Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
«Менің Қазақстаным» әні: Шәмшінің ерлігі...

04.06.2018 7812

«Менің Қазақстаным» әні: Шәмшінің ерлігі

«Менің Қазақстаным» әні: Шәмшінің ерлігі - adebiportal.kz

Мен адамдарға да, қоғамға да тәуелді емеспін.

Тек Құдайға ғана тәуелдімін.

Шәмші Қалдаяқов

Алтай мен Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр даланы ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалды. Осылайша, туған жер деген асыл құндылықты болашақ ұрпаққа мирас етті. Дегенмен, кейде атойлап атқа қонбай-ақ Алаштың тағдырын шешетін қездер болады. Бұл – әлгі найзадан да күштірек «қаламның қуаты» арқылы жүзеге аспақ. Осы тұрғыда әннің алар орны ерекше. Себебі тұла бойды шымырлатып, туған жеріңе, еліңе деген сүйіспеншілігің осы ән арқылы қанат жаятыны жасырын емес. Ендеше, бүгінгі тақырып Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі Әнұраны және оны дүниеге әкелген кемеңгер композитор жайында болмақ.

Еліміздің әрлі-берлі тарихына зер салсақ, Шәмші әндері тұтастай ұлт болмысымен қабысып тұратындай. Жеңіл жатталатын әрі көкірекке рух сыйлайтын оның әндері өміршең екеніне көзіміз жетті. Қазақтың қай баласын алсаңыз да, «Менің Қазақстаным» әнін біледі, таниды һәм қасиетін сезінеді. Қарымды қаламгер, Шәмшінің досы Оразбек Бодықовтың «Менің Қазақстаным» әнінің хикаясы» естелігінде:

– Әр адамның өз өмірі секілді, әр әннің өз тарихы бар, – деді Шәмші біраз нәрсені есіне түсіріп. – Мен сендерге «Менің Қазақстаным» қалай туғанын айтайын.

Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді.

Бірақ көп ұзамай бұл әннің өлеңі жөнінде дау шықты. Әнді баспаға жарияламақ болып, біз оны «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарған едік, оның бір дөкейі (атын айтпай-ақ қояйын) бізге дүрсе қоя берді.

– Коммунистік партия туралы бір ауыз сөз жоқ, қазіргі басты ұранымыз – жеті жылдық жоспар жайлы да ештеңе айтылмаған, – деді ол даусын қатайтып.

– Мен әнімді қайран елім – Қазақстанға арнап отырмын. Өз елімді, өз жерімді ешбір саясатсыз адал көңіліммен жырлағым келеді, – дедім мен.

– Жоқ, болмайды! Партия – заманамыздың ары, ожданы, ол біздің бастаушымыз. Жеті жылдық жоспар оның ұраны. Біз алдымен соны жырлауымыз керек.

– Ал Қазақстанды ше?

– Әй, сен, немене, партияға қарсысың ба? – деп ежірейді анау.

– Жоқ, қарсы емеспін... Парияның – менде, менің партияда не шаруам бар? – дедім.

– Шыныңды айтшы, сенің партия туралы жазған әндерің бар ма?

– Жоқ.

– Сонда қалай? Сен парияны мойындамайсың ба?

– Адам өмірінің бір қозғаушы күші бар. Біреулер оны «партия» дейді. Тағы біреулер «құдай» дейді, табынады. Ал менің білетінім – құдірет. Мен тек соған табынамын. Ән жазғанда да соның күшіне сыйынып жазамын, – дедім».

Бұл естеліктен Шәмшінің ұлтжанды тұлға екенін аңғару қиын емес. Ұлт мүддесі тұрмақ, өз басын аман алып қалу неғайбыл заманда Шәмшінің осылайша үн қатуы – ерлікпен пара-пар. Азуын айға білеген атақты ақын Жұмекенмен бірігіп жасаған дүниесі – алты Алаштың маңдайына біткен бес елі бағы болғаны даусыз. Екі алыптың өлмес туындысы Егемен елдің еңсесін тіктеп, абыройын асқақтатты.

«Менің Қазақстаным» әнін ең алғаш елден бұрын естіп, ән туғанда композитордың қасында болған, оған әділ бағасын берген Шәмшінің досы, композитор Теміржан Базарбаев: «Шәкеңнің «Менің Қазақстаным» әнінің қалай, қандай жағдайда өмірге келгендігі күні бүгінгідей көз алдымда. Әрине, сол шақта енді жарты ғасырдан соң бұл әннің тәуелсіз халықтың Әнұранына айналатындығын білгеніміз жоқ. Десе де, халықтың көңілінен шыққан, халық жүрегінде мәңгі қалатын бұл әннің өмірге келгенін бірден сезіндік. Елу жылда ескірмеген әннің бұдан кейін де ғұмыры ұзақ болатындығына сенім зор», – деп ой толғағаны бар.

Сондай-ақ, Ұлттық ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлы «Абай – сөз құдіреті болса, Шәмші – саз құдіреті» деген мақаласында: «Шәмші – қалыптасқан ұғымдардың көбіне сыя бермейтін. Жаратылысы бөлек, өзгеше мейірімді жан болатын. Ол тіл мен өнерді қатар емген, тұла бойын түртіп қалсаң ән мен әуен төгіле жөнелетін ерекше дарын иесі еді. Жастар ұнатқан жандарына іңкәр сезімін Шәмші әндерімен айтатын. Анаға, жер-анаға, атамекенге, Отанға деген махаббаттарын ел Шәмші әндерімен жеткізетін. Адам баласының кеудесінен орын тепкен небір ғажап сезімдердің қай түрі де Шәмші әндерінен баян тауып жататын. Ол көзі тірісінде-ақ ұлылық ауылының төрінен орын алған. Әндері ширек ғасыр бойы жастардың аузынан түспей айтылған композитор некен-саяқ. Сол некен-саяқтың бір де болса бірегейі – Шәмші еді», – деп еске алады.

Нәтижесінде бұл туынды Әнұран дәрежесіне дейін көтерілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ән мәтінінің кейбір тұстарын заманға сай өзгерткеннен кейін, осы ән жалпы халықтың қалауымен 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн болып қабылданды. Сонымен, Әнұранның сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев, Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов болды.

P.S.

«Менің Қазақстаным» – бостандық үшін бұлқынған қазақ жастары Алматы алаңында шырқаған рухты ән. Кейде Қазақ елінің қанкөзді қырандай самғап, құзар биікке көтерілгендегі саңқ еткен сұңғыла дауысы іспетті. Кейде ет жүректі елжіретіп, мұздаған жанды жібіткен Күннің шұғыласы секілді. Хош, әйтеуір неге теңесек те, қолыңды жүрек тұсына қойып, әнді қайталай бергің келеді.

«Менің елім, менің елім!»...

Біржан АХМЕР

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Шәмші-дария: Деректі-дастан/ - Ескермес Жақсымбетұлы.
  2. Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы: Роман-эссе/ - Еркінбай Әлімқұлов.
  3. Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған. (Шәмші Қалдаяқов туралы естеліктер).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар