Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
1 шілде – Ұлттық домбыра күні: Жас ақындар жырлайд...

29.06.2018 19028

1 шілде – Ұлттық домбыра күні: Жас ақындар жырлайды

1 шілде – Ұлттық домбыра күні: Жас ақындар жырлайды - adebiportal.kz

Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше. Алпыс екі тамырды идіріп, ет жүректі елжіреткен қоңыр домбыраның киелі үні кез келген жан баласын таңғалдырмай қоймас. Аталған мерекеге орай, елімізге танымал жас ақындардың күй туралы өлеңдерін ұсынамыз.

Жанат Жаңқашұлы. Нұрғиса («Отырар сазы». «Махамбет»)

Домбыра – атты қосын, лап береді,

Қобыздың ысқышы да жақ* кереді.

Дирижердың саусағы жәй түсіріп,

Шымырлатып жіберді қақ төбені.

Сыбызғы – сусылдаған жебе сынды,

Қобыздың қыл ішегі көп есілді.

Жүрегіңе кірш етіп қадалмай ма,

Күйге құлақ түрсеңші о, кесірлі.

Сазсырнай – көк бөрідей ұли беріп,

Қас маңдайым қайыстай тұр иленіп.

Көздің көлін қонды да дір еткізді,

Сезім дейтін сенделген бір инелік.

О, Құдірет, кеудемді өксік тіреп,

Көнге айналған жанымды қопсытты кеп.

Адамзатта Нұрғиса жалғыз... бірақ –

Бұл қазақтың Шопені, Моцарты көп.

*Садақ

Арман Шеризат. Боздақ

Күмбірлеші... Күмбірле Күй-құдайым!

Шанағыңнан төгілген мұңды ұғайын.

Бозінгендей боздатшы қос ішегіңді,

Сеніменен қосылып бір жылайын.

Әуеніңе тербелсін кеуде-бесік,

Қалғанынша қара тән жерге кетіп.

Байлап берсем қайтеді өзегіңе

Жүрегімді оныншы пернең етіп?!

Өн-бойыңа даланың үні тұнған.

Тарихымды сен айттың ұмытылған.

Қолыма алып, бір иіскеп қалайыншы

Шығып кетпей тұрғанда уысымнан.

Ойып алған орманның түп жағынан

Кісінескен домбырам – бір қазынам.

Құдірет-ай тілсізге тіл бітіріп,

Сыйладың Күй, сан ғасыр сыйладың Ән.

Қасиетіңді мен түгіл халық білген.

Аңыз болып жеттің бе алыс күннен?!

Жаратқаннан қазақты жарылқауға

Түскендейсің үзіліп жарық Күннен...

Көкбөрі Мүбарак. Домбыра перизаты

Тырна мойын күйдің жабдығын,

Бармағым ұстай алмады.

Ішектегі жынның әр мұңын,

Көз жасым оюлап парлады.

Кісідей сарғылт құлағы,

Дала деп безеріп алады.

Белет аға теңізше бұрады,

Миллион толқын шаңыраққа шабады.

Жұпар күй ыңыранып отырды...

Домбырашы сиқыр бастады.

Күй шалғындарды жапырды,

Өле бастады жердің аспаны.

Жердегі қара аспанды,

Ағаш бұтақтары қоршаған.

Егілді, жауыннан жас тамды,

Үстіңгі аспандағы олар барша жан.

Жауынның ішін кептеген,

Перілер жасы андыздап.

Құр нөсер сілкінер көптеген,

Жындар жасын сілкиді жалбыз бақ.

«Бөкен жарғақты» қағасың,

Шаңы да күйге толып тұр.

Майда мен Қара ебі арасы,

Дызылдап аққан елік гүл.

Еңіреуік Ертіс көзіне,

Балапан толқын үймелеп.

Торғайлы заманның кезі ме,

Бөдене қуанышы кимелеп.

Атақты аңқау «телқоңыр»,

Қапсырған жауға алданды.

Қылқанды арпадан жем жегір,

Жүрегің күйге арналды.

Төңірек бақырайған «төрт жаяу»,

Адамсыз шөлде жыбыр қып.

Нәубел қу ағашқа кеп таяу,

Күйге шұбыра бастады шыбын жұрт.

Таң шапағындай мың түрлі арулар,

Домбыра басында ойнайды.

Балалық бүрлі сағымдар,

Ішегін дыз етіп шайнайды.

Тақиямдағы үкім үлпиіп,

Сәбилігімнің боран дүркірі.

Қу домырадан аумай сүлкиіп,

Ержетіп кеттім бір күні.

Жалбызды төбесіне шәңкиткен,

Дудар бас жар бұған ұнамас...

Алтайда ынтық жан біткен,

Перизатым осы қу ағаш!

Қайрат Иманбеков. Күй


(Мағауия Хамзинге)

Түсінгенге Алланың бұйрығы деп,
Күмбірлі әуен дүние, күй-құдірет.
Кеудемде бір күй жатыр күмбірлеген,
Домбыраның дауысын сүйді жүрек.

Шер тарқатып үнімен шертпе күйдің,
Дауа болған қоңыр үн дертке кей күн.
Күйкі өмірден жауыр боп жүргеннен бе?
Бұрыңғыдай бестімді ерттемеймін.

Сүйіне ме, қапа боп күйіне ме?
Бұзылады көңілдің күйі неге.
Жүрегіме сыйдырғам сол мұраны,
Үйсіз-күйсіз жүрсем де дүниеде.

Осы неге мен мұңды күй кешемін?!
Күйзелмеудің табар ем қилы есебін.
Топырағы болмаса туған жердің,
Домбыраның дауысын сүймес едім.

Көңіліме мұңдардың көші шөкті,
Күймен ғана күйретем осы шепті.
Қайдауылдан* құлаған қос өзендей,
Касиетті домбыра қос ішекті.

Шер тарқатар шертпе күй детке дауа,
Орағандай өзекте өртке дала.
Кеудемде бір күй жатыр сағынышты,
Алыс ұзап ауылдан кеткелі, аға.

*Қайдауыл – таудың атауы.

Айдын Байыс. Ел айырылған...


Көк жайлау кеңдік тілеп көкірегім,
Концерт көріп қайтпаққа бекіп едім.
...Сахнаға жайғасты көп қазақ кеп,
Көтеріп сырнай, қобыз, жетігенін.

Қарт күйші шықты ортаға сәл кешігіп,
Жорға-күй кетті кенет паң көсіліп.
Қара шанақ зар төкті тартқан сайын,
Салқыны кер заманның залға есіліп.

Күйге балқып, арқамыз қозар мына!
Кенет бұлдыр дүние бозарды да,
Қара нарға таңып ап шаңырағын,
Көп адасқан көш келді көз алдыма...

Шоңғалды асқан қалың көш ыңыранып,
Күнге барып тірелгей түбі барып!
Құдіретке қайран күй кетті айналып,
Көмейімнен қиқуды жұлып алып!

Зорға шыдап отыр ем, «қайрандадым»!
Жалт қарады жарты зал – жайдарманым.
«Этика! Бұл кім?!» деген шықты күбір,
Қара көз қазақпын ғой, аймандарым!

Соқтықпалы-соқпалы жол о бастан...
Өгей санап өзімді «қара басқан»,
Үйге қайттым, кеудемде күй құлазып,
Көз алдымнан көш кетпей көп адасқан.

Әзірлеген Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар