Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Дала данышпаны - Әлкей Марғұлан...

11.05.2018 9091

Дала данышпаны - Әлкей Марғұлан

Дала данышпаны - Әлкей Марғұлан - adebiportal.kz

Бүгін ғұлама ғалым, академик, қазақ археология мектебінің негізін салушы Әлкей Марғұланның туған күні. Осыған орай, қазақтың белгілі қаламгерлерінің ғалым туралы айтқан ой-толғамдарын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Жабайхан ӘБДІЛДИН, академик:

ОНЫМЕН СӨЙЛЕСІП ЖҮРІП, СОКРАТТЫ ЕЛЕСТЕТЕТІНМІН

Біздің тарихшыларымыздың көбісі ХІХ ғасырдың екінші жартысын, әрі кетсе ХІХ ғасырдың басын зерттеуден аспады. Қазақтың нағыз тарихымен үлкен дәрежеде шұғылданғандар жоқтың қасы. Кеңес өкіметі билеген заманда бүгінгіні тарих деп санайтын. Мағжан Жұмабаевтарды пантюркист дегеннен кейін көне тарих тіпті ешкімге керек жоқ сияқты болатын. Ал, қазаққа ең керек ұлы тарихымызды іргелі түрде, жан-жақты көтерген ұлы ғалым – Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Бұл кісінің орны мәдениетіміз бен ғылымымызда ерекше. Ол – қазақтың ұлы данасы еді. Онымен сөйлесіп жүріп, Сократты елестететінмін. Сократ – гректің ұлы ғұламасы, қазіргі мәдениеттердің негізін салған кісі. Әлкей Марғұлан да сондай жан-жақты адам болатын. Әлкей Хақанұлының білмейтіні жоқ еді. Әсіресе, бүкіл архивті ақтарып, қай жерде қазақ туралы не бар – соның бәрін білетін. Әлкей Марғұланның қазақ ғылымына сіңірген еңбегі зор. Мысалы, қазір кімде-кім тарихқа үңілетін болса, Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтің, Әлкей Марғұланның және Кемел Ақышевтың еңбектерін оқиды.

Біз – қазақтың тарихын оқымаған ұрпақпыз. Ал, ол кісі ежелгі, ұмытылып бара жатқан, сонау тәңіршілдік заманнан бастау алатын тарихымызды сол замандағы ұғым-түсініктермен бірге алдымызға жайып салды. Беғазы – Дәндібай мәдениетін ашып, қазақ халқы мыс қорыту өнерін ежелден меңгергендігін дәлелдеді. Сол үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Мен оның жанында жүргенде аузынан қазақ халқы – көшпенді халық деген сөзді ешқашан естіген емеспін. Ол кісі қазақты жартылай көшпенді деп санайтын. Карл Байпақов сынды басқа ғалымдар да бұл пікірге тоқтайды. Әлкей Марғұлан: «Қазақтың жерінде 400 қала болды. Ал, енді осыншама қаласы бар халықты қалай көшпенді халық – номадтар деп атаймыз?» деп айтатын. Номадтар дегенде бүкіл жердің жүзінде сығандар сияқты немесе бәдуилер секілді қаңғып жүрген халықты көз алдына әкеледі. Ал, қазақтың ішінде көшіп жүрген кейбір тайпалар кездеседі. Қазақтың қыстауы, жайлауы, бірнеше құдықтар болғанын білесіздер. Бір құдықтан екінші құдыққа көшкен уақытта қазақ тек малының жағдайын ойлаған.

Дәнел ӘЛКЕЙҚЫЗЫ:

ҚАЗАҚ ТЕК КӨШІП ЖҮРГЕН ХАЛЫҚ ЕМЕС ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

– Өзі халқын алабөтен жақсы көретін әкем бірде: «Әлемде мәдениетті тамаша түсінетін екі халық бар. Оның біріншісі – француздар, екіншісі – қазақтар» деген еді. Біз бұл сөзін мәжнүндікке баладық. Кейіннен кітаптарымен жұмыс істегенімде сөзінің шындығына көз жеткіздім. Әкем – қазақ халқының мәдениетін ежелгі заманнан бастап, орта ғасырға дейін жан-жақты зерттеген ғалым. Отыз жыл бойы басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясымен кең-байтақ қазақ даласын батыс шекарасынан бастап (Сарайшық қаласын зерттеген), солтүстік-шығыс және Шығыс Қазақстан шекарасына дейін мыңдаған шақырымды кесіп өтті. Орталық Қазақстанда отандық ғылым үшін маңызды көне мәдениет пен өркениет ошағын ашты. «Қазақстан жері ежелден көшпенділердің көш жолдары кесіп өткен, тіршіліксіз жатқан құба жон» деген бұрынғы зерттеушілердің пікірлері теріс екендігін көрсетіп, жерімізде көне замандарда мәдениет болғанын дәлелдеді. Көнедегі Жезқазған, Шақпақтас, Саяқ, т.б. кеніш орындарын, металлургия орталықтарын ашты. Әкем – Жезқазған-Ұлытау аумағында орналасқан Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл секілді күмбездерді және Таңбалытас ескерткіштерін алғаш зерттеген ғалым.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымының докторы:

ДАЛА ДАНЫШПАНЫ

– Әлкей Марғұланның ғылымға келу уақыты – қазақ ұлтының руханияты тарихындағы алтын белесті және қормалды кезең болып табылады. Егер Әлекең дүниеге келмесе, әр ғылым салаларынан еңбектерді жазбаса, тарихымыз, этнографиямыз, әдебиетіміз, мұрағаттану, археология ғылымдары осы күндерге дейін ойсырап тұрар еді деп ойлаймын. Әлекең – дала данышпаны.

Мен өмірінің кейінгі жеті-сегіз жылында оған айына екі реттен барып, жиырма бірден астам мақаласын жариялаған екенмін. Сол кезде адамгершілік қасиеттеріне, қарапайымдылығына, ойлау жүйесінің өзгешелігіне таң қалған едім. Барғанымда, қолыма қалам, дәптер алсам үндемеуші еді. Бұл өзінің заманынан үріккен әдет болуы керек. Өйткені, Әлекеңнің өміріндегі, өзінің айтуынша, ең қиын кезең – 1930-1934 жылдардың аралығы. Соның ішінде 1932 жылы өзінің отаны – Шідертінің бойына келіп, қолжазбаларын іздеген. Қолжазбаларын сондағы Қандыадыр деген жерге тыққан екен, бірақ сол бойы таба алмады-ау деймін.

Дәнел апайды қолқалай отырып, ол кісінің үйіндегі кітапханасын «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығына алдырдым. Қолжазбаларын, өзінің ең бір қимас заттарын Дәнел апай берді. Қазір бес томдық эпистолярлық мұраларын дайындап жатырмыз. Екі томы дайын тұр. Бұл – Әлекеңнің жан дүниесін көрсететін өте жақсы басылым болады деп ойлаймын.

Бір естелік: 1932-34 жылдары бұл кісі Орталық комитетке хат жазады. Қырғыздарда Қазақбаев деген Орталық комитеттің хатшысы болған. Алматыда ұстап алады деп, сол Қазақбаевқа жазған ғой хатты. «Елде ашаршылық, қазақтар Бішкекке келіп жатыр, соларға көмек көрсетіңіздер» деп. Қазір Бішкекте «Қазақ ауылы» деген бар. Тобықты ауылы десек те болады. Онда Абайдың, Оразбайдың, Абай ауданы адамдарының ұрпақтары тұрады. Олардың, көп болса, бес-алты үйі ғана қайтып оралды. Мен қырғыздарға қалжыңдаймын: «Егер сендерден Абай сияқты ұлы ақын шығатын болса, таң қалып, қырғыз екен деп қалмаңдар, өйткені, ол бәрібір Тобықты болып шығады» деп. Өйткені, сол жердегі тобықтылардың үш-төртеуі ғылым академиясында істейді.


1934 жылы Ленинградта Киров өлгеннен кейін Сталинге қарсы студенттердің наразылығы болған. Әлекең де ұсталған. Ғылым академиясының президенті Камалов дейтін болған. Сол кісі Әлекеңе: «Сен Қазақстанға қайтпа, Мәскеудегі аспирантураға түс, біз Мәскеуге келді, сосын Ленинградқа кетті деп айтамыз, сонда сенің қайда екеніңді КГБ білмей қалады. Осылай жасырына тұра тұр» депті. «Содан кейін мен 1938 жылға дейін қайтқан жоқпын» деп айтқан еді маған әңгімесінде Әлекең. Ал, енді тергеушілердің «Мағжан Жұмабаевтың тыңшыларының бірі – Әлкей Марғұлан, аспирант. Біз іздестірдік, бірақ қазір өлген екен» деп ақпар бергені бар. Осы «өлген» деген сөз тергеушілердің Әлекеңнің соңына мықтап түсуіне бөгет болған сияқты. Осы жәйт қазақ халқының бақыты үшін Әлекеңді аман қалдырды деп ойлаймын.

Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықты алғаннан кейін Қаныш Сәтбаев Әлкей Марғұлан екеуін шақырып алыпты. «Ғылым академиясы, тарих, әдебиет институттары бар болса да, қазақтың тарихы, оның ішінде Абылай мен Кенесары қалып бара жатыр ғой. 1949-54 жылдары арасындағы дауыл басылды, Мұхтар, сен Лениндік сыйлықты алдың, Әлкей, сен – академиксің. Осыған дайындалыңдар» депті. Әуезов осыған: «Иә, хан Кенені баяғыда мен алғанмын, Абылайды Жүсіпбек Аймауытов алып, материал жия бастап еді…» деп жауап беріпті. Содан Мұхтар Әуезов қайтадан хан Кенені, ал Әлекең Абылайды алған ғой тақырып қылып. Сол Абылайға байланысты жинап, машинкаға бастырған еңбектері, шамамен 80-90 беттей, қазір Мемлекеттік мұрағатта. Сол материалды жиса, 2-3 томдық болады деп ойлаймын.

Қызыласовтың «Әлкей Марғұлан – ғылымдағы ақын. Соның ішінде археология сияқты таза заттық ғылымның өзін ақындық эпос секілді берді» деген сөзі бар. Жазғандары, шындығында, да көркем эпос сияқты оқылады.

Зейнолла САМАШЕВ, тарих ғылымының докторы:

МӘҢГІЛІК ІЗ

Әлкей Марғұлан ғылымның көп саласын меңгергендігі кездейсоқ емес. Халықтың рухани мұрасын зерттеу үшін тек қана әдебиетші немесе лингвист болу аз еді. Сондықтан да ол археология мен этнографияға да жүгінді. Бұлардың барлығын обьективті түрде зерттеу үшін ғылымның басқа салаларының мәліметтерін көп пайдалану керек болды да, Әлекең көне металлургия мәселесіне ойысты. Көрінген нәрсеге әуестігінен емес, тереңдегі тарихты кең, жан-жақты зерттеп, дұрыс мағлұматтарды алып, жазу үшін осындайға барды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін – қазақ ғылымы жаңа қалыптасып, мамандар аз болған кезеңде ол барлық салаларда көшбасшыға айналды. Ғылымның классикалық үлгілерін жасап, ғұламалық дәрежеге жеткені осыдан болар.

Әлекеңді археолог ретінде қарастыратын болсақ, осы салада жасаған бірнеше ерлігін топтап айтуға болады. Еуроцентристік ғылымда да, Ресей ғылымында да Еуразия даласында өмір сүрген халықтарға бір жақты баға берілді. Сондықтан қазақтың көшпенді халық емес екенін, оның шаруашылық мәдениеті көп салалы екенін дәлелдеу үшін ең алдымен отырықшылық белгілерін көрсету керек болды да, Әлкей Марғұлан көне металлургияға кірісті. Көшіп жүріп, кен орындарын қазу мүмкін емес. Кен қазушы белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік отырықшы топ болуға тиісті. Осы ойын Әлекең дәлелдеп шықты. Одан бері 40-50 жыл өтсе де, Қазақстан даласындағы көне кен орындары мен көне металлургия орталықтарына дүние жүзінің өндіріс процесін зерттейтін ғалымдары қазір ғана көңіл аудара бастады. Әлкей Марғұланның данышпандығының, көрегендігінің бір белгісі осы. Мәселен, Еуропаның Бохум деген қаласында бүкіл әлемдегі жалғыз үлкен тау-кен мұражайы бар. Соның ғалымдары бізге келіп, тау-кен ісін зерттеді. Соның нәтижесінде, олар Қалба, Алтай, Нарын, Орталық Қазақстан кен орындарынан шыққан қола мен қалайы өнімдері осы жерден бастап қазіргі Иракқа дейін тасымалданғанын дәлелдеді. Бұл да көшпенді халық болмағанымызды көрсетеді.

Осыны дәлелдей отырып, Орталық Қазақстандағы Беғазы – Дәндібай мәдениетін ашып, тайға таңба басқандай етіп, бүкіл әлемге көрсетіп берді. Сөйтсек, Еуразия кеңістігінде қазақша аталатын, бүкіл әлем мойындағын жалғыз мәдениет – осы Беғазы – Дәндібай екен. Қазір бұл мәдениет Орталық Қазақстанға ғана емес, Оңтүстік Сібірге де, Қытайдың батыс бөлігі – Шыңжан провинциясына да жетті. Беғазы – Дәндібай мәдениеті – қазақ даласындағы төл мәдениет екенін орыс ғалымдары да мойындады. Бұл мәдениет Әлкей Марғұланның ешқашан да жойылмайтын жер бетінде қалдырған ізі.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымының докторы:

ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ЗЕРТТЕУ КЕРЕК

Менің ойымша, Әлекеңді тұлға есебінде қарастырып, ол жайлы терең тарихи зерттеу­лер жүргізу керек. Мысалы, ең біріншіден туған, өскен ортасы – Баянауыл жерін алайық. Ол өлкеде Сәтбаевтар, Шормановтар секілді текті әулеттер болды. Әлекеңнің ғалым, азамат ретінде қалыптасуына осы екі әулет үлкен әсерін тигізді. Осыны мәселені есте ұстауымыз керек. Ұлытауға, тау-кен өнеріне қатысты еңбектері айтылып жатыр ғой. Оның бастауында Қаныш Сәтбаев тұр негізінен. Қаныш Сәтбаев 1941 жылы «Ұлытау өңірінің тарихи ескерткіштері» деген үлкен мақала жазған. Сонда қазақ жерінде миллиондаған тонна мыс, қалайы, басқа да түсті металдар өндірілгенін айта келе, Алаша хан, Жошы хан, Таңбалытас туралы деректерді көрсетеді. Осыдан Әлекеңе бағыт-бағдар берген Сәтбаев екенін көруге болады.

Екіншіден, Әлкей Марғұланға әсер еткен үлкен мектеп Бөкейханов бастаған Алаш арыстары секілді. Әлекеңе Беғазы – Дәндібайды өсиет қылып айтып кеткен осы Әлихан Бөкейханов сияқты көрінеді маған. «Осы жерді зертте, сол жақтан бірдеңе шығады» деп. Мәскеуде Әлкей Хақанұлы Бөкейхановтың үйінде тұрған ғой…

Мырзакәрім АДАШҰЛЫ, Ә.Марғұланның немере інісі:

АТАМЫЗ БЕС ЖАСЫНДА АРАБША ХАТ ТАНЫҒАН

Мен Әлкей Марғұланды «ата» деп атаймын. Әкем Адаштың айтуы бойынша, атам бес жасында толығымен арабша хат таныпты. 7-8 жасында «Мұңлық-Зарлық», «Қобыланды», «Алпамыс» қиссаларын жатқа айтып отырғанында ауыл ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, баталарын беріп жатса, мына жақта тыңдап отырған әйелдер жылап отыратын көрінеді.

1973 жылы атам бабамыз Марғұланның басын көтеруге ауылға келді. Бүкіл аудан, ауыл болып, туған-туысқандар барлығы тайлы-таяғына дейін атамды қошеметпен қарсы алды. Содан көп ақсақалдары жиналып, арасында әкем Адаш, немере інісі Мейрам Мұсабеков, шөбере інісі Жаңбырбай Жақыпбекұлы, құдамыз Қабен Құлатайұлы зират басына келіп, дұға оқып, одан тау басына шығып барлығы әңгімеге көшіпті. Бір кезде атам жан-жағына көз жіберіп: «О, шіркін, қайран туған жер!» деп, маңайдағы тау атауларын термелей жөнеліпті…

Әзірлеген: Аманғали ҚАЛЖАНОВ

astana-akshamy.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар