Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Қожа Хафиз. Ғазалдар...

14.03.2018 8376

Қожа Хафиз. Ғазалдар

Қожа Хафиз. Ғазалдар - adebiportal.kz

Хафиз Хорезмидің ғазалдарының аудармасын ұсынамыз. Шағатай тілінен аударған жас ақын Сүндет Сейітов.

Бірінші ғазал

Ей, жан, саған кім тиісті, наз қылма,

Мына маған наздануды аз қылма...

Нияз* қылып, сендік назды тілермін,

Ниязыма назданбашы гүл өңдім.

Несібемді саған құрбан етерде,

Мені өзгеге ауыстырма бекерге.

Азап пенен қалың қайғы ішінде,

Өз-өзіңді жасырмашы ішіңде...

Көңіл сырын бөлмесін деп тілесең,

Қиындықтан алыста да, жүр есен!

Саған ашық ғашық болған кезімде,

Мазалама, назар сал да, көз ілме.

Хафиз жанын отқа қарып тасада,

Жәһаннамның заң-жарғысын жасама!

Нияз* – үміт, тілек

Екінші ғазал

Қара көзің айнымаған мөп-мөлдір,

Жарқылынан өлі көңіл еткен дір.

Жарық жүзің мәңгілікті меңзейді,

Көзім саған қарағанын сезбейді...

Ішім жанды мөп-мөлдір бір көз арбап,

Егер оны жақсы көрсем не болмақ?..

Үшінші ғазал

Дидар іздеңіз бұл түні, ей, көздері ашықтар,

Мөлдір жанарға разы-дүр шын мәнінде ғашықтар...

Сезім отына құмарды өртейміз енді қай күні,

Көзіне еркектің көрсетер жүзін гүлзардың байлығы...

Сүйемін әрі дүниені, үрей әлемі күлмейді...

Ақ жүзім менен жанарым, гүлзарымменен гүлдейді...

Егер сен жолды іздесең, уайымға салма басыңды,

Артқа емес, жүрген бұ жолың алға жүргеннен ашылды!

Базарға кірсең кешкісін, екі өмірге теңерсің,

Сауда зиянын сезінбей, пайданың жоғын сезерсің.

Әкімші болған бір кісі, міңгілік әлемге кетті,

Не қылды фәни дүниеде, не тастап, нені әкетті?

Көңіліңнің нұры жанғанда, мейірің тасып бақ тіле,

Дидары жарық бар маңға, көзі де бізге жақты де...

Жиғаның қандай пайданы көрсетті саған ашылып,

Ұсақтай жаның беліңде, төсіңнен шығар шашылып...

Әлем – әлемнің алғашқы мәдениетінің бір түрі,

Бұл дұрыс, және неге оны қайталау керек? Күлкілі!..

Мына әлемде өзіндік сана болмаған... сағынба,

Саналы күнді деп ойлап, санасыз күнге шалынба...

Кім еді ол саған өзге емес, Алладан жанның бәрі-дүр,

Ей, инсан дедім, ей, инсан, есітпедің бе? Ары жүр!

Қадамын бассаң пақырдың, жолынан кеспе соқырды,

Кескектеп шығар алдыңнан күтіп жүр сынақ не түрлі.

Ақыл һәм парасатпенен ойна махаббат жолында,

Басыңда бақтың барында, кеудеңде ойнап жаның да.

Жақсы-жаман деп Хафизді ешкімге іңкәр етпесең,

Момын ерлермен қадірлі көрінесің де көпке сен...

Төртінші ғазал

Хайуанаттардың бағында диуана болдым шарасыз,

Көр, енді елдің ішінде әпсана болдым шарасыз...

Дүния сырын ұғынып, сүйіспеншілік жолында,

Жан құрбыма жан беріп, жансырап қалдым шарасыз...

Есігінің итіне ашына болып көріңіз...

Һәмма досыма жарлы боп, бегене болдым шарасыз...

Жанып-жанбай сабырдың отына түсіп, жан кешіп,

Шәміл рұқсаты үшін де пәрвона* болдым шарасыз...

Жиһанкез болып жаһанды түгелдей кездім, әлі де,

Ганжі құсын да таба алмай, сарсаңға түстім шарасыз...

Дария қылып көз жасты жылағанымды көргенсің,

Іші бауырына бір шомып дүрдана болдым шарасыз...

Ділбар елімнен көштіріп, хайатым әуре етті-дүр,

Міскін Хафиздей атыммен қанқұса болдым шарасыз...

Пәрвона* – көмекші, қолдаушы

Аударған Сүндет Сейітов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар