Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Өзбекстандағы қазақ ақыны – Сәбит Нәлібаев...

28.05.2018 4756

Өзбекстандағы қазақ ақыны – Сәбит Нәлібаев

Өзбекстандағы қазақ ақыны – Сәбит Нәлібаев - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» Ташкент қаласында басылып шыққан «Өзбекстандағы қазақ ақындары жырларының анталогиясы» атты жинаққа енген жыр жампоздарының шығармашылығын жариялауды одан әрі жалғастырады. Бүгін сіздердің назарларыңызға Ташкент облысы, Төменгішыршық ауданының тумасы, ақын Сәбит Нәлібаевтың (1939-1993) өлеңдерін ұсынамыз. Ол Низами атындағы педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетін тәмамдаған. Шығармасы: Өмір, мен саған ғашықпын. Өлеңдер. Термелер. «Нұрлы жол» баспасы, Ташкент, 2005 жыл.

Жастарға насихат

Байланыс жасап байқамай,

Басың қатып ашынба!

Сақтанып әр кез жүргейсің,

Бұзықпен болсаң ашына.

Күдіктеніп қырық қара,

Бірге ішкен асыңа.

Жазым болып жүрмегін,

Байқамай ішіп, асыға!

Сақтанбасаң ондайдан,

Мезгілсіз ажал келгені,

Сол заматта-ақ басыңа!

Бұл секілді тілектер,

Жалғасып-ақ келеді,

Ғасырлардан ғасырға.

Насихат айттым, жігіттер,

Үгіттеп аздап термемен,

Менен үзір, көпшілік,

Жерлері болса келмеген,

Айыпқа және бұйырма,

Қателік болса көрмеген.

Кешіріңдер кетсем мен,

Бағасыз арзан сөзбенен.

Өз халқыма айтамын,

Тентіреп, ел кезбегем!

Теңестіріп қоймаңдар,

Тілемсек «ақын», кезбемен.

Сөзіне кісі тоқтамай,

Соғатұғын езбемен.

Жаттама ақын емеспін,

Өз сөзін өзі білмеген.

Ақынның мен де бірімін,

Жүректен айтып тербеген.

Кенде емеспін, алайда,

Қанатты сөзден, термеден.

Ақкөңіл болып артынша,

Нәмәрт жанға шашылма!

Сезіп қалсаң артықша,

«Әттең-ай!» - деп ашынба!

Қайта алданбау әрқашан,

Сақтаулы жүрсін басыңда!

Жақсы дос пен туыстан,

Бар нәрсеңді жасырма.

Өтірік сөйлеп, өзіңнен,

Жақсыларды қашырма.

Жаны жұмсақ жандарды,

Жуассынып, басынба.

Дөрекі бастық, дөйлерге,

Жарбаңдап барып, бас ұрма!

Жалпыға бірдей жақсы бол,

Қулық пен сұмдық асырма.

Жайылып төсек, жастық бол,

Жайыңды білген жақсыға.

Тойған сайын тоба қыл,

Тоқ мінезденіп тасынба!

Қопал сөйлеп, артынан

Қос-қолдап басты қасынба!

Өтірік сөзден аулақ бол,

Өсек айтып сасыма.

Өсектен үлкен дау шығып,

Шаппасын ісің насырға.

Сөйлемесең байыппен,

Пәле түсер басыңа!

Жалақордан аулақ жүр,

Жолатпа мүлде қасыңа.

Айтқан сайын шаттанып,

Шабытым тасып өрлеген.

Есітіп жұрт тән алар,

Сезіктеніп, сенбеген.

Жаттанды ақын ақын ба,

Маржанын сөздің термеген?

Жәдігөй ақын және көп,

Біреудің сөзін өңдеген.

Сезбегендер оларды,

Тең емес пе саңырау,

Санасы соқыр көрменен?

Санасыздар таңдайды,

Сөз талдап бұрын көрмеген.

Пайымдылар бас шайқап,

Жаттандыға көнбеген.

Пайымсызға бәрібір,

Мазмұнға көңіл бөлмеген.

Бөгде өлең көнбес басқаға.

Жазбасаң маңдай терменен.

Ой тастадым, оқырман,

Насихат айтып термемен.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар