Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин...

14.03.2018 6079

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин

Мұхтар Мағауин.    Ілияс аға Есенберлин - adebiportal.kz

(жалғасы)

12

Мен Ілияс Есенберлиннің ғұзырына жеткен кезде жиырма жеті жастамын, білімдар тарихшы һәм қалыптасқан қаламгер едім деп, нық сеніммен айта алам. Оған 1964–1965 жылдары жазылған, Қазақ хандығы дәуіріндегі, беймәлім, күңгірт, жабық жатқан әдебиет тарихын негіздейтін, кандидаттық монографиям – түйінді тұрғылары ғылыми жинақтар мен ағымдағы баспасөз бетінде тезінен жарияланып, жеңілдетілген нұсқасы баспаға келген бетімде, «Қобыз сарыны» деген атпен жарыққа шыққан әйгілі кітап нақты куәгер бола алады. Және кейінде атақты Ғабит Мүсрепов қазақ әдебиетінің қазынасына қосылды деп бағалаған алғашқы әңгімелер. Ілекең менің бар болмысымды бірден таныды, соған орай сенім артып, құрмет көрсетті. Мен өз кезегімде «сыйға – сый» ғана емес, алаш жұртының мәңгілік мұраты үшін, Ілекеңмен ынтымақты, тығыз байланыс орнаттым. Күрделі, әрі дау-дамайлы баспа жұмысымен қатар, Ілекеңнің өзінің шығармашылық қызметі тарабында. Осы ретте, ең алдымен Ілекеңнің «Ғашықтар» романына бейресми редактор болған едік. Жөн-жобасын айттым. Алда – қиғылығы мол, өткелегі күрделі, тас қамалды «Қаһар» тұрған.

Кейін, тарихи трилогия жеріне жетіп, халқының жоғарғы бағасын алып, қайыра басылып, орысшаға аударылып, шет жұрттарға тарай бастаған кезде, ұшпаққа шыққан Ілекеңнің өзінің атап айтқаны бар: «Көшпенділерді» жазуда маған үш адамның көмек, жәрдемі айрықша болды, бұлар – Мұхтар Мағауин, Сәуірбек Бақбергенов және Қабдеш Жұмаділов деген тұрғыда. Бұл сөздің мән-мағнасын асыра түсінуге әсте болмайды. Ол кезде де, қазір де біздің жұртта қалыптаспаған рәсім – орыс әдебиеті мен тарихы, Батыс әлемінде үйреншікті жағдай: кез келген жазушы, көбіне-көп тарихшы, әдебиетші, өзінің жаңа бір кітабын жазып біткенде, тілектес болған, азды-көпті кеңес берген дос-жаран, таныстарын, әрқилы пікір қосқан көлденең ағайындарды атап көрсетіп, рақметін айтып жатады, кейде Пәленше мырза мына мәселеге менің назарымды аударып еді деп, тіпті, анау бір кітап, немесе мақала туралы ақпар беріп еді деп, сілтеме жасайтыны бар. Ілекеңнің лепесі – осы тұрғыдағы риясыз ілтипат, қаламгерлік үлкен мәдениет көрінісі ғана. Баяғы, анекдоттық кейіпкердің атаулы фильмде өзінің комиссарына: «К славе Чапаева примазываешься!» – «Менің даңқыма жанасалап, атағыңды шығарғың келеді!» деген қыжыртпа сөзіне ақиқат ортақтасу – ешкімді де абыройға жеткізбесе керек. Кейінгі кезде Ілияс Есенберлиннің жазушылық зертханасы, әрбір кітабының жарыққа жету тарихы, атаулы кітаптарының редакторлық жұмысы, жалпы жазарман қауыммен ара қатынасы, тіпті, ғұмырбаяндық деректері төңірегінде жай ғана жаңсақ емес, көпе-көрнеу жалған дерек, қисынсыз пікірлер көптеп айтыла бастады. Біз осының бәрін түгендеп, талдап, терістеп жатудың өзі артық деп білеміз. Біразы көпе-көрнеу. Мәселен, «Айқас» романының 1966 жылы жарыққа жетуі, ол туралы алғашқы мақалалардың келер жылдан бастап қана жарияға шығуы; «Қаһар» романының 1969 жылы басылып таралуы, сондықтан оның қолжазбасының 1972 жылы Одақ секретариатында талқылануы мүмкін еместігі; ауыр халде реанимацияда жатқан кісінің үстіне көлденең ешкім кірмейтіні, онымен әдебиет туралы пікір алмасу қисынға келмейтіні; атақты жазушы, жасы үлкен қарияның баяғыда өзінің кінәсіз сотталғаны туралы анықтаманы қолына ұстап, зыр жүгіріп, Одақ пен журналдағы жас балаларға жағалай көрсетіп жүруі; анау романды ананың жазып бергені, мына романды мынаның түзеп бергені... тіпу, бірінен бірі өтеді, толып жатыр. Қадырдың қияли хикаяларын бұл араға қыстырмай-ақ қоялық, өткенде бажайлап айтқанбыз. Осыған керісінше, әзірше жарыққа жетпеген, беймағлұм, немесе көпшілікке кеңінен таралмаған қаншама ақиқат дерек бар. Бәлкім, кейінде тағы қаншамасы архив қойнауынан шығып жатыр. Ал біз көзіміздің тірі кезінде, өзіміз тікелей куә болған әрқилы елеулі жағдаяттарды бүкпесіз айта кету парыз деп санадық.

Сонымен, Ілияс Есенберлиннің ең басты, орталық шығармасы «Қаһар». Жазылу, жарыққа шығу тарихы. Бастан-аяқ көз алдымнан өтіп еді.

Ілекеңнің өзінің әлдебір орайда: «Мен «Көшпенділер» трилогиясын алғаш рет 1945 жылы ойластырып едім» – дейтіні бар. Тұтас трилогия емес, «Қаһар» романы ғана деп нақтылар едік. Өйткені, келесі кітаптардың Кенесары хан туралы романының ғаламат табысынан соң ғана ойға оралып, қиялда қалай қалыптасқанын жақсы білем. Уақасы жоқ. Бір «Қаһардың» өзі жетіп жатыр. Ертеден-ақ арман болуы күмәнсіз. Өзі Кенесары ханның бас батырларының бірінің ұрпағы болса. Қазақтың ескілікті аңыздары мен ерлік жырларын жасынан тыңдап өссе. Ең бастысы – отаншыл, азаткер жүрегі болса. Және бұл кезде Ермұхан Бекмахановтың алғашқы зерттеулері бой көрсетіп, көп ұзамай әйгілі монографиясы да жарыққа шыққан. Және бар тарихта ұнасымды бағаланып жатыр – патша отаршылдығына қарсы күрескер. Алайда, көп ұзамай-ақ жауыз болып кетті. Партиялық құбыжық қаулы шықты. Тағы бірер жылдан соң Есенберлиннің өз аяғына да темір тұсау салынды. Бұдан соңғы күндердегі тіршілік те оңай емес. Кенесары туралы кесірлі қаулы күшінде тұр. Ақыры, заман біржола оңалмаса да, тар құрсау әжептәуір ұзарып «Жылымық» атанған күндер келді. Оған жалғас тағы да, біршама кеңшілік жылдар. Ілекең де еңсесін жазып, таза қаламгерлік қызметке ден қойды. «Айқас». «Қатерлі өткел». Ең бастысы – көп ұзамай өзі де биік тұғырға отырды – қазақ әдебиетінің барлық нұсқасын жарыққа шығару мүмкіндігі бар «Жазушы» баспасының директоры. Тыныс кеңіп, болашаққа сенім артқан әуелгі кезең – сол бір жылы жазғытұрым төгіліп жазылған өзгеше сырлы роман «Ғашықтар» терімге әзірленіп жатыр. Міне, осы шама, 1967 жылдың мамыр-маусымы, бәлкім, шілде, тамызда көкіректегі буалдыр қиял, орындалмас арман қайтадан тіріледі. Әуел бастан-ақ Ілекеңнің зор сеніміне жеткен, бұл кезде ең жақын кісісіне айналған менің болашақ тарихи роман туралы алғаш хабардар болуым – 1967 – тамыз айының соңы. Жанкешті батыл, әрі ғажайып ниет. Ілекең енді Кенесары ханға қатысты тарихи деректерді топтай бастаған. Ең басты тұрғы – Бекмахановтың кітабы. Менде бұрыннан бар еді. Ілекеңнің өзінде де бар екен. Қалғаны оңай. Жекелеген куәлік, бұрынғы-соңғы, зерттеу мақалалар, әрқилы оқшау деректер. Мәселен, барон У[сла]р жазбалары. Қазақ әдебиетіндегі тиесілі нұсқалар. Нысанбай, Досқожа. Ең аяғы – кесірлі «Жасауыл қырғанға» дейін. Иә, «Топжарған» бар. Және Нысанбай. Ілекеңе түгелдей мағлұм шықты. Бәрі де қолында тұр. Сонымен қатар, жас кезінен санаға қонақтаған қаншама аңыз бен тарихи хикаялар. Есебі, шикізаты дайын, енді нақты құрылғасы, Кенесарының өзінен бастап, Наурызбай мен Ағыбайдан өтіп, ең негізгі тұлғаларды көркем кейіптеу. Ілекеңнің бай қиялы, кешкілік дамылынан түнгі ұйқысына қоса, тынымсыз жұмыс жасап жатса керек. Мен бұған дейін-ақ Кенесары ханның бар тарихын жетік білетін едім. Әуелгі ауызекі әңгіме, хикаялардан бастап. Үлкен әкем Мағауия айтатын Есенгелді–Саржанның қазасы, Кенесары тағдыры. Наурызбай туралы аңыздар мен жыр. Өз әкем мұғалім, үйімізде әжептәуір кітапхана құралған, оның ішінде Бекмахановтың кітабы, мектепте жүргенде оқып тауысып едім. Студенттік жылдарда бұл тақырыптағы таным мен білім кеңіп, арта түскен. Ал аспирантурада, ежелгі жыраулар мұрасын қарастыру кезінде Ғылым Академиясының архивін төңкеріп шыққам. Оның ішінде тек қана Кенесары ханға қатысты екі бума құнды қолжазба бар еді. Енді Алаштың айдыны, Хан-атамның аруағы үшін, қамқор ағамның болашақ абыройы үшін бұл іске аянбай атсалысу қажетіне ден қойдым. Ілекеңнің білері көп, ешкімнен ақыл сұрамайды, оның ішінде маған да тікелей сауал салып, немесе көмек тілеп көрген емес. Менікі – жаңа айтқанымдай, өзім тіленген, риясыз көңілден шыққан ізгі ниет қана. Ілекең екеуіміздің Кенесары қозғалысы, болашақ роман туралы кеңесіміз – ортақ тақырыптың әдепкі талқысы, талқы да емес, өзара түсіністі, жан жадыратар әңгіме ғана болатын. Ағамның бар жарағы түгел екенін аңдаған соң, Академия архиві туралы айттым. Бұл екі томды аса мұқият, ежіктеп болмаса да, бастан-аяқ ақтарыстап, кейбір дүниелерін оқып, түйіндеп, жете таныған едім. Төтенше біраз ақпар бар, оншақты күн бажайлап отырып, қажетті дерек, мағлұмат, хикаяларын тізбелеп әкелейін, дедім. Кейін біреулер жазыпты, Есенберлин Мағауинді Академияға жұмсады деп. Менің әлдебір сөзімнен шығарған теріс қисын. Онда не барын білмесе қалай жұмсайды. Және, бала кезімнен-ақ ешкім ешқашан мені әлденеге жұмсап көрген емес. Айттым, атамның аруағы үшін, ағамның мәртебесі үшін. Жұмыс арасында, тыныс күндерде екі аптадай отырып, қаншама жаңа материал сұрыптадым. Бәрі бірдей жадымда жоқ, тек Кенесары ханның Балғожа бимен хабар алмасқан хаты ғана нақты есімде. Әуелі Кенесары ханның сәлемі мен талабы, одан соң Балғожа бидің теріс жауабы. Екеуі де бастан-аяқ, аса көркем тілді өлең-толғаумен жазылған. Кейін романда Ілекең екі тараптың да бірер үзік лепесімен шектеледі. Әрине, қажетті қисынына қарай. Және бұл оқиғаның алды-арты жинақталып, Кенесары қозғалысына қатысты қазақ арасындағы төтенше жағдаят екені кең көлемді суретпен берілген. Бұдан соң, осы кесімді өлеңдер нұсқасы «Қаһардан» қаз-қалпында алынып, тақырыптас әрқилы мақала, зерттеулерге еніп жүрді; менің көшірмем Ілекеңнің архивінде сақталды, сақталмады – түпнұсқа, толық мәтін Академияның Орталық кітапханасының қолжазба қорында әлі күнге жатуы хақ, менен соң ешкім көрмеген, білмеген кебінде. Біздің әдебиеттану, тарих ғылымының ізденіс деңгейі осы дәрежеде.

Ілекеңнің тақырыбы шатақ, осындай күрделі романға дайындалып жатқанын сыртта өзінен басқа екі-ақ адам – Сәуірбек Бақбергенов пен Мұхтар Мағауин ғана білген еді. Бұл кезде баспаның «Балалар және жасөспірімдер әдебиеті» редакциясын басқаратын Сәукең – Созақта туып, Түркстанда өскен, туған анасы – Кенесары ханның тікелей ұрпағы Жүніс деген төренің қызы екен. (Бұл Жүніс туралы біршама деректі Арман Қият құрастырып, 2013 жылы бастырған «Абылай хан әулеті» кітабынан ұшыраттым. Кенесары ханның ұлы Тайшық сұлтаннан туған. Созақ-Қызылкөл төңірегінде күн кешіпті. Тайшық 1864 жылы, отыз бір жасында, Қоқанмен соғыста ауыр жараланып, қаза табады. Артында, үлкені – Жүніс, үш ұл қалған екен. Жүністің өзінің екі қатыннан тоғыз ұлы болыпты, қыздары туралы атаулы мағлұмат жоқ. Тумысында жауынгер, тентек Жүніс қилы ғұмыр кешеді: 1928 жылғы кәмпеске кезінде Ташкент арқылы Түркменстанға ауып, одан әрі Қашқарға өтіп, ақыры елге қайтады; 1935 жыл шамасында дүниеден өтіпті.) Сәуірбек Бақбергенов – нағашы жұртына тартқан, өзінің де мінезі қатты, бірбеткей кісі еді. Ұтымды тақырыбын тапқан, тәп-тәуір жазушы. Түстіктегі төрелер әулетінің жай-күйін, оның ішінде Қасым сұлтан, Кенесары хан, төрелер тұқымы туралы біраз жағдаятты жақсы білсе керек. Және осы ортаға қатысты, ешбір қағазға түспеген, әрқилы оқиғалар. Нақты айта алмасам да, шамалаймын. Оның ішінде Қоңырқұлжа мен оның әулетіне байланысты хикаялардың бір ұштығы да осы Сәукеңнен шығуы ықтимал. Қандайы болса да мәнсіз емес. Қайткенде де Сәуірбек Бақбергенов Ілекеңе төрелер қауымына қатысты, нағашы жұртында, ел аузында сақталып келген әрқилы тосын әңгімелерді жеткізуі анық. Кейінгі алғыс осы орайда.

Міне, Ілекең соңғы деректерін жинақтап, қиғылық романды бастан-аяқ ойша жобалап жатыр. Ешкімнен ақыл сұрамайды. Өз ақылы жететін. Қазақ жауынгерінің қару-жарағы, халқының тұрмыс кебі, тіршілік жөні, киіз үйінің құрылымы туралы да ешкімнен кеңес күтпеді. Өзі де білетін. Яғни, кейбіреулер айтып жүргендей, әркімге бір телміріп, жәрдем тілеп, түптеп келгенде алқалы жиын жасаған жоқ. Өзі. Жалғыз дара. Жүректің терең түкпірінен қайнап көтерілген азаткер, ұлттық сана енді Кенесары ханның жанкешті күресі арқылы нақты түр, тұлға тауып, тарихи көркем шығармаға айналуға тиіс еді. Әлбетте, Ілекең екеуіміздің арамызда, және, байқауымша, Сәуірбек Бақбергеновпен де азды-көпті, жүре-бара кеңес болып тұрды. Нақты есте қалмапты, қайткенде де шешуші мәні шамалы, бірақ қажетті кілтипан, дәйектеме деректер болса керек. Маған, әдетте, алдағы романның жөн-жобасын, жаңадан табылған, немесе ойластырған төтенше жайыттардың шет-жағасын ғана айтатын. Ішке сыймай бара жатқан жал-жал толқынның кең дүниеге еріксіз лықыған шашыранды тамшылары. Анығы – ойласу емес, өз байыбын бекіте түсу, дауыстап толғану дер едім.

Ілекең өзін, бәлкім асқаралы биікке шығаруға тиіс, бәлкім, қаралы қазаға жетелеп апаратын алмағайып романына қараша айының орта шенінде кіріспек еді. Одан әрі желтоқсанға көшірді. Тағы да созылып барады. Ақыры, 1967, 30 желтоқсан күні айрықша жадыраған, нұрлы жүзбен қуанышты хабарын айтқан. Өткен түнде, есебі бүгін, таңғы сағат бірде бастапты. Тым ұзақ отырмадым, деген. Төрт-бес бет қана. Бірақ жол ашылды!.. Содан дамылсыз жазу – ауыр қызметтен кейінгі азғана, бірер сағаттық тыным, ұйқыдан соң, түннің бір уағына дейін, және міндеттен тыс сенбі, жексенбі күндеріндегі ұзақ отырыстар – ақыры 1968 жыл, 20 март күні тәмам қылды. Жиыны – сексен екі күн! Ғаламат еңбек!.. Жазылып біту мерзімі ғана емес, кейінде әйгі болған мән-мағнасы, көркемдік қуаты, ұлттық бағдары тұрғысынан алғанда да. Жұмыстың үлкені жасалды. Қиындықтың үлкені – алда тұрған.

13

Ілекең бұл кезде жаппай қолданысқа түскен тегіршікті қаламмен жазатын. Таңбасы – ірі, анық. Тұтастай дерлік шимайсыз, бір қалыпты. Әлбетте, тікелей жұмыс үстінде жекелеген сөз, сөйлемдерді нақтылау, үлкенді-кішілі үстеме, азды-көпті қысқартулар болмай тұрмайды. Табиғи жағдай. Бірақ біткен жұмыс, тіпті, жекелеген тарау, бөліктерді үстінен түзеу, қайыра көшіру – әдетінде болмаған сияқты. Баданадай, анық таңбаға түскен және біршама таза, бастапқы қолжазбасын сол қалпы мәшіңкеге беретін. Толығымен тәмам болған «Қаһарды» екінші, әлде үшінші күні өзіміздің машбюроға тапсырды. Әрқайсы жүз беттен астам, төртке бөлініп басылды ғой деймін. Асығыстық қана емес, бастан-аяқ бір кісінің қолынан өтуін қаламаса керек. Аптадан аспай дайын болды. Көшірме қағаздар арқылы өткен үш дана. Бірінші және үшінші даналары өзінде қалып, менің қолыма сапалы екінші данасын тапсырды. «Мұқият оқып көр, ілгішек қалмасын», – деген. Мен, жоғарыда айтқанымдай, Хан-Атамның аруағы және тілеуқор Ағамның мерейі, түптеп келгенде, Қазақ халқының асқақты рухы үшін ештеңеден де аянбауға тиіс едім.

Мәшіңкеге бір қалыпты басылған қолжазба, қазір нақты есімде жоқ, төрт жүз беттің үстінде болатын. Үйге апармадым, кабинетім жеке, бірақ жұмыс бабымен кіріп, шығатын баспа қызметкерлері өз алдына, әрқилы шаруамен жүрген бейсауат жұрт та көп, ұзақ күн бойғы толық оңашалық жоқ, әйткенмен, өндіріске кетуге тиіс әртүрлі, кейде жауапты қолжазбаларды қарайтын, қалыпты әдетім бойынша, «Қаһардың» да бар шаруасын осында тәмамдамақ болдым. Бірден-ақ қаптал отырып едім. Аралық алаң, үзілістер бөгесін емес, пайдаға шықты ғой деймін. Тақырыбы соны, әрі даулы, сюжеті шытырман, көркем бейнелері мейлінше шебер сомдалған, қызғылықты романды мүлде елітіп, беріле оқып кетпей, байыппен, баппен, салмақтай қарастыру үшін. Күнделікті ұсақ-түйектен тыс, негізгі жұмысыма айналды. Кешіне сейфке салып кетем. Таңертең алдыма жайып, айрықша қанағат, мейірмен ежіктеп оқи бастаймын. Жұмыс ыңғайымен Ілекеңнің өзіне, немесе бас редакторға, бөлімдерге бара қалған жағдайда, есігімді құлыпқа салып кетем. Әлбетте, көлденең кісі, тіпті, жақын жолдастармен арада мұндай ерекше кітап туралы сөздің ұшығы да шықпады.

Ілекең ескерткен «ілгішек» – романның идеялық тұрғысына байланысты кілтипандар болатын. «Феодалдық-монархиялық, реакцияшыл қозғалыс». «Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуына қарсы күрескен кертартпа құбылыс». Яғни, жаманның жаманы, кеселдің асқыны. Ал шындығы – айқын. Ілекең үшін, мен үшін ғана емес, қазақ халқының ұлттық мұраты тұрғысынан алғанда. Алайда, дәп осылай деп ашық айта алмайсың. Ресми саясат жетегімен қаралау да қисынсыз. Әрине, «Қаһар» – Кенесары қозғалысы туралы тарихи зерттеу емес. Ондай, зерделі, әрі терең, байыпты да бағалы еңбек болған. Соған орай сыбағасын алған. Бірақ Есенберлин кітабы – көркем шығарма, тарихи тақырыпта болса да, тұрғысы басқа, жанрлық ерекшелігіне сай, сан салалы мүмкіндігі бар роман болатын. Ілекең осы екі аралықтан қия жол тапқан екен. Коммунистік идеологияның өзінде «халық» деген ұғым бар ғой. Сол халықтың қаһары. Қандай езгіден де тыс, еркін өмір туралы арман-мұраты. Кенесары, түп ниеті қалай десеңіз де, қиғылық кезеңде замана толқыны көтеріп шығарған өзгеше тұлға болған. Міне, үстірт көзге, тіпті, жау ниетті, қырағы талқының өзіне осылай көрінбек.

Мен Ілекеңнің романын ежелеп, тура қырық күн отырдым. Негізгі жұмыс – стилистика тұрғысынан еді. Басы артық сөз, тіркестерді қысқарту, жекелеген сөйлемдерді ширата түсу. Ең бастысы – әредік, аңдаусыз, тұпа-тура кеткен тұстарда, мағнаға нұқсан келтірмей, бипаздап емес, астарлап жіберу. Мұның бәрі – әдепкі, редакторлық жұмыс болса керек. Өз жанымыздан ештеңе қосылған жоқ. Нақтылау тұрғысындағы бірер сөз, асса жарым сөйлем. Көрініс емес, сурет емес. Тарихи дерек, этнографиялық дәйек, көркемдеу тарабында да әлденендей қате байқалмады, бұл ретте қысқарту да, үстеме де қажет болмады. Қайталап айтайын, әуел бастан-ақ «Қаһар» – қай тұрғыдан алғанда да ғажайып роман еді, менің соншама тұқшиып, қырық күн бойғы жасаған бар жұмысым – тілдік тұрғыдағы бипаздау, сылап-сыйпау болатын. Жұмыс арасындағы қырық күніміз – таза, қаптал отырсақ, екі апта, асса жиырма күннің шаруасы екен.

Совет заманындағы баспа редакторының бар жұмысы – теріс, керек десеңіз, зиянкестік бағдарда қалыптасты. Қандай да кітапта, тіпті, газет, журнал материалдарында идеялық қате ұшыраспауға тиіс! Әлденендей күмән туғызатын, екі-ұшты пікір өтіп кетпесін! Кез келген шығарманың мазмұны ғана емес, түр-тұлғасы да жоғарыдан сызып көрсетілген қатаң талаптан ауытқымауы керек. Сөйтіп, автор мен редактордың арасындағы күрес тура жетпіс жылға созылды. Бұрнада және кейінде орыс әдебиетшілерінің жазғаны бар. Көбіне-көп бұл редакторымыз – кәдімгі жазушы. Оның өзінің де кітабы қатарлас редактор-жазушының қолына түскенде... манағы сыйықсыз кепті бастан кешеді. Шын мәнісінде, цензурасыз, еркін Батыста редактор – ең алдымен авторға көмекші саналады. Көлденең, тың көзбен, жанашыр, тілектес көңілмен қарап, қаламгердің өзі байқамаған олқылықтарға назар аударуға тиіс. Көбіне стилистика ғана емес, бейнелеу, көркемдеу жүйесінің өзіне ықпал жасайды. Әдебиет тарихына қарасаңыз, біздің көзге сөлекет көрінер мысалдар ұшырасар еді. Мәселен, атақты Теодор Драйзердің әрбір романы өзі таңдаған маман редактордың қатаң сүзгісінен өтіп отырған. Ысылта түсу, ықшамдау, тілін өңдеу тұрғысында. Ал американ ғана емес, ХХ ғасырдағы әлем әдебиеті алыптарының бірі Томас Вульфтің кітап шығару тарихы тіпті өзгеше. Өздері жазушы емес, бірақ білімдар, қаламға шебер, кейінде өмірбаяндық шежіреге енген редакторлары Томас Вульфтің кезекті үлкен романын ортасынан ойып, мүлде басқаша кейіптеген, ал артық-ауыс саналып, сыртта қалған бөлігін жаңа бір романға айналдырған жағдайлары бар. Тұтасымен қабылданған шығармасының өзін тоғыз төңкеріп, астын үстіне түсірген. Әрине, жаңадан жазып берген ештеңесі жоқ, барлық жұмыс – қолдағы дүниені одан әрмен ширатып, жақсарта, жетілдіре түсу талабымен жасалыпты. Біз бұрнағы «Ғашықтар», кейінгі «Қаһар» кезінде мұндай қадамға бармадық, бәрі өз орнында тұрған, жоғары көркемдік деңгейде жазылған романдар болатын. Біздің бар жұмысымыз, осымен үшінші мәрте қайталап айтайық, «Қаһарға» қатысты бар жұмысымыз – Ілекеңнің өзі нұсқаған «ілгішектер» төңірегінде болды, тек әлдебір пәлелі кілтипандар ғана емес, таза стилистика тарабында. Артық-ауысы жоқ, табиғи қолқабыс. Керек десеңіз, шаруасына ықтиятты, сауаты жоғары кез келген редактордың міндетті парызы. Дәп осы ретте, әлденендей артықша еңбегім бар деп білмеймін.

Айттым, Ілияс Есенберлиннің Кенесары хан туралы шатақ роман жазбағы әуелде жалпы жұрт назарынан тыс. Қалыпты рәсім бойынша, келер жылдық жоспардың наурызда баспаком талқысынан өтіп, екшелген, қысқартылған, соған сәйкес толыққан, ең соңғы нұсқасы көкектің орта шені, тым құрса май мейрамынан бірер апта бұрын Орталық партия комитетіне тапсырылуға тиіс. «Қаһар» Госкомиздат талқысынан шаң жуытпай, алдағы 1969 жылдың тақырыптық жоспарына аман-есен өтті. Бұл кезде белгілі жазушылар санатына қосылған Ілекеңнің баспа директоры болуынан ғана емес. Әлбетте, тиесілі, ресми жоспарға ұсынылған кез келген ескілі-жаңалы қолжазбаның қысқаша аннотациясы коммунистік, советтік идеология талабына сай жасалады. Хикая – жастар, олардың кәдімгі махаббаты мен әдепкі оқуы, жұмысы туралы болса, міндетті түрде бақытты заман, коммунистік құрылыс еске алынуға керек. Егделер, қарттар туралы жазылса, бұлардың бүгінгі социалистік қажырлы еңбегі, бұрнағы майдангерлік қызметі аталуға тиіс. Тіпті, советтік насихатқа ешқандай қатысы болмаса да, әлденеден ілініп тұрсын. «Қаһардың» әуелгі қағаз жоспардағы, кейінде рекламалық кітап ішінде айқындалған болмыс-бітісіне осы тұрғыдан анықтама берілген. Кенесары ханның реакциялық қозғалысын әшкерелеу, қалың бұқараның отаншылдығы, Россияға қосылудың табиғи заңдылығы ғана емес, прогрестік озық сыпаты. Талассыз, күмәнсіз ақиқат. Олай емес деп ешкім айтпайды. Мұндай кітап керек пе? Керек. Керек қана емес, айрықша қажет. Ақыры, май айында, алдағы 1969 жылдың тақырыптық жоспары Орталық Партия комитетінде екі бөлім мен идеологиялық хатшы Имашевтің алдынан өтіп, біржола бекіді. Яғни, «Қаһар» романы да өтті деген сөз!..

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар