Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Пауло Коэльоның «Алхимик» романы (жалғасы)...

28.05.2018 5017

Пауло Коэльоның «Алхимик» романы (жалғасы)

Пауло Коэльоның «Алхимик» романы (жалғасы) - adebiportal.kz

Сантьяго тағы да кітапқа үңілмек болып еді, бірақ, оқу ілгерілемей қойды – ол ойын бір жерге тоғыстыра алмады. Ол шалмен әңгімелескеннен әңкі-тәңкісі шықты, өйткені, оның шындықты айтқанын сезіп тұрды. Бозбала ләпкеге келіп, бір қорап жүгері сатып алды, әрі саудашыға ол туралы шалдың не дегенін айтсам ба екен деп тұрды да, өйтпей-ақ қояйын деп шешті.

«Кейде бәрін орын-орнында қалдырған да абзал», деп ойлады ол. Айтсаң – өзінің қызыл арбашыға әбден бауыр басып қалған саудашы бәрін тастауым керек пе деп, үш тәулік бойына ойланумен болады. «Қой, оны бұл азаптан құтқарайын».

Сөйтіп Сантьяго көшелермен басы ауған жаққа қарай кете барды да, ақыры, порттағы терезесі бар кішкентай ләпкенің алдынан бір-ақ шықты. Оның ләпкесінде Африкаға баратын пароходтардың бәріне де билеттер сатылатын. Ал, Мысырыңыз да Африкада ғой.

– Сізге не қажет? – деп сұрады кассир.

– Бәлкім, ертең сізден билет сатып алармын, – деп жауап қайтарды да, Сантьяго кейін кетті.

Бір марқа сатсаң болғаны – сен Африкадан бір-ақ шығасың. Осы ой оны күмілжітті. Ал, кассир өзінің көмекшісіне:

– Тағы да бір арманшыл келді. Саяхаттағысы келеді-ақ, тек қалтасында көк тиын жоқ, – деді.

Сантьяго касса терезесінің алдында тұрған кезде қойлары есіне түсті де, кенет оларға оралғысы келіп кетті. Ол тұтас екі жыл бойына малшы мамандығын игеріп, бұл үрдісте үздік шеберлікке қол жеткізді – қой қырқуды үйренді, оның қоздауына көмектесетін болды, қасқырлардан да қорғай білді. Андалузияның барлық жайылымдарын бес саусағындай таныды және өзіндегі әр қойдың нақты бағасынан да жаңылмады.

Өзін тосқан отар орныққан мал қораға ең ұзақ жолмен жылжыды. Бұл қалада да өзінің қорғаны болатын, бозбала соның қабырғасына беткей жақпен өрлеп барып, отыра тұрғысы келді. Осы жерден Африка да көрініп тұратын. Әлдекім бір кездегі ықылым заманда Африкадан маврлар жүзіп келіп, барлық Испанияны дерліктей тізе бүктірген деп түсіндірген-ді. Сантьяго маврларды жек көретін, бәлкім мұнда сығандарды да алып келгендер солар шығар?

Қабырғадан бүкіл қала шалмен әңгіме-дүкен құрған базар алаңымен қоса алақандағыдай менмұндалап тұрды.

«Шалдың маған жолыққан мезетін қарғыс атсын», – деп ойлады бозбала. Оған бар қажеті сыған кемпірдің түсін жорып бергені ғана еді ғой. Ол да, шал да оның малшы екендігіне ешқандай мән-мағына бермеген тәрізді. Әрине, бұл адамдар – жеке бастылар, әрі бәріне сеніп біткендер – өз қойларына жан-тәнімен берілген қойшы болмайтындығын түсінбейді. Ал Сантьяго болса, әр қойды бастан-аяқ ажырататын: ана саулық қысыр, ал екіншісі екі айдан кейін төлдейді, ал ана біреулері – ең жалқаулары. Ол оларды қырқуды да, союды да білетін. Егер ол кетуге бел буса, олар мұнсыз зарығады да, таза жоғалған сыңайлы болады.

Жел көтерілді. Ол бұл желді білетін – тұрғындар оны «левантиялық жел» деп атайтын, өйткені Леванттан, Жерорта теңізінің шығыс жағынан келетін маврлардың желкендерін кернейтін жел осы еді. Бозбала Тарифада болғанынша африкалық жағалаудың соншалық жақын екендігін қаперіне алмаған-ды. Сөйтсе, қауіпті көршілік екен – маврлар тағы да лап қоюы мүмкін. Жел күшейе түсті. «Қойлар мен қазынаның арасында жұлынып өлейін бе енді», – деп ойлады Сантьяго. Үйренген жағдаят пен өзіне тартып тұрған нәрсенің арасын ашып, таңдай білу керек. Оның үстіне ләпкешінің қызы да бар ғой, бірақ, қойлар маңыздылау, өйткені, олар Сантьягоға тәуелді де, ал қыз олай емес. Әрі ол оның есінде қалды дейсің бе? Бозбала мынаған сенімді еді: егер ол қыздың алдында екі күннен кейін пайда болмаса, анау мұны байқамайды да, өйткені, оған барлық күндер бірыңғай сияқты әсер береді, ал, өткен күн өзгесіне ұқсас болғанда, адамдар Күн шапағын шашып шыққаннан кейінгі әрбір күнде орын алған жақсылықты байқауды тоқтатады.

«Мен әкемді де, анамды да, туған мекенімнің қасындағы қорғанды да тастадым, – деп ойлады ол. – Олар бөлек тұрып өмір сүруге үйренген, мен де үйрендім. Олай болса, қойлар да менің жоқ екендігіме үйренетін шығар?»

Ол тағы да алаңды биіктен шарлап өтті. Желбегей жүгеріні сату алас-күлес жүріп жатты; ал ол шалмен әңгімелескен орындықта енді қыз бен жігіт сүйісіп отырды.

«Саудагер...» деп Сантьяго бастай беріп еді, бірақ, ойын аяғына жеткізуге үлгермеді «левантиялықтың» жаңа лебі тура бетіне соқты.

Жел тек қана жаугер маврлардың желкендерін толтырып қана қойған жоқ, сондай-ақ ол өзімен бірге шөлдің жан үрейлендіретін иістерін, жамылғы астындағы әйелдердің иістерін, көз көрмегенді, алтын мен оқыс оқиғаларды бір кезде іздеуге бел буғандардың иістерін әкелді. Ол тіпті пирамидалардың да иісін жеткізді. Бозбала еркін желге қызғанышпен қарады, бірақ, қажет етсе соған ұқсай алатындығын сезінді. Оның жолында өзінен басқа ешкім де тұрған жоқ. Қойлар, мауытышының қызы, Андалузияның жазық далалары – бұлардың бәрі де өз Жолына апарар сатылар ғана.

Ертеңіне түске қарай ол алаңға алты қойды айдай келді.

– Қызық шаруа, – деді ол шалға. – Менің досым бүкіл отарды лә деместен сатып алды да, өмір бойы қойшы болуды армандағанын айтты. Бұл – жақсы ырым.

– Бұлай әрдайым болады, – деп жауап қайтарды шал. – Бұл Қолайлы Бастау деп аталады. Егер сен, мәселен, өміріңде алғаш рет карта ойнауға отырсаң, сөз жоқ, ұтып шығар едің. Әдетте жаңа ойыншылардың жолы болғыш келеді.

– Ал, неге олай болады?

– Өйткені өмір сенің өз Тағдырыңның желеуімен жүргеніңді қалайды, сондықтан табыстың дәмімен тәбетіңді қоздырады.

Сонсоң шал қойларды қарауға кірісті де, біреуінің ақсайтындығын аңғарып қалды. Бозбала онда тұрған ештеңе жоқ, есесіне бұл саулық отардағы ең ақылды қой, әрі оның үстіне жүнді көп береді деп түсіндірді.

– Ал, енді қазынаны қайдан іздемекпін? – деп сұрады ол.

– Мысырдан, пирамидалардың маңайынан.

Сантьяго сасып қалды. Сыған кемпір де тап осыны айтты, тек онысына ештеңе алған жоқ.

– Сен оған апаратын жолды Жасағанның бұл тіршіліктегі әркімнің жолын бағдарлайтын белгілері бойынша табасың. Тек өзіңе арналғанды, өзіңе деген жазуды оқи білу қажет.

Сантьяго жауап қайырып үлгергенше, шал екеуінің арасында көбелек көлбең-көлбең етті. Ол бала шағында атасынан көбелектер сәттілік әкелетін көрінеді дегенді естігені ойына оралды. Шырылдауық шегіртке, жорғалаған кесіртке, төрт желекті беде шөп те солай.

– Мінекей, – деп шал оның ойын оқығандай сөз тастады. – Бәрі де сенің атаң айтқандай. Сені тура жолдан адастырмайтын белгілер де осылар.

Ол осы сөздерден кейін кеудесіне киген киімін айқара ашып тастады, ал, ғажап қалған Сантьяго болса, кеше оның жарқылы жанарын қалай тұндырғанын есіне алды. Таң қаларлығы жоқ – шал асыл тастармен көмкерілген, құйылған алтын көкірекшемен жүреді екен. Ол – шын мәнінде патша, тек қарақшылар тиіспесін деп жұпыны киінген ғой.

– Мә, ала ғой, – деді шал көкірекшесінен ақ және қара түсті екі тасты ағытып беріп. – Олар Урим және Туммим деп аталады. Ақ тас «иә» дегенді, қара тас «жоқ» дегенді білдіреді. Белгілерді айыра алмай жатқаныңда олар сенің кәдеңе жарайды. Сұрасаң – жауап қайтарады. Бірақ, жалпы, – деп жалғастырды ол, – шешімді өзің қабылдауға тырысатын бол. Сен ендігі қазынаның пирамиданың етегінде екеніңді білесің, ал, мен алты қойды саған шешім қабылдауға көмек көрсеткенім үшін алып отырмын.

Бозбала тастарды дорбасына салып қойды. Осы мезеттен және ілгеріде шешімдерді өз қауіп-қатері, тәуекеліне орай қабылдауына тура келеді.

– Әлемдегі бар болмыс бірегей тұтастықты құрайтынын ұмытпа. Және ең бастысы – сен өз Тағдырыңа ең соңына дейін ілесуің қажет екенін зердеңде ұста. Ал, енді мен саған бір қысқаша ғана оқиғаны айтып берейін.

Әлдебір көпес өз ұлын ең басты данагөйге бақыттың құпиясын білуге аттандырады. Бозбала шөлді көктей өрлеп қырық күн жүргеннен кейін, ақыры таудың ұшар басындағы әдемі де еңселі қорғанды көреді. Ол іздеп келе жатқан Данагөй сонда тұратын еді.

Қорған әдеттегі сопының оңаша баспанасына мүлде ұқсамайды екен. Халық мол: саудакештер өз тауарларын ұсынып, әрі-бері жүгіріп жүр, бұрыш-бұрышта шүңкілдескен адамдар, кішкентай ғана оркестр сазды әуенді төгілдіріп тұрды, ал, кең бөлменің ортасында осы аймақтан ғана табуға болатын ең дәмді тағамдар иін тірескен бай дастархан жайылыпты.

Данагөй меймандарды асықпай жағалап жүрді, сондықтан бозбала өз кезегі келуін екі сағат тосты.

Ақыры, Данагөй бозбаланың оған неге келгенін тыңдап алды да, бірақ, қазір оның бақыт құпиясын түсіндіруге уақытының жоқ екенін айтты. Әзірше бозбала қорғанды аралай тұрсын да, мына залға екі сағаттан кейін оралсын.

«Және менің саған мынадай өтінішім бар, – деді ол бозбалаға екі тамшы майы бар шай қасық беріп жатып. – Мына қасықты өзіңмен бірге ал және байқа, майды төгіп алма».

Бозбала қасықтан көзін алмастан кең сарайдың саты басқыштарымен түсіп-көтерілумен болды, сөйтіп екі сағаттан кейін тағы да Данагөйдің алдына келді.

«Ал, қалай екен, – деді ақсақал, – саған асханадағы парсы кілемдері ұнады ма? Ғажап шеберлер он жыл бойы өсірген бақтағы ағаштар мен гүлдер ше? Менің кітапханамдағы көне кітаптар мен жарғақтар қандай?

Ұялып қалған бозбала бұлардың ешқайсысын көрмегенін мойындады, өйткені, оның бар назары оған Данагөй сеніп тапсырған май тамшыларында болды.

«Қайтадан бар да, менің үйімдегі барлық ғажайыптарды көріп шық, – деді сонда Данагөй. – Адамның қайда және қалай тұратынын білмейінше оған сенуге болмайды».

Қолына қасық ұстаған бозбала бөлмелер мен дәліздерді аралауға тағы кетті. Бұл жолы өзін еркіндеу ұстап, қорғандағы сирек кездесетін ғажайыптарды, бөлмелерді безендіріп тұрған көркемөнер туындыларының бәрін де зейін қойып қарады. Ол бақшалар мен бекіністі қоршап тұрған тауларды тамашалады, гүлдердің ғажайыптығы мен суреттердің және мүсіндердің орайлы орналасуын бағалады. Данагөйге оралған соң, ол көргенінің бәрін ыждаһатпен тізіп шықты.

«Ал, алып жүр де, төкпе деп сұраған екі тамшы май қайда?» – деп сұрады Данагөй.

Бозбала осы сәтте тамшылардың төгіліп қалғандығын аңғарды.

«Міне, менің саған бермекші болған жалғыз кеңесім де осы, – деді даналардың данасы. – Бақыттың құпиясы әлемнің немен ғажап және даңқты екенінің бәрін көруде, әрі сөйте тұра шай қасықтағы екі тамшы майды ұмытпауда жатыр».

Сантьяго әңгімені тыңдады да, әндем уақыт үнсіз қалды. Ол шалдың өзіне не айтқысы келгенін түсінді. Малшы жер-көкті шарлағанды ұнатады, бірақ, өз қойларын да ешқашан ұмытпайды.

Мельхиседек патша Сантьягоға тесіле қараған күйі қолдарын қосты да, әлдебір оғаш қимылмен басының үстінен ауада қозғалыс жасады. Сонсоң өзіне тиісті қойларды алдына салған күйі өз жолымен жүріп кетті.

Кішкентай ғана Тарифа қаласының биігінде бағзы заманда маврлар салған бекініс-қорған еңсесін жоғары ұстап тұр. Егер мұнараға шықсаңыз, жүгері сататын ләпкешінің тәшкесі тұрған алаң алдыңыздан шығады, бұл жерден арғы африкалық жағалаудың жиегі де көрінеді. Және бұл күні қорған қабырғасында бетін шығыстан ескен желге тосып, Сәлімнің патшасы Мельхиседек отырды. Қойлар өз тағдырларындағы соншалықты оқыс өзгерістерден дегбірсізденген қалыпта, жаңа қожайыннан шамалы аулақтау жерде бір үйме болып ұйлығып қалыпты. Оларды бұрынғыша алдымен алаңдататын жайт – қорек табу. Рейдте тұрған шағын баркасқа қараған Мельхиседек ондық бөлікті бергеннен кейін Авраамды бір де бір рет көрмегені сияқты, мына бозбаланы да енді ешқашан көрмейтін шығармын деп ойлады.

Өмірі өлмейтіндердің тілек-ықыласы болмауы керек, өйткені, мұнда олардың өз жолы жоқ. Сөйтсе дағы Мельхиседек өз жанының түпкірінде Сантьяго атты бозбаланың жолы болғай деп жасырын тілек тіледі.

«Ол қазір-ақ нені қалай атайтынын ұмытып қалады, – деп ойлады ол. – Өз есімімді тағы да қайталағаным дұрыс болатын еді. Сонда ол мені есіне алған сайын бейтаныс шалды «Сәлімнің патшасы Мельхиседек» деп атап отырар еді».

Ол жанарын аспанға көтерді, сөйтті де, сәл қысылып былай деді:

– Уа, Тәңірі, Сенің пайымдауың бойынша осының бәрі «тек әбігершілік» екендігін білемін. Бірақ, баз-базда кәрі патша да өзін мақтан тұта алады ғой.

«Осы Африка дегеніңіз әдеттен тыс әлем ғой», – ден ойлады Сантьяго.

Ол осынау қаланың тар көшелерінде жиі кездесетін шағын асханалардың бірінде отырды. Бірнеше адам бір-біріне жағалатып, кезекпен ұзын түтікті тартып отыр екен. Осы уақыт ішінде ол қолдасып жүрген еркектерді, беттерін жапқан әйелдерді, биік мұнараға шығып, қилы мақаммен әндеткен дін қызметшілерін де көрді – олар тізелерін бүгіп жерге маңдайларын соғып жатты.

«Сарациндер аймағы. Мұнда олардың өзіндік рәсімдері жүреді», – деді ол өзіне-өзі.

Бала шағында ол өз деревняларының шіркеуінде Қасиетті Иаковтың бейнесін көргені бар-ды: маврларды жеңуші ақ арғымақтың үстінде қолына қылыш ұстаған күйде бейнеленген еді, ал, оның алдында – қазір осы асханада өзімен бірге отырған адамдарға өте ұқсас пенделер тізе бүгіп жатқаны есінде. Бозбала дегбірсізденіп кетті – ол өзін айдалада жалғыз қалғандай сезінді.

Оның үстіне ол жол жүрер алдындағы қарбаласта қазынаға бастайтын жолды ұзаққа жауып тастауы мүмкін бір жағдаятты әбден қаперінен жіберіп алыпты. Бұл елдегі бүкіл халық арабша сөйлейтін.

Оған асхананың қожайыны жақындап келді, ол ыммен көрші үстелдің басындағылар ішіп отырғандай тағамды әкелуін сұрады. Ол дәмі ашқылтымдау шай екен, ал бозбаланың тәбеті шарапқа қарай ойысып отыр еді.

Айтқандайын, мұның бәрінде пәлендей мағына жатқан жоқ-ты, тек қазына туралы ғана ойлап, оған қалай жетудің амалын қарастыру керек-ті. Қойларды сатудан ол едәуір қаржы тапты, онысы өзінің сиқырлы қасиетін көрсетіп те үлгерді – ақша қалтаңда жатқанда өзіңді тап жалғыз қалғандай сезінбейсің ғой. Тез арада, ілгеріде бірнеше күн өткеннен кейін ол пирамидалардың етегінде болады. Таза алтын көкірекшесі бар ақсақал жарты дюжина қой алу үшін оны алдауға тиіс емес шығар.

Ол оған белгілер жайлы бекіте айтты, ал, Сантьяго бұғазды кешіп өткенше тек солар жайлы ойлаумен болды. Ол әңгіменің не жайында екенін түсініп отырды: Андалузияны әрі-бері кезгіштеп жүргенде жерден және аспаннан алдан не тосып тұрғанының ырым-жорамалдарын айыра білуді үйренген еді. Құс бір жерде жыланның жасырынғандығынан хабардар ете алатын; түп-түп бұта болса, жақын жерде жылға не өзеннің барлығын меңзейтін. Осының бәріне оны қойлары үйретіп еді.

«Егер оларды Құдай бастап жүретін болса, Ол мені жолымнан жаңылдыра ма?», – деп ойлады да, Сантьяго шамалы көңілі жайланғандай болды. Тіпті, шай да сонша ащылау боп көрінбеді.

Кенет:

– Сен кім боласың? – деген испан сөзі естілді.

Сантьяго жеңілденген сезіммен күрсінді: ол белгілер жайлы ойға батып еді, енді міне, белгі де берілді. Оған дауыстаған мұнымен үзеңгілес жас жігіт екен, өзі еуропаша киініпті, тек терісінің түсі ғана оның жергілікті тұрғын екендігін хабардар етіп тұрды.

– Сен испанша қайдан білесің? – деп сұрады Сантьяго.

– Оны мұндағылардың бәрі дерлік біледі. Испания екі сағаттық жерде емес пе?

– Қасыма отыр, мен саған дәм татқызғым келеді. Сен маған да, өзіңе де шарапқа заказ бер. Шайдың дәмі маған онша жақпай тұр.

– Бұл елде шарап ішпейді, – деп жауап қайтарды анау. – Наным-сенім тыйым салған.

Енді Сантьяго оған пирамидаларға бару қажет екендігінен хабардар етті. Ол қазына жайлы айтып қала жаздады да, дер кезде тілін тістей қойды: кім біледі, бұл араб оған жетуге көмектескені үшін ақы ретінде қазынаның бір бөлігін талап етуі ғажап емес қой. Ол ақсақалдың айтқанын ұмытқан жоқ еді: өзіңнің қолыңа түспегенді уағда етуге болмайды.

– Сен мені пирамидаларға жеткізіп сала алмайсың ба? Мен саған ол үшін ақша төлер едім.

– Ал, сен олардың қайда екенін жобалап болса да білесің бе?

Сантьяго қожайынның тым жақындап келіп бұлардың әңгімесіне құлақ түргенін байқап қалды. Ол тұрғанда сөйлегісі келмеді, бірақ, мынадай оңтайлы табылған жолбастаушыдан айырылудан да қорықты.

– Саған бүткіл Сахараны кесіп өтуге тура келеді, – деді анау. – Ал, ол үшін ақша қажет болады. Ол сенде бар ма?

Сантьягоны мына сауал таңдандырды. Бірақ, ол шалдың сөзін ұмытпаған еді: егер сен әлденеге ынта білдірсең, бар Ғалам сенің тілегіңнің жүзеге асуына қолғабыс жасайды. Осындай ой жеңген ол қалтасынан ақшасын алып арабқа көрсетті. Қожайын болса одан сайын жақындап келіп, ақшаға үңілді, сонсоң ана бозбаламен арабша бірер ауыз сөз алмасты. Сантьягоға қожайын әлденеге ашуланған сыңайлы көрінді.

– Бұл жерден кетейін, – деді ана бозбала. – Қожайын біздің мұнда отырғанымызды жақтырмай тұр.

Сантьяго қуанышпен орнынан тұрды да, жеген дәмі үшін есеп айырысқысы келіп еді, бірақ, қожайын оны қолынан шап беріп, сөйлей бастады. Сантьягоның жұлқынып, босанып кетуге әлі жетіп бағатын еді, бірақ, ол өзге елде болғандықтан өзін мұндай жағдайда қалай ұстау керек екендігінің ретін білмеді. Абзал болғанда жаңа танысы қожайынды итеріп жіберді де, Сантьягоны асханадан көшеге алып шықты.

– Ол сенің ақшаңды тартып алғысы келді. Танжер өзге африкалық қалаларға ұқсамайды. Бұл порт қой, ал, портта қашан да жүліктер жосып жүреді.

Оған сенуге болады. Ол қысталаң кезде көмек берді. Сантьяго тағы да қалтасынан ақшаларын алып санап шықты.

– Ертең-ақ пирамидаларға жол шеге аламыз, – деді араб. – Бірақ, алдымен екі түйе сатып алуымыз керек.

Сөзімен сендірген әлгі Сантьягоның қолынан әмиянды алды.

Олар Танжердің тар көшелерімен жөнеп берді – аттаған сайын әрқилы тауарға лық толған шатыршалар мен ләпкелер кездесті, одан мыңдаған адам кернеген базар алаңынан бір-ақ шықты – кісілер сатып жатты, сатып алып жатты, даурығып дауласып та жатты. Көкөніс пен жеміс қанжарлармен, кілемдер – әрқилы құбырлармен қатар жатты. Сантьяго өзінің жолбасшысын қалт жіберген жоқ – ол оның бар ақшасын алып алды. Бұл жиған-тергенін қайтып алайын деп еді, бірақ, мұным әбес болар деп есептеді. Оған қазір келген елдің әдет-ғұрыптары да беймәлім еді. «Ештеңе етпес, – деп ойлады ол, – мен оны ықтиятты түрде байқастап келемін ғой, сол да жетер, оның үстіне мен одан әлдірекпін».

Кенет ол сан қилы тауар үйінділерінің ішінен бұдан бұрын көрмеген ғаламат әсем қылышты байқап қалды: қыны күмістен соғылыпты, сабы асыл тастармен безендіріліпті. Сантьяго Мысырдан оралған бетте тап осындай қылыш сатып аламын деп шешті.

– Оның қанша тұратынын сұрашы, – деді ол бұрылмастан жолсерігіне.

Осы сәтте ол қылышты тамашалаймын деп небәрі екі секөнтке ғана алаңдағанын түсінді. Оның жүрегі зырқ ете қалды. Ол жан-жағына қарауға қаймықты, өйткені, көз алдына қандай көрініс келерін біліп те қойған еді. Ол тағы да бірер сәт қылыштан көзін алмай тұрды, бірақ, сонсоң батылы барып басын бұрды.

Айналада базар гүрілдеп, асып-тасып жатты, әрі-бері жүгіріп кеңірдек керіп жатқан халық болса мынау, кілемдер мен жаңғақтар, мыс табақтар мен көкөніс қатар жатыр, қолтықтасқан еркектер мен бетперде ұстанған әйелдер анау, бұрын-соңды жемеген тамақтың дәмі де жетіп тұр – тек қана әлгінде бірге келген жолбасшысы қас пен көздің арасында буға араласып кеткендей ғайып болды.

Сантьяго әуелде өзін олар бір-бірін кездейсоқ жоғалтып алған шығар деп сендірді, сөйтті де, егер ол оралса табатын болсын деп, орнынан қозғалмауға бекінді. Шамалы уақыт өтті, биік мұнараға бір адам шықты да, дауысын мақамдап әлденені айтты – сол-ақ екен, жұрттың бәрі етпеттерінен құлап, маңдайларын жерге тигізіп бұлар да әндетті. Сонсоң тап бір ынталы құмырсқалар іспеттес тауарларын реттеп, шатыршалары мен ләпкелерін ілезде жапты. Базар босады да қалды.

Күн де аспаннан еңкейе бастады, Сантьяго ол алаңды қоршаған ақ үйлердің шатырларының ар жағына жасырынғанынша соңынан ұзақ қарап тұрды. Ол бүгін күн шыққанда өзге құрылықта болып, алпыс қойға ие болғанын және мауытышының қызымен кездесуді күткенін есіне түсірді. Бүгін таңертең ғана ол өз отарын жайылымға айдағанда не болатыны алдын ала белгілі болатын.

Ал, енді сол күн батарға айналғанда ол өзге елден бір-ақ шықты, ол онда мүлде бөтен, тіпті жергілікті тұрғындар сөйлейтін тілді де білмейді. Ол енді малшы емес, ол бәрінен, ең алдымен ақшадан айырылды, бұл – енді ол еліне оралып, бәрін қайтадан бастай алмайды деген сөз.

«Және де мұның бәрі күннің шығуы мен батуының аралығында болды», – деп ойлады бозбала. Ол өзін аяп кетті, өз тіршілігінің осынша тұтқиылдан түбегейлі түрде төңкеріліп түскеніне жаны қатты ауырды.

Жылауға ұят сияқты. Ол тіпті өз қойларының алдында да жылауға ұялатын. Бірақ, қазір базар алаңы босап қалды, әрі ол өз елінен алыста еді.

Сантьяго жылап жіберді. Құдай өз түстеріне сенетіндерге соншалықты қатыгез болғаны несі?

«Мен өз қойларымды бағып жүргенімде бақытты едім, әрі бақытты жан-жағыма таратып жүрдім. Адамдар мен келгенде қуанып, өзімді қымбатты мейман сияқты қарсы алатын.

Ал, енді мен қасіреттімін де, бақытсызбын. Әрі не істерімді білмей далмын. Мен кекті де күдікшілмін және бір ғана адамның алдағаны үшін бар жұртқа күдікпен қараймын. Мен өз қолымнан келмеген соң, қазыналарды тауып ала алғандарды жек көретін боламын. Мен болмысымдағы шамалыға ілгесемін, өйткені, бар ғаламды қамту үшін мен кішкентай да түкке тұрғысыз пендемін».

Ол тым болмаса май жаққан бір кесек нан қалған жоқ па екен деп дорбасын ашты, бірақ, одан тек қалың кітаптар, күртеше мен шал берген екі тасты ғана тапты.

Осы кезде оларды көрген соң, Сантьяго өзін ғаламат жеңілдеп қалғандай сезінді. Ол алты қойды мына екі асыл тасқа айырбастап алып еді ғой. Енді оларды сатса болды – билет алады да еліне қайтады.

«Бірақ, бұл жолы мен ақылдырақ болармын», – деп ойлады ол тастарды дорбадан алып қалтасына салып жатып. Бұл портты қала ғой, ал, онда өзін тонап кеткен жігіт айтпақшы, алаяқтар қашанда өріп жүреді.

Сантьяго асхана қожайынының неге сонша қыжылдағанын енді ғана түйсінді – ол өзінің жолсерігіне сенбеуді түсіндіруге жанталасқан болды ғой.

«Мен де тұп-тура өзгелер сияқтымын: тілегенді ақиқатында болған жағдаят ретінде қабылдаймын және ғаламды іс жүзіндегідей емес, өзім қай күйде көргім келетін сыңайда ғана түсінемін».

Ол тағы да тастарды қарастыра бастады, оларды баппен сипады – жылы екен. Міне, ондағы әзірше бар қазына осы. Оларға қол тигізсең, жаның жай тапқандай сезінесің. Тастар Сантьягоның есіне ақсақалды түсірді. Зердесінде оның сөздері тағы қайталанды: «Егер сен бірдеңе тілесең, бүкіл Ғалам сенің тілегіңнің орындалуына мүмкіндік жасайтын болады».

Осының шындық екендігін оның түсінгісі келді. Ол базардың босаған алаңының ортасында көк тиынсыз тұрды, тек бұл жолы қойлардың жатын орны жайлы ойланбауға болатын еді. Бірақ, асыл тастар ол жуырда оның бүкіл өмірін айна-қатесіз білетін патшамен жолыққанын дәйекті түрде дәлелдеп берді: ол рұқсатсыз алған әкесінің мылтығы, алғаш төсек бөліскен әйел жайлы да біледі екен.

«Тастар саған жұмбақты шешуге көмек көрсетеді. Олар Урим және Туммим деп аталады» – дегені ойына оралды.

Сантьяго оларды тағы да қалтасынан шығарып, дорбаға салып байқап көргісі келді. Шал сауалдарды нақпа-нақ қою керек деген, өйткені, нені қажет ететіндіктерін анық білетіндерге ғана жәрдемдеседі. Ол ақсақалдың алғыс батасы өзімен бірге ме деп сұрады да, қолын дорбадан суырып алды.

– Иә, – деп жауап берді тас.

– Мен қазыналарды табамын ба? – деп сұрады Сантьяго.

Ол қолын дорбаға салып, жауап алардың алдында тастарды араластырып еді, кенет екеуінің де тесікке түсіп кетпесі бар емес пе?! Ал ол бұрын дорбасының тесілгенін, неге екені белгісіз, байқамапты. Сантьяго тастарды қайта жасыру үшін оларды жинап алуға жерге еңкейе беріп еді, осы тұста оның басына жаңа ой келді: «Белгілерге көз салып және олардың айтқанымен жүруді үйрен», – деген еді ғой шал.

Белгі! Сантьяго күліп жіберді. Сонсоң тастарды жерден алды да, дорбасына салды. Ол ондағы тесікті жамау жайлы қаперіне де алмайды – тастар егер қажет етсе, өздері кез келген минөтте сыртқа шығады. Ол өз тағдырыңнан қашуға әрекеттенбеу үшін қызыға сұрауға болмайтын жағдаяттар бар екендігін түсінді. «Мен ақсақалға өзім шешетін боламын деп уағда бердім ғой», – деді ол өзіне-өзі.

Бірақ, тастар шал бұрынғыша онымен бірге екендігін білдірді және мұның өзі оған сенімділік бергендей болды. Ол ашық алаңды тағы да шолып өтті, бірақ, бұрынғыдай үмітсіздік кейіпте болған жоқ. Оның алдында бөтен емес – тек қана жаңа әлем көсіліп жатты.

Ал ол қашанда тек қана жаңа әлемдерді танып білгісі ғана келетін. Егер оның маңдайына пирамидаларға жетуді жазбаса да, ол онсыз да кез-келген малшының көргенінен көп көрді.

«Егер олар, – деп ойлады ол, – осы жерден екі-ақ сағаттық жолдан кейін бәрі де түбегейлі түрде өзгеретіндігін білсе ғой».

Жаңа әлем оның алдында тіршілік белгісінсіз – босаған базар алаңы суретінде көсіліп жатты, бірақ, ол оның буырқанған бейнесін де көріп үлгерді және бұл суретті енді ұмытпайды. Ол қылышты да есіне түсірді: әрине, оған көз суарған екі-ақ секөнт үшін тым қымбаттау төлеуге тура келді, бірақ, ол мұндай әсем дүниені бұрын ешқашан көрген жоқ қой. Сантьяго кенет әлемге кәззап пен сұмырайдың құрбаны көздерімен, сондай-ақ қазыналар мен оқиғалардың ержүрек іздеушісі көздерімен де қарай алатындығын түсінді.

– Мен – қазыналар мен оқиғалардың ержүрек іздеушісімін, – деп күбірледі ол ұйқы құшағына бөлене бере.

Ол әлдекімнің бүйірінен түрткенінен оянды. Тура ортасына Сантьяго түнейтін жерге орныққан базар енді тағы да «тіріле» бастапты.

Әдеті бойынша өз қойларын іздеп, жан-жағына қараған Сантьяго әбден оянды да, ол жаңа әлемде екенін есіне алды, бірақ, бұл сезім мұңайтқан жоқ – ол бақытты еді. Ол енді күнделікті қорек іздеп сандалмайды – қазыналар іздеуге жөнеледі! Оның қалтасында көк тиын да жоқ, бірақ, есесіне өмірге деген сенімі бар. Ол кеше түнде өзіне оқиғалар іздеу үшін тағдырын таңдап алды: ол енді кітаптардан оқыған қаһармандардың бірі болады.

Бозбала асықпаған адыммен алаңның сыртына қарай бет алды. Саудагерлер өз шатыршалары мен ләпкелерін ашып жатты, ол жолай тәтті тағамдар сатушыға үстелін қойысып, тауарын жаюға көмек көрсетті.

Тәтті тағамдар сатушы жымиып тұрды: ол не үшін өмір сүретінін білетін еді, әрі сонысына разы-ды, сөйтіп жаңа еңбек күнін қуанышпен қарсы алуға әзірленіп жатты. Оның жымиғаны ақсақалдың – Мельхиседектің құпия патшасының күлгенін еске түсірді.

«Оның тәтті тағамдарды пісіретіні – әлемді кезгісі немесе мауытышының қызына үйленгісі келетіндіктен емес. Оған өз кәсібі ұнайды», – деп ойлады да, бозбала ана ақсақал сияқты бір көргеннен адамның өз жолының қаншалықты алыс не жақын екендігін аңғара алатындығын байқады.

«Бұл өзі өте оңай – тек мен оны бұрын қалайша түсінбегенмін?!»

Олар қалқаны кергеннен кейін кондитер оған алғаш қуырылған самсаны ұсынды. Сантьяго оны рахаттана жеді де рахметін айтып әрі қарай кетті. Тек осы кезде ғана олар шатыршаны реттегенше кондитердің арабша, ал өзінің испанша сөйлегені ойына оралды, десе дағы, екеуі бірін-бірі түсінген сыңайлы болды.

«Олай болса, сөздерге қарайламайтын тіл болғаны ғой, – деп ойлады ол. – Мен ол тілде өз қойларыммен сөйлесуші едім, енді міне адаммен де түсінісіп көрдім».

«Бәрі де – тұтас бір әлем» – деп еді-ау ақсақал.

Сантьяго белгілерді жіберіп алмас үшін Танжер көшелерінің бойымен асықпай өтуге бел байлады. Бұл шыдамдылықты талап етеді, бірақ, шыдамдылық – қай малшы болмасын алдымен үйренетін мінез. Бозбала тағы да жаңа болмыста оған қойлардың үйреткенінің кәдеге асқанын ойына алды.

«Бәрі де – тұтас бір әлем» – Мельхиседектің айтқаны оның зердесіне тағы да оралды.

Хрусталь сатушы жаңа күннің қалай бел алып келе жатқандығына қарап, әр таң сайын еңсесін басатын қамығу сезіміне берілді. Оның осы өр жердегі тар көшеде, сатып алушылар өте сирек бас сұғатын ләпкесінде отырғанына отыз бес жыл болды. Енді тіршілікте әлденені өзгертуге кеш қалды; бар білетіні – хрусталь сату ғана. Оның ләпкесіне араб саудагерлері, ағылшын геологтары мен француздар, неміс солдаттары топ-тобымен келетін, бәрі де ақшалы болушы еді. Бір кезде хрусталь сату пайдалы кәсіп болатын, ал, өзі осыдан байып, қартайғанда әдемі әйелдердің жылуына бөленемін деп армандайтаын.

Бірақ, уақыт өзгерді, онымен бірге қала да өзгерді. Танжерге жақын орналасқан Сеута қаласы тезірек қанат жайды да сауданың орталығы солай қарай ауысты. Көрші саудагерлер жан-жаққа кетті де, етекке түсер тұста бірнеше ғана дүңгершек қалды, ал, оларға бас сұғу үшін ешкімнің де тауға шыққылары келмейтін.

Әйткенмен, хрусталь сатушының өзге таңдар жолы жоқ-ты. Ол отыз жыл бойына тек хрусталь сатумен және сатып алумен ғана айналысты, ал, ендігі жерде қалыптасқан өмірді өзгертуге кеш қалды.

Ол әр таң атқан сайын сирек өтетін жүргіншілерді байқастап отыратын. Осымен ұзақ жылдар бойына айналысқандықтан болар, ол көшеде көрінгендердің әрқайсысының күн тәртібін әбден біліп алған-ды. Бірақ, түскі тамаққа бірнеше минөт қана қалғанда, оның тауар қойғышының алдында жат елдік жігіт пайда болды. Ол тәп-тәуір киініпті, сөйтсе де, хрусталь сатушы өткір көзімен тез шолып өтіп, оның ақшасы жоқ екенін анықтады. Сөйтсе де ол келермен кеткенше, түскі тағамды ысыра тұруға шешті.

Есіктегі хабарландыру мұнда шетел тілдерінде сөйлейтіндіктерін хабардар етіп тұратын. Сантьяго зат әйнектің ар жағынан қожайын көрінгенін аңғарып қалды.

– Мен сізге барлық стақандарыңызды жуып берсем қайтеді? – деп сұрады бозбала. – Оларды мына күйінде сізден ешкім сатып алмайды.

Қожайын ештеңе деп жауап қайырмады.

– Ал, сіз оным үшін маған тамақ берсеңіз...

Қожайын сол күйінде оған үндемей қарады да отырды. Сантьяго дереу шешім қабылдау қажеттігін түсінді. Оның жол дорбасында күртешесі жатқан-ды – ол мына шөлде қажет бола қоймас. Ол күртешесін алды да стақандарды ысқылап сүрте бастады. Жарты сағаттан кейін зат әйнектегі заттардың бәрі жарқырап тұрды, оның үстіне екі адам келді де, хрусталь бұйымдардан керектерін сатып алды.

Сантьяго жұмысын аяқтағаннан кейін қожайыннан тамақ сұрады.

– Менімен бірге жүре ғой, – деді анау.

Есікке «Түскі тамаққа жабық» деген жазуы бар кішкентай тақтайшаны ілді де, ол тар көшенің жоғарғы жағындығы дәмханаға Сантьягоны бастап апарды. Олар ондағы жалғыз үстелдің жиегінен орын тепті.

Хрусталь сатушы күліп жіберді:

– Саған ештемені тазартпасаң да болар еді. Құран аш адамды тамақтандыруға әмір етеді.

– Олай болса, сіз мені неге тоқтатпадыңыз?

– Өйткені, стақандар кір болды. Біздің екеуімізге де миымызды қоқыр-соқырдан тазарту қажет еді.

Ал, екеуі тамақ ішкеннен кейін, ол былай деді:

– Мен сенің менің ләпкемде еңбек еткеніңді қалаймын. Бүгін, сен хрусталь тазалап болғанша екі сатып алушы келді – бұл дегенің жақсы ырым, ізгі белгі.

«Адамдардан белгілер жайлы есту жиі бола бермейді, – деп ойлады малшы, – бірақ, олар өздері не жайында айтып отырғанын ұқпайды. Ал мен де өзім түсінбей, қойларыммен сөздері жоқ тілде сөйлестім ғой».

– Ал, қалай? – деп саудашы нығарлай берді. – Маған жұмыс істеуге келемісің?

– Таң атқанша бар тауарыңызды жуып беремін, – деп жауап қайтарды бозбала. – Ал, сіз оным үшін Мысырға жететіндей ақша бересіз.

Шал тағы да күлді:

– Егер сен тіпті менің ләпкемдегі хрустальді жыл бойына жуып, оның үстіне әр сатылған тауардан тәуір өсім алып отырсаң да, саған бәрібір жолыңа қарыз алуыңа тура келеді. Танжер мен Мысырдың арасы – мыңдаған шақырым шөл.

Бір сәтке сонша тыныштық орнағаны сондай, бүкіл қала тап бір ұйқыға шомғандай болды. Базарлар да, өз тауарларын мақтаған саудагерлер де, мұнараға көтеріліп, әндетіп азан шақырған адамдар да, сабы оюланған қылыштар да жоғалып кетті. Үміт пен қызық оқиға да, кәрі патша мен өз Жолы, қазыналар мен пирамидалар да ғайып болды. Сантьягоның жан дүниесі жансызданып қалғаннан кейін, бүкіл ғаламда тыныштық орын тепті. Ол ауруды да, азапты да, көңілі таза қалғандығын да сезбестен – тоқтап қалған жанарымен дәмхананың ашық есігіне қарады да, тек өлгенді, бәрінің осы сәтте бітіп мәңгілікке тоқтағанын ғана ынтыға тіледі.

Сатушы оған қарап қабағын қозғады – әлгінде ғана, таңертең ол сондайлық көңілді еді ғой, ал, қазір қабағы үйірілген бұлттан да қатыңқы, көңілділік күйінің ізі де қалмапты.

– Мен саған еліңе оралу үшін ақша бере аламын, ұлым менің, – деді сатушы.

Бозбала жауап қайтарған жоқ. Сонсоң орнынан тұрды да, үстіндегі киімін реттеп, жол дорбасын қолына алды.

– Мен сізде жұмыс істеуге қаламын, – деді ол.

Сөйтті де, үндемей тұра тұрып, былай деп қосты:

– Маған бірнеше қой сатып алу үшін ақша керек.

(Жалғасы бар)

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар