Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауы басталды...

24.04.2018 7828

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауы басталды

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауы басталды - adebiportal.kz

24 сәуір күні Орталық коммуникациялар қызметінде «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсының басталуына арналған брифинг өтті. Оған «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Әлжанов, «Ауыл» партиясының Төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев, байқауға төрелік етуші қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы Жабал Ерғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанова, әдебиеттанушы, ф.ғ.к., доцент Лариса Харитонова қатысты.

Байқаудың мақсаты – қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеуге ынталандыру, ауыл құндылықтарын насихаттау, ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға үлес қосу.

Жиында сөз алған «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Бейсенғалиұлы: «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби байқауы қатарынан үшінші жыл өткізіліп жатыр. Еліміздің қарымды қаламгерлері бұл байқауға белсене қатысуда. Биылғы сайыстың ерекшелігі көп. Мысалы, орыс тілінде жазылған шығармалар қабылданады. Сондай-ақ, осы конкурс аясында он жеті жасқа дейінгі оқушыларға арналған «Эссе жазып үйренейік» жобасын ұйымдастырып отырмыз. Аталған жобада «Әдебиет порталы» редакциясы оқушылармен методикалық жұмыс жүргізеді. Жылдың соңында жеңімпаздарды анықтап, «Қазконтент» АҚ атынан арнайы сыйлық тапсырамыз», – деп байқаудың маңыздылын атап өтті.

Сонымен қатар, «Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Бектаев: «Конкурс онлайн болғандықтан, елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі қандастарымыз және шетелде білім алып жатқан жас қаламгерлер де байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Мәселен, былтырғы жылғы конкурсқа Түркия елінде білім алып жатқан жас қаламгер қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды», – деді.

2016 жылы конкурсқа қабылданған 219 шығарма топтастырылып, «Алтын тұғыр» атауымен 3 томдық жинақ басылып шыққан болатын. Жинақ өңірлердегі кітапханаларға таратылды.

«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсына қатысушылардың шығармалары жыл бойы adebiportal.kz порталы және auyl.kz. сайтында қабылданады және әр номинацияда үздік шығармаларға жүлделі орындар тағайындалдалып отыр.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар