Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Өзбекстандағы қазақ әдебиетінен...

13.06.2018 4705

Өзбекстандағы қазақ әдебиетінен

Өзбекстандағы қазақ әдебиетінен - adebiportal.kz

Қазақстан мен Өзбекстан - тамыры бір, тағдырлас, тату көрші мемлекеттер. 2017 жылы 16 қыркүйекте ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Өзбекстан Республикасына арнайы сапарлап барған кезде былай деген болатын: "Біздің тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз достық қарым-қатынастарымыздың маңызды факторы болып саналады. Біз 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге келістік. Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу де күн тәртібінде тұр. Осы бастамалар аясында өткізілетін түрлі іс-шаралар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді".

Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында "Әдебиет порталы" Өзбекстандағы қазақ әдебиеті өкілдері шығармашылығын насихаттауды қолға алып отыр. Өзбекстан жерінде қазақтар ежелден бері өмір сүріп келе жатыр. Төле, Әйтеке билер, Жалаңтөс баһадүрлер мәңгілік тыныс тапқан өлкеде қазақтың талай-талай қабырғалы қаламгерлерінің кіндік қаны тамған. Олардың бірталайының есім-сойы қазақ әлеміне мәшһүр. Бір ғана Төлеген Айбергеновті атасақ та жеткілікті болар.

Бұл жолғы шығарылымда өзбекстандық ақын Әбдуәлі (Әтіш) Мырзаханұлының толғауын ұсынып отырмыз.

Әбдуәлі Мырзаханұлы 1902 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Өзгент елінде туылған. 1976 жылы дүние салып, Ташкент облысы, Шыназ ауданының Қожалар зиратына жерленген.

Ата-ана туралы толғау

Сөзімді менің тыңдасаң,

Құлақ салып қарағын.

Жаратыпты бір Алла

Он сегіз мың ғаламын.

Бір жаннан бір жан туғызып,

Халық етті күллі адамын.

Артықша қылған үрметін

Ата менен ананың.

Соларды қапа қылмасаң,

Ілгері басар қадамың.

«Аз күн мейман ата-анаң», -

Деп өсірген, қарағым.

Алдыңда тірі тұрғанда

Сол екен қару-жарағың.

Өлген соң өтер қадірі

Асқар тау, қорған-қаланың.

Олардай қамқор табылмас,

Мейірманы баланың.

Ақ сүтін беріп өсіріп,

Алмаған сағат қарарын.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Аузына тұтқан шарабын.

Жылағанда арқалап,

Көтерген таппай арамын.

Маңдайыма кірсін деп,

Тіке кірсе табанын.

Қамқоршы ондай бола алмас,

Ағайын-туыс, жараның.

Жолына жанын пида қып,

Өсіріп салған себебін,

Барабар қайсы келеді

Іні менен ағаның?

Сыйлаңыз көңіл ауыртпай,

Тұрғанда таймай табаның.

Анау-мынау сырттағы

Ескерме сөзін даланың.

Уақытынша мейман өтеді,

Суындай аққан саланың.

Төбеңнен бұлт көшкендей,

Айдаса тағдыр самалын.

Жаннаттан есік ашылар,

Осыдан болса хабарың.

Тірлігінде жақсы күт,

Жегізіп астың адалын.

Жоқтап тұр өлсе дұғадан,

Дүниенің қоспай арамын.

Тілегіңді қабыл қып,

Жақсылыққа бір Алла,

Тағдырдың жазғай кәламын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар