Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қалқаман Сарин. Абыздың мұңын бер, Алла!

23.02.2018 4022

Қалқаман Сарин. Абыздың мұңын бер, Алла!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ! –

Өр тұлғасы тауға айналып,

Көк тіреген құзар шыңнан дулығасы аумай қалып,

"Күлдір-күлдір кісінеген күреңдей" боп,

...Күре тамыры білеудей боп,

Кесек сөйлеп,

Кек қысып,

Жауға айла ғып,

Кеуде керіп тік жүретін,

Кең даланы маңдайға алып!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –

Жауласқанын түгел жеңіп,

Дауласқанын түгел жеңіп,

Маңғазданып, мінезденіп...

Шалқып-шалқып сөйлейтін,

Шат-шадыман бір күйге ілезде еніп,

Толқып-толқып сөйлейтін

Топты жарып,

...Түрленіп,

Түрі өзгеріп,

Қорқып-қорқып қашатын сонда, сонда

Қарсы келмей бетіне бір өзге жұрт!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –

Біт сәттен, бір мезеттен,

Бар қайғыдан арылып тым мезі еткен.

Дүниені дүр сілкінтіп,

Қабыландай қарғыса күнге жеткен.

Қара жердің үстінде үстемдік қып,

Көк аспанды көмкеріп күмбез еткен.

Өкініп, өксік буып,

Өткізіп алса-дағы мұңды өзектен.

Кезі жоқ кесір тиіп, тіл-көз өткен!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –

Өзен тасып,

Көл толқып,

Дала асқақтап

Һәм бекзада болмысын бөлек сақтап,

Көз алдына елестеп көне жорық,

Сарсадаққа жебе жонып,

Айбалтаға ағаш саптап,

Қайта келіп кешегі кемел шағы,

Қайта қонар басына адасқақ бақ!

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –

Тамыры толқып соғып,

Тәні қызып,

Тəуекел,

Тəңірден, - деп, - дəм-ырызық!

Жортқанмен,

Жаяу-жалпы жүргендерді

Жасқамайтын

Нағыз Ер,

Нағыз Ұлық!

Ұшқан құс,

Жүгірген аң саятшылылық

Шіркін-ай, ат үстінде бәрі қызық.

...Қаһарына бір мінсе қайсар қазақ

Қарақшының қаны бұзық,

Жаһаннамға жіберген жанын үзіп.

ҚАЗАҚ АТҚА МІНГЕНДЕ –

Көзімде көл тұншығып,

Кеудемде шер тұншығып,

Жануардың жалына жармасып ап,

Жаудан кегі қайтпаған ерше ұмтылып,

Жорта бергім келеді,

Ен далада

...Еңсе тіктеп, еркінсініп.

Соның бәрі дариға-ай, арман еді-ау,

Соққы болып тигенде сор тіршілік.

Тау теңселіп, жел күрсініп,

Алты қабат аспан аунап,

Жеті қабат жер сілкініп,

Кетсе-дағы

Ант етемін аттан түспен,

...Семсер сынар,

Кетпесін сертім сынып!

ДОМБЫРА

Сөзімнің басы бұл — домбыра!

Көзімнің жасы бұл — домбыра!

Қазақтың мұңы бұл — домбыра!

Азаттық үні бұл — домбыра!

Дәуірдің досы бұл — домбыра!

Ауылдың кеші бұл — домбыра!

Даламның даңқы бұл — домбыра!

Бабамның салты бұл — домбыра!

Батырдың серті бұл — домбыра!

Ақынның дерті бұл — домбыра!

Ашық күн нұры бұл — домбыра!

Ғашықтың сыры бұл — домбыра!

Көк аспан туым бұл — домбыра!

Шөл басқан суым бұл — домбыра!

Тербеткен ән-күй бұл — домбыра!

Жөргек пен әлди бұл — домбыра!

Ғаламат балам, бұл — домбыра!

Аманат саған бұл — домбыра!

КӨКШЕТАУ

Армысың,

Ару Көкше,

Сұлу Көкше!

Шетінен ер туғызған шымыр, Көкше.

...Делебең қозады екен дегбір қашып,

Дүрбелең дəуірлерден дүбір жетсе?!

Аңсарым, алып-ұшып келдім саған,

Жеткізбес мінезі бар жолдың сараң.

Саф ауа, самалыңнан сімірейін,

Жанымды азат етіп шер құрсаған.

Көзімнің жауын алған жаһұт мекен,

Түрленсең, тұнығыңа батып кетем.

Естіген жанда, сірə, ес қалмайтын,

Көрген жан сені, тіпті, бақытты екен!

Көкшетау,

Құшағыңды аш,

«Жер шоқтығым!»

Сергісін сенделмелі селсоқ күнім.

Өлсем де жеткізе алман өлеңіммен,

Сендегі сұлулықтың өлшеп құнын!

Кеп тұрмын кербез сұлу келбетті аңсап,

Сексенкөл – мойныңдағы меруерт-моншақ.

Жер қорып «Жеке батыр» секілденіп,

Арман не, тауға айналып ер боп қалсақ?!

Қазаққа ғана біткен бақ – Бурабай,

Көрген жан тұра алмас бір сəт туламай.

Алғаусыз күндерімнің белгісіндей

Алаңсыз айдынды өпкен аққулар-ай!

Алаңсыз айдынды өпкен аққулар-ай,

Қиналмай қанатыңды қақтың ба, оңай?!

Адасып арманыңнан қалдың ба, əлде?

Ұша алмай жер бауырлап топ тырнадай.

Тіріліп Оқжетпестен құлаған қыз,

Тіл бітсе не дер екен мына жар-құз?

Жазықсыз жазым болған жас арудың,

Көз жасы шығар, бəлкім, жылаған күз?

Жыладым, сырын біліп Жұмбақтастың,

Жасымды бұл не деген құрғатпас мұң?

Емініп ештеңе де сұрамаңдар,

Егіліп ешкімге де тіл қатпаспын.

Қойнауың тұнған тарих, жұмбақ, аңыз,

Ақтарсақ арқау болар жырға нағыз.

Айналып ақша бұлтқа əуеледік

Жеңілдеп жерден ауыр мұң-наламыз.

Қайтейін,

Кербез Көкше,

Сұлу Көкше!

Құлазып қалам мен де құның кетсе.

Өзіңді мəңгі жырлап өтер едім,

Шіркін-ай, оған бірақ, ғұмыр жетсе!..

ТУ

Сенің туың — ең айбарлы ту, білсең!

Сол айбарлы ту астында тудың сен.

Сатпа, туды!

Сақта, туды арыңдай,

Ар дегенің болады, ұлым, тым кіршең.

Мейлі, ақын бол ардакөңіл, ақжүрек,

Мейлі, батыр, балуан бол сомбілек.

Ұлым бар деп ұлтың мақтан қылмайды,

Ту астында тұра алмасаң елжіреп.

Сақта, туды!

Сақта суық сөздерден,

Сақта, туды сұғы тиер көздерден.

Туды тұтас ел сүйеді, Ал, ұстау —

Бұйырмас бақ тірі адамға кез-келген.

Ту ұстайсың — таза ұстасаң ойыңды,

Ту ұстайсың — таза ұстасаң бойыңды.

Оңды-солды ойнақшыта беретін,

Ол — жәй ғана жалау емес оюлы.

Ол — Көкжиек!

Ол — Күн-Қыран қалқыған!

Ол — Аспанның гүлі азаттық аңқыған!

Ол — Тәуелсіз Отаныңның көктегі

Бақ ғұмыры,

Шаттық үні шалқыған!

ҮШ ҚАСИЕТ...

Қолыңдағы өз туың, өз байрағың,

Байрақ деген — бағалы сөз ғой, жаным.

Өлгеніңше құлатпа, биік ұста,

Сөнгенінше суалып көз қайнарың.

Аузыңдағы өз үнің, өз ұраның,

Шырқа, кетсін ғаламды кезіп әнің.

Дақ түсірме даңқына, жатыр мұнда —

Абыройың,

Айбарың,

Сезім,

Арың!

Төріңдегі өз белгің, өз елтаңбаң,

Адам бақты жаңа атқан сезер таңнан.

Аманатқа қиянат жасап алма,

Құдіреттің қарап тұр көзі арқаңнан.

Ту,

Әнұран,

Елтаңба — үш қасиет,

Үш қасиет ұғынсаң күшті өсиет.

Айбарымен,

Үнімен,

Өр рухымен,

Тұрар сені сүрінген тұста сүйеп.

ҚЫРЫҚ...

Иә, Жаратқан,

Өміріме жетерлік,

Бақыт бердің,

Дәмін шербет, шекер ғып.

Қамсыз ғұмыр жазғаныңа маңдайға,

Сансыз шүкір ете алмасам...

Бекерлік!

Қырдан асып қырық деген келді жас,

Бұрынғыдай емес бəрі енді рас.

Қу дүние қусырылып барады,

Алшаң басып, ашқаныммен кең құлаш.

Алдымызда көп пе, əлде, аз ба өмір?

Күз келгендей күңіренді-ау жаз көңіл.

Неге, неге енді қалған ғұмырым,

Елестейді ертегідей өзге бір?!

Берілемін

Жегілемін көп ойға,

Уақытты ұстап тұрар жоқ айла.

Мен өзімді сағынамын кешегі,

Қалтасында қола тарақ, қолайна,

Арқасында домбырасы асынған,

Ортасында кіл достардың тасынған.

...Кейде, тіпті, мен өзімді іздеймін,

Айдан емес,

Жылдан емес,

Ғасырдан!

Мен өзімді сағынамын кешегі,

Таңдайда – əні,

Маңдай бағы бес елі.

Сыйластықтың,

Қимастықтың шіркін-ай,

Шын достықтың жоқ еді ғой есебі.

Құшағыма көктегі Ай мен Күн сыйып,

Ғұмыр кештім шын сағынып, шын сүйіп.

Адал жардың арманына серт бердім,

Ар алдында жұмыр басты құлша иіп.

Жасырмаймын,

Жазығым да бар, білем,

Сан сүріндім десем-дағы сақ жүрем.

Уақыттың уысынан шыға алмай

Қалдың ба екен,

Сағынышым салкүрең?!

Қырық деген,

Қырық деген бір белес,

Қыр астында қалды түрлі-түрлі елес.

Батқан күнмен батып бірге мың ойға,

Іңірменен болдық енді іргелес.

ЕЛГЕ БАРСАМ...

Еее, өмір-ай, арылтпай мұнар мұңнан,

Сағынышқа сарқылмас сыңар қылған.

Елге кеткім келеді,

Елге барсам

Елең қағып шығады кім алдымнан?

Кім алдымнан шығады елге барсам,

Туып-өскен,

Түлеген жерге оралсам

Еркелетер таба алмай екі адамды,

Басылмайды-ау бәрібір мендегі аңсар.

Елге барсам,

Басына шыт байлаған,

Баяғыдай алдымнан шықпайды анам.

Көне қорым көзіме түскен сайын,

Көңіл босап боздауық бұлтқа айналам.

Баяғыдай ауылда әкем де жоқ,

Тура сөйлеп сынайтын қатемді өжет.

Өткелінен өткізбей жұтты оны да,

Өлім деген қатыгез, қатерлі өзек.

"Анаңыздың қолынан дәм татып ек,

Ал, әкеңіз талайға арқа тірек

Болып еді!", - деп көрші еске алады

Елге барсам,

...Ескі үйге қорқа түнеп.

Екі бейне сол сәтте-ақ елес беріп,

Ести бергім келетін көп естелік.

Егілгенде жұбаныш бола алмадың,

Еее, өмір-ай, өз балаң емес пе едік?!

Өмір, өмір өтеді-ау сірә да, өстіп

Бірде күліп, ал бірде жылап, өксіп,

Көңіл сенбей көп іске құлазиды,

Тұрса-дағы көз көріп, құлақ естіп.

Көзден емес жүректен жас моншақтап,

Көкке қарай беремін жасқаншақтап.

Түбі -

Кеңдік,

Биіктік,

Мөлдірлікті,

Сақтап қалса қалады-ау аспан сақтап.

ЕКІ ТАҒДЫР...

Қарасуық.

Қараша.

Қала күзі.

Екі тағдыр көрдім мен нала жүзі.

Екі жетім жоқ үйі, жоқ азығы,

Туа салып тауқымет тартатындай,

Не жазығы бар еді,

Не жазығы?

Соны ойладым,

Қалтырап күз қойнында,

Көп ойладым оранып мұздай мұңға.

Құшақтасып жатты олар,

"Ешкімнің де,

Хақысы жоқ, дегендей, бізді айыруға!".

Ағасының білегін жастанып ап,

Жатты інісі жанарын жасқа бұлап.

Қос мұңлықты елейтін ешбір жан жоқ,

Қала,

Дала,

Қалғандай бос қаңырап.

Тарықса да таба алмай түнер орын,

Тағдырының күрделі күре жолын, –

Жазғырмайды ешқашан.

Тас жастықта

Жатса-дағы, жұп-жұмсақ жүрегі оның.

Ал, біздің ше,

...Қайтеміз босқа айла ғып?

Кейде күпір қыламыз жастай налып.

Құс жастықты құшақтап жатсақ-тағы,

Жүрегіміз барады-ау тасқа айналып.

* * *

Көктем көшіп келеді енді аз күнде,

Ал, мен күзді аңсаймын.

Нем бар күзде? -

Елең-алаң күй кешіп, ей, көңілім,

Сонша мұңды болардай сен жаздың не?

Бір мəңгілік бақыт кеп орнайтындай,

Көктемді адам аңсайды талмай, тынбай, -

Оған дейін ештеңе болмағандай

Одан кейін ештеңе болмайтындай.

Енді ешбір жан егіліп жыламастай,

Енді ешбір жан сүрініп құламастай, -

Аңсары ауар көктемге жас біткеннің

Ол да өткінші дегенге құлақ аспай.

Құр қиялдан тұрғызып алтын сарай,

Алғанменен алданып артынша оңай, -

Ақиқаттың көзіне қарай алмай

Адам өзін жұбатар бəлкім, солай.

...Енді аз күнде кетеді қыс аттанып,

Қалды өмірі көп болса үш апталық.

Сосын, көктем келеді бар ғаламның,

Қызыл-жасыл гүлдерін құшаққа алып.

ҚАРЫНДАС...

Жарасады қарындас, сізге еркелік

Көзіңізден...

Күлесіз кіл зер төгіп.

Қолын бұлғар бір күні көктем құрбың,

Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.

Еркелеңіз қарындас, еркелеңіз,

Өктемсініп келсе де өлкеге күз.

Бүгін сіздің махаббат – серігіңіз,

Мұңмен мәңгі боласыз ертең егіз.

Иә, солай...

Көктемің күзге айналып,

Жүрек құрғыр солқылдап сыздайды анық.

Тағдыр желі нәп-нәзік жаныңызды

Тоңдырады сұп-суық мұздай қарып.

Не бар дейсіз, бұл күзде ұнатардай?

Жапырағы тоналған құба талдай

Құлазимын. Өтінем, жыламаңыз,

Жыласаңыз, дәрмен жоқ жұбатардай.

Еркелеңіз қарындас, сізге еркелік

Жарасады,

Күлсеңіз кіл зер төгіп.

Қол бұлғайды бәрібір көктем құрбың,

Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп.

Көйлегіңнің етегін күз көмкеріп,

Қалың тұман түседі түзден төніп.

Бұл күндері жүргенмен бақыт құшып,

Бір күндері кетерміз біз де өртеніп...

Жарасады қарындас, сізге еркелік!..

КҮЗГІ ХАТ...

Сенесіз бе?

Сағындым,

Сізді көрмей…

Үмітіммен күй кештім үздігердей.

Сізді әйтеуір жаныма жақын тұтам,

Бәлкім, жақсы көрерсіз күзді мендей?!

Мен білмеймін.

Сезімді кештік нендей?

Бірақ бізге бір бақыт кеш біткендей,

Сағынуға, сүюге бола ма екен,

ҮНІН, ӨЗІН... Адамның естіп… Көрмей…

Мүмкін, сізді көрдім мен…

Бірақ қашан?

(Болған іске болды әсте кінә артпасам)

…Жаныңызда жүргендей сезінемін,

Жаныңыздан не болам, жырақтасам?

Білесіз бе,

Сіз сирек хат жазасыз?

Содан менде жиілеп сәт мазасыз,

Ауыр ойдан қаламын арыла алмай,

…Ал сіз ше?

Тап-тазасыз!

...Бүгін жаңбыр.

Мейлі, аспан төксін жасын,

Жалғыздықтай жалғанда жоқ сырласым.

Неге екенін білмеймін,

Сіз дегенде,

Кешірімшіл әйтеуір кекшіл басым.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТА СҰЛУ БОЛАДЫ ЕКЕН-АУ!

Жүрекке тəн ізгілікке ұмсыну,

Жалындаған аңсар сезім – от-алау.

"Жалғызбын..." деп жабығады бір сұлу,

Жалғыздық та сұлу болады екен-ау!

Жамалы бар,

Таң секілді жаңа атқан

Жанарында жалт-жұлт етіп таза бақ.

Сұлулықпен сүйіншілеп,

Жаратқан

Жалғыздықпен кетіпті оны жазалап.

Білем,

Сезем,

Қылық емес еш құптар,

Жазықсыз жан

Жазмышқа кіріптар.

Сұлулықта өкініш бар, өксік бар,

Жалғыздықта қорқыныш бар, күдік бар.

Тағдыр бөлек,

Жан, мұң бөлек біздегі,

Ғұмыр біреу.

Оның өзі шектеулі.

Сұлулықта салқындық бар күздегі,

Жалғыздықта жылылық бар көктемгі.

Дегбір қашып,

Демде шөгіп көңіл – нар,

Жанға батар орман ойдың зіл жүгі.

Сұлулықта жаңылысқан өмір бар,

Жалғыздықта сағыныш бар жып-жылы.

Арманыма болмай ынтық, ынтызар,

Бəлкім, мен де білмес едім бақ құнын.

Сұлулықта шаттық үн бар, күлкі бар,

Жалғыздықта тəтті мұң бар,

Тəтті мұң!..

Қаншама рет,

Бұл өмірде өлшеулі,

Бақ пен нала,

Ақ пен қара арбасты.

Сұлулықта қоштасу бар ең соңғы,

Жалғыздықта махаббат бар алғашқы.

Бəрі өткінші,

Сезінгенің,

Сезгенің,

Тыңдау керек жүрек үнін əуезін.

Сұлулықта өмірі бар өзгенің.

Жалғыздықта жалғыз жұп бар. Ол – өзің!

КӨРКЕМ

Апырмай, болар ма едің мұнша көркем,

Ар сүйген адамзатта кім саған тең?!

Пенде боп туғаныңда перизатсың

Қайтер ем періште боп тусаң, еркем?!

Жап-жарық таңдай, шіркін, жаз жамалың,

Көзіңнен көрдім өмір маздағанын.

Керіліп жүргенің-ай,

Жер бетіне

Келгендей қонақ болып аз ғана күн.

Аяғың тиген жерден көктем аңқып,

Маңдайың өпкендей күн көкте балқып.

"Жалпының ішіндегі жалқымын" деп,

Бағаңды біліп тұрсың көптен артық.

Садақ қас,

Мойыл жанар,

Найза кірпік,

Сұлуға болмас, сірә, қай жан ынтық.

Дәрменсіз күйге салып қойдың мені,

Ойымнан жыл кідіртіп, ай жаңылтып.

Сөйлесең көңіл тасып, көз нұрланып,

Ғаламның ғанибетін сездірді анық.

Ауада гүлге айналып кетіп жатыр

Аузыңнан шыққан əрбір сөз бүр жарып.

Келіскен сыр мен сымбат – сый-ырысы,

Жалғанның жалғыз сендей сүйініші.

Тасқа да табан асты тіл бітердей,

Кетсе егер саусағыңның тиіп ұшы.

Үлбіреп

Үзілдірген үнің нәзік,

Үздігіп қарағаның – ғұмырға азық.

Тәңірім тағдырыңа берген екен

Сұңғыла сұлулықтың құнын жазып!

Шынымен болармысың мұнша көркем,

Айтшы өзің, ақиқатын кім саған тең?!

Пенде боп туғаныңда перизатсың,

Қайтер ем періште боп тусаң, еркем?!

* * *

Ешкімге керегің жоқ,

Ешкімнің керегі жоқ,

Сұрама, "неге бұл?" деп

Себебі, себебі жоқ!

Ешкіммен кездесу жоқ,

Ешкіммен қоштасу жоқ,

Көз жасың көл-көсір боп,

Көлгірсіп бас қосу жоқ!

...Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

Ешкім де аңсамайды,

Ешкімді аңсамайсың.

Болса да қанша қайғы

Өзіңді зор санайсың!

Ешкім де кінә артпайды,

Ешкімге кінә артпайсың.

Бəрі де жырақтайды,

Бәріне сыр айтпайсың.

...Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

Ешкімді алдамайсың,

Ешкім де алдамайды.

Әдемі əн қалайсың,

Әуені жанға жайлы.

Ешкімді жақсы көріп,

Ешкімді жек көрмейсің.

Ешқандай нәпсіге еріп,

Ешкімге кектенбейсің.

...Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

Ешкімді сағындырып,

Ешкімді сағынбайсың.

Ешкімді бағындырып,

Ешкімге бағынбайсың.

Ешкімді шақырмайсың,

Ешкіммен таныспайсың.

Құдайға жақындайсың,

Күнәдан алыстайсың.

...Сол үшін жақсы көрем жалғыздықты!

***

Арқаттан алыс кеткелі,

Арқадан қоныс тепкелі,

Арғымақ жүйрік жылдарым,

Арқырап, зулап өткелі,

Арқалап алған бір үміт,

Арқамды жауыр еткелі,

Аз ғұмыр, сірә, өткен жоқ,

Азалы қылды тек мені...

Арқандап қойған ат құсап,

Арманға арман жетпеді.

Айылым қойды-ау жиылмай,

Айыбым, әлде көп пе еді?!

Алайын бәрін мойныма,

Ағайын болса, өкпелі.

Айнымас мәңгі сертінен,

Ай менен Күндей көктегі.

Ақжелең жастық шағым да,

Ақ жауын сынды өтпелі.

Алатау еді – арманым!

Арманға жете алмадым.

Ақмола болды мәресі,

Ауылдан шыққан арбаның.

Алланың бұл да – бұйрығы,

Ар көрмен басқа салғаның.

Аңызақ желдің өтінде,

Азырақ ғұмыр жалғадым.

Аңғарып кейде қаласың,

Алағат күннің жалғаның.

Алаөкпе күйге түсерсің,

Алауыз болса жан-жағың.

Ақ шулан бұлтпен астасып,

Ақсұңқар құстай самғадым.

Астында мұңның қалдырмас,

Аспанға лайық талғамым.

Ақсүйек өнер – АҚЫНДЫҚ,

Ақылдың жолын таңдадым!

Ақ шуақ сүйіп бетімнен,

Алғаусыз ұл ем жетілген.

Азамат болып қалыппын,

Алаңсыз бала секілді ем.

Ағалық қайда кешегі,

Алалық көрер жетім бе ем?!

«Арсыздың ісі», – деді атам, –

«Атағым жоқ деп өкінбен.

Ақырет күні өткізер,

Амалың ғана көпірден...».

Абыздың мұңын бер, Алла!

Ауызды қайтем, көпірген.

Азуын айға білеген,

Арландай болып бекінгем.

Ажалым алып кеткенше,

Ажарын жырдың кетірмен!

АРДА МҰҢ

Ақиқатында, денеде бір кесек ет бар.

Егер сол ет сау болса, бүкіл дене сау болады.

Ал ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Ол – жүрек!

(Хадис)

Тәңірім!

Сен жаратқан мен ақының,

Тауфих бер, таусылғанша дем-ақылым.

Жүйткіген жылдарымды жүгендеп ап,

Айналып бара жатыр жер ақырын.

Жұтылып жерге мен де кетем ертең,

Жүгім де болмай, сірә, көтерер кем.

Өзекті жан болсам да өлері хақ,

Өлеңдей өнер бердің өте көркем!

Жан-ИЕМ, жаздың солай пешенемді,

Көгерткен көркем өлең көсегемді.

Қимас ем арда мұңым – ақындықты,

Берсе де бір басыма бес өнерді.

Жұрт үшін жасағам жоқ өзгеше еңбек,

Көп іші көрінгенмен көзге сергек.

Жанымды қоярға жер таппай қалам,

Төбемнен төгілгенде сөз нөсерлеп...

Құлазып, құлап түсіп, көктен көңіл,

Бір сәтте-ақ күзге айналар көктемгі өңір.

Киермін сағыныштың сар(ы) шекпенін,

Болғанмен әлем – шексіз...

Шектеулі өмір...

Өмір бұл шындығы жоқ, сұмдығы көп,

Бәрінің бас иесі – бір Құдірет!

Сұп-суық тасқа айналып кетпесе екен,

Жып-жылы кеудемдегі жұп-жұмыр ет.

БІЗДІҢ ӨЛКЕ

Қысы-жазы киінген мұз кіреуке,

Қыран таулар тұғыры – біздің өлке...

Күнге қарай ұмтылған күміс күмбез,

Сәукелесі секілді қыздың ерке.

Сол құзар шың кіршіксіз қалпын сақтап,

Паң қарайды... Басында қар тұрса әппақ.

Бұл – ғаламат!

Жаратқан ҚҰДІРЕТ қой,

Құдіретке қарарсың тартыншақтап.

Тау етегі қарағай, шыршалы орман,

Тәңір сыйы – табиғат мың сан алуан.

Тасып аққан бұлақтың кәусарынан,

Шөлін басар сағынып сусаған жан.

Туған далам – тұғырым, күншығысым,

Сен – жанымның мөп-мөлдір мұң-сырысың.

Бақыт әнін шырқайды бағыңда әркез,

Жұдырықтай жүрегім – жыршы құсым!

Нуы – қалың, суы – бал, шөбі – шүйгін,

Тек өзіңе бұйырған көбі сыйдың.

Мәртебелі мәңгі өлмес махаббатпен,

Сені сүйдім, ТУҒАН ЖЕР, сені сүйдім!

Көк аспаннан көрінген көркем ізі,

Бұл өлкенің Ақ Ертіс – ерке қызы.

Өзегімде – өз елім!..

Өзгелердің

Көз-қуаныш болмайды-ау көл-теңізі.

Туған дала!..

Қашаннан даңқың биік,

Болмысыңда тарихым бар тұңғиық.

Құшағыңда – қазына!

Тәңір өзі,

құрсағыңа бергендей алтын құйып...

ЕРТЕ ШЫҚҚАН КҮН СҮЙІП МАҢДАЙЫМДЫ

Ерте шыққан Күн сүйіп маңдайымды,

Ерке самал тербеді тал-қайыңды.

Тамылжыған табиғат тамсандырып,

Таңғы жұпар жібітті таңдайымды.

Байыз таппай бебеулеп бір бозторғай,

Менмұндалап жырлайды ол дүр жезтаңдай.

Көз жауын ап керіліп жатқан, шіркін,

Дала көркі кербез һәм сырбаз қандай!

Көмейіне біткендей күш керемет,

Құйқылжытып сайрайды құс та бөлек.

...Қызықтырып көбелек ұшты әуелеп,

Қызық қуып бала оны ұстап әлек.

Аспан көзі ашылып, тіпті елжіреп,

Еріп түсті шөп басы шық мөлдіреп.

Бұл бақытты сезінген бір-ақ сәтте,

Басқаға емес, ақынға біткен жүрек.

АЙНАЛАЙЫН...

Сен жақсы көретін ең жақсы мерейлі мезгіл боп,

Сен жақсы көретін ең жақсы санамда сөз бүрлеп.

Сен жақсы көретін ең жақсы шырайлы Күнге ұқсап,

Сен жақсы көретін ең жақсы бір Айлы түнге ұқсап.

Сен жақсы көретін ең жақсы армандай түсі әппақ,

Сен жақсы көретін ең жақсы гүлдерді құшақтап.

Сен жақсы көретін ең жақсы сезіммен нәп-нәзік,

Сен жақсы көретін ең жақсы сөзіммен хат жазып.

Сен жақсы көретін ең жақсы ән болып әдемі,

Сен жақсы көретін ең жақсы жан болып уәделі...

Алағай күн кешіп, толағай мұң кешіп келемін,

Сен жақсы көретін ең жақсы көңілдің күйі – осы,

Себебін түсінсең, сен едің, жаным-ау, сен едің,

...Мен жақсы көретін, ең жақсы жүректің иесі!

ҰНАТТЫМ МЕН...

Кірпігіңді кіршіксіз шылап мұңмен,

Күн-түніңді өткіздің жылап-күлген.

Мүмкін... «Әлсіздігің» деп кінәларсың,

Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен.

Ұнаттым мен...

Құлазып, көп күрсініп,

Кейде қанат біткендей көкке ұмсынып.

Жалғыздықтан жаныңды құтқара алмай,

Тұңғиыққа өзім де кеттім сіңіп...

Дауа болмай дертіңе даңғаза түн,

Ауыр мұңнан арылып таңға жақын.

Айдай сұлу кейпіңде көз ілуші ең,

Жырға айналып бір сәтте мен жазатын.

Сен әлемді ұмытып, әлем – сені,

Көңіліңнің тарқайтын әрең шері.

Терезеңді түн қақса, беймаза мұң,

Үнсіздікпен басатын тағы еңсені.

Күздей болып күңіреніп, жазың жүдеп,

Кінәлама, айттың деп, назыңды көп.

Менің жалғыздығымның жалғыз ғана,

Жұбанышы – сендегі нәзік жүрек!..

Кетердей-ақ құрдымға құлап мүлдем,

Түседі еске кей күндер жылап-күлген.

Менің әлсіздігім бе, кім біледі?!

Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен...

КӨКТЕМ КЕЛЕДІ

Көктем келеді, көктем келеді,

Көрімдік берер кім қиып?...

Керімсал мезгіл көк белді өбеді,

Құшағына әсем гүл жиып.

Құстар келеді, құстар келеді,

Күміс қанатты кіл саңлақ.

Көңіл көктемге құштар боп еді,

Қатал қыс қойған құрсаулап.

Күнім келеді, күнім келеді,

Күлімдеп өңі нұр шашып.

Қызыл да жасыл гүлін береді,

...Қауызына оның тұнса шық!

Көктем келеді, көктем келеді,

Көркіңнен сенің аумайтын.

Көзайым күнім жеткенде мені,

Күдіксіз сезім баурайтын.

Жұматай жазбаған жыр

Әлемнің ажары едің,

Кідірсең аздаған жыл.

Мен саған жазар едім,

Адамзат жазбаған жыр.

Ж.Жақыпбаев.

Сен едің ең ғажабым,

Сен сүйген әз ғалам бұл.

Жоқ, енді мен жазамын,

Жұматай жазбаған жыр.

Қалаулы жан ең нәзік,

Қарайтын көз ұнатып.

Сен жайлы өлең жазып,

Ойлаудың өзі – бақыт!

Жанарың нұрлы көктем,

Жамалың жаз әдемі,

Кірпігің – гүл дір еткен,

Жанымның ғазалы еді.

Сезім шоқ сөнбей бір сәт,

Сүйсінттің лезде, еркем.

Самала, желдей жұмсақ,

Сендегі мінез көркем.

Жұлдызды аспан сылқым,

Берер ем, гүл қып саған.

Шолпы етіп тақсаң, шіркін...

Шашыңа түнге ұқсаған!

Аңсаумен әбден сені,

Асығып атады ақ таң.

Жаныңның әр бөлшегі,

Жаралған махаббаттан.

БАҒАЛАП БАҒЫМДЫ

Бағалап бағымды,

Барымды сезді кім?!

Жауратып жанымды,

Жүргенде өз мұңым...

Жібітіп от-демің,

Жылытып көз нұрың.

Келдің сен, көктемім,

Керімсал мезгілім!

Келдің сен қуантып,

Көктем боп, гүл аңқып.

Өзгердім, өткінші

Өмірдің құны артып.

...Келер күз мұнартып,

Қайтесің кінә артып.

Кездейсоқ бақыттан,

Кей кезде мұң артық.

КӨП ҚАРҒАНЫҢ АҢДЫҒАНЫ - ӨЛЕКСЕ

Көп қарғаның аңдығаны – өлексе,

Көрінгенге болған емен кіріптар.

Менде өйткені ешкімде жоқ ерекше,

Сағыныш бар,

Махаббат бар,

Үміт бар!..

Тәңір-Ием олжа беріп, о, бастан,

Иесі еткен һәм адами ғұмырдың.

Ашылғанда алақаным – көк аспан,

Жұмылғанда – қара жердей жұмырмын.

Сағыныштың сары уайым түбі, әттең,

Сабыр қашып күзгі ормандай сыңсимын.

Біреулердей бұғып қалып бірақ мен,

Жалтақтамай шын сағынып, шын сүйдім..

Махаббаттан, мейірімнен ЕҢ ҰЛЫ,

Жаратылған болмысым бар бірегей.

Бұл күндері күздей налып көңілі –

Еркеліктің естіледі үні өгей.

Тағдырымды түсіне алмай түйсініп,

Тар көрініп көп кещеге кең мекен.

Менің сұлу ғұмырыма сүйсініп,

Бұл өмірден өтеді олар...

Мен де өтем!

...Дәл солай!

Сыр-мұңыма,

Шындығыма сен-сенбе,

Сенің еркің…

Жалған айтпан өлсем де.

Сені көріп сезім кештім сұрапыл,

Ол бір сезім – сыймайды ешбір өлшемге.

Кінәм бар ма?..

Күмәнданба! Бұл – шыным!

Жүрегімнің жиілетіп дүрсілін,

Көк аспанның қиып өтіп кеудесін –

Тұңғиықтан талып жетті тылсым үн…

Білем, білем…

Бәрі-бәрі кеш мүлдем,

Сағынышқа толы тағдыр кештім мен.

Сен жайында сыр айтпаймын ешкімге,

Сен жайында сұрамаймын ешкімнен.

Құмар қанбас,

Қылығыңа бал-шәрбат,

Бойыңда екен бар адамзат аңсар бақ.

Сен ойласам жүрегімнен жыр саулап,

Көңілімнен кетеді ұшып ән самғап…

Қаншама түн,

Қаншама күн,

Қаншама ай,

Күттім, күттім...

Құлазыды жансарай.

Сенсіз өмір сүру маған тым қиын,

Менсіз өмір сүру саған болса оңай.

…Дәл солай!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Сарин, Қалқаман, Қалқамансаринөлеңдері, Төр, Төрәдебиклубы, Қазақатқамінгенде, АбыздыңмұңынберАллам
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар