Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Түркі әлемінің тағдыры толғандырған форум

03.05.2018 2638

Түркі әлемінің тағдыры толғандырған форум

Парижде орналасқан ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форум өтті. Жиын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, мәдениетіміз бен тарихымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылды.

Мемлекет басшылары құттықтады

Жиырмадан астам елден келген ғалымдар жиналған іс-шара Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатымен ашылды. Мемлекет басшысының жолдаған үндеуін Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі және ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Жан Ғалиев оқып берді.

«Көптеген елдердің ғалымдары мен сарапшыларының, тарихшылары мен тіл мамандарының қатысуымен мұндай алқалы жиынның Еуропа төрінде, Париж қаласында өтуінің ерекше символдық мәні бар. Әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан Түркі жұртының қара шаңырағы ‒ Қазақстан сан мың жылдық тамырлы тарихының кеткенін келтіріп, кемін толтырған «Мәдени мұра», «Халықаралық тарих толқынында» сынды бағдармаларды іске асырды.

Былтырдан бері тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы іспетті «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алдық.

Осының нәтижесінде барша адамзат тарихымен ұштасатын тарихи-мәдени мұраларымыздың ғылыми айналымдағы өрісі кеңейді. Даңқты бабаларымыздан мирас болған рухани қазыналар халқымызды өткеннің өшпес өнегесімен қауыштырып, жарқын болашаққа жол ашты.

Менің бастамаммен Астанада ашылған Халықаралық Түркі академиясы осы бағытта жемісті жұмыстар атқарып келеді. Соның бір айғағындай бүгінгі форум арқылы Еуразия төсін жайлаған бауырлас елдердің ортақ мұралары кеңінен ұлықталып, еларалық, мәдениетаралық диалог одан әрі зор серпінге ие боларына сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» - делінген Елбасының құттықтау хатында.

Сонымен қатар Ж.Ғалиев форум жұмысының білім мен ғылымның «ғибадатханасы» атанған ЮНЕСКО-да өтуі шараның ауқымын көрсететінін атап өтті. Елші жиынды ұйымдастырғаны үшін Халықаралық Түркі академиясына алғысын жеткізді.

Бұдан кейін ЮНЕСКО Хатшылығының халықаралық байланыстар департаментінің директоры Генц Сейти сөз алып, іс-шараға қатысушыларды құттықтай келе қазақ тілінде «Қош келдіңіз!» - деді.

«Қазіргі таңда түркі тілдері әлемнің басқа тілдері секілді бірқатар сынақ алдында тұр. Технологиялық тілдің жедел дамуы қоғам арасындағы байланысты кеңейтіп, білімімізді ұлғайта түсті. Нәтижесінде цифрлы технологияның тілі ғылыми, мәдени ортада кеңінен пайдаланылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда ЮНЕСКО ғалымдарды, зерттеушілерді және тарихшыларды қолдауда үлкен рөл атқарып келеді», - деді Г.Сейти.

ЮНЕСКО өкілінің пайымдауынша, жаһанданудың арқасында шартараптың кез келген бұрышындағы дауыс естіледі һәм құрметтеледі. Өйткені тіл бір ұлттың әлеуметтік құндылықтары мен бірегейлігін көрсететін бірден-бір қазына.

«Халықтардың өзіне тән мәдени ерекшеліктері болмаған жағдайда бейбітшілік орнауы қиын. Ал әр ұлтқа тән басты бірегейлік – оның тілі. Өздеріңіз білетіндей, ЮНЕСКО мәдени әр алуандықты сақтап қалуға арналған «Мәдениет саласындағы саясатты реформалау» деп аталатын жобаны бастады. Бұл шара әлемде мәдени құндылықтарды қайта қарауға арналған. Мәселен, осы жоба аясында адамзатқа ортақ тұлғалардың мерейтойларын тойлаймыз», - деді Г.Сейти.

Сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы мен Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған іс-шаралар арқылы жергілікті халықтың жазба және ауыз әдебиетін жан-жақты ұғынуға мүмкіндік туғанын мәлімдеді.

Содан кейін сөз алған Әзербайжанның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі Анар Кариев жиынның Түркі халықтары үшін маңызды екенін атап көрсетіп, осындай форум ұйымдастырғаны үшін Халықаралық түркі академиясына алғысын жеткізді. Оның айтуынша, түркі тілдері Еуропадан бастап Азияға дейінгі кең аумаққа тараған.

«Бүгінгі форумның ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өтуі символдық мәнге ие. Осындай шаралар арқылы әлемде келісім мен бейбітшілікті нығайтуға болады. Жиын түркі тілдес халықтар арасындағы байланысты, қарым-қатынасты нығайтатынына сенімдімін. Оның үстіне мұндай жиындар түркі тілі, халқы жөнінде де мол мағлұмат береді», - деді ол.

Осыдан кейін А. Кариев Әзербайжан Президенті Илхам Әлиевтің форум қатысушыларына арналған құттықтау хатымен таныстырды. Әзербайжан басшысының үндеуінде: «Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған форум жұмысына қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын! Жиырмаға жуық елден келген ғалымдар, түркітанушылар, зерттеушілер форум барысында түркі халықтары мен түркі тілінде сөйлейтін ұлттардың қарым-қатынасын нығайта түсетініне сенімдімін», - деп жазылған.

Әзербайжан Президенті іс-шараның әлемдегі мәдени мұраларды қорғаумен шұғылданатын ЮНЕСКО-да өтуінің маңызына тоқталды. Сондай-ақ форумның түркі халықтары арасындағы қарым-қатынасты нығайтумен қатар, ғалымдар мен зерттеушілердің өзара байланыс орнатуына мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

«Әзербайжан әрдайым Түркі тілдес мемлекеттер мен халықтар арасындағы түрлі сала бойынша байланыстардың дамуын қолдап келеді. Форум аясындағы пікірталастар мен талқылаулар қазіргі таңда Түркі тілдері кездесіп отырған мәселелерді шешуге, әріптестікті және қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі деп сенемін», - делінген құттықтау хатта.

Бұдан кейін Қырғызстанның Франциядағы Тұрақты және өкілетті елшісі Асейин Исаев Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтің үндеуін оқып берді.

Өз хатында қырғыз ағайындардың Президенті форум барысында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойы аталып өтуі құптарлық жағдай екеніне тоқталды.

«Шыңғыс Айтматов ‒ қырғыздың атақты гуманист-жазушысы, драматург, көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері. Оның шығармаларында өткен мен келешек, ұлттық және жаһандық мәселелер айтылып, замандастарының дүние танымын кеңейте түсті. Шыңғыс Айтматовтың қырғыз және орыс тілдерінде жазылған романдары мен повестері әлемнің 176 тілінде аударылып, 80 миллион нұсқамен басылып шықты. Олар қоғамда білім беру, тәрбиелеу процесінің ажырамас бөлігіне айналып, әлемнің көптеген өлкелерінде оқу бағдарламасына енгізілген», - дей келе құттықтау хатта Ш.Айтматовтың еңбектерінің маңызы айтылған.

Сонымен қатар С.Жээнбеков 2018 жылғы қазанда Қырғызстанда Шыңғыс Айтматовқа арналған үлкен жиынның өтетінін жеткізді. Қырғызстан Президентінің құттықтау хаты: «ЮНЕСКО мен Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған форумға қатысушыларға шығармашылық тілеймін», - деп қорытындыланды.

Бірлікке шақырған жиын

Мәдени мұраны рухани жаңғырумен ұштастыру мақсатындағы форумға 20-дан астам мемлекеттен көрнекті ғалымдар, белгілі түркітанушылар, қоғам қайраткерлері мен дипломаттар қатысты.

ЮНЕСКО-да өткен «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» атты халықаралық форумына қатысушылар да тағылымы мол тарих пен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерге арқа сүйеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлеміне қажет бастама екенін мәлімдеді.

Түркияның ЮНЕСКО-дағы Тұрақты өкілі Ахмет Алтай Женгизер форумға көптеген ғалымдар, зерттеушілер және түркітанушылардың қатысуыжиынның мәртебесін арттыра түсетінін жеткізді. Олтүркі халықтарының түбірі ортақ тілі болғаны үшін өзара түсінісу оңай екенін айтып берді. Ол Кеңес одағы кезінде түркі әлемінің өзара байланысы алшақтағанымен, қазіргі таңда қарым-қатынасымыз нығайып келе жатқанына тоқталды.

«Әліпбидің халықтарды жақындастырудағы маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде түркі әлеміне ортақ әліпби қажет. Қазіргі таңда бұл бағытта ілкімді шаралар атқарылып жатыр. Таяуда Қазақстан латын қарпіне көшу туралы шешім қабылдады. Бұл – түркі әлемін жақындастыра түсетін қадам», - деді А.Женгизер.

Сонымен қатар Түркия өкілі түркі халықтарын өзара байланысты жақсартуға талпынуға шақырды. Әсіресе, жойылып кету қаупі бар тілдер үшін бұл аса қажет. Мұның себебін жаңа технологиялардың жедел дамуының аз адам сөйлейтін тілдің тамырына балта шабу ықтималдығы бар екенімен түсіндірді. Оның пікірінше, адамзат болып жойылып кету қаупі бар тілдерді сақтауға талпыну керек.

Бұдан кейін мінберге көтерілген Халықаралық Түркі академиясының төрағасы Дархан Қыдырәлі осыдан 125 жыл бұрын Вильгелм Томсонның түркі руна жазуын алғаш оқығанын еске салып өтіп, оның тарихи маңызына тоқталды.

«Ресейлік түркітанушы Василий Радловтың Орхон жазуларын толықтай оқу арқылы Еуразия құрлығын мекен ететін халықтың өз жазуы мен мәдениеті болғанын дәлелдеді. Күлтегін, Білге, Тоныкөк жазулары Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Яссауи секілді ғалымдардың іргелі шығармаларымен жалғасты. Сол құтты керуеннің жалғасы іспетті XX ғасырда Мағжан Жұмабаев пен Шыңғыс Айтматовтың туындылары әлем әдебиетіне үлкен үлес қосты. Бұл – бізге берілген асыл қазына. Ендігі міндетіміз мәдени мұраларымызды келер ұрпаққа жеткізу», - деді Д.Қыдырәлі.

Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Гүней Эфендиева өз кезегінде іргелі жиын ұйымдастырғаны үшін Халықаралық Түркі академиясына алғыс айта келе, тілдің ұлт ретінде қалыптасудың, мәдениетті сақтап қалудың негізгі тірегі екенін ашып көрсетті.

Жалпы, «Рухани жаңғыру және мәдени мұра: қадымнан келешекке түркі тілі» форумының маңызы ерекше. Біріншіден, түркілердің азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай мен Алимардан Топчубашы (Әзербайжан) осы Парижде эмиграцияда жүріп, түркі халықтары қозғалысына жетекшілік еткен. Яғни, түркілер үшін тер төккен тұлғалардың ізбасарлары олар жүрген елге жиналуы символдық мәнге ие. Екіншіден, ЮНЕСКО – мәдени мұраларды сақтауға ден қоятын іргелі ұйым. Осындай мекеменің штаб-пәтерінде ауқымды шара өткізу кез келгенге бұйыра бермейтін мүмкіндік. Үшіншіден, форум жұмысына Еуразия құрлығының әр түкпірінен танымал ғалымдар мен зерттеушілер жиналды. Мұның өзі жиынның салмағын арттыра түседі.

Мәдени мұра – асыл қазына

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық код, ана тілі және киелі мекендердің маңызын анықтап берген еді. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы іспетті бұл бастама түбі бір түркі халықтары тарапынан кең қолдауға ие болғаны белгілі. Форум барысында да осы мәселелер талқыланды.

Жиынның бірінші панельдік сессиясы «Түркі жазба ескерткіштері» тақырыбына арналды. Оған модераторлық еткен Ресей ғылымдар академиясы Археология институтының профессоры Игорь Кызласов түркі халықтарына тән руна жазуларының түпкі тамыры жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, түркі елдерінің VIII-XII ғасырдағы руна жазулары бірегей мұра. И.Кызласовтың сөзіне қарағанда, руна жазуы басқа әліпбилерге қарағанда түркі сөздерінің дыбыс ерекшеліктерін дәл көрсетеді.

Түркітанушы профессор Осман Фикри Серткая сессия барысында Вильгелм Томсонның көне түркі жазуын қалай оқығанын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар Ресей ғылымдар академиясының профессоры Игорь Кормушин, Халықаралық түркі академиясының профессоры, қырғызстандық Кадыралы Конкобаев, Гете университеті Түркітану департаментінің басшысы, профессор Марсел Эрдал, Кольн университетінің профессоры Хуркабаатар Солонггод түркі жазба ескерткіштері туралы баяндама жасады.

Спикерлер ілкімді іс-шараның түркі әлемін біріктіретінін жеткізе отырып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ықылым заманнан арқауымызды үзбеуге көмектесетінін сөз етті. Профессор М.Эрдалдың айтуынша, тағылымы мол тарихқа иек артқан жаңғыру мәселесі барша түркі тілдес халықтарға қажет. Ол мұның себебін кей тілдердің жойылып бара жатқанымен түсіндірді.

«Қазіргі таңда біздің міндетіміз Еуразия құрлығындағы бүкіл түркі тілдерін тіркеп, мәдени мұрамызды келешек ұрпаққа тапсыру. Егер қандайда біртілде сөйлейтін тірі жан қалмаса адамзаттың байлығы кеми түседі. Бүгінде кей түркі тілдері жойылу алдында тұр. Әсіресе, мемлекеттік тілі басқа елдерде мұндай қауіп басым», деді М.Эрдал.

Сондай-ақ ол түркі тілдерін қолдайтын бағдарламаларды жаһандық деңгейде жүргізудің қажеттігін атап өтті. Осы орайда, М.Эрдал Халықаралық Түркі академиясы осы бағытта тиімді жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етіп, ЮНЕСКО-ны осындай шараларды қаржыландыруға және ұйымдастыруға шақырды.

Панельдік сессияның екінші бөлігі түркі тілі мен әдеби-мәдени мұраларына арналды. Онда Мағжан Жұмабаевтың туғанына – 125 жыл, Шыңғыс Айтматовтың туғанына – 90 жыл, Әзербайжан мемлекетінің құрылғанына – 100 жыл толуы атап өтіліп, осы тақырыптар төңірегінде баяндама жасалды. Мәселен, Қырғызстанның бұрынғы мемлекеттік хатшысы Осмонакун Ибраимов Шыңғыс Айтматов туралы кең мағлұмат берді. Сонымен қатар ЮНЕСКО-дағы Түркия ұлттық комиссиясының президенті Өжал Оғуз, Якутияның Ұлттық ассамблеясы төрағасы Александр Жирков түркі әдебиеті жөнінде баяндама оқыды. Ал Мичиган университетінің (АҚШ) профессоры Тимур Кожаоғлы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы әңгімелеп берді.

«Мағжан Жұмабаев XX ғасырдағы қазақ поэзиясының ұлы өкілі екені сөзсіз. Сондай-ақ ол барша түркі әдебиетінде ойып тұрып орын алатын тұлға. Ол ешқашан кеңестік идеологияға бой ұсынған емес. Ол жүрегінің әміріне құлақ түрді», деп тебіренді ақынның өлеңдерін ағылшынға аударумен шұғылданатын профессор.

Айта кету керек, Т.Кожаоғлының ағылшын тіліндегі «Мағжан – оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабы жарық көрген. Ол ақынның шығармаларын аударумен 1977 жылдан бері айналысып келеді. Профессор өз сөзінде Мағжанның тағы бірқатар өлеңдерін Шекспирдің тілінде сөйлететінін мәлімдеді.

Тіл тағдыры – ұлты тағдыры

Жиынның үшінші бөлігі түркі тілдерінің таралу аумағына арналды. Бұл сессияға модераторлық еткен Сүйер Экердің сөзіне қарағанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстан халқының асыл қазынасы іспетті.

«Мен мақаламен жақсы таныспын. Онда айтылған ұлттық код, сананы жаңғырту, тарихтан қол үзбеу секілді мәселелер қоғам болып қалыптасуға, ел болып еңсені көтеруге өте керек бастамалар. «Рухани жаңғыру» – қазақ халқы үшін ғана емес, күллі түркі әлеміне айтылған үндеу іспетті. Осындай көшбасшысы бар Қазақстанның жолы болды. Бұрын Кеңес одағы тұсында түркі әлемінің бетке ұстары Түркия болса, қазіргі таңда көреген көшбасшысы бар Қазақстан ту ұстар елге айналды», деді С.Экер.

Әлемде жеті мыңнан астам тіл бар. Алайда олардың көбі жоғалып кетуі мүмкін. Қытай этностық әдебиет қоғамы президенті, Чао Гаджиннің келтірген деректеріне сүйенсек, екі мыңға жуық тілде сөйлейтіндер саны он мыңға жетер-жетпес. Солардың қатарында кейбір түркі тілдері бар. Профессор Чао Геджин жойылып кету қаупі бар тілдерді сақтап қалуда цифрлы технология қолданудың тиімділігін атады. Оның айтуынша, ЮНЕСКО қолдауымен жүзеге асырылған Talkmate бағдарламасы қазіргі таңда тіл үйренушілерге таптырмас құралға айналған.

Адам Мицкевич атындағы университеттің (Польша) профессоры Хенрик Янковский өз зерттеуінде түркі тілдерін үш бөлікке жіктеп қарастырған. Біріншісі – негізгі тіл ретінде, екіншісі – басқа тілмен бірге қолданылатындар. Үшіншісі – қолдану аясы тар тілдер. Олардың қатарында хакас, құмық, қарақалпақ секілді тілдер бар. Түркітанушы М.Эрдал мұның себебі ретінде жастардың өз ана тіліне көңіл бөлмеуін атап көрсетті.

Бұдан бөлек, ЮНЕСКО ақпарат және байланыс саласы бойынша әлеуметтік білім бөлімі бағдарламасының өкілі Ирбгарда Касискайте-Буддеберг, Упсала университетінің (Швеция) профессоры Эва Ксато, Франкфурт университетінің (Германия) ғылым докторы Ирина Невская, Еуразия ұлттық университеті профессоры Сәуле Тәжібаева түркі тілінің таралуына қатысты баяндама оқыды.

Форум жұмысы барысында жойылу қаупі бар түркі тілдерінің өкілдері өз ана тілінде ЮНЕСКО-ның мінберінде сөз сөйледі. Айта кетерлігі, бұған дейін олардың дауысы мұндай іргелі ұйымда естілмеген болатын. Спикерлер өз сөздері арқылы саны аз қалған ұлттардың үнін барша әлемге паш етті.

Сонымен қатар іс-шарада тілдері жойылу қаупіндетұрған алтай, тыва, xакас, саxа, сары ұйғыр, қашқай, қарайым, гагауыз секілді бауырлас xалықтардың өкілдері өз тілдерінде баяндама жасап, басты құндылықтарын сақтау, қорғау және дамыту жөнінде нақты ұсыныстарын айтты.

Тұлғаларға көрсетілген құрмет

Париж төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форумның маңызы зор. Әсіресе, жиында, нақтылай айтқанда ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде түркология саласының өзекті мәселелерінің осылайша алғаш рет талқылануы көңілге жылылық ұялатты. Мұндай шаралар болашақта да жалғасын тауып, түбі бір түркі халықтарының өкілдері осындай алқалы жиындарда әлі талай кездеседі деп ойлаймыз. Сондай-ақ форум барысында іргелі ұйымның ресми тілдерімен қатар түркі тілдеріне де аударма жасалуы жағымды жаңалық ретінде қабылданды. Бұл да өз кезегінде алғаш рет болып отырған тарихи оқиға. Саны аз түркі халықтарының үні ЮНЕСКО-да естілуі жойылу қаупі бар түркі тілдерінің қайта жандануына себеп болып, үміт отын жағатыны анық.

Форум жұмысы аясында түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғалар ұмыт қалған жоқ. Жиыннан бір күн бұрын қатысушылар Мұстафа Шоқайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойған болатын.

Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ж.Ғалиев, Халықаралық түркі академиясының төрағасы Д. Қыдырәлі, Ножан-сюр-Марн (фр. Nogent-sur-Marne) қаласының мэрі Жан Жак Пол Мартан қатысты.

Жиында елші Ж.Ғалиев Париж шаһарының мэріне екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан дипломатиясына 25 жыл» медалін тақты. Сондай-ақ Халықаралық түркі академиясы атынан арнайы сыйлық табысталды. Пол Мартанның айтуынша, бұл – оған көрсетілген зор құрмет.

«Бүгін Мұстафа Шоқайдың Париждегі бюстіне гүл шоқтарын қою үшін жиналдық. Осындай іргелі шараға қатысу мен үшін үлкен құрмет. М.Шоқай Францияда уақытының біраз бөлігін өткізді. Сондықтан оған мүсін қою бізге абырой болатын. Бұл – біз үшін Қазақстанның Париждегі кішігірім бөлігі. Осындай ескерткіш орнатуға атсалысқаны үшін Қазақстан елшілігіне алғыс айтамын. Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың бұдан әрі нығая түсетініне сенімім мол», деді қала мэрі.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар Әзербайжан демократиялық халық республикасының негізін қалаушылардың бірі, туғанына 155 жыл толған Алимардан Топчыбашының Париждегі бейітіне арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. Жиында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ іс-шарада Халықаралық Түркі академиясының «Вильгелм Томсон» медалі көрнекті түрколог-ғалымдар, профессорлар Ларс Йохансон, Игорь Кормушин, Осман Фикри Серткая, Кадыралы Конкобаев, Игорь Кызласовқа табысталды.

Қорыта айтқанда, Париждің қақ төрінде өткен шара түркі әлемінің татулығы мен бірлігіне өз үлесін қосатыны анық. Ата-бабаларымыз мәңгілік тасқа қашап жазып кеткендей «мың жылдық, түмен күндік білігіміз бен белгіміз» болсын деген ізгі де ықыласты ниеті осылайша мерейлі жиынмен жалғасын тапты.

Adebiportal.kz

Суретті түсірген Физули МЕДЖИДЛИ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар