Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бексұлтан Нұржекеұлы. Күләшқа қастандық жасаған 6 адам

06.03.2018 2889

Бексұлтан Нұржекеұлы. Күләшқа қастандық жасаған 6 адам

– Аға, К.Байсейітованың асқан әншілігін естігеніміз болмаса, өмірбаянынан хабарымыз шамалы. Даңқты әнші қай өңірдің тумасы?

– Күләштің өнердегі құдіретін әлем тарихында сірә, тек Шыңғыс ханға ұқсатуға болар еді. Ол да, бұл да жоқтан бар жасаған адамдар. Екеуінің ең басты ұқсастығы – сол: бірі елі де, жері де жоқ жұрттан мемлекет құрады, оның даңқын әлемге жайды, екіншісі: театрға дайындайтын мектебі де жоқ елде ұлы опера әншісі болды, өнерімен бүкіл Кеңес Одағының халқын таңдандырды.

Күләш құжаты бойынша Алматыда 1912 жылы 2 мамырда дүниеге келіпті. Күләш – өзінен өнері, даңқы ұзақ жасап келе жатқан адам. Оның пәни ғұмыры дәл Мұқағалидікі сияқты 45 жаспен ғана шектелді. Күләш те қазақтың көп қарапайым қызының бірі-тін: артық дейтін де, кем дейтін де көзге оқшау ештеңесі болмапты. Әкесі Жасын шешесі екеуін тастап, бөлек өмір сүріп кеткен екен.

Күләштің шын аты-жөні – Гүлбаһрам Жасынқызы Бейісова. Шешесінің аты – Зибажан.

– Күләшті өнер биігіне көтерген не нәрсе?

– Күләшті өнер биігіне көтерген – ортасы. Бағының ашылуына бір себеп – жиырма бірінде бас қосқан Қанабек. «Халқымыздың өнерлі екенін қайтсек әйгілейміз?» деген кілең ығай мен сығай Күләшті алақандарына салып аспандатты. Мәдениет басшысы – Т.Жүргенов, ақылшы ағалары – Серке, Елубай, үйретушісі – Жұмат Шанин, жанашыр достары – Құрманбек пен Шара. Шын мәнінде Күләштің төрт құбыласы сай еді. Тіреуі, қошеметі мықты кезде Күләш «қазақтың бұлбұлы» болды. Оның атағы күн сайын, ай сайын аспандап отырды. «Айман – Шолпан» спектаклін қоюдағы жетістіктері үшін 1934 жылы Күләш 22 жасында ғана «Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі» деген атақ алды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігі Күләштің атын бүкіл Кеңес Одағына мәшһүр етті.

«Қыз Жібек» операсындағы Жібек – Күләштің «Гәккуін» тыңдап, сахнада ойнау шеберлігін көзімен көрген мәскеуліктер «жабайы, көшпенді қазақтардың» нағыз өнерпаз халық болып шыққанына қайран қалды. 1936 жылдың 26 мамырында Күләш сол кездің ең жоғары сыйапаты Еңбек Қызыл Ту орденін алды. Сол жылдың 6 қыркүйегінде «СССР халық әртісі атағы» белгіленіп, сол атаққа бірінші ие болғандардың бірі де Күләш еді. Атағы әлемге әйгілі Станиславский, Немирович-Данченко, Качалов сияқты алыптардың қатарында 24 жасар Күләштің де үлкен құрметке ие болуы қазақ халқы үшін айтып жеткізгісіз қуаныш, қуаныш болғанда да жарты әлемді жалт қаратқан қуаныш еді.

– Күләш апамыздың өнердегі алғашқы қадамы опера театрынан емес, драма театрынан басталған екен...

– Күләштің құрбы досы Шара биші өзінің кітабында: «Күләш екеуміз театр табалдырығын қатар аттадық. Әуелгі кезде неге екенін қайдам, бізге ешбір рөл бермеді. «Алып кел, шауып кел» деген тәрізді кіріп-шықпа көріністерде, көпшіліктің арасында жүретін едік. Оған бола намыстанған жоқпыз, атақты ағайлардың санатында жүргенге мәзбіз», – дейді. Көріп отырсыздар, қазақтың екі атақты қызы да театр табалдырығын осылай елеусіз ғана аттапты. Жұмат Шанин Күләшті ең төменгі ставкамен театрға алады. Сол елеусіздіктен елеулі дәрежеге Күләшті көтерген – таланты мен еңбексүйгіштігі. Әу бастан-ақ Күләш үлкен рөл, кіші рөл дегенге менмендікпен қарамайтын, қайда жұмсаса, сонда ұша жөнелетін қағылез, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын айырықша адам болыпты.

– Ал сахнадағы әріптесі Қанабекпен қашан шаңырақ көтерді?

– Қанабек пен Күләш 1933 жылы 23 көкекте үйленеді. Ол кезде Күләш кәдімгідей ысылып, сахнаның қыр-сырын әжептәуір меңгеріп, театр ортасы мен көрермен алдында айтарлықтай беделге де ие болып қалады. Жүргеновтің аузынан алғаш «опера» деген сөзді естігенде, Күләш: «Құрмаш, опера деген не? Әнді гармоньмен айтамыз ба, әлде скрипкамен айтамыз ба?» – деп сұраған екен Құрманбек Жандарбековтен. 1933 жылы ғана осындай ұғымда болған адамның 1936 жылы Кеңес Одағының тұңғыш халық әртістерінің бірі атануы, шынында да, ғажап емес пе?! 1934 жылы драмалық театрдың директоры Орынбек Бековке Қанабек келіп жаңадан құрылған музыкалық театрға Күләш екеуінің ауысатындығын айтқанда: «Ой, олар да түк шықпасқа әуре боп. Ән айтып адам ойнай ма екен?» деп, ол да операны түсінбей кейіген екен. Бірақ шындық басқаша болып шығады.

Қазақ музыка театры тұңғыш шымылдығын Жұмат пен Құрманбек қойған «Айман – Шолпан» комедиясымен ашқанда, Күләш – Айманның, Құрманбек – Көтібардың, Қанабек – Арыстанның рөлін ойнайды. Басқа рөлдерде Ж.Шанина, Ү.Тұрдықұлова, Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, Е.Өмірзақов, М.Ержанов, И.Байзақов, Қ.Лекеров сынды қазақ өнерінің сол кездегі ығай мен сығайлары түгел дерлік қатысады. Сондықтан да болар, «Айман – Шолпанға» жұрттың ынтығуы ерекше болады. Көшеде де, үйде де, күндіз де, түнде де ел «Айман – Шолпанның» әнін ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Спектакль төрт айда жүз рет қойылыпты.

Опера театры құрылған алғашқы жылы-ақ «Айман – Шолпан», «Шұға», «Қыз Жібек» секілді үш спектакль қойылды. Бір ғажабы, шымылдығы ашылған алғашқы жылда-ақ театрдың табалдырығын аттаған «Қыз Жібек» әлі күнге дейін сахнадан түспей, халқын қуантып келеді. «Қыз Жібекті» қойған, Бекежан боп ойнаған Қ.Жандарбеков: «Бұл рөл Күләш үшін жазылғандай, Күләш Жібек рөлін ойнау үшін туғандай еді. Егер «Қыз Жібек» операсы зор табысқа ие болды дейтін болсақ, сол табыс Күләштің арқасында келді деуге режиссер ретінде мен жасқанбаған, қызғанбаған болар едім»,– деп жазады өз естелігінде. Амал не, осы ойынын, тіпті «Қыз Жібекті» түгелдей кинофильмге түсіріп алу кезінде ешкімнің ойына келмепті. Тек 1936 жылы мәскеуліктер «Қыз Жібектен» аз ғана үзінді түсіріп алған екен. 24 жастағы ғажап Күләш-Жібекті анда-санда болса да содан көріп, сағыныш басқандай боласыз.

– Атағы Кеңес Одағына жайылған ғажап әншінің музыкалық білімі бар ма еді?

– Жоқ, ешқандай да ән айту, ән үйрету мектебін бітірмеген, даусы белгілі бір музыкалық қалыпқа түспеген, тек ұлттық дәстүрде ашық дауыспен ғана ән айтуды меңгерген Күләш опера сахнасына Жібекті қазақы колоритпен алып шығады. Сәбидің еркелігіндей сыңғыр даусымен сызылта ән салған Жібек – Күләш көрерменнің жүрегін алғаш аузын ашқан сәттен-ақ жаулап алады. Оның ойындарын көрмеген біз түгіл, көріп отырған небір тарландар да тілі байланып таңданысқан. «Ты наше чудо! Чудо!» – деген екен, атақты орыс әншісі А.В.Нежданова Күләшті құшақтап. «Күләш өзі әннен жаралған бір жан еді! Қысқасы, чудо!» – депті Ғабең де бағаларға басқа сөз таппай.

– Күләштің сахнаға соңғы алып шыққан рөлі қандай?

– Опера сахнасында Күләш 20 рөл сомдапты. Ең соңғы сахнаға шығарған соны туындысы 1949 жылы қойылған Н.Жигановтың «Алтыншаш» операсындағы Алтыншаш партиясы болыпты. Сонда ол 1934-1949 жылдар аралығында, яғни 15 жыл ішінде 20 жаңа партия орындапты, оның 14-і қазақ әйелі екен. Одан бергі жарты ғасырдан астам уақыт аралығында біздің опера ондай өнімділік көрсете алған жоқ.

Күләш қажетті жағдайға қарай төменгі дауыспен де, жоғарғы дауыспен де бірдей айта берген. Оның бұл ерекшелігіне дәлел – Мәскеудің А.Бахрушин атындағы Орталық театр мұражайындағы жазба. 1934 жылы Күләштің симфония оркестріне қосылып айтқан Айман мен Жібек әндерінің жазбасы сонда сақтаулы екен. Айманның әнін төменгі кәдімгі ашық дауыспен, ал Жібектің әні «Толқыманы» жоғары сопраномен айтыпты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанға жіберілген Наталья Сац «Чио-Чио-Санды» тұңғыш рет қазақ сахнасына қоюға тапсырма алады. Театр директоры басты рөлде Күләштің ойнауын қаласа, Н.Сац Ольга Хан деген кәріс әйелге ойнатқысы келеді. Бірақ соңғы сәтте Күләштің отыздан асқанына қарамастан, 15 жасар қыздың рөлі оған тиеді. Бір уыс қана торғай құсап Пинкертонның бауырына тығылып, тізесінде отырған бақытты Чио-Чио-Санның 30-дан асқан Күләш екеніне Сацтың өзі сене алмапты. Күләш сахнада жап-жас, үлбіреп тұрған қыздай өзгеріп кеткен екен. Спектакльді көріп, тыңдап отырған әйгілі Эйзенштейн көзіне жас алыпты. Оны көріп қойған атақты әртіс Николай Черкасовтың өзі де көз жасына ие бола алмай қалыпты. Кейін Күләштің қасына барып: «Сіздей Чио-Чио-Санды мен өмірімде көрген емеспін және көрмеспін де. Сіз әнші ғана емессіз, кісінің ақылы жетпейтін әртіссіз», – депті. Пыш-пыш қазақы өсектің, іштарлар жамандап үлгерген ептіліктің әсерінен күдіктеніп, жақтырыңқырамай іс бастаған Н.Сац: «Мәңгі ұмытылмас қымбатты Күләшім менің. Оның бұл фәниден өткені қандай өкінішті! Режиссер мен опера әртісінің арасында өте сирек кездесетін өзара түсінісу бақыты үшін, мен Күләшқа өле-өлгенше ризамын» деп жазады.

Ал 1944 жылы Күләш Тбилисиде қойылатын «Даиси» операсына Маро рөлін ойнауға шақырылады. Мәскеудегі онкүндікте Маро рөлін тамаша ойнаған өз әртістері қайтыс болып, содан кейін оны ойнауға ешкімнің батылы бармай жүреді екен. Осы рөлді сахнаға Күләш алып шықты. Ол туралы жанында бірге болған Шара: «Өз партиясын бастан-аяқ шебер ойнағаны сондайлық, үздік әншілік мектебін игерген Ангуладзе мен Амирашвили де, өзге әріптестер де оның үнін көмескілендіре алмады», – деп жазады. Спектакльден соң да құмары тарқамаған жұрт Күләш пен Шараның қоанқүйдегі терезе тұсына келіп: «Қазақ әнін салып беріңдер», – деп тұрып алады. Ақыры Күләш балконға шығып тұрып қазақ әнін шырқайды.

Сондай әлемдік деңгейдегі әншіміздің үстінен арыз жазғандар да болған екен. Ол аяулы әншінің көңіліне қаяу түсіріп, денсаулығының күрт төмендеуіне де әсер еткен көрінеді. Күләштің үстінен арыз жазғандардың есімі қазіргі күні анықталды ма? Олардың кімдер екенін білесіз бе?

– Білем десем де болады, білмеймін десем де болады.

– Оныңыз жауапқа жатпайды ғой, аға. Қанабек ағаның кітабын жазыпсыз, ол кісі кімдер екенін айтқан шығар?

Айтпады. Ол арызды Қанекең көрмеген болу керек. Тек Күләштің аузынан естіген. Шындап келгенде, ол арызды Күләштің өзі де көрді ме, көрмеді ме, белгісіз. «Құштар көңіл» аталатын естелік кітабында Қанабек Байсейітов Күләш өз көзімен көріпті демейді, тек 2009 жылы 12 маусымда «Караван» газетінде берген сұхбатында Қанекең мен Күләштің қызы Қарлығаш Байсейітова: «Когда маме дали почитать это письмо, ей стало плохо. «Теперь мне остается только умереть», – сказала она, вернувшись из ЦК», – дейді. Қалай болғанда да, Қытайға барам деп, айтатын әндерін дайындап, киетін көйлектерін тіктіріп, Күләштің сол кез үлкен қуаныш үстінде жүргені анық.

– Сонда арызды Қытайға барғызбау үшін жазған ба?

– Солай шығар. Құрманғазы оркестрімен бірге екі-үш ай бойы Қытайды аралау, әрине, Күләштің абыройына абырой қосатын еді. Қазақтың бұлбұл қызына бүкіл Қытай халқы, онда тұратын бүкіл қазақ қуана қол соғатын еді. Соның бәрін болдырмай тастау арыздың дер кезінде жазылғанын көрсетпей ме?

Маған Қанекең арызды жазған алты адам деп айтқан, ал сол кезде Құрманғазы оркестрінің дирижері болған Шамғон Қажығалиев теледидардан берген сұхбатында жеті адам деді. Қайсысы шын екенін анықтау үшін, сол арыз жатқан мұрағатты қарау керек.

– Ал сіз білетін алты адам кім?

– «Құштар көңілді» жазып жатқанда, «Арыз жазғандардың кім екенін атай кетсек қайтеді?» – деп ем, Қанекең: «Ей, оны атап қайтеміз? Өсекке от тастағандай боламыз, басқасын, жақсы жақтарды жазайық та», – деп көнбеді. Бірақ арыз жазған алты адам екенін дәл айтты. Сөз ыңғайына қарағанда, оларды анықтауға ынталы да емес көрінді. Оның тағы бір себебі, арыздан кейін көп ұзамай Күләш қайтыс болды емес пе? Сірә, арызқойларды анықтап жатудың Қанекеңе қажеті де болмай қалған болуы керек. Тағы бір себеп, Күләштің жылын тоспай-ақ Қанекең басқа әйелге үйленіп кетті ғой. Соның бәрінде бізге уақыт жеткізбеген талай сыр бар сияқты. Әйткенмен алтаудың кімдер екенін мен кейін «Күләштің құдіреті» деген мақалам жарық көрген соң бір кісіден естідім. Арызды ұйымдастырушы ағайынды екі әнші болыпты. Менің бір байқағаным, Күләштің үстінен алты адам арыз түсіргенін естелік жазғандардың бірде-бірі айтпайды, Ғабит те, Әбділда ағамыз да оны ауыздарына алмайды. Соған қарағанда, ол арыз сол кезде елге жария болмай құпия қалған секілді. Арыздан кейін Күләштің іле-шала өмірден озуы бастықтарды да, басқаларды да қатты шошытып, ел бүлінбесін деп, дүйім жұрттан жасырған-ау, шамасы.

– Бұл мәселені көтерудің қажеті жоқ екен ғой ендеше?

– Өйтсек, Күләштің аруағы кеше ме екеумізді? «Күләштің соңғы көктемі» деген әңгімемді радиодан Оразбек Бодықов ағамыз 1985 жылы желтоқсанда бергізіп еді. Сол үшін ол кездегі Телерадио комитетінің басшысы Камал Смайыловқа Серіков деген әлдебіреу менің үстімнен арыз түсірді. Әлгі Серіковтің Күләш пен Қанабекке деген ызасы әлі басылмағаны жазғанынан көрініп тұр.

– Серіков деген кім?

– Ондай адам жоқ, бүркеншік атпен жазған ғой. Бірақ 1957 жылы Күләштің үстінен арыз жазғанның бірі сол екенін өз сөзі дәлелдеп тұр: «Иә, алты кісінің арыз жазғаны рас», – дейді және ол арыздың негізгі мазмұнын да дәл айтады. Бәрін әлі ұмытпапты. Ағайынды екі әншіге бұл кісіні қоссақ, үш арызшыны, оған әйелін қоссақ, төрт арызшыны табамыз.

– Сонда, сізше, Серіков деген кім?

– Оразбек Бодықов о кісінің кім екенін айтқанда, мен біраз уақыт есеңгіреген адамша отырып қалдым. Өйткені ол айтқан «Алтыбасар» әнін тыңдағанда, мен ылғи қазақ әні мен қазақ әншісінің құдіретіне есім кете елжіреп кететінмін. Сене алмай сандалып қалдым. «Құштар көңіл» кітабында Қанекең және ол кісіні қалай мақтаған? Құрманбек ойнаған рөлді одан кем шығармауға тырысқан талантына өте жоғары баға береді. Қанекең оның арыз жазғанын білмеген бе, әлде біле тұра айтқан әділдігі ме, ара жігін әлі ажырата алмаймын.

– Жарайды, аға, төртеуін таптық дейік, қалғаны кімдер деп ойлайсыз?

Оны Серіков арызында айтыпты: олардың екеуі қазір, яғни 1985 жылы СССР халық әртісі, лауреат, депутат дейді.

– СССР халық әртісі көп қой.

– Менің білуімше, операда істеген СССР халық әртісі Ришат Абдуллин 1985 жылы әлі бар, 1988 жылы қайтыс болды. Үш СССР халық әртісі қазір ортамызда жүр, үшеуі де Күләш Байсейітовамен қатар қызмет жасаған, олар: Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев. Анық-қанығына жеткің келсе, осы үшеуімен де сөйлес, жасырып-жабатын ештеңесі жоқ, сұрақты төтесінен қой: «Күләштің 100 жылдығына орай не айтасыз? Үстінен арыз жазғандарды білесіз бе? Арызшының ішінде сіз барсыз ба?» – деп сұра. Осы үшеуінің біреуі сол алтаудың ішінде болған. Бәлкім, өкінер, мойындар.

Біз анықтамасақ та, болашақ біреулер анықтар, арызды мұрағаттан табар. Мәселенің әзірге анығы – арыздың жазылғандығы. Және арызды жай кісілер емес, қазақ өнерінің ең атақты адамдарының жазғаны. Солардың Күләш туралы айтқанын тағы да ойға салып көрейін. Бәлкім, соның өзінен де Күләштің 100 жылдығына орай бір ой түйіп қалармыз.

Осыған дейін: «Арызқойлардың кім екенін жария ету елге не береді, өнерге не береді? Қажеті бар ма?» – деп ойлап келдім. Ары ойлап, бері ойлап, қажеті бар деген түйінге тоқтадым. Жариялылық арамдарды шошытады, адалдарды жігерлендіреді. Рас, жабулы қалған жамандықтың бетін ашу енді Күләшқа көк тиын да пайда бермейді. Бірақ Күләштің өзі жоқ болғанмен, халқы бар. Ал кез келген өткен-кеткен жағдайдың ақ-қарасын анықтау – халықтың тарихи тәрбиесі.

Алты адамның арыз жазғандағы мақсатын Серіков 1985 жылы былай түсіндіріпті:

«Күләштің қалай өлгенін біз жақсы білеміз. Татар декадасына барып, банкетте арақ ішіп, Пекин қонақүйінде 536 нөмірде ваннада қайтыс болған. Алты кісінің ЦК-ға хат жазғаны рас. Олар Күләш арақ ішеді, содан тыйылуға жәрдем етіңіздер деген. Негізгі мазмұны – сол. ЦК да оны дұрыс деп айтқан. Ол адамдар қазір осында. Екеуі СССР халық әртісі, неше рет Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, талай орденмен наградталған, Жоғарғы Совет депутаты. Қалғандары Қазақ ССР халық әртісі, лауреаттар, талай орденнің кавалерлері. Міне, Орталық Комитет те олардың еңбегін осылай бағалап отыр. Егер бұл әңгімені көтергілеріңіз келсе, ЦК-ға барып сөйлесейік, оған барғалы да отырмыз».

Бірінші арыз 1957 жылдың көктемінде жазылса, мына арыз 1985 жылдың желтоқсанында, Күләш өлген соң 28 жылдан кейін жазылып отыр.

«Күләштің ұлы артистка екенін бәріміз де білеміз, – дейді Серіков – Тіпті Нұржекеевтен де жақсы білеміз, бірақ Нұржекеев Күләштің жеке өмірінен не білмек? Ештеңе. Қазақтың талай өнер қайраткерлерін арақ ана дүниеге әкеткенін сіз жақсы білесіз, – дейді Серіков Камал Смайыловқа менің үстімнен жазған арызында. – Күләш, Қанабек бүкіл семьясымен содан кеткен. Біздің сізбен міндетіміз дарынды талапкерлерді арақтан сақтап қалу үшін атсалысу емес пе еді?»

Жарайды деймін-ау, Күләшті арақтан арашалау үшін арыз жазсын, мені неден арашалау үшін арыз жазып отыр десеңші, бұл шіркін?! Тағы да ЦК-ға барғалы отырғанда не айтпақ? Басқасын былай қойғанда, Қанекеңнің қалай қайтыс болғанын басқа білмесе де, мен білем ғой, жақсы араласып жүргем, ол кісі жүректен кетті.

«Сценарияда Ілиясты, Бейімбетті, Сәкенді, т.б. қорғамақшы болып, қазақ халқының атына дақ салғысы келеді. 37-жыл айтылып бітпеп пе еді? Халықтың жүрегіндегі ... (бір сөз оқылмады — Б.Н.) неге қайта көтересіздер? Басқа тема табылмады ма?» – деп ашуланады Серіков. Бұған түсінік беріп жатудың өзінен жиіркенеді екен адам. Ілік іздеп, қорқытып сөйлейтін әдеті әр сөйлемінен мүңкіп тұр.

Ол, шынында, өлетін Күләш өлді, енді арыз жазғандарды жария етудің, оны сөз етудің еш қажеті жоқ дегенге меңзейді. Әйтеуір, жабулы қазанның жабулы күйінде қалғанын қалайды. Сірә, өз атағына кір түспеуін ойлайды. Демек, арыз жазудың кір нәрсе екенін іштей болса да мойындайды.

Күләш «Қытайға бармайтын болдым. Үстімнен арыз түсіпті, алты адам қол қойған көрінеді. «Арақ ішіп қояды, гуляет», – депті. Мұндай масқараны көргенше, өлгенім жақсы ғой, Қана», – дейді Қанабекке сол кезде («Құштар көңіл»). «Өлгенім жақсы» дегенімен, өле қояйын демеген шығар, кім біледі?

Қалайда Күләш пен Серіковтің сөзі бір жерден шығады: арыз жазған адам жетеу емес, алтау. Операда қызмет жасаған СССР халық әртісі төртеу. Ал Күләштің үстінен жазылған арызға қол қойған – соның екеуі. Қайсысы?

1961 жылы 7 көкекте 1 курстың үш студенті: мен, Асқар Исаев, Мәдіғали Әбділдинов – үшеуміз Алматының екінші жөндеу зауытының клубында өтетін жиынға бардық. Сол жиында Қазақ ССР халық әртісі Бибігүл Төлегенова сөйлеп, 1957 жылы Құрманғазы оркестрімен бірге Қытайдағы қазақтарға Күләштің орнына барғанын айтты, ал олар Күләш келеді деп күтіпті, киіз үйдің сыртына қазақтың бұлбұл қызына арнап құттықтау жазып қойыпты.

Қазақ Совет энциклопедиясын қарасам, Төлегенова Бибігүл Ахметқызы 1929 жылы 16 желтоқсанда туыпты. Күләш өлгенде ол 28-де. «Бірсыпыра уақыт Қазақтың опера және балет театрында істеді», – депті (11-том, 124-бет, 1977).

«Бірсыпыра уақыт» дегенді анықтау үшін, жаңадан шыққан Қазақстан ұлттық энциклопедиясын қарадым. Онда: «1951-53ж. Қазақ радиосының, 1954-56 ж. Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, 1956-71ж. Қазақ мемлекеттік филормониясының әнші-солисі», – делініпті (8-том, 468-бет, 2006). Операда, тіпті, істеп те жарытпаған секілді. Неге өйтті екен? Өзі күдіктеніп отырған адамды бір жыл да істемей операдан кетіп қалуы, шынында, одан бетер күдіктендіреді екен.

Бұл ­­­­– арыз жазған алтаудың бірі – Бибігүл Төлегенова болуы мүмкін дегеніңіз бе?

– «Қазақ әдебиеті» газеті 1972 жылы 24 қарашада «Күләш Байсейітованың туғанына 60 жыл толуына» деген айдармен бірер мақала беріпті. Ғабеңнің-Ғабит Мүсіреповтің әйгілі «Чудо!» атты мақаласы да осында жарияланыпты. Күләштің туған күнін газет неге олай кеш атап өткенін қазір білу – қиын. Жалпы, Күләштің шын аты — Гүлбаһрам, шын туған күні 12-қаңтар дегенді туыстары да, Шара да айтады, алайда ресми түрде 2 мамыр аталып жүр. Газеттің сол санында Бибігүлдің «Ұстазым» деген мақаласы бар. «Әттең, амал не, мейірімсіз ажал үлкен талант иесін арамыздан тым ерте алып кетті... Мен өз өмірімдегі сондайлық өзгеше бір ыстық сәт Күләшпен дидарласқан, сырласқан кездерім дер едім», – дейді СССР халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 7–9-сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Бибігүл Төлегенова.

Мұндай шәкірт өз ұстазына қол көтеруі мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

1985 жылы 22 ақпанда Серік Әбдірайымов жазып алған әңгімесінде: «Мен Күләш апайдың сахнаға ойнау үшін шыққанын көрген емен. Ол өз рөлінде өмір сүру үшін, мың өліп, мың тірілу үшін шығатын. Сондықтан да «аққудайын сыланып, тотыдайын таранған» Қыз Жібекті; жаны да, тәні де нәзік, сезімтал Чио-Чио-Сан, махабат періштесі Татьянаны дәл Күләштей ешкім орындай алмайды, ешкім қайталай да алмайды», – депті Бибігүл.

28 жылдан кейін осыншалық табынып сөйлеген адам 28 жыл бұрын Күләштің үстінен арыз жазуы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

2007 жылы Күләштің 95 жылдығына орай берген сұхбатында: «Мені 1956 жылы Құрманғазы оркестріне ән айтуға жіберді. Менен бұрын оркестрде Күләш апай ән айтқан екен», – дейді. Бірақ, айтуына қарағанда, Күләш екеуінің арасында ешқандай өкпе-наз болмаған секілді. Операдан кетуіне, оркестрге баруына, сөзіне қарасаң, Күләштің ешқандай қатысы болмағандай. Одан әрі: «1957 жылы Құрманғазы оркестрі гастрольмен Қытайға баратын болды... «Бибігүл, құжаттарыңды даярла, сен Қытайға барасың», – деді. Сосын мен: «Күләш апай барады ғой», – дедім. Ойымда түк жоқ. Сөйтіп едім, «Ол кісі ауырып жатыр, бара алмайтын болды. Сондықтан сен барасың», – деді. Мен ол кісінің неге бармай қалғанын білмеймін. Мүмкін, біреу үстінен арыз жазған шығар. Әйтеуір, Күләш апайды сол сапарға жібермеді... Екі-үш ай жүрдік... Біз сол гастрольде жүргенде Күләш апай дүние салды... Күләш апайға өзінің дәрежесіне сай әлі ешкім той жасаған жоқ... Тым құрыса, жүз жылдығын керемет қылып өткізуіміз керек... Мен дербес зейнеткер ретінде 28 мың теңге алам. Ол неге жетеді? Егер керек болатын болса, тамақ ішпесем де берер едім», – депті Күләштің атақты әнші сіңлісі сол сұхбатында («Әдебиет айдыны», 18.01.2007). Ал өзін Лениндік сыйлыққа ұсынған кезде Оралхан Бөкеевке: «Телефонның шылдыры түн ұйқымды төрт бөледі, түнгі сағат бір, екілердің мезгілінде әлдекімдердің сені Лениндік сыйлыққа бекер ұсынған деген сықылды ғайбаттаған сөзін талай естіп, өнер адамдары арасындағы бақастық қашан қалар екен?» – деп қабақ шытып кейіпті Бибігүл («Айтылмаған ән», «Ленжас» 22.04). Сірә, сол кез Күләш ұстазының да осындай ғайбатты бастан кешкенін қынжыла есіне алған болу керек.

– Ал Ермек Серкебаев жайлы не айтасыз?

СССР және Қазақ ССР халық әртісі, 7-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесі мен 8–11-сайланған Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 1926 жылы туылғаны белгілі. Яғни Күләш қайтыс болғанда ол 31-ге келген. 1947 жылдан опера және балет театрының әнші-солисі (ҚСЭ. 10-том, 142-бет, 1977) болды. Күләш өлгенге дейін опера театрында 10 жыл бірге істеген екен. Аз уақыт емес.

2002 жылдың 14 мамырында «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласында Опера театрының әдеби бөлімінің меңгерушісі Альфия Байжанова Ермек Серкебаевтың Күләш жайындағы мынандай пікірін келтіреді: «Когда я пришел в театр молодым человеком в 1947 году, Куляш апай встретила меня с открытым сердцем и душою. Относилась ко мне очень заботливо... Всегда брала меня с собой на гастроли».

Осындай ыстық ықылас білдірген адам арыз жазуы мүмкін бе? Меніңше, мүмкін емес.

2002 жылы 11-мамырда Күләштің 90 жылдығын Опера және балет театры «Қыз Жібек» спектакілін қоюмен атап өтті. Мемлекет тарапынан басқаша шара болмады. Спектакль алдында Ермек Серкебаев сөз сөйледі. «Күләш апай мені «Ермаша» дейтін. Мен бақыттымын. 1947 жылдың апрелінде осы театрға келдім. Күләштей адамды ұмытпау керек. Өйтсек, біз адам болмаймыз», – деді ол сөзінде.

Арыз жазғандардың ішінде болса, Ерекең Күләштің 90 жылдығында өстіп түк болмағандай сөйлеп тұрар ма еді? Әй, қайдам, сөйлемес еді. «Өйтсек, біз адам болмаймыз», – демес еді ғой онда.

– Тағы бір халық әртісі Роза Жаманова қалды. Ол жайында ойыңыз қандай?

– Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 3, 6-сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советі мен 8-сайланған СССР Жоғарғы Советінің депутаты Жаманова Роза Үмбетқызы 1928 жылы туылған. Күләш қайтыс болғанда ол 29 жаста. Ол туралы: «1953-жылдан Қазақ опера және балет театрының әншісі», – дейді Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы (3-том, 505-бет, 2001).

1972 жылы 27 қарашада Абай атындағы Қазақтың академиялық опера және балет театрында Күләштің туғанына 60 жыл толуына арналған кеш болып, сонда Роза Жаманова баяндама жасайды. Ол баяндаманы біз тыңдай алмадық, алайда гәзет берген хабарға қарағанда, Роза Жаманова Күләштің өмірі мен шығармашылығына жан-жақты тоқталып, «1936-жылы Москвада болған қазақ өнерінің онкүндігінде өнер көрсетуі оның творчестволық өмірбаянындағы жарқын бетке айналды. Әншінің шеберлігі бүкіл Одаққа танылды», – деп тебіреніпті. Солай деген адам бір кезде Күләштің үстінен арыз жазуы мүмкін бе? Оған кім сенеді? Әрине, ешкім сенбейді. Мүмкін емес, мен де сенбеймін.

Егер арыз жазған олар болмаса, кімдер болғаны?

– СССР халық әртісі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ришат Абдуллин Алматы музыкалық техникумында, Москва консерваториясының жанынан ашылған қазақ студиясында оқыған. «Күләш – тума талант. Арнайы, профессионалдық білімінің болмауына қарамастан, асқан еңбексүйгіштігінің арқасында ол осындай шығарма көкжиегіне, табыс биігіне көтерілген еді», – дейді ол 1982 жылы 13 мамырда «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Сахна сәні болған» атты мақаласында. Серіков айтып отырған екі СССР халық әртісінің бірі осы кісі-ау деген күдікпен оқып қарасам, «Жібек – Күләш», меніңше, өнердегі қайталанбас құбылыс, «Қыз Жібекті» ойнағанда, Күләш сахнада Жібек боп жүре беретін еді. Оның ән салғандағы сырға толы күміс үні мен сахнаны игере білушілігі, сахнада өзін емін-еркін сезініп ұстауы, ең бастысы еңбекқорлығы – кім-кімге де болсын үлгі», – депті. Оны дәл бұлай бағалай білген адам «ішеді», «жүреді» деп ЦК-ға арыз-хат жаза қояды дегенге сенгім келмеді. Адамдық ақылға салып қарасам, тегі, мүлдем мүмкін емес секілді.

«Күләшпен қатар ән салып, рөлде ойнау жеңіл болмаушы еді маған. Себебі ол көзге көрінбес керемет күштер арқылы сені де сахнада шебер алып жүргендей болушы еді», – деп, ағынан жарылып жазған адамды жамандыққа қия алмай қиналады екен адам.

Жазғандарына қарасаң, бәрі Күләшті бағалайды, бәрі оған бас иеді. Бірде-біріне бадырайтып кінә қоя алмайсың. Сонда Серіков айтып отырған екі СССР халық әртісі кім? Оны Серіковтің өзі ғана біледі.

Бұлар әртіс қой, рөлде ойнағандай өмірде де емін-еркін жүре береді, айта береді, шыны қайсы, ойыны қайсы, адам ажырата алмайды. Онысы екіжүзділік пе, шеберлік пе, оны да білмейміз.

Күләш қайтыс болған 1957 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы И.Д.Яковлев, ал Мәдениет міністірі Ә.Қ.Қанапин болатын. Қазанамаға әртістерден Қ.Жандарбеков, Қ.Қуанышбаев, Ш.Жиенқұлова, Ш.Бейсекова, Ж.Омарова, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов «және басқалар» қол қойған.

Сол «және басқалардың» ішінде ме әлде жоқ па деп, мен 1939 жылдан Қазақ опера және балет театрының сахнасында өнер көрсетіп келе жатқан 1947 жылдан Қазақстанның халық әртісі, 41-дегі Абдуллин Ришат Мүкімұлы мен 1939-65 жылдары Қазақтың опера және балет театрында әнші болған, 1947 жылдан Қазақстанның халық әртісі Абдуллин Мүсілім Мүкімұлын, 1946 жылдан Қазақтың опера және балет театырының әнші-солисі, 41-дегі Кенжетаев Кәукенді және 1944 жылдан Қазақ опера және балет театрында істеп келе жатқан, 1949 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығын алған, 1949 жылдан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 1954 жылдан Қазақстанның халық әртісі, 35-тегі Байғали Досымжановты іздедім. Таппадым. Кәукен Кенжетаевтың зайыбы, 1941 жылдан Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі, 40-тағы Шабал Бейсекова қол қойған қазанамаға оның күйеуі Кәукен неге қол қоймаған? Не себеп? Бұларды ЦК қоспаған ба, әлде өздері қосылмаған ба?

Шабал қол қоймаса, оны мен аса өрескелдік санар едім. Өйткені Күләш оны «Кішкентайым» деп ерекше еркелеткен екен. «Көңіл шіркінді қойсаңызшы, кейде бір балалар: «Күләшпен бірге ойнапсыз ғой», – десе, көңілім көкке көтеріліп қалатыны бар. Мен өзімнің Күләштің «Кішкентайы» атанғанымды бақыт санаймын, ұлы актрисаның өзім үлгі алған барлық қасиеті үшін оның алдында борыштымын», – депті Шабал «Лениншіл жастың» бетінде 1982 жылы 13-мамырда, яғни Күләштің 70 жылдық тойында. Оңай Тұрғалиеваның жазуына қарағанда, Алматыдағы музыка училищесіне Шабалды қабылдатуға Ахмет Жұбанов пен Күләш екеуі кезінде үлкен еңбек сіңіріпті («Қазақ әдебиеті», 04.11.1983). Сондықтан Күләштің «Кішкентайы» Күләштің үстінен арыз жазуы мүмкін емес деп ойлаймын.

– Байғали Досымжанов пен Кәукен Кенжетаевтың Күләш жайындағы пікірлері қандай екен?

– Ал Байғали мен Кәукеннің Күләш жайындағы пікірі кісі сүйсінерлік.

«Күләштің 95 жылдығы — бүкіл қазақ өнерінің тойы. Қазақ өнерінің негізін қалаған, алыстаған сайын биіктеп бара жатқан алыптардың тойы... Күләш ұлы адам ғой. Ол ұлттың, халықтың ұғымына ұлы адам болып сіңген... Күләш өзінің кемшілігін өзі білетін. Күләштің ұлылығы да сонда... Күләш менен екі жас қана үлкен. Бірақ мен Күләшті ұстазымдай көрдім», – дейді Кәукен Кенжетаев («Әдебиет айдыны», 18.01.2007). Осыны оқығанда, әркім-ақ: «Апырмай, қандай кемшілігін айтып отыр екен» – деп қалады. Меніңше, меңзеп отырған кемшілігі біреу – арнайы білім алмағандығы.

Сөзінің соңында К.Кенжетаев былай депті: «Өткенде бір газет, жалғыз қызы бар еді, содан сұхбат алыпты. Сол сұхбаттың өзінде көп нәрсе дұрыс айтылмаған. Күләш Москвада «Пекин» қонақүйінде қайтыс болды. Татарлардың декадасы болып, соған барған. Жалғыз болған. Кім біледі не болғанын. Қанабек кейін барды. Ұлы адам туралы айту қиын. Халық Қыз Жібекті, Сараны қалай көрсе, Күләшті де солай көрді. Солай қабылдады».

Шынында, адам сүйсінетін ақылды пікір емес пе? Біреудің бағасын білген адам, сөз жоқ, өз бағасын да біледі.

Енді Байғали Досымжановтың «Қарыздармын мен саған, сыр сандығым!» деген мақаласынан пікір тартып көрелік.

«Күмістей сыңғырлаған дауысымен де, келбетімен де, адамгершілігімен де жаныңды баурап алатын бұлбұл апайымыз Күләш Байсейітованы ... еске аламын. Күләш, Құрмаш сияқты әншілермен қосылып ән айтуға жүрексіндім. Осы күдігім кейін де тарқамады. Күләш апай қанша мейірімін төккенмен, ән айтқан кезде мысы басып кететін... Күлекеңмен сахнаға шығып бірге ән айту, ойнау, бір жағынан, мен үшін зор қуаныш болса, екінші жағынан өте жауапты еді, жүрексіне беретінмін. Күлекең партнерінің сахнада жетпей жатқан жерін, ойынын көрермендерге білдірмей өзінің дәрежесіне көтеріп әкететін. Сондықтан Күлекеңмен сахнада әріптес болған сәттерімді бақытты шақтарым деп санаймын. Және Күлекең маған көп нәрсені үйретті», – депті ол («Жұлдыз». №1, 1984). «Қандай спектакльде болмасын Күләш шыға келгенде, сахнаны жалғыз өзі толтырып кетуші еді. Спектакьлдің басқа кейіпкерлері ысырылып кеткендей, көрермендер тек Күләшқа ғана қадалып қалатын», – деп сыр ашыпты Байғали 1982 жылы 7 наурызда («Өркен»).

Адамның жан сырын ашып, ашық айтуы осындай-ақ болар. Кәукен де, Байғали да Күләшпен әріптес болып ойнаған таланттар, екеуі де Мәскеуде, консерватория жанындағы Опералық студияда оқыған. Соғыс басталғанда қолдарына қару алып, Мәскеудің ерікті жасағына қосылған. Содан Рязандағы артиллерия училищесіне жіберіліп, сол арадан Алматыға қайта шақыртылған. Ал Күләш консерваторияда оқымаған, халықтың арасынан шыққан адам. Бірақ ол табиғат берген тума талантымен оқығандардың алдына шығып, олардан озып кетті.

«Күләш, Қанабек, Құрманбек, Шара, сол кездегі қазақ өнерінің айын аспанға шығарған қайталанбас тұлғалардың барлығы халықтың арасынан шықты. Олардың бірінші рет көрген театры Қоянды жәрмеңкесі болды», – дейді Кәукен «Әдебиет айдынындағы» сұхбатында.

Олардың Қоянды жәрмеңкесін көргеніне мен кепілдік бере алмаймын, өйткені ондай деректі еш жерден оқыған емеспін. Сірә, бейнелеп, бәлкім, бөтен пиғылмен айтқан бір ойы болар. Қоянды жәрмеңкесін жыр-думанға бөлегендер Қалибек, Әміре, Исалар ғой.

– Алты арызшының ісін қиянат дейміз бе, әлде пендешілік дейміз бе?

– Кезінде Күләш те сыйлаған, Күләшті де сыйлаған біраз адамның сыры мен пікірі осындай. Осы адамдардың алтауы үстінен ЦК-ға арыз жазғанын Күләш білсе не көзімен көрсе, күйініш пен өкініштен өліп кетпегенде қайтеді? Көзіңе күліп жүргендердің сыртыңнан сөгіп жүретінін білу кімге оңай дейсің? Ондай сатқындықты көңіл мен ақылға сыйдыру, әй, әркімнің қолынан келе қоймас-ау! Іштарлық, көре алмастық, қызғаныш кейбіреуді қамшылап та жататын көрінеді, алайда өзінен артып бара жатқан адамның көзін құртып жіберуге тырысатын, ал ол қолынан келмесе, ең болмаса өмірін ту-талақай етіп жібергісі келетін кекшілдер қоғамға да, жеке адамға да өте қауіпті екенін өмір ежелден-ақ дәлелдеп келеді. Қазақ ондай қара пиғылды тоқтатуға шамасы келмеген соң, әншейін мән бермегенсіп, елемегенсіп, оны пендешілік дей салады. Сол пендешілік бірде қаулап, бірде баяулап ақырзаманға дейін бізбен бірге баратын көрінеді. Арыз жазып Күләшқа қиянат жасаған адамдарды анықтасақ, болашақ таланттарды сондай пендешіліктен сақтармыз ба деп жүрген біздікі де пендешілік.

Бәлкім, алты арызшы өз қателіктерін кейін, кеш түсінген шығар?

Ол да мүмкін. Бірақ қателікті түсіну мүмкін болғанмен, өлген Күләшті тірілту мүмкін емес қой. Қателіктің ар жағынан қылмыс сығалап тұрғанын Күләштің өлімі еріксіз еске сала береді.

«Күлекең әлі жүруі керек еді. 95-ке келуі керек еді», – депті Кәукен. Егер алты адам ЦК-ға арыз жазбаса, Күлекең күліп-ойнап Қытайға барып келер еді. Бүкіл опера театрының орыс, қазақ труппасында ешқандай оқу бітірмеген Күләш қана 3000 сом жалақы алатын. Ал Мәскеуден оқып келген Кәукен, Шабал, Байғалилардың жалақысы одан кем еді (2500-2000 сом — Б.Н.). Күләш 1958 жылы Мәскеуде өтуге тиіс Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін дайындау және өткізу жөніндегі үкімет комиссияның (төрағасы — Д.Қонаев) мүшесі болып бекітіледі. Оған қатысып келсе, Күләш атақ пен даңқтың биік шыңына, сөз жоқ, тағы да көтеріле түсетін еді. Бәлкім, сонда 95-ке де келер ме еді деген пендешілікті анда-санда біз де ойлаймыз. Қазақ болған соң, қазақтың пендешіліксіз күні бар ма?

Өзгеге жасаған өз пендешілігін мойындап, солардың аруағынан кешірім сұраған мен әзірге екі-ақ адамды білемін: бірі – Әбділда Тәжібаев, екіншісі – Мұхамеджан Қаратаев. Әбділда ағамыз «Мағжанның ұлы аруағы мені кешірер», – десе, «Сынаңдар!» – деген соң, сынап жазып едім, оның салдары ағаларым үшін анандай сұмдыққа айналып кететінін қайдан білейін», – деп, жастықтың әсерінен ағат басқанына Мұхамеджан ағамыз да өкініп еді. Өкіну деген де адалдыққа қарай бір қадам жақындау ғой. Алайда елдің бәрі Әбділда мен Мұхамеджан емесін өмір өзі көрсетіп келе жатыр емес пе? Сол алтаудан енді өкінетін кім қалды? Арамызда әзірге біреуі ғана жүр. Дегенмен, қазақты әлемге танытқан Күләшіне қастандық жасаған алты адамды халық кешіре ме әлде мүсіркей ме, оны болашақ көрсетеді. Бізді тек: «Күләшті аямаған қазақ кімді аяр дейсің», – деген үрей ғана шошытады.

Күлекеңнің аруағы риза болсын! Қалғанын келер ұрпақ жалғастырар. Биыл жүз жасаған Күләш әлі мың жасайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар