Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әннәс Бағдат. Қайда отыр екенсің......

04.01.2019 5312

Әннәс Бағдат. Қайда отыр екенсің...

Әннәс Бағдат. Қайда отыр екенсің... - adebiportal.kz

Бақтан өткенде...

Ойлап отырғам...

Құмырсқалар мен періштелер жайлы,

Жасыл жібек киген құлдай құлпырған

Бақтағы ағаш түбінде.

Батып барады күн иығына ескі сарайдың,

Қайта туатыны шын оның

Қонаққа барып.

Сүлейменмен сөйлескен құмырсқалар,

Илеуінен шығып,

Оқыған секілді мейірім сіңген бір өлең,

Жаттағың келеді естісең.

Адасып қонған көбелек шетіне орындығымның,

Түтінін үрлейді.

Саусақтарыңды алақаныма басқым кеп,

Аяңдадым...

Ойымды көтеріп

Періштелер мен құмырсқалар тоқыған.

Дәрияның түбіне түнеп жатқан нұрдай боп,

Қайда отыр екенсің...

Кімсің сен, иесі саусақтардың алақанымдағы?...

Көшеде

Аңқыған әуендер билейді жол бойын.

Піскен алма секілді ол, бақшада гүлдеп,

Татып көрмеген ешкім де дәмін.

Афродитаның ізіне көктеген,

Ағашы алманың.

Көшеде, ағыстардың арасындамын,

Тырнайды бетімді айғай.

Пенделер өлмейді өкпелеп.

Жұлдыздар сөнбесін,

Әмиін!

Кім екен, айнаңды тастаған кірлеп...

Төгілген жапырақтарға қақпайды дабыл

Көліктер темір.

Тамшылар астында

Қолтығымда ой,

Бағдаршамдарға көнбеймін.

***

Топырағына қайтарып бердім, қиялымдағы гүлді.

Сұрадым сыбырлап:

Солып түскені-ғой...

Қайта көктеп шығады, сосын

Үзіп алар иесі,- деп ымдадым.

Терезем алдында ағаш,

Жәудіреп қарайды маған жапырағы.

Үстелімнің үстіне тамғанша жасы

Сезбеймін.

Бүркеніп алады жүзін жапырақ,

Және сезу де ауыр.

Ағаштың терезем алдындағы

Тамыры гүл-ау,- дедім сыбырлап.

Ымдай алмадым бірақ.

* * *

Мен емес, ештеңе айтпайтын,

Сыбырламайды ОЛ.

Үнсіз үн қатам.

Шілтерлі перденің ары жағына

Жасырынған Жұмбақ.

Анамыз біздің

Үзіп алып бір түйір дәнді

Құрсағына еккен.

Бүрі біз дәннің,

Таңдайымызда ашты дәмі,

Маңдаймызда табы,

Және кесінді уақыт.

Көкірегімде Гүл

көктеп шыққан ішімдегі Нұрдан,

Егілем искеп.

Сапарым менің...

Атамның еншісі іздегенім.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар