Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Серік Сейітман: Қазір адамдарды руханияттан гөрі м...

08.06.2018 4167

Серік Сейітман: Қазір адамдарды руханияттан гөрі материалдық байлық көбірек қызықтырады...

Серік Сейітман: Қазір адамдарды руханияттан гөрі материалдық байлық көбірек қызықтырады... - adebiportal.kz

Қазіргі қазақ поэзиясында азаматтық лирика жазып жүрген ақындар жайлы сұрастыра қалсаңыз Серік Сейітманның аты көп аталады. Себебі, қара өлеңнің қасиетін бойына сіңірген ақын өз азаматтық ұстанымына адал, қара сөздің қадірін «Қара шаңырақтай» көтеріп жүр. Ендеше, сіздердің назарларыңызға ақынмен болған сұхбатты ұсынамыз...

- Серік аға, жуықта шығармашылық кешіңізді дүркіретіп өткіздіңіз. Әлеуметтік желілерде кешіңізден гөрі, сізге белгісіз бір Атымтай Жомарт Астанадан пәтер сыйлағаны жайлы оқиға көбірек талқыланып жатты. Біз де сол оқиғаны өз аузыңыздан сұрағымыз келіп отыр...

- Бұл өнерге шын жанашыр адамның маған емес, қазақ поэзиясына, қазақтың қара өлеңіне көрсеткен құрметі деп білемін. Бұл үрдіс бүгін ғана орын алып отырған жоқ. Олай дейтінім кешегі Алаш арыстарының кітаптарының жарық көруіне де ел ішіндегі осындай азаматтар қол ұшын созып отырды емес пе? Демек, жомарттық қазақтың қанында бар дүние. Әйтпесе, олар маған қарыздар сезінетіндей қай бәсім жоғары дейсіз?!

Жалпы, адамдардың руханиятқа қарағанда материалдық дүниеге қызығушылығы жоғары болуы, біздің қоғамда әлі күнге дейін әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілмей келе жатқандығының көрінісі ғой. Мынау капиталистік қоғамда сананы тұрмыс билей бастағанын өткен рухани кештен гөрі, сыйланған пәтерге деген реакциясынан байқауға болады.

Ал, пәтер сыйлаған адамның аты-жөнін айта алмаймын. Өйткені, ол кісінің өз өтініші сондай. Сондықтан да, өтінішін елемеу – менің азаматтық ұстанымыма да сай келмес. Тек сондай азаматтардың ырысы арта берсін демекпін!

- Сізге баспана сыйланғандағы халықтың реакциясын түсіндік. Ал сіздің сол сәттегі көңіл күйіңіз қандай болды?

- Шын мәнінде мен үшін бұл жағдай тосын сый болды. Жанымда жүрген ниеттес адамдардың бәрі қуанып жатты. Бұл жағдайды ерекше қабылдаған – жұбайым болды. Жаңалықты естігенде көз жасын тия алмады десем де болады. Бұлай эмоцияға ерік берудің басты себебі сол пәтер ғой деп ойлаймын. Өйткені, біз отасқалы 10 жылдың жүзі болды. Алғашқы 4 жылда Алматыда тұрсақ, кейін Астанаға қоныс аудардық. Алматыдағы кездер ауырлау болды. Өйткені, ауасынан ылғал әрі көк иіс шығатын бөлмелерде, ұйғыр қарттың жерге шөгіп кеткен лашығында тұрған кездеріміз болды. Оны қалай ұмытайық? Ал Астанадағы жылдар – пәтерден пәтерге көшумен өтіп жатты. Бұл қазіргі қоғамда ешкімге таңсық емес, көбінің басындағы жай ғой. Қазақ бала санын айтпайды дейді, бірақ біз де көп балалы отбасыға жатамыз. Өсіп келе жатқан бала бар, келімді-кетімді қонақтар бар дегендей. Жиырма шаршы метрлік жатақханада тұру оңайға соқпас. Бұндай қиындық көбінесе әйел затының мойнына түседі ғой. Біз ер адамдар түзде жүреміз, жұмысқа таңертең кетіп, кешке келеміз дегендей. Жұбайымның менен гөрі көбірек қуанғаны да сондықтан шығар...

- Осы тұста тағы бір орайы келіп тұрған сұрақ: Серік Сейітман радиодан неге кетті?

- Осы жылдың басында өзім 12 жыл жұмыс жасаған жер – қазақ радиосындағы қызметімді аяқтағаным рас. Өйткені ол жақтағы кейбір жағдайлар азаматтық ұстанымыма сәйкес келмеді. Екіншіден, мен бұл ортада редакторлықтан төрт радионың басын қосқан серіктестіктің басшысының орынбасары лауазымына дейін істедім. Әрине, радиодан кетуім – бұл салада қызмет істей алмаймын деген сөз емес. Мүмкін, айналып соғармын...

Осы тұста көп адамдар хат жазып, телефон шалып, хабарласып сұрап жатқан соң, жұмыстан кеткенім туралы ресми түрде әлеуметтік желіге жазуыма тура келді. Тіпті, осы хабарламаны естіп бір ел ағасы баласын жіберіпті. Ондағысы менің қызметтік жатақханадан бала-шағаммен шығып қалмады ма екен, жұмыстан кеткеннен соң деп алаңдағаны екен. Адамдардың осындай пейілі көңіліңді еріксіз жадыратады.

- Астанада жоғары деңгейде кеш өткізу санаға ғана емес, қалтаға да біраз салмақ түсіретіні белгілі. Бұл мәселені қалай шештіңіз? Әлде бұған да ел ағалары көмектесті ме?

- Кеш өткізгенде менің қалтама салмақ түсті деп айта алмаймын. Өйткені, бірінші кезекте кештің өтуіне ұйытқы болған – Астана қаласының әкімдігі, оның ішінде Мадениет және спорт басқармасы, оның басшысы Болат Бауыржанұлы болатын. Екіншіден, жанашыр жақын достарым, бауырларым қаржылық жағынан қол ұшын созды. Кешті өткізуге де, өтуіне де себепші сол жанашыр жақындарым. Сондықтан да, үлкен бір кәсіпкерлер демеуші болды деп айта алмаймын.

- Әңгімемізді әдебиетке қарай бұрсақ... Өзге ақындар «Мені ақын қылған тағдыр» - деп жатады. Сіз «Мені өлеңге әкелген жігіттік намыс» - дегеніңізді естіп қалдым... Сонда қалай болғаны?

- Әрине, ақындық – Құдайдың бізге берген сыйы ғой. Тағдырсыз өлең жазыла ма? Оған манадан бері айтылған әңгемелерім де куә деп ойлаймын. Ал сіздің сұрағыңызға нақты жауап беру үшін бала кездегі бір оқиғаны тарқатып айтып беруге тура келіп отыр.

Мен Оңтүстік өңірдегі Шытты дейтін ауылдың Алтынбек Дәрібаев атындағы кішкентай ғана мектебінде білім алдым. Барлық жерде «а» класы, «ә» класы, «б», «в» класы деп бөлінсе, бізде ол атымен жоқ болатын. Өйткені, әр жылда бір-ақ кластан оқу жылы аяқталатын. Сондай кішкентай мектептен түлеп ұштық. Бізге қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс беретін екі-үш мұғаліміміз ғана бар еді. Жетінші класта болуы керек, Мираш есімді апайымыз бір жағдайларға байланысты жұмысқа келе алмай қалып, орнына Жұмакүл Нәлібаева дейтін апайымыз сабақ берді. Жұмакүл апайдың ақындығы бар әрі сауатты мұғалім деп сыртынан білетінбіз. Әлі есімде, апай кіріп келген кезде біз тым-тырыс отыра қалдық. Өйткені жүріс-тұрысында бір бекзадалық бар апай – біз үшін тұлға болатын. Содан ол бағдарламадан тыс сабақ өтті. Апайдың үйірмесіне қатысатын шәкірті Мәдина есімді сыныптасымыз аудандық айтыстан үшінші орын алып келген кез еді. Сөйтіп, апайымыз «Мадина жүлдегер болып келді. Жігіттерден кім бар айтысатын?» деп намысымызды қайрады. Бәрімізде үн жоқ, тым-тырыспыз. Мәдина да жігіт емессіңдер ме деген мазмұнда бізге қарата екі-үш шумағын айтып үлгерді. Намысқа тырысып, қағазға мен де төгілтіп, Мәдинаға жауап қаттым. Суырып салмам ұнаса керек, Жұмакүл апай мені алғаш рет сол кезде таныды. Мен де өзімнің сондай қабілетімнің барын алғаш рет білдім. Оған дейін өлең шығару ойда болмаған. Демек, ел мені ақын деп таныса, ақындығым рас болса, мені бұл жолға әкелген жігіттік намыс еді деп айтуымның себебі осында...

Әлгі сабақтан кейін Жұмакүл апай мені үйірмесіне бірден жазып, ақындыққа баулыды. Ұстазымыздың арқасында мектебімізден талай ақын шықты, кішкентай ғана алтын ұямыз «Ақындар мектебі» атанып кетті. Сол жылы мектепішілік айтысқа шығып, домбыра тарта алмаймын, сөзім бір жақта, домбырам бір жақта екі-үш ақынды жеңіп, аудандық айтысқа жолдама алдым. Аудан мектептерінен жиналған оқушылар арасынан да оза шауып, облысқа жолдама алған кезім болған. Өлеңге алғаш осылай намыс алып келді... Сол жол ақыры әдебиет әлеміне біржола әкелді...

- Сіздің өзге ақындардан айырмашылығыңыз қандай? Бізде жақсы жазатын ақындар көп, бірақ танымалы аз. Сізді ел танитын бір шоғыр ақынның қатарына жатқызуға болады. Ақынды танымал қылатын сонда не жағдай?

- Бір қарасаңыз бәріміздің илеп жүргеніміз әдебиет деген бір терінің пұшпағы ғой. Менің өзгелерден айырмашылығым – өз азаматтық ұстанымыма адал болғандығым деп ойлаймын. Екіншіден, «таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген қазақтың әдемі сөзі бар. Демек, маған өзгелерден қарағанда бармақтай бақ бұйыртып тұр деген сөз...

- Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялағанда, ақындардың ішінен алғашқылардың бірі болып өлең жаздыңыз. Бұл билікке деген жалпақшешейлік емес пе?

- Бұны ешқандай саясатпен байланыстыруға болмайды. Жалпы, саясат дегеніңіз – айсберг сияқты. Бергі жағындағы жағдайды көріп, кейде сын-пікірлер де айтып жатамыз. Қалай дегенмен, мақтасақ та, даттасақ та мемлекет өзіміздікі. Бұдан жақсыны қайдан табамыз? Демек, бардың қадірін білген жөн. Әрине, билік тарапына қойылар менің де көкейімде жүрген сұрақ көп. Әйтсе де, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл елдігіміздің негізгі концепциясының бірі деп ойлаймын. Бағдарлама аясында қаншама игі істер жүзеге асырылып жатыр. Бұл өлең менің ел азаматы ретінде, ақын ретінде үн қосқаным. Басқа, ешқандай саяси астар іздеудің қажеті де жоқ сияқты.

- Өлең жазар алдында күй талғайсыз ба?

- Жоқ, ешқандай күй талғамаймын. Өлеңнің өзі күй талғамайды. Өлең дегеннің өзі жүректен шығатын дүние болғандықтан ақылмен емес, сезіммен көбірек санасасың деп ойлаймын. Дегенмен,

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта - дегеніңіз тағы бар...

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар