алтай мен арқа. «Алтай» сөзі ең алғаш рет «Орал тауы» мен осы өлеңде қолданылған. Автор онда Алтай тауы түркілердің бесігі, ата-бабаларымыздың киелі мекені («Япырмай, емес пе еді алтын Алтай, Анамыз бізді тапқан, асау тайдай...», «Өсірген алтын анам Алтайды да...», «Алтайға, ата мирас алтын таққа...») ретінде айрықша жырлаған. Алтай ақын трактовкасында, осындай аяулы ұғым, өткен күндердің қасиетті мекені болса, Арқа туған жердің, атамекеннің символы. «Арқа» сөзі ақынның осы туындысында тұнғыш рет қолданылғаны белгілі болып отыр. Ақынның осы өлеңінде және өзге де көптеген шығармаларында ұшырасып, эмоциональды –экспрессивті мәнде қолданылып стильдік реңк тудыратын сөздердің бірі – «Алаш» сөзі. Мағжан ұғымында «Алаш» сөзі – «қазақ» сөзінің жай синонимі, баламасы ғана емес, ол ұлттың кешегі шежірелі күндерінің қаһармандық бейнесі («Айбынды Алаш»), сондай–ақ ұлт тұтастығының да («Алты Алаш») белгісі. Сол себепті «Алаш» сөзі суреткердің тарихи тақырыптағы және ел мен жердің азаттығын аңсаудан туған шығармаларында жиі қолданылған. Сонымен бірге, «Алаш» сөзі ақынның қай шығармасында кездеспесін экспрессивті мәнде қолданылып, соған орай стильдік реңк тудырады.

Ілгерідегі сөздер тізбесінен және бір байқағанымыз –«Есімде... тек таң атсынның» сөздік қорына «Тез барам», «Өткен күн», «Алыстағы бауырыма», «Мен жастарға сенемін», «Жер жүзіне», «Батыр Баян» секілді өзге шығармалары тілінің жуықтастығы. Айталық, стильдік реңк тудырып, туындының образдық жүйесін жасауға белсенді түрде қатысатын арыстанның айбатына – Арыстандай айбатты, айбынды арыстандай, қорқақ құлдар –қорқақ құлдар, қорқақ құл. Еріктің еркетайы, ардақтысы – Еркін дала ардақтысы, еркесі; жолбарыстай ұмтылармыз-жас жолбарыс ұмтылса, жолбарыстай; еркін ойнақтаған –салып ойнақ; қажымайтын тұлпар мініп - қажымас талмас тұлпарым; сұңқарым – сұңқарым, сұңқардай, сұңқардайын, сұңқарға т.с.с. Мұндай мәтіндік ұқсастықтар, әрине, кездейсоқ емес. Мазмұн пішінді қалыптастырады деген қағиданы ұстансақ, онда аталған алты шығарма мен «Есімде... тек таң атсын» араларында тапқырыптық –идеялық, түрлік-жанрлык, тілдік –стильдік сабақтастықтар бар. Олар: а) олардың баршасы романтикалық бейнелеу әдісімен жазылған дүниелер; ә) қай –қайсысы да ұлт азаттығы идеясын мақсат етіп, тарихи мазмұнға құрылған: б) баяндалған жайттар мен оқиғаларға автордың қатынасы ерекше, содан барып субъективті стиль қалыптасқан.

Мағжанның осы өлеңі кезінде оның өзінің шығармашылығында емес, өзінен соңғы қазақ поэзиясында да белгілі бір дәстүр қалыптастыра бастады. Оның нақты әрі жарқын көрінісі – Бернияз Күлеевтың поэзиясы. Жас дарынның «Жорық» поэмасы идеялық мазмұны, оқиғалық желісі, стилі жағынан алғанда «Есімде... тек таң атсынға» және үлкен қаламгердің өзге де шығармаларына еліктеуден туған лиро-эпикалық дүние. Мағжан Жұмабаевтың әдеби көркем мұрасында айрықша орындардың біріне ие болатын «Есімде... тек таң атсын» өлеңін қарастыру барысында - оның бірқатар аса елеулі жаңалықты қырларын танып-білдік. Айталық:

- өлеңде қазақ поэзиясында субъективті романтикалық мазмұндағы дарашыл ақындық «меннің» жаңа типі қалыптасып жатқандығы аңғарылды;

- ақындық «меннің» субьективті және обьективті әлемді еркін меңгеруі осы өлеңде ерекше байқалды;

- шығармаға лиро-эпикалық өң беріп, қазақ өлеңіне жаңа мазмұн мен пішіндегі оқиғалы лирикалық туындының келгендігін айғақтады;

- бұл туындыда қаламгердің шығармаларында, сондай-ақ ең бастысы – қазақ лирикасында автор үш уақыттық кезеңді (кеше – бүгін – ертең) алғаш рет бейнеледі, осыған орай, лирикалық шығармалардағы уақыт пен кеңістікті бейнелеудің тың көркем моделін жасады;

- шығарманың идеялық мазмұны мен көркемдік, стильдік қырлары ақынның өнернамасында жаңа шығармашылық кезеңнің басталғанын көрсетті;

- идеялық және көркемдік-стильдік белгілер бұл туындының отаршылдыққа қарсылықты («Есімде... тек таң атсын», «Тез барам», «Жер жүзіне») циклдың тұңғыш үлгісі екендігін дәлелдейді және бұл шығарма ақынның да, жалпы қазақ әдебиетінің де цикл түзуші ең алғашқы туындысы болды;

- «Есімде... тек таң атсын» өлеңінің мәтінінде кейінірек ақынның лирикалық және эпикалық жүзден астам шығармаларында кездесетін көркемдік-тілдік бірліктер қолданылып, бұл туындының жалпы ақын шығармашылығының стилін қалыптастырудағы айрықша орны бар екендігін аңғартты.

Әдеби шығарманың негізі - көркем мәтін десек, онда көркем мәтін - әдеби дәуірдің тақырыптық-идеялық, көркемдік, тілдік-стильдік ерекшеліктері жинақталған мейлінше нақты, шынайы фокусы іспетті.

Әдебиеттер:

  1. Ахметов З. Кемел ақын, кемеңгер ойшыл //Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы. Бірінші том. Алматы: Жазушы, 2003.
  2. Тамарченко Н.Д., Тюпа В.И., Бройтман С.Н. Теория литературы (Теория художественного дискурса. Теоретическая поэтика). Москва: Academia, 2004.
  3. Бабенко Л.Г. Филологический анализ текста. Основы теории, принципа и аспекты анализа. Москва: Академический проект, 2004; Екатеринбург: Деловая книга, 2004.
  4. Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. Москва: Искусство,1979.
  5. Лотман Ю.М. Структура художественного текста. Москва: Высшая школа, 2001.
  6. Жирмунский В.М. Введение в литературоведение. Курс лекций.Санкт-Петербург: Издательство Санкт-Петербургского университета, 2000.
  7. Поляков М. Вопросы поэтики и художественной семантики. Москва: Советский писатель,1978.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар