Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
2007 жылдың рухани хроникасы

12.11.2021 581

2007 жылдың рухани хроникасы 12+

Еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай «Әдебиет порталы» ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің рухани хроникасы» атты цикльді жоба өз жалғасын табуда. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің әрбір жылындағы әдеби, мәдени, саяси, рухани жаңалықтарды ескеріп, айтулы оқиғаларды егемендігіміздің куәсі болған аға буын ұрпақтың санасында жаңғыртып, бүгінгі жас буын үшін тарихтан тағлым ретінде ұсынамыз.

2007 жылдың рухани хроникасы

2 ақпан. Украинада Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Және Киев қаласындағы Тарас Шевченко атындағы Ұлттық опера және балет театрында қазақстандық өнер жұлдыздарының гала-концерті өтті.

13 ақпан. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі болып өтті. «Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асырылуы аясында қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұратын басқа да ұлттардың тарихи ескерткіштерін зерттеп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгендіктен, қазақстандықтардың ұлттық тарих пен мәдениетке, елдегі этникааралық және конфессияаралық үйлесімділікке қызығушылықтары артты.

24 ақпан. Мемлекет басшысы Қазақстанның белгілі жазушысы Сафуан Шаймерденовтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Сафуан Шаймерденов 1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының Амангелді ауылында дүниеге келген. Сафуан Шаймерденовтің есімін әйгілеген алғашқы шығармасы «Болашаққа жол» романы болды. «Өмір нұры» повестер цикліне енгізілген «Қарлығашым менің», «Ит ашуы», «Мәжнүн тал» шығармалары әлемнің біршама тілдеріне аударылған. «Қайдасың, Зарина?», «Қыр гүлі», «Әнім сен едің», «Төрт бойдақ, бір қыз», «Кіндік әке», «Аруана дүние» драмалық шығармалары ел ішінде және көптеген шет мемлекеттерде сахналанған. Сафуан Шаймерденов Лев Толстойдың, үнді классигі Рабиндрант Тагордың, француз драматургі А. Мильяждың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Әдебиетке сіңірген еңбегі үшін КСРО Жазушылар Одағының әдебиет сыйлығы, (1974), Қазақстан Жазушылар Одағының сыйлығы (1984), Абай атындағы мемлекеттік сыйлық (1988), және 1992 жылы Сафуан Шаймерденовке «Қазақстанның халық жазушысы» атағы беріледі.

21 наурыз. Президент белгілі ғылым маманы, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясының академигы Ж.С. Тәкібаевты қабылдап, ол кісімен болған әңгіме барысында Қазақстандағы атом энергетикасын дамыту мәселелері талқыланды. Және дәл осы жылы 30-ы наурызда С.С. Қирабаев пен Ә.С. Бейсенованы қабылдап, ол азаматарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Қабылдау барысында еліміздегі ғылымның жай-күйі мен дамыту жолдары сөз етілді.

21 мамыр. Мемлекет басшысы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинді қабылдады. Кездесуде сол жылдың маусымында өткізу жоспарланған Қазақстан жазушылар одағының XII сьезіне дайындық жөнінде, қазіргі заманғы әдеби үдерістің өзекті арналары, тәуелсіздік жылдарынан кейінгі ақын-жазушылардың шығармашылығы, одақ мүшелерінің жұмыс жағдайлары мен өмірлері хақында біраз әңгімелер айтылды.

31 мамыр. Ақмола облысының Ақмол кентінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешенінің ашылу рәсімі болды. Қазақстанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыдан жетпіс жыл бұрын республикамыз жер аударылған миллиондаған совет азаматтарының мекеніне айналған. Сталиндік репрессия жылдары Қазақстанда 953 лагерлер мен қоныстар жұмыс істеген. Солардың бірі Малиновка ауылында қайғы-қасіретімен танымал АЛЖИР – отанын сатқан деген желеумен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің әйелдері қамалған лагерь еді. Онда 20 мыңға жуық әйелдер – аналар, жұбайлар, қуғын-сүргінге ұшырағандардың қыздары қамалды. Сонымен бірге, елімізге сол жылдары 800 мыңға жуық немістер, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 19 мың корейлік отбасылар жер аударылған.

5 маусым. Астана қаласында атақты сазгер Төлеген Мұхамеджановтың «Махаббат...өмір бойы» атты шығармашылық кеші өтті.

19 маусым. Мемлекет басшысы Ресей ғылым академиясының вице-президенті, Нобель сыйлығының лауреаты, академик Ж.И. Альферовты қабылдады. Кездесу барысында Қазақстандағы жоғары технологияларды дамыту, сондай-ақ жоғары білікті ғылыми кадрларды дайындау мәселесі талқыланды.

15 қазан. Иран Ислам Республикасының Ұлттық кітапханасының алдында Абай Құнанбайұлы ескерткіші ашылу рәсімі өтті. Және шығыстың жұлдызды ақындары: Фирдоуси, Сағди, Шамси, Низули, Науаи, Хафиздер елінің төрінде ақынның шығармашылығына құрмет көрсетіліп, «Абайтану» кабинеті ашылды.

7 қараша. Сирия Араб Республикасындағы ойшыл, ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің жерленген жерге жаңа кесене тұрғызылып, әрі сонымен бірге мәдени-орталықтың іргетасы тұрғызылды. Және де Дамаск қаласындағы Бейбарыс сұлтан кесенесін қайтадан қалпына келтіру, әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығы құрылысын салу – Қазақстанның тәуелсіздік тарихында алғаш рет шет мемлекеттерінің аумағына республиканың қаржылық көмегіме жүзеге асырылған ірі жобалары болған. Екі жобаның жалпы қаржылық көлемі 4,6 млн долларды құрайды. Олардың бас мердігері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазрестварация» РМК болып табылады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар